• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2024

Жаңа бағыттың білгірі

Технология қарыштап дамыған сайын оның ғаламат жетістіктері адамзат баласын таңғалдырумен келеді. Соның бір саласы – роботтехника. Роботтехниканың қыр-сыры туралы біз Әлия Арыстанбек есімді маманнан сұрап білген едік. Әлия Арыстанбек – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 2019 жылы «теориялық физика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әрі қарай Италияның Генуя университетінің роботехника инженері мамандығының магистратурасына түскен. Бүгінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатыр. Студент кезінен шетелдерді аралап, осы саланы зерттеп көріп жүрген ол роботтехниканың әлемнің таптырмас бөлігіне айналып келе жатқанын айтады. 
 

Роботтехника қазір қай салада болмасын, таптырмас ақылды құрылғы екені белгілі. Бірақ, роботтехниканың негізгі ұғымын білмейтін адамдарға Әлияның айтары жетерлік, себебі көбісі «робот» деген сөзді естісе, тек адам секілді роботтарды елестетеді дейді. 
«Роботтехника – ол супермаркеттегі қимыл-қозғалыс арқылы ашылатын есіктен бастап, үлкен зауыттағы автоматты қолдар, жасанды интеллект арқылы жасалған медицина құралдарын, протездерге дейін қамтиды» деп түсіндіреді. Ал бұл саланың қарқынды дамуын адамның қажеттіліктерімен байланыстырады:
 – Қазіргі таңда әлем өте қарқынды дамуда. Адамдар сол қарқынға ілесу мақсатында бір күннің ішінде миллиондаған ақпаратты миынан өткізеді. Ал бұлардың барлығы адамдарды тез қажытып, шаршатып, тіпті психологиялық дерттерге алып келеді. Адамдардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдету үшін түрлі роботтарға деген сұраныс артты. Бастапқыда ол зауыт фаб­рикаларда болды, сосын медицинаға өтті, қазір адамның күнделікті өмірінен де орын алып жатыр. Даяшы, аудармашы, пошташы қызметтерін еркін және тұрақты түрде роботтарға тапсыра алатын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Өнеркәсіптің тез дамуы, тұтынушылардың сұранысының саны мен талаптарының артуы жаппай автоматтандыру мен роботтандыруға алып келді, – дейді Әлия. 
Роботтехниканың бүгінде жеткен жетістіктері көп екені белгілі. Әлемдік аренада жаңа күш, жаңа серпіліс етек жая бастағаннан бастап, Қазақстан өз қатарластарынан қалмау үшін барын салып келеді. Шет мемлекеттерде қарқынды дамып жатқан саланы меңгеру үшін көп күш салынып жатқаны белгілі. Дегенмен Қазақстан мен АҚШ мемлекетін салыстыру қисынға келмейді дейді ол. 
«Өкінішке қарай, мен елімде жарты жылдан аз уақыт қана жұмыс істеп үлгердім. Сол арада Қазақстан нарығына сервистік роботтарды енгізумен айналыстым. Алматы қаласы бойынша тек бір жерден ғана робот даяшыны көрген шығармын. Бизнес келісімдер жүргізу барысында халықтың басым бөлігі әлі де роботтандыру қарсы екенін байқадым. Оның да өзіндік себептері бар. Алайда, мен роботтар жұмысты жеңілдетіп, кәсіпкерге табысын арттыруға үлкен көмек болатынын жеткізуге тырыстым. Менің ойымша, алдағы жиырма жылда Қазақстанда да сервистік жұмыстардың басым бөлігі роботтарға өтеді деп ойлаймын. Мен Алматыда роботтехника мамандығынан жеке мектепте сабақ бердім, балалардың қызығушылығы жоғары. Алпауыт АҚШ-пен салыстыруға келмейді, әрине, әр елдің өзінің тарихы, экономикасы әртүрлі болғандықтан, салыстыру қисынсыз деп те білемін. Бастысы бізге жаңашылдыққа дайын болу керек» деген Әлия аталған салаға өскелең ұрпақты бейімдеу жайындағы мәселелерді де алға тартты. 
– Қазақ оқушылары жақында әлемдік роботтехника жарысынан алдыңғы орынды иеленді. Бұл дегеніміз үлкен жетістік. Мектептердің көбісінде роботтехника сабақтары бар. Бірақ, роботтехника сабағы болғанымен, оны үйрететін маман тапшы. Роботтехникадағы жетістіктерді роботтар санымен дәлелдесек, нұр үстіне нұр болар еді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, техникалық мамандықтарға көп көңіл бөлінсе, өндірістік сала дамиды. Қазіргі таңда, елімізге роботтехниканы жетік білетін, үйрететін мамандар керек. Роботтар қоғамда белсенді болған күнде, олардың баптауларын жасай алатын дәрежеде болуымыз қажет, – дейді. 
Әлияның айтуынша, автомат­тандырылған заттар Америка тұрғын­дарының күнделікті өміріне сіңіп кеткені және осындай жаңашылдыққа қазақ қоғамы да алдағы уақытта дайын болуы керек. 
 Білікті маман әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың теориялық физика мамандығын оқып жүріп, алғаш рет осы елге студенттік бағдарлама бойынша барған екен. Сол жақта пошта саласындағы робот қызметкерлерді көріп таңғалыпты. Роботтарға деген қызығушылығы сол кезден бас­талған екен. Оқуын бітірген соң білімін әрі қарай шыңдау үшін, жоғарыда айтқанымыздай, Италияның Генуя университетінің роботтехника инженері мамандығына магистратураға түсуді жөн көріпті. 
АҚШ-та роботтарды кездес­тіру аса таң­ғалатын дүние емес екен. Автомат­тандырылған заттар бұл елде кең таралған. Адамға төленетін еңбекақы жоғары болғандықтан, кәсіпкерлердің басым бөлігі роботтар мен роботтехникаға жүгінгенді қолайлы көреді. Мысалы, кофе жасайтын аппарат екі барменді бірден алмастыра алады. Ол дегеніміз арзан, жылдам әрі түскі үзіліске шықпайтын құрылғы. Біз кезінде қайран қалған фантастикалық болашақ бүгінде таңғалатын дүние емес. Себебі әлем әлдеқашан алға қарай адымдап кеткен. Өзіміз фильмдерден тамашалайтын роботтық жүйе қазір де кең етек жайып отыр. Әлияның пікірінше, бұл болашақ емес, қазіргі кез. Тоңазытқыш­ыңызды тексеріп, керек азық-түлікті өзі онлайн тапсырыс беріп, тамағыңызды да істеп, кофе, шайыңызды дайындап беретін робот ас үйлер қазірдің өзінде қолданыста. Роботтармен қыдыратын адамдарды да көзіміз шалды. Енді тек, таңқалатын дүние қажет болса, ол «уақыт көлігі» болар. Әлем физиктері кванттық механикада бір жаңалық ашса, мүмкін бұл да бұрын ертегі болып көрінетін ұшақ іспеттес болатыны анық. Ал пайдалы роботтар санатына, Әлия өзі айналысқан жобадағы әртүрлі тілді меңгерген, әр елдің мәдениетіне бейім гуманоидтық роботты қосады. 
«Менің диссертациялық жұмысым және студенттік кездегі жобам әртүрлі мәдениетке бейімделе алатын және әртүрлі тілді түсініп сөйлей алатын гуманоидтық роботты жасау болды. Қонақ үйлерге әртүрлі ұлт өкілдері келеді, ал робот сол тұтынушының тілінде сөйлеп, оған өз елінің мәдениеті жайлы, өз елінің ұлттық тағамдары жайлы еркін ақпарат бере алады. Саяхаттайтын елдің тілін білмейтін турист болса, осындай роботтар таптырмас көмек құралы болар еді» деді Әлия. 
Әлемде робот деген атау пайда болғалы олардың ақыл, ойлау жүйелері туралы сауалдар жиі туындады. Сол себепті роботтың дамуымен қатар жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған және оның адам үшін де көп пайдасы бар. 
– Жасанды интеллект адамның өмірін жеңілдетуде таптырмас құрал. Кез келген туындының пайдасы да, зияны да болады. Бастысы балансты сақтау. Адамның ойынан ұшқыр ешқандай жасанды интеллект, робот жоқ. Сыни мәселелерді тек адамның миы ғана шеше алады. Кейде физикалық тұрғыдан адам істей алмайтын әрекет немесе өңдей алмайтын ақпарат болады. Сондай кезде жасанды интеллект таптырмас құрал. Жасанды интеллектінің дамуы тікелей роботтармен байланысты, себебі роботтар бастапқыда әрі кетсе 20-30 алгоритмнан тұратын жадпен ғана жұмыс істеді. Роботтарды толықтай жұмысшы, көмекші деп атау қиындау еді. Роботтардың дамуы жасанды интеллектің дамуына алып келді деп толықтай айта аламын, – деді Әлия Арыстанбек. Жалпы, қоғамда роботтардың адам басқаруынан шығып қалуы, әлемді жаулауы туралы үрей жетерлік. Қазір роботтар адамдарды шахматтан жеңіп жатқаны белгілі. Жаңалықтардан робот қолынан қаза тапқан жұмыскерлер туралы да естіп жатырмыз. Оған қоса жасанды интеллект бар, лезде шешім қабылдауға көмектесетін «big data» бар. Әлияның пікірінше, адам басқаруынсыз ешқандай робот болмайды, ал оған барлық ақпаратты тек адам енгізеді, ол әлемдік қауымдастықтың басқаруы арқылы бақыланады.  Кәсіби маманның пайымдауынша, роботтехника нарығына қатысушылар­дың ұлттық қауымдас­тығының (NAURR) келісімі бойынша, адамзатқа қауіп төндіретін іс-әрекет роботқа енгізілмеуге тиіс екен. Жасанды интеллект те, робот та адамға тәуелді. Бұл қауымдастық әлемде бар басқа қауымдастықтар секілді маңызды. Ол бір келісімде қалу, әрқашан дұрыс шешімге келу сияқты маңызды мәселелер үшін құрылған. Ал роботтан үрейлену – роботтың жұмыс механизмін түсінбегендіктен болуы керек. Себебі, роботтар адам болмаса қызмет көрсете алмайды. Оларды құрастыратын да, жоятын да біз. Оларға теріс әрекеттер енгізілмеуін жоғарыда атап өткен қауымдастық қатаң бақылауда ұстайды. Роботтардың дамуы, қазір тоқтата алмайтын үрдіс екені белгілі. Қазірдің өзінде адамды роботтар алмастырып жатса, болашақта бұдан да көп болатыны белгілі. Бірақ осыдан 30 жыл бұрын адам қазіргі күнді ертегі санайтын. Бірақ бұл таңғажайып емес, бұл шындық. Сондықтан болашаққа нық сеніммен қарауымыз керек деп топшылайды Әлия. Олай болса, алдағы 30 жылдықта әлем қандай өзгерістерге ұшырайтынына байланысты төмендегідей болжамымен бөлісті. 
– Қазір экология мәселесі өршіп тұр. Сол себепті, электр көліктер бензинмен жүретін көліктерді нарықтан ығыстырып жатыр және көбінде автопилот режимі іске асырылуда. Алдағы 30 жылда жүргізушінің басым бөлігі автопилот режиміне өтіп, күнделікті өмірде кемінде бір робот қызметшіні көру ғажап емес, – деді Әлия Арыстанбек. 
Сөз соңында айтарымыз, Әлия өзі секілді жас мамандардың қазақ елін дамытуға атсалысатынына сенімді. Бұл орайда мемлекетіміз жастардың қызығушылығына қолдау көрсетсе, Қазақстан қай салада болса да биік жетістіктерге жете берері кәміл. 
                    

Әділет МЕЙІР

208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз