• Тарих толқынында
  • 22 Қаңтар, 2020

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ҚОС ТҰЛҒА

Әкелі-балалы қос тұлғаның өмір жолын ешқандай дереккөз, тақыр жерден іздегенім жоқ. Амангелдінің жазбалары маған жол сілтеуші еді. Олар өмір сүрген Ұлытау өңірі және «Қызыл жыңғыл» болысы туралы, сондай-ақ ғалым, этнограф, марқұм Ақселеу Сейдімбековтың «Бағаналы, Балталы, аман бол» атты шежіре кітаптарын да назарда ұстадым. Қазіргі Қостанай облысына қарайтын көптеген ауылдар кезінде Торғай облысына қарағанын білетін болғандықтан, архивтің №25 қорын, Торғай облысының (1892-1916 жж.) газет тігінділерін және басқа да журналдар мен кітаптарды қарадым. Алдымен Дүтбай батыр туралы әңгіме қозғап, шежіресіне тоқталайын. Руы Найман, Бағаналы, Ақтаз болып келеді. Тікелей тарқатқанда Құдайберген Мамай бабадан – Сары – одан Әлібай (Әлімбай). «Әлімбайдан – Махамбет, Мыңбай, Сүтбай, Дүтбай, Салпық, Әйтімбеттер туады. Дүтбайдан – Төлеген, Бөлеген, Елен, Әбіш. Салпықтан, Әйтімбеттен ұрпақ жоқ», - деп жазады Ақселеу Сейдімбеков аталған кітабының 127-бетінде. Ал, А.Дәрменбаевтың Төлеген, Бөлеген ұрпақтары және Сумұрын Жаппас Ешмахан қария, Байділдалардан жазып алған ата-тек шежіресінде аз-кем алшақтық кездеседі. Мұнда Мамайдан – Сары – одан Әділбай – одан біз әңгіме еткелі отырған Дүтбай келіп шығады. Дүтбайдан – Төлеген – одан Байділда, Бибіғада, Дәмелі және Дүтбайдан Бөлегенді тарқатады. Шындығында Бөлеген – Салпық баласы.

Дүтбай батыр

Дүтбай Әлібайұлы бабалары қоныс еткен Ұлытау, Қарсақбай, Телікөл, Сарысу аймақтарының бірінде туғаны анық. Өйткені, ол жерлерде Бағаналы елінің бейіт-қорымдары көп кездеседі. Дүтбайдың батыр атанған уақытын дөп басып айту қиын. Дегенмен, ел әңгімелерінен естіп-білгеніміз: бірде ауылдың біраз адамдары көрші ауылға тойға кетсе керек. Аңдысып жүрген барымташылар көл жағасындағы жылқыларды үйірімен айдай жөнелгенде екі жылқышының бірі сойылымен оларға қарсы шығып, екіншісі ауылға қарай шабады. Оның жылқыларды қуып бара жатыр деген ащы айқайын естіген 14-15 жас шамасындағы балаң жігіт, үй маңындағы аттың біріне жайдақ міне сала барымташыларды қуа жөнеледі. Оларға жете бере сойылмен екі барымташыны аттан құлатады, ал, қалған екеуі қашып кетіпті. Сөйтіп, Дүтбай барымташылардан жылқыларды қайтарып әкелгеннен бастап, ауыл адамдары оны батыр атапты. Бірде қатарластары оны сынау үшін жолай келе жатып бейітке тоқтайды. Олардың біреуі бейіттің ішіне кіріп алып жатады. Бірі: «Дүтбай, тоңып қалдық, бейіттегі ағашты алып келші, от жағып жылынайық, әруақтар кешірер бізді» депті. Дүтбай бейіттің ағашын ала бергенде: «...Әй, сен енді өлгенге де тыныштық бермейін дедің бе» дегенде, «Әй, сен өлді екен деп, тірінің өлетін жағдайы жоқ. Тыныш жат!» деп ағаштарды әкеп отқа жағып, қасындағыларды жылытыпты деседі. Осыны көрген қасындағылар: «Біздікі бекершілік екен, Дүтбай шынында батыр екен», – деп батырлығын мойындаса керек. Дүтбай туралы үшінші жазбаны соғыс ардагері, көне сөздерді көп білетін Камал Бердәулетов ағамыздың «Атасы достың баласы дос» атты мақаласынан таптық. Ол Дүтбай мен Бұқарбайлардың Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан тұлға болғанын атап өтіпті. 1847 жылғы ханның жеңілісінен кейін батырлар бытырап өз ауылдарына тарап кетеді. Ал, Дүтбай болса Қырғыз жеріне аяқ баспай-ақ сарбаздарымен кері қайтса керек. Бірде ұлытаулық найман мен сыр-бойылықтар арасында дау-жанжал шығып, Дүтбай батыр еліне барады. Бұқарбай мен Сейіл бастаған қонақтарына арнайы үй тігіп, құрметтеп күтеді. Осы мәжілісте Кенесары сарбаздарының жеңіліс табуы да естелік болып еседі. «...Шіл қиындай шашыраған сұмдықты қара танаша сендер бастадыңдар ғой», – деп Бұқарбай батыр үлкен жорықтың сәтсіз аяқталғанын бірі бастап, бірі қостап әңгімелепті. Наймандар мен Әлім руының адамдары арасында жанжал туып, соған Бұқарбай, Сейіл батырлар ара-ағайындық жасап дауға барады. Олар осында Бұқа би мен Дүтбаймен танысыпты. Бұқа бидің сөз арасында Дүтбайдың жау қашқанда ғана аты шығатынын айтып, оның атақты батыр болып, қол бастамағанын сездіріпті. Жалпы тарихи кітаптармен Ресей саяхатшысының жазбаларында Бағаналы елінің азулы ел болғанын айтып, жазғандарында, Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» тарихи романында «...Жаман-қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызылжыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қаракеңгірден көшіп келген Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шық-қан» десе, 235-бетте тағы да «...Ауырған әскерінің көбін Қызылжыңғыл бойына қыстауға келген найманның Бағаналы еліне Кенесары қалдырып кетіпті», – деп жазылған. Бұдан басқа деректерде Атбасар базарына «Бағаналылар келе ме» деп Мәскеулік саудагерлер сұрайтын болыпты. Жазушы Сабыр Шарипов Бағаналыда бес болыс ел болғанын, олардың байларының көп болғанын жазады. Атақты Сандыбайдың Ердені 1808-1811 жылдар шамасында туып, 1862-1863 жылдары қайтыс болса керек. Қалмағанбет пен найман Шеген айтысқан. Шеген кезінде Ерден Сандыбайұлының ақыны болыпты. Шеген ақын: ...Найманда кісі өлтіріп Дүтбай батыр, Жатқанда абақтыда қайғы-шермен. Қазақша екі жағын бітірем деп, Дүтбайды Ерден алып елге келген. Бітімге жоғарғы әкім разы болып, Ерденге алғыс айтқан осы жөннен, – деп жырлапты. Сонда арқаланып кеткен Ерден ақынға 25 сом ақша ұсыныпты. Бұдан шығатын қорытынды: Дүт-бай батыр Ерденмен замандас, әрі сыйлас, пікірлес, ел ішінде сыйлы болғандығы аңғарылады. Ұлытау өңірінен кісі өліміне байланысты кейін Қызылжыңғыл бойына қоныс аударса керек. Дүтбайдың баласы Төлеген 1853 жылы өмірге келсе, Дүтбай шамамен 1826-1828 жылдарда туып, ХІХ ғасырдың 80-90-шы жылдары қажылық сапарға бара жатып суға кетіп қайтыс болыпты.

Төлеген болыс

Төлеген Дүтбай баласы ұрпақтары-ның айтуы бойынша 1853 жылы туып, 1916 жылы Қызылжыңғыл маңында қайтыс болып, сонда жерленген. Ұрпақ-тары соңғы жылдарда басына барып, құран бағыштап, ескерткіш белгі қойған. Өйткені, Төлегеннің кенже қызы Дәмелі өзінің естелік әңгімелерінде әкесі қайтыс болғанда 4 жаста болғанын және өзінің 1912 жылы Қызылжыңғылда туғанын айтып отырады екен. Тағы да К.Бердәулетов жазбасына жүгінейік: «...Осы әңгімелеп отырған Төлеген болыс Дүтбай батырдың баласы, ол уақытта 15 жасар, Ұлытауға барғанда Бұқарбай батырды сөзден тоқтатқаны қысқаша айтылып кеткен-ді», – деп жаза отырып Төлеген болыстың Сырдағы Сәдір ауылына келгенінде оны қонақ үйге түсіргенін, ал, Төлеген болса Сәдірдің шаңырағына кіріп келгенде Сәдір би орнынан ұшып тұрып, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріпті деседі. Аз-кем әңгімеден кейін Сәдір «...Е, найманның жылқылы байы, сөзіңді жалғастыра бер» десе керек. Сонда Төлеген: «Иә, сарт байыса там соғады деген ғой», деп қияс сөйлепті. Ел ішінде Төлегенді Дүтбайдың «Ауызды Төлегені» деп атаған көрінеді. Ол осында Досболдың Әуезімен, Бұқарбайдың Алданазарымен, Керейт Тынымбай билермен таныс-біліс болып, Кіші жүз бен Орта жүз арасындағы дау-жанжалды шешуге белсене араласқан көрінеді. Төлеген туралы ауызша айтылған әңгімелер жазба деректерден алшақ емес. Жалпы Орынбор, Торғай, т.б. патшалық облыстарда болыстық жүйенің 1868 жылдан бастап құрылғанын есептесек, 1924 жылға дейін Торғай облысына қараған «Қызылжыңғыл» болысы Торғай уезіне, кейін Перовскі уезіне (Қызылорда округына) қараған. Кеңестік кезеңде бірде Қарсақбай, енді бірде Қызылордаға қараған. Қалай десек те Қызылжыңғыл талай тарихи оқиғалардың куәсі болған жер. Сондықтан да, болыстың атауы – Қызылжыңғыл аталған. Жалпы қолдағы дерекке қарағанымда алғашқы болыс басқарушысы Бәтеш Байменов болған. Ол патшалық шенеунік тарапынан 2 маусым 1892 жылы генерал- губернатордың бұйрығымен болыс басқарушы қызметінен босатылған. Ал, оның орнына №3 ауыл қазағы Есмағанбет Есмурзин болыс болып тағайындалып 4-5 сайлауда болыстықтың тізгінін ұстапты. Төлеген Дүтбайұлына келетін болсақ, ол «Қызылжыңғыл» болысының бір ауылының биі, кейіннен болыс басқарушысына кандидат болып тіркел-ген сияқты. Ол 1901 жылдардағы Торғай облысындағы және Торғай уезіндегі түрлі жиындар мен кеңеске қатысқан билер қатарында көрінген. Торғай облыстық газетінің 1911 жылдың 12 ақпанындағы санында: «Қызылжыңғыл» болысының бас-қарушысы Төлеген Дүтбаев пен оның кандидаты Бөлеген Салпықов деп жазылған. Олай болса, Бөлеген Салпық баласы болып шығады. Осында болыстағы 9 ауылдағы билердің аты-жөндері де жарияланған. Демек көңіліміз күпті болып жүрген Қызылжыңғыл болыстығын Т.Дүтбаев тың басқарғанын анықтадық. Сонымен Төлегенді болыс болған деген сөздер расқа шықты. Қызылжыңғыл болысындағы билер: №1 ауылды Әжібек Төлепов, оның кандидаты Бірімжан Жаңабергенов, №2 ауылды Садырбай Байменов, кандидаты Арыстамбек Бәтешов, №3 ауылға Бірімжан Тілеубергенов, кандидаты Сәдуақас Мақұлов, №4 ауыл биіне: Алтынбек Баймұратов, кандидаттығына Ахмет Өтешов, №5 ауыл биіне Балаби Еділбаев, кандидаты Бегайдар Зілғарин, №6 ауылға Сұрапберген Құрманов, кандидаты болып Дүйсенбай Күнтуаров, №7 ауылға Манаспай Өтемісов, кандидаты Рыспай Таласбаев, №8 ауыл биіне Өтеген Саңғылбаев, кандидаты Жаппасбай Досымов, №9 ауыл биіне Кәмет Байсалбаев, кандидаты болып Демесін Тоңқаев тағайындалған. 1912 жылғы «Материалы по киргиз-ской землепользовании Тургайской области, Торгайский уезд» кітабында «Қызылжыңғыл» бөлімінің ауылдарын басқарған ауыл ақсақалдарының тізімі-мен таныстық. Оқып көрелік. 1-әкімшілік ауыл №1 ауыл ақсақалдары – Арысбай Дарбаев – қысқы қонысы Білеуті – Төркөл. Абайділда Айтуаров та Білеулі маңын қыстаған. Наурақбай Амантаев – қысқы қонысы Арысқұм, Ешкіқырылған. Ауылды Мақат Тәжібаев басқарған, қыстауы Шолақсай, Жиделісай. Нұрмағанбет Байжанов – Бестамақты қыстаған. ІІ-ауыл №1. Қапланбек Бәтешов – қыс қыстауы Қызылжыңғыл. №2. Байтабын Сатаев – қыстауы Бүйрекқұм. ІІІ-ауыл №1. Бірімжан Тілеубергенов – қыс-тауы Құрайлы өзені, Майтөбе, Бестарау. №2. Ізтілеу Ниязбеков – қыстауы Бейсембай, Қарасу. №3. Нұрмағамбет Кентов – қыстауы Телікөл. №4. Тоқпай Тілеумен – қыс қыстауы Телікөл. №5. Бисембай Сәмбетов – Арысқұм. №6. Кенжетай Тоқмырзин – Телікөл. ІV-әкімшілік ауылы №1. Ахмет Жауғашев – қыс-қыстауы Құрайлы мен Ашөлі. №2. Манабай Естаев – қыстауы Аякөл. №3. Тәжібай Жеңісбаев – қыстауы Қарабұлақ. №4. Ахмет Аққошқаров – Телікөл, Доңыз. №5. Үсімбек Қожахов – Телікөл, Доңыз. V-әкімшілік ауылы №1. Сүлеймен Сейтімбетов – қыс-қыстауы Шағарлы, Сарытау. №2. Құлбатыр Жиенов – Аяқкөл. №3. Есмақ Қоңырқұлжин – Телікөл, Қарағанды. VІ-ауыл №1. Бимұқан Шуақбаев – ауыл ақсақалы – қыс-қыстауы Телікөл. №2. Қорғамбай Манабаев – қыс қыстауы Телікөл. №3. Нұрбай Құлманов – Телікөл, Сырдария. VІІ-әкімшілік ауылы №1. Ауыл ақсақалы Найзақара Шенекеев – қыс-қыстауы Телікөл, Арысқұм. №2. Қыдырәлі Бектасов – Телікөл, Ащылы. №3. Өтенбай Байтасов – Телікөл. VІІІ-әкімшілік ауылы №1. Ауыл ақсақалы Қайролла Сатты-баев – қыс-қыстауы Мүйір. №2. Тоқберген Тортаев – қыс-қыс-тауы Мүйір. №3. Тәжібай Саңғылбаев – Телікөл, Мүйір. ІХ-әкімшілік ауылы №1. Ауыл ақсақалы Мәнгібай Айтбаев – қыс-қыстауы Қарашоқы, Ақши. №2. Тұрлыбек Қопабаев – Үштөре, Көкже. Телікөл. №3. Мәселей Күнбаев – Сарбұлақ, Жарқон, Қаражантақ. №4. Есембай Бөриев – Қарашоқы, Ақши. №5. Әмбе Қалыбаев – Батба-Зәуре, Қорғанкөл. №6. Жаркен Сақабаев – Тұщықарасу, Ақши, Жұмабай. №7. Байшора Қосшаров – Көкбұлақ, Ақши. Сондай-ақ, «Қызылжыңғылда» 1915 жылы Уәлі Күшіков деген бидің есімі жүр. 1910-1911 жылдардағы жазба деректер бойынша Қызылжыңғыл болысының 9 ауылындағы 18 биді және осы болыстағы 37 ауылды басқарған ақсақалдардың аты-жөнін және қысқы қыстаған қыстауын беріп отырмын. Оның себебі олардың бүгінгі немере-шөберелері білсін деген ниет. Өйткені, 1842-1843 жылдарда Кенесары хан әскері тоқтаған Бәтеш батыр қыстауы болса, сол Бәтеш 1868-1892 жылдарда Қызылжыңғыл болысын басқарған. Айта берсек деректер өте көп. Дүтбай батыр мен Төлеген болыс хақында біраз мағлұмат ұсынған Амангелдінің айтуынша, Төлеген 1916 жылы Бағаналы елінде хан сайлауына бара жатқан жолда қайтыс болыпты. Өлім туралы біраз әңгімелер айтылыпты. Төлеген болыстың ағайын-туыстарына сол өңірдің басшылары «Адамнан емес, Алладан болды» дегенді айтады. Сөзге тоқтайтын қазақпыз ғой, олар да сөзге тоқтап, сүйегін «Қызылжыңғыл» маңындағы қорымға жерлеген. Қазіргі Қызылорда – Жезқазған тасжолының 92-шақырымында оң жаққа бұрылғанда 7-шақырымдағы жерде екен. Хан сайлауы демекші, 1916-1930 жылдардағы түрлі ауқымдағы көтері-лістерде хан сайланып, оны өздері «Кіші хан» деп атандырған. Ал, архив дерегінде бағаналы Хасен Қасқабаев өзінің 1918 жылы Атбасар уезіндегі Бағаналы аудан халқының сайлауы мен аудандық комитеттің төрағасы қызметінде болғанын және «жұртшылық мені «хан» деп атады», – деп жазады. Олай болса, шынында 1916 жылы Бағаналы елінде «хан» сайлауы өткен болар. Болыстықтың «Қызылжыңғыл» атануы сексеуіл мен қызыл жыңғыл өскендіктен «Қызылжыңғыл» аталған. Осы «Қызылжыңғыл» болысының орталығы болған жерді 1977-1978 жылдары Арысқұмдағы Қараөзек сов-хозының малшыларына бара жатқа-нымда және қайтар жолда көріп едім. Осы болыстық 1924 жылы Ақме-шіт (Перовскі) уезіне қараған 27 болыстың бірі болды. Қызылжыңғыл болыстығының тарихы әрқилы. 1922 жылдың 7 наурызында Торғай уезінен Қостанай губерниясына беріліп және аты Аяқкөл болысы деп аталса, 1923 жылы бұрынғы Қызылжыңғыл атымен Торғай уезіне беріледі. 1927 жыл КазЦИК-тің шешімімен Қарсақбай ауданы құрылып, ол Қызылорда округына бағындырылады. Қарсақбай ауданының орталығы Жезқазған руднигі, Қызылжыңғыл болы-сының орталығы Сарытау мекенінде орын тепкен. 1926-1930 жылдарда Қызылорда округына бағынған 9 аудан-ның бірі Қарсақбай. Кейіннен Қарағанды облысына (Жезқазған) қарады. Төлеген болысты көзі көргендер, атқосшы болған адамдар ол туралы жақсы пікірде және ел арасында «Төлеген мен Бөлеген – бірін-бірі жөндеген» сөздің таралуының өзі олардың ақылдасып отырып, болыстықтағы мәселелерді шешкендіктен айтылған болар. Жалпы аз-кем әңгімелер мен ауызша айтылып жүрген сөздерден аңғар-ғанымыз Төлеген Дүтбайұлының сал-мақты, салиқалы азамат болып, ел ішін бірлікте ұстағаны байқалады. Ал, Төлегеннің үлкені – Бибіғада 1888 жылы туып, 1958 жылы, ұлы Байділда 1898 жылы өмірге келіп, 1978 жылы, кіші қызы Дәмелі 1912 жылы туып, 1975 жылы қайтыс болған. Бұлардың бәрі әкесі туралы өз білген, естіген, көргендерін кейінгі жастарға білгенінше айтқан көрінеді. Төлеген болыстың ұлы Байділда Сыр елінің қызына үйленсе, қыздары осы елдің азаматтарымен тұрмыс құрыпты. Байділда ақсақал 1959 жылы ата-баба қонысы Жезқазғанға қоныс аударады. Байділдадан: Маржанкүл, Нәкен, Әбдікен, Әжібек, Болат туған. Қыздары Сыр елінде тұрмыс құрған. Әбдікен мен Әжібек 1941 жылы соғысқа алынып, майдан даласынан оралмаған. Болат Жезқазғанда білім алып, сонда қызмет атқарған. Болаттың жұбайы Рабиға Ерден сұлтанның ұрпағы болып келеді. Болаттан: Садықбек, Ләззат, Үсен, Абай, Бағдат, Жұмагелді, Гүлжахан, Аясын өмірге келген. Олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Айтпақшы, Жұмагелдінің есімін атасы Байділда жұма күні өмірге келді ғой деп Жұмагелді қойыпты. Сыр мен қырда тел өскен Байділда Төлегенов 1979 жылы өмірден өтеді. Балалары Зейнеш ананың тәрбиесінде болады. Сырда балалық, бозбалалық шағы өткен Болат әрдайым Сыр бойына жиі соғатын. Бірде атасы Төлеген болыс аян беріп, содан 2002 жылы әкесінің басына ескерткіш белгі орнатады. Ойындағысы орындалып, қуанып жүргенінде осы жылы өмірден өтеді. Төлеген болыстың кіші қызы Дәмеліден туған Амангелді Орынба-сарұлы Дәрменбаевтың бастаған ісін Төлегеннің немересі Жұмагелді жалғас-тырмақ. Оның қолында өздерінің ата-тек шежіресі, басқа да жинап жүрген дүниелері бар секілді. Бұл зерделеулер үлкен істің басы ғана демекпін. Бұрындары да атасы Меңліаяқ Сәрменбайұлының кітабының шығуына араласқан Сарыаяқ Жаппас Амангелді Орынбайұлы Дәрменбаев 2015 жылы әулеттері жайлы «Жадыңда сақта, жас ұрпақ» атты кітабы жарық көрген. Амангелдінің мамандығы сауда саласы болса да бұл кітабында оқуға тұрарлық әңгімелері мен ойлары жатыр. Анасының аманатын орындап зерт-теусіз қалған нағашылары Дүтбай батыр мен Төлеген болыс жайында оқырманға ойтастар мақаласын жазған. Менің де осы зерттеу мақаламның өмірге жолдама алуына А.Дәрменбаеваның қосқан үлесі зор демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, өлкетанушы, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

1304 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз