• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Әжібайдың ұрпағы

Ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың «Кім жазықты?» атты өлеңмен жазылған романында Тасболат бай туралы сөз қозғалды:
«... Жайлауға кеше қонған Тасболат бай,
Дарыған қыдыр оған, дәулеті сай,
Ақ орда сегіз қанат тігіп тастап,
Жатқаны қор-қор ұйықтап, көңілі жай» деп келеді.
Тасболат бай он бес жыл болыс болып, Меккеге барған, хат танитын ағасының баласы болыстыққа оңай өтіп, өз ұлы Жақан жағынып болыстыққа әзер өтеді, бірақ ауырып, ерте қайтыс болып артында жесірі қалады. Тіл білмеу, хат танымау болыстыққа кесірін тигізе берген соң кенже ұлы Әжібайды мектепке береді. Әжібай екі қыс оқып, тіл үйреніп хат тани бастағанда әкесі мектептен шығарып алады. Себебін Сұлтанмахмұт ақын былай түсіндіреді:
«... Екі қыс оқып еді Әжібай онда,
Биыл тағы жүр еді оқып сонда:
«Қарағым, ағаң өлді, үйге жүр!» деп,
Тасболат Әжібайды алды 
қайта қолға. 
Алатын неге десең жесірі бар,
(қазақтың жесір деген кесірі бар).
«Бар болса әмеңгері жесір кетпес»;
Дейтұғын ескі ғұрып кесімі бар.
Сөйтіп, әкесі Әжібайды өзінен көп үлкен Жұмағұл байдың қызы – балалы жеңгесі Жәмилаға үйлендіріп, ағасының айттырып қойған екінші әйелі Жаңылды да алғызбақ болады. Дегенмен, Әжібай мінез көрсетіп, ақын тілімен айтсақ:
Әжібай деді: «Отырма оттап, үріп!
Қақпасым, жүрген жерің бәрі бүлік!
Алмақ түгіл тастаймын екеуін де..» - 
Деді де кетіп қалды атқа мініп. 
Міне, Сұлтанмахмұт ақынның романында сөз болған бұл Әжібай – осы мақалаға арқау болып отырған, көп жылдар басшылықта жүріп, қажырлы қызмет еткен санаулы қазақ қыздарының бірі – Алма Мұқанқызы Әжібаеваның арғы атасы. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес мінезден» деген еді Әлихан Бөкейхан атамыз. Алма Мұқанқызының мінезі атасы Әжібайдан дарыған болу керек. 
Ал ақын Сұлтанмахмұттың өмір­баянынан көпшілікке танымал атақты Мұқан молда Алма апайымыздың әкесі. Сұлтанмахмұт 1905-1907 жж. аралығында екі жыл осы Мұқан молдадан дәріс алған. 1910 жылы Семей губерниясы, Аршалы болысының №1 ауылында дүниеге келген Мұқан Әжібаев Қазан төңкерісіне дейін ауылда бала оқытып, діни дәріс берген­діктен Мұқан молда атанған. Кеңес заманында сауатсыздықты жою­ға қатысқан. Мектепте білім алып, 7 сыныпты бітірген. Қаржы қызмет­керлерін, кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстарда оқыған. 1938-1949 жылдар аралығында Павлодар облысының М.Горький (бүгінгі Қашыр ауданы), Лебяжі аудандарының атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарған. Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қажырлы, байсалды және өте қарапайым адам болған. Адам өмірі қамшының сабындай ғана қысқа, бірақ адал ұрпақ тәрбиелеген ұтады екен. Әкесінің адал перзенті Алма Мұқанқызы отанына да адал қызмет етті. 
Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, қоғам қайраткері Алма Мұқанқызы Әжібаева ұзақ жылдар Павлодар облыстық партия комитетінде сан алуан мәселелерді шешуді талап ететін идеология саласында қызмет атқарды. Шешуі қиын мәселелер әрине, аз болған жоқ. Әсіресе қайта құру кезеңінде өмірдің өзі талай күрделі мәселелерді туғызғаны белгілі. Тоқырау заманында жинақталып, қордаланып калған мәселелер басшылық алдына толып жатқан міндеттер қойып, оны жедел түрде шешуді талап етті. Бұл кезеңде уақыт талабына сай, жаңаша ойлап қана қоймай, идеологиялық жұмыстың нысандары мен әдістерін жетілдіру, қайта құру үдерістері туғызған жағдайлардың алдын алу, адамдармен тығыз байланыста болу, олардың көңіл-күйін білу, қоғамдық пікірлерді зерттеу, түрлі болжамдар жасау секілді сан алуан міндеттер тұрды. Заман талабына сай идеологиялық жұмыстың ескі әдістерінен арыла отырып, туындаған мәселені жаңа көзқараспен шешу керек болды. Алма Мұқанқызы мұндай мәселерді шеше де білді себебі, әр іске сыни көзқараспен қарап, кеткен қателіктерді көре білді.
1990 жылы шыққан «Қазақстан әйелдері» журналының 11 санында тілшігe берген сұхбатында: «Халық бұқара­сының белсенділігі мен бас­тамасы өріс алған жағдайында, шынын айту керек, идеологиялық насихат жұмысында уақыт талабына кейде ілесе алмағанымызды мойындауымыз керек. Ресми емес ұйымдармен ашық пікірталасқа бару, партиялық принциптікті қорғап қалу өз дәрежесінде болмады...кейде ұйымшылдық таныта алмадық» – дей келіп: «идеологиялық жұмыстың пәрменділігіне жетудің басты шарты – кадрларды іріктеп, тәрбиелеу, дұрыс орналастыру. Іс тетігі кадрлардың білік­тілігінде, іскерлігінде» деп көр­сеткен екен. Шындығында кадр мәселесі  қай уақытта болса да өзекті мәселе болып қала бермек. Әсіресе, алюминий заводы, трактор заводы, ферросплав, мұнай өңдеу, химия заводтары бар, қуатты ГРЭС-тер, алып Екібастұз көмір өндірістік бірлесітігі бар. Ертістің Павлодар өңірінде басшылық жұмысты ер азаматтармен иық тірестіре жүріп атқару әйел затына оңай емес. 
Облыстағы отбасы мәселесі, тұрғын үй мәселесі, экология мәселесі, жастардың тәрбиесі мәселелеріне қатысты көптеген жоспарлы бағдаламаларды іске асыруда Алма Мұқанқызы Әжібаеваның қосқан үлесі ұлан-асыр. 
Облыстық мәдени, оқу-ағарту, рухани өміріне белсене араласып, елдің болашағы жастармен жұмыстың қашанда бел ортасында жүрді.
«Тәрбие басы – тіл» деп, Ж.Аймауытов жазғандай, Павлодар секілді көпұлтты және Ресеймен шекаралас облыста тіл мәселесін көтеру өте қиын және шиеленіскен жағдайда дамыды. Өзінің негізгі мамандығы орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болса да, облыста қазақ тілін оқып үйрену, оны пайдалану, қолдану өрісін кеңейту бағытында, сонымен қатар жабылып қалған қазақ мектептерін қайта ашу, орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу, бала-бақшаларында қазақ топтарын көбейту бағытында Алма Мұқанқызының еңбегі ерекше болды. Осы орайда «бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сынаржақ азамат  болады» деген Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің сөзі еске түседі. 
Алма Мұқанқызы Әжібаева адал да турашыл, сөзге шешен, саяси-қоғамдық, дипломатиялық, әрі оқытушылық лауазымы жоғары, адамершілік туын жоғары көтерген қайраткер. Көзі тірісінде елінің еркесі, халқының қалаулысы, дос жарандары мен ағайын туыстың қамқоршысы, ұрпағының панасы болған Алма Мұқанқызы бүкіл саналы ғұмырын өзі өмір сүріп, тіршілік еткен ортасын дамытып, өркендету жолында шаршамай толағай жұмыс жасаған шарапаты мол ірі тұлға болды.  

Маржан ХАМИТОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты

 

113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз