• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Уақыт сөзі – заман айнасы

Күнтізбелік жаңа жылымыз басталды. Жұмыр басты әр пенде жаңа жылдан жақсылыққа толы жаңалықтарды, игі өзгерістерді, мерейлі оқиғаларды күтері анық. «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деп Абай атамыз айтпақшы, алдағы күндерді болжай алмасымыз анық. Дегенмен, ел болып үмітімізді үкілеп, биылға арналған жоба-жоспарларымызды пысықтап, мақсат-міндеттерімізді айқындап, жаңа бел-белестерді еңсеруге кірісіп кеттік. 
«Ақиқат» журналының ұжымы да төл дәстүрінен жаңылмай, биыл да ұлттық қоғамдық-саяси бағыттағы тақырыптарды арқау ете отырып, мазмұнды, ғылыми-танымдық, ғылыми-сараптамалық мақалаларды, қоғам қайраткерлерінің жазбаларын, көзқарастарын, өрелі пікірлері мен ордалы ойларын ұсынуды жалғастырады.
Қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан өзгерістер, саяси үдерістердің мән-маңызы, ұлтымыздың жаңаруға бет алған болмысы, ұрпақтар сабақтастығы, мемлекетшілдік идеялар мен ұлттық сана-сезім, тарих, тіл мән дәстүр, өркениет қадамдары, елдігімізді нығайту жолындағы ілкімді ізденістер, беріктігі мызғымас қағидалар, т.б.мазмұндарды негізге алған тұжырымдамалық жазбаларымызды жариялап отырамыз. 
Осы ретте әлеуметтік желілердің, интернет ықпалы мен рөлінің күшейгенін біз де жақсы түсінеміз. Алайда дәстүрлі баспасөздің өкілдері ретінде таспаға басылған сөздің орны қашан да бөлек екенін пайымдаймыз. Бүгінгі ұшқыр уақыт, зымыран заман адамзатты өз ығына қаратпастан дөңгелентіп әкетіп барады. Біз дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретіндегі тарихи рөлімізді жақсы сезіне отырып, Президентіміз жариялаған «Әділетті Қазақстан» идеясын орнықтыруға күш салуға тиіспіз. 
Әділетті Қазақстан идеясы өткен отыз жылдықта жіберілген кемшіліктерді жоюға, заңдарды белден басқан заңсыздықтарды әшкерелеуге, оларды жеке пайдасы мен мүддесіне қолданған адамдарды саясат сахнасынан аластатуға, барлық салада әділеттілік, тазалық, ашықтық қағидаларын орнықтыруға, жемқорлықтың тамырына балта шабуға күш беретін идея екендігі сөзсіз. Бұған мемлекетіміздің шын мәнінде гүлденгенін, өсіп-өркендегенін қалайтын барлық жанашыр азаматтар білек сыбанып кіріспесе тағы болмайды. Бұл – ортақ жұмыс. Алдымызда тұрған өрелі міндет.
Отанымыздың, еліміздің қадірін жете түсінетін азаматтар қатары жылдан жылға көбейе түсуі қажет. Әрбір отбасынан бастап, мемлекеттік деңгейге дейінгі сатыларды қамтитын ортақ идеологиялық жұмыстар ауадай қажет. Осы жағынан бірқатар кемшіліктер де жоқ емес. Оларды түзету, азаматтарды теріс жолға бастайтын пиғылдарға тосқауыл қою, ұлттық сана-сезімді тәрбиелеу, осылайша мемлекетімізді рухани тұрғыдан кемелдендіру, экономикалық тұрғыдан өсіріп, бәсекелестік қуатын арттыру сынды мәселелер күн тәртібінде тұрғаны анық. 
«Ақиқат» журналы жаңа жылда бұл идеологиялық жұмыстардан қалыс қалмай, сөзінің жеткен жеріне дейін үлес қосып, нақты әрі іргелі қадамдар жасаудан аянып қалмасы анық. Мәселенің ақиқатын айту – парыз. Уақыт сөзі – заманның айнасы. Айнаның таза, мөлдір болмағы айтылар, жазылар ойлардың тұнықтығына, өзгеше парасатына, кең құлашты толғамына байланысты. 
2024 жыл қайырлы, құтты жыл болып, баянды істерімізбен мемлекетіміздің тұғырын биіктете берейік! 
Әрі қарай тақырыбымызды еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік өмірінде болып жатқан өзгерістерімен жалғайық. 
Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде ел Президентінің көлемді сұхбаты жарық көрді. Осы сұхбатта айтылған әрбір мәселенің түпкі негізінде мемлекетімізді оң өзгерістерге бастайтын нақты қадамдар жатыр. Сондықтан, болып жатқан өзгерістердің философиялық мәніне тоқталуды жөн көріп, айтар ойымызды «Өзгеріс философиясы» деген тақырыппен өрбітелік. 
 

1852 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз