• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Таяу Шығыста саяси қақтығыс қайта ушықты

Қазақстанның көпвекторлы саясаты халықаралық байланыстарда өзінің өміршеңдігін көрсетті. Барлық елдермен тең дәрежеде ықпалдасып, мүдделестік, әріптестік жағдайда қалыптасқан байланыстарды әрі қарай дамыта беру күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, әлемдегі геосаяси жағдайлар уақыт өткен сайын шиеленісіп, өзінің турбуленттігін байқатуда. Мұндай кезеңдерде саяси ареналардағы сұхбаттастық, ымыраға келу, көзқарастардың бір нүктеде тоғысуы аса маңызды жайт болып табылады. Сондықтан, халықаралық саяси жағдайларды сараптап, баға беру арқылы біз өзіміздің көпвекторлы саясатымыздың өміршеңдігін терең пайымдауға мүмкіндік аларымыз хақ. Олай болса, Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларға назар аударып, сараптап өтудің қажеттілігі туындап отырғандай. 

Иә, соңғы ширек ғасыр бойында Таяу Шығыс әлемдегі бірден-бір гео­саяси шиеленістер мекеніне айналды. Аймақтағы тұрақсыздықтың негізгі себептерінің бірі – күрделі тарихи шешімдерден бөлек аймақтың геосаяси стратегиялық мүдделер тоғысында орналасуы болып отыр. Соңғы жылдары аймақта Ирак, Ливия, Сирия, Палестина және т.б елдердегі азаматтық соғыстармен қатар, мемлекеттік емес әскери ұйымдармен мен орталық билік арасындағы қақтығыстар орын алып, аймақтағы саяси тұрақтылықты қайта қалыптастыруды тіптен қиындатты. 2024 жылы Йемендегі тұрақсыздық жаңа сипат алып, мемлекеттің батыс бөлігіне бақылау орнатып келген хуситтерге қарата батыстың бірлескен әуе әскери шабуылдары басталды. Онсыз да, Израиль мен Хамас террористік ұйымдары арасындағы қақтығыстың үдеп тұрған шағында, аймақтағы хусит топтарының саяси аренаға шығуы аймақтық тұрақсыздықтан басқа, халықаралық сауда-логистикалық байланысқа қатер төндіруде. Мақаламызда, Йемен жеріндегі біріккен АҚШ және Ұлыбритания әскери күштерінің хуситтерге қарата жасалған әскери әуе шабуылдарының себептері мен салдарына, Орталық Азияға, еліміздің сауда-логистикалық әлеуетіне ықпалы туралы талдау жасайтын боламыз.
АҚШ пен Ұлыбритания, Йемендегі Хуситтер бақылауындағы оннан астам нысанға 11 қаңтар күні әуе шабуылдарын жасады. Сарапшылардың пікірінше, Израильдің Газадағы соғысы басталғаннан кейін, хуситтер Израиль саясатын айыптай отырып, Қызыл теңіз аймағындағы коммерциялық кемелерге зымырандар арқылы әуе шабуылдарын үдеткендігіне жауап ретінде жасалып отыр. 
Суэц каналы арқылы бүгінде әлемдік сауданың кем дегенде 12%-ы, соның ішінде контейнерлік тасымалдаудың 30%-ы, теңіз арқылы мұнай тасымалдаудың 12%-ы (тәулігіне шамамен 1 миллион баррель) тасымалданып, Еуропа және Азия, Солтүстік-Шығыс Африка құрлығын жалғап жатыр. Израильдің Газадағы соғысы басталғалы, Суэц каналы арқылы өтетін сауда кемелері біршама кедергілерге тап болуда. Израильдің Эйлат порты арқылы өтетін теңіз сауда көлемі 85 пайызға төмендеп, хуситтер тарапынан шабуыл артқан. Сәйкесінше 2023 жылдың желтоқсан айында Суэц каналы арқылы тасымалданған контейнерлер саны 500 мыңнан 200 мыңға дейін қысқарып, әлемдік сауданың жалпы көлемі 1,3%-ға қысқарды. Біріккен батыс елдерінің, Йеменнің батыс бөлігінде ықпалға ие хуситтерге шабуылы Таяу Шығыста ауқымды саяси дағдарыс тудырып, әлемдік сауда-логистикалық қызметті тұралатуы ықтимал. Хуситтерге шабуыл жасалғаннан кейін, әлемдік мұнай бағасы 4%-ға қымбаттады. Егерде, Суэц каналы аймағында тұрақсыздық ұзақ мерзімге созылатын болса, Азиядан Еуропаға тасымалданатын логистикалық сауда жолы қиындап, тұтас әлемдік экономикаға кері әсер етпек. 
Хуситтер – ХХ ғасырдың 80-жылдары, қырғи-қабақ соғысы барысында, негізін салған Хусейн Бадреддин әл-Хуситтің атымен аталатын әскери саяси ұйым. Деректер бойынша Хусейн Бадреддин әл-Хуситтің аймақтағы ықпалды әскери компания қалыптастыруда Иранның тікелей ықпалы мен көмегіне ие болды. Себебі геосаяси тұрғыда Йемендегі билікке ықпалды топты қою, Иран үшін Қызыл теңіздегі сауда жолдарын бақылауда ұстау да өте маңызды еді. Йемен Қызыл теңіздің оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан ел. Қызыл теңіз – Суэц каналы арқылы солтүстік бөлігінде Жерорта теңізімен, Баб-әл-Мандеб бұғазынан Аден шығанағына, әрмен қарай Араб теңізіне ұласатын халықаралық сауда логистикалық бағытындағы тоғыз жолдың торабы іспетті аймақ. 
Хуситтер 2023 жылы 7 қарашадан кейінгі Израиль мен Хамас арасындағы әскери қақтығыстан соң ашық саяси мәлімдемелер жасап, Қызыл теңіз тарапынан өтетін сауда кемелеріне шабуылдарды үдетіп, бірнеше рет халықаралық институттар деңгейінде тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Соңғы айлардағы Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы келіссөздер жүріп, аймақтағы Иран- Cауд Арабиясы арасындағы байланыс реттелгенімен, қазіргі таңда біріккен батыс тарапынан хуситтердің ықпалындағы Йеменнің батыс аймағына әуе шабуылдары үдеуде. Йемендегі азаматтық соғыс 2014 жылы Ислам дінінің Шиіттік бағытын ұстанушы хуситтер мен Сунниттік бағытындағы үкімет арасында бастау алып, қазіргі күнге дейін жалғасуда. Он жылға созылған азаматтық соғыс нәтижесінде, БҰҰ дерегінше 377 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тауып, 4 млн. астам жергілікті тұрғын басқа елдерге бас сауғалады. Негізгі қақтығыс Сауд Арабия­сымен мүдделес ресми үкімет пен Иран Ислам Республикасының қолдауына ие хуситтер арасында. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы 2023 жылдың сәуірінде Қытайдың араласуымен өткен келіссөздер нәтижесінде Йемендегі қақтығысты реттеу үшін маңызды қадамдар жасалды. Тіпті, Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми өкілдігінің пікірінше, аталмыш шешім, Йемендегі тұрақтылықты қалыптастыруда негіз болуы керек еді. Алайда жағдаят басқа бағытта дамыды.
АҚШ және Англия Таяу Шығыста қару-жарақ тасымалдау, экспорттау бойынша алдыңғы орында. Америка Құрама Штаттарының аймақтағы мүддесі – Йемендегі саяси тұрақтылық аймақта Иранның үстемдік құруының алдын алу және Азия мен Африка теңіз жолдары арқылы Еуропамен жалғап тұрған Қызыл теңіз аймағында өз мүддесін қалыптастыру. «Ақ үйдің» мәліметінше, хуситтерға бағытталған шабуыл да АҚШ президенті Д.Байденнің тікелей бұйрығы негізінде орындалған және Австралия, Бахрейн, Ұлыбритания, Канада және Нидерланды елдерінің қолдауы болғандығын ашық мәлімдейді. 2018 жылы қол қойылған, АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясы арасындағы «Абрам келісімшарты» аясындағы Йеменде АҚШ, Сауд Арабия­сы коалициясы құрамында Хуситтерге қарсы соғыс жүргізуде. Соңғы жылдары аймақтығы АҚШ позициясы өзгеріп, президент Джо Байден 2021 жылдың ақпанында Сауд Арабиясы басқаратын Йемендегі шабуыл операцияларына АҚШ-тың қолдауын тоқтататынын жариялап, хуситтерді террористік ұйым ретінде белгілеуден бас тартқан болатын. Алайда, Израиль мен Хамас арасындағы соғыс нәтижесінде аймақтағы статус-кво өзгеріске ұшырады.  Йеменде болып жатқан жағдай Қазақстанға тікелей геосаяси тұрғыда ықпал етпегенімен, жанама түрде экономикалық сипатта ерекше ықпал етеді. 
Қазірдің өзінде, әлемдік нарықта мұнай бағасы 8% өсті. Егерде, мәселе ушығып, Суэц каналы арқылы өтетін сауда жолы бәсеңдесе, мұнайға сұраныс артып жаһандық экономикадағы мұнай бағасы өсе бермек. Екінші бір маңызды сала – логистика мәселесі. Қытай тауарлары Еуропаға жетуі үшін негізгі сауда жолы ретінде Суэц каналы теңіз жолы арқылы жеткізіліп отырды. Қызыл теңіздегі тұрақсыздық артатын болса, Қытай мен Еуропа арасын құрлық жолы арқылы байланыстыратын еліміз, баламалы логистикалық бағытқа айналады. Себебі, Африка құрлығы арқылы Еуропаға тауар жеткізу экономикалық негізде тым қымбатқа түседі. Алайда, Йемен жеріндегі 20 мыңға жуық әскери күшке ие, Иранға арқа сүйейтін хуситтердің әлеуеті бірлескен батыстың шабуылына қаншалықты мерзімде жауап бере алуына уақыт төреші.  
Израильдің Газадағы соғысы басталғалы, АҚШ бастаған коалиция өкілдері Ирак, Сириядағы әскери саяси топтарға қарсы соққылар бергенімен, Йемендегі ұжымдасқан әскери әуе шабуылы алғаш рет орын алып отыр. Хуситтердің мәлімдеуінше, Қызыл теңіз арқылы өтетін сауда кемелеріне шабуыл, Израильдің Газа секторын изоляциялық қоршаудан босатқанға дейін жалғаса бермек. 2010 жылы Тунистен бастау алған үкіметке қарсы наразылық, бір жыл көлемінде тұтас араб әлемін қамтып, тарихқа «Араб көктемі» атауымен енген болатын. Себебі, қандай да бір мәселе белгілі халықаралық институттар назарын алып, шешімін таппаса аймақтық деңгейде қамту аймағы артып, шешуі күрделене түсетіні анық. Бұл тұрғыда Йемендегі азаматтық соғыс сипатындағы қақтығысқа ұжымдасқан батыстың араласуы, Таяу Шығыста күрмеуі күрделі шиеленістердің келесі бір даму деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ

1874 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз