• Тарих толқынында
  • 25 Қыркүйек, 2018

БІР ЖӘДІГЕР ТАРИХЫ

Талантты сазгер, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жақсыкелді Сейілов 1949 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, «Алғабас» ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Уәли ақсақал өзінің саналы өмірінде темір жол саласында еңбек етіп, ел арасында беделді, ақылы мол, халық сыйлайтын ел ағасы болған екен. Ал, анасы Ақбала үй тіршілігімен айналысқан. Шынашақтай бала дүние есігін ашар-ашпастан алты айлығында шешек ауруымен ауырып, қос жанарынан айрылады. Тағдыры ауыр басталған Жақсыкелдінің бір жасқа қараған шағында анасы қайтыс болады. Артынша әкесі Уәли ақсақал Теректі теміржол бекетіне отбасымен қоныс аударады. Жақсыкелдінің бесігін енді ана орнын басқан Дәріжан шешесі тербетті. Дәріжан апаның сүйеніші, отағасы қайтыс болып, құндақтағы қызы Гүлбанумен қалған еді. Қызымен арасы жеті айдай ғана болатын сәби Жақсыкелдіні де бауырына басып, екі бүлдіршінді бірдей тәрбиелейді. Арада бес жыл өткенде Жақсыкелдінің ізін ілестіре дүниеге Бақтыкелдіні әкелді. «Қайтсем баламның көз жанарын қайтарып берем» деген әке жүрегі сыздап, талай емхананың табалдырығын тоздырған екен. Ең соңғы үміті Мәскеудегі аты жер жарған академик Филатов еді. Сәби Жақсыкелдіні жетелеп Филатовтың қабылдауына келеді. Жан-жақты тексерістен өткізген окулист: «Баланың көзіне операция жасағанымен, көріп кетуіне кепілдік жоқ. Бірақ, бұл баланың бойында табиғат сыйлаған ерекше бір қасиет бар. Болашақта атақты композитор болар» деп Уәли ақсақалды жылы лебізімен шығарып салған. Жақсыкелді Сейіловты ата-анасы қатарынан қалмай оқысын деген мақсатпен тоғыз жасында оқуға береді. 1957 жылы Қарағанды қаласындағы зағип жандарға арналған мектеп-интернатына оқуға түседі. Мектеп қабырғасында түрлі үйірмелерге белсене қатыса жүріп, баянда ойнаудың қыр-сырын үйреніп алады. 1965 жылы Қарағанды қаласындағы зағиптар мектебін бітірді. Бала күннен музыкаға деген құштарлығы байқалған Жақ­сыкелді Сейілов ауыл балаларына, құрдастарына ән үйретіп, қарындасы Гүлбануға «брайль жазуын» үйреткен. Мұндағы негізгі мақсаты ауылдағы ата-анасымен хат алысып, сөйлесу еді. Қарындасының зеректігіне қарай «брайль жазуын» тез үйреніп, хатты оқып, жауап жазатын болған. Оқу бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Қарағандыдағы оқу-өндірістік кәсіпорнынан бастайды. 1968 жылдан 1978 жылға дейін №8 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінің мұғалімі болды. Мектепте хор, вокалды аспаптар үйірмелеріне жетекшілік етті. Мұғалімдікпен қатар 1970 жылдан бастап «Металлургтер» мәдениет сарайында әуесқой қазақ топтарының көркемдік жетекшісі болып жүрді. 1971 жылы «Қаракөз» вокалды аспаптар ансамблін құрып, оның көркемдік жағын өзі басқарған еді. Қысқа ғана уақытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген өнер ұжымына айнала алды. «Шындығында, жезқазғандық «Қаракөз» ансамблі мен оның жетекшісі болған Жақсыкелді Сейіловтің ұлттық руханиятымызға қосқан өлшеусіз еңбегіне ешкімнің таласы жоқ. Сол заманның өлшемі мен талғамы бойынша біздің болмысымызға тосындау эстрада өнерін бағындырды. Бағындырып қана қоймай аз ғана уақыттың ішінде тамаша жетістіктерге жетті. Ресми тілмен айтқанда, вокалды-аспапты ансамбльдер көшінің Арқа жеріндегі көшбастаушысы дәрежесіне көтерілді», – дейді өз естелігінде ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов. «Қаракөз» ансамблінің қоржыны қазақ, орыс халықтарының ән­дерімен қатар Жақсыкелдінің өз әндерімен де толығып, көрермендер жанына ерекше күй сыйлаған еді. Жақсыкелдінің «Неге солай?», «Ана туралы баллада», «Кездесу», «Айналайын қанатым», «Нан туралы баллада» атты әндері республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. 1973 жылы Алматыда өткен саяси әндердің бүкілодақтық байқауына қатысып, лауреат атанды. Жақсыкелді Сейілов шығарған әндерін алдымен өзі орындап, халықтың жүрегіне жол таба білді. 1975 жылы Жезқазған филармониясында еңбек етіп жүргенде, «Жезкиік» атты ансамбльді құрды. Бұл ансамбльді Жақсыкелді ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Жезкиік» әнінің атымен атады. Ілия Жақанов: «Жақсыкелді үшін заңғар шың, әрине, осы «Жезкиік» әні болды. «Жезкиік» – сұлулықтың, махаббаттың жыры. Дүниеге ғашық көңілмен қараған бұл азамат жаны жаз, неткен қайрат иесі! Нар жігіт!», – деген болатын.

    Зағиптерге арналған баспа машинасы

Зағиптерге арналған баспа машинасы

Композитор 1975 жылдан бас­тап облыстық филармонияда қызмет еткен. Он сегіз жыл бойы үзбей гастрольдік сапарға шығып, халқының алғысына бөленген жан. Бұл жылдар Жақсыкелді ағамыз үшін жемісті болды. Ол әуесқой композиторлардың Садық Кәрімбаев атындағы республикалық байқауында жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Шәмші Қалдаяқов атындағы фестивальдің лауреаты атанды. Моңғол Халық Республикасына барып өнер көрсетіп қайтты. Ал, Мұхамбедия Ахметов былай деп еске алады: «Жақсыкелді Сейіловтың өзгеге ұқсамайтын бірнеше қыры бар еді. Әсіресе, есте сақтау қабілеті керемет болатын. Қолы бір жерге тиіп өтсе, астындағы төсенішті бір си­пап өтсе: «Мен мына жерге отыр­ғанмын!» дейтін бірден. Екінші қыры – көркемсөз оқудағы асқан шеберлігі. Өзінің даусы арқылы сыртқы әлемге ішкі жан-дүниесін жеткізетін. Үшінші қыры – орыс, татар тілдерін жақсы меңгергендігі. Басқа тілдердің мелодикасына керемет талантты болушы еді. Татарлармен татарша, кәрістердің акцентімен орысша сөйлегенде, сол татарың мен кәрістерің қатты таң қалатын. Төртінші қыры – тамаша дипломаттығы. Бір нәрсені айтқанда жеріне жеткізеді. Сондай-ақ, астарлап сөйлегенде дұшпанның да тілін табатын. Ал, қарсыласа келгенде ешкімге бет қаратпайтын шешендігін біреу білсе, біреу білмейді». Жақсыкелді Сейілов 1974-1976, 1983-1985 жылдары қазақ зағиптар қоғамы Жезқазған облыстық бас­қар­масының төрағасы қызметін атқарды. Кейін Жезқазған облыстық мемлекеттік филармониясында концертмейстер болып еңбек етті. Композитор ретінде көпшілікке кеңінен танылып, 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Жақсыкелді Сейіловке «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын берді.

[caption id="attachment_9565" align="alignleft" width="356"]Суретте: Жақсыкелді Сейіловтың шапаны Суретте: Жақсыкелді Сейіловтың шапаны[/caption]

Адамдықтың ақ туын әркез биік ұстаған, адалдықтан нәр алған, жарына адал дос бола білген, ұрпағына саялы бәйтеректей бол­ған азаматтың отбасындағы орны ерекше еді. Жастайынан өмір­дің құндылықтарын бойына сіңіріп өскен, еш қиындықтан қорықпайтын, қандай жұмыс болса да аянбай аяғына дейін жеткізетін, үлкенге қызмет, кішіге ізет көрсетуге дайын тұратын Жақсыкелді Сейілов туралы өмірінің соңғы сәттеріне дейін бірге болған Зейнеп апа былай дейді: «Еее, Жәкеңдей бұл дүниеде адам жоқ шығар, шырағым... Оның мейірбандығы, көңіл-күйіңді даусыңнан-ақ тап басып, тіліңді таба қоюы, кішіпейілдігі ерекше еді. Менің жасаған тағамдарымды да ерекше құштарлықпен жеп, пісірген бауырсағымды өзің сияқты топ-томпақ деп еркелететін еді. Әркез үйіне келген кісіні құрақ ұшып қарсы алатыны тағы бар еді. «Зеке, үйге қонақтар келді, ақ дастарханға барынды сал» деп шаттық көңілмен алақанын бір-біріне соғып, балаша мәз болатын». Жезқазған аймағын отыз жылға жуық әсем әнімен тербетіп, биік азаматтық келбетімен қуантқан, тек өз жерлестерінің ғана емес, исі қазақ баласының қадір тұтар азаматы болған ерекше талант иесі, асыл жар, ардақты әке Жақсыкелді Сейілов 1997 жылы 25 наурызда қайтыс болды. Талантты композитордың музей қорында сақталған құжаттары мен заттары, естелік кітаптары арқылы композитордың кескін-келбетін, жан-дүниесін ұғынғандай боламыз. Жақсыкелді Сейіловтың жары Зейнегүл Сейілова «Жақсыкелдіні өз ғасырының адамдары ғана емес, өскелең ұрпақ білсін, өмірімен таныссын, заттай жәдігерін ұстап көрсін» деген ниетпен музей қорына пайдаланған заттарын өткізген болатын. «Жезқазған облысы тарап жатқан жылдар болатын. Жәкең өзгелер сияқты мансапқа, ақшаға қызықпайтын еді, барды қанағат тұтатын. Біреу көлік, біреу үй алып жатса, Жәкең музыкалық аспаптарға қызығып, шама-шарқынша алуға тырысатын. ХХ ғасырдың аяқ кезінде бағасы шарықтап тұрған синтезаторды алу қиямет-қайым еді ғой. Осындай синтезаторды бір күні досы Марат Мұқашев Жәкеңе арнайы Алматыдан алдыртып, сыйға тартты. Сонда, Жәкең балаша қуанған болатын. Осы синтезатормен талай той-томалақта, мерекелік кештерде өнер көрсетті» дейді З.Сейілова. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген екен ұлы адамдар. Жүрегі қазақ деп соққан Жақ­сыкелді Сейілов мерекелік кештерге қазақтың оюлы шапанын кигенді ұнатқан. Музей қорындағы Жақсыкелді Уәлиұлының шапаны қоңыр түсті, алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасы ойып пішілген, қошқар мүйіз оюымен оюланып арнайы тапсырыспен тігілген. «Жаны жақсы адамдар байлық жинамайды, өздері байлыққа айналады» демекші, Жақсыкелді Сейіловтың де музей қорына өткізген жәдігерлері баға жетпес байлыққа айналды. Сәл мұңдылау, сырға, сезімге толы, майдақоңыр лепке бай әндерімен әнсүйер қауымды сан тебірентіп, сан толқытқан абзал жан қазір арамызда жоқ. Жылжып өткен уақыт талантты жерлесіміздің асыл бейнесін бізден алыстата түскенімен, Жақсыкелді елімен бірге тыныстап, елімен қатар өмір сүріп келе жатқандай. Оның ғұмыры жұртшылықтың көңіл төрінен өшпестей орын алған сырлы, сазды әндері арқылы бүгінгі күнмен де, болашақпен де жалғасып тұрғандай. Қазақ жұртының бір туар дарыны Жақсыкелді Сейіловтың жарқын бейнесі мәңгі өшпесі анық.

А.Жанбосынова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкері

1139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз