• Тарих толқынында
  • 20 Тамыз, 2015

Шанышқылы Бердіқожа батыр

Мырзахан Ахмет,
Қазақстан Республикасының 
Мәдениет қайраткері


Қазақ халқының телегей тарихында XV ғасырдың 50-ші жылдары басталып, XVIII ғасырдың бел ортасына дейін жалғасқан жоңғар басқыншылығына қарсы күрес дәуірі ерекше орын алады. Қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы деп атауға лайық жоңғар-қазақ шайқасы толарсақтан қан кешіп, елім деп еңіреген мың сандаған батырларымызды тарих сахнасына шығарды. Ресей империясының бодандығында, кейін кеңестік жүйенің қол астында болған жылдарымызда ата тарихымыз оқытылмай, ұлттық қаһармандарымыздың аттары аталмай ұмытыла бастағаны ақиқат. Міне, осындай озбыр саясаттың салдарынан ерлік істері тасада қалып қойған батырларымыздың бірі – Шанышқылы Бердіқожа батыр.


Ұлы жүздің шанышқылы руынан шыққан Бердіқожа батыр шамамен 1708 жылы Ташкент, Шыршық маңында дүниеге келіп, 1786 жылы Қарқаралы төңірегінде қаза тапты деген дерек бар. Өйткені, оның моласы Қарқаралы жерінде, Көкшетау мен Дуана таулары арасында, Дағанделі өзенінің бойындағы биік төбенің басында тұр. Оның жоңғар-қазақ шайқасына қатысуы  XVIII ғасырдың 20-50-ші жылдары. 1723-1727 жылдары жоңғар қонтайшысы Севан Рабданның 100 мың адамдық қалың қолы қазақ жеріне қайтадан жойқын шабуылын бастап, даламызды қанға бөктірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде:
«Тауының Арқар деген аты Құлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
«Хан Абылай аттанды» дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа» – деп атақты Мәшһүр Жүсіп жырлағандай, Бердіқожаның қол бастап Ташкенттен Арқаға келуінің себебі осындай. 1726 жылы  қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға (жоңғарларға) қарсы күресті қайта ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Үш жүздің басын қосқан бұл жиында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би аса үлкен қайраткерлік танытты. Сөйтіп, ұйымдаса тізе қосқан үш жүздің әскерлері Бұланты-Білеуті  өзендері аралығындағы шайқаста жоңғар жасағына ойсырата соққы береді. Осы жылы Ордабасыда өткен жиында Әбілқайыр хан қазақ әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалады. Әскери күшін біріктірген үш жүздің жасақтары 1728 жылдан бастап басқыншыларға қарсы күресті өршіте түсті. Хан Абылайдың қасында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлармен қатар шанышқылы Бердіқожа батыр да қол бас­тап, зұлым жауды талқандауға өлшеусіз үлес қосты.
Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Абылай за­манын­дағы ең атақты, сенімді батыр­лардың бірі болған» деп сипаттайтын Бердіқожа сол соғыста ойраттардың бірнеше батырын жекпе-жекте жер жастандырғаны, әскерін шабуылға шебер ұйымдастыра білгендігі халықтың жыр-дастандарында айтылады. «Абылайхан Бердіқожа батырсыз кеңес өткізбеген, жорыққа да шықпаған», – деп сыр шертеді дерек көздері. Ұлы жүз­де оны Төле биден  кейінгі ірі саясаткер, даңқ­ты қолбасшы, шебер дипломат ретінде ұлық­таған. Айбынды қолбасшы, жекпе-жекте жау түсірген жаужүрек Бердіқожа атақты  Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті және Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы Талқы, Ебі, Алакөл, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шарға шайқастарында қол бастап,ерен ерліктерімен көзге түскен батыр. Осындай алапат шайқастардың бірінде қолбасшы Қабанбайдың астындағы  аты өліп, жаяу қалғанда Бердіқожа астындағы ақбозатын түсіп беріп, қолбасшыны жау қолынан құтқарып қалған деседі. Кейін Қабанбай оған Ақбоз атын қайтарғанда: «Қабеке, бұл ат сізге жарасады, енді мұны сіз мініңіз» деуі Бердіқожаның батырлығымен бірге мәрттігін де көрсетеді. Бұл туралы халық жазушысы Қабдеш Жұмаділдің «Дарабоз» романында әдемі суреттеледі. Жазушы Қабанбайдың осы ат арқылы Дарабоз аты шыққанын да тілге тиек етеді.
Қазіргі зерттеу еңбектерге сүйенсек, Бер­діқожа батыр XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы 100-ден астам шайқасқа қол бастап кіріп, жеңіске жеткен. Соның ішінде 1723-1725 жылдары қазақ жерінің Шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді жаудан босатуда, 1726 жылы Шұбар теңізі маңындағы шайқаста, 1729 жылғы мамыр, маусым айларында Балқаштың оңтүстік жағасынан 120 шақырым жерде болған Аңырақай шайқасында Бердіқожа қолы жауды аяусыз талқандаған. 1735 жылы Жетісу, Шу,  Талас, Арыс бойларында болған ұрыстарда, 1739 жылы Қаратау мен Алатау өңірінде, 1740 жылы Ташкентті азат етуде, 1741 жылғы кескілескен ұрыс­тарда, 1745 жылғы жоңғарлармен ақыр­ғы ұрыстарда Бердіқожа батырдың даңқы асқақтай түседі. Зұлым жаумен 1750-1752 жылдарда болған кескілескен шайқастарда  да жан аямай шайқасқаны туралы нақты деректер табылып отыр. 1755-1758 жылдары Цинь империясы жоңғар-ойраттарды жойып жібергеннен кейін қазақ даласында аздап тыныштық орнағанымен іргедегі қырғыздардың шап­қыншылығы күшейе түседі. Қырғыздар Садыр батырдың басшылығымен Жетісуды, Шу мен Таласты және тағы басқа аймақтарды басып алады. Абылай хан 4 мың адамдық қол жинап ұрысқа кіріседі. Оның үш қанатқа бөлінген әскерін шанышқылы Бердіқожа, тарақты Байғозы, қаракесек  Жарылғап  және  Жауғаш батыр басқарады. Бірінші қолға басшылық еткен Бердіқожа батыр қаныпезер Садырды аттан түсіріп, қырғыздарды аяусыз қырып-жояды. Онымен қанаттас соғысқан батырлар да ерекше қайрат көрсетіп, қырғыздарды Алатау асырып тастайды.
Журналист-зерттеуші Марат Дәдікбай өзінің «Бас сардардың бірі, Абылай ханның жаужүрек батыры, мемлекет қайраткері, шебер дипломат шанышқылы Бердіқожа батыр жөнінде жаңа тарихи деректер» деген зерттеуінде Бердіқожаның жоңғарлармен және қырғыздармен шайқастағы ерліктері туралы осындай тың деректерді алға тартады.
«1781 жылы Абылай хан қайтыс болған соң қырғыздар Әділ сұлтан иелігіндегі жерлерге қайтадан  көз алартып, қазақтың жерін, малын тартып алып, қырғынға ұшыратады, – деп жазады зерттеуші М. Дәдікбай – Міне, осы кезде қартайып, шау тартса да Аягөз маңында отырған Бердіқожа батыр қолына қару алып, қайтадан атқа қонады. Қырғыздарды аямай қырып, көпшілігін қолға түсіріп, қазаққа сіңіріп жібереді». «Басқалар тыншыса да осы қазық мойын қазақ қарап жатпас» деп қауіптенген қырғыздар бір түнде 80 адамдық колмен келіп, Бердіқожа батырды үйінде алаңсыз жатқан жерінен азаптап өлтіреді. Бұл туралы орыс офицері И. Андреев өзінің «Қырғыз-қайсақтың Орта жүзінің сипаттамасы» деген еңбегінде шынайы мысалдармен жазған еді. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбайдың «Талайғы Тараз» кітабында да Бердіқожа батырдың қырғыздардың қолынан  жауыздықпен өлтірілгені суреттеледі. Ша­ныш­қылы Бердіқожаның ел қорғаған ба­тыр­лығымен бірге бізбен шекаралас жатқан Қытай, Жоңғария мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізген дипломаттық, қайраткерлік қырлары да өз алдына бір төбе. Қытай мұрағаттарында Цинь империясымен келіссөз жүргізіп, алғаш рет байланыс орнатқан елші осы Бердіқожа батыр деген дерек бар.
«Қазіргі Пекин қаласының мемлекеттік орталық мұражайында Цинь империясына қазақтардың елшілікпен келуі және оған мол сый-сияпатпен қоса қазақтың сәйгүлік жылқыларын сыйлаған сапары қылқаламмен бейнеленген картина ілулі тұр, – деп жаза­ды зерттеуші М.Дәдікбай. – Міне, сол по­­лот­­нодағы алдыңғы қатарда тұрған әрі Абылайдың аманатымен бір топ қазақты бастап барған Бердіқожа батыр екендігі айқындалып отыр». 1743 жылы Абылайды қалмақтың қолынан тұтқыннан шығарып алуға атақты Малайсары Батырмен 35 жастағы Бердіқожаның ере баруы оның жастайынан елшіліктің қыр-сырын еркін меңгерген дипломат болғанын көрсетеді. Белгілі ғалым, профессор К.Хафизованың зерттеулері де Шанышқылы Бердіқожа ба­тыр­дың дипломаттық қызметтерін жан-жақты ашып көрсетеді. Қытай тарихшысы Уан Чилуннің еңбектеріне қарағанда, Пекинге 1757-1809 жылдар аралығында 27 қазақ елшілігі келгені, бұл сапарларында олар жер, шекара, сауда-саттық мәселелерін қозғағаны, сондағы тамаша елшілердің бірі – Бердіқожа батыр болғаны осы кісінің еңбектерінде айтылады. Бердіқожа қазақ дипломатиясының негізін қалаған тұңғыш елшілердің бірі ретінді терең зерттелуі қажет деген мәселе көтереді ғалым.
Шоқан Уәлиханов еңбектерінің 3-то­мында Бердіқожа батырдың кейінгі қоныс тепкен жері Аягөз бен Қарқаралының ор­тасы екені сипатталады. Аягөз өзенінің бойында Бер­діқожа тоғайы, Марқакөл ма­ңайында Шанышқылы асуы, Зайсан жанын­да Бердіқожа қонысы болғаны әлі күнге айтылып келеді дейді белгілі геолог, топограф М.Серікбаев. Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин былай деп жазады:
«...Хан Абылай аттанды дегенді естіп,
Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа»...
Мәнісі мол, жүгі ауыр осы бір өлең жолдарын алғаш рет аспирант кезімде, ежелгі жыраулар мұрасын айғақтап қадым кітап, көне жазбаларды қопарыстырған сәтті күндердің бірінде, қазақтың барлық ескілікті сөзін көкірегіне түйген Мәшһүр Жүсіптің «Мес» жинағынан ұшыратқан екем. Екі жүз жылдық ойрат-қазақ соғысының ақырғы, шешуші кезеңінде Абылай хан үш алашқа сауын айтып, қалмақтың бетін теріске бұру үшін әуелгі ұлы жорықтарының біріне дайындалып жатқан шағы болса керек. «Келіпті шанышқылыдан Бердіқожа». Әрине, жалғыз емес. Соңында аз ба, көп пе,тастүйін жасағы бар... Көз алдыма ақбайпақ қара тұлпар мінген, мұздай құрсанған жаужүрек жас батыр елес­теген. Сол күннен бастап Бердіқожа есіміне назар аударып едім. Ғылым академиясының қолжазба қорында «Бердіқожа батыр» атты жыр бар екен. Арнайы алдырып көрдім. Шақпақ жол оқушы дәптеріне араб әрпімен жазылған. Көлемі әжептәуір, бірақ, әлдебір ұмытылған эпостың екі бөлек үзігі сияқты, аяғы және жоқ – жақсылығын көре тұра көңілім толмайды, іздегенім табылмаған.
Әйтсе де, Бердіқожаның Абылай заманын­дағы атақты ер екені, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, керей ер Жәнібек, көкжал Барақ батырлармен үзеңгілес серік, қарулас батыр болғаны аңдалды».
Қазақстанның  халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында Бердіқожа батырдың достыққа берік, адамгершілігі мол, қиындықта әрдайым жолдас-жораның жанынан табыла білетін қасиетті адам екені айтылады. Сонымен бірге, Ақселеу Сейдімбеков еңбектерінде де Бердіқожа батыр туралы мәліметтер бар. 
Белгілі ғалым, этнограф, профессор Бақтыбай Қасымбековтың ұйытқы болуымен батыр мұрасын жандандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Ұлы қолбасы туралы қазақ, қытай, орыс және өзбек тілдеріндегі материалдар жинақталып, бұрын жарық көрмеген тың мұрағат құжат­тары ғылыми айналымға түсті. Жалпы, Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы 170-тен астам ғылыми-зерттеу еңбектер жа­зылған. Бұрынғы халық дастандарының бірі оған арналғанын жоғарыда айттық. Бердіқожаның ерлік істері туралы белгілі қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы арнайы поэма жазды. «Шанышқылы Бердіқожа батыр»  деген ғылыми жинақ жарық көрді, телефильм түсірілді, ән жазылды. Оның батырлық, қайраткерлік тұлғасын айшықтауға арналған бірнеше ғылыми-практикалық конференция өтті. 2015 жылдың наурыз, мамыр айларында Астана мен Шымкентте 2 конференция болды.
Бердіқожа  батырдың қазақ халқының азаттық күресіндегі ерлік істері мен қаһар­мандығын, қоғам қайраткері  ретінде елге сіңірген еңбегін насихаттау, тарихы­мыздың кемшін тұстарын толықтыру мақсатымен және Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Шымкент қаласында өткен «Шаныш­қылы Бердіқожа батыр: тың зерттеулер мен тұжырымдар» деп аталатын ғы­лыми-практикалық конференцияда белгілі ғалымдар мен қаламгерлер батыр баба­ның елге беймәлім қырлары жөнінде тың мәліметтерді ортаға салды. Конференцияны жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі Қазақ хандығының 550 жылдығының қазақ тарихын тірілтудегі маңызына тоқтала келіп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі қазақ батырларының ерен еңбектеріне тоқ­талды. Ел тәуелсіздігі үшін басқыншы жаумен қол бастап шайқасқан Бердіқожа батырдың ерлігі туралы ой толғады. Бұдан кейін Бердіқожа туралы бейне-ролик көрсетіліп, ол жөнінде тарихи жырдан үзінді берілді. Конференцияға жиналғандар Бердіқожа батыр туралы хор капелласы мен симфониялық оркестр сүйемелдеген «Бердіқожа батыр» әнін бейнежазбадан көңіл қоя тыңдады.
Белгілі қазақ ақыны, республика мем­лекеттік сыйлығының лауреаты, «Берді­қожа батыр» поэмасының авторы Несіпбек Айтұлы үш ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысының қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы болғанын, осынау алапат шайқастарда халқымыздың ерлік, елдік, патриоттық дәстүрлері қалыптасқанын қызғылықты мәлі­меттермен баяндай келіп, ерліктің мәні елдің ынтымағы мен бірлігінде жатқанын аңғартты. Ел бірлігі адамзат өркениетінің қай кезеңінде де маңызды орын алатынын қадап айтты ақын. Өз шығармашылығында жоңғар шапқыншылығы кезінде ерен ерлігімен көзге түскен қазақ батырларының көркем бейнесін жасап, батырлар туралы поэмалар циклін дүниеге әкелген дарынды ақын Несіпбек Айтұлы Шанышқылы Бердіқожа батыр туралы поэмасы қалай жазылғанын қызғылықты етіп әңгімелеп берді. 
Техника ғылымдарының докторы, инже­нерлік академияның академигі, профессор, тарихшы-этнограф Бақтыбай Қасымбеков шанышқылы Бердіқожа батырдың бүгінгі таңдағы зерттелуі барысына тоқталды. Оның айтуынша, Бердіқожа батыр туралы қазір 175 зерттеу мен ғылыми еңбектер жарық көрді. Оның ішінде Қытай мұрағаттарынан –36, Қырғыздан –35, орыс деректерінен –22, түріктерден 1 мәлімет табылды. Ал, Қазақстан бойынша 81 материал табылып, ғылыми айналысқа түсті. 
Ұлы ойшыл, тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Бердіқожа батырдың жерленген жері туралы: «Дағанделі өзенінің жағасына там салыныпты, шошақ мола бұл күнге дейін құламай тұр. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады», – деп жазыпты. Кесененің тұрған жері XIX ғасырдағы Семей облысы картасында, Ресейдің бұрынғы әскери картасында анық бейнеленген. Сондай-ақ, бұл орынның жер серігінен алынған бейнесі тағы бар. 2011 жылғы шілдеде белгілі қазақ архео­логтарының қатысуымен бұл жерге архео­логиялық-этнографиялық зерттеулер жүр­гізілді. Бердіқожа батырдың сүйегі қазып алынып, Ресей ғылым академиясының Санкт-Петербургтегі Этнология және антропология институтының М. Герасимов атындағы зертханасына жіберілді.  Мұнда Бердіқожаның сүйектерін антропологиялық талдау үшін ба­тыр­дың бас сүйегін реставрациялау, оны сипаттау және өлшеу, бас  сүйегін  жазықтық пен көлемдік шешімдер арқылы қайта қалпына келтіру, бас сүйегінің түзілісін зерттеу, әдет­тегі физикалық күшін қалпына келтіру, сүйек­терін рентгенографиялық тәсілде зерттеу, палеопатологиялық талдау, сүйектерді изотоптық тәсілде саралау сүйек қалдықтарын митохондриалық ДНК-сының нуклеотидтік реттілігін анықтау және анықталған мтДНК галотипінің филогенетика-талдауын жасау жұмыстары жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде ресейлік ғалымдар Бердіқожа батырдың бет келбетін қайтадан қалпына келтірді. Дене сүйектерінің сипаттамасын жасап шығарды. Антрополог ғалым Татьяна Сергеевна Балуеваның сипаттауынша Бердіқожа батырдың бойы 177 сантиметр болған және өзі құралпылас замандастарынан денелі келген, кең иықты, жаурынды, денесінде артық еті жоқ, бұлшық еттері шиыршық атқан, жастайынан садақ пен суық қаруды мейлінше шебер меңгерген. Мойыны жуан әрі ұзын келген. Маңдайы кең, бас сүйегі тастай қатты, көзі өткір, шашы қалың болған екен. Жаулар қылышпен шауып кескілеп өлтірген. Сүйекті  екі жылға жуық зерттеген зертхана ғалымдары Татьяна Сергеевна Балуева мен Елизавета Валентиновна Веселовская осындай қорытынды жасап  батырдың бет келбеті қалпына келтірілді. Шанышқылы елінің азаматтарынан ДНК алынып, сүйек шанышқылы Бердіқожаның сүйегі екені анықталды. Генетикалық зерттеулер Ресей ғылым академиясының Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетикалық институтының зертханасында жүргізілді. 2012 жылы Бердіқожа батыр сүйегі өзінің бұрынғы орнына қайта жерленді. Ал, енді, бүгінде оның басына бұрынғы үлгі бойынша кесене тұрғызу қолға алынып отыр.
Конференцияда ақын, ғалым Дәулеткерей Кәпұлы өлең оқыды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы, шымкенттік еңбек ардагерлері Қонысбай Байділдәұлы, Ошақбай Көлбаев сөз алып, осы басқосуға Алматыдан, Астанадан келген ғалымдар мен қайраткерлерге алғыс айтты. Осынау  қыруар жұмысты атқаруға аямай күш те, қаржы да жұмсап жүрген ғалым Бақтыбай Қасымбеков пен «Бердіқожа батыр» қоғамдық қорының төрағасы Жәнібек Елекбаевқа елдің ықыласы ерекше болды.
Конференцияны Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының профессоры Зейнолла Самашеев қорытындылады. Жиынға қатысқандар Шымкент қаласындағы көшелердің біріне Бердіқожа батыр есімін беру туралы қала әкіміне ұсыныс жасады.

 

1248 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз