• Заманхат
  • 28 Наурыз, 2021

ОТЫНШЫ ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАУЫ ТИІС

Зиза Cіләмова,  өлкетанушы, кітапхана

ісінің ардагері, Мәдениет саласының үздігі

«...Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс»

Қ.К. Тоқаев

(«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан)

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның саяси өмірінде үлкен өзгерістер болғаны белгілі. Ұлттық сана-сезім оянып, жаңа идеялар, ой-пікірлер пайда болды. Туған халқын Ресей бодандығынан азат ету жолында аянбай еңбек еткен алаш қайраткерлерінің орны ерекше. Солардың бірі – Алаш қозғалысының көрнекті мүшесі, шығыс өңірінде алғаш мектеп ашып, қазақ балаларын оқу-білімге тартып, қыр қазағының құқығын қорғаған ағартушы-публицист, халық мұғалімі, ұлтжанды азамат Отыншы Әлжанов болатын.

Көптеген ақпаратта жетісулық деп

жүрген Отыншы Әлжанов кім еді?

Ол 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында Әлжан Сақауовтың ауқатты отбасында дүниеге келген. Сақаудың (шын аты Мұхаметхан) әйелі Тайбала әйгілі аға сұлтан Құнанбайдың туған қарындасы екен. Белгілі қоғам қайраткері, аға сұлтан Құнанбаймен аралас-құралас болып, заман ағымын пайымдай білген Сақауовтар балаларына орыс оқуын оқытуды ертерек қолға алады. Отыншы да жастайынан орысша оқу оқиды. 1882 жылы Зайсан қаласындағы бастауыш орыс-қазақ училищесіне оқуға түсіп, оны 1887 жылы үздік бітіріп шығады. 

1887-1890 жылдары Омбы қалалық училищесінде оқиды. Білімін одан әрі жетілдіру үшін Омбы мұғалімдер семи­нариясына түседі. Тек сабақ оқып қана қоймай, газет-журналдар мен ғылыми кітаптарды жүйелі түрде оқып тұрады. Алып Ресей мемлекетінің тыныс-тіршілігімен таныса отырып, өз халқының өткені мен бүгіні жайлы толғанып, санасы ояна бастайды. Шығармашылық жұмыспен де шұғылданады. 1894 жылы мұғалімдер семинариясын үздік бітірген О.Әлжанов Дала генерал-губернаторының кеңсесіне губерния хатшысы қызметіне қалдырылады. Бұратана халыққа ондай қызмет ұсыныл­майтынын ескерсек, қыр қазағы үшін үлкен лауазым екені түсінікті.  

1895 жылы Ақмола облыстық сотының аудармашысы болып қызмет істейді. 1897 жылы осы қызметте жүргенде, Бүкілресейлік халық санағын өткізуге қатысады. Осы жұмысты өте тиянақты жүргізгені үшін патша ағзам қола медаль мен куәлік тапсырып марапаттайды. Халық санағын жүргізу барысында алыс аудандарда үш ай жүруі Отыншыға қатты әсер етеді. Қазақ халқының ауыр тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп, олардың әлеуметтік жағдайын, теңсіздігін жақыннан көріп танысады. Қазақ балаларын оқыту арқылы ғана халқын надандық пен бодандықтан құтқара алатынына көзі жеткен Отыншы 1897-98 жылдары «Дала уалаяты» газетінде «Қырғыз (қазақ) балаларын тәрбиелеу туралы әңгімелер», «Қырғыз (қазақ) даласындағы халыққа білім беру туралы», т.б. мақалаларында қазақ балаларына бастауыш білім берудің көкейкесті мәселелерін қарастырды. Діни білім беретін мектептердің орнына жаңа әдіспен оқытатын мектептер ашуды ұсынды. Орынбор, Астрахан, Торғай облыстарында осындай мектептердің жұмыс тәжірибесін ұсынып, солардан үлгі алуға шақырады. Сот пен мектептегі қызмет Отыншының көп нәрсеге көзін ашады. Жергілікті басшылар мен уездік шенеуніктерден, саудагерлерден, казактар мен қарашекпендерден қысым көрген қазақтар Омбыға жиі келіп шағымдануға мәжбүр болған. Соттың губерниялық хатшысы қызметіндегі Отыншы оларға бар күш-көмегін аямай көмектесіп отырған. Отыншы өмірінің Омбыдағы кезеңі оның саяси көзқарасының, оқу-ағарту ісінің білікті маманы болып қалыптасуына ықпал етті.  

1905 жылы Санкт-Петербургте өткен «Шығыс бұратаналарын» оқыту мәселелері бойынша Ерекше мәжілісте «Дала уалаятындағы» қазақ мұғалімдері атынан О.Әлжанов сөз сөйлеген. Екінші рет 1907 жылы өткен мәжілісте де Отыншы тағы сөйлеп, «бұратана халықтарды» оқыту туралы  ережеге  сын айтып, қазақ мектептерінің жұмысын қадағалайтын инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін тағайындау, қазақ мұғалімдерінің құқын және діни сабақтарды беретін мұғалімдердің жалақыларын орыс мұғалімдерінің құқы мен жалақыларымен теңестіруді және басқа да өзекті мәселелерді ортаға салады.  

1907 жылы Көкпектідегі 2 кластық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып тағайындалып, Өскемен, Зайсан уездеріндегі қазақ мектептеріне басшылық жасау міндетін қоса атқарады. 34 жастағы Отыншы Көкпекті училищесіндегі жұмысты қалпына келтіру үшін көп күш жұмсап, жаңа әдіспен оқытатын болыстық мектептер аша бастайды. Дала округтік оқу ісінің меңгерушісі, әйгілі миссионер А.Алекторов Отыншының сабақ беру шеберлігіне тәнті болып, оны қатты құрметтеген.

Көкпектіде ол тек ұстаздықпен айна­лыспай, істі болған, зәбір-жапа шеккен қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтап, олар­ға нақты көмек береді. Көкпектіде тұрып жатқан орыс мұжықтары мен татар көпестері және қала тоғышарлары қала маңайында қазақтардың жаз жайлауға шығатын жерлерін ешқандай ақы төле­мей, қалай болса солай пайдаланып, қазақтарды басынып, астамшылық жасап, адам санатына қоспаған.  Бұған ашынған О.Әлжанов заң жүзімен жерлестерінің талабын орындауға кіріседі. Оқыған қазақтың әділетті қимылынан қауіптеніп, орыс келімсегі мен татар саудагері бірігіп жапқан жаламен  О.Әлжановты 1909 жылы 29 шілдеде тұтқындайды. Екі ай Семей түрмесінде ұстап, сотсыз, дәлелсіз 5 жыл мерзімге Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударады.  

Патша өкіметі құлағанда О.Әлжанов Уақытша өкіметтің Лепсі уезі комиссарының орынбасары болады. Жетісу жеріндегі Алаш қозғалысына белсене араласады. Жетісу қазақтары атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. Желтоқсандағы съезде жалпы қазақ атынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады. Жетісу облыстық қазақ съездерін ұйымдастыруға қатысады.

Азамат соғысы жылдары О.Әлжанов Лепсіде жұтаған елге көмек көрсету комитетін құрады. Милиция жасақтап, «Елдің басына мынадай пәле туып тұрғанда мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін» деп елді қорғауға бел байлап,  әскери қақтығыстардың қақ ортасында жүрген О.Әлжанов билік басындағыларға деген сенімін жоғалтады. Патшалық Ресей де, жаңа өкімет басына келген қызылдар да, олармен астыртын келісімге келген алашшылар да тәуелсіздікке қол жеткізбейтінін білді. Сөйтіп, қазақ жерінің орыс бодандығынан жуырда босамайтынына көзі жеткен Отыншы өз жігіттерімен Қытайға өтуге бел байлайды. Жолай нағашысы Шәкәрім Құдайбердиевті тұтқыннан босатып ала кетеді. Біраз дем алып күш жинап алмақ болып, 12 тамыз күні Қытаймен шекаралас Көктұма ауылына келіп қонады. Ауылда Үржар қақтығысынан кейін демалып жатқан қызыл әскерлердің үстінен түседі. Атыс кезінде Отыншы пулеметтен оқ жаудырып,   жаралы Шәкәрімнің құтылып кетуіне жағдай жасайды. Қарсыластары ала алмаған соң диірменге от қоя береді. Лаулап жатқан шатыр ішке құлап, Отыншы екі жолдасымен от ішінде қалып қояды. 1918 жылы оның өлімі туралы М. Дулатов «Қазақ» газетінде жарияланған  «Тағы Құрбан (Отыншы Әлжанов)» деген мақаласында «Қымбатты Отыншы, алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем емес» деп жазған екен. 

Ал Отыншы Әлжановтың әдеби өмірі­нің өзі бір төбе. Өз халқының әлеуметтік жағдайы туралы мақалалар жазып, Омбыдағы сол кездің беделді қазақ газеті «Дала уалаятының» тұрақты корреспонденті болып, өз елінің тұрмыс-тіршілігі, шаруа­шылығы, наным-сенімі туралы ғылыми мақалалар жазып, ауыз әдебиетінің озық үлгілерін жібере бастайды. Қырықтан астам әртүрлі тақырыптағы мақалаларында қазақ балаларының оқуы мен тәрбиесі, халықтық педагогиканың артықшылығы мен кемшіліктері туралы әңгіме қозғап, заман талабына орай орыс мәдениетіне ден қоюға шақырған. Мақалаларына «Бабай-Бүркіт», «Орта жүз» деп қол қойған. Семинарияда оқып жүрген кезінде жинақтаған он дәптерге толы еңбегі жоғалып кеткен.   Публицистикалық мақалаларынан басқа қазақтың ауыз әдебиетіне, салт-дәстүріне көп көңіл бөлген. Көптеген қазақ мақал-мәтелдерін жинақтаған. Отбасымен бірге Омбы, Лепсі, Көкпекті арасында көшіп жүрген ол 1918 жылы Қытайға қашу үшін жиналғанда барлық мүлкімен қоса қолжазбалар да қолды болған. Отыншының жары Нұржәмила Дүйсенбайқызы (Қошке Кемеңгерұлының қарындасы) осы ертегілерді балалары мен немерелеріне айтып беріп отырған. 1962 жылы жарық көрген «Қазақ ертегілерінің» ішінде Отыншы Әлжановтың жинаған ертегілері де енген екен. Қазақ әйелінің әлеуметтік жағдайы туралы көлемді очерк жазған. Еріксіз шалға күйеуге шыққан қазақ қыздарының тағдырын, 26 жолдан тұратын жоқтау сыңсу қалдырған. «Дала уалаяты» газетінде «Қарынбайдың хикаяты», «Күшік пен мысық», «Толағай туралы аңыз», «Бақсы мен дуана», «Қазақтарға пайдалы кітаптар», «Мысырдағы етікші», т.б. еңбектері жарияланған.

«Жас ұрпаққа қажетті білім беріп, дұрыс тәрбиелеуге ұмтылсақ, онда біздің халқымыз да олар жеткен биіктерге жететін болады» деп, қазақтың қара баласының қамын ойлаған белгілі қоғам қайраткері, ағартушы, ұстаз, фольклорист Отыншы Әлжановтың ұрпақтары бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өмір сүріп, еңбек етуде. «Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. Өзіне лайық ұрпағы бар адам бақытты. Оған дәлел, ондаған жылдар бойы белгісіз болып келген жерлесіміз Отыншы Әлжановтың өмірі мен қызметі, халқының тәуелсіздігі үшін арпалысқан ауыр тағдыры туралы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Отыншы Альжанов – беркут Алашорды» атты кітап 2008 жылы жарық көрді. Кітаптың авторлары – немере қарындасы  Сәуле Мұқашқызы мен шөбересі Гүлфарида Төлемісова.  Осы кітапта Отыншы Әлжановтың суреті сақталмағаны айтылған. Бүгінгі күні көпшілік ақпарат көздерінде Отыншының суреті деп кіші ұлы Ғалымжанның суреті беріліп, жаңсақ пікір қалыптасуда (Мысалы, «Алаш жылнамасы». Құрастырған Берік Уәли. - Алматы, 2020. - Б. 88).  

2010 жылдың 29 мамырында Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде «Көкпекті аудандық мәслихатының назарына!» деген айдармен «Саясат жолында басшылық еткен азамат туған жерінде неге ұмыт қалуға тиіс?» деген мақала жарық көрген еді. Онда М. Дулатовтың «Тағы құрбан (Отыншы Әлжанов)» деген мақаласы беріліп, мемлекет және қоғам қайраткері О. Әлжановтың есімін есте қалдыру мәселесі қозғалған болатын. Бірақ сол мақаланың нәтижесін өз басым баспасөз бетінен көре алмадым. Енді екі жылдан кейін Алаштың аяулы азаматы О. Әлжановтың туғанына 150 жыл толмақ. Кенді Алтайдың төсіндегі Өскемен шаһарында Отыншының есімі жарқырайтын күн алыс еместігіне сенгіміз келеді. 

Бүгінгі күні шығыста біраз еңбек етіп кеткен азаматтарға көше атын беру дәстүрге айналып барады. Тіпті кейбіреуінің қандай еңбегі сіңгені ел есінде жоқ. Осы орайда елінің егемендігі, жас ұрпақтың келешегі үшін жанын қиған Алаш арыстары бірінші орында болса екен деген тілек айтқым келеді.  

Халқын өнер-білімге шақырып, елінің тәуелсіздігі үшін құрбан болған алаш азаматы, қоғам қайраткері Отыншы Әлжановтың мерейтойын жерлестері лайықты атап өтер деген үміттеміз.

7511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз