• Тарих толқынында
  • 28 Ақпан, 2021

БӘЙДІБЕК БАБА ҚАЙ ҒАСЫРДА ӨМІР СҮРГЕН?

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, 
ақын, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы

 

Айта-айта құлақ сарсылып, сөз жауыр болғандай: Қазақ тарихында ақтаңдақ тұстар аз емес. Оны тісқаққан мамандарды былай қойғанда Еуроемексушілердің (Еуроцентристер) өздері де мойындап іштей жақсы біледі. Құйын кезіп, жынойнақ салған айдалада келе жатып, тұл қалған тұлпарлары тыпыршып, шаңырағы әлсіз шуақ шашыратып, көші келешек көкжиегіне сіңіп бара жатқан елдің сарыжұртына тап болғандай көзің жасаурай бұлдырап, басың меңдуана жегендей зың-зың айналып, аһ ұрып, бармақ тістей жаздағың келеді. Айналадан ақиқат пен аңыздың аңқасы кеуіп анталап андыздайды...

Дереккөздер не дейді?

Түп-тамырсыз айтақырға ештеңе өспейді. Тоқсаннан асып, жүзге аяқ басқан тарлан тарихшы сыр ашса аза бойың қаза тұрғандай. Таяуда ғана бақилық болған тарих ғылымының докторы, прфессор Уақит Шалекенов: «Халқымыздың шынайы тарихы әлі жазылған жоқ... Еуроцентристік ұғым Орталық Азияны мекендеген түркітілді этностар, соның ішінде қазақ халқының тамырын кең жайып, «ақтаңдақтармен бұрыннан шиеленіскен тарихымызды одан әрі шатастырып жіберді».

Оны әріптесі тарих ғылымының докторы Зардыхан Қинаятұлы да құптап, одан әрі сабақтайды: «Тарихта қазақ деген халықтың өз орнын іздеген біздің ізденісімізге өзге емес-ау, орысшылдар кертартпалық бөгет болып отыр десем ешкім мені артық кетті деп міней қоймас».

Бұған тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің де қосып алары аз емес: «Тарих ғылымының проблемалары шашетектен. Әлі толық зерттелмей жатқан түрлі деңгейдегі тұлғаларымыз бар. Олардың бірінің орнын анықтау үшін уақыт керек, мүмкіндік керек. «Анау неге былай болмады, мынау неге олай болмай жа­тыр» деу қаншалықты орынды. Әрине, ондай-ондай түйткілдердің бәрін жіпке тізіп алып, қаралай беруге, сынай беруге болады. Ол үшін білім мен біліктің қажеті жоқ. Тек ниетіңіз теріс болса жетеді. Ал, бірақ онымен тарихтың проблемалары шешіле ме? Жоқ, шешілмейді. Одан түк те шықпайды...

Соңғы зерттеулерге қарасақ (ол қан­дай?), қазақ мемлекетінің тарихы ХV ғасырлық қазақ хандығынан бұрын басталғанын көреміз. Қазақ хандығының басы – Ұрыс хан. Ұрыс ханның қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы болғанын орыс зерттеушілері де, қазақ тарихшылары да мойындаған. Ал, оның Ақорда тағына отырған жылы – 1368 жыл».

Академик Гога Хидоятов, өзбек тарих­шысы: «Қазақстан тарихшыларының барлығы жалған айтады, тарихта бол­маған оқиғаларды ойдан шығаруда. Мәселен, Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш орнатылып, оларды қазақ ұлты мемлекетінің негізін қалаушы ретінде дәріптейді, шын мәнінде олай болған жоқ». Іші күйген не демейді. Күні кеше кеңестің сойылын соғып жүрген жан бүгін 1800 бұрылып, бүйтіп сайрайтын болыпты енді. Өз обалы өзіне. Мейлі. Одан көлікті көш кідіре ме? Бұл арандатушылыққа үндемеуіміз керек пе еді? Ешқандай ұрынарға қара таппағандай өзбек тарихшысы өзінің қазақ әріптестеріне тасадан тас атты. Бұған қарап, өзбек тарихының қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, басқа проблемасы жоқ па деген ой келеді. Қайта бір-бірімізге жетіспей жатқанды нұсқап,  қол ұшын ұсынып, көзге шұқымай-ақ көмектесе салсаң қайтеді?

Әділ қазы уақыт ертелі-кеш өз төрелігін жасайтындықтан біз бұған қандай да бір асығыс баға беруден аулақ, биік тұрғымыз келеді. Келешек көрсетеді. Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген осы саланың санаткерлеріне наз болмаса, өкпе етудің өзі артық. Ол енді-енді жалтақтықтан арылып, ізденіс үстінде әлі. Аз еңбектеніп жатқан жоқ. Дегенмен әлдене жетпей жатқандай. Ол не?!

Бәлкім, ауыс-түйіс сапырылысқан  кезде (төңкеріс, ашаршылық, тәркілеу, т.б.) ешнәрседен тайсалмай, төл маман­дықтары басқа бола тұрып, тарих теңізіне күмп беріп, тереңнен інжу-маржан тергендей адал қызмет етіп, қал-қадірінше өткеніне зәру болып отырған туған халқының рухани қажетін өтеп, жанкештілік пен жалаңтөстік көрсеткен Мұхамеджан Тынышбаев пен Санжар Аспендияровтың төлбасылық тәуекелі, қайсарлығы мен асыл азаматтығы, Е.Бекмахановтың жанқиярлығы, құштар­лығы мен тіпті ерлігі керек шығар. Егер олар болмаса, ақиқаттың айбыны мен айдынын асырып бір асқар асып, кім жанкештілік көрсетіп, ойсыраған олқылықтың орнын толтырып, жыртыққа кім жамау болар еді? Жабулы қазан сол күйінде қалмай ма?

Бізде Бәйдібектану мүлде ұмыт қа­лып, қолға алынбай отыр деуге ауыз бармайды. Дәйегі, тиянағы жоқ еңбектер жарияланып жүр. Ары тарт, бері тартпен тарихи тұлғаның туған және қайтыс болған жылдары шамамен болса да әлі анықталмай отырғаны бәріміздің бетімізге салық. 1991 жылы қыс басында (қарашаның аяғы мен желтоқсанның басы) сол «Жас Алашта» филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұловтың «Бәйдібек би» атты көлемді мақаласы жарияланды. Іле-шала П.Мырзахметовтың «Бәйдібектің ата-тегі мен оның ұрпақтары» («Қазақ батырлары», 2004 жыл, №4); филология ғылымының докторы Т.Қожекеевтің «Бәйдебек би» («Парасат», 2002 ж. №11); Ж.Боранбаевтың «Бәйдібек баба баяны баянды болмай тұр» («Ақиқат», 2012 ж, №9); «Біз Бәйдібекті білеміз бе?» («Түркістан», 2010 ж., 3 маусым); «Бәйдібек баба» (кітап) («Қазақпарат», 2008 ж.); «Шежірелер» (Албан, Суан, Дулат, Ысты, Шапырашты, Сиқым, Жаныс...), ескерткіштер (Тараз бен Шымкент), бір ауданның аты сыйланған оған деген бүкіл халық сүйіспеншілігі мен махаббатының нышаны бұл. Кезінде сол дәуірді қамтитын Әмір Темір мен Төлеби, Асанқайғы мен Ұлықбек, Бабыр мен Сүйінбике туралы жазылғаны жұртшылық есінде болар. Оларға ұштасып сал-серілер сарқытындай Нұрмағанбет, Иманжүсіп пен Мәди тақырыптарына қалам тартылды. Әдейі тізбесек те солардың біразын тарихшы Т.Омарбеков біледі деп ойлаймыз. Бәйдібек бейнесіне жүрексінбей барғанда («Жас Алаш», 2020 ж. 8 қыркүйек) біздің де оған азды-көпті қатынасымыз болғандықтан үн қосуға құқымыз бар шығар деген ой қаузайды. Бізге қалай болғанда да ол үлкен ұғымнан тыс кәкір-шүкірлерді қызғыштай қорғап, басты мәселе бабаның қай дәуірде өмір сүргенін тұспалдаумен дұрыс емес бұрыс мақалаға жүгініпті.

Халық фольклорын зерттеп, дамуына едәуір үлес қосып, қазақтың би-шешендері жайында бірнеше кітап шығарған филология ғылымының докторы Н.Төреқұловтың еңбегіне ерекше көңіл бөлу керек екенін баса айтқан ләзім. Біріншіден, Мақтым Ағзам (Нұриланың атасы) қаншасыншы екені (бір Аллаға аян) белгісіз Қожа Ахмет Иассауидің қызы Гауһардың ұрпағы. Екінші,  Әли Сыман (әкесі) Әмір Темірдің сардары болып, бір жорықта шәйіт болады. Үшіншіден біздің ауыл мен Түркістанның арасы қозыкөш Жетім тау, Қарабас адамдары мен көршілер арнайы қалаға барып, Әзірет Сұлтанға зиярат етіп, базар-ошар жасап қайтатын. Халық аузында Ақсақ Темір кесене салғызып жатқанда Бәйдібек көп көмек көрсетті дейтін аңыз бар. Енді бұның бәрін жоққа шығаруға бола ма? Бостан босқа арыстан айға атылмайды. Ол неге 1356 жылға қайта-қайта шұқшияды?  Аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ. Сөзінің жаны бардай көрінеді. Байыптап назар салсақ қайтеді? Міндетті түрде тасқа қашалу керек пе?

Шаянның Шолоховы деп дәріптелетін жазушы Е.Тұрысовтың Бәйдібегі Шыңғыс­ханның тұңғышы Жошымен кездесіп жүреді, марқұм  Б.Әбілдаұлының Бәйдібегі дүдәмал деректерге сүйеніп Х ғасырда өмір сүреді. «Елтұтқада» (авторлардың атынан ат үркетіндер, М.Жолдасбеков, А.Сейдімбек, Қ.Салғараұлы) Бәйдібекке V-VІІ ғасырмен ен тағады.

Сонда деймін-ау, бәріміздің жабыла сарыла іздеп жүргеніміз қай Бәйдібек?

«Жаңа табылған шежірелерде (қашан, қайда табылып жүр?) Бәйдібек VІІ ғасыр­да өмір сүрген тұлға ретінде дәлелді көрсетілген», – дейді оқымысты кейіпкерді заманалар  тұңғиығына итеріп. Ол қандай шежіре, дерек екенін ашып айтпай, 28-32 аталардың есімдері ұмытылып шежірелерге кірмей қалған» дейді. Оларды жер жұтты ма? Он ғасырдай уақыт қайда? Базбір деректерді өзіне қарай иіп, Т.Омарбеков VІІІ-Х, ХІІІ-ХІV ғасырларды түріп, сызып тастап, өз ойын түпқазық ұстау үшін «Сонымен жоғарыда Бәйдібек баба туралы айтыл­ғандарды қысқаша тұжырымдасақ, мынандай қорытындылар жасар едік: Бәйдібек баба – біздің заманымыздың 609-695 жылдары өмір сүрген ерен тарихи тұлға», – деп үзілді-кесілді шорт қайырады. Ол кезде қазақ деген халық та болмағаны қаперде жоқтай. Түсініксіз. Ұлт тарихшылары мысалдағы Аққу, Шортан және Шаян сықылды жалғыз Бәйдібекті ары тарт, бері тарт қылып көкпарға салып, делебесі қозғандардың қан қысымы басылмай уәжге тоқтайтын түрі жоқ. «Қазақ шежіресінде үш Майқы би бар» болғанда бірнеше Бәйдібектің өмір сүруі мүмкін емес пе? Бүйтіп қызыл кеңірдек болғанша бәріміз жабылып, М.Әуезов, Ә.Ысқақ және Қ.Мұхамедханов болып, Абайдың даулы туған күнін 10 тамызға тоқтағандай етіп, ортақ мәмілеге келмейміз бе? Бойкүйездік пе, енжарлық па, жоқ салғырттық салдары ма, Т.Омарбековтың зерттеулерінде еш жаңалық байқалмайды.

Ал, қытай дереккөздері олай деді, былай деді дегенге онша иек қышымағаны абзал. Н.Аристовтың еңбегіне келсек, ол да Ботбай биі Диханбай атамыздың шежіресіне сүйеніп, тонын сәл айналдырғаны кәдік, әрине, шежіренің шежіресі бар. Мұқият зерттесек, бізде мұрты бұзылмай жатқан шежірелер қаншама? Әбілғазы «Түркі шежіресі», Қадырғали Жалайридің орыс патшасы Борис Годуновқа арнаған «Жами ат-тауарих», Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян», Рузбеханның «Бұқара мейманының байқағандары», Құрбанғали Халид Аягөзидің «Тауарих хамса-и Шархи», Шаһкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мәшһүр Жүсіп Көпей шежіресі», т.б. андыздап тұрған жоқ па?

«Соңғы уақытта еліміздің жаңа кезеңдегі жай-күйін, жетістіктерін бөліп алып қарастыруға ыңғай таны­тушылар байқалады. Меніңше, бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Егер біз «мемлекеттігіміздің тарихы тереңде жатқан іргелі елміз» дейтін болсақ, тарихты үзіп-жұлып (?) емес, біртұтас жүйеде қарастыруға тиіспіз» деген діңгек ойды ұстанатын ғалымның өз айтқанынан айнып, осынау күрделі мәселенің шетін қалқып өте шыққаны қалай?

Бұлардың бірсыпырасын таразылай келе Бәйдібек бабаның өмірі мен дәуірін тым арыға сырғытпай, орта ғасырларға жатқызса (өзі де солай болуы ықтимал) дейтін тұжырым сұранып тұр.

Шежірелер неге шым-шытырық?

Уақыттың шат-шәлекей шаңдағында оның ыстық табы, дуайпат дауыл демі мен жүрек лүпілін сақтап келе жатқан шежіреге атүсті қарау қиянат. Шежіре түбі – шындық. Аңыз ақыры – ақиқат. Адамзат қилы-қилы күн кешкенде де сан мәрте өлгені тіріліп, өшкені жанды. Ұлт болып ұйып, халық болып қалыптасқанша қазақ қауымы да тұрпалаң бұлтарысты ұзақ жолдан өтті. Көшпелі, жабайы, номад деп сайқымазаққа айналып, өз атына өзі әрең жеткен халықтың өткені болмауы мүмкін емес. Тектану, төркінтану, жертану, тұлғатану сықылды түрлі-түрлі танымдардан тұратын күрделі құбылыс тарих қоғамтанудың бір тектігі.

Шындық қайдан туады? Кез келгенге ол асау ой өз шылбыры мен тізгінін ұста­та бермейді: «...Әлемде қазақтай ата шежіресін жинаған халық жоқ. Қазақтың әр руы, әр тайпа, әрбір аталықтың өз шежіресі бар. Тек оны талдап тарихқа қолдана білу керек» (З.Қинаятұлы).

Ақиқат айнасы ешкімді аяп, маң­дайынан сипамайды. Барлық кілтипан «Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек» (2003 ж.) жинағында жатыр.  «Келтірілген деректерден кейін жазушылар Д.Дүйсен­баевтың аңыз әңгімелер желісінде құрған «Домалақ ана» атты  шығармасында (1991 ж.) Бәйдібек би 1365-1419 жылдары өмір сүрді, ал, Е.Тұрысовтың «Бәйдібек» атты  деректемесінде (1992 ж.) Бәйдібек Қарашаұлы ХІ-ХІІ ғасырлар тұсында өмір сүрді деген, халық арасында тарап үлгермеген бұл шығармалардың ғылыми-тарихи шындықпен жанаспай жатқандығын ескертеміз» дейді де «Сыр алқабынан Тұрфан алқабына дейінгі байтақ өлкеге Бәйдібек хан 604 жылдан өмірінің соңына дейін билік етеді» (24-бет) деп кесіп-пішеді. Әлдекімнің өті жарылса да қашан туып, қашан өмір сүрсе де турасын айтайық, Бәйдібек хан болған жоқ. Бірақ, билікке зор ықпалы жүрген дәулетіне сәулеті сай ірі кесек кісі болғаны жасырын емес, Ділмар. Дүниенің өткінші екеніне көңіл аудармай еңбегімен ерлеген ер азамат. Одан кейін қозықұйрықтай қаптап шыққан кішігірім шежірелердің жетістіктерімен қоса кемістіктері де көп. Мәселен, «Сиқымда» «Бәйдібек бабаның тарихтың қай кезеңінде өмір сүргенін, кім болғанын, қандай тарихи (?) үлкен жүк көтеріп өткеніне» күмән келтірсе де: «Бәйдібек шамасында 1-ші ғасырда өмір сүрді. Батыр би, ел басшысы.

Домалақ ана (Нұрила) қасиетті адам­дардың ұранына айналды» деп көсіледі. «Шапырашты» ұсынады: «Ғалымдардың шамалауынша, біздің дәуіріміздің (б.д.) VІІ-VІІІ ғасырында өмір сүрген Бәйдібек баба Қарашаұлы өз кезеңінде ірі тайпаның одақ құрып, оны гүлдендіре дамытқан ежелгі түркі даласының аса шұрайлы елді мекендері – ол кездегі Сыр бойынан бастап, қазіргі Қаратау, Алатау алқаптарын, Жетісу өзендерінің бойын, Балқаш көлі айналасындағы далалы (?) кеңістікті еркін игеріп, егін салып (?), мал баққан» (7-бет). «Жаныс» та соны қайталайды: «Бәйдібек бабаның тарихтың қай кезінде өмір сүргенін, кім болғанын, қандай тарихи үлкен жүк көтеріп өткенін» тап басып айта алмайды.

Тағы бір шежіре Тілеуберді (Жарық­шақ) 1399-1475 жылдары өмір сүріп, «Кейін Уәйіс хан қайтыс болып, орнына баласы Есенбұға хан болғанда, оның бас уәзірі болып тағайындалады. Парасаттылығы, білімділігінің арқасында Тілеуберді 54 жасында Жетісу өлкесіне билік жүргізеді. Тілеуберді (Жарықшақ) бабамыз 77 жасында дүниеден өтті. Өзі билік құрғаннан (?) кейін баласы Дулатқа тапсырды». Жобаға келетіндей жайларды тарқатпай, «Бәйдібектің әкесі Қараш хан (530-604 жж.) батыс түркі хандығын әкесі ұлы Қаған (Қаһан) Естеместен (517 ж.) қайтыс болғанда мұралаған» деп әкесі Бәйдібек пен баласы Тілеубердінің арасында сегіз ғасырдай уақыт салады. Біртүрлі қиыспайды. Шежірелердегі бүйтіп күлкі келтіретін ауажайылушылықты шектейтін мезгіл келгендей. Ондай-ондайға жүрдім-барым қарау обал.

Егер шежіреге сенсек, Төлебиден Бәйдібекке дейін 9 ата: «Төлеби, Әлібек, Құдайберді, Қожамберді, Жайылмыс, Жантобы, Дулат, Тілеуберді (Жарықшақ), Бәйдібек, Жамбыл оған 16, Д.А.Қонаев 18-19 атадан қосылады. Оқ пен оттың өтінде жүріп, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы түзген ширатпа шежіре де соған саяды. Сонда бәрін, шежірені де, тауарихты да сызып тастап өзімізден бастаймыз ба? Ауылдың ауызша тарихты бақайшығына дейін шағып, талдап жас жеткіншектерге жыр ғып зердесіне құятын ақсақалдар Әбдіқұл, Мақат пен Шоқанның сынынан, сарабынан өткен «Ата бабалар баянын» (Шаңырақ шежіресін) келтіре кету бүйректен сирақ шығару емес деп ойлаймын.

АТА-БАБАЛАР БАЯНЫ (ШАҢЫРАҚ ШЕЖІРЕСІ):

P.S.Мен бұл жерде ұлттық әдебиеттің шашетектен көкейкесті бүкіл мәселелерін жиып қойып, қазақ тарихшыларын тұқыртып, тасадан тас атып бәлсінгім келмейді. Бұл саланың да жай-жапсары онша мәз емес. Оған бір сілкініс керек болып тұр. Ыждаһатпен соны ілкімді ізденіс пен ізгілік жолында кім бастайды. Әй, біздің есіміз жуық арада кіре қоймас. Орыстың белгілі тарихшысы А.Королевтің Академия жиналысында ұлт тарихы Ресей мүддесімен жазылатыны және өзге елдердің мамандарының көмегіне аса мұқтаж емес екенін былайша түйіндегені бар: «Мен Ресей тарихын басқалардың қолына сеніп тапсыра алмаймын». Бізге де ойлануға уақыт жетеді. Алда бірлесіп атқаратын жұмыс көп. Жол болсын!
 

 

1355 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз