• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Әйел тағдыры – әлем тағдыры

Бұл күнде баланың орнына түрлі жануарды асырап, бауырына салып ертіп жүргенін көріп, әрқандай жүректің түкпіріндегі адамға деген мейірім шапағат азайып кеткендей сезінеміз. Ал қоғамда екі аяқты айуандардың нәзік жандыларға, жас сәбилерге әлімжеттік көрсетіп ұрып-соғу, қорлау, өлтіруге дейін барып, жас жеткіншек қыз балалардың тағдырына балта шабуы секілді айуандықтарды істегенін көргенімізде «Мейірім дегеннің саналы адамнан жыртқыш хайуанаттарға ауысып кеткен бе?», – деп күмәнданатын да болдық.  
 

Иә, біз үш жүз жыл бодан болған халықпыз, яғни үш жүз жыл құлдық сана қалыптасты. Жетпіс жыл қызыл биліктің қыспағында әпербақан белсенділікті қанымызға сіңірдік. Кейінгі отыз жылда «құр тұлыпқа мөңіреп», санаулы адамда бар байлықты иемденіп, қалың бұқара мақұрым қалды. Ежелгі түркілік, ғұн, сақ, алаштық дүниетанымнан кенжелеп, құр сүлдеріміз қалғандықтан, өз-өзімізге келе алмай, дәстүрлі танымға қайта алмай әлсірегендіктен, мына техникасы дамыған, атомы аспандаған қоғамға ілесе алмай тәлтіректеп, аяғымызды онда бір, мұнда бір басып жүргенімізді қалай жасырайық. Бұлайша «ұлттық болмыстан, дәстүрлі танымнан айырылып азғындау, адасу жолына түстік...» дегенге біреулер шамырқанып, «нәзік жандыларды ата-бабамыз алақанына салғанына не дәлелің бар?», «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «әйел өлсе қамшының сабы сынғанмен бірдей», «байтал шауып бәйге алмас», «әйел бастаған көш оңбайды», тағысын-тағы мақал, тәмсілдерді сол ата-бабамыз өмірден қорытып, бізге қалдырған жоқ па?» деуі ғажап емес. 
Қараңғылық, міне, осындай түсініктен туындайды. Біз әуелде мұндай мақал-мәтел, тәмсілдердің түп төркініне үңілу арқылы дұрыс түсінік қалыптастырғанымыз жөн. Мәселен, «Әйел өлсе – қамшының сабы сынғаны» дегенде әйелдің құнын қамшының сабымен өлшеп отырған жоқ, «әйелдің құны жүз байтал» деп «Жеті жарғыда», ежелдің ең күнінде тұрақтандырған.  Мұнда әйелі өлген азаматтың қамқоры, сүйенері болған әйелі дүние салып, қайғы-мұң арқалап, ауыр халде қалғандықтан, маңдайына немесе бүйіріне таянған қамшысының сабы сынғандай бейнелеу деп білсек болады. «Байтал шауып бәйге алмайды» деу өзінше намысқой еркектің қыжылынан туындаған керенау тәмсіл екені көрініп тұр. Өмір шындығына жүгінер болсақ, тарихта небір дабыралы той, үлкен астарда жүздеген аттың алдында байталдар озып келгені айтылады. Тіптен жүйріктікте, шыдамдылықта байталдың аттан алда екенін қарияларымыз да дәлелдейді. «Намысқой» еркектер сол бір «ұрғашы еркектен асып сөйлемейді, ұрғашы еркектен бір саты төмен», «ұрғашы адам мал бауыздамайды, мал бауыздаса құрық немесе бақан мініп алып бауыздайды» дейтін түсінікпен «бәйгеге байталды қоспау», «көш алдында әйел адам жүрмеу» дейтін орынсыз пәтуәлар шығаруының түп-төркініне үңілер болсақ, «әуелде арабтар әйел затын адамсынбай, бір еркек бірнеше әйел алатын, жас нәресте қыз балаларды инабатты еркек өлсе тірідей қосып көметін» («Мұхаммед пайғамбардың өмірі» кітабынан) дейтін жоралғыларға келіп тіреледі. Ең әуелде пайғамбарымыз Мұхаммедтің өзі бұған қарсы келіп, «әйел заты да Алланың жаратқан пендесі» екенін ескертеді, «бір еркек төрт әйелден артық әйел алмау, бірінші некелі әйелінен басқасы жетім-жесір, асыраушысынан айырылған әйелдер болуы, соларға қамқорлық жасауы керек» деп мейірім арқылы қоғамды оңалту мақсатымен, ислам дінінің жақсы қасиетін дәріптеген болатын. Мұндай жақсы идеяны кейінгі дүмшелер өз нәпсісіне қарай бұрмалап кеткен сияқты, жоғарыдағы әйел затын төмен санау да сол идеяның желігі деуге әбден болады.
Ұлттық дәстүр не дейді? 
Халқымыз әйелдердің қоғамдағы орнын қай дәуірде де жоғары қойған. Мысалы, ерлі-зайыпты екі адам немесе бір әйел мен ер адам бір атқа мінуге тиісті болғанда әйел адам сөзсіз ерге мініп, ер адам ат сауырына мінгесетін дәстүр бар. Бұл «әйел адамның жолы жіңішке» деу арқылы, әйел затын аялау, құрметтеу. Ерлер мен әйелдер болып қонаққа, жиын-тойға барса, ең әуелі есіктен ақ самайлы ана кіретін салт болған, бұл анаға, әйел затына ізет еді. Ұзатылған қыз төркініне келгенде төрде отыруы керек, қыз төрде отырмаса «төркіні кедейленіп қалады» деп ырымдайды, төркіні қызының қонағасына мал сойып, сойған малдың жүрегіне май және жұмсақ еттерді қосып арнайы әзірлеген «үлпершек» тамағын жасап береді. Бұнысы «сен мәңгі біздің жүрегіміздесің» деген мағына.  
Бір үйге ер адам қыдыра барса қарапайым қарсы алғанымен, әйел адам қыдырып немесе белгілі бұйымтаймен барар болса, үй иесі «ұят болады» деп, бар дәмдісін дастарқанға салып қарсы алады, бұйымтайын сұрап шығарып салады, бұнысы «әйелдің жолы жіңішке» деп құрметтеу еді.
Отау көтерген шаңырақтың «түтіні тік ұшып, дастарқаны дәнді, өмірлері мәнді» болуы үшін отауға ақ самайлы ана арнайы шақырылып, шаңырақтан мойын лақтырып, ақ батасын береді. Әке болған адам сырттан жолаушылып немесе сапардан отбасына оралғанда алдынан жүгіріп шыққан балаларының ішінде ең әуелі қыздарын құшағына алады. Халқымыз «Қыз – елдің көркі, әйел – ердің бөркі». «Әйелсіз тірлік тұл», «Қыз балаға ұзын арқан, кең тұсау», «Әйелдің қырық жаны (шырағы) бар», «Әйел– ердің анасы, еркек – әйелдің баласы» деп, әйелдердің қоғамдағы орынын жоғары қойып, қай дәуірде де аналарымызды бағалай білгендіктен, олардың ерлермен қатар тұрып сөйлеп, жаугершілікте бірге соғысқа аттанып, биліктің төрінен орын алып, көпке әмірі жүретін болған. «Түтінім тік ұшсын десең – әйеліңді аяла», «Тілің мен діліңді сақтаймын десең – анаңа бойұсын», «Әйелің жаман болса – әулетің жаман», «Қатының жаман болса – қонағың қашар». «Жаман ерді – жақсы әйел түзетеді», «Ерді ер ететін де, жер ететін де әйел», «Әйелдің айласы қырық есекке жүк болады», «Әйел азса әлем азады», «Ұлтымды оңдаймын десең – қызыңды оңда» деген нақыл сөздер әйел затының бағасын білдіретіні анық. 
Тәрбие тал бесіктен
Халқымыз ұрпақтың сапалы, сау денелі болуының тетігі анада екенін тым ерте аңғара білген. Бұл күнде сау ұрпақ сүю үшін «ерлердің қуатына мән беру керек» десе, ал ежелде керісінше, аналардың күтіміне мән беріп, азықтануын айрықша бақылауға алатын болған. «Шешесін көріп қызын ал» дейтін аталы сөздің төркіні дәл осындай ананың денінің саулығы, тәрбиесінің жақсылығын меңзеу еді. Міне, бұл біздің ұлттық таным.
Ежелде халқымыз қыз баланың азықтануына айрықша мән берген, мысалы мал сүйегінің кемік басын арнайы қыз баласына кеміртіп, нілін сорғызады, желкені тарап жегізу, нәрлі тағамдармен қоректену, әйел ауыраяқ кезінде қандай жағдайда да жерік асын тауып беру соның белгісі. Онымен қоса, қыздардың физикалық саулығын барынша қадағалап отырған, мысалы күнделікті күтімде қыз баланы арнайы жылқының қылынан тоқып әзірлеген төсекке жатқызады, бұнысы «қыз баланың энергиясы (қуаты) артады, сымбатты болып өседі» дейді. Ал қыздың сызды жерге, суық тасқа отыруын  шектеген.  «Қыз – қолдан ұшып кететін көбелек» деп, болашақ ана болғанда қиналып қалмауы үшін оған он үш жасынан бастап тұрмыс-тіршілікті үйренуіне барынша көңіл бөліп, жағдай жасайды. Мұнда бардам отбасы болса қыздың өзіне арнап «қосаға» (отау үй) тіктіріп, сол үйдің ішіне күлгін көк түсті «көсеге» деген шымылдық құрып, сол шымылдықтың ішінде қыз бала әдеп-иба, ақылақ-мораль, жол-жоралғы, өнер, іс және тұрмыста кезігетін барлық әрекеттерді арнайы тәрбиелі адамның көмегімен үйренеді, кейін ұзатыларда сол өзі әзірлеген бұйымдарды өзінің жасауымен бірге қосып әкететін болған. Халқымыздың «көсегесі көгерген», көргенді, тәрбие көрген» дейтін аталы сөзінің түп-төркіні осында. 
Қыз тағдыры 
Қыз тағдыры, тіпті ата-ана, әулеттің бет-бейнесі де қыздың тәрбиелілігімен өлшенеді. Халқымызда: «шешесін көріп қызын ал...», «тәрбие тал бесіктен», «уызына жарыған», «көргені бар» дейтін аталы сөздің бәрі ата-ана тәрбиесінің сіңімін меңзеу. Жетік тәрбие көріп жетілген, көргені бар қыздарымыз арқылы әулет, ұлт, қоғам тәрбиесінің негізі қаланатынын ескеріп, тектілік жақсы тәрбиенің негізінен қалыптасады деп білген. Халқымызда «қатын алма, қайын ал» деп ұрпақтарына қадағалай айтатын насихаты бар, бұлай деудің төркінінде «баланың жақсы болуы нағашысынан», қыз тәрбиесінің негізі ата-анада жатқанын меңзеу еді. Ендеше біз бұл күнде дәстүріміздегі қыз тәрбиесінің орынын «әулет иесі» деп ұл баланың тәрбиесімен ауыстырып алғандаймыз. Егер қыз тәрбиесінен жаңылыс тапсақ, онда ұлттың ғана емес, тұтас қоғамның ар-ұят, намысын арқалайтын институттан айырылып қалғандығымызды мойындауымыз керек. Бұлай деуімізге ежелгі ұрпақ тәрбиелеудегі «қыз азса – ұлт азады» деген сөздің бүгінгі көрінісі себеп. Ел арасында ішінара кездесіп қалатын есалаң қыз, есірік ұл осындай тәрбиенің жаңылысынан деуге әбден болады. 
             Таным-түсінік
«Сүйегімді жарып тапқан балам едің» деген аналардың мейірге толы сөзін талай естігеміз. Ести жүріп сөздің нарқына бармаған соң сәп салмаушы едік. Бір жылдары тиісті орынның бұйрығымен ескі қабірстанды көшіріп, орнына құрылыс салатын болды. Осы қабірстанда қырық жылдың алдында қаза болған менің шешемнің де сүйегі жатқан еді, әншейінде үлкендердің көрсетуімен мұндағы «үш-төрт төмпешіктің бірінде шешем жатыр ғой» деп құран оқып кететінмін. Бұл жолы қабірстанды көшіретін болғанда әлгі үш-төрт төмпешіктің нақтылы қайсысында шешемнің сүйегі жатқанын айыра алмай дағдардым да қалдым. Осы кезде бір апа келе қалып, менің жайымды ұқты да, «андағы үш қабірдің бірі бос, кезінде сүйекті иелері көшіріп әкеткен, тағы бірі он алтыға енді толған қыз. Ал сенің шешең марқұм наурыз айында қайтыс болған, осындағы екі қабірдің бірі сенің шешеңдікі» деді. Біз  екі қабірді қазуға кірістік, мен тік құдықтың топырағын шығарып, енді жанақымнан сүйектерді теріп алып жатқанымда жоғарыдан бір ақсақал дауыстап: «андағы сүйек сенің шешеңдікі екен, дәл қазыпсың» деді. Мен «бұл адам сыртта тұрып сүйектің менің шешемдікі екенін қалай парықтап тұр» деген оймен оған сұраулы жүзбен қараған едім, ақсақал: «Халқымызда сүйегімді жарып тапқан балам едің дейтін сөз барғой, андағы сүйекті көр; жәя, науа, иек сүйектердің жігі ашылып кеткен, бұл бала тапқан әйел адамның сүйегінің белгісі, ал ана қыз баланың әлгінде айтқан сүйек жіктері ашылмаған» деді. Мына сөзді естіп шешемнің сүйегінен көз алмай, буыным дірілдеп, еңіредім-ай келіп, басыма талай-талай ойлар келді. Қоғамда шешесін қадірлемейтін, тіпті қолы тиіп, ұрып-соғып жатқандарды да көзіміз көрген, қартайған анасын қарттар үйіне апарып тастағанды да көрдік, сонда мұндай адамдар сүйегін жарып дүниеге әкелген аналарын қалай қорлағанын сезіне ме екен?.. Осындай антұрғандар, әрине, өз шешесін аямаған соң қоғамда әйел затын қалай аясын, нәзік жандыларға әлімжеттік істеу дәл осындай жетесіздердің ісі болар деймін жүрегім сыздап. Мұндай жендеттермен заң күрес жасап жатқаны да рас, кейде оларды «ақыл-есінде ауытқушылық бар, мас болып қалған» дегендей түрлі себептермен жазасын жеңілдетіп жататыны бар, мұндайда заңның жиренішті қылықтарға кеңдік етуін нағыз әділетсіздік деп білемін. 
Иә, әлемнің нұры, заманның гүлі, ұрпақтың жыры, тарихтың сыры болған әйел затын, әйел өмірін жырламаған кімдер бар. Тірлігі тек ұрпақ өрбітіп, отбасы тіршілігін тындырумен емес, бораған оқ ішінде, дүлей боран мен тосын табиғатта ерлікке толы өмір өткізіп, ұрпағы үшін қандай қиындықтан да тайынбайтын аналарымыз жөнінде халық батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың «Әйелдер – нағыз халық қаһарманы» деуі бекерден-бекер емес. Сондықтан әйелдердің қоғамдағы орнын төмендетіп, оларды қорлауға жеткізетін надандықпен батыл күрес жасап, әрбір қыз-келіншек пен аналарымыз әйел бақытына қол жеткізуіне қамқор болу – бүкіл қоғамның да, әрбір анадан туған азаматтың да мойнындағы борышы. 

Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, этнограф

 

2113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз