• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

«Саясатнама»

 

Үшінші бөлім
Қағанның зұлымдыққа ұшырағандармен бірге болуы және әділетті орнатып, оларға жақсылық жасауы туралы 

 

Қағанның басқа амалы жоқ, аптасына екі рет зұлымдыққа ұшырағандармен бірге болып, ақысын алып беріп, қылмыскерді жазалауы керек, өзінің қарамағындағыларды араға ешкімді салмай өз құлағымен тыңдауы керек. Сосын ең маңызды деген бірнеше оқиғаны көпшілікке ұсынып, ол хабарды елге тұтас тарату керек, яғни ұлы қаған зұлымдыққа ұшырағандарды аптасына екі күн шақырып алады да өз құлағымен датын тыңдайды дегенді, оны залымдар естиді әрі зұлымдықтан қолдарын қысқартады және ешкім кісі ақысына қол сұғуға бармайтын болады, жазаланудан қорқып. 
Хикаят. Мынаны бұрынғылардың кітап­тарынан оқып едім. Бұрында Ғажам патшалары үлкен ғимарат салдыртып, атына мініп, соның үстіне шығып тұрады екен, сол алаңға жиналған зұлымдыққа ұшырағандарды көріп тұрады екен, әр қайсысына уақыт бөліп тыңдап, ақысын алып береді екен. Бұлай жасауға себеп, егер патша өз сарайындағы орнына отырса, дәлізі бар, қақпасы бар басқа да перделер болады және залым, мүдделі топтар болады да оны қағанға жолатпай, кездестірмей қояды. 
Хикаят. Естіп едім, патшалардың бірінің құлағы ауырлап қалғанда, былай ойлаған екен, егер аудармашы арқылы зұлымдыққа ұшырағандарды тыңдасам маған дұрыс жеткізбей қалуы мүмкін, зұлымдыққа ұшыраған кісіге қатысты бір шешімді теріс қабылдап қоюым мүмкін ғой деп қауіптеніп, дат айтып келушілер қызыл киіммен қабылдауыма келсін, ол жерде басқалар қызыл киінбейтін болсын, мен оларды ажырату үшін деп бұйырыпты. Ол патша бір пілге отырып, алаңға барып тұрып, қызыл киініп келгеннің бәрін бір жерге жинап алатын болған және оңаша бөлмеде бір-бірлеп қабылдап, арыздарын айқайлап айттырып, тыңдайтын болған және мәселесін шешіп беретін болған. Осындай сақтық шаралардың барлығы ол дүниеге абыройлы-ақжүзді болып бару үшін жасалған.
Хикаят. Әділ Әмірден Саманилердің арасында біреу болды, Исмаил ибн Ахмет деп аталатын, өте әділ еді. Ол кісі жайлы жақсы естеліктер көп сақталған. Ол кісінің Аллаға деген сенімі мықты болған, дәруіштерге жақсы қараған. Бұл Әмір Бұхарада отыратын, Хорасан, Ирак және Мәуереннахр оның аталарына тиесілі жерлер еді. Иақуб Лайс деген кісі Систаннан оған қарсы бас көтерді, Сис­танды тұтас басып алды, Дағилар оны алдатты, Исмаилилердің жамағатына кірді, Бағдаттағы Халифаға қарсы ойда болды. Сосын Бағдатқа қарай дабыл соқтырды, Халифаны жоймақ болып, Аббасилердің үйін құлатамын деп. Халифа мұны естіді, Бағдатқа қарай дабыл соққанын, сосын елші жіберіп хабарлады, сенің Бағдатта шаруаң жоқ, ең дұрысы Кухестан мен Ирак және Хорасанды ұстасаң сол саған жеткілікті болады, байқап, тексеріп көр, алаңдаулы жүректен еш нәрсе шықпайды, артыңа қайт деді. Ол бұған құлақ аспады да менің қалауым сенің сарайыңа барып, қызметтің шартын орындап, антымды жаңалап қайтпасам, кері кетпеймін деді. Халифа қанша елші жіберсе де оның жау­абы осылай болды. Ол әскер жасақтап Бағдатқа қарай жолға шықты, халифа жаман ойлап қалды да сарайдағы ұлықтарды жинап алды да, менің байқауымша Иақуб Лайс маған бағынбай кеткен сияқты, қиянат жасау үшін осында келеді, біз оны шақырған жоқпыз, мен бұйрық берсем де кері қайтқысы жоқ, жалпы алғанда қиянат жасауды көздеп келеді, менің білуімше ол Батиниттерге қол тапсырған, онысын осы жерге жетпейінше жарияламайды, біз қапыда қалмай сақтануымыз керек, мұндай істің қандай шешімі бар? деді. 
Олар бір ауыздан, халифа қалада болмасын, далаға шығып кетсін де жасақ құрып, сапқа тұрғызсын, сарайдағы арнайы қызметшілер мен Бағдаттың ұлықтарының баршасы онымен бірге болсын, Иақуб жеткен кезде ол Халифаны далада көретін болады, жасағы мен оның арасында пікір қайшылығы туындайды, сол кезде оның Әмір әл-Мумининге қарсы шыққаны белгілі болады, әскери лагердегілер барыс-келіс жасайды, егер ол бас көтерген болса Ирак пен Хорасанның әмірлері тұтастай оны жақтамайды, оған көнбейді, оның ойындағы нәрсеге, ол қарсы бас көтергенін әшкерелесе біз оның әскерінің бетін қайыра аламыз деп кеңес берді, ал егер жоспарымыз іске аспаса да ұтылмаймыз, жан-жағымыз ашық болады, төрт қабырғаға қамалып қалып, тұтқынға түсуден құтыламыз, бас сауғалайтын орын тауып алармыз деді. Әмір әл-Мумининге бұл жоспар ұнады, солай жасады да. Бұл халифа әл-Муғтамид Алаллах Ахмад еді. Иақуб Лайс жетіп келді. Халифаның лагерінің қарсысына түсті. Екі жасақ араласып кетті. Иқуб Лайс өзінің қарсылығын жариялады да халифаға біреуді жіберді, қалаған жағыңа бара бер деді, халифа екі ай уақыт сұрап еді, ол бермеді. Халифа түнделетіп, қолбасшыларға жасырын кісі жіберіп, ол билікке қарсы бас көтергенін және Алланың қарғысына ұшыраған мүлхидтермен біріккенін айттырды, және біздің әулетті құлатып, біздің орнымызға қарсы жақта отырғысы келеді деп айттырды да сендер де онымен бірге боласыңдар ма, жоқ па? деп сұратты. Олардың бір тобы, біз бір үзім нанымызды соның арқасында тауып жүрміз, соған қызмет етіп жүріп осындай лауазымға жеттік, ол не істесе біз соны орындадық деп бұл істен хабарымыз жоқ, біздің ойымызша ол ешқашан әмір әл-Мумининге қарсы шықпайды деп білеміз, ал енді оның қарсы екендігі ортаға шыққасын біз оған келіспейміз, екі жақ кездесетін кезде сізді жақтап, сіздер жаққа өтеміз, сізге көмектесеміз деді, бұлар Хорасан әмірлері еді. Жағдайдың бұлай болғанын көрген халифа қатты қуанды, келесі күні нық сеніммен Иақуб жаққа хабар жолдады, бүгін сен нығметке (сыйлыққа) күпірлік жасадың, енді екеуіміздің арамызда тек қылыш сөйлейді деді. Мен де әскер аз, сенде көп екенін білемін деп әскерлер қаруланып, соғыс даңғырасы қағылып, сырнайы шалынды, далада екі қол қарсы сап түзеді, Иақуб Лайс жағдайды көрген соң мен де мақсатыма жеттім деп ол да бұйрық берді, даңғыра қағылып, сырнай шалынды, соғыс хабарланды, жүріп келді, қарсы тұрды, бір жақтан халифа, саптың қақ алдына келіп тұрды, арғы жақтан Иақуб Лайс келіп тұрды. 
Халифа дауысы қатты шығатын біреуге тапсырма берді, сапқа жақындап барып, уа Мұсылмандар қауымы! Біліп қойыңдар, Иақуб халифаға қарсы бас көтерген, бұл жерге келу себебі Аббасилер әулетін тақтан тайдырып, орнына қарсы жақтан, Батинилерден біреуді алып келіп отырғызу, сүннетті жойып, бидғатты тарату, кім Алла Елшісінің халифасына қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады, мұсылмандық шеңберден шыққан болады, Алла тағала өзінің кітабында айтқан: «Аллаға бағыныңдар және Алланың елшісіне бағыныңдар және өз араларыңдағы бұйрық беруге лайықты басшыларыңа бағыныңдар» деген, енді араларыңда кім бар, жаннаттың орнына тозақты таңдайтын, шындықты жақтаңдар, терістіктен қайтыңдар, бізбен бірге болыңдар, қарсы шықпаңдар деп айтқызды. 
Мұны Иақубтың әскерлері естіген соң Хорасан әмірлері бірден қайтып, халифа жаққа келді де былай деді, біз ойладық, ол сіздің бұйрығыңызбен, сізге қызмет жасауға келе жатқан шығар деп, міне енді оның қарсылығы мен қарсы бас көтергендігі көрінді, енді біз сенімен біргеміз, қасық қанымыз қалғанша сіз үшін қылыш сермейтін боламыз деді. Халифа қуаттанғаннан кейін жасаққа бұйрық берді, баршасы бірігіп шабуыл жасады, және Иақуб Лайс алғашқы шабуылда-ақ сынып қалды, жеңіліп, Хузестанға қарай барды, оның барша қазынасын тонады, әскерлер оның қалауымен байып қалды, ол қызметкерлерді бір-бірлеп шақырды және оларға динар-дирхам әкелулері қажет екенін айтып, Ирақ пен Хорасанның қазыналарына жіберді. Халифа оның Хузестанға жайғасып алғанын білгеннен кейін хат пен хабаршы жіберді де, бізге белгілі болды, сен ақкөңіл адамсың, қарсы жақтың сөзіне алданып қалдың, істің нәтижесін көрдің, 
Алла Тағала өз шеберлігімен саған жасады, сені өзіңнің әскерлеріңмен сындырды, бұл сенен кеткен қателік деп білемін, енді сені оянды деп есептеймін, осы пұшаймандығыңды ескеріп, сені Ирак пен Хорасанға әмір болуға лайықты деп білемін, сенің бізге еңбегің сіңген, сенің осы жіберген қателігіңді сол жақ­сылықтарың үшін кешіреміз, сенің жасағаныңды жасамады деп білеміз, ол бұл әңгімені ұмытсын, біз де осы қор­қынышты жағдайдан өтеміз, тездетіп Ираққа, Хорасанға барсын, уалаятты меңгеруге кіріссін деді. Иақуб хали­фаның хатын оқығаннан кейін, жүрегі жұмсармады, істеген ісіне өкініш білдірмеді, балық пен шөп, пиязын ағаш табаққа салып оның алдына әкелді, ол айтты, халифаның елшісін алып кел деп бұйрық берді, алып келіп, отырғызды. Сонда ол елшіге қарап, былай деді, халифаға айтып бар, мен диқаншының баласымын, әкемнен диқаншылықты үйрендім, менің тамағым арпа нан мен балық, шөп пен пияз, мына патшалықпен құралдар және қазына-байлық және қалаған заттарым бұл менің зеректігім және батырлығымның арқасында тапқан заттарым, әкемнен қалған мұра емес, сенен де алмадым, мен сенің басыңды Батинилерге жібермейінше, сенің әулетіңді жоймайынша қарап жатпаймын, міне айттым ба, оны істеймін мына арпа нан мен балық және шөпті көргенде арқам қозады, қазыналарымның аузын аштым, әскерлерімді қайта жасақтадым, осы хабардан әсерлендім деп халифаның елшісінің басын ауыртты. Халифа қаншама елші-хабаршы жіберсе де ол райынан қайтпады, әскер жинап, Бағдатты алуды мақсат етті. Оның соқырішек дерті болды, сол дерті ұстап қалды, жағдайы қиындап кеткесін ол бұл аурудан құтыла алмайтынын біліп, бауыры Амр ибн Лайсті орынбасар етіп бекітті, қазынаның картасын оған білдірді де қайтыс болып кетті. Амро бин Лайс кері қайтты, Кухестанға келді, біраз уақыт сонда болды, одан кейін Хорасанға барды да патша болды, құлшылығы бар еді, әскерлер мен қол астындағылар оны Иақубқа қарағанда жақсы көретін, бұл Амро қолы ашық, сыйлық таратушы, ояу және сая­сатты кісі еді. Оның жомарттығы мен қайырымдылығының мөлшерін айтқанда оның асханасында төрт жүз түйе соятын, қалған заттарды сонымен өлшей беруге болады. Бірақ халифада мынадай сезім болды, ол бауырының жолына түсіп кетпесе екен деген, Амрода ондай ой болмаса да халифа сол тұрғыдан алаңдаушылық білдіретін, сонымен ол құпия түрде адамын Бұхараға жіберді, Исмаил ибн Ахметке, сен қарсы жорыққа шық Амро ибн Лайске, әскер шығар, одан билікті тартып ал, сен Хорасан мен Иракты билеуге лайықсың, ол жерлер сенің аталарыңнан қалған жұрт, олар басып алған жерлер деді. 
Біріншісі қожайын болуға сенің хақың бар, екіншіден сенің мінез-құлқың ұнайды, одан кейін мен батамды беріп отырмын, осы үш негізбен әрекет жасасаң Алла Тағала оған жәрдем береді деп ойламаймын, және менің әскерімнің саны аз деп қайғырма, Алла тағала былай дейді, қаншама аз топ үстем болды үлкен топтарға, Алланың жәрдемімен, және Алла сабыр етушілермен бірге деген, деді. Сонымен халифаның бұл сөзі оның жүрегіне әсер етті, ниетін дұрыстап алды да, Амро ибн Лайсқа қарсылық білдірмек болды. Өзінің жасағын шақырып, Жайхунның арғы бетіне өтті, әскерін санағанда екі мың атты әскер болды, олардың екінің бірінде қалқаны болды, әр жиырма адамның бірінде сауыты болды, елу адамның бірінде найзасы болды, ол жылқысының жабуының болмауына байланысты қанжығасын сауытпен жапқан болатын, Амудан өтіп, Мәру қаласына барды. Хабарды Амр бин Ләйске жеткізгенде Исмаил ибн Ахмет Жейхуннан өтті деп, Мәруге келді деп, Мәру сақшылары қашып кетті деп, елді алғысы келеді деп естігенде, Амр бин Ләйс бұған күледі және ол Нишапурда еді, жетпіс мың атты әскер жасақтап, қару-жарағы сай, саны толық болды, Балхқа қарай бет алды, екі жақтың әскерлері бір-бірімен кездескенде, айқасты, оның жетпіс мың атты әскері жеңіліске ұшырады, олардың біреуі де жарақаттанбады, ешқайсысы тұтқынға да түспеді, солардың арасынан Амро ибн Лайс ұсталып қалды. Оны Исмаилдің қасына алып келгенде ол оны аңшыларға тапсырды, дүниеде талай қызық бар деп осыны айтса керек. Екінті намазды оқығаннан кейін 
Амро бин Лайстің нөкері болып жұмыс жасаған құлды қызметші оны көріп қалды, жаны ашып оның жанына барды, Амро оған, бүгін менің қасымда бол, жалғыз қалдым деді, тағы былай деді ол, мені тірімін, бірақ әлім жоқ, жейтін бір нәрсе дайында деді. Нөкер бір мән ет тапты, әскерлерден темір таба сұрап алды, жан-жаққа жүгіріп жүріп, кепкен тезек терді, екі-үш кесекті қалап ошақ жасады, қуырмақ болып. Сонымен етті қазанға салып, тұз іздеп кетті, енді пісті-ау деген кезде, бір ит келіп табаға басын тықты, бір сүйекті тістеп алғанда аузы күйіп қалды, басын қазаннан тартқанда қазанның бауы иттің мойнына ілініп қалды, қатты күйдіргесін таба-қазанды сүйреп ала жөнелді. 
Амро бин Лайс бұл оқиғаны көріп тұрып, әскерлерге және күзетшілерге қарап: «ғибрат алыңдар, мен сондай адаммын, таңертең асханамда төрт жүз түйе сойылатын, кешкісін тамағымды ит алып қашқан!» деді. Тағы былай деді: «асбахту амиран уа амсайту асиран яғни азанда әмір едім, кешкісін тұтқын болдым!». Міне бұл жағдай дүниенің қызықтары деп аталады. Бұл жағдайдан да қызығырағы, яғни Әмір Исмаил мен Амр бин Ләйс оқиғасының мәнісі, Амро ұсталғаннан кейін, Әмір Исмаил бетін ұлықтар мен қолбасшыларына қаратып: «Бұл жәрдемді маған Алла тағала берді, бұл еңбек бойынша мен ешкімге міндетті емеспін, тек Аллаға борыштымын!» – деді. Ол тағы да: «біліп қойыңдар, Амро бин Лайс өте жомарт кісі, қару-жарағы, құрал-сайманы, жоспары күшті, ояу кісі, дәм-тұздың қадірін білетін адам. Менің пікірім, ешқандай жәндік ол кісіге зиян жеткізбесін, қалған өмірін сау-саламатта өткізетін болсын деді. Амр бин Ләйс мұны естігеннен кейін былай деді: «мен білемін, мен бұл қамаудан ешқашан құтылмаспын, сен Исмаилсың, өзіңе сенімді бір кісіні маған жібер, менің саған айтарым бар, менің айтқанымды саған жеткізетін болсын» деді. Айтқан адамы келді, ол айтып берді. Сенімді уәкіл келген соң Амр бин Лайс: «Исмаилға айт, мені сен сындырған жоқсың, бәлкім сенің діндарлығың, сенімің, көркем мінезің және Әмір әл-Мумининнің маған ренжігені мені сындырды, бұл билікті Алла тағала менен алды да саған берді, осы жақсылыққа маған қарағанда сен лайықтырақсың, мен де Алла тағаланың қалауын қолдадым, саған тек жақсылық тілеймін, сен жаңа елді жеңіп алдың, бірақ өзіңді көрсете алмайсың, мені мен бауырымда өте көп қазыналар бар, бағалы тастар бар, көмбелер бар, біріншіден олар менде, оның барлығын саған беремін, сен өзіңді көрсетуге жарайды, күшейесің, қару-жарақ жасатасың, қазынаға иелік етесің!» деп қазына туралы жазғандарын ашып, сенімді уәкілдің қолына тапсырып, Әмір Исмаилге жіберді. Сенімді уәкіл келіп, бар естігенін айтып берді де қазына туралы жазбаны Исмаилдің алдына қойды. Ол, бетін ұлықтарына қаратып: «Бұл Амр бин Ләйс бәс дегенше ақылды екен, ол ақылдыларды тұзаққа түсіргісі келген екен, сөйтіп мәңгі пәлеге ұшыратқысы келген екен!» деді де қазына туралы жазбаларды алып, сенімді уәкілге қарай тастады да: «қазына туралы жазбаны оған қайтар да оған айт: «сенің айлаң өте күшті екен, барлық нәрседен құтылғың келеді, сені мен бауырыңа бұл байлық қайдан келді дейсің, әкелерің диқаншы болған, сендерге де диқаншылықты үйреткен, бақтарың жанып, періштелер қолдап, жұмыстарың оңалды, мына қазына-байлықтың, динар-дирхамның барлығы сол кезде келді сендерге, оны сендер халықтан зұлымдықпен тартып алғансыңдар, олар шал-кемпірлердің маңдай терінің ақшасы, бейшара міскіндердің аузынан жырып алған ақша, әлсіз-жетімдердің ақысы болған байлық, оның жауабын ертең Алла тағаланың алдында сендер беретін боласыңдар, бүгін сен сол қылмысыңды менің мойныма ілгің келіп тұр, ертең қиямет күні зұлымдыққа ұшырағанда сендердің жағаларыңды ұстап, ақыларын сұрағанда, сендер: «не алған болсақ барлығын Исмаилге тапсырдық, содан алыңдар!» деп айтпақшысыңдар ғой деді. Мен сендердің дауласқан кісілеріңмен айтысуға және Алла тағаланың ашуын тудыруға шыдас бермеспін» деді. Алладан қорыққандығы және діндарлығының арқасында ол қазына туралы жазылған қағазды оған қайтарып жіберді, байлыққа алданбады. Бұл бүгінгі әмірлерге жол болып қалды, бір харам динарды алмасын, харамды халалға айналдырмасын және істің соңына қарайтын болсын. 
Хикаят. Осы Исмаил ибн Ахметтің бір әдеті бар еді, күн қатты суытқан кезде, қар қалың түскенде, сарайда жалғыз отырмайтын, алаңға келетін, бесін намазына дейін атымен жүретін, себебі, зұлымдыққа ұшыраған біреу әділет іздеп келсе, оның қонақ үйге төлейтін ақшасы болмаса яки жем-ішіміне қаражаты болмай далада аш-жалаңаш, баспанасыз қалып, қар-жаңбырды себеп көрсетіп, бізбен кездесе алмай, арызын айта алмай кетпесін деген мақсатпен, яғни біздің осы жерде бар екенімізді біліп, шаруасын тындырып кетсін деген мақсатпен осылай жасайтын, мұндай істері өте көп. Бұл сақтық шараларының барлығы, «алдымызда бір күн бар есеп берер» деген ол дүниедегі ұлы сотқа дайындық үшін еді.
(Жалғасы. Басы өткен санда)

Парсы тілінен аударған: 
Сайпулла Моллақанағатұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының Жазбаша және археологиялық ескерткіштерді зерделеу ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі


Пайдаланылған әдебиеттер:
Саясатнама (парсы тілінде), Абу Али Хасан бин Али Хажа Низам ул-Мүлктің еңбегі, ол хижра 485/1092 жылы жазылды, 1891 жылы Парижде басылған Ш.Шефердің текстологиялық зерттеу нұсқасы бойынша, түсініктемелер және ескертпелер қосып, түзеп дайындаған Мұхаммед Қазуини, қайта түзеп, қосымшалар және алғы сөзбен жариялаған Мұртаза Мударриси Чахардехи, Заууар баспасы, Тегеран-Шахабад, екінші басылым, Тегеран 1344/1965 ж., Тегеран Мусаууир баспасы, 295-бет.

 

206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз