• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Алма апайдың ауробиндосы

Хас тұлпар бой жасырады
Халық мақалы

 

Алма апай... Көз алдыма сонау сексенінші жылдардың басындағы ҚазМУ келді. Тау баурайындағы ауасы саф, жері майса аймақтағы жаңа үлгіде салынған жайлы жатақханалар. Студенттердің cезімге толы жырларына арқау болған әсем қалашық. Қыздардың сыңғыр күлкісімен ажарлана түскен өмір көктемі. Думанға толы жастар ортасы...Анау жақта еңсесі биік оқу ғимараттары. Білімге құштар жастар ордасы. Қазақтың маңдайына біткен марғасқалардың мәні терең, берері ерен, талғамы ерек, бағамы бөлек дәрістері түсті еске. Ұстаздарымыздың сөзінде, Дулат ақын айтқандай, «сары алтынның буындай құндылық, тұманың суындай тұнықтық» тұнып тұрар еді, расында. «Япырай, арада қырық жыл өтсе де, ұстаздар оқыған дәрістердің санада сол қалпында сақталғаны мазмұнымен ғана емес, сазымен де баурағандығынан болар» деп ойлауым мұң екен, жап-жарық аудиторияның төрінен төгіле сөйлеп тұрған ұстаздарымның күмбірлеген үндері келді құлаққа.

 

Енді ғана байқап отырмын: олардың үндері де оркестр сазындай бірін-бірі толықтырып тұрғандай... Бірінің даусы ұлы даланы сілкінте дабыл қаққан дауылпаздай екпінді, бірі қос ішекке халқының бүкіл танымын сыйдырған домбыра сазындай терең де сырлы, бірі құйқылжыған сырнай әуеніндей ашық та мәнерлі... Сол ортаның сазын әрлей түсіп, жанға жағымды, жүрекке жақын тағы бір үн ерекшелене бастады. Бақсам, бұл Алма апайдың сонау тұңғиықтан сыр тартқан қасиетті жезқобыз сарынындай мұңды да нұрлы, әсерлі де әуезді үні екен... 
Бір ойды бір ой қозғайды: шындығында, Алма апайдың бүкіл ғұмырының арнасы да жезқобыздың үш ішегі іспетті үш тағаннан тұрады екен. Олардың біріншісі – өзінің туабітті қасиеті, әншілігі. Мен апайдың ән салғанын естіген емеспін. Бірақ ол кісі туралы естеліктерден түйсінгенім: өзі босағасын аттаған құтты ордасының ғана емес, исі қазақтың жыр әлемінің алтын бағаны – Жамбыл бабасының рухани дүниелерін сахнада қайта жаңғыртқан өнерпаз тұлға, адал келін. 
Екіншісі – тамырын сонау тереңнен тартқан көне түркінің жазба жәдігерлерін тірілткен зерттеушілігі, оны жас ұрпақтың кәдесіне асыра білген әдіскерлігі. Ердің ерінің жүрегі дауалай бермейтін соны соқпаққа түрен салыпты Алма апай. Бейсенбай Кенжебаев сынды ұлтын сүйген ұлық ғалымның қырағы көзі алыстан таныған айрықша талант; туған әдебиетінің тағдыры сынға түскен дәуірде басын бәйгеге тігіп, кеңестік идеологияның, социалистік әдебиеттің шынжырын үзіп, асыл сөздің тамырын тың бағыттан іздеген Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин секілді қазақтың дана болмысты дарабоздарының қатарын толықтырған арда шәкірт! «Әдебиет тарихын оқу жазба мұралардың мазмұнымен танысу десек, мақсатты тым жадағай түсінген болар едік. Әдебиет – әлемді түсіну, айналадағы өмірді зерттеу, адамды тану» деген өмірлік ұстанымына берік, ғасырларды көктей өткен сөз құдіреті арқылы кешегі бабалар мен бүгінгі балалар арасын жалғауға бар саналы ғұмырын арнаған дәнекер. 
Үшіншісі – өзі «жаным садаға» деп аялаған бірнеше толқын ұрпаққа білім дарытқан ұстаздығы. Бұл орайда да Алма апай қатардағы көп оқытушының бірі емес! Ол кісі – тәуелсіздік келді деп шын қуанып, отандық педагогикада алғашқы болып ұлттық мектеп моделін құрып, білім беру жүйесіне ұлттық идея тұрғысынан реформа жасаған көшбасшы; сол идеясын тұңғыш рет өз күшімен жүзеге асырған қарлығаш ниет жасампаз; 1993–1996 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданы Жандосов ауылында «Сенім» авторлық бағдарламасына негізделген гуманитарлық қазақ мәдениеті мектеп-лицейін ашып, Алаш арыстарының арманын қайта жандандырып, ұлт болашағына білім мен тәрбиені бірге сіңірудің жолын нұсқаған туындыгер-ғалым.
Біз бүгін Алма апайдың осы үшінші қырына ден қоймақпыз. Сүйенеріміз – ғалым-ұстаздың ғылыми-педагогикалық мұрасы, атап айтқанда, «Қазақ университеті» баспасынан 2020 жылы жарық көрген «Пәнді оқытудағы заманауи ізденістер: технология және жаңашылдық» кітабының «Ұстаз жазбалары» атты екінші тарауындағы ой көмбесі.
Бөлімді бас алмай оқып шықтым. Ақиқатын айтсам, кітаптан конференцияға ұсынатын баяндама тақырыбы бойынша заманауи педагогика­лық ғылым­ды жетілдіруге тірек болар ізгілік қағида­ларын іздеп бастағам әуелде. Ұстаз­ымның шынайы да құнды ойларымен үздіксіз тербелген санам Алма апайдың «Ауробиндосына» арбалып қалды. Жазбалардың әсерінен шыға алмай ұзақ отырдым... Кенет бойымды екі сезім қайшыласа қатар биледі: бірі – теңдессіз байлыққа кенелген көңіл қуанышы; екіншісі – барын бағалай алмаған ортаның оспадарлығынан тіксінген налалы сезім. Осы екі тайталастың арасынан басыма бірінші келген ой: «Алма апай ақ періште болған екен-ау». Іле-шала ішкі түйсігімді қақырата тағы бір ой бас көтерді: «Өзің ше? Осы салада жүріп сен неге апайдың дүниесін іздемедің?» Жауабы қиын өте ауыр сұрақты қойды арым...Апайдың өзім түйсінген рухани қазынасы туралы азды-кем ойларымды «Қазақ баласы да әлемге «Қазақ құбылысы» болып шығуы керек!» деген асыл арманын ту етіп ұстап, отандық білім беру жүйесінде жасаған ұлы серпілісімен сабақтастырып айтуым керек деп шештім. Сөзімнің бісмілләсін дүниенің жүзіне аты мәшһүр арысы Монтессори, Вальдорф, Петерсен, берісі Сухомлинский, Амонашвили сынды «Адам қалыптастыру!» идеясын көксеген ұлы педагогтердің қатарын толықтырып тұрған қазақ ғалымы Алма Қыраубаеваның ерен еңбегінен хабары аз қалың оқырман үшін Ауробиндо туралы әңгімеден бастауды жөн көрдім. 
«Индияда бір Ауробиндо дейтін ауыл бар. Оған дүниенің түкпір-түкпірінен адамшылық іздегендер келеді. Айналадағы бәрін ақшамен өлшейтін азған тіршіліктен безгендер, сол ауылға мүше болып кіру үшін хат жазып, кезекке тұрады. Алғаш үш ай сынақтан өтеді, оған шыдағандар бір жылға қалдырылады. Кейбір романтика іздегендер шыдас бере алмай, қайтып та кетеді. 
Ауробиндода өмір ауыр. Бәрін тек адал еңбекпен, өз қолыңмен жасайсың. Жер жыртасың, дән себесің. Бәрі алақандағыдай. Біреуді біреу қорлауға, алдауға тыйым салынған. Еңбексіз төбеге шығуға жол жоқ. Онда тұру қайнаған алдамшы өмірден «Адамдық аралына» кету сияқты…
Біздің мектебіміз де оқудағы әміршілдіктен ығыр болған жандардың Ауробиндосы еді. Бала үшін де, мұғалім үшін де жанға жайлы орта жасамақ болдық: мың күнге татитын аз күн тіршілік бар. «Мың күніме татиды өзіңмен өткен бір күнім», – дейді халық өлеңінде. Мектебіміздің 3 жылдық өмірін өз ғұмырымның ең бір мағыналы күндеріне балаймын… 
Қош, Ауробиндо! Мүмкін, бір кезде күнкөріс кіріне көкірек толып кетсе, айналып, саяңа келермін,» – деп жазыпты әділетсіздіктің құрбанына айналған асыл арманымен қоштасқан соңғы бір сәттерінде Алма апай. Асыл жанның бүкіл санасы мен жүрек жүйесін жарып шыққан дүниесінің құнын өзінің осы сөзінен асып бағалау мүмкін бе?! Тәңірдің қалауымен Алма апайдың таңдауы Алатаудың баурайындағы қарапайым ғана ауылға түсіпті. «Сенім» мектебі туралы жазғандарын оқып отырғанда ұстаздың шуағына шомылғандай бойыңа үздіксіз жылу тарайтынын аңдайсың. Кешегі студент партасында отырғанда өзіңе аялай қараған мейірімге толы жанары еске түседі. Тұла бойында шәкіртке деген шексіз сүйіспеншілік тұнған Алма апайдың алдын көріп, тікелей тағылым алу бақытына ие болған, Құдайдың мейіріміне бөленген Жандосов ауылының балаларына қызығып та, қызғанып та қарайсың. Иә, 90-жылдардың басында көпшілік жұрт тәуелсіздіктің буына елтіп, жалаулатып жүргенде, өршіл жырлар басымдық алып, ұранды сөздер салтанат құрып жатқанда ғалым-ұстаз ешкімнің қаперіне кірмеген тың пікірлер айтты. «Бүгінгі ұлттық мектеп» мақаласында: «Жалпы, өз құшағыңнан кеткен бала кім алдаусыратып бауырына тартса, сонікі болады емес пе? Соған орай, біздің республикамызда енді біраз жылдан кейін жан дүниесі бөтен, бірақ түсі таныс бір жаңа леп дайындалып шықпақшы. Осындай сергелдеңді арада көп уақыт өткізбей, дұрыс бағытқа салып, туған баламызды өз құшағымыздан, өз тәрбиемізден, өз тілімізден алыстатпау үшін ұлттық мектепті жоғары деңгейге көтерудің маңызы зор» – деп жазды. Өкінішке қарай, сарабдал сана иесінің қауіптенген болжамы бүгінде шындыққа айналды. Уақыт өткен сайын өз қағынан жеріген жеңіл ойлы желөкпелер саны артып келеді.
Табиғатында көпсөзділікті жаратпайтын, анық шешім қабылдап, нақты іс жасауды ұнататын адам еді ол кісі. Алма апай осыдан ширек ғасыр бұрын ұлттық мектептің тұғырнамасын жасапты. Жылдар бойы Көк түріктердің тасқа қашалған сына жазуларынан бастау алған көне жәдігерлерді зерделей жүріп, бабалар өрлігімен шыңдалған ғалым бойындағы азаттық рухынан жаңа тұрпатты ұлттық мектеп құру идеясы туыпты. Іште шемен болып байланған шердің шешімі тыңға түрен салғызыпты. Жаңашыл ойды қабылдауға әлі дайын емес топыраққа даналық дәнін екпей тынбайтынын аңғартар тосын мінез танытыпты. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтқандай, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден екенін» дәлелдепті. 
Өз идеясын жүзеге асыру үшін, біріншіден, егемен халықтың еңсесі тіктеп, «Мәңгілік елге» айналуы жас ұрпақты сол мемлекетке ие болатындай етіп тәрбиелеу арқылы ғана жүзеге асатынына өзі сенді, өзгені де сендіруге тырысып бақты. Екіншіден, ғалым қазақи дүниетанымның өзегі – адамшылық екенін дөп басып, дәл аңғарды. Сондықтан ұлттық білім идеологиясының негізі де адамшылық педагогикасы болуы керек деп шешті. «Адамшылық педагогикасы – баланың мүмкіндігіне сену. Өзіне-өзі сенбейтін адам жұртты сендіре ала ма? Сенімсіз адамнан кісі шыға ма?». Ғалым-ұстаздың ең басты мұраты – ұлттық дәстүрден тамыр алып, өркениетке ұмтылған жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін егу еді. «Кісіліктің негізі ‒ ұлттық мәдениетте: тілі, әдебиеті, тарихы, діні, жазуы, өнері, дүниетанымы, қарым-қатынасы, ойыны, спорты. Өзінің дәстүрлі мәдениетін меңгере алмаған адам ылғи да кембағалдық сезімде болады. Тек ұлттық мәдениетпен шектеліп қалып, әлемге қол созбаған кісі де осындай қорсыну күйін бастан кешеді. Ендеше, балаға осы екеуінің де жақсы жақтарын сіңіру керек болатын», – деп ой толғапты ұлтын сүйген ұлы жүрек бір жазбасында. Сондықтан да авторлық бағдарламасын «Сенім» деп атапты. Ол жеке бір пәннің бағдарламасы емес, ұлттық тәлім мен тәрбиенің, инновациялық білім мен ғылымның біртұтас өрімінен тұратын Ұлттық білім идеологиясы түрінде қалыптаныпты. 
«Сенім» бағдарламасының мақсаты да тайға таңба басқандай айқын қойылған екен: қазақы және әлемдік мәдениет құндылықтарын бойына тел сіңірген, әлемдік ауқымда ұлттық құбылыс болып таныла білер тұлғаны қалыптастыру, бағдар беру. Соншалық қарапайым, бірақ соншалық тереңдікпен түйінделген бұл мақсатта: өрекпіген пафос жоқ, биік парасат бар; шексіз қиял жоқ, асқақ арман бар; көзсіз менбілемдік жоқ, берік сенім бар; салқын нұсқау жоқ, жып-жылы сезім бар. 
Нәтижесінде шынайы біліммен ұштасқан ұлттық тәрбиенің жаңаша моделін түзді. Білім мен тәрбие саласында алға жылжу үшін текке оралудың қажеттігін таныды. Оның жолын тапты: қазақ мәдениетін жүйелі оқыту. Алпауыттар күшейіп, әлсіздер жұтылатын ғаламданудың қаупін алыстан сезген екен Алма апай. Күннен күнге күшейіп келе жатқан «мәдениеттер күресіне қарсы қоятын ең үлкен тосқауыл – қазақ мәдениетін балабақшадан бастап жүйелі түрде санаға сіңіру. Мектептің жаңалығы ақпаратты күшейту немесе ағылшын тілін оқыту ғана емес, ұлттық сананы қалыптастыру болу керек. Қазақ мәдениеті бүкіләлемдік мәдениетті түсіндірудің негізі болып, баланың жүрегіне сіңуі керек. Жүрекке сіңгенді жат дүниенің көбігі өшіре алмайды. Өз халқын түсінген, оның өз перзенті бола алған адам өзге мәдениетті де жақсы түсінеді, ішкі өзегі мықты болып қалыптасады, салыстыру-саралау ойлары жақсы дамиды» деген уәжін алға тартады. «Сенім» мектебіндегі ұлттық мәдениеттің айқын бір көрінісі ұл мен қыз тәрбиесінің ерекшелігін ескеруден де байқалып тұр.
Көшбасшы ғалым «Қазақ мәдениетін» басқа тілде оқытатын мектептердің, үздіксіз білім беру жүйесінің барлық саты­ларының бағдарламасына жүйелі кіргізуді ұсынады. «Қазақ мәдениетінің» кешенді бағдарламасына қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, дін мәдениеті, өнері тұтас кіреді. Осы сабақтар факультетіне қарамастан, барлық оқу орындарында жүргізілуі керек» екенін дәйектейді.
Осындай сәтті қиюласқан кешенді дүниенің мәні баланың рухани өсуіне ықпал етіп: 
– кісілік қасиетін дамытқан; 
–шығармашылық қабілетін жетілдірген; 
– дүниетанымын кеңейткен жағдайда ғана бағалы болмақ. Ал, оған жеткізетін тұлға, әрине, мұғалім. Сондықтан «Сенім» бағдарламасын жүзеге асыратын мұғалімге қойылатын талапты да үнемі назарда ұстайды. Ғалымның пайымдау­ынша, «мұғалімнің өлшеуіші – бала». Нағыз педагогтің парасаты мен кәсіби шеберлігі оның баламен қатынасынан айқын аңғарылады. Әлеуметтік ортада өзін көрсетем деп суырылып алға шығуға құмарлық дертінен бойын таза ұстаған, арзан жылтырақпен көзге түсуді ар санаған Алма апай халқымыздың «Хас тұлпар бой жасырады» дейтін даналық өлшеміне толық сай келетін дегдар кісі еді. Осы жазбада кездескен «Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер өзін-өзі жылтыратып көрсетуге әуес болмайды» деген байламын оқығанда, өзіне ғана тән кішіктігімен, сыпайы болмысымен, қарапайым қалыбымен бар шәкірттің жүрегін жаулаған ұстазымның бейнесі келді көз алдыма.
«Ұлттық мектеп – өрісіміз» мақа­ласында: «Ұлттық мектепті өсіреміз десек, мұғалімді өсіру керек.... Ал күнкөрістің өлшеуіші болып отырған категория мен разрядтың тап қазіргі уақытта жасанды нәрсе екенін мұғалімдердің өздері де жақсы түсінеді. Шындап келсек, еңбек өтілі де, төсбелгі де маман сапасының таразысы бола алмайды» – деп тұжырыпты мұғалімдердің кәсіби деңгейін бағалаудың жағымсыз жүйесі туралы өз ойын. Алма апайдың «Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін», «Баға құнды емес, бала құнды», «Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе: Ол – адамды жасаушы адам» деп басталатын, мектеп мұғалімдеріне арналған «Жиырма тоқтамы» – адамшылық педагогикасының өзегін құрайтын ізгілік қағидасының алтын тіні. 
Әр баланы халқымның келешек тұлғасы деп тани отырып, «Ұлттық мектептің философиясы дәстүрлі түркілік өркениет пен қазақ әлемі негізінде жасалып, әлемдік өркениетпен сұхбат қарым-қатынасында болуы қажеттігін» ғылыми дәлелдеумен қатар, оны іс жүзіне асырған Алма апайдың аңсары не болды екен деп ойлансаңыз, онда мына сөзіне зер салыңыз: «Сиявуштың арман қаласы секілді болашақтың арман-сабақтарын аңсаймын... Шәкірттерім мені көргенше, мен оларды көргенше асықсақ...». Сұлтан болмысты адамзат баласы үшін осыдан асқан ізгілік, осыдан асқақ арман болуы мүмкін бе!? Осындай ізгі арман жолында қандай қиындыққа тап келсе де, ары таза, мұраты биік жандар қайсар келеді екен. Өйткені олар ізгіліктің жасампаздығына шексіз сенеді. Алма апай да өз ісінің өміршең боларына ешқашан шүбаланбаған. Оған бары-жоғы үш жыл ғана жұмыс істесе де, сол мектептен тағылым алған балалардың бақыт мекеніне айналған «Сенім» мектебінің жабылған күнгі сөзі айғақ. «Қысқасы, адам кемелдікті аңсаумен келеді. Бүкіл қоғамды, ондағы бар адамды бірден жөндей алмайсың. Бір тамаша ағаш өсіріп, оның кемел жемісінен таңырқата татқызсаң да аз емес» деп, жабырқаған өз көңілін өзі жұбатады. Бірақ Алма апайдың таңырқата татқызған жеміс дәмінің бөлектігі соншалық, уақыт-патшаның ырқына көніп, заманмен бірге бағыты белгісіз жаққа бет алған қоғамда бейдауа күй кешіп отырған біздің орта сол жемістің қайталанбайтын табиғатын түйсіну былай тұрсын, түсіне де алмай жүргені жасырын емес. Бәлкім, Алма апай өмірінің соңғы айларында арнайы ат басын бұрып, сапарлап барған сонау Маңғыстаудың маң даласының бір түкпірінде жатқан ауылдың, оңтүстік өңірлердегі жекелеген мектептердің балалары «Сенім» бағдарламасының ізімен әлі де тәрбиеленіп жатқан болар. Өйткені мұндай ізгіліктің ізсіз кетуі мүмкін емес. Оның қайта түлейтін кезі алыс емес екенін ішкі түйсігім де сезеді. 
Өне бойыңды шымырлатып, жаныңды толқынша тасытып, жүрегіңе жігер құяр қобыздың ғаламат сырлы үні қайта жаңғырып, жақын тұстан естіліп жатқандай.... 

Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА,   
  Қазақстан-Британ техникалық 
университетінің профессоры, 
педагогика ғылымдарының докторы

177 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз