• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

Абайға деген зәрулік немесе байлық пен бекзаттық парқы

Мақсат ӘЛІПХАН,

абайтанушы, филолог-ғалым
 

Абай – ақыл мен ойдың, сан салалы білімнің бастауы мен қайнары. Абайдан біздер өзімізге, өмірімізге, оның мән-мағынасына, заманымызға қатысты білім мен ақиқаттарды молынан табамыз. Әрине, мұндай асыл қазынаны көңілі мен көкірегінің көзі бар, ақыл-ойға икемі бар адамдар ғана таба алады. 
Әйтсе де елдің бәрі Байтұрсынұлы мен Әуезов талаптанып-талпынған Абайдағы биік те бекзат, асыл да іргелі ойларға жете бермес. Және ол үшін көбіне тіршілік қамымен жүретін қалың көпшілікті айыптау да асылық, артықтау болады. Барлық пен өмірдегі барша дүнияуи де, рухани да заттар мен құбылыстар қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға, оңайдан қиынға қарай биіктей береді. Абайда оңай мен қиын, қарапайым мен күрделі, тым дүнияуи мен аса асыл ойлардың екі жағы да бірдей ұшырасып жатады.    Бүгінде еліміз – мемлекетіміз ұстанып отырған Нарық экономикасы жүйесінің жетегінде еңбек ете жүріп өмір сүріп келеді. Бай болуға жол ашылған. Арасында сол байлыққа аса қиналмай, еңбектенбей-ақ қулықпен, жеңіл жолмен жетіп жататындар да баршылық. Содан да болар көңілі ояу, көзі ашық қалың көпшілік байлар тобына тосырқай қарап, олардың жеке бастарына тиісінше құрмет көрсетпей жататыны бар. Осылайша орташалар мен әсіресе сіңірі шыққан кедейлер қауымы байларды іштей жек көріп жүреді. Абай да дүниеқоңыз, ашқарақ, зорлықшыл, қайырымсыз байларды негізінен жақтамайды, керісінше олардың паразит, арамтамақ, қу-сұм болған жиіркенішті болмыстарын мейлінше айқындап, жалаңаштап танытады:
Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,                  
Аларында шара жоқ алдамасқа.
...Мал жияды мақтанып білдірмекке,     
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.    
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,    
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
М.Әуезов жазғандай, «Байлардың сорақы, құнсыз кескінін Абайдың дәл осы өлеңіндей ащы тілмен аяусыз әшкерелеп берген қазақ ақыны болған емес». Мұндағы «мал» сөзін дүние, байлық деп ұғуға болады да, ал бұлардың иесі мен дүние-байлық жолында жүргендерді «бай», «байлар» деп түсінсек қисынға келеді. Енді осы өлеңдегі бай бейнесіне үңілсек, олар – адамзаттың албастылары, шырқау шегіне жеткен соншалық сүйкімсіз жандар. Олардың өмір, тіршілігінің мәні – мал, сол малды табуда олардың адалдықтары жоғалып, адамдығы азайып, өз «кәсіптері» жолында олардың кейде еріксіз, көбіне қасақана алдамасқа амалдары да жоқ екен. Ойлап қарасақ, дүние-байлықты еңбектеніп жүріп өзі тапқан кісі өзгенің ақысын жей қоймайды. Алдап-арбап, «ептеп алмақ, тартып алмақ» әрекеті мұндай адал да еңбекқор кісілердің тірлігінде түгілі, ой-қиялдарында да болмаса керек. Ал біз келтірген Абай өлеңіндегі байлық иесінің «малдан басқа мұңы» да, уайымы да, тілегі де жоқ. Және Абай өзі бейнелеген бай болмысын шынайы да нәзік танытуда керемет білгір болып көрінген. Әйтпесе бұл өмірде дүние-байлық пен мал жинамайтын адам жоққа жуық. Бәрінің де жанұясы, қолына қараған бала-шағасы бар, сол ұрпағының қамымен «ихсанда (жәрдем, жақсылық) қолым қысқа болмасын деп һәм біреуге тамғылы (тілеу, сұрау, алғысы келу)» болмайын деп, осылайша дүние-байлық пен малды бауыр еті балаларының қажеті мен игілігі үшін, біреуге мұқтаждықпен кіріптар болмау үшін жинайды. Ал Абай айтып отырған байдың пиғыл, ниеті бұл айтылғандарға еш жанаспайды, ақын суреттеуіндегі байдың ойы тым қарау, көздегені – жоқ-жітік малсыздарды «көзге шұқып, малменен күйдіру, мақтанын білдіру». Абай танып байқағандай, өлеңдегі бай адамның өз басын – шошқа, ал өзгелерді ит деп ойлауының астарында ғажап бір адам танығыштық пен терең сыр бар. Ақын осынысымен де «малға дос» байдың, нас байдың жағымсыз, жексұрын бейнесін тіпті қоюлата түскен: әдетте шошқа қомағай болады, ал ит байғұс «қанағатшыл», қалған-құтқан сорпа-су, сүйек-саяқпен-ақ тойынып, бұдан өзге иесіне де «игілікті қызметін»көрсетіп жақсылық жасап жүретіні бар. Ең бастысы, «малға дос» өзімшіл, өктем, қанаушы бай өзгелерді, күнін көре алмай жүрген кедейлерді өзімен тең санамайды, кем көреді: мен ғана тойып, мен ғана дүниеге толығып бай болуым керек, ал өзгелерге тояр-тоймас, болар-болмас сорпа-су мен сүйек-саяқ та жетеді деп тым астам, тым қарау ойлайды. Міне, дәл осындай өзімшіл ойы мен жауыз өктемдігі де мұндай байларды халық көзіне әбден жағымсыз етіп көрсетеді. Әйтпесе бар болғандық, бай болғандық жерден алып жерге салатындай соншалық жиренішті, жексұрын да нәрсе емес. Абай өзінің бесінші қарасөзінде қазақ мақалдарына қатысты түйген ойларын айта келіп: «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен...» деп, еңбексіз, бейнетсіз мал тапқысы келетіндерді ащы түрде сынайтыны бар. Және мал табу жолында ұрлық пен қулық-сұмдық, тіленшілікке салынатындарды терістей келіп, артынан өзі сынаған байлардың атынан сөйлегендей болып: «Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен» деп, бар, бай бола алмай жүрген «момын», ұсақ байларды, анығы кедейлерді кінәлайтындай да көрінеді. Алайда ақынның бұл ойы артығырақ байып кеткендер мен дәулеті кеміп қалған ұсақ байлардың бақталастық қатынасына байланысты айтылғанға ұқсайды. 
Абай барлық шығармалары бойында тек осы жалғыз ойымен ғана мал табу жолындағы байлар атынан «қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ» деп, сол байлардың мүддесін жақтап сөйлегендей көрініп қалатыны бар. Мұны – ақынның қазақ мақалдарындағы «малға достық» пен мал табудағы ерсі әрекеттерді өзінше саралай сынауы барысында туған ойы деп ұғынғанымыз жөн. Ал басым көпшілік шығармаларында Абай қанаушы байларды үнемі сынап әшкерелеумен болады: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады... Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал». Алайда Абай малсыз, дүние-байлықсыз, бар, бай болусыз өмір мен тіршіліктің ойдағыдай лайықты қалыпта болмайтынын да жазады. Мысалы, ақынның барлықпен, байлықпен байланысты мына ойлары ақынның әр нәрсеге де жан-жақты қарай алатынын танытады: «...әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді. ...үшеуі де үлкен байлар еді» деп, байлардың да үнемі жағымсыз, жексұрын бола бермей, олардың да араларында қайырымды, имандылары болатынын айтып өтеді. Абайдың Толық адам іліміндегі Қайрат – тәннен шығатын күш-қуат болып табылады және адам баласы өз өмірінде дүние-байлық, малды көбіне осы Қайратымен, күш-қуатымен табады. Қайраттың: «Ей, Ғылым, өзің білесің ғой, дүниеде еш нәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын» дегеніңдей, ет пен сүйектен жаралған адамзаттың өмір, тіршілігі осы тән қуатынсыз, дене қайратынсыз және осылар арқылы жасалатын дүние-байлықсыз толыққанды түгел әрі игілікті болмайды. Рас, адам жаратылысы мен тіршілігі тәнінен бөлек жанының да құмары мен қуаты, ақыл-ойы арқылы айқындалып, осы жан қуаттары мен ақыл-ойы арқылы ғана өзіндік адами болмысқа айналады. Сөйтсе де әуелі адамдағы тән құмары орындалмай, және оның тәни мұқтажы орнымен өтелмей тұрып, адам баласының өмірі мен болмысы тағы да толыққанды болмайды: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмай қалады, һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Тән құмары мен тіршілік, адами тұрмысқа қорек, азық және тірек болатын – мал мен дүние-байлық. Оның үстіне мәселе дүние-байлықтың барлығы мен көптігінде және сол дүние-байлықтың иесі болатын байлардың жеке басында ғана емес екен. Мұның сырын абайтанудың негізін қалаушы М.Әуезов керемет білгірлікпен жеткізіпті: «Халыққа оларды (байларды) қас етіп отырған жеке бастарының мінездері ғана емес, байлыққа сүйенген үстемдік пен қанаушылық емес пе?!». Шынында да байлар дүние, малын қулық-сұмдық, қанаумен, зорлықпен емес, адал еңбекпен тапса, және сол байлығына сеніп адамшылығын жоғалтып алмаса, халық оларды қас көрмес еді. Сөйтіп Абай жалпы байларды емес, солардың ішіндегі қанаушы, қайырымсыз, қарау, арамтамақ, малқұмар, өктем байларды ғана аяусыз әшкерелеп сынаған. Байлық пен бекзаттық – екеуі екі бөлек нәрсе, бірі, яғни алғашқысы – «ақыл, сезім (ар, ұят, сүю)», обал-сауап, қайырымдылықты ұмытқан тән мен тұрмыс, тіршіліктің қамы үшін болса, екіншісі – ақыл-ой мен түрлі қайырымдылықтар арқылы ғана қалыптасады.                 
Өтпелі де өлшеулі, мұқтаж да бүлінгіш тән мен тұрмысқа байлаулы да тәуелді болатын адам өмірі көбіне тән қуатымен жасалып жиналатын дүние-байлық пен малға мұқтаж әрі соларға керемет кіріптар болады. Тек адам баласының дүние-байлықты иеленуде шегі-шетін, өлшеуін білмей қалып, асып-тасып, қайырымсызданып, қасиетсізденіп қарауланып кететіні бар. Абай – адамшылық пен қайырымдылықты жүйелі түрде жырлаған ақын. Ол байларды адамшылық қасиет пен ахирет қамынан алшақ кетіп азғындауы себепті аяусыз сынаса да, адамға қатысты дүнияуи тіршілік пен пенделік өмірдің тән мен тұрмысқа, мал мен байлыққа мұқтаж, кіріптар болатынын да назардан тыс қалдырмаған:
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,                    
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Рас, «ақымақ көп, ақылды аз» пенделік өмірде осындай ұғым орын алатыны бар. Бір жағынан, малды болу, бар болу, еңбекпен тауып несібелі болу – тіршіліктің, тірі болудың, өмір сүрудің алғышарты мен қамы, қалыпты қажеттілігі. Әйтсе де М.Әуезовтің жазғанындай, дүние-байлық пен мал бітетін байлардың халыққа қас көрініп жағымсыз болуы – олардың «байлыққа сүйенген үстемдік пен қанаушылығынан», қайырымсыздығынан. Мұндай байларда қайырымдылыққа сүйенген көркем мінез болмайды және олардың адамшылыққа бастайтын ақыл-ойлары да толық емес. Әйтпесе бар болып, бай болып, бай кісілердің байлығы мен игілігінің қайырымын мұқтаж айналасы мен кіріптар қауымы ортақтаса көріп жатқанға не жетсін. Бұл – бүгінгі Нарық экономикасы жүйесіндегі қоғамымызда қаулап өсіп келе жатқан бай, бағландарды еске алып, соған орай Абайдың байлар жайлы ойларынан туған түйіндеулеріміз.    
Абай өз шығармалары арқылы заманымен де, өзі өмір сүрген қоғамымен де тығыз байланыса отырып, кезеңімен де қабысатын әрі кейінгі күндерде де құндылығын жоймайтын шындықтарды көркем кестелеп кеткен ойшыл ақын, хакім тұлға. Ойшыл ақын болу – өтпелі замандармен, кезекті кезеңдермен шектеліп қалмайтын іргелі, абсолютті ақиқаттарды айта алу. Ақынның өзі жазғандай, өмірде, қауымда ойлылар мен ақылдылар көп болмайды. Тіпті ойлы деген зиялы қауымның өзі Абайдың терең де іргелі ойларына дендеп бойлай алмай жүреді. Сонда қарапайым қоңыр төбел қауым Абайдан тіпті алыстап кетпек пе, қалай болмақ?! Онсыз да бүгінде Абайды қисыны келсін, келмесін әртүрлі өресіз ойлармен сөз етушілер жиі ұшырап жүр. Бұрынғы ойшылдар мен аса ақылды тұлғалар өз ойларын тыңдаушыларын таңдай жүріп айтқан. Абайдың өзі де тыңдаушыларының сан түрлі екенін білген. Алайда орташалары, тіпті төмендері көп етекбасты ортасына икемделіп кетуден Абай аулақ болған. Маржандай ойларына іздеуші болып «сәулесі бар жігіттер бір ойланып» жоқтаушысы болып шығарына сенген. Осы орайда Абайдың көпшілік те, тіпті зерттеушілер де көңіл бөлмей өте шығатын бір өлеңі жайлы ой айтпақпыз. Тақырыбы да, өлеңнің өзі де базар жайын айтудан басталады. Тіпті бұл өлеңнің айтпақ болған басты ойы да осы базармен байланысты деген ой туады. Өлең «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» деп аталады. Көлемі де шағын, он алты-ақ жолдан тұрады. Абай өзінің түпкі ойын сол заманда капиталистік қарым-қатынаспен ілесе келіп «аты шыға» бастаған сауда-саттық, базармен байланыстырып айтқан. Бүгін де, өткен шақтағы ақын заманында да базар ұғымы көпшілікке жақсы таныс болған. Біз өмір сүріп жатқан жүйенің де базармен байланысы аса мол. Нарық – алыс-беріс, сату-сатып алуға негізделген базармен байланысты ұғым. 
Бүгінде байқасақ, өміріміздегі барша нәрселер мен құбылыстар, түрлі қарым-қатынастар да осы нарық, базар, ақша, пайда табумен байланысты болып келеді. Абай айтқандай, «сәлем – борыш, сөз – қулық» болып кеткендей. Тіпті ғылымның да мақсаты – ежелгі дәстүрмен мәнді тану әрекеті мен ақиқатты ашу ізденісі болмай, ақша табу, қайтарымын ойлау үдерісімен байланысты болып барады. «Нарық экономикасы кезеңіндегі адамгершілік тәрбиесі» деген тақырыпта диссертация да жазылған жағдай бар. Ал ақиқатында, адамгершілік қай заманда да бір-ақ түрлі болады, Абай жазғандай, ол, яғни адамгершілік – «Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы... Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді... Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен». Міне, нағыз адамгершілік дегеніміз – осы. Және барша адамзат ойшылдары адамгершілікті дәл осы мазмұн мен мәнде танып келген. Абай – өзінің адамгершілік ілімі тұрғысында осындай абсолютті ақиқатты айта алған бірегей ақын. Адамгершілік – халық қамын жеуге тиіс сонау социализм (әлеумет жолы) заманының өзінде-ақ моральдық кодекс, өмір салты мен тәрбие талаптары түрінде насихатталған, ұстаным етілген болса, бүгінгі Нарық экономикасы жүйесіндегі капитализм заманында адамгершілікті дәріптеу бірнеше есе маңызды да өзекті болмақ, негізі. Себебі ғылыми еңбектерде капитализмнің мән-мазмұны – «жеке меншік пен нарықтық экономикаға негізделген қоғам тұрпаты» деп түсіндіріледі. Ал жеке меншік пен базар, нарық қатынастары – адамгершілік болмыспен үйлесіп, жанасып, жарасып кететін құбылыстар емес. Сондықтан Нарық экономикасы жүйесіндегі қазіргі қоғамымызда адамгершілікті насихаттау мен рухани тәрбиені еселеп арттыру – заман талабы, қоғам мүддесі, мемлекет міндеті. Абай да, бүгінгі біздер де мән-мазмұны бір жүйеде, бағыт-бағдары ортақ қоғамда өмір сүрудеміз. Айырмасы мынада – Абай орыс патшалығы арқылы қазақ өмірі мен тұрмысына капиталистік қарым-қатынастар енді-енді ене бастаған кезеңде өмір сүрсе, біз де дәл сондай дәуірде өмір сүрудеміз. Тек біздер Қазан төңкерісінен кейін үзіліп қалған қоғам жүйесіне тоқсаныншы жылдары кері кетіп қайта оралдық. Абай заманында да, біздің бүгінгі нарық экономикасы жүйесінде де негізінен, жеке меншік пен пайда, ақша мен тауар, нарық пен байлық – басты құндылықтар қатарында болып, базистік қызмет атқарады. Мұны жаңа жүйеге ауысқаннан бері рухани тәрбиені тоқтатып я кешіктіріп қана қойып, материалдық байлық пен экономикаға басты назар аударып кетуімізден анық көруге болады. Абайдың сонау өз заманынан хабардар етіп жазған мына өлең жолдары бүгінгі шындықты да бейнелеп тұрғандай:
...Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,    
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.    
Терең ой, терең ғылым іздемейді,     
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
...Ақылды деп, арлы деп, ақ бейіл деп,    
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.    
Осы айтылған дертті шындық пен ащы ақиқат өскен, өркендеген бүгінгі заманымызда түзеліп, жойылып, жоғалып кетті дей алмаймыз. Бүгін де адамдардың біраз бөлігі заманы мен ондағы үстем болып тұрған ақша, пайда, байлық сияқты алдамшы құндылықтарға көбірек қызығып, аталған «ынсап, ар-ұят, терең ой, терең ғылым, ақыл» сияқты асыл қасиеттерге өкінішке қарай, қырын қарайтыны бар. Адами болмыстың сақталуын көздейтін адамгершілік қасиет өзіне ойлағанды өзгеге де болсын дегенді қалап, көптің қамын жеумен ерекшеленеді. Әлеумет пен халықтың қамын жеп, игілігін жасауға тиіс әрі соған бейім болған социализм жүйесінің өзінде де адамгершілік қалыптың сақталуы жап-жақсы ескерілетін. «Социализм» (социум, социал, изм) сөзінің өзі әлеумет (халық, бұқара, көпшілік) жолы деген мағынаны білдіретіні белгілі. Ал жетпіс жылдық социалистік құрылыс кезеңінде ілгерілеу мен игілікті істерден өзге аштық, зорлық, репрессия, отаршылдық сияқты неше түрлі зұлматтар болса, оның бәрі социализм жүйесінің табиғатынан болған қасіреттер емес, сол кездегі әміршіл-зорлықшыл, әділетсіз, өктем, қиянатшыл биліктің жасаған жауыздықтары болатын. 
Кеңестік, көпшілдік, ортақтық, теңдік, әлеуметтік (социалистік), әділеттілік, халық игілігі деген шуақты, нұрлы ұғымдар өмір салтына айналар қоғамда да осындай қиянаттар жасалды. Алайда түпкі мән-мазмұны мен өзіндік табиғатында халық игілігін ойлау мен ел қамын жасаушылық ниеті бар социализм жүйесі дәуірінде білім, ғылым, мәдениет, руханият, өндіріс, қорғаныс, өмір салты саласында ілгерілеу мен игіліктер, жақсылықтар болды, оларды әсте жоққа шығара алмаймыз. Ал капиталистік қоғамнан қайырым күту – арман мен қиял, әйтсе де үмітсіз – шайтан, жақсылықтан, әлеуметтік әділеттілік пен ел игілігінен үміт үзбейміз әрине. Дегенмен негізінде затшылдық пен пайда, ақша мен өзімшілдік, жеке меншік деген құбылыстар мен қатынастар жататын капиталистік қоғамда оның қулық-сұмдығы мен қиянатын кемітетін, кеселіне қарсы ем болатын тетік керек, ол – адамгершілікті насихаттау мен рухани тәрбиені мәртебелі орынға шығару. Бүгінде адамдар қауымы мен олардың кісілік қасиет, адамгершілік қалыптары көп өзгеріп кеткен. Өкінішке қарай, қасаңдану, қасиетсіздену, ар-ұят, әділетті ұмыту, обал-сауапты білмеу, азғындау, екіжүздену, бұзылу, төмендеу жағына қарай өзгерген. Материалдық байлық пен заттық мәдениеттің жасалуы, өсуі, артуы қаржы мен күш болса, тіпті оңай, тез-ақ бола қалатын нәрсе, ал адамшылық қасиет пен рухани болмыстың сақталуы мен қалыптасуы аса қиын. Байқасақ, бүгінде рухани жаңғыру деп ақыл-ой, жан-жүрегіміздің де нұрланып шуақтана бастауы кәдімгідей саябырсып қалды, өкінішке орай. Өмірімізде ұрандау көп, мәселенің мәнін ойлаудан гөрі есеп алып отырумен шектелу басым, жауап­сыздық пен жасандылық, үстірттік пен сапасыздық белең алған. Ең сорақысы, қоғамның негізгі тірегі саналатын мамандарда білім мен біліктілік, жауапкершілік пен кәсібилік кем. 
Сонда да көп салада «сырты бүтін, іші түтін» «мүгедек» мамандар сырын білдірмей, сыртын жалтыратып жүріп жатыр. Мемлекеттің жұмысын жүргізіп, ел игілігін жасаушы сан салалы мамандардың алдында зор міндеттер тұр. Олар өз саласының білгірі мен нағыз маманы болуға тиіс. Мұның алдында сол мамандардың бойы мен болмысында халық қамы мен ел игілігін ойлайтын жауапкершілік болу керек, мемлекет мүддесі мен міндет, талабын адал сезінушілік болу керек, обал-сауапты ойлап халық алдындағы қарыз-парызын білуі тиіс ол мамандар. Ал бұлардың бәрі – кәсібиліктен де бұрын болуға тиіс адамгершілік қасиеттер. Адамгершілігі мен иманы толысып жетілмеген мамандар тек кәсіби қабілетімен ғана биік-биік белестер мен адами өркениетке жете алмайды, керісінше күндердің күнінде сыры ашылып, қылмысы әшкереленеді.    
Жалпы жеке меншік қатынас пен ақша, пайда үстемдік еткен қоғамда әділет пен қайырымдылықтың мерейі жоғары бола бермейтінін бұрынғы-соңғы ойшылдар айтудай-ақ айтып кеткен. Біз өз қолымызды өзіміз кесе алмаймыз, өзіміз жеке меншік қатынастары берік орнаған қайыр­ымсыздау, қаталдау қоғамда өмір сүрудеміз. Мұны өзгерту ойда жоқ, ол қолдан келетін жеңіл-желпі нәрсе де емес. Әлемнің басым бөлігі жеке меншікке негізделген капиталистік жүйеде екені белгілі. Бұл – қауым мен бұқараны билеу­ге аса ыңғайлы, басшылыққа қолайлы, мемлекеттің жеке секторға сенім артып, салмақ салып, солар арқылы игіліктер жасауына да жайлы бола қалған жүйе. «Өзім дегенде өгіз күшім бар» дегендей жағдайдағы жеке сектордағылар табысын тауып, игілік жасауда күн-түн демей еңбек етеді. Ұсақ кәсіпкерліктің де молынан ашылып жатуы кәсіпкерлерден бөлек мемлекетке де зор пайдалы әрі тиімді. Бұқара халық мемлекеттен сұрамай, тіленбей я мемлекет ашып беретін жұмыс орындарына ұмтылмай, «өз қотырын өзі қасып» өзінің де несібесі мен пайдасын тауып, мемлекеттің де бұқарасын жұмыспен, несібесімен қамтамасыз етіп жатса, бұл – мемлекет үшін көктен іздегені жерден табылатын зор жақсылық пен көмек қой. 
Алайда жеке меншікке сүйенген кәсіпкерлікте тұрақтылық, тәртіптілік, сапа, еңбекті бағалаудағы әділеттілік, обал-сауапты ойлаушылық, елдік сана-сезім кем болады. Ақиқатын айтқанда, жеке кәсіп иелерінде халық игілігінен гөрі өз пайдасы мен табысын, артық табар ақшасын ойлаушылық басым болады. Осы орайда біздің М.Әуезовтей зор жазушы, ойшыл тұлға Л.Толстойдың терең талдауы, толғанып тапқан ойын еріксіз еске аламыз. Оның «Так что же нам делать» деген терең толғаныстан туған аса мәнді трактаты бар. Тақырыбынан-ақ байқалып тұрғандай, бұл туындысында Л.Толстой өмірі мен ойы тығырыққа тірелгендей болып, тәжірибесі мен ізденісінен туған ойларын әбден пісіріп, түйіндеп, ақиқат белесіне көтере қорытып беретіні бар. Мұнда ойшыл жазушы адамзат бақыты мен игілігін ойлап толғанысқа түседі. Әйтпесе ол – өз жағдайы жап-жақсы, дүнияуи мұқтажы мен материалдық жетіспеушілігі жоқ бай адам. Міне осы Л.Толстой табиғаты өзімшілдік пен зорлыққа, одан қалса қулық-сұмдыққа жақын келетін жеке меншік қатынас туралы былайша толғапты, ұзақтау болса да, мәні терең болуы себепті ұсынбақпыз: «Кажущийся неразрешимым вопрос есть старый вопрос о том, каким образом одним людям пользоваться трудом других. Прежде пользовались трудом других прямо насилием, рабством; в наше время и в нашем мире это делается посредством собственности. Собственность в наше время есть и источник страданий людей, имеющих или лишенных ее, и укоров совести людей, злоупотребляющих ею, и опастности за столкновение между имеющими избыток ее и лишенными ее. И собственность есть в наше время то самое, на что направлена почти вся деятельность нашего современного общества, то, что руководит почти всей деятельностью нашего мира. Государства – правительства интригуют и воюют из-за собственности: берегов Рейна, земли в Африке, в Китае, земли на Балканском полуострове. Банкиры, торговцы, фабриканты, землевладельцы трудятся, хитрят, мучаются и мучают из-за собственности; чиновники, ремесленники, землевладельцы бьются, обманывают, угнетают, страдают из-за собственности; суды, полиция охраняют собственность. Собственность есть корень всего зла; распределением, обеспечением собственности занят почти весь мир». Бұл меншіктің, жеке меншіктің біз өмір сүріп отырған қоғамға да қатысы бар. Әлемді жайлаған, пенде жаратылысына тән, адам болмысына қатысы бар бұл ұғым мен қатынасты ойымыз бен өмір салтымыздан аластап тастай алмаймыз. Л.Толстой сияқты ғұлама жазса да, әлем мемлекеттері меншіктен бас тарта алмайды. Оның үстіне жеке меншікке негізделген капиталистік даму жолындағы мемлекеттер жалпы алғанда бай келеді, дамыған деңгейде болады. Мұндай қоғамда арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Қатал, қатыгез, қайырымсыздау қоғам қаттылығымен де құрбандықтарға жол бере отырып ілгері кетіп жедел дами береді. Әрине бұл даму көбіне рухани-адамгершілік жағынан емес, материалдық, ғылыми-техникалық жағынан жалғасады. 
Мұның қабатында қаншама қиянаттар мен әділетсіздіктер, құрбандықтар мен зорлық-зомбылықтар орын алып жатады. Алайда қаталдық пен қасаңдыққа, жүйеге ілесе алмаушыларды басып-жаншып кетушілікке, ар-ұят пен адамгершілікті кейінгі-соңғы қатарға сырып қоя салушылыққа халықтың еті әбден өліп, көңілі көніп кетеді. Бай азшылық ешнәрсеге уайым етпей, кем, кедей орташалар да көнбістікпен күнелте жүріп өмір өз жүйесімен жалғаса береді. Ал қалың көпшілік лайықты өмір сүрумен, қайырымды, мейірімді болумен емес, тамақ табу, тіршілік қамын жасаумен күнелтіп бағады. Шәкәрім ақын: «...барша адам шамасына қарай қай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады»деп жазады «Үш анық» атты философиялық шығармасында. Қалай болғанда да «барша адам бағын іздеген» адам асылырақ, абзал әрі бекзат. Ал «табы үшін, өзі үшін жақсылық бақ іздеуге» қарай әрекет етумен адамшылық та азая береді. Алладан келетін қасиеті мен жаратылысына адам баласының еңбегі сіңбеген. Ал Алла берген ақылы мен жан қуатын пайдаланумен адамшылығын жетілдіру – әр адамның таза өзіндік кәсіби-кісілік қасиеті мен қазынасы. Ата-ана мен баланың және бір әке мен бір шешеден туған бауырлардың өзара жақындық, туыстық қатынастары олардың өздері «еңбектеніп» жасап алған қалып, қасиеттері емес. Мұндай туыстық пен жақындық – Жаратушының құдіретімен қан арқылы туғаннан бар болатын қайырымды қатынас. Осындай қайырымды, ізгілікті қарым-қатынасты барша адаммен орната білу – адамның өзі ізденіп, өзі бейнеттеніп табатын адамгершілік қасиеті. Қанмен келетін туыстықтың ұшқыны мен бастауы адамнан өзге тіршілік иелерінде де бар болады. Жан-жануар, жандылардың бәрі де ақыл, санасы болмағанымен, төліне, нәсілдеріне қорек беріп, қорған болып, қамқорлық танытып хал-қадерінше өз ұрпақтарына «еміренеді», «мейірленеді», жақындық танытады. Осы себепті де ақын болумен бірге зор ғұлама да болған Шәкәрім Құдайбердіұлы ғалымдық, хакімдік танымымен бұл жағынан адамдар мен өзге барша жандыларды қатар алып ой өрбітеді: «Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны – «барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы». Шәкәрімнің «жандылар» деуін тарата түсінген жөн. Негізі, бұрынғы-соңғы ойшылдардың айтуынша, жан – өсімдіктер мен жан-жануар, жәндіктерде және адамдарда болады. Адамнан өзге жан иелерінде қоректену, өсу, көбею (өсімдіктерде) мен сыртқы бес сезім мүшесі (жан-жануар, жәндіктерде) секілді жан қуаттары бар, яғни өсімдікте алғашқы үшеуі ғана, жан-жануар, жәндіктерде алдыңғы үшеуімен бірге сезім мүшесі де бар. Ал адам жанында осы төртеуінің үстіне ойлау қуаты да бар. Хакім Абай жазғандай, «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан...».Және адамда ғана жанының ойлау қуаты мен ақыл бар, алдыңғы екі түрлі жандыларда бұлар жоқ. Өзге жандылар өз тіршіліктерінде тек тәні, денесі жағынан ғана өсетін болса, адам баласы бұған қоса жанының ойлау қуаты мен ақылы арқылы да дамиды, жетіледі, кемелденеді. Яғни адам баласының ойлауы мен ақылы арқылы жетіліп, кемелденуі оның тек өзіне ғана тән, өзге жандыларда жоқ өзіндік төл қасиеті болып табылады. Адам баласының дене жағынан өсуі оның өзге жандылармен ортақ тумысынан бар табиғи, жаратылыстық ерекшелігі болса, ойлауы мен ақылы арқылы кемелденуі – адамның өз ізденісі мен бейнеті арқылы жасалатын кәсіби әрекеті. Яғни дене жағынан дамып өсуге өзге жандылар сияқты адам да арнайы әрекетпен еңбек етпейді, тек Абай айтатын тән құмарымен ішіп-жеп, ұйықтап тұрса болғаны. Ал адамгершілікті жетілдіріп кемелденуге арнайы адами ізденіс пен зор әрекет керек. Әл-Фарабидің жазуынша, «өмір сүруі үшін керекті нәрсенің бәріне әуел бастан ие болған заттар» болады. Тірлікте бұлардан басқа «өмір сүруі үшін керекті нәрсенің бәріне әуел бастан ие болмаған» заттар да кездеседі. Адамзат қауымы осы соңғы «заттар» қатарынан орын алады. Осы орайда әл-Фараби «Ал өмір сүруі үшін керекті нәрсенің бәріне әуел бастан ие болмағандарға дарыған бір күш бар, осының арқасында олар өздері діттеген нысанаға жетуге ұмтылады, сөйтіп Бірінші себептің мақсаттарын көздейді. Осындағы «дарыған бір күш» адам жанының ойлау қуаты мен парасат күші болса керек, өзге түк те емес. Ал «Бірінші себептің мақсаттарын көздеу» – Құдай жолы адамгершілікті бетке алып кемелдену әрекеті. Сөйтіп кемелділікке ұмтылу мен адамгершілік жағынан жетілу – адамзат қауымы үшін асқаралы арман, мәртебелі міндет, қасиетті парыз болмақ.     
Абай жоғарыдағы «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар» өлеңінде жұртшылыққа жақсы таныс базар жайын айта отырып барып өзінің түпкі ойын танытады. Әрине әуелі ақын мән-жай түсінікті болу үшін және салыстыра тануға ыңғайлы болуы себепті базар жайын тиянақты танытып береді:    
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,    
Іздегені не болса, сол табылар.    
Біреу астық алады, біреу маржан,    
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.    
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,          Сомалап ақшасына сонан алар.
Он алты жолдан тұратын тұтас өлеңнің алты жолында осылайша базар жайында айтылған. Бұл – базардың көркем баяндалған бейнесі. Бәріміз көріп, біліп жүрген базар жайы шынында да осындай. Алайда он алты-ақ жолдан тұратын шағын өлеңінде ақын базар жайын айтуға не үшін осыншалық көңіл мен «қомақты» көлем арнады екен деген ой туады оқырманда. Абайдың тыңдаушыларына сөзін ұқтыра алмай өткенін білеміз, мұны ақын осы өлеңінде де айтып өтеді:
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,     
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.      
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?      
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Бір бұл өлеңі емес, өзге де өлеңдері мен қарасөздерінде Абай тыңдаушыларының зейінсіздігі мен сөз ұқпастығын жиі айтады. Мұның жайын өзі қысқа ғана өлеңінде үш-төрт жолмен тағы айтуының себебі – танытпақ болған ойының аса маңыздылығын білдіреді. Ал айтпақ болған түпкі ойы – маржандай ойларын түсініп танушылар, қажет көріп тұтынушылар табылса екен деген тілек. Және бұл өлеңін әбден пісіп жетіліп келіп, ақындыққа табанды түрде кіріскен қырықтан асқан жасында, яғни анық ақындығының басында жазуында да үлкен мән бар. Бұл – өзінің де, сөзінің де бағасын білген ақынның маржандай құнды, терең ойлары көздеген нысанасына дәл жетіп, өзі армандаған күретамыр танымын өмірлік етпек болғаны деп білеміз. Мақсаты – жазған өлеңдерінің елге тарауы: «Жазған соң, жерде қалмас тесік моншақ, біреуден біреу алып елге тарар». Сірә, ақын өзі жазған өлеңдерінің қадірі білініп, мәні танылып жатқанына, сөйтіп елге таралып жатқанына көңілі толмайды. Содан да тыңдаушыларына осылайша өз сөзін қадірін таныта насихаттап, жарнамалап жатқаны деп білеміз. «Сөзді ұқпас» деп сынағаны үшін өз тыңдаушыларынан кешірім сұрап, артынан оларды «ұқсаң жарар» деп толғанып тапқан ойларын танып білуге шақырады. Осы бір түпкі ойын орағытып келіп айту үшін жоғарыдағыдай алты жолда базар жайын тарата танытуының себебі – өзін сол базардағы сатушыға, ал өлеңін тауарына балап, ойын оңай, салыстыра жеткізбек болғаны дейміз. Бұлайша түйіндеуімізге Шәкәрім ақынның ойы түрткі болғаны бар:
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,    
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.     
...Асыл алсақ, асылын аямайды,    
Келді ғой өз еліне сата алмастан.    
Әр адам кәдімгі базардағы керегін қалтасындағы бар «ақшасына сомалап алатын» болса, өнер әлеміндегі, өлең базарындағы ақын ойларын өресі жеткен адам ғана тұтынып түсіне алады. Базардағы әркім өз іздегенін ақшасына қарай лайықтап алып жатса, өнер, өлең «базарында» ондай қызу сау­да байқалмайды. Алайда ақын үмітін үзбейді, келешекте өлеңі мен ойларын қадірлейтін зейінді де саналы ұрпақ туарына сенеді:
Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,                     
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Шынында да Абай өлеңдеріндегі ойларды дайындықсыз келіп түсіне қою қиын. Абай өз оқырмандарының таным, талғамын өрге тартып тәрбиелеуімен ерекшеленеді. Өзіміз де Абайды толық тауысып таныдық дей алмаймыз. 

(Жалғасы бар). 

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз