• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Цифрландыру: жаңа индустрияға қадам

Қазақстанда алғаш рет Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мем­лекеттердің қатысуымен 2024 жылдың 1-3 ақпан аралығында «Digital Almaty-2024»: Х индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты форум өтті. Халықаралық іс-шара елімізде цифрлық индустрияның жаңа дәуірі басталғанын көрсетті.  

Ақпараттық технологиялар соңғы жылдары экономика мен қоғамдық өмірдің барлық саласына қарыштап еніп, шекарасын айтарлықтай кеңейтті. Интеллектуалды-роботтық жүйелерді жетілдіру, жаппай бағдарламалық қамтамасыз етуге көшу, білім және басқа салаларда интернет-платформаларды кеңінен пайдалану ХХІ ғасырдың экономикалық даму векторына түбегейлі әсер етіп отыр. Әсіресе, COVID-19 пандемиясы халықтың басым көпшілігінің цифрландыруға деген көзқарасы мен санасының өзгеруіне түрткі болды. Осы кезеңнен бастап, елімізде цифрландыру процесі жетілдіріліп, басым бағыттар айқындалды. Қазақстан осы саладағы табысты елдің біріне айналды. Соның ішінде цифрлық технологияларды енгізудің озық үлгісі – электронды үкімет азаматтардың игілігіне қызмет етіп отыр. Қазақстанның цифрлы әлемдегі жетіс­тігінің айқын көрсеткіші: еліміз БҰҰ-нің «Электронды үкімет» жаһандық индексінде 193 елдің арасында 28-орынды, ал «Онлайн-қызметтердің сапасы индексі» бойынша 8-орында иеленді. Мем­лекеттік қызметтер көрсету саласында мұндай нәтижеге әрбір қызмет пен өнімді кезең-кезеңмен іске асыру арқылы қол жет­ті. Egov қызметтері тұтынушыларға өте ыңғайлы, ақпаратты алу жылдам және оңай. Қазір цифрлы қолтаңбаны алу, сайтқа тіркелу де жеңілдеді. Egov mobile қосымшасы арқылы онлайн алуға болады. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылған. 
            

Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі. Сондықтан да мобильді қосымшаны белсенді қолданушылар саны 9 есеге өсіп, ай сайын 4,5 миллионға жетті. 
«Digital Almaty-2024» цифрлық форумын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ашты. Министр құттықтау сөзінде: «Digital Almaty» – бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар және IT-қоғамдастық кездесетін бірегей алаң. Форумда ұсынылған идеялар нақты шешімдерін табады. Оған жарқын мысал: 2023 жылы Кремний алқабында Silkroad Innovation Hub құрылуы. Бүгінде хаб жаңа стартап жобалардың тартылыс нүктесіне айналды әрі өңірімізде цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейтуде күш-жігерін біріктірді. Бұл жерде стартаперлер өз идеяларын көрсетуге және инвесторлар табуға мүмкіндік алады», – деп атап өтті. 
ШЫҰ және ЕАЭО елдері мемлекет қайраткерлерінің, жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлердің басын біріктірген Алтыншы форумның тақырып аясы өте кең болды: өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және GovTech, 4.0 Индустриясы, ESG, Smart City және басқа да салалардағы инновациялық шешімдер. Панельдік пікірталастарға халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысты. Олар экономика мен инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолдануда жеткен табысты оқиғаларымен бөлісті. 
Форум аясында отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық ком­паниялардың көрмесі ұйымдастырылды, оған қатысушылар IT-экожүйесі саласындағы жетістіктері мен өнертабыстарын көрсетті. Көрмеде 300-ден астам отандық және халықаралық компаниялардың, сондай-ақ цифрландыру бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың цифрлық жобалары ұсынылған. Оның ішінде Freedom Bank, отандық жер қойнауын пайдаланушылар, Yandex, KCell, Tele2 және басқалары бар. 
Форумның алғашқы күні өткен «GovTech X: мемлекеттік басқаруды жаңғырту үшін цифрлық құралдар» атты панельдік сессияда GovTech экспорты бойынша іске асырылып жатқан бастамалар сөз болды. Президент Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында алға қойған 2030 жылға қарай елімізде IT қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Өйткені Қазақстанның сәтті тәжірибесіне қызығушы елдер баршылық. Мысалы, форум аясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі, «Smart Bridge», «Мемлекеттік органдардың Интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы» секілді еліміздің электронды үкіметті дамытудағы IT-шешімдері Қырғызстанға экспортталады. GovTech саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсеткен Қазақстанның электрондық үкімет өнімдері Тәжікстан Республикасына да ұсынылды. 
Сондай-ақ, форум алаңында сала­лық министрлік пен Сьерра-Леоне Респу­бликасының Байланыс, технологиялар және инновациялар министрлігі арасында АКТ саласындағы ынтымақтастық (ICT Cooperation) және Того Республикасының Цифрлық экономика және трансформация министрлігі арасында АКТ және электронды мемлекеттік қызметтер саласындағы серіктестік туралы ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. 
Цифрлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында министр Бағдат Мусин ин­новациялық экожүйені одан әрі дамыту және стартап-жобалар мен компанияларға жан-жақты қолдау көрсету үшін ШЫҰ-ға қатысушы елдер технопарктерінің бірлескен Альянсын құруды ұсынды. 
«Альянстың негізгі мақсаты – стартап-жобаларды және технопарктер тәжірибесін өзара алмасу, стартаптарға нарыққа шығуға көмек көрсету, ортақ венчурлық қор құру, бірлескен инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды оқыту, 24/7 режимінде қолжетімділігі бар тегін жұмыс кеңістігін қамтамасыз ету, стартаптарға тегін баспана беру мүмкіндігін ұсыну, ШЫҰ елдері мүшелерінің технопарктерінде B2B кездесулерін ұйымдастыра отырып, шешімдерді масштабтау, сондай-ақ гранттар мен қолдау шараларын көздеу», – деді министр. 
Министрдің айтуынша, жаһандық әлеммен технологиялық байланысты жақсартуда ынтымақтастықтың тағы бір бағыты талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу болуы мүмкін. Бұл орайда Қазақстанның жоғары транзиттік әлеуетін пайдалануға мүмкіндік бар. 
Сондай-ақ, елімізде «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда транзиттік трафикті өңдеу және сақтау үшін ірі Дата-орталықтар салу жоспарланған. 
Өткен жыл бүкіл әлем елдері үшін жасанды интеллектінің өміріміздің барлық саласына енуімен есте қалды. ЖИ тақырыбы форумда да қызу талқыланды. Digital Almaty-2024 форумында Сингапур профессоры Үкімет қызметіне жасанды интеллект енгізу тәжірибесін бөлісті. SIT Сингапур тех­нологиялық институтының инженерия профессоры Якоб Ибраһим мемлекеттік басқаруға қандай IT-инновацияларды енгізгені туралы айтып берді. Сарапшының айтуынша, Сингапур үкіметі  ChatGPT-ді белсенді қолданады. Бүгінде ел үкіметі толықтай дерлік онлайн режимге ауысқан. Сонымен қатар, мемлекет «Smart Nation» – «ақылды ұлт» бастамасын енгізіп жатыр.  
«Біз «Smart Nation» жобасын шығарған кезде көптеген бағдарламаларды іске қостық. ChatGPT-ге де, генеративті жасанды интеллектіге де инвестиция құямыз. Мектептерде бағдарламалар әлдеқашан іске қосылған. 11-12 жылдан кейін Сингапур мектептеріндегі барлық студент бағдарламалау және алгоритмдік ойлауды үйренеді. Сондай-ақ, Сингапурдың әр азаматы IPad-ты үкіметтен алады, ол құрал болып есептеледі», – деді өз сөзінде Якоб Ибраһим. Сонымен бірге, IT-қоғамдастықтың алдында сенімді ақпаратты жалған ақпараттан ажыратуды үйрену міндеті тұрғаны да айтылды. 
Алматы форумының пікірталас алаңында 5G байланысы мәселесі де қозғалды. Телекомда көпжылдық тәжірибесі бар сарапшылар WiFi-ға қарағанда LTE / 5G мұнарасын орнату тиімділігін талқылады. 
«5-ші буын желілері мен жеке желілер шешетін мәселелер туралы айтар болсақ, бұл сенімді, берік және тиімді деректер ортасын қажет ететін кәсіпорындарды циф­рландыру мен роботтандыруды жал­ғастырады» – деді Ronex Security және Simsoul ком­панияларының бизнесті дамыту жөніндегі басшысы С.Смирнов. Сарапшы алдағы уақытта әлемде 15 миллионға дейін жеке 5G желілері іске қосылатынын айтып өтті және жеке желілерді орнату тиімді деген пікірді қолдады. «Жақында құрылғылар саны абоненттер санынан да асып кетуі мүмкін және бұл үрдіс соңғы бірнеше жылда өзгермейді», – деп атап өтті маман. 
«Digital Almaty-2024» алаңында Қазақстан мен ЕАЭО елдері Үкімет басшы­ларының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Үкімет басшылары сауда-саттық, көлік және логистика, цифрландыру, құжат айналымы және т.б. салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
 «Digital Almaty-2024» форумын қорытындылауға арналған брифингте айтылғандай, айтулы іс-шараға 20 мыңнан астам адам қатысты. Соңғы күні IT-сала сарапшыларының қатысуымен 14 панельдік сессия өтіп,  4 меморандумға қол қойылды. Іскерлік бағдарламаға 300-ге жуық спикер қатысты, оның 70-і шетелдік сарапшылар. «Digital Almaty-2024» алаңы серіктестікті алға қою және цифрландыру саласында тәжірибе алмасу үшін зор мүмкіндік болды. Мұнда B2B форматында 60-қа жуық кездесу және жер қойнауын пайдаланушылар мен стартаптар арасында 50-ден астам питчинг өтті. 
Алдағы уақытта Sergek Group компаниясы Индонезияда бірлескен пилоттық жобаны іске қосады. Қазақстандық мамандар талдау, мониторинг және зияткерлік көлік жүйесі, сондай-ақ экология және жол қауіпсіздігіне қатысты шешімдерді экспорттайды. 
Алғашқы екі күнде 30-ға жуық мем­орандумға қол қойылды. Freedom Holding Corp. Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясымен меморандумға қол қойды. Форум барысында компания басшысы Тимур Турлов «Арал теңізін қолдауға арналған Эко-карта» жобасын ұсынды. Жобаның негізгі идеясы – жойылып бара жатқан теңізді құтқару қорына 10 пайыздық кэшбек аударып отыру. Форумның соңғы күні «Digital Almaty-2024» алаңында жалпы жүлде қоры $180 000 болатын ең ауқымды Industry 4.0 Startup Battle өтті. 
Цифрландыру – күрделі және көп қырлы процесс. Алматы форумы бұл процесте еліміздің көш алдында екенін көрсетті. 

Дина ХАЛЫҚ


 

83 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз