• Тарих толқынында
  • 04 Ақпан, 2021

ОТЫРАРДЫ ҚОРҒАҒАН КІМ, ҚИРАТҚАН КІМ?

Хасен Қожа-Ахмет,
жазушы

Қазақ халқының ХХ ғасырға дейінгі ауызша, жазбаша шежіре-тарихтарында, әдебиетінде Шыңғыз хан есімі ешқашан жат елдік басқыншы ретінде аталмаған. Керсінше, қазақ халқының құрамындағы бірқатар рулар өздерін Шыңғыз ханға туыс санаған. Алтын Орда мемлекеті құрамында болғанда да, 1465 жылдан Қазақ хандығы аталғанда да қаншама ғасырлар бойына қазіргі Қазақстан жеріндегі халықты мемлекет етіп басқарушылар, арғысы Жошы хан, бергісі Абылай, Кенесары, Алаш Орда басшысы Ә.Бөкейхановқа дейін Шыңғыз хан ұрпақтары болғаны белгілі. Бұл жағдай тек 1917 жылы Ресей империясы КСРО атанып, отарындағы халықтарға жаппай Ресей тарихын оқыту енгізілгенде ғана өзгере бастады. Орыс халқының 300 жыл моңғол-татар езгісінде болғаны жөніндегі тарихтары отардағы халықтарға да ортақ тарих ретінде насихатталды. Сөйтіп, біздің де тарихымызға «Қазақстанды моңғол-татарлардың жаулауы» деген тарау енгізіліп, оқытылды. Өтеміш-қажының «Шыңғыз нама» (1420 ж.?), Қадырғали Жалайырдың 1602 жылы жазылған «Жылнамалар жинағы», Әбілғазының 1664 ж. жазылған «Түрк шежіресі» қолына тимеген қазақ, Шыңғыз хан туралы, оның Орта Азия жеріне жорығын тек ресейлік В.Янның «Шыңғыз хан», «Бату» деген көркем шығармаларынан ғана оқи алды.

КСРО кезіндегі, оған негізделген қазіргі, тәуелсіз Қазақстан кезіндегі тарих оқулықтарында моңғол-татар  шапқыншыларынан Отырар қаласын бес ай бойына қорғаушылардың ерлігі ерекше аталған. Арыс өзенінің Сырдарияға құяр тұсына орналасқан Отырар қаласы қазір Қазақстан жерінде болғандықтан, әрине, оны қорғағандар да «қазақтардың ата-бабалары» деп саналып, сондықтан, Шыңғыз хан әскерлерінің Отырарды қиратуы – қазақ жерін жаулау болып санамызда қалыптасты. Отырарды қорғаушылар ерлігі – қазақ халқы патриотизмінің үлгісі болып насихатталды.

Қазіргі кез Ресейдің өзінде бірқа­тар тарихшылар «моңғол-татар иелі­гінің» болмағандығын, көпшілік орыс князьдіктерінің Бату ханға  өз еріктерімен үш ай көлемінде келісім-шартпен бағынғанын, бір-бірімен үнемі соғысқан орыс князьдіктерін моңғол-татарлар ауыздықтап, келешекте Московия мемлекетінің пайда болуын қамтамасыз еткенін жазып отыр. Ресми тарихта «орыс халқының тәуелсіздік үшін күресі» ретінде насихатталатын Күлік даласындағы (Куликово поле) 1380 жылғы шайқас, шын мәнінде, Мәскеу князі Дмитрий Алтын Орданың заңды ханы Тоқтамысқа тиесілі салықты әмір Мамайға беруден бас тартқаннан болған соғыс екені де айтылып отыр. Бұл соғыста Дмитрий жағында көптеген Шыңғыз хан ұрпақтары соғысса, Мамайды Рязань князі, т.б. орыс князьдері қолдаған. Сондықтан, бұл оқиғада ешқандай «орыстың тәуелсіздігі үшін күрестің» нышаны да болмаған. Орыс князьдерін Мамай әмірге қарсы күреске бірігуге шақырғаны үшін «әулие» атанған дінбасы Сергий Радонежский де, шын мәнінде, орыстарды бүлікшіл Мамайға емес, Алтын Орданың заңды ханына бағынуға шақырған.

Осы еңбегі үшін Тоқтамыс ханнан марапат алған Мәскеу князі Дмитрий Донской мен Сергий Радонежский, 1480 жылы орыстар Алтын Ордадан тәуелсіздік алғаннан кейін де, күні-бүгінге мадақталуда. Бұл «феноменді» Қазақстандағы, кеше отаршылдарға қызмет етіп мадақталғандардың, қазір, «тәуелсіздік алдық» деген кезде де мадақталып отырғанына ұқсатуға болады.

Осылайша,  бүгінде орыс тарихшылары моңғол-татар жаулауына өзгеше баға бере бастаған кезеңде қазақ тарихшылары да неге, мысалы: «Қазіргі Қазақстан жеріне Қара Ертіс тұсынан кірген Шыңғыз хан әскері неліктен Сырдарияға дейін еш кедергісіз көктей өтіп, тек Отырар қаласында ғана қарсылыққа кездескен?»  деген, т.б. сұрақтар төңірегінде ойлан­басқа?  Сондай-ақ,  Отырарға шабуыл 1219 жылы болғанын, ал «қазақ» атауын алғанымыз тек  Қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан басталғанын да ескерместен, Отырар  қорғанысын «қазақ патриотизмінің үлгісіне» балауымыз дұрыс па? Шыңғыз ханның Орта Азияға жорығы «Сартауылға жорық» немесе «Хорезмге жорық» деп аталған, ал «қазақ» деген ел атауы айтылмайды. «Сарт» деп негізінде, қалалық болған түрктерді атаған. Билеушілері «хан» емес, «шаһ» аталуынан да Хорезм халқының  парсылануға бет алғанын көреміз.  Сондықтан, тарихымызға тереңірек үңіліп, әуелі, Отырар ол кездері қай мемлекеттің қаласы болғанын, қаланы қорғаған тұрғындардың ныспы кім екендігін анықтауымыз керек.

1219 жылы Отырарды  кімдер қорғады?

Әбілғазы баһадұрдың «Түрк шежіре­сінде» (1664 ж.): «Үргеніш патшаларының бірі Текеш хан қаңлының бір әкімінің Тұрқан атты қызын алды. Одан сұлтан Мұхаммед Хорезмшаһ туды. Қаңлы халқының қай-қайсысы да Тұрқанға туыс болатын. Олардың кейбірі Сұлтан қызметіне келіп, мұсылман дінін қабылдап, лауазым иелігін алды. Тұрқан қатынның туған ағасы Құмар тегінге Сұлтан Үргеніштің даруғалығын берді. Тұрқан қатынның әкесінің інісінің баласы Айналшық мұсылман болып, Сұлтан қызметіне келіп еді, оған Ғайыр хан деп ат қойып, Түркістан уәлаятын басқаруға жіберді. Қаңлының Көк атты бір жақсы кісісі бар еді, оған Көк хан деп ат беріп, Бұхараның әкімі етті. Жалпы қаңлыдан келіп, Хорезм шаһқа нөкер болғаны елу-алпыс мыңдай адам еді. Шу мен Талас бойында қалған қаңлылардың саны да он мың үйдей бар еді»,– дейді (31-б.). Сонымен, Хорезм шаһы Мұхаммедтің анасы Тұрқан В.Ян жазғандай қыпшақ емес, қаңлы руынан екен. Тұрқанның әкесінің інісінің баласы Иналшық Қайыр хан Хорезм мемлекетіндегі Түркістан уәлаятының, оның орталығы Отырар қаласының билеушілігіне тағайындалған екен. Енді Хорезм кімдердің  мемлекеті болғанын анықталық.

1074 жылы жазылған «Диуани Луғат ат-Түрк» еңбегінде Махмұт Қашқари оғыз-түрктерінің 22 руын атайды, ал 1310 ж. жазылған «Жами ат-Тауарих» (Рашид ад-Дин) пен Әбілғазының «Түрк шежіресінде» 24 ру аталған. Міне, осы оғыз-түрктерінің Қынық руының көсемі Селжүк Х ғасырда өз халқымен Сырдарияның төменгі сағасынан  Бұхара қаласы маңына қоныс аударады. Бұл жерде өзге де оғыз тайпаларымен бұлар бірде Саманидтерге, бірде Қарахандықтарға, кейіннен оғыздың Қайы руынан шыққан Махмұт  Ғазнауиге қызмет қылады. Ғазнауилермен араздасқан соң Қынықтар Селжүктің немересі Тоғырыл бектің басшылығымен Иранды, Әзірбайжанды алады. 1043 жылы Рей қаласын (қазіргі Тегеран)  астана еткен Селжүктер мемлекеті Арал теңізінен Ирак, Византияға дейін алып, 1055 жылдары Бағдат, Иерусалимге жетеді.

Осы Селжүктер империясының шығысын билеуші Санжар сұлтан өз гулямі (құлдардан құрылған әскердің басшысы) оғыз түрктерінің Бекділі руынан шыққан Ануш-тегіннің немересі Атсызды 1128 жылы Хорезмге билеуші етіп тағайындайды. Атсыздың ұлы Елхан (1156-1172) кезінде Хорезм  Селжүк әулетінен тәуелсіздік алады. Елханның ұлы Текеш, Текештің ұлы Ала-ад-дин Мұхаммед кезінде Хорезм шекарасы солтүстігі Торғай даласынан – Үнді мұхитына, шығысы Жетісудың жартысынан – батысында Иракқа дейін, сондай-ақ Әзірбайжанды да алып  жатты. Отырар (Түркістан уәлаяты) осы алып Хорезм империясының солтүстік шекарасындағы қала еді.

(Махмұт Қашқари «Түркістан» деп Сырдариядан (Отырар қаласынан) Қашқарға дейінгі жерлерді  атайды. Ал шығыс түрктері – Жалайыр, Керей, Найман, Қият, т.б.– жалпы атпен «татар» деген).

Отырар қаласы қай кезден Хоре­зм­ге қарағаны туралы нақты дерек кездестірмедік. Ал Отырарға тақау жердегі Сығанақ қаласын  Хорезм  1195 жылы жаулап алғаны жайында  дерек бар. 

Джувейни өзінің «Тарих-и Жаханкуши» (1260) атты шығармасында: «В 591 (1195) г. хорезмшах под предлогом священной войны против неверных отправился в Сугнак. Правитель Сугнака и ДжендаКадыр-Буку-хан принужден был отступить перед превосходящими силами неприятеля. Текеш преследовал его. Однако урани, тюркское племя, входившее в состав его войска, известило Кадыр-Буку-хана о своем намерении помочь ему и изменить хорезмшаху Текешу. Ободренный Буку-хан приостановил отступление и 6 джумади II (= 18 V 1195) дал сражение хорезмшаху. По уговору урани напали с тылу, разгромили обоз, и приведенное в замешательство войско бросилось бежать. Многие погибли под мечами, еще больше погибло в песках от голода и жажды. Хорезмшах добрался до Хорезма только через 18 дней», – деп жазған.

«Жами`ат-Тауарихта» Текеш Хорезм­шах туралы: «В начале упомянутого промежутка времени он выступил на войну против Кайр Таку-хана уйгурского. Когда они вступили в бой, султан Текеш потерпел поражение и ушел в Хорезм», – делінген.

Урани деген ертеде жеке ру болғаны М.Қашқарида айтылмаған. «Жами`ат-Тауарих» айтқан Сығанақтағы «ұйғыры», әрине, Шығыс Түркістаннан келмеген. Мүмкін Йемак, (Ұйымақ, Қимақ) хандығы ыдырағанда оңтүстікке ауған Қыпшақтарлың бір бөлігі, ал Ұран солардың бір атасы болар?   Ұйу, ұйыс (жүз), ұйғыр атаулары әдетте бірнеше түрк рулары бірлескенде қолданылатын. 

«Оғыз-намада» түрктің Қаңлы, Қыпшақ, Қарлық, Қалаш  рулары оғыз-түрктің 24 руынан бөлек, Оғыз ханды қолдаған рулар ретінде аталған. Кейінірек оғыз рулары «түркмен» аталды.

В.В.Бартольд: «Мусульманские писатели ХІІ и начала ХІІІ в. употребляют слова канглы и кипчак почти как сино­нимы», дейді. Бірақ, ертедегі парсы тілді шежірешілер солай еткенмен, ХVІІ ғасырда өмір кешіп, ел билеген Хиуа ханы Әбілғазы  «Шежіресінде»  қаңлы мен қыпшақты шатастырмасы анық. Қазақ хандығына енген Қаңлы руы Ұлы жүз құрамында болса, ал Қыпшақ Орта жүзде. Бұл да осы екі рудың бірлесіп кетпегенін көрсетеді.

Н.А.Аристов: «За 130 лет до Р.Х. найденное на Сыр-Дарье китайским посольством Чжан Цяня, тюркское племя было кангюй, конечно канглы, непрерывное существование которого можно проследить по историческим известиям до настоящего времени, все на Сыр-Дарье», – дейді. Кейбір деректерде Оғыз түрктерін жалпылай Қаңлы атаған кездер де болғаны байқалады. 

Қаланың «Отырар» атауының «отыр, отыру» сөзіне еш қатысы жоқ. Бұл сөз ол заманда «олтұр, олұр» деп айтылған. Ал біздің ойымызша далалықтар мен отырықшы халықтың ортасындағы қаланың атауы түрктің «орта» сөзінен. Осы сөз кейде «отра» деп те айтылған. Мысалы Жүсіпбек Баласағынның «Құтадғу білік» шығармасында осы сөз: «ішіг ортасын тұт, ай едгу кіші (істің ортасын тұт, әй игі кісі)» деп жазылған. Ал Махмұд Қашқари «Диуани Луғат ат-Түрк» еңбегінде «отра» түрінде жазылған:

1.Отра – середина (МҚ І 125). 2. посередине: іккі боғра ігәшүр, отра көкәгүн йанчылұр (екі бура егессе отрасында шыбын жаншылар) (МҚ  І 188); 3. послеслог.между: «ол іккі кіші отра аралады» (ол екі кісінің ортасын аралады (ара ағайын болды)  МҚ І 308). Отырар қаласының қиранды орны маңындағы елді мекен (Отырар ауданының орталығы) Шәуілдір атауы да оғыздың бір руының атауы. Әбілғазі бұл туралы: «Бегдәлінің мағынасы – сөзі құрметті; Жауылдырдың мағынасы – намысқой», – деген (25 б.).

Отырар қаласын арабтар Фараб атаған дейді зерттеушілер. Ал М.Қашқари «Сөздігінде»: «Қарачұқ»  – Фараб қаласының түркше атауы» деп жазған (І т. 487 б.). Бұдан қала Отырар атын «Сөздік» жазылған 1074 жылдан кейін алған, я Фараб деп басқа қала аталған деген ой туады. 

Отырарды кімдер қиратты?

Бұл сұраққа: «Отырарды моңғолдар қиратты» деп жауап беріліп қойған. Енді осы «моңғол» аталған халық кім?» деген мәселеге тоқталайық

«Оғыз-намада» Түрк ұрпағы Оғыз хан «бір жаратушыны» мойындамаған туыстарымен 75 жыл соғысқаны, ақыры сол туыстарының шығысқа ауып «могол» атанғаны баяндалады. «Жами` ат-Тауарихта» да: «В конце-концов Огуз победил и захватил область от Таласа и Сайрама до Бухары. Некоторые его дядья, братья и племянники, которые к нему не присоединились, поселились от него на восток. Среди них так повелось считать, что все монголы происходят из их рода», – делінеді  (І т.1 к.83-б.).

Сөйткен могол атанған  шығыс түрктері қазіргі Қытайдың солтүстік бөлігіне (Хуанхэ өзенінің солтүстігіне) барып Хунну аталған. VI-IX ғасырлардағы Түрк, Ұйғыр қағанаттары кезінде де «мәңгі елдік» арман-идеясын ұстанған шығыс түрктері, XIII ғасырда Шыңғыз хан басшылығымен  1206 жылы құрған мемлекетін «Меңгү ел» атайды.

Ал Оғыздың алты ұлынан тараған 24 тайпалы оғыз-түрктері атажұрт Түркістанда қалғанымен, шығыста Хунну атанған «мәңгі елдік» ағайындары ара-тұра қытайлардан, сәнбилерден соққы көрген жағдайда Түркістанға қайта жылжыған кездері де болған.  Әсіресе  ж.ж.с. VI-VIII ғасырларында Түрк қағанаты кезінде шығыс түрктері Естімидің қолбасшылығымен Түркістаннан да оңтүстікке өтіп, парсы­лармен қақтығысып, Үнді өзеніне шейін жеткені тарихтан белгілі.

Шыңғыз хан дүниеге келерден бірнеше ғасыр бұрын табғаштардың Тан империясының іріткі салуымен тұтастығы жойылған осы өлкедегі түрк тайпаларының бірін-бірі шабуы бірігу, ел болу  мақсатында емес, тек тонап олжа табу үшін жүргізілгенін көреміз. Бұл түрімен олар әрине ортақ жауы шүршіттің Цзинь империясының отаршылдығына қарсы шыға алмас еді. Қидандар да, Чжурчжендер де Солтүстік Қытайда империя құра отырып, өздері қытайланғанымен қоймай, шығыс түрктерін де қытайландырғаны олардың өз  есімдерімен емес, қытайша лақабымен (Таян, Ван-Он, Сенгум, Линкум, Чинсан, Гойон, Фуджин, Гоа, т.т.) аталғандарынан да көруге болады. Мұндай жағдай жалғасқанда, еліктеуге бейім қалпымен шығыс түрктері кешікпей ассимиляцияланып жойылар еді.

Ергенеқонда төрт жарым ғасыр болып шыққан Қияттардан әлдеқайда мықты, жеке хандық құрған  Керейіт, Найман, т.б. түрк рулары бола тұра, шығыс түрктерінің басын қосу Қияттың Қораласынан шыққан Шыңғыз ханның пешенесіне жазылыпты.

Алғашында тек «қайтсек жан қалады» деген оймен қорғаныс соғыстарын жүргізген, шығыс түрк руларының басын қосу немесе өзге елдерге аттаныс ойында да болмаған Шыңғыз хан мен оның азғана жақтастарын тарих аласапыраны өзі үйіріп жоғары шығарып, нәтижесінде 1206 жылы шығыс түрктерінің «Мәңгі ел» мемлекеті құрылды. Бұл түрктердің өзара бей-берекет қақтығыстарын тыйып, оларды Цзинь отаршылдығына қарсы шыға алар күшке айналдырды.

Шығыс түрк тайпаларының басын қосқаннан соң Шыңғыз хан отаршылдық қиянаты өткен Цзинь мемлекетіне 1211 жылы жорыққа аттанады. Бұл туралы «Жами` ат-Тауарих»: «Он (Шыңғыз хан) вознес к престолу  господнему покорную мольбу и сказал: «Так как государи Хитая убили Хамбакай-кагана, Укин-Баркака и Кадан-бахадура, которые были моими старшими родичами, и учинили над ними жестокость, я иду отомстить за них и прошу у тебя, великий господь, помощи и божественной поддержки!» После этого он сел на коня и отправился», – деп жазады «Жами` ат-Тауарих» (І т.2 к.42-б.).

Рашид ад-Дин «Жами ат-Тауарихта» шығысқа ауып кетіп «муғул» атанды деген шығыс түрктерін 1206 жылы Менгу ел мемлекетін құрған кезінде мынадай топтарға бөліп жазған:

1) «О тюркских племенах, которых в настоящее время называют монголами» (Қазіргі кезде «моңғол» деп атайтын түрк тайпалары туралы») деген бөлімде: «Жалайыр, Сүнет,Татар, Меркіт, Күрлеуіт, Тарғұт, Ойрат, Барғұт-Қоры-Тулас, Тумат, Бұлағшын мен Керемүшін, Ұрасұт-Телеңгүт-Күштемі, Орман Ұраңғаттары (Ұраңқайлары), Құрқан, Сақайыт» деп, барлығы 19 руды атап шыққан. Қ.Жалайыр «Жылнамалар жинағында» бұл тізімге «Тамғалық» деген руды қосады;

2) «О тюркских племенах, из которых каждое в отдельности имело своего государя и вождя» бөлімінде Керейіт, Найман, Оңғыт (Уақ), Таңғұт, Ұйғыр, Бекрін, Қырғыз, Қарлық, Қыпшақ  руларын атайды;

3) «О тюркских племенах, прозвание которых было монголы» («Лақабы моңғол болған түрк тайпалары туралы») аталатын бөлімінің бірінші тарауында Қият пен Нүкүзден өрбіп, Ергене қоннан шыққан: Ұранқат (Ұраңқай), Қоңырат, Ұрауыт, Қошын, Сұлдұс, Елдүркін, Баяуыт, Қыңғыт тайпаларын атап (Қ.Жалайыр «Жылнамаларында» бұларға: Нүкүз, Икирас, Олқұнұт, Құралас, Елжігін, Қоңлыут, Ордауыт, Қоңқотан, Арлат, Келкүнүт, Нұңжын руларын қосқан), ал екінші тарауда Алан сұлудың «нұрдан тапқан» үш ұлынан тараған ұрпақты «О тех тюркских племенах, которых называют нирун» («моңғол» демеген!) деп атап Қатаған, Тайшуыт, Барлас, Маңғыт, т.б., барлығы 19 тайпаны көрсеткен. Қ.Жалайыр бұларға Қият, Жүркін (Жүрек), Шаншуыт (Шанышқылы) руларын қосады.

Осы азамат соғысы, негізінен, шығыс түрктік бес руының ғана (Қият, Татар, Меркіт, Керейіт және Найман)  қатысуымен болған. Ал өзге түрк руларының (Жалайыр, Қырғыз, Ойрат, Ұйғыр, Қарлық және басқаларының) өз еріктерімен Мәңгі ел мемлекетіне біріккенін көреміз.

Бағынбай батысқа қашқан Меркіт руын өкшелеген Шыңғыз хан әскерінің бір бөлігі  қашқындарды паналатқан Қыпшақтармен соғысуға келгенде, Жем өзені маңында 1216 жылы  Хорезм әскерімен ұшырасады. Мәңгі елдіктердің: «Мақсатымыз сендермен соғысу емес», – дегеніне қарамастан Хорезм әскері өзі соғысты бастайды. Түнде Мәңгі елдіктер шегініп кетеді.

Осындай қақтығыс бола тұра, көп ұзамай, Хорезм шаһы Мұхаммед Мәңгі ел мемлекетіне өзі бірінші болып сауда керуенін жібереді. Әрине, қай заманда да мұндай керуендер ішінде өзге елдердің әскери қуатын білмекке барлаушылар қоса жүретін.  Осы керуен Хорезмге қайтқанда, Шыңғыз хан өз елінің саудагерлерін және елші ретінде Махмұт Хорезми, Әли Қожа Бұхари, Жүсіп Қанқа Отырари деген үш кісіні қосып, Хорезмшаһқа хат жолдайды. Хат мазмұны «Жами`ат-Тауарихта» былайша баяндалады: «Купцы вашей стороны пришли к нам, и мы отправили их назад таким образом, как вы услышите. Кроме того, мы послали вместе с ними в те ваши страны несколько купцов привезти  в нашу сторону диковинки ваших краев... Обширность пространство государства и проникновенная сила ваших приказов ясны и знати, и черни в большей части земли. Для меня же вы – дорогой сын и лучший из мусульман. Теперь, когда пределы близкие нам, очищены от врагов и полностью завоеваны и покорены и с обеих сторон определены соседские права, – разум и благородства требует, чтобы  с обеих сторон был бы проторен путь согласованности и мы взяли бы на себя обязательства помощи и поддержки друг друга в бедственных событиях, дабы купцы, от многократных посещений которых зависит благосостояние мира, передвигались бы со спокойной душой!» (І т.2-к.188-б.).

Шыңғыз хан  саудагерлері мен елшілері Хорезм шекарасындағы Отырар қаласына  жеткендегі болған оқиға «Жами`ат-Таурихта»: «В группе купцов был один индус, который в прошлые дни имел с ним знакомство; Иналчук приглашал его к себе, тот же, возгордившись величием своего хана Чингиз-хана,  не проявлял  к нему должного уважения. Кайр-хан на это сердился, да кроме того он позарился и на их добро. Задержав их, он послал посла к султану в Ирак с уведомлением о положении. Хорезмшах, не послушавшись наставлений Чингиз-хана, и не вникнув глубоко, отдал приказ, допускающий пролитие их крови и захват их имущества», – делінген.

Осыншама алып мемлекетті билеуші Мұхаммед шаһқа Шыңғыз ханның «сен менің ұлымсың» дегені намысына тиді ме, әлде сол қарсаңда Бағдаттағы халифаны орнынан алып тастау үшін жасаған  жорығының сәтсіз болғанына ашу үстінде ме  (жолда үш тәулік бойы жауған қардан әскерінің көбі қол-аяғын үсітіп қайтқан), өзге елдің елшісін өлтіріп, сауда керуенін тонап дәстүрге жат масқара іс қылады.

Шыңғыз хан Хорезм шаһына Ибн Кафрадж Боғраны бас қылып тағы да елшілер жіберіп, қылмыскер Отырар билеушісін қолына берсе, соғыс жарияламайтынын ескертеді. Бірақ Мұхаммед шаһ Иналшық Қайыр ханды ұстап бермей, тағы  да келген елшілердің басшысын өлтіртеді.

«Пока от султана не проистекло несколько поступков, явившихся причиной раздражения и огорчения и поводом к принятию мер к отмщению, он не двинулся для борьбы с ним. Эти поступки Хорезмшаха были: во-первых, он умертвил необдуманно и без размышления  купцов, которых Чингиз-хан послал в целях  единения и искания мира и которых снабдил любезными посланиями к Хорезмшаху, тот же совершенно не обратил внимания на эти слова; Еще то, что владениями Туркестана, которые находились в руках Кушлука, когда последний был убит войском Чингиз-хана, завладел целиком султан. Все это вместе послужило поводом к ненависти и вражде и явилось причиной отмщения и воздаяния», – дейді «Жами` ат-Тауарих»(І т.2 к.190-б).

Егер сол замандағы өзге бір билеушінің, мысалы, Хорезм шаһтың өзінің елшілерін Шыңғыз хан өлтіртсе қайтер еді? Немесе қазіргі заманда бір мемлекет екіншісінің  500 саудагерін қырып, тонаса не болар еді? Әрине, қай-қайсысы да мұндай қорлауға төзбей соғыс жариялары сөзсіз. Ендеше, Сартауылға жорық жасағаны үшін Шыңғыз ханды кінәлайтындардың  логикасы түсініксіз!

Шындығында, күшті Цзинь империя­сымен 8 жыл бойына соғысып жатқан Шыңғыз ханның екінші бір алып империя – Хорезммен соғысар ойы, жағдайы болған жоқ еді. Ендеше, ол елге тыңшы жіберуі мүмкін емес-тұғын. Бірақ Хорезмге жіберген керуені тоналып, саудагерлері мен елшілерінің өлтірілуі және найман Күшліктің Шығыс Түркістан мен Жетісудағы қарақытайлар мемлекетінің билігін алып күшеюі, Шыңғыз ханды негізгі әскерімен 1219 жылы батысқа жорыққа аттануға мәжбүр қылады.  Цзинь империясымен соғысқа басшылықты ол жалайыр Мұқалыға тапсырады.

Жазды әскерімен Ертіс бойында өткізген Шыңғыз хан, Хорезм шаһы Мұхаммедке өзінің кек алу үшін соғысуға келе жатқанын айтып елші жібереді. Күзде негізгі әскерімен Отырар қаласына жетеді. Ұлдары Шағатай мен Үгетайға Отырарды алуды тапсырған Шыңғыз хан кенже ұлы Тулимен  Бұқара қаласына аттанады. Отырар билеушісінің бес ай бойына берілмей соғысуы жайында Рашид ад-Дин: «Так как Кайр-хан знал, что возбудителем тех смут является он, то ни в коем случае не представил себе возможности сдачи крепости; и не соглашался на заключении мира» (І т.2 к. 198-б.),– деп жазады.

Отырар билеушісі қаңлы Қайыр ханды құлақ, көзіне балқыған  күміс құйып өлтіріпті деген деректі тек Жәлел ад-диннің шежірешісі ан-Насавидің шығармасынан ғана оқимыз: «Чингиз-хан велел привести к нему Гаир-хана, за­тем приказал расплавить серебро и влить ему в уши и глаза. Так он был убит в мучении и был наказан за позор­ный свой поступок, за гнусное дело и за происки, осужден­ные всеми», – дейді ол («Жизнеописание султана Джалал ад-дина Манкбурны», 16 б.). Хорезм шаһ Мұхаммедтің мұрагері Жәлел ад-диннің қызметінде болып, оның өмірбаянын жазған ан-Насави Шыңғыз ханға қарсы пікір айтқан жалғыз тарихшы деп есептеледі. Алайда, ол да Иналшық Қайыр ханды өз қылмысы үшін тиісті жаза алды деп санағанын көреміз.

Жалпы, ол заманда қала қорғаушылары шабуылдаушылардың  үстіне қайнаған май, балқытылған қорғасын мен күміс құятыны тарихи құжаттарда айтылады. Ал «Жами`ат-Тауарихта» тек Қайыр хан тұтқындалғаннан соң, Самарқант қаласының сыртындағы Көксарайға әкелініп өлтірілгені жазылған («Кайр-хана казнили в Кук-сарае», Кук-сарай – загородный дворец в Самарканде», – деп түсіндіріледі (199-б.).

Қазіргі бірқатар тарихшылар Отырардың аяусыз қиратылғаны, бай кітапханасының жоғалғаны туралы жазып жүр. Ондай кітапхана неліктен мемлекет астанасы Гүркенште (Үргенш) емес, орталықтан шет, көшпенділер шекарасындағы қалада болмақ?! «Егер Шыңғыз хан Отырарды қиратып тастаса, 150 жылдан кейін Қытайға жорық кезінде Ақсақ Темір қала қирандысына несіне түнеген?» деген сұрақтарға тарихшылар жауап берсе жөн болар еді.

Сонымен, Отырарды 1219 жылы қорғаушылардың негізі оғыз-түрктерінің 24 руының бірі – Бекділі руынан шыққан Хорезм мемлекетін құрушылар және Хорезм шаһы Мұхаммедтің анасы Тұрқан-хатунның туыстары – түрктің қаңлы руы екен. Ал таяуда, 1195 жылы күшпен бағындырылған Сығанақ қыпшақтары да Отырарды қорғауы қисынға келмейді. Олар Шыңғыз хан әскерінің құрамындағы қыпшақтарға қосылып кетсе керек.     

Ал, Отырарды шабуылдаушы «моң­ғолдар»  кім десек, олар «Жами ат-Тауарих» атап көрсеткен шығыстағы түрк рулары, бүгінде Қазақ халқы атанып отырған найман, жалайыр, керей, қоңырат, қатаған, қият, т.б. рулар екен. Ол кез Жетісуды мекендеп отырған Қарлықтардың Арслан ханы өз еркімен Шыңғыз ханға қосылғандықтан, мұндағы үйсін, дулаттар да осы әскердің қатарында болса керек.

Сонымен, Отырар қаласы қорғанының ішінде тек қаңлылар болып қылмыскер Иналшық ханды қорғап, ал қазіргі қазақ аталып отырған өзге рулар қылмыскерді жазаламаққа қорғанның сыртында тұрған екен. Ендеше Отырар соғысын «қазақ патриотизмінің үлгісі» деп атауға бола ма, болмай ма? Бұл жөнінде ойлану керек болар (Тағдыр тәлкегі болар – 1219 жылы Қаңлылармен соғысқан Шыңғыз ханмен аталас Қатаған, Шанышқылы рулары, Есім ханның 1627 жылы Тұрсын ханды талқандауынан соң  Қаңлы руының құрамына кірді).   

Қазақ тілі диалекті

Ғылымға белгілі деректер Алтын Орда мемлекеті (Жошы ұлысы) құрылған күннен бастап құжаттары, хан бұйрықтары, жарлықтары, теңгедегі жазулары түрк тілінде болғандығын дәлелдеп отыр. Мұның себебін тарихшылар «саны аз моңғолдар Дешті  Қыпшаққа келгеннен соң жергілікті қыпшақ руымен араласып ассимиляцияланып, тілін қабылдаған, өз тілдерін ұмытқан» дейді. Алтын Орда сегіз хандыққа ыдырағанда, осы «араласқан» халықтың бір бөлігі 1465 жылы Қазақ хандығын құрғандықтан, қазақ тілі «түрк тілінің қыпшақ диалектіне» жатқызылып отыр. Ал Ресей, Батыс Европа зерттеушілерінің «моңғол» деп отырғандары найман, керей, жалайыр, қоңырат сияқты рулар екенін айттық. Менгу ел мемлекетін құрушы халықты «Жами ат-Тауарих», т.б. тарихшылар «түрктер» деп айтқандарына, бұған көптеген дәлел-деректердің баршылығына қарамастан, кейбір зерттеушілер оларды «моңғол тілді болған» деп жүр.  Мысалы, Ұйғыр қағанатынан жеткен жазулар түрк тілінде екені бола тұра, осы қағанаттың билеуші руы болған Жалайырды (Иогело, Яглакар) да «моңғол тілді» деп өзеуреушілер бар. Әрине, мұндай келеңсіз, үстірт, саяси қитұрқы мақсат көзделген жаңылтпаш пікірлер әшкереленіп, аталған рулардың шығыстағы түрктер екеніне дәлелдер жетерлік.

«Жами`ат-Тауарих» осы, Шыңғыз хан Менгу ел мемлекетіне  біріктірген Қият, Жалайыр, Керей, Найман, Меркіт, Татар, т.б. рулардың тілі де, салт-дәстүрлері де бірдей екендігін, тек шеттеу қоныстанған Ойраттардың ғана тілі олардан біршама өзгешелеу екені туралы: «Несмотря на то что их (ойрат) язык монгольский («шығыс-түрк диалекті» деп түсініңіз.–Х.Қ-А), он все же имеет небольшую разницу от языка других монгольских племен»,– дейді (Іт.1к.118-б.). (Қазір ғой, өзге тайпаларды емес, негізінен осы «тілі моңғол тайпаларына ұқсамайды» делінген ойраттарды «моңғол» деп жүргеніміз!).

Ендеше, өздері де түрк, түрк тілді осы найман, керей, жалайыр, қият, қоңырат, т.б. руларды «Дешті Қыпшаққа келген соң түрктенді» деп айту күлкілі. Тіпті, Шыңғыз ханның руы қиятты «моңғол тілді» болсын делік. Ендеше ол неге соншама түрк руларының ортасында түрктенбей, тек Дешті Қыпшаққа келгеннен соң түрктенуге тиіс?» деген сұрақ туады. Мейлі, шығыстан келген найман, керей, жалайыр, қият, қоңырат, т.б. рулар моңғол тілді болған делік. Бірақ, Дешті Қыпшаққа келгенде, оларды қыпшақтандырып жіберердей Қыпшақ руының жай-күйі болды ма екен?

«Жами` ат-Тауарих» Шыңғыз ханға бағынған қыпшақтар туралы: «Главою кипчаков во времена Чингиз-хана был эмир из племени кипчак по имени Кунджек, бывший старейшиной зонтикодержателей Чингиз-хана. Он имел сына по имени Кумурбиш-Кунджи. Оба они, [отец и сын], принадлежат к роду государей кипчаков» (І т., 1 кіт. 152 б.). Бұлар Алтай батысындағы, Ертіс бойындағы Қимақтан қалған Қыпшақтардың бір бөлігі сыңайлы. Олар 1216 жылғы Жем өзені бойындағы соғыстан соң бағындырылса керек. Ал астанасы Сығанақ қаласы болған Қыпшақтардың енді бір бөлігін 1195 жылы Хорезм шаһы Текештің бодан қылғанын айттық. Қыпшақтардың үлкен бөлігі Азов, Қара теңіз солтүстігінде, Кубань, Дон өзендерінде болғанын Шыңғыз хан қолбасылары Сүбетай мен Жебенің 1223-1224 жылдардағы жорығында айтылады. Қалқа өзені маңында бұл Қыпшақтар  орыс одақтастарымен қоса ойсырай жеңілсе, ал Бату хан басқаруымен 1238-1242 жж. соғыстарда Қодан хан бастаған 45 мың үйлі Қыпшақтар Венгрияға, Болғарияға қашады. Оларды қайтаруды талап етіп жіберген Бату ханның елшілерін Венгрия королі Бэла ІV өлтіріп тастайды. Осындай күйге ұшыратылған Қып­шақ­тар шығыстан билеуге келген күші басым Мәңгі елдіктерді қалайша «қыпшақтандырмақ»?! Меніңше, бұл процесс керсінше болған сияқты.

1220 жылы Хорезм шаһты ұстауға жіберген Иранға Шыңғыз хан жұмсаған қолбасылар Сүбетай мен Жебе Каспий теңізі жағасындағы Дербент арқылы Қавказдың солтүстігіне өтіп, Дешті Қыпшаққа жетеді. Оларға осы жерде аландар (осетин) мен қыпшақтар бірлесіп қарсы шығады. Екі жақ жеңісе алмайды. Мәңгі елдік әскербасылар қыпшақтарға елші жіберген. Ол «Жами` ат-Тауарихта» былай баяндалады: «Мы и вы – одного племени и происходим из одного рода, а аланы нам чужие. Мы с вами заключим договор, что не причиним друг другу вреда, мы дадим вам из золота и одежды то, что вы пожелаете, вы же оставьте нам аланов». Они послали кипчакам много добра. Кипчаки повернули назад. Монголы одержали победу над аланами», – делінген (І т. 2 к.229-б.).  

Бірақ та, мәңгіелдіктер қыпшақтармен бір халықпыз дегенімен, қыпшақ тілінің ол кезде қазіргі қазақ тілінен айырмасы бар оғыз диалектінде болғандығын М.Қашқари сөздігінен, басқа да ХІІІ ғасырға дейін жазылған деректерден көруге болады. Көзге бірден түсері – қазақ тіліне тән «ж»-мен басталатын сөздер қыпшақ тілінде «й»-мен басталады, басқа да айырмалар, тіпті, сөздер де бөлек болғанын байқаймыз. ХІІІ ғасыр аралығындағы түрк жазба деректері келтірілген «Древнетюркский словарь» (М.1969) жинағында қыпшақ пен оғыз диалектіндегі сөздер көп жағдайда бірге берілген, мысалы: Молящий – йүкүнч (қыпшақ), йүкүндәч (оғыз) – қазақша «жүгінуші»; Глотать – йұт (оғыз, қыпшақ) – қазақша «жұт, жұту»; победа – йең (оғыз, қыпшақ); – қазақшада «жең, жеңіс»; плохой – йавлақ (оғыз, қыпшақ); қазақша «жаман; гореть – йан (қыпшақ); қазақша «жан, жану»; невольница – йалңұқ (оғыз, қыпшақ);  қазақшада «күң»; Достигать - чет (оғыз, қыпшақ); қазақшада «жет»; Гореть – йал (қыпшақ); қазақша «жалын»; моңғ. «ғал, ғалын»; Путник, странник – елкін (оғыз, қыпшақ); қазақшада «жолшы, жолаушы»; Теплый – ылығ (оғыз, қыпшақ); қазақшада «жылы»; Медведь – айығ (оғыз, қыпшақ); қазақшада «аю»; Шип, колючка – қору (оғыз, қыпшақ); қазақшада «тікен»; Верблюд – тевә (оғыз, қыпшақ); қазақшада «түйе»; Отец жены қазын (қыпшақ); қазақшада «қайын»; Жидкий – сұвұқ (қыпшақ); қазақ «сұйық»; Быть сытым – тоз (қыпшақ); қазақ «той, тою»; Дочь – хыз (оғыз, қыпшақ); қазақ «қыз»;  Шерть верблюда – чжоғду (оғыз, қыпшақ); қазақ  «шуда»; Какой? – хайу (оғыз, қыпшақ); қазақша «қандай?»; Где – ханда (оғыз, қыпшақ); қазақ «қайда»; Много, множество – үкіл (қыпшақ); қазақ  «бүкіл, күллі».

Ал қазақ тіліндегі бірталай сөздер өзге түрк тілдерінде жоқ. Мысалы «бүркіт» сөзі. Бұл сөзді шығыс түрктері түрктің «бүр, бүру» түбірінен жасап алған. Сондай-ақ Қиданның «үш» (гур)  сөзінен «гу, құ» түбірі жасалып, үш жастағы малды білдіретін «құнажын», «құнан», т.б. сөздер шығыс түрктерінен қыпшақ, бұлғар, оғыздарға енгенін көреміз. Рас, Еділ бұлғарларымен араласып «татар» атанған, Қырым жақта қыпшақ, оғыздармен араласқан ноғайлар тіліндегі сөздерде мәңгіелдік «ж» да, оғыз-қыпшақтық «йы» да бар. Бірақ, қазақ тілін тұтастай шығыстүрк немесе «мәңгіелдік диалекті» деп атаған жөн.  Шын мәнінде, Түрк қағанаты кезіндегі жазба ескерткіштер, бірен-саран сөздер болмаса, негізінен «мәңгіелдік диалект» емес, жалпытүрктік («ж» орнына «й») тілде жазылған. Мысалы, Көлтегін ескерткішінде (732 ж.) «жүгін» емес, «йүкүн» деп жазылған («Башлығығ йүкүнтүртүмүз» – басы барын жүгіндірдік). Шығыс түрк тілінің өзгеріске ұшырауы – олардың бір бөлігін Х-ХІІ ғасырларда отар еткен, тұңғыс халықтарына жататын, Қидандар мен Шүршіттер тілінің ықпалынан екен.  

 

1141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз