• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Өзекті мәселенің жайы

Қ.И.Cәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде АЭС туралы пікірталас өтті. Басқосуға «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин, «Ядролық физика институты» РМК Бас директоры Саябек Сахиев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Медеу Әбішев, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Электроэнергетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жұбанышбай Әбдімұратов т.б. ғалымдар қатысты.
Халық арасында атом электр станциясына үрейлене қарайтындар бар екені шын. Басқосуға жиылған ғалымдар үрейленуге негіз жоқ екенін айта келе, Чернобыльде жарылған реакторлардың қазір мүлде қолданылмайтынын, ғылымның дамуы нәтижесінде әлдеқайда оңтайлы реакторлар шыққанын, АЭС салынар болса ғалымдар соңғы үлгідегі реакторларды қарастыратынын айтты. 
Сонымен қатар, ел ішінде айтылып жүрген «Атом электр станциясынан гөрі, жел электр станциясы қауіпсіз емес пе, соны неге орнатпасқа?» деген пікірге де ғалымдар дәйекті ойын айтты. Олардың айтуынша, атом электр станциясының қуаты мен жел электр станциясының қуаты әлдеқайда алшақ, жел электр станциясының қуаты өндірістік мақсатта қолдануға қауқарсыз. 
Сонымен қатар, АЭС экологиялық ахуалды жақсартуға көмектеседі, өйткені онда шығын жоқ. Сонымен қатар, атом электр станциясы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады және экономиканың дамуына ықпал етеді.
«Ядролық физика институты» РМК Бас директоры Саябек Сахиев институт базасындағы негізгі қондырғылардың бірі су-су Қазақстан реакторы 56 жыл бойы ешбір төтенше оқиғасыз, бейбіт мақсатта ел игілігі үшін қызмет етіп жатқанын айта келе 
—  ССР-Қ зерттеу реакторының құрылымы Қазақстанда салынатын АЭС-тің құрылымына ұқсас. Демек Алматының іргесінде 56 жылдан бері атом электр станциясы жұмыс істеп тұр десек те қателеспейміз, – деді. 
«Атом өндірісі ол тек электр ғана емес, оны бейбіт мақсатта түрлі салада пайдалануға болады. Ядролық физика саласында қызмет етіп келе жатқаныма 30 жылдан асты. Ядролық физика 1938 жылы аталған ғылымның бір саласы болып бөлініп шықты. Содан бері бұл ғылым өте жақсы дамып келе жатыр. Атом электр стансасы ауаға ешқандай зиянды газ шығармайды. Экологиялық таза өнім. Оның сан түрлі саласы бар. Біреуі онко­логиялық жаман ауру­лар­ды емдеуге және диагностикаға ар­нал­ған радиофармдар. Оны Қазақстанда Ядролық физика инс­­­титуты ғана шығарады. Біз бір жылда ғана үш түрлі радиофарм шығардық. Оның екеуі диагностикаға, біреуі емдеу үшін пайдаланылады. Бүгінге дейін 66 мың Қазақстан азаматына сондай дәрі-дәрмек шығарып бердік. Келесі жылы оны тағы да ұлғайту жоспарда бар
Кеше ғана МАГАТЭ-нің тендерін жеңіп алдық. Бұйыртса, көрші қырғыз еліне арнап та сондай радиофармдар шығаратын боламыз. Екінші өніміміз – радиокөздер. Мысалы, кез келген мұнай құбырлары бір-біріне күйдіру арқылы жалғанады. Сол күйдірілген металдың сапасын қалай тексереді? Біз институтта радиокөздерді дайындаймыз. Олар темірдің дұрыс күйдірілмеген жері болса, бірден анық­тап береді. Бұл осы салада болуы ықтимал үлкен апаттардың алдын алады». 
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің Бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша 2019 жылдан бері Қазақстан уран өндіруден алдыңғы қатарға шықты. Бұл оны батыл өндіре бастауға негіз болады. Оның үстіне реакторлардың соңғы үлгілерін қарастыратындықтан станцияның жұмысы қауіпсіз әрі экологиялық таза болатынына сенім мол. 
Ғалымдар АЭС жобасын жасау барысында ұсыныс түскен 13 елдің арасынан Қытай, Ресей, Франция және Корея елдерінің жобасын қарастырып жатыр екен. Олар ең алдымен жобаның техникалық және экономикалық жағына аса мән береді. 
Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, ҰҒА мүше-корреспонденті, ф.-м.ғ.д., профессор Медеу Әбішев, атом энергетикасын дамыту осы саладағы мамандардың көбеюіне ықпал етеді, дейді. Оның айтуынша, ондай мамандар радиоактивті ластанған жерлерді тазалауға да аса қажет. Ядролық медицина, ядролық технология саласындағы мамандар көбейсе, ол елдің дамуына сөзсіз ықпал етеді. «Бұрын да бұл салада мамандар дайындап келдік, бірақ көп емес еді. Енді атом саласының дамуына байланысты жаңа мамандықтар ашып, студенттер қабылдауды бастаймыз. Елімізде АЭС салынатын болса, ол мамандарға жұмыс табылады әрі олар ғылымды дамытуға үлес қосады. Оған қоса атом энергетикасына жапсарлас көптеген сала дамиды». 
Айта кетейік: Қазақстанда АЭС салу мәселесі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз» деген болатын. 

Назым ДҮТБАЙ

2426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз