ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ АЗАМАТ

  • 02.03.2020
  • 95 рет оқылды
  • 0

«Ерінбеген еңбекке, дәулет дайын» деп айтқан екен ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Еңбектің қадірін білген адам өмірден нәсібін тапқан десек, әлбетте, қателігі жоқ. Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Бұл жалғанда жеңіл жолды таңдаған адам баласы бейнеттен қашамын деп беделін кетіреді. Ал, адал еңбек етіп, бар жігер-күшін ерінбей еңбекке арнаса, зейнетін көреді. Өмір жолында еңбек етіп, қиындықпен күресе білетін абзал жандар өзінің өмірлік жолын адаспай табатыны ақиқат. Еңбектен бақытын тапқан осындай жандардың бірі Қарағанды облысы Балқаш қаласының тіс дәрігері, Республикалық тіс дәрігерлер ассоциациясының құрметті стоматологы, Халықаралық стоматология ассоциациясының президенті Португалиялық Патрик Хескот мырзаның өз қолынан «Қазақстан Республикасының ең үздік стоматологы» марапатына ие болған Балқаш қаласының құрметті азаматы, осы өңірде еліне сыйлы, танымал азаматтардың бірі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, қоғам қайраткері, «Балқашстоматология» ЖШС-нің директоры Қаныш Ысқақовпен сұхбаттасқан едік.

– Қаныш Мәдениетұлы, адам баласының өмірінде балалық шақтың маңызды екені аян. Мамандық таңдауыңыздың ба-ла кезіңізге қатысы бар ма? Дәрігер-стоматолог болуға кім себепкер болды? Бұл мамандыққа қызығушылықтың сыры неде?
– Мен 1966 жылдың тамыз айында Қарағанды облысы, Шет ауданы «Октябрьдың 40 жылдығы» атындағы (қазіргі «Жұмыскер») ауылында дүние есігін ашыппын. Әкем Мәдениет Ысқақов Алматы Зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын 1965 жылы қызыл дипломмен тәмәмдаған. Ал анам Зәбира Қашқымбекова Қыздар педагогикалық институтының гео-графия-биология факультетін үздік аяқтағаннан кейін, екеуі еңбек жолдарын Шет ауданының «Қызыл ту» ауылынан бастаған. Әкем саналы өмір жолын ауыл шаруашылығына арнаса, анам ұзақ жыл бойы мектепте ұстаз болып еңбек етті. Ата-анам Шет, Ақтоғай өңірлерінде зейнет жасына дейін адал еңбек етіп, балалық кезімізден бізді еңбекке баулып, адалдықтың ақ жолынан таймауды үйретіп отыратын. Ата-анам өмірден өтіп кетсе де, осы уақытқа дейін берген тәлім-тәрбиені ешқашан ұмытпаймын.
Балалық балғын шағым туралы айтсам, Нұра өзенінің жағасында орналасқан Кежек (бұрынғы Ақши) ауылында өтті. Ауылымыздың қасындағы Нұра өзені Саршабұлақтан бастау алып ағып жатушы еді. Сол кездегі көкмайса шөптің, жусанның иісі әлі күнге дейін жадымнан кетпейтіні рас. Осы ауылға 1975 жылы жаз айында көшіп келдік. Әкемнің досы Біләл Доскеев совхоз директоры, әкем болса бас зоотехник болып Ақши совхозын құрған азамат еді. Кейін әкем осы ауылды біраз жылдар бойы басқарып, мен сонда Ақши орта мектебін 1983 жылы бітірдім. Бала кезімде тарихшы, археолог немесе заңгер болсам деп армандаушы едім. Жоғарыда айтқан Біләл ағаның баласы Манат досым мединституттың стоматология факультетінде оқитын еді. Сол досымның ықпалымен мен де медицинаға қызығушылық танытып, Алланың қалауымен Қарағанды мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне құжат-тарымды тапсырып студент атандым.
Бір айта кететін жағдай, 1980 жылы Жезқазған облыстық комсомол жетекшілерінің бір айлық курсын бітіріп, оқуға түсуіме комсомол жолдамасы үлкен көмек болды. 1986-1988 жылдар аралығында Кеңес армиясы қатарында азаматтық парызымды атқардым. Әскерде өткен уақыт мен үшін үлкен өмірлік мектеп болды. Қатардағы жауынгерден аға сержантқа дейін өсіп, жақсы адамдармен таныстым. Әскерден келгеннен кейін, оқуымды әрі жалғастырып, 1990 жылы ойдағыдай аяқтап, елге келдім. Сол жылы жаз айында жан жарым Ақбөпемен отбасын құрып, үйлі-баранды болдық. Екі ұлымыз дүниеге келіп, тәлім-тәрбиемізді беріп отырмыз. Үлкен ұлым Жасұланның екі жоғарғы білімі бар және қазіргі таңда Медицина академиясының стоматология факультетінің студенті. Ал, Темірлан Қарағанды медицина университетінің 6-курс студенті, дәрігер-интерн. Жұбайым Ақбөпе Айтжанова Қарағанды педагогика институтын тәмәмдаған, мамандығы мұғалім.
– Өміріңіздегі еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Еңбек жолымды айтсам, Жезқазған облыстық стоматология емханасында тіс дәрігері болып бастадым. 1991 жылы Балқаш қаласына отбасыммен көшіп келдім. Балқаш қаласының тіс емханасына дәрігер стоматолог болып қызметімді әрі қарай жалғастырдым. 1990 жылдардың ауыртпалықтарын артқа тастап, бір жерде тапжылмай еңбек етіп келемін. Содан бері қаншама уақыт өтті. Еліміз егемендік алып, өз алдына дербес мемлекет болып құрылды. Еліміз өркендеген сайын барлық сала сияқты медицина да алға қарыштап дами бастады. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деп қазақ атамыз айтқандай, қатардағы дәрігерден «Балқашстоматология» ЖШС директорлығына дейін өс-тім. Қазіргі таңда осы емхананы басқарғаныма жеті жылдай болды.
Егер, өткенге үңілсек, бұл емхананың тарихы сонау 1938 жылдан басталады. Соғыс кезінде балалар ауруханасы болған екен. 1969 жылы Балқаш қаласының тіс емханасы болып құрылып, бірінші бас дәрігер Базар Сағадиев басқарған. Базар ағамызбен талай дәмдес болдым. Елдің алғысын алған жақсы маман болды. Одан кейін ұзақ жылдар бас дәрігер Құрманғали Қайыржанов ағамыз болған. Мені жұмысқа қабылдаған сол кісі еді. Өкінішке қарай, қазір бұл адамдар өмірден өтіп кетті. Бұл аталған ағаларымыз емханамыздың тарихында есімдері жазылып қалды. Тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезде Балқаш тіс емдеу емханасының тізгінін Бақыт Бегімбаева басқарды. Бұл кісі де өз мамандығының шебері. Әлі де осында еңбек етіп келеді және біздің ақылшымыз, қамқоршымыз болып, қасымыздан табылып, өзінің біліктілігін көрсетіп, қызмет етіп келеді.
Біздің «Балқашстоматология» ЖШС мемлекеттік тапсырыспен жұмыс атқарады. Емханада 35 адам жұмыспен қамтылған, арнайы тіс емханасы болғаннан кейін, балалар тіс емдеу бөлімі, хирургия, терапия, ортопедия бөлімдері жұмыс атқаруда. 2015 жылы мемлекеттің орта және шағын бизнесті дамытуға арналған бағдарламасы аясында Даму банкісінен несие алып, емханаға заман талабына сәйкес, жаңа медициналық құрал-жабдықтар, атап айтқанда, бор машиналар, рентген қондырғысын алдық. Емхананың ішіне тыңғылықты жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Айта кетерлігі, мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламасы біздің ұжым үшін үлкен көмек болды. Бұл қазіргі таңда қала халқына стоматологиялық көмек көрсететін арнайы емхана болып саналады. Атап айтқанда, қаладағы 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, мүгедектерге, әскери комиссиариатта біздің дәрігерлер тегін көмек көрсетеді. «Балқашстоматология» ЖШС-де еңбек ардагерлері Б.Бегімбаева, Р.Сәтбеков сынды қаламызға белгілі дәрігерлер қызмет етеді. Сонымен қатар, орта буыннан тіс технигі М.Әбеуов, медбикелер Ж.Арзымбетова, М.Нөкешова, С.Бакирова, Ж.Қожыкенова, Ж.Ахметбекова жиырма жылдан астам бірге қызмет етіп келеді. Әсіресе, балалар дәрігерлері И.Ни, Н.Жағыпаров, Н.Қызылбаева, Б.Нұрғалиева сынды мамандардың еңбегі ұшан-теңіз. Еңбек жолын бастағанда, маған дұрыс бағыт-бағдар беріп, бірге жұмыс істеген дәрігер-стоматологтар Б.Ким, К.Елубаев, медбике О.Мусина қазір өмірде жоқ болса да, орны бөлек абзал жандар. Осы жерде мен үшін ұстаз, жетекші болған дәрігер-стоматолог, ортопед Кензада Мағрұппековті айтпасқа болмайды. Ол кісі мені ортопедия бөліміне қабылдап, қамқор ағамдай болып кеткен жанның бірі. Сондай-ақ, әрқашан да аңқылдап, апамыздай болып кеткен медбике Р.Богисова қазір зейнет демалысында болса да, ұжымнан байланысын үзген емес.
Қазіргі күні медицина саласында, оның ішінде стоматология саласында маман тапшылығы байқалады. Сол себепті 2016 жылы Балқаш медицина колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты С.Пішенбаевпен біріге отырып, колледжде тіс техниктерін дайындайтын бөлім аштық. Колледж студенттері «Балқашстоматология» ЖШС-де тәжірибеден өтеді, біздің мамандар тәлімгерлік көрсетеді.
– Осы салада едәуір қызмет еткен екенсіз. Осы жылдар аралығында өзіңіз қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– Медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегім үшін «Қазақстан стоматологиясының үздігі», Қазақстан стоматологтар ассоциациясының «Еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» атағын, 2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау минист-рінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Халықтың алдында жүргеннен кейін, қаламыздың саяси-қоғамдық өмірінен тыс қалмауға тырысасың. Қарағанды облысы «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңесі мүшесімін. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысқаным үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталдым. «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Оспанова, «Нұр Отан» партиясы Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Секербекованың ұсынуымен арнайы алғыс хаттармен марапатталдым.
Мен үшін өмір жолында кездескен әр адам, мейлі ол саясатта болсын, медицина саласында болсын, еліміз үшін пайдалы жұмыстарға араласқан азаматтар ретінде өте қымбат. Сондықтан, халық денсаулығын сақтауға өз үлесімді қосып, қоғамдық жұмысқа араласуға тырысамын. Мемлекет пен қоғам тарапынан осы бағытта атқарған жұмысымды бағалап, құрметке бөленуім адал еңбектің нәтижесі деп білемін. Еліміз үшін еңбек ету мен үшін үлкен мәртебе. Медицина қызметкері ретінде еңбегімізді бағалаған Балқаш өңіріндегі ел ағаларына, Қарағанды өңіріндегі елге танымал ардақты азаматтарға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ел үмітін ақтау, сенім үдесінен шығу – біздің басты парызымыз.

Сұхбаттасқан –
Азамат ОМАРОВ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.

Мұрағат

error: Content is protected !!