• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ – ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТ

Назым ДҮТБАЙ, 
«Aqiqat»

Адамзат ықылым заманнан бері қал-қадерінше, әр кезеңдегі мәдени-рухани, саяси-әлеуметтік көзқарасының даму деңгейіне қарай әділетті қоғам құруға талпынып келеді. Қазақ халқы да адамзаттың осы талпынысынан шет қалған емес. Оған тарих парақтарына көз жүгірткенде ойға оралатын қоғамдық қатынастарды реттеп отырған әр кезеңдегі заңдар, дәстүрлер, тәртіптер куә. Ірілі-ұсақты дау-шарды шешуде қазақ халқының өмір салтында Билер институты кең танымал. Халқымыз бидің әділ болуын «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. 

 

Қоғамдық қатынастар заманға қарай түрлі бағытта, түрлі шарт-жағдайға қарай өзгеретіндіктен, ондағы құқықтық қатынастар да жаңарады. Жоғарыда айтқанымыздай, қоғамдық-қатынастарды түрлі тетіктер арқылы реттеу, әділетті қоғамға жетуге деген талпыныстан туады. 
Бұл талпыныстар кез келген мемлекеттің әуел баста қалыптасқан құрылымына, халқының ұлттық ерекшеліктеріне негізделіп, кезең-кезеңмен бір-бірімен сабақтасады. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын заңгер, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті Қазыбек Дәуітәлі «Абайтану және құқықтаным» мақаласында Абай Құнанбайұлының әділетті қоғам құру идеясымен байланыстырады: 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында бүгінгі замана биігінен айтылған тың пайымдар бар. Танысып көрелік: «Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек. Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал. Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды». Мемлекет басшысының мақаласы Абай ойларын жаңа қырынан алып қарап отыр. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге Абай шығармашылығы арқылы жауап іздейді. «Әділетті қоғам құру» туралы идеяның маңыздылығына тоқталады. Абай шығармашылығына саяси-идеологиялық сұраныс тудырып отырған жағдайларды ашып көрсетеді. Мұның түбінде халықтың билікке деген сенімін қайтсе күшейтуге, құрметін ұлғайтуға болады дейтін практикалық мәселе қойылып отырғандығын аңғарамыз», – дейді. 
Халық даналығанда айтылатын «Тура би» ұғымы мен жаңа заманға сай бұрынғы ата-баба дәстүрімен сабақтаса сара жол іздеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымының мақсаты бір, яғни әділетті қоғам құруға деген талпыныс. 
Қоғамның әділетті болуы үшін әділ би, халық үніне құлақ асатын мемлекеттік органдармен қатар, құқықтық сауаты жоғары халық керек. Өз хақын орнымен, жөн-жосығымен, сауатты талап ете білген адам ешқашан өзгеге есе жібермесі анық. Сол себепті мемлекеттік орындардың міндеті халықтың құқықтық сауатын арттыру. 
Қазақстанда бұл міндет «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Әділет министрлігіне жүктелген. Әділет органдары ведомствоаралық міндеттерді үйлестiру арқылы азаматтардың құқықтық сауатын арттыру жұмысын атқарады. Әділет министрлігі өз міндетін жүзеге асыру шеңберінде 2022 жылы халықтың құқықтық санасын, құқықтық мәдениетін және құқықтық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруды көздейтін «2022-2024 жылдарға арнап «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітіпті. 
Жоспарда, жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар көзделген. Оны орындаушылар қатарында Ішкі істер министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы органдар бар. Бірлескен жоспарға сәйкес «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы қолға алынып, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілер, сондай-ақ техникалық және кәсіптік орта білім беру мекемелерінің студенттері арасында құқықтық мәдениеттің негізін қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар өткізілмек. 
Казіргі таңда жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында, құқық қорғау органдарының, заң қоғамдастықтарының кызмекерлері құқықтық түсіндіру дәрістерін жүргізеді. Олар арнайы педагогикалық-психологиялық курстан өткен, сертификаты бар мамандар.
Сонымен қатар, аталған арнайы жоба аясында халықтың құқықтық сауатын арттыру және халыққа тәулік бойы тегін заң көмегін көрсету мақсатында аумақтық әділет органдарымен кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Мысалы, жергілікті атқарушы орган өкілдері, әділет органдарының құрылымдық бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері бірге өткізетін «Халық заңгері», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі» және тағы басқа да акцияларды атап өтуге болады.
Әділет министрлігі 2022 жылғы қарашада 2030 жылға дейін «Қоғамның құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған шаралар қабылдау, атап айтқанда, мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілер, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында студенттер арасында құқықтық мәдениет негізін қалыптастыру бойынша жүйелі және өзара байланысты жұмыс жүргізу туралы» бірлескен бұйрық (Әділет министрі 01.11.2022 жылғы №900, Ғылым және жоғары білім министрі 18.11.2022 жылғы №146, Оқу-ағарту министрі 25.11.2022 жылғы №475, Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы 29.11.2022 жылғы №918) бекітті.
Бұйрықта мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілер, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында студенттер арасында құқықтық мәдениет негізін қалыптастыру жөніндегі шаралар көзделген.
Қазіргі таңда, министрлік «Ашық НҚА» порталында жарияланатын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын халық назарына қарапайым тілде жеткізіп, азаматтарды жария талқылауға белсенді қатыстыру үшін биыл 1 қазанда Instagram әлеуметтік желісінде @zan.onai парақшасын ашты. Парақшада орталық атқарушы, жергілікті атқарушы органдардың кез келген НҚА жобаларын қысқаша, қарапайым екі тілде (мемлекеттік және орыс) түсіндіріп, әрі қарай аталған НҚА жобасына гиперсілтеме қоса беріледі.
Халықтың құқықтық сауатын арттыруда Бұқаралық ақпарат құралдарының да ролі ерекше. Оған Қазақ радиосының эфирінен берілетін «Заң кеңесі» хабарының 21 жыл бойы үздіксіз жүріп келе жатқаны куә. Бағдарлама арқылы тыңдарманға кеңес беретін заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, тыңдарман көбіне әлеуметтік мәселе бойынша хабарласады екен. 
«Мүгедектікті рәсімдеу, жәрдемақы алу, түрлі еңбек даулары, жұмыс берушінің заңсыз іс-әрекеттерін дәлелдеу, ажырасу мен алимент мәселесі, балалар құқығының шектелуі бойынша сұрақтар көп қойылады. Одан тыс өте көп қарызды қайтара алмау, несие мәселесі туралы сұрақтар да, соңғы кездері жер мәселесі, салық тәртібі туралы сұрақтар қойылып жүр. Жалпы қылмыстық істерден көрі азаматтық істерге қатысты сұрақтар қойылады. Оның ішінде соттың шешімімен келіспеу де бар», – дейді Нұра Тынысқызы. 
Заңгердің айтуынша, 21 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда тыңдарманның құқықтық сауаты артқан. Оған қазіргі сұрақтардың бұрынғы сұрақтардан әлдеқайда сауатты екені дәлел. Кейбір тыңдарманның сұрағынан олардың заң саласындағы терминдерді жақсы білетінінен аңғарылады екен. 
Нұра Тынысқызы «Бұрын адамдар өз құқығын талап етпек түгілі, өзін толғандырған сұрақты қоюға именсе, қазір адамдар өздері тап болған мәселені толық біліп, оны заң шеңберінде, сауатты шешуге бейімделді», – дейді.
Сонымен қатар, заңгер заңсыз әрекетке бармау да (мәселен пара бермеу, ақша талап еткен жағдайда заң орындарына жүгіну) құқықтық сауаттың артып келе жатқанын аңғартады дейді. Сол себепті Заң кеңесі кез келген инстанцияда, БАҚ-тың барлық саласында тегін берілсе, әсіресе, қазақ тілінде қарапайым тілмен түсіндірілсе, қоғам дамуына, халықтың құқықтық сауатының артуына зор ықпал болар еді. 
Қоғамның тұрақты дамуының алғышарты құқықтық қатынастардың реттелуі екені анық. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай көптеген заңдар жазылып, оларға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, қолданысқа ену барысында көп жері күзеліп, қосымша баптар енгізіліп жүргені мәлім. Заң жиі қолданылған сайын тиімділігі көрініп, кемшілігі анықтала түседі. Халық та уақыт талабына қарай бейімделіп, заңның тиімді тұсын қолданып, өз құқығын сақтауға дағдыланады. 
 

2447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз