• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТТЫҢ ТҮРКІЛІК БАҒЫТЫ

ХХ ғасырдың ІІ-ші жартысындағы қырғи-қабақ соғыс қарсаңында Орталық Азия аймағы алып империяның перифериялық аймағы болғанымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ірі саяси қатысушылардың мүдделері тоғысқан аймағына ұласты. Бүгінде Қазақстан халықаралық саясаттың сенімді қатысушысы, сондай-ақ ғаламдық құндылықтарды сақтау мен халықаралық бейбітшілікті қамтамасыз етудегі өзіндік орны бар ел. Республикамыздың тоғыз жолдың торабында, өркениеттер тоғысында орналасуы халықаралық қатынастар жүйесіндегі маңызын еселей түскені сөзсіз.

Тәуелсіздік алған кезеңнен бастау алып, бүгінде жемісті жалғасын тауып келе жатқан көпвекторлы сыртқы саясат доктринасы тек Қазақстан үшін ғана емес, алып державалар арасында өзара балансқа негізделген әрбір орта державалы мемлекеттің сенімді сыртқы стратегиясына айналды. Ағымдағы жыл Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының түркілік бағытының жаңа құрылымдық деңгейге көтерілген жылы болды. Еліміздің көп векторлы сыртқы саясаты институционалды сипатта солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясымен Еуразиялық экономикалық ұйым, Оңтүстік Шығыс көршіміз Қытай Халық Республикасымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Бір белдеу – бір жол» логистикалық экономикалық жобалары, Орталық Азия елдерімен жекелеген құрылымдық негізде қалыптасқан болса, қазіргі таңда көп векторлық сыртқы саясатымыз Түркі елдері одағының Астанадағы Х кездесуін өткізумен жаңа деңгейге шықты. Осы орайда Қазақстанның сыртқы саясатындағы түркілік бағыттың негіздеріне тоқталуды жөн көрдік. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан билігі үшін қос алып көрші Қытай және Ресеймен саяси қарым-қатынас қалыптастыру күрмеуі қиын мәселе болды. Көпвекторлы сыртқы саясаттың қалыптасуы Қазақстанды аймақтағы мүдделі саяси қатысушылар арасында баланс сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар аймақтың көшбасшы мемлекеті атануға да негіз болды. 
Халықаралық қатынастар ғылымында «Қазақстандық көпвекторлы сыртқы саясат» ұғымы бірнеше бағытта зерттеліп келеді. Көпвекторлы сыртқы саясат күштер балансына негізделген реализм және нео-реализм теориялары тұрғысынан «қарсы тараптарды бір-біріне қарсы қою арқылы қауіпсіздікті қалыптастыру» стратегиясы ретінде зерделесе, екінші ғалымдар тобы көпвекторлы сыртқы саясатта геосаяси қажеттілік, «орта держава» мемлекеттеріне тән стратегия ретінде қарастырады. Қазақстан үшін түркілік бағыт соңғы жылдары қазақтардың ұлттық, діни және мәдени бірегейлігіне баса назар аударыла отырып, сыртқы саясаттағы маңызды бағытқа айналды. Бұл Қазақстанның Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірлескен Кеден одағы, 2015 жылдағы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болғаннан кейін ерекше мәнге ие болды. Қазақстанның Еуразиялық идея асында Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке өтуі халық арасында КСРО-ның қайта қалпына келуі, тәуелсіздікке төнген қауіп, көп векторлы сыртқы саясаттың дағдарысы, бір векторлылыққа айналуы ретінде қарастырылып, халық арасында қалыптасқан наразылыққа жауап әрі баламалы баланс ретінде қалыптасып, түркілік саяси бағыт жанданды.
Түркітілдес мемлекеттер одағын құрудың түпкі мақсаты – түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығын нығайту, экономикалық, мәдени және әлеуметтік байланыстарды дамыту, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Одақ мүшелерінің экономикалық, мәдени, ғылыми-техникалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын бекемдеу. Ол үшін мемлекет басшыларының кеңесі, парламентаралық ассамблея, мәдениет және өнер жөніндегі кеңес, экономикалық ынтымақтастық кеңесі және т.б. сияқты түрлі ұйымдар мен мекемелер құрылды. Олар бірлескен жобаларды әзірлеумен, позицияларды үйлестірумен және тәжірибе алмасумен айналысады.
Бүгінде түркі елдері экономика, мәден­иет, ғылым, техника, әлеуметтік мәселе­­лер және басқа да көптеген салаларда бір-бірімен белсенді жұмыс істеуде. Экономикалық қарым-қатынастарды белсенді түрде дамытып, еркін сауда-саттық келісімдерін жасап, ортақ экономикалық аймақтарды құрып, сондай-ақ энергетика, көлік және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. 
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Қазақстанның байланысы да бірінші түркі елдерімен орныққанын еске түсірейік. Атап айтсақ, 1992 жылы 27 тамызда Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы, 1992 жылдың 15 қазанында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы, 1992 жылдың 5 қазанда Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан Республикасы, 1992 жылғы қараша айында Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатылды. Ал қазақ елінің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып таныған мемлекет – Түркия Республикасымен 1992 жылы 2 наурызда дипломатиялық қатынастар орнатылды. 
1992 жылдан осы кезге дейін түркітілдес елдер басшыларының жоғары деңгейдегі саммиттері өткізіліп келеді. Бұл саммитердің түркі тілді мемлекеттердің интеграциясының дамуына тигізген әсері мол. Түркі әлеміндегі интеграциялық үрдістердегі бастамаларды дамытуға 2006 жылғы Анталиядағы Түркітілдес мемлекеттерінің басшылары саммитінің де маңызы зор. 2008 жылғы Ыстамбұл саммитінде түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) құрылды. Тұңғыш Президенттің түркітілдес мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясын құру жөніндегі ұсынысы еліміздің түркі интеграциясына мүдделі екендігін көрсетіп берді. Ал 2009 жылы Нахчыванда өткен Түркітілдес елдердің ІХ саммитінде Түркі кеңесі аймақаралық ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасалды. Осы жылы қазанда құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін де осындай интеграциялық үдерістердің қатарына жатқызуға болады. Бұл ұйымның алға қойған мақсаты – тарихы мен мәдениеті бір, тілі мен ділі, діні, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ортақ түркітілдес мемлекеттердің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту. 2010 жылы Астана қаласында құрылған Түркі Академиясы 2014 жылдан бастап өз жұмысын бүкіл түркі халқына ортақ халықаралық ұйым ретінде танытты.
2011 жылы Алматы қаласында Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Осы жылы Қазақстан Түркі кеңесі ұйымына төрағалық етті. Алматы саммитінде түркі мемлекеттері экономи­калық ынтымақ­­тастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Кездесуде түркі мемлекеттерінің халықаралық және аймақтық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі ортақ ұстанымдары айқындалды.
Түркістан облысының құрылуы Қазақстандық көпвекторлы сыртқы саясаттың түркілік векторындағы маңызды бетбұрыс қадам болды. Түркістан қаласының маңыздылығының артуы тек облыс орталығы ғана болуына емес аталған шаһардың «Түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы» аталатын бас жоспарында көрсетілгендей, түркі елдерінің рухани орталығына айналуы, Қазақстанның сыртқы саясатындағы түркілік бағыттың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Түркі елдерінің мәдениет саласында ынтымақтастығы, түрлі мәдени іс-шаралардың өткізілуі – мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастар мен байланыстардың дамып келе жатқанын байқатады. Сонымен қатар білім және ғылым саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын тілге тиек етуге болады. Түркі елдері денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және т.б. салалардағы тәжірибе алмасуларды назардан тыс қалдырған емес. 
Қауіпсіздік пен терроризммен күрес саласында бірлескен әскери оқу-жаттығулар мен операцияларды өткізіп, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясында бірлескен шараларды жүзеге асыруда. Бұл мысалдар түркі елдерінің ынтымақтастық пен өзара түсіністікке ұмтылып, тәжірибе мен біліммен бөлісіп, өзара қарым-қатынастарын нығайтып, халықаралық аренадағы ұстанымдарын нығайтып отырғанын көрсетеді.    
Түркітілдес елдердің ынтымақтастығын дамыту мәселесі түркі мемлекеттерінің әрқайсысының күшеюіне, аталған елдердің өзара ықпалдасуына, бір-біріне қажетті қолдау көрсетуіне әсер етері сөзсіз. Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің: «Кеңестер одағы деп аталатын темір құрсаудың арғы жағында біздің түрік бауырларымыз бар. Олар қазір ұлы алпауыт империяға тәуелді. Бірақ бұл жағдай мәңгілік сақталуы мүмкін емес. Бір күні олар да тәуелсіздіктерін алып, мемлекет құрады. Біз сол кезде сол бауырларымызға көмектесуге міндеттіміз. Біз олардың мемлекеттігі мен дамуына тікелей ықпал ететін ең жақын бауыры болуымыз керек» деген сөздері түрік мемлекеттерінің бірігу идеясы әрқашан бұл мемлекет үшін маңызды сыртқы саяси бағыт болғандығын анық көрсетіп отыр.
Түркі мемлекет­тері ұйымы бас­шылар­ының Астанада өткен Х самми­тінде Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре отырып, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – деген Мемлекет басшысы еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталған болатын. 
Аталған шара символикалық тұрғыда өте жоғары мәнге ие. Соңғы отыз жылда ұйым елдері арасындағы экономикалық, саяси, әлеуметтік даму көрсеткіштерінің әрқилы болуы, сонымен қатар ұйым елдерінің ортақ платформа аясында толық негізде жұмыс жасай алмауы сынды мәселелер өз шешімін табуда. Қазірде ұйым кеңес форматында емес, толық Түркі мемлекеттері одағы аталады. Бұл кезең, түркі елдерінің интеграциясының алғашқы жүйелік құрылымдық қадамы деп білеміз. Себебі қазіргі таңдағы түрлі аймақтардағы геосаяси тұрақсыздықтар мен халықаралық құқық дағдарысы Түркі мемлекеттері одағы ұйымының әрбір ұйым мүшесі үшін ХХ ғасырда Мұстафа Шоқай аңсап кеткен Түркі интеграциясының мәні мен мазмұнын арттырары сөзсіз. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, 
саясаттанушы

 

2437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз