• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Ұлт тарихы жаңа басылымдармен толықты

Орталық мемлекеттік музейінде Жібек жолы бойындағы ақша қатынастары туралы «Деньги на Шелковом пути» және «Қазақ хандығы: XV-XVII ғасырлардағы сыртқы саясаты» атты кітаптардың таныстырылымы өтті. Қазіргі Қазақстан аумағындағы қалалық мәдениет пен қазақ мемлекеттілігі тарихының маңызды кезеңіне арналған зерттеу еңбектері – ұлттық тарихнамаға қосылған үлкен үлес.   
 

Тарихшылар мен археологтар қауымы еліміздің аумағында орналасқан көне қалалардың орнында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде алтын, күміс, қоладан жасалған теңгелер тапқаны мәлім. Бұл осы өңірлерде тауар-ақша қатынастары болғандығының дәлелі. Ғалымдар әлі күнге дейін көне қалалар мен қалашықтар орнында зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп келеді. Павел Петров, Нұрлан Атығаев және Жасұлан Белтенов шығарған «Деньги на Шелковом пути» атты кітап Жібек жолы бойындағы қала мәдениеті, соның ішінде нумизматикалық жәдігерлерге арналған. Зерттеу жұмыстары Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранты аясында Орталық мемлекеттІк музейімен бірлесе жүргізіліп, кітап түрінде баспадан шықты. Кітап таныстырылымында сөз алған Жасұлан Белтенов бұл жобаның 2021 жылы басталғанын айтты. 
«Кітаптың бірінші тарауында Жібек жолы тарихына қысқаша шолу жасалды. Екінші тарауда XIII-XIV ғасырлардағы қазіргі Қазақстан аумағында соғылған монеталар, Ұлы моңғол империясы, Алтынорда, Шағатай хандықтары кезеңіне жататын нумизматикалық жәдігерлерге сипат­тама беріліп, каталогы жасалды. Ал үшінші тарау Жібек жолының логис­­тикалық маңызына арналған. Кітап­та келтірілген монеталардың 20 пайызы Орталық мемлекеттік музей қорынан алынса, қалғаны қазба, зерттеу жұмыстары барысында табылды. Жалпы үш жыл ішінде Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары аумағындағы көне қала­лардың орнына 8 экспедиция жасалды. Оның ішінде Сарайшық, Түркістан, Тараз және басқа қалалар бар» деді Жасұлан Белтенов.
Авторлардың айтуынша, осы экспедициялар нәтижесінде музей қорына 5 мыңнан астам монета түсті. Олардың барлығы реставрациядан өткізіледі, талданады, содан кейін музей қорына алынады. Осылайша, Орталық мемлекеттік музей ғылыми зерттеулерге кеңінен жол ашып отыр. Жетісу өлкесі, Оңтүстік Қазақстан, Сыр бойы, Батыс Қазақстандағы ежелгі қалалық мәдениеттің ажырамас белгісі іспетті нумизматикалық жәдігерлер туралы бұл құнды басылым – осы уақытқа дейінгі зерттеулердің заңды жалғасы. Зерделі зерттеу еңбегі Қазақстан тарихын толықтыра түсетіні анық. 
XV ғасырда негізі қаланған Қазақ хандығы – еліміздің аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, бүгінгі Қазақстан мемлекет­тілігінің маңызды кезеңі. Орта ғасырлар тарихын зерттеуші белгілі ғалым Нұрлан Атығаевтың жаңа монографиясы – Қазақ хандығының XV-XVII ғасырлардағы сыртқы саясатына арналған және ұзақ жылғы ыждаһатты ізденістің нәтижесі. Автор кітап материалдарының ондаған жыл бойы жинақталғанын айтып өтті. 
Кітаптың алғы сөзінде: «Қазақ тарихында XV ғасыр аса маңызды, тағдыр­шешті уақиғалармен ерекшеленеді және бұл кезең ел дамуының келешегін айқындап берді. Қазақ халқы кең дала төсінде ұлттық мемлекетін құрды. Жаңа мемлекеттік құрылым – Қазақ хандығы ішкі тұтастығын нығайта отырып, көрші мемлекеттермен және халықтармен өзара қарым-қатынасын қалыптастырды. Жаңа монография Қазақ хандығының осы мемлекеттермен, халықтармен өзара әрекеттестік тарихын зерттеуге арналған. Еңбекте орта ғасырлық мұсылман және еуропалық, орыс авторларының тарихи және тарихи-географиялық еңбектері, орыс архив қорларының материалдары, сондай-ақ қазақ ауыз әдебиеті мен археологиялық зерттеулер нәтижесі пайдаланылды» деп атап өтілген. Автор көрсеткендей, кітапта тарихымыздың бұған дейін елеусіздеу болып келген бағыты – Қазақ хандығының Үндіс­тан, Моғол, Сефевидтік Иран мемлекет­­терімен саяси байланыстары егжей-тегжейлі зерделенген. «Мәселен, Қазақ­тардың Жәңгір ханның басшы­лығымен өзбек­термен бірге Ұлы моғолдар мемлекетіне қарсы соғысуы, қазіргі Иран және Әзербайжан жерінде болған Сефевидтік Иранмен өзара қарым-қатынас туралы жаңа деректер қамтылды» деді тарих ғылымдарының кандидаты, Орталық мемлекеттік музейдің деректану және қолжазба бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, профессор Н.Атығаев. 
Халқымыздың батырлық жыр-дастан­дарында қызылбастар­мен жаугершілік дәуірі туралы айтылатынын білеміз. Міне, осы уақытқа дейін тек фольклор материалдары арқылы белгілі болған осы оқиғалар туралы жаңа деректер табылып, ғылыми айналымға қосылып отыр. Ол оқиғалар әртүрлі кезеңдерге жатқызылып келсе, автор келтірген жазба деректер мұның Сефевидтік Иран мемлекеті тұсында болғанын дәлелдейді. 
Қазақ хандығының мемлекет ретінде қандай көрші елдермен алғашқы ресми байланыс жасағаны монографияның зерттеу өзегін құрайды. «Бұл еңбек осы күнге дейін жинақталған тарихнамалық материалдардың өзіндік қорытындысы» деді Н.Атығаев. Осы ретте айта кетерлігі, 2000 жылдардан бастап отандық тарихты зерттеуге баса назар аударылып, «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары іске асырылды. Қазіргі «Архив-2025» бағдарламасы да алыс және жақын шет елдердің архивтері мен кітапханаларындағы қазақ тарихына қатысты құнды деректерге қол жеткізуге серпін берді. Шет елдерден әкелінген деректер біздің Қазақ хандығының тарихын зерттеудегі қорымызды байытты, жаңа ғылыми көзқарастар әкелді 
«Сондықтан да жаңа монографиямыз Қазақ хандығының сыртқы саяси байланыстарын зерттеудің бір қорытындысы есебінде жарық көріп отыр» деді бұл жөнінде Н.Атығаев. Ғалым зерттеу жұмысы бірнеше бағыт бойынша жүргізілгеніне тоқталды. «Біріншіден, сол кездегі Орталық Азияда билік құрған Шайбани әулеті, Аштархан әулеті билеген мемлекеттермен саяси байланыс­тар. Екіншіден, оңтүстік-шығыстағы Моғолстан мемлекеті, қырғыздармен, жоңғарлармен байланыс. Үшіншіден, батыстағы Ноғай ордасы мен жаңадан қалыптасып жатқан орыс мемлекеті және Осман империясымен саяси байланыстар тарихы. Соның ішінде Қазақ-Осман, Қазақ-Сефевидтік Иран, Қазақ-Үндістан байланыстары азырақ зерттелген. Сондықтан еңбекте осы бағыттар арнайы қарастырылды. Деректік қорымызда бұрын жарық көрген материалдармен қатар, жаңа табылған құжаттар да бар. Мен өзім Иран, Түркия кітапханалары мен архивтерінен көптеген деректерді енгіздім. Соның бәрін саралап, тарихи қорытынды жасауға тырыстық» дейді Нұрлан Әділбекұлы. Сондай-ақ, кітаптың соңында қазақ хандарының билік ету жылдарының хронологиясы, сыртқы саяси байланыстардың кестесі берілген. Басылымның электронды нұсқасы да бар. Тұсаукесер барысында автор кітапты шығаруға атсалысқан Қожа-Ахмет Яссауи халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты басшылығы мен ғылыми ұжымына алғысын білдірді. 
Осылайша, Қазақ хандығының екі жүз жылдық тарихын, соның ішінде сыртқы саяси байланыстарын терең саралаған маңызды монография ұлт тарихынан тиісінше көрініс тауып, ғылыми айналымға қосылмақшы. 
          
        

Дина Тазабекқызы

2037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз