• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

БАЛАЛАРДЫҢ НЕСІБЕСІ АРТАДЫ

Алдыңғы жылы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордан кәмелеттік жасқа толмаған балалардың шотына мемлекет тарапынан қаржы түсіп отыратыны жайлы ақпараттар беріле бастады. Бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр. 

Жолдауда ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсауды тоқтатып, керісінше аса қажетті әрі маңызды жобаларға жұмсалатыны туралы сөз болған еді. Осылайша, «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама бастау алды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БжЗқ) АҚ-ның басқарушы директоры Мұрат Шәріпов: «Жоба мемлекеттік органдардың деректер базасынан алынған мәліметтер негізінде автоматты режимде жүзеге асырылады» деп мәлімдеді.
Аталған бағдарламаның мақсаты қандай және оған кімдер қатыса алады? Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арынғазинов жоба мақсатын еліміздегі өскелең ұрпақ үлкен өмірге қадам басқан кезде әлеуметтік қолдау көрсету, сонымен қатар ұлттық байлықтың бір бөлігін жас ұрпақтың арасында теңдей бөліп, олардың бастапқы капиталды иеленуіне мүмкіндік беру деп түсіндірді. Осылайша, Қазақстан азаматы саналатын 18 жасқа толмаған әр баланың шотына мемлекет тарапынан қаражат бөлініп отырады. Яғни, еліміздегі 2006 жылдан бергі дүниеге келген балалардың барлығы осы бағдарламаға қатысуға құқылы. Ал бүгінде Қазақстанда 18 жасқа толмаған 6,7 миллионнан астам бала бар екен. Балалар өз шотындағы қаражатты тек кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ғана пайдасына жарата алады. Сонымен қатар БжЗқ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жасаған мәлімдемесінде биыл 18 жасқа толатын балаларға алдыңғы жыл үшін ұлттық қор тарапынан арнайы мөлшерде қаражат бөлінетінін айтты. 

Ол сомма 100 АҚШ доллары және 52 центіне тең. Қазақстан Республикасының Электрондық үкімет порталының «Балалар туралы мәліметтер» бөліміне ата-ана баласының деректерін дұрыс енгізген болса, ұлттық қордан арнайы шот автоматты түрде ашылады. Осы жылдың алғашқы айында балалардың қорына бірінші рет қаржы құйылды. Ата-ана бұл мағлұматты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БжЗқ) арнайы сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН деректерін дұрыс енгізу жеткілікті. 
Баланың 18 жасына дейін жиналған қаражат толығымен ұлттық қорда сақталады. Ондағы мақсат балаға барынша пайдаға жарату үшін көбірек сомманы жинақтау. Жиналған сомманы білім алу мен баспана сатып алу мақсатында пайдалануға болады. Бұл ретте бала шетелде білім алатын болса да қордағы қаражатты пайдалануға шектеу жоқ. Балалардың шотындағы қаржы 10 жыл бойы сақталады. Ал ол уақыт арасында ақша пайдаға жаратылмаса, онда қаржы иесінің зейнетақы шотына өтеді. Тек азаматтығы Қазақстанда тіркелген болса ұлттық қордан балаға өз мерзімінде ақша түсіп отырады. Қазақстаннан көшіп, азаматтықтан бас тартқан жағдайда мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді.
Балалардың шотына түсетін қаржы соммасы ұлттық қордың инвестициялық кірісіне тікелей байланысты. Ал экономистердің айтуы бойынша аталмыш кіріс бөлігі 2,5%-ды құрайды екен. Ал бұл көрсеткіш балалар есебіне аса көп қаражат аударуға жеткіліксіз. Сондықтан  ұлттық қорға жауапты ұлттық банк өкілдерінің бастамасымен кірістің пайызын арттыру қажет. 
Оған қоса экономист Мақсат Халық шет елдерге кеткен активтерді қайтару бойынша заң қабылданғанын алға тартып, олардың жалпы соммасын ұлттық қорға аудару қажет екенін ұсынады. Өйткені бүгінде сыртқа берілген активтер саны шамамен 200 миллиард доллар деп бағаланып жатыр.

Оның ең аз дегенде тең жартысын қайтару мүмкіндігі туса, оны Ұлттық қордың есебіне аударған жағдайда 150 миллиард доллардан астам кіріс болатынын түсіндірді экономист. Егер мұндай әрекеттер Ұлттық қор тарапынан болмаса, онда балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың шотында небәрі миллион теңгенің көлеміндей сомма жинақталады. Ал инвестициялық кіріс бөлігін 5%-ға арттыратын болса, аталған сомма үш есеге дейін өсуі ықтимал. Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арынғазинов жаңа бюджет кодексі бойынша сарапшылар мұндай ұсынысты негіздеу керек деген пікір білдірді. Ал активтерді қайтару бір сәтте атқарылатын шаруа емес екенін, бұл процессті толықтай заң тұрғысынан пысықтау қажет екенін еске салды.Осы тұста Ұлттық банк мемлекет басшысының Ұлттық қордың кірісі мен оның активтерін 2030 жылға қарай 100 миллиард АҚШ долларына жеткізу қажет дгеен тапсырмасының бар екенін ескереді. Нәтижесінде ұлттық қордың сыртқы инвестициялау көздерін әртараптандырып және ішкі қаржы нарығынан инвестициялау бойынша мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Оған қоса Ұлттық қордан алынатын соммаларды азайту, яғни стратегиялық маңызы бар жобаларға ғана қаражатты жұмсау керектігі анықталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының көмегімен еліміздегі 18 жасқа жаңа толған жастар білім алу, кәсіппен айналысу немесе тұрғын үй мәселелерін шешу мүмкіндігіне ие. Әрине, жинақталған сома аталған бастамаларға толық жетпейді. Десе де, ел азаматы ретінде баланың белгілі бір мөлшердегі капиталды игеруіне сеп болады. Сонымен бірге Ұлттық қордың жалпы табысының тең жартысы балаларға тиесілі болғандықтан мемлекет қордың кірісін арттыруға байланысты әрекеттерді жүзеге асыруды жоспарлар отыр. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

89 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз