• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті ме?

Жоқ, қазақ тілінің сөздік қоры әлі түгел жиналып біткен жоқ. Егер түгел жиналып біткен болса, мен қазақ тілінің 10 және 15 томдық түсіндірме сөздіктеріне енбей қалған сөздерді жинақтап «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталатын 2 томдық сөздігімді жасап, әуре болмаған болар едім. Ол сөздіктің 1-ші томында 10.690 сөз, 2.645 тұрақты тіркес қамтылса, 2-ші томында 10.290 сөз, 2.195 тұрақты тіркес (күрделі сөздер мен фразеологизмдер) енген. Сөздігіміздің 1-інші және 2-інші томдарындағы осы сандарды біріктірсек, 15 томдықта жоқ 20.980 сөз, 4.840 тұрақты тіркес – жалпылай алғанда 25.820 тілдік бірлік болады.

Кейбір адамдар маған «Ең толық сөздік деп есептелетін 15 томдық сөздіктен қалып қойған, 26 мыңға жуық тілдік бірліктер, олар қандай-қандай сөздер?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл мақала сол сұрақтарға берілген жауап.
Ол сөздерді құрылым-құрылысына, морфологиялық тұрпатына қарай: алдымен түбір сөздер, туынды сөздер, біріккен сөздер, кіріккен сөздер, қысқарған сөздер, күрделі сөздер (тіркестік атаулар) деп, содан кейін стильдік тармақтарына қарай: жалпыхалықтық сөздер, көне сөздер, тарихи сөздер, ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер, жаңа сөздер, жергілікті (диалектілік) сөздер деп, толып жатқан топтарға бөлуге болады.
 Егер осы мақалада біз сөз­дік қорға қосылмаған, қосылса да, сөздік жасау­шыларымыздың салғырттығынан басылып шыққан сөздіктерге енбей қалған мұндай сөздік топтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысына мысалдар келтіретін болсақ, онда оның көп орын алатындығы белгілі. Сондықтан біз бұл топтардың бәрін емес, кейбіреулерін ғана сөз етпекшіміз.
Олай болса, мағына­сын аша отырып, осы «кей­бір» топтардың әр­қайсысына аз-аздан мысалдар келтірелік. Әрине, соның өзінде бір ғана мақалада өзіміз жасаған 2 томдық сөздіктегі барлық сөзді қамту мүмкін емес екендігі айқын. Сол себепті әр топтан (онда да 1-інші томдағы А,Ә,Б әріптері бойынша ғана) аздап қана мысалдар берелік.
1.Түбір сөздер: аба (сулық киім), абақ (аң аулау құралы), абадан, алан, алапа, алқау (мадақтау), анжы (қыл жіп), апсана, әйкен (өс.), әмбе (сонымен бірге, әрі), әсия (изумруд), әспет, бейпіл, бикеш, болпан (жұлдыз), ботай (дзот), бітік (жазу), т.б. 
2.Туынды сөздер: ағайыншылық, адуындылау, азғындық, айғақшы, айшық, ақтаңдақтан, ақылдылау, аламандық, аңғарушылық, аңкөстік, аңыздық, апайтөстік, аталық(гүл), атқұмарлық, аудан­­аралық, ашқұрсақ(+тық), аяугер­шілік, әжуалас (+у), әзілдескенсі (+у), әзілкештеу, әңгүдіктік, әрқилылық, әурегершілік, базарлат, байқағансы (+у), барымтагершілік, бауырлық, бәдіктеу, бәйгеші, бейнеттес, бейпілауыздық, боқтампаздық, бөгенайлы, бұлтарғыш, білікше, бірізді, т.б. 
3.Біріккен сөздер мен кіріккен сөздер: адамтану, ажырасараяқ, айқабақ, айнақап, айсоқты, айылжуа, ақбайпақ (ойын), ақбақай (ауру), ақбүйрек (өс.), ақжұлдыз (Шолпан), ақтүймеш, алтыатар, атдорба, балтажұтар (құс), балтамтап (ойын), балықауыз (құрал), балықкөз (өрнек), балыққарын, бетмай, биойнақ, бойдақшай, бірқақпай, біртуар, т.б. 
4.Күрделі сөздер мен тіркестік атау­лар: ағаш бесік, ақан ау, ақ тамызу (ырым), ақтық байлау, алты қарта, аралас ұйқас, ара сүті, арқан тарту, ат арба, аты жоқ саусақ, ауыз бекіту, аяқ көрік, аян омыртқа, балта сап, бас қосты, бектер бегі, бесікке салу, бешкеш қылды, босаға майлау, бөрік жасырмақ (ойын), бұлғар садақ, т.б.
5.Тілімізде кеңінен қолданылатын жалпыхалықтық сөздер: адырна, азаншы, айтсын, айттаушы, ақта (+у), ақташы, ақшаңдақ, алақат (+тан), алашапқын, амандық, аңғалақ, аяқтоғыз, әдемірек, әпенде (+лік), әукеш, бағлан (бай баласы), барылдауық, бастырма, бейтараптау, бесжақсы, беталбаты, биебау, бунақтау, бүрме, білімқұмарлық, біртуар, т.б. 
  6.Тілімізде сирек қолданылатын көне сөздер мен тарихи сөздер: ағат (асыл тас), айдаһар (жұлдыз), ақалақ (мораль), арала (дәрі), арқар (жұлдыз), асаукөк (ойын), аталғы, атөтпес (тоғызқұмалақ), бажхана (кеден), байса (айырықша құқықтың белгі), бақыраш, балахана, балық (жұлдыз), барақат, батырғы, бауырдақ, бауыршы (бас аспаз), бәлдәй (ойын), бекбатша, бергек, бозбұға (дәрілік шөп), болыснай, бурақотан, бұйдас (әшекейлі белбеу), бұқаржай, т.б.
7.Кәсіби сөздер мен жергілікті сөздер: азбар, айпара, ақалақшы, арқаш (күріш дуалы), аспұзыл, әндеме (садақ оғы), әрем (арық), байбақ (суыр), белжемді, бозажора, борпы, бұйым (мата аты), бұқатана (бүркіттің еркегі), бұртташ (диабет), т.б. 
8.Ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер: айбозым, атсырау, ауылбай (+лық), әктіп, әндігер (мініс аты), әнжубас, базарком, бастырма, бәкенелеу, бәлекей, безгелдек, бейбақтан, болжамгер, боржы (+у), бопыраз, бопыш, боркеуек, ботамдат (+у), бөгдесін (+у), быдықтан (+у), быжбалақта (+у), былшылбай, былшылдас (+у), бырқыл, бытпырат (+у), білеме (пышақ), біркәншік, бітеулен (+у), т.б.
9.Жаңа сөздер: айыптұрақ, ақұнтақ (парошок), алтыкөз (жәндік), атаесім, аударматану, әдепнама, әйнеккескіш, әнбаян (клип), әуедоп (волейбол), бақұлхат, балпанақ (пингвин), басытқы, баянат (хабарлама), бейнебаян (видеоклип), бейнежазба, белтемір (штанга), бершімек (эхинококкоз), бетбелгі (закладка), бетқап (маска), беттеу (+ші), бұзауқа (маралдың бұзауы), бұйқыт (балық өңдейтін орын), бақатіс (триптон), бұлқын (насос), бұрқақ (фонтан), бүкпе (скоба), т.б.
10.Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер): Абылай аспас асу, ай бағып отырсыз ба?, ай-түй жоқ, ақ жілік болды, ала көкек, аттыға жол, ауыздыға сөз бермеді, атына қамшы басты, ашылмас тұманға қалды, аяқ суытты, балағының биті бар, бас жаққа барыспады, бас терісі аузына түсті, белі бекіп, буыны қатпаған, бетке шығары, билік тізгінін ұстады, бұқа көзденді, бұтына жіберіп қоя жаздады, бір бармағы бүгулі, біраз жерге апарып тастады, т.б. 
Тілімізде молынан ұшырасатын алғыс-­қарғыстарды да осы топқа қосуға болады. Мысалы алдыңнан ақ күн тусын, ант [аруақ] атқыр, әдірем қалғыр, бет алдыңнан жарылқасын, т.б.
Осы жерде біз бір нәрсенің басын аша кеткіміз келіп отыр. Ол нәрсе – «күрделі сөздер» деп қандай сөздерді айтамыз? Жоғарыдағы 4-інші қатарда (ретте) тұрған ара сүті, аты жоқ саусақ, бөрік жасырмақ (ойын) дегендер сияқты зат атауларын күрделі сөздерге жатқызамыз ба, жоқ әлде, оған бас қосты, бешкеш қылды немесе ақтық байлау, арқан тарту, бесікке салу дегендер сияқты күрделі етістіктерге жатқызамыз ба? Мүмкін ақан ау, ат арба, аян омыртқа дегендердегі ау, арба, омыртқа тәрізді тектік (родтық) атаулардың біз көрсеткендей ақан ау... дегендер сияқты түрлік (видтік) атауларды да күрделі сөздердің қатарына жатқызғанымыз жөн шығар?
Біздің ойымызша, осы үш топтағы сөздердің бәрін де күрделі сөздердің қатарына жатқызғанымыз мақұл. Бұларды аз десеңіз, бара жатыр, жазып жүр дегендер сияқты түбір етістіктер мен көмекші етістіктердің тіркестерін де күрделі сөздердің қатарына қосуға болады. Өйткені бұлардың (әрбір күрделі сөздің) бірінші және екінші сыңарларының арасында ешқандай синтаксистік (грамматикалық) байланыс жоқ. Олар екі немесе үш сөздің тұрақты тіркесуі арқылы бір ғана сөздің қызметін атқарып, бір ғана мағынаға ие болып тұр. 
Соған қарамастан, мұндай сөздердің көбін, әсіресе түрлік (видтік) атауларды сөздікшілер сөз қатарына қоспай, оларды үлкен сөздіктердің құрамына алмай, тастап кетеді. Мысал келтірейін, 15 томдық сөздікте ажырық сөзі алынып, оған анықтама берілген, мысалдар келтірілген. Сөйтеді де, ол сөзге «ажырық қысқан тарыдай» деген жалғыз тұрақты тіркес сымақты береді де өте шығады. Бірақ ажырық сөзінің жатаған ажырық, қара ажырық, сары ажырық, сор ажырық, сортаң [сортаңдық] ажырық дегендер сияқты түрлік атаулары сөздікке алынбапты. 
Тал атауының түрлік атаулары да дәл осындай. 15 томдықта тал сөзі алынғанымен, оның ақ тал, балғын тал, боз тал, бозша тал, бұйра тал, ешкі тал, жатаған тал, жылауық тал, зәмбі тал, көк тал, қайыр тал, қара тал, құба тал, қызыл тал, мәжнүн тал, сары тал, сәмбі тал, себет тал, сүмбіл тал, сібір талы, шыбық тал, шілік тал деген түрлік атаулары сөздікке мүлде алынбаған.
 Бұл қатарға біз «жаңғақ тал» деген сөзді әдейі қосқанымыз жоқ. Себебі жаңғақ тал (осылай аталатын Қазақфильм шығарған кино да бар) деген сөз тілімізде кездескенімен, дәл осылай аталатын талдың түрі қазақ тілінде ұшыраспайды. Мұндағы тал сөзі – жергілікті тілде (диалектіде) «ағаш» деген мағынада қолданылады. Олай болса, «жаңғақ тал» деген сөзді бұл жерде «жаңғақ ағашы» (ауласында жаңғақ ағашы өсіп тұр) деп ұққан жөн.
Қорыта келе айтарымыз, 15 томдыққа енбей қалған сөздер мен тұрақты тіркестердің саны бұлардан әлдеқайда көп. Егер шындыққа жүгінсек, «15 томдықта жоқ сөздерді 2 том етіп жазып, оны бастырып шығардым» дегеніммен сөздіктерге ілінбей жүрген мұндай сөздерді мен түгел іздеп таптым деп айта алмаймын. Іздеген адамға ондай сөздер әлі де табыла береді. Оған дәлел: 2-ші том шығып кеткеннен кейінгі кезеңде маған ұшырасқан мұндай сөздердің жалпы саны қазірдің өзінде 140-150-ге жетіп қалды.

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, Қазақстан жоғары мектебі  ұлттық ғылым академиясының академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты 

91 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз