• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Ұлттық тәрбиедегі әдеп-иба мәдениеті

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде әдеп-ибаға жетелеп, ізгілікке бастайтын ырым-тыйымдар өте көп. Бұл ырым-тыйымдар нақтылап айтар болсақ, жарасымды қоғам ортасын құрудың және инабатты адам тұлғасын қалыптастырудың алғы шарты. Біз бұл мақаламызда қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесінің маңызды құрамдас бөлігі болған әдеп-ибаға саятын ырым-тыйымдар жөнінде аз-кем тоқталып өтпекпіз. 

Қазіргі күнде, даму үстіндегі көптеген елдер өркениетті ел құрудың қамында. Көршіміз Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Үрімжі қаласын мысалға алар болсақ, жуық жылдары Үрімжі қаласын мемлекеттік деңгейдегі өркениетті қала етіп құруға түрлі шарт-жағдай әзірлеу кезінде, тұтас қала халқына бағыттап, «басқаларға мүләйім болу; сапалы қызмет көрсету; қатынаста, жүріс-тұрыста және тамақтануда мәдениетті болу; іс-әрекеті сыпайы болу» сынды «Үрімжі қаласы тұрғындарының мәдениет өлшемдерін» ортаға қойған екен. 
Егер әрбіріміз өркениетті қоғамның мәдениетті мүшесі болуға құлшыныс жасап, сапалы адам болудың талаптарын саналы орындай алсақ, мәдениетті адамдардың сөз-әрекетінен тәлім алсақ; ұлтымыздың әдеп-иба жағындағы ырым-тыйымдарын заманға сәйкестендіріп, ұтымды қолданып, тірлігіміздің үзілмес арқауы ете білсек; өңіміз жылы, әрекетіміз ибалы, қылығымыз қылтансыз, сөзіміз әдепті болары даусыз.
Дәл өзіміз жөнінен алып айтар болсақ, жеке тұлға үшін мәдениеттіліктің түп тамыры – әдептілік, әдептіліктің қозғаушы күші – саналылық, мәйегі – тектілік, арқауы – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан (қазіргі күнде бояуы бозарып, елеусіз қалып бара жатқан) ырым-тыйымдар мен таңдаулы дәстүрлер.
Мәдениеттілік дегеніміз ибалылық. Мәдениеттілік дегеніміз – он сегіз мың ғаламға болған жанашырлық. Мәдениеттілік дегеніміз – шынайы һәм терең сүйіспеншілік. Қай тұрғыдан қара, қалай айт, қандай теориялық өреге көтер мейлі, мәдениеттілік дегеніміз текті халқымыздың ұрпақтарын ізгілікке тәрбиелеп, кісілікке жетелеп, жанашырлыққа баулып отырған «Жаман болады»,  «Ұят болады» және «Обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзінің тәрбие көлемінен аса алмайды. Осы үш ауыз сөзге астар болған ырымдар мен тыйымдар ұлттық салт-сананың ең көрнекті бейнесі әрі ұрпақ тәрбиелеуде тәжірибеден өтіп тиянақты қалыптасқан аса құнды теориялық негіз. «Ұят болады» жоғалған жерден құрмет құрдымға кетіп, бейбастақтық белең береді, ессіздік етек алады;  «Жаман болады» мен «Обал болады» жоғалған жерден жанашырлық жоғалады, сүйіспеншілік сұйылады, өзімшілдік, пайдакүнемдік асқынып, аран ашылып, ындын кетіп, қараниет қабындайды. «Жаман болады», «Ұят болады», «Обал болады» деген үш ауыз сөзден ұлтымыздың сонау ертеде қалыптасқан сенім-нанымдарын; дүниелік көзқарасын; табиғат дүниесін, тіршілік, өмір және өлім-жітім туралы танымын; арман-тілегін, сондай-ақ тіршілік қайнарын, жер ана мен ұлы табиғатты көз қарашығындай аялай білетін қастерлі идеясын және өмірге деген мұрат-мақсатын түсіну қиын емес. 
Қазақ ырымдары мен тыйымдары – тәлім-тәрбиенің қайнары, отбасы тәрбиесінің оқулығы, мораль тәрбиесінің мөлдір кәусәрі.  
Әдеп-иба – адамдар арасындағы жарасымды қатынастың дәнекері, араны жақындататын арқау, жанды елжіретер шуақ, жүрекке жылылық құятын шәрбат. Әдеп-иба болған жерде басбұзар тентектік, көңіл ауыртар дойыр мінез, қылаяғы жауыздықтың өзі бұйдаға еріксіз ерік береді. Ал әдеп-иба болмаған жерде хан мен қара, жас пен қарт, бала мен әке-шеше, ер мен әйел тиесілі өз орнын дұрыс таба алмайды. Мұндайда адамдықтың құны да дұрыс әйгіленбек емес. Қытайдың ұлы пәлсәпашысы Күңзі: «Патша-патша жолында, уәзір-уәзір жолында, әке-әке жолында, әйел-әйел жолында, бала бала жолында болғанда ғана қоғам өз жарасымын табады» деген екен.  
Клинтон АҚШ президенті болып тұрған кезде, саяси сахнада өзімен қара талас­тырып жүргендерді кішпейілділікпен жақын тартып, достық ниет білдіреді. Сонда қасындағы бір ақылшысы: «президент мырза, қазіргі мына ықпалыңызбен бұл дұшпандарыңыздың көзін жоюыңызға әбден болады ғой, оларға несіне жалбақтап жүрсіз?» дегенде, Клинтон: «оларға жылы мәміле жасап, қатарыма тартып, досыма айналдырып алғаным дұшпандарымды жойған болып есептелмес пе?» деп жауап береді. Ат атағы шығып, абыройға ие болған адамдардың кісілігі мен кішілігін: «Мәуелі ағаштың басы салбырап тұрады» деп түйіндесе; әдепті ұл, ибалы бойжеткендерді көрсе разы болып, мұны тұп-тура отбасы тәрбиесімен байланыстырып: «не деген текті өскен бала, әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі деген осы ғой», деп жататын әрі ұрпақтарына:  «Ел саған кішпейілдік білдірсе, сен оған неше есе жылы мәміле жаса» деп тәрбие бере білген халқымыз мәні терең, тәрбиелігі күшті, бұйрықты рай түрінде келетін тыйымдарды жетелі ұл, ибалы қыз, ұятты келін тәрбиелеудің  оқулығы ете білген. 
«Үйге  сыртыңмен кірме!»
Үй ішінде әке-шеше, аға-бауыр сияқты үлкенді-кішілі адамдар отырады. Кейде бейтаныс қонақтар болады. Егер үйде бөгде адам болса, қандай ашулы жүрсең де жылы жүзбен сәлем беріп кіру керек. Бұл әдеп-ибадағы өзгермес қағида. Ал шегініп кіріп келе жатып табалдырыққа шалынып жығылсаң үйде отырғандарды күлкіге қарық қылуды айтпағанда, жазатайым жараланып қалуың, пешке құлауың немесе есік көзінде жатқан мысық, күшік сияқты жануарларды басып зақымдап алуың да әбден мүмкін. Міне бұл тыйымға қай жағынан талдау жасасақ та әдеп-ибамен қоса, жан-жануарлардың амандығына болған жанашырлық пен жеке адамның қауіпсіздігіне сақтық сигналын шалып, жол сілтеп тұрғанын байқауға болады.  
«Адамға  сыртыңды  қаратпа!»
«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бет бұрудың «ыңғай көрсетті», «қарады» деген сияқты түсіндірмелерінен тыс, «теріс қарады», «сырт айналды», «жалтарды», «ұнатпады», «жақтырмады» деген мағыналары берілген. Мәселен: «Сезе қалып жұрттың бетті бұрғанын, ол сөйледі болашақтың бір қамын. Білген де жоқ орамалдың ұшымен, маңдайына жел сабалап тұрғанын» (Х. Ерғалиев «Біздің ауыл»). Әдетте біреуге ренжіген, бетін көргісі келмеген адам одан бет бұрып, сырт айналады. Ат кекілін кесіскенде, «Ол мүлде бет бұрды» дейтініміз де сондықтан. «Қалың ел қайырымсыз ханнан бет бұрды» деген сөздер осыған дәлел. Сол үшін халқымыз адамға жылы шыраймен тура қарап отыруды дәріптеп, сыртын беріп отыруды әдепсіздік, құрметсіздік есептеген. Ұялшақ бойжеткен, ибалы келіндер үлкен, сыйлы, бейтаныс адамдардың алдында бүкілдей теріс қарап отырмай, сәл қиғаштап отыруды дағдыға айландырған. «Ауыраяқ кезінде біреуге тесіле немесе таңқала қараса баласы соған ұқсап туады» деп қатаң ырымдайтын халқымызда, қыл-аяғы жүкті әйелдердің өзі мұрны пұшық, көзі қыли дегендей бет әлпеті көріксіздеу адамдар үйге келгенде оларға сыртын қаратпаған. Бұлай істеу әдепсіздік, құрметсіздік, оларды қорлағандық есепті санаған. Қоғам жарасымдылығына, адамдардың уыздай ұйыған ынтымағына кері әсер жасайтын факторлардың бірі өзін зор, өзгені қор санап, қарсы жаққа құрмет етпеу. Бұрынғылар бір ауылдың берекесі, тыныштығы үшін жарлы-жақыбайлар мен кем-кетіктерді төмен санамай, шынайы құрметтей білген.  
  «Адамға  қарап  талтайып отырма!»
Үлкендеріміз мейлі ұл болсын, мейлі қыз болсын отырғанда аяғын жиып, жинақы отыруды дәріптеген. Қазіргі күнде үлкендер алдында болсын, топтық орта болсын «мынауым ерсі, ұят болады-ау», деп киінетін қыз-келіншектер азайып бара жатыр. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы сөзінде: «ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты» дейді. Әйелдердің ашық-шашық киінбеуі қоғамдағы ерлердің теріс жолға түспеуіне де себеп бола алады. Ашық-шашық киіну әйелдерді қатерлі ісікке де оңай шалдықтырады екен. Әйелдердің ашық-шашық киінуі ерлерді ерлік қуатынан ерте айырады дейтін пікірлер де аз емес. Гүл-шөптерді көп көрмеген адамдарға қарағанда сайын сахарада жүрген адамдарға бәйшешектің аса таңсық сезілмейтіні сияқты, ашық-шашық киінгендерді көп көрген ерлердің әйелдерге деген қызығуы бәсеңдеп, сезімі де солғындап, ерлік қуаты әлсірейді екен. Ашық-шашық киіну сәнге айналған Еуропа елдерінің батыр ұланы, былғары қолғап шебері Майк Тайсон: «Ашық-шашық киінетін қыздарды көргенімде, үйінде намысы бар нағыз еркек жоқ екенін бірден түсінемін» деген екен. Тағылым сөздерді басқадан іздейтін әдетімізді қайыра тұрып ой жүгіртсек, ұлылардан қалған: «Өлімнен ұят күшті», «Бар бәледен ұят сақтайды» (Жүсіп Баласағұни), «Арсыз болса қыз жаман, ақылсыз болса ұл жаман», «Ақылың болса арыңды сақта» сияқты әр сөзі мың ділдаға бергісіз ғақылиялар аз емес. 
      «Адамның  үстінен аттама!»
Халқымыз киімнің үстінен аттамауды дәріптегенді қойып, жағалы киімдердің аяқтың астында қалуын қуаттамаған. Адамның үстінен аттама деген тыйымға талдау жасасақ, мұнда бірі, адамға деген өскелең құрмет жатса, енді бір жақтан қауіпсіздікті назарға алған деп айтуға болады. Мәселен, ұйықтап жатқан адам болып, үстінен аттай бергенде аяғын не қолын сермеп қалса, тосыннан аунап яки тұра келсе онда жүріп бара жатқан адам немесе жатқан адам соққы алу мүмкіндігі күшті. Қазақтың жатқан малдың үстінен аттатпауы да қауіпсіздікті ойлаудан. 
«Сөйлегенде  адамға қаратып саусағыңды шошаңдатпа!»
Біздің бұл тыйымымыз қазір халықаралық аренада да кеңінен қолданылып отыр. «Оның көзіне шұқып тұрып айтамын», деп жатады ашуланған адамдар. Анадайда кеңесіп тұрған екі адамның біреуі яки екеуі де сөйлегенде біріне бірі сұқ саусағын шошаңдатып тұрса, көрер көзге дауласып тұрғандай сезілетіндігі сөзсіз.  Біреумен кеңескенде мұрын ұстамай, құлақ шұқымай, бет-ауызды сипаламай, қол шошаңдатпай байсалды бейнеде сөйлеу айтпаққа жай іс саналғанымен, мұның өзі үлкен бір мәдениет. Енді бір қырынан айтқанда, сіз саусағыңызды шошаңдатып сөйлеп тұрғанда қарсы жақ кенеттен еңкейіп қалса, бетін немесе көзін түртіп алуыңыз әбден мүмкін. Дана халқымыз міне осылардың барлығын тәжірибеден өткізбесе де, зейінмен зерделеп, зиянын алдын ала данышпандықпен мөлшерлей білген. 
 «Адамға қарап есінеме!»
Біреуге қарап ауызды арандай ашып есінеп отыру шынында да өрескел қимыл. Осы негізде қуалай келіп, бұрын жоқ болса қазіргі кезге бейімдеп «Адамға қарап тіс шұқыма» деген тыйымды қосуға да болар-ау.  
   «Адамға қарап түшкірме!»
Біреуге қарап түшкіру өте ерсі қимыл. Мұрныңнан шыққан шашырандылар қарсы жақтың киіміне немесе бетіне жұғуы мүмкін. Медициналық тұрғыдан айтсақ, егер жұқпалы ауруыңыз болса, тұмау тиіп жүрсе, түшкіру барысында қарсы жаққа оңай жұқтырасыз, елді зияндайсыз. Тұтас жер шарын шарпыған корона вирусының тыныс жолы арқылы таралуынан түшкірік арқылы таралуының неше есе жоғары екені айқын дәлелденген жоқ па. Адамға қарап түшкіріп-пысқыру әдепке оғаш, амандыққа қиғаш әрекет. 
 «Біреуге береріңді сол қолыңмен берме!»
Сәлем – сөздің анасы. Үлкендерге қос қолдап, ал жай ағайын-достар өзара оң қол беріп амандасу біздегі ұзақ уақыттан бергі жалғасып келе жатқан дәстүр. Ер мен әйел ортасындағы амандықта, әйел адам қол бермесе ер адам алдымен қол ұсынбайды. Қазақ та басқа халықтар сияқты әр істің оңына басуын тілейді. Оң қол беріп амандасу қарсы жаққа деген құрметіңді, шынайы пейіліңді білдіреді. Сосын да халқымыз біреуге бірдеме берерде құрметін, ықыласын білдіріп оң қолмен беруді дағдыға айландырған әрі ұрпақтарын солай істеуге насихаттаған. Дастархандағы асты да оң қолмен алып жейді.  
Қазіргі күнде көп санды жастардан әдеп азайып, ұят адыра қалып барады. Әке-шешесіне құдды өз баласындай қожаңдап жататын ұл мен қызды; енесінің ақ самайына жағаласып отыратын көкбет келінді; үлкен келсе аяғын тартып, етегін жаппайтын бойжеткенді; ашық-шашық киініп кердеңдей басып жүретін келіншектер мен қыздарды; үйге қонақ келсе алдынан шығып сәлем беріп, киімін ілгенді қойып, адам келіпті-ау деп елеп те қоймай өз жайында отыратын есейген бала-шағаны кезіктіру таңқаларлық жағдай болудан қалды. Қайсыбір кітаптан: «Сен өзіңнің сөзіңе көңіл бөл, сөзің әрекетіңе айналуы мүмкін; сен өзіңнің әрекетіңе көңіл бөл, әрекетің әдетіңе айналуы мүмкін; сен өзіңнің әдетіңе көңіл бөл, ол сенің мінезіңе айналуы мүмкін; сен өзіңнің мінезіңе көңіл бөл, ол сенің тағдырыңды белгілейді» дегенді оқыған едім. Құдды араға талай уақыт салып барып қаныңа өтетін тырнаққа жаққан заһар сияқты бойымызға білінбей кіріп, табиғатымызды өзгертіп, ата дәстүрімізден алшақтататын жайсыз әдеттер мен сырқат мінездерді шектей білмесек, күндердің күнінде ұлтымның асыл қасиеттерінің бірі мынау еді деп айтарға ауыз табу да қиынға түсері хақ.  

Қаусылхан ҚАСЫМХАНҰЛЫ,

жазушы-этнограф, аудармашы 

113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз