• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

ТАҒДЫР ИІРІМІНДЕГІ ҚАЗАҚТАР

Қазақ ұлты салыстырмалы тұрғыдан жас ұлт.
Шоқан Уәлиханов
                   
    Елді ояту үшін, тарихты ояту керек.
Міржақып Дулатұлы

Өткен тарихын жақсы білетін ел болашаққа нық қадам басады. Қазақ елі өзінің көне де бай тарихында түрлі кезеңдерді бастан кешті. Еуразияның ұланғайыр аумағын алып жатқан қазіргі Қазақстан территориясы гүлденген мемлекеттер мен өрісті өркениеттерге мекен болды, тоғыз жолдың торабы ретінде Батыс пен Шығысты жалғастырды, бай руханият пен мәдениеттің ошағы ретінде танылды. Сондықтан да өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры және «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бірлесе отырып, «Қолжазбадағы тарих» атты жобаны қолға алды. Жоба аясында «Тағдыр иіріміндегі қазақтар» атты тарихи-публицистикалық мақалалар циклін оқырман назарына ұсынамыз. Бұл зерттеу мақалаларға Ұлттық кітапхана қорындағы Қазақ тарихына қатысты сирек кітаптар мен қолжазбалардағы құнды құжаттар мен материалдар арқау болмақ. Жаңа 2024 жылдың бірінші саны осы бағыттағы алғашқы мақаламен ашылып отыр. Жоба жыл бойы жалғасады.

 

Көне тарихтың көрікті көшіне ілесу де үлкен бақыт. Жер жаһанда тіршілік басталғаннан бері қаншама ұлттар өмір сүрді. Кейбіреулері тарих сахнасына көтеріліп, белгілі кезең аралығында көшбасшы да бола білді. Дегенмен сол дүбірі дүркіреген ұлттардың кейбірі түп-тұқиянымен жойылды (жойды). Қалай десек те тағдыр иірімінің қатыгез диірмені әлсіздерді аямады. 
Ал қазақ халқы бүгінге дейін өте күрделі үш иірімнің ортасында тағдыр кешті. Бірлесе тірлік етті. Ол біріншіден, «Қытай. Түрік. Парсы»; екіншіден, «Араб. Мұсылман», үшіншіден «Патшалық өкімет. Кеңес одағы». Осынау үш алып өркениеттің диірменінен аман-сау шыққан қазақ ұлтын алда тағы бір иірім күтіп тұрғаны анық. Ол қандай иірім? Оған осы зерттеу жұмысы барысында көз жеткізетін боламыз. Жоғарыдағы иірім өткелдеріне тоқталмастан бұрын, «қазақ» ұлтының қалыптасуы мен «қазақ» сөзінің этимологиясына азды-көпті тоқталсақ.
Мемлекеттіліктің пайда болуы үшін сол мемлекетті құраушы негізгі ұлт болуы керек. Одан кейінгісі – аумақ. Әлемдік тарихи заңдылық бойынша халықтың қалыптасуы үшін мынадай шарттар бар: 
• халықтың өзіне тән мәдениетінің қалыптасуы;
• халық мекендеген аумағының қалыптасуы;
• өзін бір халықтың өкілі санайтын елдік, халықтық сананың орнығуы;
• халықтың тілінің қалыптасуы;
•халықтың ортақ атауының қалыптасуы;
• халықтың өзіне тән антропологиялық бет пішінінің қалыптасуы.
Осы аталған халықтық белгілер, әсіресе этностық, нәсілдік-генетикалық, мәдени, тілдік қасиеттер ұзақ тарихи дамудың нәтижесі. Ал этностық аумақ, этностық сана, халықтық этноним этногенездің соңғы кезеңіне қарай қалыптасатыны белгілі. 
Қазақ қазақ болғалы не көрмеді дейсіз. Сөзіміздің кіріспесінде айтқанымыздай, үш бірдей иірімге жұтылып кетпей аман қалды. Және сол алып иірімдерге өзінің қолтаңбаларын да қалдырып отырды. Қазақтың көне тарихын біз сол кезеңде өмір сүрген әйгілі ғалымдар арқылы біле аламыз. Қазақ топырағынан нәр алған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби әлемде екінші орында тұратын ұстаз бола білді. 
Профессор Жақыпбек Алтаевтың еңбек­­терінде қазақ топырағында қалып­тасқан алғашқы философиялық ойлар жөнінде келтірген деректері орасан. Солардың ішінде Анарыс бабамыз жөнінде ғылыми тұжырымдар келтіреді. Скифтер дәуірінде өмір сүрген Анарыс атты данышпан да осы қазақ топырағынан өсіп-өніп шықты. Әлемдік жеті данышпанның бірі һәм бірегейі саналатын Анахарсистің тарихын оқу арқылы біз өзіндік территориялық өркениетіміздің түп-тамырлары көне дәуірлерде жатқандығын дәлелдей алмақпыз. Ол да бір өткен тағдыр иірімі болатын. Қазақ топырағында қалыптасқан философиялық ойлардың құрамдас бөлігі ретінде осыдан екі жарым мың жыл шамасында өмір сүріп, грек философиясында скифтердің ой-үрдісінен өшпес із қалдырған Анахарсис (Анарыс) туралы грек философы Платон былай дейді: «Анахарсис аты аңызға айналған скиф. Грекияға саяхат жасағанда Солонмен кездесіп, оның ықпалында болып, данышпандығымен атағы шыққан». Әлемге аты мәшһүр Лаэрттік Диогеннің грек философиясының тарихына арналған кітабында Анарыс жайында арнайы бөлім бар. Онда ақылы дария данышпан бабамыздың Грекияға келіп, император Солонмен кездескені, өмір тарихы және философиялық нақылдары туралы мәліметтер келтірілген. Латыншаланып кеткен Анахарсис Скифский дегеніміз «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» айтып кеткен Анарыс бабамыз екені анық. 
Ол туралы академик Ғарифолла Есім дәлелдемелері көңілге қонарлық. «Біріншіден, – дейді ол, – Майқы бабамыздың айтуынша Анарыс ел билеу жолдарын айтқан ғұлама. Анахарсис – сақ патшасы Кадуйдің інісі. Ол Афиныдағы Солонмен достасып, онда бірнеше жыл өмір сүрген. Солон Афинский ел басқару жүйесінде реформа жасаған әйгілі саясаткер. Екіншіден, Анарыстың «өлі көп пе, тірі көп пе?» деген сұраққа кері жауап бергені философия тарихынан белгілі. Лаэрттік Диогеннің аталған кітабында ол туралы былай делінеді: «Өлілер көп пе, әлде тірілер көп пе?» – деген сұраққа, ол: «Кемеде жүзушілерді қайсысына жатқызамыз?» – деп кері сұрау қояды. Анарыс айтты деген сөзбен Анахарсистың айтқаны дәлме-дәл келіп отыр.
Үшіншіден, Майқы Анарысты қайдан біледі деген ой келеді. Анахарсис б.д.д. VII ғасырда өмір сүрген. Майқы би б.д.д. I ғасырдың басында дүние кешкен. Араларында 600 жыл тарихи уақыт өтті. Бұл мерзімде әлі Анахарсис есімі ел жадында сақталған, ұмытылмаған. Төртіншіден, Анарысты Майқының бабам дейтіні үйсіндердің сақ тайпаларынан таралғанына тағы бір дәлел болса керек. Үйсіндер туралы Геродот тарихында айтылған. Анахарсисті де тарихқа түсірген көне авторлардың бірі Геродот. Ал Майқы би оның тарихын білмеді деуге негіз жоқ. Тіптен Геродот «тарихын» білмей-ақ қойсын делік. Белгілі болғанындай, Геродоттың өзінің скифтерге қатысты кітабы көбіне ел аузындағы әңгіме, аңыздардан құрастырылған. Осы жайларды, оқиғаларды Майқы би өте жетік меңгерген деуге толықтай негіз бар.
Анарыс бабамыздың кезінде гректің атақты «Жеті ғұламасының» тобына кіргенін ескерсек, оның философиялық ойларының терең де салиқалылығын, аумақтылығын зерттеу әлі де болса алдағы іс болып табылатынына айқын көз жеткізе аламыз. «Тағдыр иіріміндегі қазақтар» атты тарихи-публицистикалық зерттеуімізде біз қазақтардың алғашқы иірімі түріктік кезең екенін жоғарыда айттық. Яғни, оған жоғарыда келтірген Анарысты да жатқызуға болар. Жалпы қазақ тарихы ежелгі кезеңдерде жартастарға, балбалдарға, ескерткіштерге жазылды. Сондай-ақ ауызша да кеңінен таралды, сақталды, бүгінгі заманға жетті. 
Жалпы алғанда жазба ескерткіштердің барлығының мазмұнын тәңіршілдік көктей өтеді, олардың дүниетанымдық өзегі ретінде көрінеді. Себебі біз Ислам дінінен бұрын «Тәңіршілдік» сенімді ұстандық. Мысалы, көне түркілердің космогониялық түсінігін мына сөздерден бағамдауға болады: «Жоғарыда Көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда екі арасында кісі оғлы жаралған екен». Олардың үстінен қарайтындар «Тәңіріден болған», яғни қағандық үстемдікке ие Бумын, Истеми, Білге қағандар еді. Аспан-жердің, тау-ойпаттың кереғар ұғымдар екенін, диалектикалық қарама-қарсылықтардың бірлігі екендігін көне түркілер үстірт болса да пайымдай алды ма? Әрине, мұндай көзқарас аңғалдық пен көмескі топшылаудан ада емес еді. Оның үстіне тәңіршілдік, анимизм мен тотемдік көзқарастар үстем болды. Сонысына қарамай Аспан (Көк тәңірі) мен Қара жер (Жер-ана) аралығында ғұмыр кешкен адамзаттың екі тапқа бөлінуі де адамдардың қарама-қарсы екі жаратушының кайсысына «жақын» екендігі туралы әпсаналармен тығыз байланысты болғандығын көруге болады.
Қазақ философиясының ірі өкілдері Жақыпбек Алтаев пен Аманжол Қасабектің зерттеулері де жоғарыда кел­­т­ірген мәліметтерді растайды. Тәңір­шілдік көзқарастың танымдық тірегі ретінде Тәңірінің жасампаздық құдіретіне деген халықтық сенім болатын. Түркілердің танымдық қабілеті, жеңіске жетуі табғашқа, яғни қарақытайға бағынғаны үшін жазалануы да сол Тәңірінің мейіріміне немесе заһарлы қаһарына ұшырағандықтың белгісі болса керек. Мысал келтіретін болсақ, дана қарт Тоныкөк өзінің біліктілігін Тәңірдің сыйы ретінде қабылдайды, ал шын мәнісінде ол білімді табғаш елінде алған еді. Неткен қарапайымдылық десеңізші. Әрине, өзінің табиғи қабілетінің арқасында екені де даусыз. Өзінің даналығын дәріптеу мақ­сатында қайталанып отыратын «қағаны алып екен, ақылшысы дана екен» деген сөз тіркесін жауларының аузына салып отырғандығы Тоныкөктің мақтаныш сезімінің айғағы болуы да әбден мүмкін емес пе?..
Біздің жоғарыда келтірген мағ­лұматтарымыз үш иірімнің алғашқысына қатысты екеніне көзіңіз жеткен болар. Ал келесі иірімнің қазақ тарихында ғана емес, әлемдік тарих сахнасында орны ерекше. Себебі ол иірім бүкіл әлемге өркениет атты дара ұғымның кеңінен жайылуына себепші кезең болатын. Ол араб, парсы, жалпы Исламдық иірім. Ол туралы мағлұматтар да, естеліктер де көп. 
Ұлтымыздың маңдайына біткен рухани қарашаңырақ – Алматыдағы Ұлттық кітапханада небір асыл қазынаға бергісіз, құндылығы жоғары мұраларымыз сақталуда. Осы орайда тақырыбымыздың өзегі болған үш иірімнің де шежіресі жазылған қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптардың алып қоры осы парасат ордасында аса жоғары күтіммен, ерекше жағдайда сақталуда. Ел игілігіне тоқтаусыз қызмет етуде. 
Ендеше үш иірімді де қамтитын жәдігерлерді өн бойына сақтап отырған Ұлттық кітапхананың «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» бөліміндегі тарихқа бай кітаптар мен қолжазбаларына тоқталсақ. Өйткені осы аталмыш кітаптар арқылы үш иірімнің маңызын аша түсеміз. 
«Қазақ» этнонимі қалыптаспай тұрып, біз түркілік кезеңде өмір сүрдік, ал сол кездері ата-бабаларымыз өз тарихын алып дала төсіндегі балбалдар мен жартастарға ойып жазып қалдырды. Археологтардың мәлімдеуінше, кең жазиралы киелі жерімізде табылған әрбір жартас пен дала тастарына қашалған жазбаларда бір-бір кітапқа татитын мағлұматтар бар. Ал уақыт өте келе жазба құралдарының дендеп дамуына байланыс­ты, түрлі жазба құралдарына, мысалы, аң терісіне, күйдірілген қыштарға, папирус жапырақтарына жазылды. Оған дәлел еліміздегі басты мұрағаттар мен кітапханалардың сирек қорлары мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұр. Өркениетті қалалар кезеңінде қалыптасқан кітапханалардан нәр алған ғұламалар өз шығармаларын көбінше араб, парсы, латын, түркі, шағатай, төте жазумен жазып қалдырды. Әрине, олар ең алғашында қыштарға жазып, оларды күйдіріп, кітап ретінде пайдаланса, жүре келе біртіндеп бұзау терісіне жазуды меңгеріп, кейіннен кәдімгі күріштен жасалған парақтарға жазып, бума ретінде ғибадатханалар мен кітапханаларда жинақтады. Замана көші алға жылжи келе, бума қағаздар арнайы баспаханаларда түптеліп, кәдімгі кітап ретінде сөрелерге жайғасты. Алғашқы кітаптардың сапасы өте жоғары деңгейде сақталып келді.
 Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған кітаптардың барлығы дерлік арнайы күтіліп, жыл сайын реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Кітапханадағы ең көне деген кітаптардың тарихы сонау ХІІ ғасырдан басталады. Және де ұлттық ордамызда сақтаулы тұрған көне кітаптар мен қолжазбалар төмендегідей топтарға топтастырылып, жіктелген: 
– Қолжазба мұрағаттары;
– Қазақ жазба мұрағаттары;
– Түркі және басқа шығыс тіліндегі мұрағаттар;
– Саяхатшылар және зерттеушілердің Қазақстан мен Орта Азия туралы еңбектері, т.б;
– Шіркеулік-славян, орыс тіліндегі мұрағаттар;
– Еуропалық алғашқы басылымдар мен шетел тілдеріндегі мұрағаттар;
– Автордың қолтаңбасы бар, басылып шығарылуы және безендірілуі айрықша кітаптар немесе мұрағаттар.  
Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында әлемге ортақ тұлғалардың еңбектері де сақтаулы. Олардың қатарына Адам Олеарий, Галилео Галилей, Эразм Роттердамский, Дени Дидро, Д. Аламбер, Ломоносов, Вольтер, Вамбери жатады. Бұлардан басқа да көптеген өркениеттерде өрлеу жасаған тұлғалар еңбектерінің бірсыпырасы игерілді, әлі де игерілуде. 
Жоғарыда келтірілген топтардың барлығына рет-ретімен тоқталайық. Ең алғашқысы «Қолжазба мұрағаттары» тобына тиесілі, кітапхананың, жалпы республикамыздың ең құнды, ең көне мұрасы ХІІ ғасырда қағаз бетіне түскен қасиетті Исламның басты құндылығы, киелі «Құран Кәрім» кітабы екен. 751 жылы өткен Атлах шайқасынан кейін Тұран даласына Ислам дінінің ықпалы келіп, өрісі кеңейе түсті. Ислам мәдениетінің келуімен бірге араб әлеміне ортақ ғұламалар мен дін, ғылым салаларында жазылған кітаптар таралып, қазақ жеріндегі жергілікті ойшылдарға мәлім болды.  Кітаптардың ең көнесі ретінде сақталған жәдігердің бірі – ХІІ ғасырдан бастап, XVIII ғасырлар аралығында жазылған Құран кітаптары. ХІІ ғасырларда қағаз бетіне түскен қасиетті «Құран Кәрім» кітабы өте ұқыптылықпен жазылған, мұқабасы мен әріптерінің әрбіріне алтын жалатылған. Парақтары да өте құнды материалдан жасалынғаны белгілі. Құран кітабындағы әрбір әріп әлі күнге дейін анық оқылып тұр, бұл әрине, оның киелілігімен қоса білікті кітапханашылардың күтімінің арқасы.
Кітапханадағы келесі маңызды кітап – XVII-XVIII ғасырларда қағаз бетіне түскен, сопылық ілімнің қазақ жерінде негізін салушы Қожа  Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикмет» еңбегі. Және де бұлардан өзге 1990 жылы табылған «Рисала – Муратул құлуб немесе Ақыл айнасы», 1991 жылы табылған «Насабнама» сынды кітаптары. ҚА.Яссауи бабамыздың кітаптарының көптеп табылуы кезінде Түркістан, Қорасан, Кавказ, Иран, Анадолы, Қырым, Балқан, Дешті Қыпшақ даласына кеңінен таралып, көшірме жұмыстарының көптігі еді. 
Аталған кітапханамызда Шығыс­тың хас жұлдыздарының да еңбектері сақтаулы. Олар: Науаи, Низами, Фирдоуси, Жами, Бедил, Сайхали, Қожа Хафиз Сағди, Софы Аллаяр сынды бірқатар ұлы шайырлардың жауһарлары. 
Қ.А.Яссауи бабамыздың белгілі ізбасар шәкірті, әдебиет әлемінде «Хәкім ата» деген атпен мәшһүр Сүлеймен Бақырғанидің бізге белгісіз еңбектерінің қатарында тұрған «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» еңбегі 1996 жылы мұрағат қорынан табылып, зерттеу жұмыстары басталды. Орта ғасырлық Жаркент қаласының билеушісі Даниял қожаның мұрагері Жақып қожаның бұйрығымен көне түркі тіліне тәржімаланған. Оны аударған Шаһижран Низамеддинұлы Каляндар еді. Ол 1721-1723 жылдар аралығында «Шахнаманы» аударып, қағаз бетіне түсіріп шығады. Бұл қолжазба қазіргі таңда ҰК қорында сақталып тұр. 1141-1209 жылдар аралығында өмір сүрген Низами Гәнжауидің парсы тілінде жазылған «Хамса» атты еңбегі  ҰК қорынан орын алған. «Хамса» еңбегі:
1) Құпия қазына;
2) Хұсырау мен Шырын;
3) Ләйлі мен Мәжнүн;
4) Жеті ару;
5) Ескендірнаме.  
Бұл еңбек өте көлемді, 586 беттен тұрады. Кітаптың алғашқы беттеріне алтын бояу жағылған екен. Қазақ халқының көне жазба тарихы шежірелерден басталғаны анық. Бұл шежіре тілі қадымша жазу түріне жатады. Ол жерде сонау ықылым замандағы Нұх пайғамбардан (а.с.) Шыңғыс ханға дейін, Шыңғыс ханнан Абылайға дейін, Абылайдан Кенесары мен Наурызбайға дейінгі тарихи шежіре қамтылған. Бұл еңбек шамамен 1850-1870 жылдар аралығында қағазға түскен. 
Кітапханада XIV ғасырда қағаз бе­тіне түсірілген «Інжіл апракос» сақтаулы. Бұл кітап жарғаққа жазылыпты. Сыртқы мұқабасы қалың картон, қызыл-қоңыр матамен қапталған. Келесі ең құнды кітаптардың қатарында Мат­фей, Лука, Иоанның Інжіл кітабы бар. Бұл кітаптар XVI ғасырға жатады. Кітап жалпы 269 беттен тұрады. Оның алғашқы 15 беті алғысөзден бас­талса, қалған 254 парағы мәтіндерден құралады. Қызыл сиямен тақырыптары, ал қара сиямен мәтіндері жазылған. Ал парағы қатырылған «in quarto» қағазына жазылған. Сыртқы мұқабасы, қызыл бағалы барқытпен қапталған. Інжілде мәлім төрт әулиенің бейнесін кітаптың төрт бұрышына қойып, дәл ортасына қолы керілген Иса (а.с.) пайғамбардың бейнесін қойған. Сыртқы мұқабасының көркемделуіне күміс те араластырылған екен. Кітапхананың  қорына 1998 жылы «Тора» діни кітабы келіп түсті. Бұл қолжазба бума қағаз ретінде жазылған. Жалпы ұзындығы 16 метрді құрайды. Бұл кітапты Ұлттық кітапханаға «Қазақстан кітапханалары. ХХІ ғ.» атты Қазақстан кітапханашыларының ІІ съезінде қазақтың біртуар азаматы, белгілі сәулетші Шота-Аман Уәлиханов табыстаған. Келесі XVII ғасырға жататын «Федор ғұмырнамасы» атты кітап. Бұл кітаптың әрбір парағы өте көркем безендірілген. Бояулары күні бүгінге дейін өз өңін жоғалтпаған. Бұл кітапта Ұлттық кітапхана қорында сақталып тұр. 
Келесі кітап – 1663-1665 жылдар аралығында жазылған қазақ тарихындағы темірқазық кітап Әбілғазының «Шежіре-и-түрік» кітабы. «Түрік шежіресі» кітабы 1726 жылы француз, 1770 жылы орыс, 1825 жылы шығыс тілдерінде жазылып, Қазан қаласында шыққан. ҰК қорында тұрған «Түрік шежіресі» кітабы 1871 жылы Санкт-Петербург қаласында, шығыс тілдерінде басылған басылымда бар. Сондай-ақ алғашқы жарияланған «Ер Тарғын» эпостық жыры, 1917 жылға дейін жалпы саны 33 800 данамен, 9 рет басылып шығыпты. «Ер Тарғын» эпостық жырын алғаш рет орыс, неміс тілдеріне тәржімалаған В.В. Радлов болатын. Халықтың мекендеген қоныстары, тұрмыс-тіршілігімен қоса салт-санасы туралы мәліметтер жазылған, 1526-1530 жылдары жазылып, 1856 жылы Қазан университетінің баспаханасында басылған «Бабырнама» тарихи, эпостық кітабы бүгінгі күнде ҰК қорында сақтаулы. Ал қазақ елі тарапынан алғаш басылған кітаптардың тобына мыналар енеді: «Софы Аллаяр» (1806), «Сейфүлмәлік» (1807), «Қожанасыр», «Бахрамгүр», «Жами ат-тауарих, «Рабғұзи», «Қыз Жібек» сынды лиро-эпостық жырлар. 
Келесі құнды кітап – қазақтың біртуар азаматы, ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың еңбегі. Ш.Уәлихановтың 1904 жылы Санкт-Петербург шаһарында басылып шыққан «Алтыншаһардың жай-күйі немесе Қытай провинциясы Нанлудың шығыстағы алты қаласы туралы» сияқты еңбектері енген шығармалар жинағы. Бұл шығармалар жинағын бас­падан  шығарған бас редакторы Н.И. Веселовский болатын. 
Қазақтың атақты ағартушыларының бірі Ыбырай (Ибраһим) Алтынсаринның 1879 жылы жарық көрген «Қырғыз хрес­томатиясы» мен «Қырғыздарды орыс тіліне оқытудың хрестоматиясы» атты кітаптары қазіргі таңда аталмыш ордамызда сақтаулы. Ы. Алтынсаринның Кеңестік кезеңде оқуға рұқсат етілмеген, 1883 жылы Санкт-Петербург қаласынан арнайы рұқсатпен және 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген «Шариғат ұссалам» («Мұсылманшылық тұтқасы») атты кітабы егемендік алған жылдардан кейін ғана елге таныстырыла бастады, оған дейін арнайы қорда сақталып келіпті. ҰК алтын қорын тағы да байытып тұрған бір дүние – жазба әдебиеттің негізін салушы, ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан «Абай. Өлеңдер» кітабы. Бұл кітап туралы Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы былай жазба қалдырыпты: «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Әлиханның ыждаһатымен Абайдың кітабы Санкт-Петербургте Бораганский баспасында басылып шықты». Яғни, кітаптың жарыққа шығуына ең алдымен інісі Ысқақтың баласы Кәкітай мен Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Әлихан Бөкейханның еңбегі орасан зор болды. 
Кеңестік идеология кезінде шығыстық, ислами тақырыптарда шыққан еңбектерді оқуға тыйым салынғаны белгілі. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысын қамтитын, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ғұмар Қараш, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Шәді төре бин  Жиһангер, Кашаф-ад-Дин Шаһмардан сияқты қайраткерлердің еңбектері де қорда сақтаулы. Осындай еңбектердің қатарына «Қисса шаһ Махмұд», «Қисса хикматнама» енеді. Келесі еңбектер – нағыз қазақ тілді оқырмандар үшін жазылып, баспадан жарық көрген кітаптар. Ол кітаптардың тұңғыш шыққан басылым даналары сақтаулы. Олар: Сәкен Сейфуллиннің «Домбыра» (1924), «Қызыл сұңқарлар» (1926), «Экспресс» (1926), «Тар жол, тайғақ кешу» (1927), Бейімбет Майлиннің «Ел көркі» (1927, Қызылорда), «Ел мектебі» (1926, Қызылорда), «Ел сыры» (1926, Семей), «Жол үстінде» (1927, Қызылорда), «Күлпаш» (1926, Қызылорда-Ташкент), «Отбасында» (1926, Қызылорда), Ілияс Жансүгіровтың «Беташар» (1927, Қызылорда), «Жаңа жолда» (1929, Қызылорда), Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше тоқал» (1923, Ташкент), «Еңлік-Кебек» (1922, Орынбор), «Қилы замандар» (1928, Қызылорда), сонымен бірге Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев және тағы да басқа ақын-жазушылардың еңбектері басылып шықты.  Сондай-ақ, «Абай жолының» 30-дан астам тілге аударылған нұсқаларынан бастап, ең алғашқы һәм соңғы шыққан басылымдарына дейін Ұлттық кітапхананың алтын қорында сақтаулы. Және де кейбір игерілмеген, яғни аударылмаған төте жазу, араб жазуларымен жазылған кітаптар енді аударылып жатыр деуге болады. 1900 жылдардан еңбектері мәлім бола бастаған Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхаммедов, Темірбек Жүргенов, Мұхаммеджан Тынышбаев, Сейітқали Меңдешов, Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды бірқатар зиялылардың кітаптары мен мақалалары баспасөз беттерінде шыға бастады. 
Зиялылар жан-жақты білім алып, өзгелерден кем түспеу үшін өз салаларынан тыс ғылым салаларын меңгеріп, түрлі оқулықтар шығарды. Мысалы, Халел Досмұхамедұлы 303 беттен тұратын «Адамның тән тірлігі» атты кітабын 1927 жылы Қызылорда қаласында шығарса, Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы Таш­кент қаласынан «Психология» атты кітабы шықты. Мағжан Жұмабаевтың «Педа­гогика» кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құрал» еңбегі бел­гілі меценаттардың көмегімен жарық көрді. Мысалы, А.Байтұрсынұлының «Тіл құралы» бірнеше рет басылып шықты, алғаш 1914 жылы Орынборда, 1918 жылы Қазанда, 1927 жылы Мәскеуде, 1926-1927 жылдары Қызылордада, 1927 жылы Семейде жарық көрді. Ал қазақтың белді қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың қаламынан туған, қазақ тарихы жайлы жазылған, 1927 жылы Ташкенттен шыққан «Ақтабан шұбырынды», 1926 жылы Қызылордадан шыққан «Ташкент уезінің жергілікті рулық құрамы және тарихи анықтама», дәл осы жылы Қызылордадан шыққан «XVII – XVIII ғғ. қырғыз-қазақтар», «Қайлақ (Қойлық) қаласы және Көксу құламалары», 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Қырғыз-қазақ халқының тарихынан материалдар» сынды құнды еңбектері кітапхана қазынасында сақтаулы. 
Сондай-ақ қазақтың тұңғыш баспасөзі де осы Ұлттық кітапханада сақтаулы. Олардың бірі 1911-1915 жылдары Троицк қаласында, алғашқыда айына бір рет, кейіннен айына 2 рет қазақ тілінде басылып шықты. Сонда санамалап қарасақ, жалпы 88 шығарылымнан бастап, 1 000-2000 данаға дейін жарық көріпті. Ал редакторы Мұхамеджан Сералиннің өзі болды. Б. Майлин мен Ж.Тілепбергеновтың жетекшілігімен жарық көрген, Уфа қаласында оқитын медресе шәкірттерінің «Садақ» атты қолжазба журналы 1916 жылы бірнеше ай бойы шығып тұрды. Ең құнды ақпарат ретінде айта кетерлігі, Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты еңбегі ең алғаш осы журналда басылды. Тұңғыш қазақ мерзімді басылымдары қатарында ХХ ғасырдың басында шыққан «Қазақ», «Еңбекшіқазақ» газеттері де қорда сақтаулы. Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары аралығында шыққан «Қазақ» газеті сол кездегі ең ауқымды газет еді. Ең көп таралымы 8 000 мың данаға дейін жетіпті. Бұл газетті Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М. Жұмабаев сынды дарынды қазақ зиялылары шығарып тұрды. «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының ең өзекті баспасөз құралы болды. Ал газеттің шет елдерде сақталған сандары 1990-1993 жылдары кітапхана қорына енді. 
Ұлттық кітапхананың «Сирек кез­десетін кітаптар мен қолжазбалар қорында» бүгінгі таңда ұзын-ырғасы 40 мыңға жуық құнды дүние сақтаулы.  Сол алтын қордың қатарында түркі және Шығыс тілдерінде жазылған мұрағаттар да кездеседі. Ол еңбектер XVIII–XIX ғасырларда басылған араб, парсы, шағатай, түрік, татар, әзербайжан, қырым татарлары, өзбек, үрді, қытай, корей және басқа да Шығыс халықтарының тілдерінде басылған құнды деректер. Кітапхана қорына Шығыс кітаптары әлемнің түкпір-түкпірінен келіп түскен. Мысалы, Ташкент, Бұхара, Қазан, Санкт-Петербург, Орынбор, Бақшасарай, Симферополь, Баку, Уфа, Ыстанбұл, Дерсағадат, Каир, Бағдат, Теһран, Дели, Лакнау, Лахор, Бомбей, Кашмир, Канпур, Неулакур сынды елдер мен шаһарлардан араб тілінде жазылған еңбектер келген. 
Шығыстық кітаптар қатарындағы «Тотынаме», «Қисса Таһир ила Зуһра» еңбектері тіпті 9 басылымға дейін басылыпты. Зиялы оқырмандардың бір парасы Рамзи Мухаммад Мурадтың қазақ тарихына қатысты, оның ішінде Алтынорда, Қазан, Орта Азия және қазақ тарихына қатысты еңбектерімен қоса, Софы Аллаяр, Физули, Сайхали, Жами, Маржани, Ғабдулла Тоқай сынды шығыстық шоқжұлдыздарды оқиды. Қазақ халқының ең әуелгі тарихы аңыздар мен түрлі шым-шытырық оқиғалардан бастау алатыны тарихтан белгілі. Ал енді осынау тарихты құрастырып жинақтаушылардың арасында орыс саяхатшы-зерттеушілерінің алар орны алабөтен. 
Этнографиялық, географиялық экспе­дицияның  офицерлері Н. Рычков, П. Паллас, В. Андреев, П. Спасский сынды бірқатар зерттеушілер халық ауыз әдебиетін жинақтауда ыждаһаттылық көрсете білді. Қазақ халқының ауыз әдебиетімен қоса діни, эпостық жырларын жинақтаған Ш.Уәлиханов, В.Радлов, И.Березин, А.Васильев, Е.Алекторов, Ә.Диваев, Н.Ильминский, П.Мелиоранский, Н.Пантусов, Н.Остроумов, И.Кастанье сынды зерттеуші, этнографтар бар еді. Олар «Оренбургский листок», «Живая старина», «Вестник Европы», «Отечественные записки», «Современник» сияқты мерзімді басылым беттерінде өз еңбектерін жариялап тұрды. Осы еңбектер түгел дерлік ҰК қорында сақталуда. 1773 жылы үш бөлімді еңбек жарық көрді. Бұл еңбек «Ресей провинцияларынан саяхаттама» деп аталды. Кітаптың авторы 1769 жылы тұңғыш рет ғылыми экспедициялардың бірін басқарған ғалым П.С. Паллас (1874-1811) еді. П.С.Паллас экспедициясын Симбирскіден бастап, Орынбор, Іле, Жайық, Атырау, Уфа арқылы шолып өтті. П.С. Палластан өзге Н. Рычков (1746-1784) Қара Торғай, Торғай, Есіл жерлеріндегі бекіністерден мәліметтер жинақтай бастады. Оның «1771 ж. қырғыз-қайсақ даласына жасаған саяхаты туралы капитан Н. Рычковтың күнделік жазбалары» атты еңбегі 1774 жылы жарыққа шықты. 1776 жылы Ригада неміс тілінде шықты. 
А.И. Левшин (1799-1879) 1832 жылы ІІІ томнан тұратын «Қырғыз-Қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даласы туралы сипаттамасы» атты зерттеу еңбегін жазып шықты. Руна жазуын өте шеберлікпен қоса аса ықтияттылықпен зерттеген тілтанушы В.В. Радловтың: 
– «Түріктік тайпалардың халықтық әдебиетінің үлгілері» (1866-1907), 
– «Оңтүстік Сібір және Жоңғарлық түрік тайпаларына этнографиялық шолу» (1887, Томск), 
– «Сібірлік көне мұралар» (1888-1894), 
– «Түріктік нақылдар сөздігінің тәжірибесі» (1893-1911), сонымен қатар 1860 жылы Берлинде басылып шыққан «Алтайдан хаттар» кітабы неміс тілінде жарық көрді. 
Тарихшы, шығыстанушы В.В. Бартольдтың (1869-1930) 1922 жылғы «Түркістан тарихы», 1927 жылғы «Қырғыздар» атты кітабымен қоса 1927 жылы жарық көрген «В.В. Бартольдқа түркістандық достар, шәкірттер және құрмет тұтушылардан» атты еңбектері ҰК қорында сақтаулы. Ал осы Түркістан өлкесінде өмір сүрген зерттеуші Н.Н. Пантусов (1849-1909) түркі тілдерін аса ыждаһаттылықпен зерттеді. 1897 жылы Қазан қаласынан «Қазақ-қырғыз сөз тіркестерін зерттеуге арналған материалдар» кітабы, 1909 жылы  «Қырғыз халық әдебиетінің үлгілері» еңбектері басылып шықты. Бүгінгі таңда Н.Н. Пантусовтың еңбектері түркология саласында аса құнды мәлімет ретінде пайдаланылады. Кітапханашы, жиһанкез-саяхатшы Адам Олеарийдің (1603-1671) 1659 жылы Париж қаласында француз тілінде «Мос­ковия, Татария және Парсыға саяхат туралы есептің жалғасы» деп аталатын кітабы шықты. Шведтік теолог-протес­тант Иоанн Генрих Готтигероның (1620-1667) 1662 жылы «Шығыс халықтары-арабтардың, парсылардың, түріктердің, татарлардың, үндістердің, маврлардың, басқа магометандардың тарихы, олардың заңдары және қалыптасуы» атты кітабы шықты. Бұл кітап қазіргі таңда ҰК қорында бар. 
С.Г.Гмелин, П.С.Паллас, И.Г.Георги, Фалька сынды зерттеушілердің 1799 жылы «Жаңа ашылымдардың жалпы тарихы» атты қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрыптар туралы құнды еңбегі шықты. Сыртқы мұқабасы мыспенен қапталған екен. Герман Вамберидің (1832-1913) «Бұқара тарихы немесе ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейін Аму-Дария территориясы» (1872), ағылшын тарихшысы Краусе Алексистің «Азиядағы Ресей», Д.Маккензидің «Ресей» (1877), швейцарлық саяхатшы Анри Мозе (1844-1923) Қиыр, Таяу Шығыс елдері мен Орталық Азияға саяхаты кезінде шығыс елдерін қамтып өткен жинағы 1941 жылы Берн тарихи мұражайына сыйға тартылды. Және де оның 1885 жылы шыққан, 16 гелиотипті және 170 гравюралы картасы көрсетілген «Орталық Азия арқылы» атты кітабында қазақ даласындағы салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршілігі тұтас қамтылған. 
1913 жылы Кембриджде басылып шыққан «Түркістан Дуабы» кітабын   Р.Рикмерс жазып шықты. Кітапта 207 карта, диаграммалар мен иллюстрациялар бейнеленген. Ресей ағартушыларының кітаптары да ҰК қорында сақталған. Олардың қатарында Л.Ф. Магницкийдің «Арифметика» кітабы, математика туралы І Петрдің бұйрығымен шыққан «Арифметика» кітабы бар. ҰК қорында орыстың «Геометрия, практика. Фигуралар», «Жаңа өсиет» сынды кітаптары да сақталған. Орыстың тұңғыш жаратылыстанушы ғалымы М.В. Ломоносовтың (1711-1765) 1748 жылы шыққан тұңғыш стилистік оқулығы «Көркемсөзге қысқаша нұсқама» атты лексикалық бай кітап та бар. Тарихшы В.Н. Татищевтің (1686-1759) «Ежелгі заманнан бергі Ресей тарихы» кітабымен қоса жазушы Л.Н. Толстойдың 1912 жылы болған Бородино түбіндегі шайқаста Россияның жеңісінің 100 жылдығына орай шыққан 3 томдық «Соғыс және бейбітшілік» («Война и мир») кітабы, ұлы ақын А.С. Пушкиннің (1799-1837) 1824 жылы Мәскеудегі Август баспаханасынан шыққан «Бақшасарай фонтаны» шығармасы, 1825 жылы Санкт-Петербургтен шыққан «Евгений Онегин» кітабы, 1829 жылы шыққан «Өлеңдері», 1831 жылы шыққан «Борис Годунов» кітабы, 1828 жылғы шыққан «Руслан және Людмила» поэмасы, 1835 жылы шыққан «Поэмалар және әңгімелер» атты кітаптары ҰК сирек қорында сақтаулы. Н.В.Гогольдің 1832 жылы Санкт-Петербургта А.Плюшардың баспаханасынан шыққан «Диканька хуторына таяу өткен кештер» кітабы да бар. Жазушы М.Е.Салтыков-Шедриннің (1826-1889) «Өмірдің ұсақ-түйектері» шығармасы Санкт-Петербургтегі М.М.Стасюлевичтің баспаханасынан 1887 жылы шығыпты. Орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің (1766-1826) 1844 жылы жарық көрген «Ресей мемлекетінің тарихы» көп томды кітабы аяқталмаған екен. 
Сондай-ақ Ұлттық кітапхана қорында батыс елдеріндегі қайраткерлердің де еңбектері сақталған. Олардың қатарында Эразм Роттердамдықтың (1467-1536) «Ақымақтықты марапаттау» туындысы 1509 жылы Парижде жарық көрген екен. Бұл кітапты оқитын оқырманның көптігі соншалықты, 27 жылдың ішінде 40 рет қайта басылып шығарылыпты. Томас Мормен (1478-1535) бірлесіп Эразм Роттердамдықтың 1535 жылы «Лукиан Самосаттықтың диалогтары туралы» еңбегі де бар. Италья ақыны Торквато Тассоның (1544-1595) 1580 жылы жарық көрген «Иерусалимды босату» атты құнды кітабы да осында. Ал итальян физик-астрономы Галилео Галилейдің (1564-1642) 1632 жылы Флоренцияда жарық көрген «Птоломей мен Коперниктің әлемінің ең басты екі жүйесі туралы диалог» атты шығармасының Лейденде Эльзевирлер баспасынан жарық көрген 1635 жылғы бір данасы ҰК қорында сақтаулы тұр. Француз қайраткерлерінің қатарындағы Вольтердің, Дидроның, Руссоның, Монтескьенің бірнеше кітабы кітапхана қорында сақтаулы. Олардың қатарында «Философиялық хаттар», «Философиялық әңгіме», «Кандид», «Философиялық сөздік» сынды кітаптар бар. 
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында болған қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріне көптеген ұлт өкілдері қоныс аударды. Солардың ішінде корей ұлты да бар. Қазақ топырағына көшкен кәрістер өздерімен бірге кітаптарын да қоса әкелген екен. Ұлттық кітапханада өте сирек кездесетін, XV ғасырға жататын, көне «ваньянь» тілінде жазылған 50 томдық «Мунхон биго» кітабы да сақталуда. Бұл кітап әлемдік деңгейде өте құнды жәдігер болып табылады. «Мунхон бигоның» 8 томы «Корея тарихы», 5 бөлімі «Әдебиет тарихы» және де «Корейлік корольдер тарихы» және «Корея әскербасылары туралы повесі» 4 бөлімді құрайды. Қызметкерлердің айтуынша, бұл 50 томдық кітап күріштен жасалған парақтарға жазылған. Сондықтан да ол осы күнге аман жеткен болса керек. Жоғарыда келтірілген кітаптардың барлығы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінде күні бүгінге дейін сақтаулы.
Бірінші иірім мен екінші иірімді байланыстырып тұрған алып өркениет тасымалдаушысы Ұлы Жібек жолы екені анық. Ендеше сол туралы сөз етелік. Қазіргі күннің желаяқ тасымалдағыштары темір тұлпар көліктер болса, бағзы кезеңдерде жылқы, түйе жануарлары, көлік рөлін сомдады. Әсіресе керуендер жүріп өткен құмды шөл даланың қожасы іспетті түйе малы ерекше қолданыста болды. Ауырын жеңіл, алысын жақын етер Ойсылқара мен Қамбар ата тұқымдары саналған бұл төрт түліктің  қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне біте қайнасып кеткенін жақсы білеміз. Көне түріктер кең тыныспен дем жұтып жүрген қазіргі Азия өңірінде ілгері ғасырларда көптеген өркениеттер ғұмыр кешкен. Соларды жалғастырған алтын көпір – «Ұлы Жібек жолы» екені даусыз.  
Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші иірім мен екінші иірімнің арасын байланыстырып жатқан бұл жолдың тарихи маңызы ерекше екені даусыз. Күннің шығыстан шығып, батыста бататыны іспетті, бұл өркениет тасымалдаушы ұлы жол да қасиетті шығыстан бастау алып, батыс әлеміне барып тоқтайды. Бір сөзбен айтқанда, күллі жер бетін мекен ететін мыңдаған ұлттардың мәдениеттерін бір-бірімен таныстырып, көптеген жаңалықтың жаршысы бола білген Жібек жолы жайлы сөз қозғау орынды. Біз қозғап отырған осынау тақырып сонау орта ғасырлар кезеңіне тікелей байланысты, яғни бұл кезеңде қасиетті Ислам дінінің жер жаһанға бейбітшіліктің байрағы іспетті кең таралып жатқан тұсы еді. Ұлы Жібек жолы тек қана дүние-мүлік, керек-жарақты ғана тасып қойған жоқ, әлемге кеңінен таралған діндерді де таратты. 
Екінші иірім саналған орта ғасырларда жер бетінің басты қалаларын жалғап, өркен­­­иеттер таратқан Ұлы Жібек жолы­ның тарихында Орталық Азияның алар орны ерекше, әсіресе қазақ топырағында алар орны алабөтен. Ерекше дейтін себебіміз, сауда-керуен жолдары қазақ топырағының басты-басты бірнеше қалаларына аялдап, саудамен айналысты. Керуен жолдарында  тасымалданатын бағалы заттар, былғары, жібек маталар да керуен жолының беделін арттырды. Өткен заманның халықтары тек қана сау­дамен айналысты десек, тарих алдында күнәһар болармыз. Алланың кең жаратылысы мол өлке, қос құлаш кең қанат іспетті шығыс пен батысты бек байланыс­тырар Жібек жолы өркениеті дамыған өлкелердің әйгілі білімпаздарының қолжазба, кітаптарын да керуен жолы арқылы кеңінен таратып жатты. Сол арқылы Шығыс Батысты, Батыс Шығысты өз деңгейлерінде ұғынып һәм танысып-табысты. Тарих тақтасында өркениеті өрлеген орта ғасырлар кезеңінің басты кілт сөздерінің бірі де осы «Өркениет» болса керек, сірә. Себебі ең алғашқы дүниетаным мәселелері осы кезеңдерде кең тыныс ала бастап еді. Адамдардың жер беті былай тұрсын, сонау зеңгір көкті зерттеуге кіріскен кезеңдердің алғашқы алтын дәуірі болатын. Ал енді сөзге тиек етіп отырған осы Ұлы Жібек жолының азды-көпті тарихына тоқталсақ. 
Орта ғасырлар дәуірінде қазіргідей Орталық Азия өңірлерінде ұсақ һәм жекелеген ұлттар бола қойған жоқ еді. Тұтас түркілер деп аталды. Қытай жерінен бастау алатын Ұлы Жібек жолының ең өзекті және ауқымды бөліктері аялдап сауда жасайтын мекендері осы кең сахара, Орталық Азия даласынан өтті емес пе?! Саудагер-көпестер тасымалдайтын бағалы бұйымдар әрине, барымташылардың да басты назарында болуы заңдылық. Дегенмен, керуен жолы осы далаға аялдап, сауда жасаған кезде бір ине жоғалтқан емес. Себебі, көк түріктер барша заттан биік қоятын басты құндылық – АР, НАМЫС еді. Қазіргі қазақ жерімен өтетін керуен жолының қауіпсіздігіне кемелдікпен жауап берген де түркілер. Ал енді сөзге дәлел ретінде келтірсек, түркілер дәуірінде ғұмыр кешкен ғұлама Махмұт Қашқари өз халқы жайлы қолжазбаларында былай сипаттайды: «...Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкелеріне орналастырған да, оларды «Өз қонысым» деп санаған. Оның үстіне түріктер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие». 
Қашқаридің түркілер жайлы сипаттаған көркем сөздерінен-ақ байқауға болатындай, түркілердің батырлығы, мәрттігі сауда-керуен жолы үшін өте қолайлы болды. Қытайда өндірілген хош иісті шай, бағалы ыдыстар, сонымен қоса әйгілі жібегі керуен жолының алғашқы бұйымдары болып ұлы сапарға аттанады. Азия даласынан былғары аң терілерін, алмас қылыштарын, тағы да басқа бағалы заттарын тиеп батысқа қарай жолға шығып, дүние жүзі алдында өркениеттер сұхбаттастығын жасай білді. Сөз барысында Жібек жолының аса маңызды бөлігі аялдап өткен Орталық Азия даласын атап айтқанымыз тегін емес. Сол орта ғасырлар кезеңінің өзінде-ақ қаншама мәдениеттердің бастаушысы бола білген Орта Азиялық түркілер қалалық мәдениеттің де жаршысы бола білді. Қазіргі қазақ даласын әлемге әйгілеген тек қана тарихы емес, сонымен қоса тамылжыған тамаша табиғаты еді. Ұлан-ғайыр жерлерінде ауа-райы сан алуан, түрлі климат кездеседі. Шөлейтті де, өзен-сулы жерлер де кездеседі. Сонау ықылым заманаларда болған  «Гондван праматеригінің орталық тұсына жайғасқан аса алып Тетис көне мұхитының қалдығы деп Каспий теңізін есептейді». Орталық Азия даласында теңіз де, көл де өте мол. Каспий теңізі арқылы ерте, орта ғасырларда сауда байланысы да жанданған болатын. 
Махмұт Қашқари бабамыз айтқандай, түріктерге күш-қуатпен қоса байтақ жерді де Тәңірі аямай бергені анық. Қалалық өркениет кеңінен өрлеген орта ғасырлар кезеңінде Ұлы Жібек жолының түркілерге тигізген пайдасы ұшан-теңіз болатын. 
Жылжымалы сауда-керуен жолы атанған Ұлы Жібек жолы жайлы көне тарихи жазбаларда да, халық ауыз әдебиетінде де көптеп баяндалады. Ал осы Жібек жолы атауы қалай қойылды десек, ол аты айтып тұрғандай жібек матасының әсері еді. Біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларда өндірілген жібек Қытай елінен батысқа қарай Ұлы Жібек жолы арқылы тасымалдана бастады. Осылайша бүкіл әлем қытайлықтар өндірген жаңаша жібек маталарымен кеңінен танысып жатты. Маталардың ішінде сапасы жағынан да, әдемілігі жағынан да ең бағалы болып есептелген жібек матасын сол кездің өзінде патшалықтар бір-біріне сыйлық ретінде де пайдаланып жатты. Қарапайым шаруа адамдары жібек матасын қолдана алмады, себебі құны өте жоғары болды. Ұлы Жібек жолының арғы тарихы Хань әулетінен бастау алады. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың ортасында Хань әулетінің мұрагері У Ди императордың кезінде белгілі қайраткер Чжан Цян сауда-керуен жолын ойлап тапқан болатын. Император У Ди б.д.д. 139 жылдары Ұлы Жібек жолын сынап көру мақсатында Чжан Цянды елші ретінде батыс елдеріне сапарға аттандырады. Сол кезеңдерден бастап-ақ сәтті басталған бастама ретінде сауда жолы өмірге келді. Жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік өркениеттер сұхбаттастығы осы кезеңдерде басталып, әлем халықтары бір-бірімен танысып жатты. Қытай елінен батыстықтарға былғары, жібек маталары жөнелтілсе, керісінше, қытай халқына батыс елдерінен түрлі заттар тасымалданды. Патшалықтар арасында бағалы деп саналған жібек матасының қалай өндірілгені ғасырлар бойы құпия ретінде сақталып, жарияланбады. Сол себепті әлемде жалғыз қытайлықтар ғана жібек матасын өндіріп, әлемде дара өндірушілікке ие болып келді. Сондықтан да ғасырлар бойы жібек матасының нарықтық құны төмендемеді. Дегенмен ғасырлар өткен соң, Каспий теңізін XVIII ғасырдың І жартысында зерттеген әйгілі зерттеуші, ғалым Ф.И.Сайманов  өз зерттеулері арқылы жібек матасының қалайша жасалғанын айқындады. Ол өз зерттеуін былайша баяндайды: «...Көлемі мен түсі апиынның дәніне ұқсас болып келетін жібек құрттарының жұмыртқаларын жинап, оларды құрттар пайда болғанша жылы жерге қояды, кейде тіпті өзінің жылуымен жылытады. Құрттарды арнайы жасалған сөрелері бар шалаштарға орналастырады және тұт ағашының жапырақтарын жегізеді. Құрттар адамның кіші саусағындай ұзындық пен ендік көлеміне дейін өскен кезде адамның шашынан жіңішке жібек жіпті шығарып, сонымен өзін айналдыра ораумен кокон тоқи бастайды. Кокондар жиналып, қорғасын қазандардағы ыстық суға шалынып алынады. Бұл әрекетті жасау үшін уақытын білу қажет, себебі көбелекке айналмас бұрын сары сұйықтық бөледі, ол жібек коконды бүлдіреді. Суға шыланғаннан кейін құрттар өледі, ал кокондар тарқатылады және сол арқылы артынша жібек мата тоқылатын жіптер алынады». Осылайша білімпаз Сайманов зерттеулерінің нәтижесінде ғасырлар қойнауында құпия ақпарат болып келген жібек матасын өндіру тәсілі зерттеліп, әлем халықтарына кеңінен жарияланды. Жібек матасы қазіргі таңда әлемнің біраз өңірінде өндіріліп, экспортталып та жатыр. Дегенмен, күні бүгінге дейін жібектен өндірілген жіп те, мата да, киімдер де бағалы болып келетінінің өз сыры бар. 
Біз бұл Ұлы Жібек жолының тарихын жайдан-жай келтірген жоқпыз. Аталмыш үш иірімнің алғашқысы мен ортаңғысын байланыстыратын алтын көпір ретінде тарихы мың жылдықтардан бастау алған сауда-керуен жолын келтіргенді жөн санадық. Ал келесі бөлімде араб, парсы, жалпы ислам иіріміне тоқталамыз. Тиісінше, ол иірім қазаққа не берді, қазақ ол иірімге қандай үлес қосты деген сауалдарға жауап іздейміз. 

 

Қанат АЛТЫНБЕК,  

Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Алтаев Ж., Алтынбек Қ. Түрік философиясындағы әл-Фараби феномені. – Алматы: «Дарын», 2023. 
2.Алтаев Ж., Қасабек А. Қазақ философиясы. – Алматы: «Дарын», 2022. 
3.Есім Ғ. Дүниетаным баяны. 
4.Махмұт Қашқари. Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік): 3 томдық шығармалар жинағы / аударған А. Егеубай. – Алматы: ХАНТ.
5.Назарбаев Н. Сындарлы он жыл. – Алматы: «Атамұра», 2003. – 240 б. 
6.Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. Қазақстан XIII – XVIII ғасырлардың алғашқы ширегінде. 1-кітап // Т.О. Омарбеков, Г.Б. Хабижанова, Н.Д. Нұртазина, Б.Қ Рахымбекова [және т.б]. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 310 б.
7.Шәлекенов У.Х., Шәлекенов М.У. Орталық Азиядағы мемлекеттер. – Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 382 б.

1919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз