• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТАРИХЫ МЕН ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛЫ (ХХ ҒАСЫР)

ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы большевиктік саясаттың негізгі бағытының бірі ретінде кеңестік денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен қалыптастыруға баса назар аударылды. Революция мен азамат соғысы жылдары қазақ даласында ғана емес, бұрынғы Ресей империясының бірқатар аумақтарында кең етек жайған аштық салдарынан сүзек, тырысқақ, безгек және басқа да жұқпалы аурулар індетке айналды. 
Осы себептен кеңес билігі үшін елдегі денсаулық сақтау мәселесі өзекті және өткір сипатқа ие болды. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген отарлау саясатының салдары, білікті медициналық кадрлардың жоқтығы мен дайындалмауы, дала өлкесінде емдеу мекемелерінің салынбауы, дәрі-дәрмек тапшылығы онсыз да ауыр жағдайды одан бетер қиындата түсті. Екінші жағынан жаңадан құрылған кеңестік Ресейде бұл саланы бірден ретке келтіруге қаржы тапшылығы қолбайлау болды.
Осындай экономикалық ауыр жағдайға қарамастан Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі кеңес билігінің орнауымен қатар жүріп, патша заманымен салыстырғанда мүлдем жаңа негізде құрыла бас­тады. Қазақ даласында революцияға дейін халыққа медициналық көмек көрсету санаулы емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда жүргізілді. Өткенге көз жүгіртсек, Дала өлкесінің бүкіл аумағында 1913 ж. небәрі 244 дәрігер мен 393 фельдшер, 1800 төсекке арналған аурухана болды [1]. Ал ұзақ жылдар Қазақстанның денсаулық сақтау саласына басшылық еткен С.А. Чесноковтың зерттеу еңбегінде төңкеріске дейінгі кезеңмен салыстырғанда республикада 1800 төсектік 98 аурухана, 96 дәрігерлік амбулатория болғандығы айтылады [2]. Мысалы, бір ғана Орал өңірі аумағында бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 46 дәрігер, 41 фельдшер, 27 акушер және 35-ке жуық дәріхана қызметкері, ал азаматтық бөлімде облыс бойынша 156 тұрақты емдеу төсегі тіркелген. Ал Орал казак әскеріне 11 дәрігер, 56 фельдшер, 27 акушер, 296 госпиталь төсегі қызмет етті. Облыста обаға қарсы күшті ұйым болды. Орал қаласында обаға қарсы орталық бактериологиялық зертхана, Жымпиты мен Калмыковода бактериологиялық станциялар жұмыс істеді. Бұл пункттерде сол тұстағы экономикалық күйреу жағдайының өзінде обаға қарсы мүлік қоймалары жабдықталды [3].
Өмір сүру жағдайының қиындығы, антисанитария, індеттер, арнайы медициналық көмектің болмауы жергілікті халықтың ауыр әлеуметтік ахуалының бас­ты көрсеткішінің біріне айналды.
Кеңестік Ресейде тұрғындарға алғаш рет медициналық көмек көрсетудің тегін және жалпыға қолжетімді сипатын жариялаған денсаулық сақтау жүйесін орталықтандыру мен ұйымдастырудың біртұтас қағидаттарын 1918 жылы маусымда РКФСР Денсаулық сақтау халық комиссары Н.А.Семашко Депутаттар кеңесі медициналық-санитарлық бөлімдерінің Бүкілресейлік съезінде жариялады. Әлеуметтік-экономикалық құлдырауға қарамастан, революция мен бірінші дүниежүзілік соғыстан қажыған кеңес мемлекеті жоғары сапалы медициналық көмекті дамытуды жоспарлау арқылы азаматтарының өмірі мен денсаулығын жақсартудың жаңа бағдарын анықтады. Осылайша, кеңес өкіметінің нығаюымен және КСРО аумағының кеңеюімен жаңадан құрылған одақтық республикалардың барлығында денсаулық сақтауды ұйымдастырудың мемлекеттік үлгісі жұмыс істей бастады. Қазақ өлкелік әскери революциялық комитетінің (Қазревком) 1919 ж. 12 қыркүйекте шығарған шешімінің негізінде жаңадан денсаулық сақтау бөлімі ұйымдастырылып [4], оған алғашында жетекшілікті дәрігер О.Н. Шишкина басқарды, ал 21 қарашадан бастап 1920 ж. 13 қыркүйегіне дейін А.А. Демченко қосымша қызмет ретінде [5], одан кейін С. Арғыншиев [6] жүргізді.
Бастапқыда жаңа құрылған Қырғыз (қазақ) денсаулық сақтау бөлімінің құзырымен жүргізілетін жұмыстар тек ұйымдастырушылық бағытта жүреді деп жоспарланды. Бірақ сол кезеңдегі елдегі ахуалға байланысты денсаулық сақтау бөлімінің қызметінің ауқымы тым кең, ал өлкедегі халықтың тығыздығы өте төмен еді. Өйткені, кеңес билігінің алғаш кезеңінде Қазақ өлкесінің құрамына халықтың тығыздығы бірдей Торғай, Орал облыстары және Бөкей ордасы, Семей және Ақмола облыстары да өз басым бөлігінде кірді. Сонымен бірге, соңғы 2 облыстың Қазақ өлкесінің құрамына кіруіне қатысты мәселе де дәл сол уақытқа дейін әлі түпкілікті шешімін таппаған болатын.
Қазақ өлкелік денсаулық сақтау бөлімінің есебінде көрсетілгендей, осы соңғы екі облыстың өзін ғана алғанда оның қызмет көрсету аясына кіретін аумақ территориясының ауқымдылығы, әрі қатынас құралы – жол ауыртпалығы мен көлік тапшылығы, тіпті оның негізгі күретамыры – Орынбор-Ташкент теміржолының істен шығуы, әрине, ұйымдастыру жұмыстарына барынша кедергі келтірді және қиындатты. Сонымен қатар, азамат соғысының салдарынан бүкіл медициналық-санитарлық желі мен база қирады. Дәрігерлік және фельдшерлік учас­келер медицина қызметкерлерінсіз қалды, тіпті жергілікті жердің өзінде Қазденсақтау бөлімімен тікелей байланысы мүлдем болған жоқ. Оның үстіне аймақтағы бөртпе және қайталама сүзек індетінің жаппай таралуына байланысты ахуал одан да күрделене түсті. Сондықтан БОАК пен РКФСР ХКК-нің біріккен декретіне сәйкес Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Республикасының және Орынбор-Торғай губерниясының құрылуына байланысты Қазақ өлкелік денсаулық сақтау бөлімі өзінің барлық ұйымдастыру жұмыстарын қайта қалпына келтіруге тура келді. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан бөлім өзінің негізгі міндеттерін шешуге барынша күш салды.
Өлкелік денсаулық сақтау бөлімінің жұмысын меңгеруші, екі іс жүргізуші және 3-4 кеңсе қызметкері бастады. Тиісті қызметкерлердің тапшылығына байланыс­ты оның құрамында ешқандай бөлімшелер ұйымдастырылмады. Тек 1920 ж. қаңтардың соңына қарай емдеу, санитарлық-эпидемиологиялық, фармацевтикалық, статистикалық, бухгалтерлік және жалпы кеңсе секілді бөлімдер құрылып, Қазревкомның өзге бөлімдерінде және Орынбор қаласының басқа мекемелерінде мамандығы бойынша емес лауазымдарды атқарған әртүрлі қызметкерлер, негізінен дәрігердің көмекшілері арқылы жұмысын жолға қойып, күшейтті [7].
1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс пен 1917 ж. революциялық дүрбелең кезінде Ресейдің жекелеген аймақтары мен Қазақ даласын жайлаған құрғақшылық, аштықтың соңын ала жаппай жайлаған індет ауруларымен күрес барысында құрылған Денсаулық сақтау халық комиссариаты 1918 ж. көктемінен бұрыннан жұмыс істеп тұрған санитарлық бөлімдерді қайта құрумен қатар, жаңа бөлімдерді құруға кірісті. Губерниялық, уездік, қалалық, ауылдық санитарлық бөлімдер ашылғанымен, өлкедегі мамандардың тапшылығына байланысты олардың негізгі құрамын санитарлық қызметкерлер мен жергілікті кеңестердің мүшелері құрады. 
Мысалы, Орал өңірінде Қазан төңкерісінен бастап 1920 ж. ақпанына дейін өлкенің халық шаруашылығын күйреткен сұрапыл азамат соғысының зардабы ауыр болды. 1919 ж. 24 қаңтарда Орал қаласын қызыл армия алған соң, сол жылдың 1 ақпанында губерниялық денсаулық сақтау басқармасының негізі қаланып, басында бөлім бастығы, оның көмекшісі, фармацевтика бөлімшесінің бастығы, хатшы және кеңсенің шағын құрамы болды. Жаңадан құрылған губерниялық денсаулық сақтау басқармасының қызмет ету аумағына тек Орал округі кірді, Жайықтан тыс қалған аудандар ақ гвардияшылардың ықпалында қалды. Орал майданының жойылуымен, Орал маңындағы уездердің азат етілуімен жергілікті партия ұйымы, кәсіподақ және кеңес өкіметі басқарған жұмысшы-шаруа комитеттерінің басты назары облыстың бүкіл халқына тараған сүзек індетімен күресуге аударылды. 1920 ж. 15 тамызына қарай губерниялық денсаулық сақтау бөлімі келесідей бөлімшелерден құралды: 1) санитарлық-эпидемиологиялық – меңгерушісі дәрігер Генке; 2) терапевтік – дәрігер В. Тимофеев; 3) тіс емдеу секциясы – стоматолог Котков; 4) балаларды қорғау – дәрігер Закарьева; 5) әскери санитарлық – дәрігер Новиков; 6) статистикалық – дәрігер Любавин; 7) фармацевтикалық – фармацевт Таубин; 8) ана мен баланы қорғау – фельдшер-акушер Иноземцева; 9) сараптама бөлімі – меңгеруші дәрігер Дудинов; 10) шаруашылық бөлімшесі – Маклецов; 11) бухгалтерлік есеп; 12) хатшылық [8].
Республикадағы емдеу ісін ұйым­дастыруда кеңес құрылысының жалпы принциптерін, біліктілігін, жалпы қолжетімділігін және тегін медициналық және дәрілік көмекті басшылыққа ала отырып, губернияның денсаулық сақтау басқармасы Орал қаласы мен аттас губернияның аумағында жалпы саны 785 төсектік, індетке қарсыларын қоса есептегенде, 14 соматикалық аурухана орналастырды, оның ішінде (1914 жылға дейін облыс аумағында 296 төсек-орын), оның 400-і Орал қаласында және 295 губернияда. Жаңадан 16 дәрігерлік және 5 тіс дәрігерлік амбулатория, 30 төсектік 2 қабылдау бөлімі және 118 төсектік 10 дәрігерлік пункт, 57 фельдшерлік пункт, 17 акушерлік аудан, 10 төсектік перзентхана ашылды. Ал 1920 ж. есепке сәйкес губерния бойынша аурухана, дәрігерлік бөлімшелер, қабылдау бөлімдерінде барлығы 943 төсек, оның 510-ы Оралда және 433-і губернияда болды [9]. Сонымен қатар мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған орталық дәрігерлік амбулатория іске қосылып, орталық стоматологиялық амбулатория, ересек тұрғындар үшін тіс протездеу шеберханасы және орталық тіс дәрігерлік амбулатория жұмыс істей бастады. Диеталық асхана мен 50 тұрақты төсектік балаларды оқшаулау бөлімі ұйымдастырылады. Медициналық бақылау комиссиясы және бес маман дәрігерден тұратын тексеру кабинеттері бар медициналық сараптама бюросы құрылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бағынатын дәрігерлер саны Орал қаласында 18, ал облыста 14-ке жетеді. Обаға қатысты ғылыми зерттеулерді бастау үшін Орал зертханасына бактериолог пен оба маманы шақыртылды [10].
Бөкей губерниялық денсаулық сақтау бөлімі қарамағында 10 дәрігер, 30 фельд­шер, 6 акушері бар осындай 6 бөлімшеден құралды. Шама-шарқы келгенше олар халықтың негізгі медициналық қажеттілігін өтеп, кейбірі бөлімде әкімшілік лауазымдарды атқарды. Осы қызметкерлер құрамы бөлімшелер мен елді мекендер арасында біркелкі бөлінген. Медициналық тұрғыдан ең көп қамтамасыз етілгені Орда қаласы, ал ең азы – дала бөлігі. Оның себебі даладағы өмір сүру жағдайының қиындығы мен мәдениет қызметкерлерін қабылдай алмаудан болғандығы түсінікті.
Аз ғана уақыт ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметінің басты көрсеткіші ретінде Орда қаласында індетке қарсы келесідей медициналық-санитарлық мекемелер ашылды: 
1) Ордаға жақын жерде 100-ге жуық адамды емдеуге арналған қымыз емханасы болды. Көктем-күз аралығында жұмыс істеген бұл орынға науқастар төсек-орын, ыдыс-аяқ алып келіп, шатырларда тұрды. Қымызбен емдеудің алғашқы тәжірибесі болғандықтан, әрине, таза әкімшілік-шаруашылық сипаттағы кемшіліктер орын алды. Бұл бастама кейіннен далалық өлкеде 300 орындық тұрақты шипажай жобасының жасалынуына ықпал етті;
 2) Өңір үшін консультативтік-терапевтік маңызы бар акушерлік-гинекологиялық амбулатория; 
3) Құтырған ит тістеген науқастарды емдеуге арналған Пастер станциясы; 
4) Аусылға қарсы бұзау қорасы салынып, онда 4 бұзаудан 200 000 детрит вакцинасы алынды;
5) Тіс емдеу кабинеті; 
6) Індетке қарсы күрес тек медициналық жолмен, яғни мүмкіндігінше оқшаулау, емдеу және дезинфекциялау арқылы жүзеге асыру [11].
ХХ ғ. басындағы осындай өтпелі кезеңдерде тап болған ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақ КСР-нің денсаулық сақтау халкоматы өз жұмысында кездескен барлық қиындықтарды еңсере отырып, ұйымдастыру шараларының айтарлықтай бөлігін орындады. Әрине, көптеген аса маңызды шаралардың жүзеге асырылуын қоғамдық өзгерістер талап еткенімен, нақ осы кезеңде кеңестік Қазақстандағы халықтық денсаулық сақтау жүйесінің негізі қаланды.
1920 ж. тамызда құрылған Қазақ АКСР-нің тұңғыш денсаулық сақтау халкомы болып Михаил Сергеевич Шамов [12] тағайындалды. Ал сол жылғы 4-12 қазанда өткен Кеңестердің Бүкілқырғыз I съезінің шешімімен Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкоматы құрылып [13], М.С. Шамов денсаулық сақтаудың бірінші халық комиссары болып тағайындалды [14]. Оның алғашқы табысты қадамдарының қатарында 1920 ж. 24 желтоқсанда Орынбор Мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтын ашуын жеке атап өткеніміз жөн. Институттың алғашқы директоры болып дәрігер А.А. Черногоров [15] қызмет етіп, Денсаулық халкомына жолдаған анықтамасында оның басшылығындағы мекеме негізінен жоғары сапалы детрит пен лимфаны алу, ғылыми негізде тексеру, екпе шығарумен айналысуды жолға қойғандығын хабарлайды [16].
1921 ж. 17 мамырдағы Денсаулық сақтау қызметкерлерінің I Бүкілқырғыз конференциясында Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкоматы мен Ұйымдастыру бюросының атынан сөз алған М.Шамов ұйымдастыру кезеңіндегі қиыншылықтардың бірі осы съезге Ақмола мен Семей облыстары және бірқатар жергілікті бөлімшелердің өкілдерінің қатыса алмауына қарамастан өз жұмысын бастағанын, себебі өлкедегі төтенше ауыр індет жағдайы мен алыс жерлердегі дәрігерлік-санитарлық іс, тұрғындарға дәрігерлік көмектің төмен деңгейі қауырт шараларды талап ететіндігін жеткізді. Күн тәртібінде қаралған мәселелер: 1) ДСХК-нің жағдайы мен қызметі, оның міндеттері мен келешек перспективалары; 2) Облыстар мен губерниялардағы, уездер мен аудандардағы денсаулық сақтаудың жай-күйі туралы есептер; 3) ҚАКСР денсаулық сақтауды басқару органдарының ұйымдық құрылысы және олардың өзара байланысы; 4) ҚАКСР-дегі індетке қарсы шаралар және оның ерекшеліктері; 5) Халық арасындағы ауру-сырқаудың өршуіне байланысты өлкедегі эпизоотиялық жағдай; 6) Өлкедегі медициналық көмекті ұйымдастырудың жалпы жоспары); 7) Ана мен бала денсаулығын қорғау; 8) Санитарлық білім жөніндегі есеп [17]. 
Сол қиын-қыстау кезеңде, жаңа экономикалық саясат пен аштық жағдайында кеңестік денсаулық сақтау қағидаттарын мүлтіксіз жүзеге асыру үшін тек медициналық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар жұқпалы індеттермен және әлеуметтік аурулармен күресу мәселелерін шешу қажет болды. Қалалық және ауылдық елді мекендерді кеңейту, отырықшы өмір салтына көшу қолжетімді білікті медициналық көмекті кеңінен ұйымдастыруды және емдеу мекемелерін құруды талап етті. 
Күрделі әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси жағдайға байланысты Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіндегі ұйымдық-қаржылық мәселелер – материалдық-техникалық жарақтандырудың нашарлығы, медициналық қызмет көрсету үшін кәсіби маман-дәрігерлердің тапшылығы, типтік ауруханалар мен емханалардың жоқтығы, оларға қажетті үй-жайлар мен төсек-орындардың жетіспеушілігі секілді кешенді кедергілер болды.
Бұл ахуалды мына статистикалық мәліметтерден де байқауымызға болады. 1920 жылдың ортасында республикада 814 төсектік 23 аурухана мен 86 дәрігерлік амбулатория қалпына келтірілді немесе қайта ашылды. Практикалық медицина қызметкерлерінің штаты сол кезеңде 35 дәрігер, 72 фельдшер, 72 акушер және 3 медбике болды [18]. 
Ал, 1921 жылы Қазақ АКСР-і аумағында 7751 төсектік бар болғаны 150 аурухана, 87 медициналық пункт, оның 27-сі ғана дәрігерлермен қамтамасыз етілген, 221 дәрігерлік амбулатория мен 394 фельдшерлік пункт қана халыққа қызмет көрсетті [19]. 
Архив деректеріне сүйенер болсақ, Орал губерниясында 1921 ж. 16 дәрігерлік пункт, 45 фельдшерлік пункт, 36 дәрігерлік амбулатория; ал Ақтөбе губерниясында 140 төсектік 7 аурухана, 10 дәрігерлік пункт жұмыс істеді, оның 5-і дәрігерлермен қамтылған, ал 4-і медициналық кадрлардың жетіспеушілігінен жұмыс істемеді; губернияда 18 фельдшерлік пункт пен 10 амбулатория жұмыс істеді. Ақмола губерниясында 1921 ж. 33 дәрігерлік пункт (оның 11-інде дәрігерлер), 90 фельдшерлік пункт; 146 дәрігерлік амбулатория, оның 120 дербес және 6 тіс емдеу пункті тіркелген [20]. Осы кезеңде Қазақстанның денсаулық сақтау органдарының алдында үлкен де жауапты міндеттер тұрды. Азаматтық қақтығыстардан қираған санаулы ескі медициналық мекемелерді қалпына келтіріп, жаңаларын құру қажет болды. 
Бастапқы кезеңдегі ұйымдастыру жұмыстарының ауыртпашылығы 1921-1922 жж. елді жайлаған аштықпен қоса ілесіп келген әртүрлі жұқпалы аурулардың өршуі салдарынан еселене түсті. Себебі аштықтың салдарынан жергілікті халық жан сақтаудың қарекетімен өсімдіктердің тамырын, жемісін, басқа да тірі жәндіктермен қоректенгендіктен түрлі жұқпалы ауруларға, соның ішінде асқазан дертіне көбірек шалдықты. Аштық белең алған уақытта аса қатерлі жұқпалы аурулар Қазақстанда әр мың адамға шаққанда 72,8%-дан (1921 ж.), 83,2% (1922 ж.), 72,8% (1923 ж.) арасында бірде өршіп, бірде бәсеңдеп құбылып тұрды [21]. 
Денсаулық сақтау халкомының 1921 ж. есебінде: 1920 ж. Қазақстанда тіркелген науқастардың ішінде қырқұлақпен (цинга) – 6 186, шешекпен – 2 575, қызамықпен (скарлатина) – 1 589, қызылшамен – 1 887, көкжөтелмен – 2 138, іш сүзегімен – 16 591, бөртпе сүзегімен – 31 435, қайталама сүзекпен – 28 982, шығу тегі белгісіз сүзекпен – 6 271, қантышқақпен (дизентерия) – 11 447, тырысқақ – 14, күйдіргі (сібір жарасы) – 225, безгек – 35572-сі адам тіркелгендігі көрсетілген [22].
Тағы да бір айрықша тоқтала кететін жағдай: 1921 ж. басталған мал мен адамдарды жаппай қамтыған топалаң (сібір жарасы), содан кейін оба, тырысқақ сияқты аса қатерлі жұқпалы аурулармен күрес пен оларға қарсы жүргізілген шаралар туралы мәліметтер аса құпия сақталған. Бұл індеттер туралы нақты мәліметтер денсаулық сақтау органдарының жылдық есептеріне енбегендіктен әрі құжаттардың құпия болуы олар туралы статистикалық мәліметтерді нақты көрсетуге де көп кедергі келтірді. 
Денсаулық сақтау органдарының онсыз да қиын жағдайын қуаңшылық пен егіннің азаюы салдарынан болған ашаршылық одан сайын ушықтыра түсті. Соның салдарынан 1921 ж. жазынан бастап ішек, паразиттік сүзек, тырысқақ және басқа да жұқпалы аурулардың індеттері тез арада етек жайып, өрши бастады.
1922 ж. қаңтарына дейінгі өңірлерден келіп түскен мәліметтер бойынша, аштыққа ұшырағандардың жалпы саны 1 476 985 адам (ересектер – 927 593, балалар – 158 392) болды. Губерниялар бойынша олар төмендегідей бөлінді: Орынбор – ересектер 138 339 адам, балалар 209 671; Ақтөбе – ересектер 171 389, балалар 134 000; Қостанай – ересектер 217 365 адам, балалар – 96 935; Орал – ересектер 123 600, балалар – 103 500; Бөкей – барлығы 100 000 адам, Адай уезі – 75 000, Семей – 5 616 бала, Ақмола – 92 000 ересек, 9 670 бала [23]. 
Азамат соғысынан ес жиып үлгермеген Қазақстан бар күшін аштық пен індетке қарсы күреске бағыттауға мәжбүр еді. Сондықтан Денсаулық сақтау халкоматы республикада тұратын 35 жасқа дейінгі дәрігерлер мен 50 жасқа дейінгі орта медицина қызметкерлерін жұмылдыру туралы бұйрық жариялады. Бірақ бұл қадам тиісті нәтиже бере алмады, өйткені революцияға дейінгі Қазақстан аумағында қызмет еткен жеке тәжірибедегі дәрігерлердің көпшілігі сол кезде республикадан сырт кетіп қалған болатын. Медициналық персонал орта санаттағы кадрлармен және рота фельдшерлерімен толықтырылғанымен, бұл әрекет те тиісті өзгеріс бермеді, себебі олардың көпшілігі әскери қызметтен босатылған сәттен бастап кез келген дәрігерлік практиканы тастап, дербес жұмысқа дайын болмай шықты.
Республиканың денсаулық сақтау саласының барлық мәселелерін шешуде бағыттаушы және үйлестіруші рөлді жыл сайынғы жалпықазақстандық кеңестер мен медицина қызметкерлерінің съездері атқарды. Осынау қиын-қыстау кезеңді еңсеру және халыққа дәрігерлік көмекті жетілдіру мақсатында 1921 ж. 17 мамырда денсаулық сақтау қызметкерлерінің I Бүкілқырғыз конференциясы өтті. Оның барысында Халкоматтың құрамында мынадай бөлімдер ашылды: 1) әкімшілік; 2) ұйымдастырушы және нұсқаушы; 3) есеп және қаржы; 4) статистика; 5) біріккен санитарлық сауаттандыру; 6) әскери-санитарлық; 7) ана мен нәресте бөлімі. Сонымен қатар, осы ұйымдастыру кезеңінде келесі бөлімдер құрылды: медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық, балалар денсаулығын сақтау, медициналық салалар бөлімі, фармацевтика. Олармен бірге Қазақстандағы медицина ғылымының қалыптасуына алғашқы қадам жасалып, Денсаулық сақтау халкоматы жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды [24]. 
Осы жиында алғаш рет Қырғыз (Қазақ) АКСР-інде медициналық-санитариялық қызметтің міндеттері мен даму перспективалары туралы мәселе көтеріліп, ана мен сәбиді қорғау мәселесі қаралды.
Денсаулық сақтау жүйесінің ірі бағыты – фармацевтика бөлімі өз жұмысын 1921 ж. 1 шілдеде бастады. Оның жанында консультативтік-кеңесші ұйымы ретінде ғылыми-фармацевтикалық кеңес ашылды [25].
Сол жылы 1 желтоқсанда Қазатком мен Халкомкеңес Денсаулық сақтау халкоматының құрамында Орталық төтенше санитарлық комиссия құру туралы қаулы қабылдады [26]. Осыған орай губаткомдардың жанынан губерниялық төтенше санитарлық комиссиялар құрылды. Олардың мақсаты – індетке қарсы бірыңғай күрес орталығын құру, сүзекке қарсы күресуге республиканың барлық күштері мен құралдарын шоғырландыру [27].
Өлкелік денсаулық сақтау халкоматы алқасының алғашқы құрамына 1921 ж. 17 қазандағы Қазхалкомкеңесінің жарлығымен – Е. Қасаболатов [28], Гаврилов, Шамов және Пикман (үш дәрігер және бір фармацевт) кірді. Дәл осы кезде Е. Қасаболатов Орал губаткомының орынбасары бола жүріп, губденсақтау бөлімін, ал Гаврилов Семей губденсақтау бөлімін қатар басқарды. Осылайша, бүкіл басқармада екі адам ғана жұмыс істеді, шын мәнінде бір ғана халком басқарды. Бұл арада Қазденсақтаухалкомы жұмысының көлемі мен мазмұны экономикалық саясаттың жаңа бағытына және сүзек індетінің күшеюіне байланысты оның қызметін тиімді басқарушы алқалы орган құруды шұғыл түрде талап етеді. Сондықтан алқаның жаңа құрамын бекіту туралы Өлкелік денсақтаухалкомы Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің қазақ бюросына өтінішпен жүгінеді. Жаңа құрамдағы алқа мүшелері: халком Шамов, халком орынбасары әрі фармацевтика бөлімінің бастығы Пикман, ұйымдастыру-әкімшілік бөлімінің бастығы доктор Розенберг, әскери-медициналық бөлімінің бастығы және санитарлық-эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушілігіне Финкелькраут, Қыркәсіпбюро төрағасы Чижов болып бекітіледі [29]. 
1921 ж. тамызынан бастап 1922 ж. мамырына дейін фармацевтика бөлімі дербес құрылым ретінде жұмыс істеді, ал мамырдан бастап штаттың қысқаруына байланысты фармацевтика бөлімі қайта құрылып, ҚДСХК-нің барлық медициналық ұйымдарды қамтамасыз ету және ұйымдастыру-нұсқау жүргізу жөніндегі орталық органы болып табылатын Медициналық қамтамасыз ету бөлімі ретінде жұмыс істей бастайды. Еліміздегі ауыр экономикалық ахуал дәріхана ісі мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін шаруашылық есепке көшіруге көп кедергі келтірді. Республика дәріханаларын ақылы және ақысыз деп екіге бөлу ұсынылды. Осы саладағы олқылықтар мен ұйымдастыру шараларының қиындықтарын болдыртпау үшін ҚДСХК алқасының қарауына дәріханалар мен дәрі-дәрмектерді тек ақылы түрде сататын қоймаларды қамтитын Қырғыз (Қазақ) мемлекеттік медициналық сауда ұйымын (Казмедторг) құру жобасы ұсынылды [30]. 
Аштық, кадрлар мен ауруханалардың, қажетті дәрі-дәрмектердің тапшылығынан басқа, республика басшылығының алдында тұрмыстық жағдайды жақсарту, елді мекендер арасындағы үлкен қашықтық мәселелерін шешу, қазақ халқының медицина ғылымы мен қызметкерлеріне деген сенімсіздігін жою мәселелері де тұрды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелердің бірі қалалар мен ауылдарда өлім-жітімнің жоғары болуына душар ететін жаппай індеттер мен жұқпалы аурулар күн санап өрши түсті. Осы жағдайды негізге ала отырып, ҚДСХК республикада міндетті екпе, профилактикалық және ағарту жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдайды [31]. 
1921 ж. ҚДСХК жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету комиссия­сы құрылды. Ол ҚырОАК жанындағы Ашыққандарға көмек көрсету Орталық Комитетінің және РКФСР Денсаулық сақтау халкоматының Ашкөм Орталық Комитетінің көмекші органы болды, олардың тапсырмаларын орындап, ашаршылыққа байланысты медициналық-санитарлық шаралардың жоспарын жасады [32]. Аштыққа ұшыраған облыстарға көмектесу үшін РКФСР Денсаулық сақтау халкоматы Қазақстанға 24 дәрігерді, Украина мен Мәскеу губерниясынан 2 есе көп фельдшерлер мен медбикелерді жіберу туралы шешім қабылдады. Халыққа көмек көрсету үшін емдік-тағамдық және санитарлық отрядтар ұйымдастыру, оларға ақшалай, дәрі-дәрмекпен, төсенішпен және т.б. қамтамасыз ету ұсынылды. Жас кеңес мемлекетінің көптеген медицина қызметкерлері бұл үндеуге үн қосып, өз еркімен дәрігерлік-санитарлық жасақтардың құрамында аштар мен сырқаттарға көмек көрсетуге аттанды.
1921-1922 жж. қазақ өлкесін жайлаған аштықтың салдарынан емдеу мекемелерінің берген мәліметтері бойынша, ауруға шалдыққандардың саны 42 410 адам, оның ішінде өлгендері 27 835 адамға жеткен [33]. Енді ғана аяғынан қаз-қаз тұра бастаған Денсаулық сақтау халкомы осындай ауыр жағдайда жұмыс істеді.
Қазақ жұмысшыларына алғашқы дәрігерлік көмек көрсету мақсатында Денсаулық сақтау халкомының емдеу бөлімінің құрамында құрылған жұмысшыларға көмек (рабмед) бөлімшесі біршама шаруалар атқарды және халықпен тығыз араласты [34]. 
1923 ж. Бүкілқазақстандық денсаулық сақтау басқармаларының ІІІ съезінен кейін уездер мен ауылдарда емдеу мекемелерінің желісін кеңейту курсы белгіленіп, медициналық көмекті бейімдеудің негіздері қаланды. 1925 ж. денсаулық сақтау басқармалары мен жергілікті дәрігерлердің І жалпықазақ съезінде далалық облыстарда тұрақты стационарлық көмек құру туралы шешім қабылданды. 
Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды кеңес өкіметі елдің мемлекеттік саясатындағы ең маңызды міндеттердің бірі деп жариялағанымен, медициналық кадрлардың аса тапшылығы жағдайында оны жүзеге асыру қиын шаруаға айналды. Осыған орай, 1923 ж. 16 шілдеде безгекке қарсы өлкелік комиссия құрылып, оның құрамына Денсаулық сақтау, ІІХК, Жер-су халкомы, Қызыл Крест пен әскери мекемелердің өкілдері кірді. Комиссия мынадай бағыттар бойынша жұмыс істеді: эпидемиологиялық, клиникалық, статистикалық және безгекті зерттеу жолдарын қарастыру мен жоспарлау, безгек бекеттерін ұйымдастыру арнайы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын секцияларға бөлінді [35]. РКФСР Денсаулық сақтау халкоматының 1925 ж. 3 ақпандағы өкімдік нұсқауына сәйкес індетпен күресудің «үшкүндігі» – Қазақстан аумағында 22-24 мамыры аралығында безгекпен күресудің «үшкүндік кезеңі» өткені жарияланды. Безгек әлеуметтік аурулардың қатарына жатты. Мысалы, Ақмола губерниясында 1923 ж. 8 041 адам, ал 1924 ж. – 29 137 адам зардап шексе, Семей губерниясында безгекке шалдығу келесідей болды: 1913 ж. 10 000 адамға шаққанда 93, 1924 ж. – 140, 1926 ж. – 220 адамды құрады. 1930-1933 жж. безгек ауруының белең алғаны соншалық, республикада безгекпен күресу үшін оған қарсы арнайы станция және пункт құрылып, төтенше жағдайда жұмыс істеді.
Қала мен ауылдарда өлім-жітімнің жоғары болуына эпидемиологиялық аурулар себеп болды. Тұрғындардың санитарлық талаптарға сай келмеуі, ауылдардың алыстығы, қазақ халқының медицина қызметкерлеріне сенімсіздігі, дұрыс тамақтанбауы, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеуі, емдеу мекемелер желісінің жеткіліксіздігі – 20-жылдардағы эпидемиологиялық жағдайдың сипаты.
Сол кезеңдегі мәселелердің бірі – жергілікті халық арасынан кадрлар даярлау. Оны ол кезде толық шешу үшін тиісті шарттар қалыптасып үлгермеді. Орынборда жергілікті халықтан медбикелер даярлайтын медициналық техникум ашылып, онда 150 студент білім алды. Әрине, бұл халыққа дәрігерлік көмек беруде теңізге құйған тамшыдай ғана еді. Жергілікті арнаулы орта білікті медициналық кадрлар 1923 ж. Орынборда құрылған Өлкелік медициналық техникумда дайындалды. Онда оқу мерзімі екі жылдық даярлық курсымен қоса есептегенде барлығы 6 жылды құрады. Қазақтар үшін техникумның жанынан арнайы даярлық және акушерлік курстар, жұмысшы факультеті ашылды. 1926/1927 оқу жылы осы орта оқу орнында білім алып жатқан 240 студенттің ішінде тек 88-і ғана қазақ ұлтының өкілдері еді [36]. Кейіннен 1929 ж. аталған техникум Орал қаласына көшіріліп, жергілікті жас­тар арасында медицина мамандарын дайындаудағы алғашқы оқу орны болды [37]. 
Сол жылдардағы большевиктердің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты – ана мен бала денсаулығын қорғау болды. Азамат соғысы тудырған аса қиын жағдайлар шұғыл шараларды талап етті, әйтпесе балалар саны азайып кетуге шақ қалды. Ол кезде балалар өлімінің көрсеткіші 70%-ға дейін жетті [38]. 
1920-1923 жж. Қазақстанда алғаш рет ана мен баланы қорғау мекемелері – әйелдер мен балалар консультациялары, балабақшалар мен перзентхана төсектері қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де пайда бола бастады [39].
1925 ж. 3 наурызда Қазаткомның төралқасы алғашқы «Денсаулық сақтау халық комиссариаты туралы ережені» бекітіп, сөйтіп комиссариат халық денсаулығын жақсартуға бағытталған шараларды әзірлеу және жүзеге асыру жөніндегі ең жоғарғы мемлекеттік орган ретінде танылды. Ережеге сәйкес, ҚАКСР халқы және денсаулығына зиян келтіретін немесе оған теріс әсер ететін жағдайларды жоюға тиіс. Комиссариат денсаулық сақтау саласындағы барлық қаулылар мен өкімдерді тікелей немесе заң шығарушы орган арқылы әзірлеп, жүзеге асыруға, оларға өз қызметі туралы есеп беруі тиіс болды. Денсаулық сақтау халкоматына келесідей міндеттер жүктелді: 1) халыққа жеке көмек көрсетуді ұйымдастыру; 2) қалалар мен ауылдарда санитарлық қадағалау орнату және санитарлық абаттандыру; 3) мүгедектік және сот-медициналық істер бойынша медициналық куәландыру; 4) ананың, сәбидің және балалардың және өскелең ұрпақтың дене шынықтыруын қадағалау; 5) дәріхана ісін ұйымдастыру; 6) денсаулық сақтауды ұйымдастыру; 7) әлеуметтік және жұқпалы аурулармен күресу; 8) санитарлық статистиканы ұйымдастыру және оның тоқтатылуын қадағалау; 9) ҚАКСР халық денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты әзірлеу және жариялау; 10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-практикалық мәселелерді әзірлеу; 11) медициналық білім беруді ұйымдастыруға қатысу; 12) мемлекеттік қамтамасыз етудегі ұйымдарды, денсаулық сақтау мекемелерін қаржыландыру; 13) денсаулық сақтау департаменттері мен басқармаларының қызметін басқару [40]. Осы ережені басшылыққа алған Денсаулық халкоматы өз жұмысын замана талабына сай жүргізе бастады. 
Ұйымдастыру кезеңінің ауырт­палықтары мен білікті мамандардың жетіспеушілігіне қарамастан, 1925 ж. Өлкелік санитарлық-бактериологиялық инс­титуты (Санбакин) ашылып, сол жылы 17 қыркүйекте ҚАКСР Халкомкеңесі Институт туралы жаңа Ережені бекітеді. Ендігі жерде Санбакин қазақ өлкесін жергілікті жерде өндірілетін емдік және сауықтыру вакциналарымен, аутовакциналармен, сарысумен (сыворотка), өзге де бактериялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, санитарлық-гигиеналық және клиникалық-диагностикалық лабораториялық зерттеулерге қажетті өндіріспен айналысып; лабораториялық істің дұрыс жолға қойылуына ықпал етуге; безгек және пастер станцияларының жұмысына басшылық жасауға; гигиена, санитария, эпидемиология және лабораториялық іс саласының дәрігерлері үшін білім жетілдіру курстарын ұйымдастыруға жауапты мекеме саналды [41]. 
Өлкелік Санбакин құрамында бактерио­логия, химия, бактериялық препараттар, сарысу, шешек бұзау қорасы, пастер және безгек станцияларын құру қарастырылды. Ал 1925 жылдың шілдесінде Қызылордаға ауыстырылған бұл институтта 24 қызметкер – 4 дәрігер, 1 инженер-химик, 2 кіші лаборант, 3 білікті санитар және т.б. 11 көмекші қызметкер халыққа қызмет етті [42].
1926 ж. желтоқсанында ҚДСХК-нің жанындағы кеңесші орган ретінде жұмыс істеген Жоспарлау комиссиясы мен Ғылыми кеңестің орнына Санитарлық кеңес құрылды [43]. 
1927 ж. сәуірде өткен ҚАКСР Кеңестерінің бүкілқазақстандық VI съезінде М.С.Шамов 1920-1927 жж. Қазақ өлкесіндегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына арналған баяндама жасады. Бұл Денсаулық сақтау халкомының жоғарғы билік алдындағы алғашқы есеп беруі болатын. Оның баяндамасының негізінде 16 пункттен тұратын арнайы қаулы қабылданып, жүйені жетілдіруге қатысты нақты міндеттер қойылды [44].
Араға ай салып, Денсаулық сақтау халкоматы жанынан Ана мен сәбиді қорғау бөлімі ұйымдастырылды [45]. Осы жылы Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматының таратылуына байланысты ҚДСХК-нің құрамында тағы бір өзгеріс болып, оның қызмет ауқымы кеңейді [46]. 
1928 жылы 2 мамырда М.С. Шамовтың басқа қызметке ауысуына байланысты М.Қ. Тәтімов [47] Денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалды. 1929 ж. 20-26 мамыр аралығында өткен Денсаулық сақтау бөлімдерінің меңгерушілері мен участкелік дәрігерлердің VI Бүкілқазақ съезінде М. Тәтімов сөз сөйлеп, Қазақстандағы кеңестік денсаулық сақтау ісіне қорытынды баға беру мен оның болашақ даму жолдарын талқыға салды. Съезде өте ауқымды мәселелер: Қазақстандағы денсаулық сақтаудың негізгі және ұйымдастырушылық міндеттері; санитарлық-профи­лакториялық істің ахуалы мен жақын арадағы міндеттері; санитарлық білім беру туралы; ана мен нәрестені қорғау ісінің ахуалы; балалар мен жұмысшы жасөспірімдердің денсаулығын қорғау және оның міндеттері; емдеу ісінің ахуалы мен болашақ дамуы; 1928-1929 жж. ауыл-село медицинасының ахуалы мен оны жақын арада дамытудың басты шаралары; өкпе және мерез ауруларымен күрес; дәрі-дәрмекпен көмек және медициналық жабдықтау; республиканың денсаулық сақтауының негізгі 5 жылдық жоспары туралы мәселелер қаралды [48]. 
Жасалған баяндамаларда рес­публикадағы дәрігерлердің тапшылығы мен ауыр санитарлық-эпидемиялық ахуал сөз болды. Ауылдарды айтпағанда қалалардың өзінде ауыз су тапшылығы бар еді. Сумен қамту мүлдем жоқтың қасы еді. Су құбыры тек Семей мен Петропавлда тартылып, Орал мен Алматыда енді ғана қолға алынған болатын. Кәріз жүйесі ешбір жерде болмады. Осындай ахуалға байланысты Орал мен Адай округтарында, Қарақалпақ автономиялы облысында оба індеті басылмады, тек 1925-1929 жж. аралығында обамен ауырған 302 адам тіркелген. КСРО бойынша Қазақстан обамен ауруда алдыңғы орында тұрды. Ал бөртпе сүзегі мен қайталама сүзектен 1927 ж. РКФСР бойынша 10 000 тұрғынға 0,5-тен келсе, Қазақстанда – 1,4-тен келген. Шешек әлсірегеніне қарамастан, 1925 ж. – 1,1, 1926 ж. – 1,8, 1927 – 1,7 адамды қамтыған. Іш сүзегі жылдан жылға өрши түсті: 1925 ж. – 2,6, 1926 ж. – 3,4, 1927 ж. – 3,9-ға жеткен. Әлеуметтік аурулар болса, өкпе туберкулезі 48,1 (1926 ж.); 67,3 (1927 ж.), өзге органдардың туберкулезі 28,0 (1926 ж.); 37,7 (1927 ж.) адамды қамтыған [49]. 
Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді есепке ала отырып, 1929 ж. 18 қыркүйекте ҚАКСР Халкомкеңесінің қаулысымен Денсаулық сақтау халкоматы туралы жаңа ереже бекітілді. Ол бойынша республика халқы денсаулығын сақтаудың барлық мәселелерін басқару Комиссариатқа жүктелді. Ол өз қызметінде Орталық Комитетке, оның төралқасына және ҚАКСР Халкомкеңесіне бағынды. Комиссариатқа мынандай құқықтар берілді: денсаулық сақтау мәселелері бойынша қаулылар мен олардың жобаларын әзірлеу, жергілікті денсаулық сақтау органдарының қызметін бақылау, денсаулық сақтау туралы заңдардың орындалуын қадағалау, денсаулық сақтау мәселелері бойынша съездер мен жиналыстарды шақыру, басқа одақтық республикалармен және халықаралық ғылыми және білім беру ұйымдарымен бірлесіп, есеп беру материалдарын басып шығару, денсаулық сақтаудың жай-күйі мен сметасын әзірлеу, денсаулық сақтау мәселелері бойынша мерзімдік және мерзімдік емес басылымдарды шығару және т.б. [50]. Бұл Ереже 1930 ж. халком Б. Әбдірахмановтың [51] тұсында жетілдіріліп, қайта толықтырылды. Ереже бойынша Қазақ денсаулық сақтау комиссариатында негізінен 9 бөлім, оның ішінде Дәріхана басқармасы мен Курорттар басқармасы дербес штаттық құрамы бар шаруашылық ұйым ретінде және олар туралы арнайы бекітілген ережелер негізінде жұмыс істейді [52].
Қазақстандағы жыныс аурулары және халық арасында мерез бен гонореямен сырқаттанушылық мәселесі зерттелмеген дерттер қатарына жатты. Өлкедегі жұқпалы аурулар қатарында мерез өте кең тараған жыныстық ауру саналды. Осыған орай Қазхалкомкеңес денсаулық сақтау халкоматының Қазақстандағы жыныс аурулары және олармен күрес шаралары туралы қаулы жобасын дайындайды [53]. Өлкедегі мерез, соз ауруларының белең алуына байланысты бастапқыда венерологиялық диспансер ретінде жұмыс істеген орталық 1930 ж. 1 қазанда Өлкелік венерологиялық институты болып қайта құрылып, республикадағы тері және жыныс ауруларымен күрес жөніндегі өлкелік орталыққа айналды [54]. Ол негізінен тері және жыныс ауруларын зерттеу, емдеу, аурудың алдын алу шараларын жүргізумен айналысатын басты мекемеге болып танылды.
1930 ж. 13 қаңтарда Қазхалкомкеңесінің қаулысына сәйкес ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматының жанынан Курорт басқармасы құрылып, Қазақстандағы санаториялық және курорт ісін біріктіруге жол ашылды. Басқарма қарамағына «Шымған», «Ауыл», «Баян-ауыл» таулы-климаттық станция; «Жаңақорған», «Мойылды», «Барлық-Арасан» балшықты курорттары; «Рахманов қайнары» бальнеологиялық курорты берілді. Сонымен қатар, басқарма қарамағына «Бурабай» таулы-далалы демалыс орнын, «Тершығыр» қымызбен емдеу орны мен «Бармашка» санаторийін беру қажеттігі туралы шешім қабылданды [55].1931 ж. 5 қаңтарда өз жұмысын бастаған Қазақстан мемлекеттік тері-жыныс институтының барлық ғылыми-тәжірибелік жұмыстары еліміздегі денсаулық сақтаудың бас жоспарына және РКФСР МВИ әдістемелік басшылығымен тікелей байланыста жұмыс жасауға негізделді. Институт жұмысының негізгі нысаны – ірі өндірістердің жұмысшылары, жаңа құрылыстар мен елді мекендердің тұрғындары мен ауылдың әлеуметтік саласы көрсетілді. Сонымен қатар Институтта соңғы шет аймақтарды тері-жыныс ауруларымен күресетін мамандармен қамтамасыз ету мақсатында дәрігерлерді, фельдшерлер мен медбикелерді қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді курстар өткізілді. 1935-1936 жж. 3 айлық курста 13 дәрігер мен 4 мектеп фельдшері, 6 айлық курста 19 мектеп фельдшері мен 59 медбике дайындықтан өткен. Институт базасында оның барлық бөлімшелерін, құрал-жабдықтары мен аппараттарын пайдалана отырып, Медицина институтының тері-жыныс аурулар бөлімі мен емханасы жұмыс істей бастайды. Институтта 16 доктор, доцент және ассис­тент, 18 медбике, 17 кіші медициналық қызметкер, 21 әкімшілік және 8 басқа қызметкерлер жұмыс істейді [56]. Ал 1932 ж. 12 қарашада ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы С. Асфендиаровтың [57] бұйрығы бойынша Өлкелік тері-жыныс ауруларының институты Өлкелік тері-жыныс ғылыми-зерттеу институты болып қайта аталды [58]. Осылайша, Қазақстанда жұқпалы тері және жыныс ауруларына қарсы күрес жүйесінің негізі қаланды.
1930 ж. Қазақстан жағдайында жаңа аурухана құрылысын жолға қою ҚАКСР-дің медициналық көмекті дамыту мен нығайтудың ең маңызды ынталандыруы болды. Дегенмен бұл салада да артта қалу, алған қойған міндеттердің орындалмай қалуы және ескі құрылыстың жеткіліксіз болуына байланысты аурухана құрылысы қарқынының Қазақстан халқының қажеттіліктерінен күрт артта қалуы байқалды. Осыған байланыс­ты Қазаткомның 1931 ж. 11 сәуірдегі қаулысында Денсаухалқомының 1931 ж. арналған аурухана құрылысының жоспары: «а) Барлығы 2057 төсектік ауруханалар салу: өнеркәсіптік кәсіпорындарда 875 төсектік; совхоздарда 548 төсек; отырықшы аймақтарда – 196; қалаларда – 338 төсек-орын; шекаралас аймақтар – 100 төсек; б) дәрігерлік амбулаториялар мен дара диспансерлер, барлығы 57 нысан, оның ішінде: 10 өнеркәсіп кәсіпорындарында; совхоздарда – 23; отырықшы аймақтарда – 22; қалаларда – 2; в) Тұрғын үйлер және өндірістік, ауылдық елді мекендердегі дәрігерлік амбулаториялар мен ауруханалар жанындағы қызметтер – барлығы 39 орын; г) Алматы мен Риддердегі Медициналық ЖОО мен жұмысшы факультеті, барлығы 910 000 сом; д) Орал мен Петропавл қалаларында 400 000 сом көлемінде психиатриялық ауруханалар салу; е) Алматы қаласындағы Ана мен баланы қорғау институттары, Санитарлық-бактериологиялық, физиотерапиялық аурухана, механикаландырылған кір жуу, емхана; ж) 453 000 сом мөлшерінде дәріхана құрылысы; з) Ақтөбе қаласындағы емхананың құрылысын аяқтау» қажеттігі бекітілді [59]. 
Қазақстандағы дәрігерлік мамандар даярлау мәселесін шешу үшін ҚАКСР Денсаулық сақтау басшылығы медициналық училищелер мен институттарды құру туралы бастама көтерді. Осы шешімнің арқасында 1928 жылы медицина училищелері Қызылорда мен Семейде, 1929 жылы Петропавл мен Қостанайда ашылды. Қазақстанда медициналық университет құру мәселесі 1928 ж. бастап көтеріле бастады. 1930 ж. Денсаулық сақтау халкоматының есебінде Қазақстанда бар болғаны 737 дәрігер, 45 тіс дәрігері, 165 фармацевт, 602 медбике болған. Медициналық кадрларға нақты қажеттілік 5 есеге жоғары еді. Әсіресе ауылдық аймақтар зардап шекті, мұнда аудандардың 30%-ға жуығына медициналық көмек көрсетілмеген. Медициналық көмек көрсетілген аудандардың өзінде Ресей уездерінде 25 200, қазақ аудандарында 85 500 адам тұрған [60].
Алайда 2 жыл бойына университет ашу мәселесі ауызша талқылау сатысында қалды. Алматыда медицина институтын ашу туралы түпкілікті шешім РКФСР Халкомкеңесінің 1930 ж. 10 шілдедегі «КСРО қарамағындағы органдардың жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесі, құрылымы және контингенті туралы» қаулысымен қабылданды. ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматының 1930 ж. 30 қарашадағы №260 бұйрығымен С. Асфендиаров 25 қарашадан бастап Қазақ мемлекеттік медицина институтының директоры болып тағайындалды. Мединституттың жаңа тағайындалған басшысының 1930 ж. 2 желтоқсандағы №1 бұйрығымен С. Асфендиаров өз қызметіне кіріскендігі туралы және осы уақытқа дейін Алматыдағы Өлкелік санбакинді басқарған Л.Н. Витте [61] директордың оқу бөлімі жөніндегі орынбасары, П.В. Зимин қосымша жүктемемен шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды [62].
        ***
Қосымша мәлімет:
Арғыншиев Сақыпкерей Жармаұлы, Арғанчеев (1887, бұрынғы Орал облысы, Орал уезі, Қараоба б. №3 ауылы – 15.02.1938, Ақтөбе қ.) – қоғам және мемлекет қайраткері. Қараоба болыстық орыс-қазақ мектебін, 1904 ж. Орал қолөнер мектебін бітірген. 1904-07 жж. Воронеждегі ерлер фельдшерлер мектебінде оқыған. 1917-20 жж. Қазревкомда түрлі деңгейдегі қызметтерді, оның ішінде Қазревком төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, Қазревкомның денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болған. 1920 ж. 12 қазанда Қазақ АКСР ХКК-нің мүшесі, тұңғыш Әлеуметтік камсыздандыру халкомы (1921 ж. маусымына дейін) болып сайланды. 1921 ж. Әділет халкомының уақытша міндетін атқарушы. 1921 ж. Қырғыз облыстық төтенше комитеті коллегиясының мүшесі. 1921-22 жж. Қазақ АКСР Жоғарғы революциялық трибунал төрағасы – Әділет халкоматы коллегиясының және облыстық БК мүшесі. 1922-23 жж. РК(б)П Қазобкомының Ембі мұнай өндірісіндегі өкілетті өкілі. 1923-26 жж. Орал губерниясы ауыл шаруашылығы одағы басқармасының төрағасы, 1927-29 жж. «Қазжүн» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 1927-31 жж. Гурьев округтік парткомының қызметкері, Әулиеата мал дәрігерлік техникумының директоры, 1932-33 жж. Алматы мал дәрігерлік институтының директоры. 1933 ж. Іле қой кеңшарының директоры. 1933-35 жж. Шымкент қ. Түйе өсіру жөніндегі ҒЗИ, Шымкент түйе зауытының директоры. 1935-37 ж. Ақтөбе облыстық Жұрын мал өсіру тәжірибе стансасының директоры. 1937 ж. 14 тамызда тұтқындалып, ату жазасына кесілген. 1957 ж. 13 маусымда ақталды. 
Шамов Михаил Сергеевич – қоғам және мемлекет қайраткері, дәрігер, ҚАКСР-дағы денсаулық сақтау саласы мен санитарлық-эпидемиологиялық жүйенің қалыптасуына және дамуына еңбек сіңірген тұлға. 1887 ж. Ресей империясының Таврия губерниясына қарасты Севастополь қаласында жұмысшы отбасында туған. 1914 ж. Харьков университетінің медицина факультетін бітірген. 1914-17 жж. Грузия жеріндегі Поти портында патша әскерінің полк дәрігері. 1917-19 жж. Украинадағы Дмитриев қ. РК(б)П укомының хатшысы, уездік кедейлер комитетінің төрағасы, уездің әскери комиссары. 1919 ж. Курск губденсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, санитарлық пойыз бастығы, Ақтөбе майданы жойылғаннан кейін 1920 ж. 15 ақпанынан Орал губденсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. 1920 ж. 12 қазанынан бастап 6 рет қатарынан ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы болып сайланып, 1928 ж. 2 мамырына дейін қызмет атқарған. 1928 ж. 2 мамырда Свердловскіге, кейін Мәскеуге ауыстырылған. КСРО Денсаулық сақтау халкоматының И.И. Мечников атындағы институтының директоры болып жұмыс істеген. 1938 ж. тұтқындалған. Одан арғы тағдыры белгісіз. 1-6-сайланған ҚазОАК және ХКК мүшесі. 
Черногоров Александр Алексеевич (1866-?) – әскери мал дәрігері, ветеринария ғылымдарының магистрі, мемлекеттік кеңесші, жылқы және жылқы шаруашылығының бас маманы. 1892 ж. дейін әскери мал дәрігері қызметін атқарды. 1892 ж. 2 қазанда Воронеж губерниясының штаттан тыс мал дәрігері болып тағайындалды. Біраз уақыт Каменец-Подольск зауытының мал қорасында аға мал дәрігері болып жұмыс істеді. 1896 ж. 24 шілдеде еңбек сіңірген жылдары үшін ол титулдық кеңесшіден алқалық бағалаушыға (асессор) дейін көтерілді. Мемлекеттік жылқы шаруашылығының бас меңгерушісінің 1902 ж. 27 маусымдағы бұйрығына сәйкес, ол қазақ жылқы тұқымын өсіретін Орынбор зауыты қорасының мал дәрігері және бір мезгілде меңгерушісінің көмекшісі болып ауыстырылды. Бірнеше жылдан кейін Таврид зауыты жылқы қорасының аға мал дәрігерлігіне ауыстырылды. 1911 ж. 21 маусымда Мемлекеттік жылқы шаруашылығы бас басқармасының тілшісі бола жүріп, еңбек өтілі үшін алқалық кеңесшіден мемлекеттік кеңесшіге дейін көтерілді. Орынбор губерниясында аға мал дәрігері; Петроград губерниясының мемлекеттік асыл тұқымды жылқы зауыты бас басқармасының бас мал дәрігер-кеңесшісі; Орынбор жер халкоматы жылқы зауыты және мал шаруашылығы ветеринария бас басқармасының бастығы; Орынбор мал дәрігерлік техникумының оқытушысы; Орынбор губерниясында жылқыларды қолдан ұрықтандыру жөніндегі мал дәрігері. 1920 ж. тамызына дейін Орынбор губерниясында мал дәрігерлік-бактериологиялық зертхананы басқарды. 1920 ж. 18 қыркүйегінде ҚАКСР Жер халкоматы Орталық мал дәрігерлік басқармасына жұмысқа қабылданып, 1920 ж. 4 қазанда Мәскеуге 2 ай мерзімге бактериология мамандығы бойынша тағылымдамадан өтуге жіберілді. 1921 ж. қыркүйегінде бір мезгілде ҚАКСР Жер халкоматы ГУВЖ (Мал дәрігерлік және мал шаруашылығының бас басқармасы) зертхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1920-1922 жж. ҚАКСР Жер халкоматының жауапты қызметкері, ҚАКСР Жер халкоматы Орталық мал дәрігерлік-бактериологиялық зертханасының алғашқы меңгерушісі. 1927-1929 жж. Витебск малдәрігерлік институтының акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі.
Қасаболатов Есенғали Керейұлы (08.2.1889, Орал облысы Калмыков уезі, Антоновка мекені (қазіргі Ақжайық ауд.) – 26.2.1938, Алматы қ.) – Алаш қозғалысының қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. 1901 ж. Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін, 30.12.1909 ж. Орал реалдық әскери училищесін тәмамдады. Училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге әзірлейтін бір жылдық оқуды бітіріп, сынақтан өткеннен кейін 15.9.1911 ж. Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданып, 1915 ж. университеттің толық курсын аяқтап, «дәрігер» атағын алып елге оралды. 1916 ж. Калмыков уезіндегі Жылы-Қоныс ауылдық дәрігерлік учаскесінде дәрігер болды. 1917-31 жж. әртүрлі деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарады. 1931 ж. маусымда жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алматы медицина институтына қызметке шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының директоры болып тағайындалды. «Студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен 1933 ж. директорлықтан босатылды. 1936-37 жж. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік кеңсе басқарушысының 2-орынбасары, «Нефтьторг» қоғамының өкілетті өкілінің орынбасары қызметтерін атқарды. 14.8.1937 ж. Алматыда ІІХК органдары тарапынан тұтқындалды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясының Алматыдағы көшпелі сессиясында 26.2.1938 ж. ату жазасына кесілді. Үкім сол күні орындалды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының 7.12.1957 ж. ұйғарымымен ақталды.
Тәтімов Мұхамедғали Қойшыбайұлы (1894, Семей облысы Қарқаралы уезі Абыралы болысының Ұзынбұлақ аауылы – 28.02.1938, Алматы) – қоғам және мемлекет қайраткері. 1918-1928 жж. әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқарған. 1928 ж. 2 мамырынан 1930 ж. 7 маусымына дейін ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы қызметін атқарды. ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы болған жылдары «Двухнедельник Наркомздрава КАССР» (1928), «Здравоохранение в Казакстане» (1929-30), «Денсаулық жолы» (1929-30) журналдарына мақалалар жазып тұрған. 1932-34 жж. БК(б)П Қарағанды облыстық Бақылау комиссиясының төрағасы. 1934-37 жж. БК(б)П ОК жанындағы партия Бақылау комиссиясының Қазақстан бойынша өкілетті өкілі, БК(б)П Қазөлкеком бюросының мүшесі. 1937 ж. тамызда тұтқындалған. 1938 ж. 28 ақпанда КСРО ЖС ӘК шешімі бойынша ату жазасына кесілген. 1957 ж. 13 наурызда ақталған. Сайланбалы органдарға қатысы: 4-сайланған РК(б)П Қыробкомының, 5-8-сайланған БК(б)П Қазөлкекомының және 5-6-сайланған БК(б)П Қазөлкекомы бюросының мүшесі. 5-7-сайланған ҚазОАК мүшесі, 9-сайланған ҚазОАК мүшелігіне кандидат, 5, 7-сайланған ХКК мүшесі. 
Әбдірахманов Бисенғали (1892, Орал облысы Ілбішін уезі Шаған болысы – 1971) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, алғашқы жоғары білімді қазақ дәрігерлерінің бірі. 1914 ж. Воронеждегі ер балаларға арналған фельдшерлік мектепті бітірген, 1914-19 жж. Қараоба ауылдық дәрігерлік учаскенің, Жымпиты уезінің Қаратөбе поселкелік аурухананың фельдшері; 1919-20 жж. Қаратөбе ауылы кедейлер комитеті төрағасының орынбасары, болыстық ревкомның мүшесі; 1920-21 жж. Жымпиты уездік денсаулық сақтау бөлімінің санитарлық-эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі, уездік аурухананың фельдшері, 1921 ж. маусымда В. Серовтың көтерілісшілері Жымпитыны басып алған кезде тұтқынға түсіп, көп ұзамай босап шыққан; 1921-22 жж. Қаратөбе дәрігерлік учаскесінің бастығы, ауылдық партия ұяшығының хатшысы; 1922-23 жж. ерекше міндет жүктелген бөлімнің фельдшері, Орал уатком төрағасының орынбасары; 1923-24 жж. Орал губаткомның жауапты хатшысы; 1924- 25 жж. Орал губерниялық бақылау комиссиясы – жұмысшы-шаруа инспекция­сы төрағасының орынбасары; 1925-27 жж. «Қазақ мемлекеттік медсауда» АҚ Ташкент конторасының басшысы; 1927 ж. Қазақ кәсіподақтар одағы бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақ тұтынушылық кооперациялар одағы басқармасының мүшесі; 1928-29 жж. Жетісу губерниялық бақылау комиссиясы – жұмысшы-шаруа инспекциясы төрағасының орынбасары; 1929-30 жж. Ақтөбе округтік аткомының төрағасы; 1930-31 жж. Қазақ АКСР-ның Денсаулық сақтау халкомы, ҚазМИ-ді ұйымдастырушылардың бірі; 1931-32 жж. Қазатком төрағасының орынбасары; 1932-33 жж. Өлкелік Бақылау комиссиясы төрағасының және Қазақ КСР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкомының орынбасары; 1933-37 жж. Қазақ АКСР әлеуметтік қамсыздандыру халкомы; 1937-45 жж. Қазақ КСР денсаулық сақтау органдарында қызмет етті. 1945 ж. бастап зейнеткерлік демалыста. 
Асфендиаров Сан­жар Сейітжафарұлы (20.9.1889, Ташкент қ. – 25.2.1938, қазіргі Алматы облысы, Жаңалық ауылы) – ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, профессор. 1907 ж. Ташкент реалды училищесін, 1912 ж. С.-Петербургтегі Императорлық әскери-медицина академиясын аяқтаған. 1913-14 жж. Түркістан әскери округіндегі әскери құрамаларда әскери дәрігер; 1914-15 жж. бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, неміс тұтқынында болды. 1916 ж. 130-шы біріккен эвакуациялық госпитальдің ординаторы, Ташкент тәртіп ротасының, Ташкент қарауыл командасының және Түркістан штаттан тыс батареяларының санитарлық бөлім меңгерушісі, Ташкент мемлекеттік жасақ қосының аға дәрігері. 1918-19 жж. Бұхарадағы Ресей агенттігінде қызмет жасап, індеттерге қарсы күресті ұйымдастырды; Түрікаткомның жанындағы аштықпен күресетін ОК мүшесі. 1919 ж. азамат соғысының Закаспий майданында әскери қимылдар жүргізген 1-ші Черняев (Шымкент) кеңестік полкының аға дәрігері, РК(б)П Мұсылман бюросының мүшесі; 1919 ж. 20 қазан – 27 желтоқсан, 1920 ж. наурыз-қыркүйек, 1923 ж. 15 ақпан – 1924 ж. қараша – Түркістан АКСР Денсаулық сақтау халкомы; 1920-28 жж. – мемлекеттік деңгейдегі басқару орындарында, 1928-1931 жж. ҚазМУ-дың (ҚазМПИ) тұңғыш ректоры-ұйымдастырушысы, 1931 ж. ҚазМИ-дің алғашқы директоры; 1931-33 жж. Қазақ АКСР-нің Денсаулық сақтау халкомы, 1932-33 жж. Қазақ АКСР Үкіметінің жанындағы Індеттерге қарсы күресетін Төтенше комиссия төрағасының орынбасары, 1933-1937 жж. ҚАКСР Ағарту халкомының орынбасары, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы президентінің орынбасары, Тарихи-археографиялық комиссияның жетекшісі; 1937 ж. 22 тамызда Алматы қаласында тұтқындалып, 1938 ж. 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының көшпелі сессиясының қаулысымен ату жазасына кесілді. 1958 ж. 25 мамырда ақталды. 
Витте (Вите) Лидия Николайқызы (1885 ж. 5 маусым, Закаспий облысы Қызыл-Арват қ. (қазір – Түркіменстанның Сердар қ.) – 1942 ж. наурыз, Ленинград) – кеңестік бактериолог-ғалым. 1913 ж. С.-Петербург әйелдер мединститутын бітірген соң Астрахан губерниясындағы Эксперименталды мединститутының (ЭМИ) обаға қарсы отрядына жіберіліп, 1914 ж. дейін обаға қарсы зертханада дәрігер-лаборант болып жұмыс істеген. 1914-1916 жж. Петроградтағы Обухов ауруханасында дәрігер-лаборант; 1916-17 ж. көктеміне дейін Ташкенттегі әскери госпитальда зертхана меңгерушісі; 1917 ж. мамырда Юрьев (неміс Дерпт, қазіргі Тарту, Эстония) қ. майданға аттанып, зертхананы басқарды. Дерпт жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жанындағы алғашқы денсаулық сақтау бөлімдерінің бірін ұйымдастыруға қатысты; 1918 ж. Юрьевтен эвакуацияланғаннан кейін Мәскеуде Губденсақтау, Денсақтаухалкомында шешек бөлімін басқарды; 1922-23 жж. Батумдағы медицина станциясын басқарды. 1923-27 жж. – Бауманов ауданы денсаулық сақтау бөлімінің басшысы (Мәскеу қ.); Санкт-Петербург униерситетінің медицина факультетінде оқыды; 1929 ж. Берлинде және Гамбургте Ұлттар Лигасы ұйымдастырған микробиология курстарын бітірді. 1927-30 жж. Хабаровск эпидемиология және микробиология институтының директоры; 1930-32 жж. – Алматы қ. Өлкелік санитарлық-бактериологиялық институты директоры. 1932 ж. Ленинградқа оралады, ЭМИ-да жұмыс істеді. 1935 ж. Пастер атындағы институтта паразитология бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1935 ж. Түркіменстандағы Тропикалық институттың ғылыми қызметкері, кейін директоры болған. 


Пайдаланған әдебиеттер:
1.Кунаев Д.А. Советский Казахстан. – Алма-Ата, 1980. – С. 151; Шарманов Т.Ш. Развитие здравоохранения в Казахстане. – Алма-Ата: «Знание», 1980. – С. 4. 
2.Чесноков С.А. Здравоохранение в Казахстане. А.-Ата, 1946. С. 4.
3.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 7-іс, 17-24-пп.
4.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 8-іс, 3-5-пп.
5.Сонда, 3-п.
6.Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірбаяндық анықтамалық. – Алматы, 2004. – 58-59-бб.
7.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 8-іс, 4-п.
8.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 7-іс, 19-19-қ. пп.
9.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 7-іс, 5-5-қ. пп.
10.Сонда. 17-24-пп.
11.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 6-іс, 3-5-пп.
12.Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірб. анықтамалық. – Алматы, 2004. – 464-465-бб.
13.ҚР ОМА. 5-қ., 1-т., 21-іс, 413-419-пп.
14.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 38-іс, 92-п.
15.Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірб. анықтамалық. – Алматы, 2004. 
16.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 38-іс, 19-21-пп.; 79-79 қ. пп.
17.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 9-іс, 1-40-пп.
18.Биртанов А.Б., Биртанов Е.А. История медицины Казахстана. – Алматы: Санат, 1998. – С. 30.
19.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 51-іс, 1-76-пп.
20.Сонда. 27-32-пп. 
21.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 74- іс, 21-п.
22.Отчет народного комиссариата здравоохранения КССР 2-му Всекиргизскому съезду советов. Оренбург: Тип. Губсовнархоза №7, 1921. – С. 20-21.
23.Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923. Сб. док. и матер. / Сост.: С.К. Шилдебай (отв.), З.М. Толенова, Г.М. Каратаева, Р.Е. Оразов, Б.Н. Орынбасар. – Алматы: «Асыл кітап», 2021. –15-б.
24.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 9-іс, 5-п.
25.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 147-іс, 10-16-пп.; 5-қ., 1-іс, 2-п.
26.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 210-іс, 42-п.; 79-іс, 21-п.
27.ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 59-іс, 88-п.
28.    Амангелдиев К. Адырлы асулар. – А., 1977; Әлжанов А., Шокин Ә., Досаханов Ә. Алғашқы қазақ дәрігерлері. – А., 1984.
29.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 33-іс,126-126-қ. пп.
30.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 239-іс, 26-29-пп. 
31.ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 427-іс, 49-50-пп.
32.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 42-іс, 54-58-қ.п.
33.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 280-іс, 22-п.
34.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 294-іс, 4-п.
35.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 215-іс, 21-25-пп.
36.Авксентьевский Д.А. Казахский государственный университет. – Кзыл-Орда: Каз. Гос. изд-во, 1927. – С. 30.
37.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 446-іс, 83-п.
38.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 9-іс, 51-56-пп.
39.Чесноков С.А. Здравоохранение в Казахстане. – Алма-Ата, 1946. – С. 9.
40.ҚР ОМА. 30-қ., 1-т., 425-іс, 4-6, 49-50-пп.
41.ҚР ОМҒТҚА. 85-қ., 1-6-т., 26а-іс, 1-2-пп.
42.ҚР ОМҒТҚА. 85-қ., 1-6-т., 162-іс, 4-п.
43.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 374-іс, 13-13 қ. пп.
44.Постановления 6-го Всеказакского съезда советов: 28 марта – 3 апреля 1927 года. – Кзыл-Орда, ЦИК Казакской АССР, 1927. – 31 с.
45.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 363-іс, 38-п.
46.ҚР ОМА. Р-30-қ., 1-т., 679а-іс, 49-қ.п.
47.Шілдебай С. Тәтімов М. Мұхамедғали Қойшыбайұлы // Қазақстан тарихы. Энциклопедия. Т. 3. Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2020. – 454-б.
48.Труды шестого Всеказакского съезда здравотделов и участковых врачей. 20-26 мая 1929 года. – Кзыл-Орда: Казглавлито, 1930. – С.4-5.
49.Сонда. 30-32-бб.
50.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 767-іс, 22-23-пп.
51.Жүнісбаев А. Әбдірахманов Бисенғали // Қазақстан тарихы. Энциклопедия. Т. 3. – Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2020. – 275-б.
52.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 767-іс, 7-13-пп.
53.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 1097-іс, 11-13-пп.
54.ОМҒТҚА. 90-қ., 1-6-т., 2-іс, 1-п.
55.ҚР ОМА. 30-қ., 2-т., 298-3-іс, 1-11-пп.; 300-іс, 23-37-пп.
56.ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 12030-іс, 24-31-пп.
57.Жүнісбаев А. Санжар Асфендиаров. Қазақстан тарихы энциклопедиясы / Жалпы ред. басқарған Қабылдинов З.Е. – Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2019. – 217-219-бб.
58.Государственные учреждения Казахской ССР. Справочник: 1.3. Органы упр. соц.-культурным строительством, адм.-полит. органы и органы правосудия Казахской АССР (1920-1936 гг.). – Алма-Ата, 1984. – С. 43.
59.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 900-іс, 27-28-пп.
60.ҚР ОМА. Р-82-қ., 1-т., 769-іс, 1-17-пп.
61.Витте (Вите) Лидия 
62.ҚР ОМА. Р-1681-қ., 4-т., 1-іс, 1-п.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты
Зирабүбі ТӨЛЕНОВА, Орталық мемлекеттік архиві әлеуетті зерттеулер орталығы жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты 
Алмас ЖҮНІСБАЕВ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері

 

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз