• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2024

Өзі бар, орны жоқ мамандық

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 2024 жылғы №1 санында «Алматыда аншлаг, өңірлерде көрермен аз» деген тақырыппен теа­тр сыншысы Амангелді Мұқанның сұхбаты жарияланған еді. Сұхбат барысында театр сыншысынан: «Қазір театрларда драматург деген штат бар ма?» – деп сұрағанбыз. «Штат жоқ. Театрдағы драматург «Әдебиет бөлімінің меңгерушісі» деген штатта отыр. Драматургті штаттық бірлікке енгізсе, театрларда өрлеу болатын шығар. Олар айлықты редактор ретінде алып, драматургтің жұмысын атқарады», – деп жауап берген еді театр сыншысы. Осыған орай, «Ақиқат» журналының тілшісі еліміздегі бірқатар театрға драматург штаты жайында сауал жолдаған. Тілші сауалына Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының өкілдері жауап берді. 
 

 

Мадина Омарова, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры әдеби-драма бөлімінің басшысы, драматург:

Драматург театрал болуы керек

– Сіздердің театрда драматург деген арнайы штат бар ма? 
– Қазақстан бойынша драматург деген арнайы штат бірлігі жоқ, бірақ біз кәсіби драматургтердің театрда қызмет етуіне мүдделі болғандықтан, редакторлық штат бірлігіне пьеса жазып көрініп жүрген мамандарды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар театрдың Әдеби-драма бөлімінде, Маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінде қызмет етеді.Кәсіби драматургтерді не үшін ұстап отырмыз? Себебі қойылатын пьесалар кейде қосымша жұмысты, түзетуді, өзгертуді талап етеді. Режиссерлар, актерлер ол жұмысты дәл жазушыдай атқара алмайды. Сондықтан біз бөлімдегі драматургтерді шақырып, өндірістегі пьесаны қажетті формаға, мазмұнға сәйкестендіріп аламыз. Немесе мемлекет тарапынан белгілі бір тақырыптарда спектакль қоюға арнайы тапсырыс болады. Ондай кезде де штатта филолог немесе редактор емес, драматург болғаны ләзім. 
– Мұндай штат болмауына не себеп? 
– Ақын немесе жазушы деген штат бірліктерінің болмайтыны тәрізді, драматург деген штаттың да болмауы заңды деп ойлаймын.
– Театр тарихында ондай штат болып па еді? 
– Осы бүгінгі күнге дейін театрда Әдебиет бөлімінің меңгерушісі (завлит) деген штат болатын. Біздің театрдың тарихында «зав­литтер» Мұхтар Әуезов, Қалихан Ысқақ, Исраил Сапарбай, Әшірбек Сығай, Асқар Сүлейменов тәрізді қазақтың біртуар азаматтары болды. Олардың көпшілігі майталман жазушы, ғалым ғана емес, драматург те болатын. Драматург кәсібі театр қызметінің ажырамас бір бөлігі болғандықтан, олардың театрдан табылуы заңды.
– Драматург деген штатты ашу театрдың құзыретінде ме, әлде министрліктің ықпалымен бекітіле ме?
– Оны тек министрлік белгілейді. Театр өз бетінше штаттық бірлік аша алмайды.
– Драматург штатының болмауы театрдың пьесалар қорына әсер ете ме? 
– Негізі әсер етпейді, себебі пьесаларды сырттағы авторлар да ұсынып жатады. Драматургия жанры бойынша әлем әдебиетінің алтын қоры жеткілікті. Заманауи драматургия бағыты да қарқынды дамып келеді. 
Пьеса тапшы емес, тіпті мол деп айтуға болады. Бірақ драматургтердің кәсіби шеберлігі театр талаптарына сай келмейді. Барлық мәселенің өзегі осы жерде. Драматургия – проза емес, оның өз заңдылықтары бар. Оларды білу, сезіну үшін театрға арнайы пьеса жазамын деген қаламгер бірінші кезекте театрды сүюі керек, актер ойыны дегеннің не екенінен хабары болуы керек. Ол үшін драматургтің театрал болуы шарт. Тіпті театрда қызмет етуі қажет. Сонда ғана ол театрлар үшін сұранысқа ие шығармалар жаза алады.

Құрман Қалымов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры: 

Бір театрды бір драматургке байлай алмаймыз

– Біздің театрда драматург деген арнайы штат жоқ. Сәкен театрында бұрын ондай штат болды ма, болмады ма, білмеймін. Мен білетін кезеңнен бері және қазір ондай штат жоқ. Драматург деген штатты ашу театрдың өз құзыретінде. Егер театр әкімшілігі арнайы драматург деген маманды қажет ететін болса, облыстық мәдениет басқармасына арнайы ұсыныс жолдап, штаттық кестеге өзгеріс енгізу арқылы аша алады.
Штаттың болмауы театрдың пьесалар қорына еш әсер етпейді. Өйткені драматургтердің пьесалары барлық театрдың электронды поштасына жолданады және жыл сайын өтетін «Тәуелсіздік толғауы» сияқты қазақ драматургтерінің бәйгесіне ұсынылады, бәйгеден оқ бойы озып шыққан пьесалар да еліміздегі театрларға жолданады. Олар көркемдік кеңестің талқысына салып, таңдайды. 
Меніңше, театрда драматург деген штаттың болуы шарт емес. Өйткені режиссер қойғысы келген пьесаны өзі іздейді, өзі табады. Бұл жерде режиссердің шығармашылық еркіндігі маңызды. Бір театрды бір драматургке байлап қою, меніңше, дұрыс емес. Бір драматургтің шығармасы бірнеше театрда жүруі мүмкін. Мәселен, Дулат Исабековтың бір пьесасы қаншама театрда қойылды. Егер Дулат ағамыз бір театрда байланып отырса, ол драма жаза ма, театрдың күнделікті шаруасымен айналыса ма?.. Сол себепті драматург еркіндікте болуы керек. Қазір пьеса тапшы емес. Мәселе санында емес, сапасында. Кез келген пьесаны сахнаға шығара алмайсың. Қазіргі жас драматургтердің шығармаларында көп дүние айтылып жатқан шығар, ол бірақ аздық етеді. Кейде кәсіби драматургтің жазған шығармасынан гөрі, драматургияға қатысы жоқ жандардың жазғаны тәуір болады.  
Расында, ешбір мекемеде ақын мен жазушы деген штат болмаған соң, драматург деген штаттың болмауы бір қарағанда қалыпты дүние секілді. Драматург сөзінің анықтамасында да «еркін суреткер» деп жазылғаны белгілі. Дегенмен, театрды қазіргі заман тілімен шығармашылық тауар өндіретін, сол өнімін театрға жақын тұтынушыға сататын өндіріс орны деп есептесек, бүгінгі Қазақстан теа­трлары шикізатқа, яки шикізатты өндірушіге зәру болып отыр деген тұжырым жасауға тура келеді. Содан да болар, театрдағы әдебиет бөлімінің мамандары бір қайнауы ішінде қалған, сапасыз өнімдерді қайта өңдеуге көп уақыт жұмсайды. Оның үстіне театрдың ерекшелігін білмейтін драматург театрдың ішкі талаптары мен режиссердің кәсіби талабына сай пьеса жаза алмайды. 

Тақырыпқа орай Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кинотеледраматургия» мамандығының түлегі, жазушы Әлішер Рахатқа хабарласып, шағын сұхбат құрдық. 

Айлығы аз жұмысқа барғым келмеді

– Драматургия курсына түсу о бастағы шешіміңіз бе?
– Мектеп жасынан проза жаздым. Сценарийін өзім жазып, өзім режиссер болып фильм түсіргім келді. Сондықтан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссура мамандығына түсуге шешім қабылдадым. Алайда, консультация кезінде ойым өзгерді. Оған бірнеше себеп бар. Менімен бірге режиссураға келген талапкерлердің бәрі дерлік қысқаметражды фильм яки бейнеролик, клип түсіріп әкелді. Мен бір бума газет-журналды апарғанымда режиссер ағай драматургияға баруға кеңес берді. Содан Сұлтанәлі Балғабаев ағайымның курсына түстім.
Төрт жыл оқыдық. Үйренген дүниеміз көп. «Кинотеледраматургия» мамандығы, аты айтып тұрғандай, кинодраматург, теледраматург, драматург болуға дайындайды. Театр тарихы, кино тарихы, заманауи кинодағы үдерістерді білдік, ең үздік картиналарды көрдік, ең үздік пьесаларды оқып, талдадық. Мұның бәрі кейіннен маған үлкен азық болды. Киноны талдағанда психоанализді оқуға тура келді. Солай бізде талғам қалыптасты деп айтар едім.
– Оқуды бітірген соң қай жерде жұмыс істедіңіз? 
– Бір топта 8 адам оқыдық. Өкінішке қарай, жұмыс істеген жоқпын. 
 Оқу бітірген шағымда театрдың әдебиет бөлімінде бос орын болды, өзім барғым келмеді. Себеп – айлығы аз, әрі ол жақта шығармашылықтан гөрі бітпейтін құттықтау, баспасөзге материал беру сияқты «қара жұмыс» көп. Ал бірге оқыған әріптестерім Қазақстанның әр өңірінде теа­трда қызмет етті, әлі де жұмыс істеп жүр. 
– Жас драматургке жұмыс табу қиын емес пе?
– Шынымды айтсам, нақты білмеймін. Жас маманға кез келген салада жұмыс табу қиын ғой. Бір шетінен жазушы деген штат болмайтыны бар. Дәл солай драматург деген штаттың болғаны қызық сияқты. Штатта жүріп, өнімді еңбек етіп жүрген бірді-екілі ғана драматург бар. Олардың өзі ол штатсыз да танымал. Ал драматург қандай жұмыс табуы мүмкін? Әдебиет бөлімінде қызметкер болар, бірақ ол драматург емес. Редактор, журналист болуы мүмкін, бірақ ол мүлде басқа сала... Драматург тек үйінде, яки кофеханада отырып жаза алады. Оны режиссер қоя ма, жоқ па, ол белгісіз. Драматургтердің көрген күні осындай... 
– Театрларда драматург деген штат болғаны дұрыс деп ойлайсыз ба, әлде керек емес пе?
– Шынымды айтсам, қазіргі таңда қажеті жоқ сияқты. Оданда сол драматургтердің бірді-екілі пьесасын қойып, лайықты қаламақысын төлесе, жеткілікті секілді. 
                 

           ***

Қоғамның әр саласын сол саланың білікті маманы дамытады. Кадрдың біліктілігі теориядан гөрі тәжірибеде жетіледі. Осы мақаланы дайындау барысында біз театр драматургтері тео­рия жүзінде бар болғанымен, олардың кәсібін шыңдайтын, тәжірибесін арттыратын іс-тәжірибе нысаны жоққа тән екенін ұғындық. Ал тәжірибе көрмеген маман әлсіз болатыны, оның шығармасы сапасыз болатыны мәлім. Мұндайда жастарға берілген теориялық білім суға кетіп, құмға сіңгендей болмай ма?
Осындай сұрақтармен Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің Өнертану кафедрасының оқытушысы Ұларбек Нұрғалымға хабарластық. Оның айтуынша, биыл ашылғанына 25 жыл болған оқу орнында Өнертану кафедрасы 15 жыл бұрын жазушы-драматург Әкім Тарази, театр сыншысы Әшірбек Сығай, кинотанушы Бауыржан Нөгербек сынды тұлғалардың бастамасымен ашылған. Кафедра «Театр­тану», «Кинотану», «Кинотеледраматургия» мамандықтары бойынша білім береді. Оқу орнын жылына «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша 4-5 студент бітіреді. Мемлекеттік грант ұзаса төртеу, әйтпесе одан аз, ақылы оқитындар да бар.
Түлектер көбіне телеарналарда, кинокомпаниялар мен театрлардың әдебиет бөлімінде қызмет істейді. Нұрғалым мырза біздің «Оқытушы ретінде театрларға арнайы драматург деген штат керек пе?» деген сауалымызға: «Жоқ, қоятын шығарманы тапсырыспен жаздырып қойып жүр ғой. Ал, бір театрдың бүкіл қойылымын штаттағы бір-екі адам жазбайтыны анық. Көбінесе әдеби кеңесші, көркемдік жетекші деген қызметте біздің мамандықты бітірген қыз-жігіттер жүр», – деп жауап берді. 
Сонымен, театрларда драматург деген штат жоқ. Сала өкілдері арнайы штат қажет емес дейді. Кейбір өнер ұжымында әдебиет бөлімін бұрнағы жылдардағыдай драматургтер басқарғанымен, яки қызмет еткенімен, олар пьеса жазудан басқа жазба жұмыстармен айналысады. 
Пьеса тапшы емес, тіпті көп деуге болады. Бірақ сапасыз, театрдың кәсіби талаптарына сай келмей жатады. Театрдың ішіндегі адамның пьеса жазуға мұршасы жоқ, сыртында жазылғанның көбі сапасыз. Енді бір сауал ғана жауапсыз қалды. «Теа­тр сыртында жазылған шығарма қалай театрдың ішкі талабына сай болады?». 

Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз