• Тарих толқынында
  • 30 Маусым, 2021

ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ДАМУЫ (XIX- XX ҒАСЫР)

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
Қорқыт-ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы

  ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кездерінде қазақ қоғамында мал шаруашылығының көшпенді, жартылай көшпенді және отырықшылық үш түрі қалыптасты. Бұл шаруашылық түрлері табиғат – ауа райы, әлеуметтік-экономикалық және тарихи факторлардың әсерімен қалыптасты (Жданко Т.А.Проблемы полуоседлого населения Средней Азии и Казахстана. – Советская этнография, 1961, 82). Бұл кезеңде, Сырдария облысында, жайлаулы – жартылай қолда ұстайтын, жартылай көшпенділік мал шаруашылығы дамыды.

Облыс тұрғындары негізінен жылқы, түйе, ірі қара мал және қой-ешкі өсірумен айналысты. Бұл мал түрлері облыста кей­біреуі табиғат жағдайына, ал ХХ-ғасырдың бас кезінде сауда-нарық сұранысына байла­нысты дамыды. Мысалы, 1892 жылғы мәлімет бойынша, Шымкент уезінде – 62700 жылқы, 160300 түйе, 48000 ірі қара, 1450000 қой-ешкі, Әулиеата уезінде – 95500 жылқы, 50300 түйе, 60900 ірі қара, 1065100 қой-ешкі, Перовскі уезінде – 40100 жылқы, 95000 түйе, 26000 ірі қара, 1016000 қой-ешкі, Қазалы уезінде – 27400 жылқы, 71700 түйе, 16300 ірі қара, 285600 қой-ешкі болған (Обзор Сыр-Дарьинской области за 1892 г.Ташкент, 1894).  Сырдария облысындағы мал шаруашылығымен айналысуда және табын (мал) құрылымының жеке түрлерінің дамуына, өлкенің табиғаты, ауа-райы және халықтың көшпенді, жартылай көшпенділікпен айналысуы үлкен әсерін тигізді. Табында негізінен қойдың үлес салмағы жоғары болды. Уезде оның үлес салмағы 60,7% жетті. Екінші орында ешкілердің (19,3%) үлесі басым болды. Шымкент және Қазалы уездерінде олардың үлесі 30,2 – 10,6% жетті. Облыста жылқы малы, (6,8%) ірі қара 6,4% және түйе 6,8% түлігінің үлестері негізінен бірдей дәрежеде дамыды. Жылқының үлесі ең көп болған – Әулиеата уезі болды (10,3%), түйе (12,9%) – Қазалы уезінде, ал жылқы мен ірі қараның ең аз үлесі (3,3% және 3,7%) Шымкент, түйенің азы – (3,3%) Әулиеата уезінде болды.  Мал басының ең көп саны 33,6% - Әулиеата, ең аз көрсеткіші – 15,4% - Қазалы уезінде болды. Мал басының Әулиеата уезінде көп болуы, уездің жері мен табиғатының малға қолайлы екендігінде болды. Сондай-ақ, бұл уезді бүкіл облыстағы қазақтардың үштен бір бөлігі де мекендеді.

Перовскі, Қазалы уездерінде қой және түйе өсіру жоғары дәрежеде болды, бұл жағдай шаруашылықтың типімен және жергілікті жағдаймен байланысты болды (Кауфман А.А.К вопросу о русской колонизации Туркестанского края. Спб, 1903).

Енді облыстағы шаруашылықтардың әлеуметтік құрамына келсек, оны төмендегі кестеден көруге болады. Кесте бойынша облыста малы жоқ шаруашылықтар – 3,8%, жылқысыз және 1 жылқысы барлар – 17,3% - 44%, 2-ден – 8-ге дейін жылқысы барлар – 27,8%, 9-дан 22-ге дейін – 7,4%, ал 23-тен жоғары жылқысы барлар – 3,5% болған.

Ал, бүкіл Қазақстан бойынша барлық мал басының санын шартты түрде 100% деп алсақ, онда Сырдария және Орал облысында үй малдарының үлесі -21-22%; Торғай және Семей облысында – орташа есеппен алғанда 14,6%, Ақмола және Жетісу облысында – 10,5%-тен 17,4%-ке дейін жеткен. Көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы қазақтар жылқы, қой, ешкі, мүйізді ірі қара, түйе өсірді. Кедей және орташа шаруалар ірі қара, түйе, қой өсірсе, ауқатты байлар көбіне жылқы ұстаған. Кедей-шаруалардың азын-аулақ малы күн көріс қамына жарады, ал бай үйлердің малдары сауда-саттыққа шығарылды. Барлық мал, оның терісі, жүні, еті, сүті, т.б. жәрмеңкеге шығарылып, астық, халат, шыт-сәтен тауарларына, ыдыс-аяқтарға, т.б. айырбасталып отырды.  Қазақтардың мал шаруашылығының дамуына орасан зор апат әкелген – қыс, көктем суығында малдардың жейтін шөбі болмай, қырылуы, яғни жұт үлкен әсерін тигізді. Жұт негізі­нен қолайсыз ауа райының әсерінен, яғни, құрғақшылық, қарлы қыс, боран немесе көктемде жер көктегенде қар, бұршақ жауып, малдардың тебінге шыға алмауынан болды. Кей жылдары бірнеше күнге созылған бұрқасынды борандарда 500-1000 жылқы табындар қатпаған, беті қармен жабылған сортаңды көлдерге түсіп кетіп, қырылғандары болған. Жұт, негізінен Қазақстанның барлық аймақтарын қамтып отырды. Жұт, көбінесе 10-12 жылда бір рет, кейде 3-5жылдарда қайталанып отырды.

ХХ-ғасырдың бас кезінде Сырдария облысындағы мал шаруашылығында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Тұрғындардың басым көпшілігі малдарын жыл бойы жайылымдарда ұстауын өз­гертпеді. Алайда, отырықшы орыс поселкелерінің маңында орналасқан қазақтар қысқа мал азығы қорын жинауда қолға ала бастады. Сондай-ақ қоныстанушы шаруалар өздерінен артылған жем-шөп қорын қазақтарға сата бастады. Ол, Әулие­ата, Қазалы, Перовск уездерінің қазақтары мал жайылымының жетіспеуінен Қазақ­станның солтүстік аудандарына көшіп жүруге мәжбүр болды. Қазалы, Перовск, уездерінің қазақтары солтүстікке Қарақұм арқылы Торғайға одан әрі Қостанай уезіне қарай жылжыды. Перовск уезінің жалпы шаруашылығының 29,3 пайызы Торғай облысындағы Қалмаққырғанға, 25 пайызы Атбасар уезіне тұрақтанған. Тек 12,4 пайызы ғана Қостанай уезі жеріне жете алды (Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ в.Алма-Ата, 1980).

Алысқа көшу тек ауқатты адамдарға ғана оң болды. Олардың малшы бақта­шылары көп болды. Себебі олардың алысқа көшіп қонуға шамалары жетпейтін еді. Қорыта келгенде, қазақтардың мал шаруашылығының дамуына табиғат әсері, қоғамдық-әлеуметтік жіктелу процестері, яғни, өлкеде көп ұлтты халықтардың са­ны­ның өсуі, қазақ жеріне келген қоныстанушылардың үлгі-әдістері, жайылымдық жердің азаюы, қазақ ауыл­дарына буржуазиялық қатынастардың енуі, жаңа әкімшілік-саяси өзгертулер, т.б. үлкен әсер етті.

ХІХ-ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында да Сырдария облысы қазақ даласындағы егіншіліктің маңызды орталығы болып қала берді. Жері құнарлы, суы мол бұл жерлер ерте заманнан-ақ егіншілікпен айналысуға қолайлы еді (Толстов С.П.По древним дельтам Окса и Яксарта. М., 1962). ХІХ ғ. Бас кезінде Оңтүстік Қазақстанда егіншілік Сырдария, Шу, Талас, Қаратау, бөктерінде дамыды. М.Поспеловтың мәліметі бойынша, мұнда «астық өсіру кең өрістеген», ал Түркістан маңындағы қазақтар егін шаруашылығы мен мал шаруашылығымен қатар айна­лысады.  1820 жылы қазақ даласында болған Е.Мейендорф Жаңадария, Қуаң­дария өзендерінің, Қамыстыбас және Арал бойында егін шаруашылығының кең түрде дамығандығын жазған. «Сырдария өзенінің бойындағы «шабындық жерлерді суаратын каналдар өзінің ұзындығымен, орналасуымен және тереңдігімен өте ерекше», – деп жазды А.Левшин (Описание киргиз-казачиьхи, или киргиз-кайсацких орд. 1932).

Сырдария өңірінде егіншіліктің да­муына біршама дәрежеде суармалы егіншілікті ұйымдастыруға мүмкіндіктің болуы әсер етті. Негізінен мұндай жерлер Сырдария өзені жағаларында, оның Ақирек, Арықбалық және үлкен үш саласы: Сырдария, Қараөзек, Жаңадария және Қуаңдария салалары бойында болды. 1862 жылы Сырдария бойында егіншілікпен 8827 отбасы айналысып, 34688 дес. жерге тары, 10694 дес. арпа, 10488 дес. бидай және 282 дес. жерге сұлы еккен (Туркестанский сборник, Т.290). Сырдария аңғарындағы Қуаңдария, Жаңадария және Арал теңізінің жағалауында шөп шабу мен егін салатын жерлерде қыстаулар бола бастады. 1877 ж. Қазалы уезінде егін шаруашылығымен айналысатын қазақтар саны – 30,8 пайыз, Перовскіде – 32,5 пайыз, Түркістанда – 38, Шымкентте – 31,3, Әулиеата уезінде – 62,3 пайыз болған.

Осы кезеңде жартылай көшпелі өмір салтынан отырықшы өмірге көшулердің саны үнемі көбейіп отырды. Отырықшы болған алғашқы жылдарда жатақтар егіншілікті мал шаруашылығымен ұштастырып жүргізді, алайда, олар егіншілікке көбірек көңіл бөлді, ал мал шаруашылығы егіншілікке қосалқы кәсіп болды (Кауфман А.А. К вопросу о русской колонизации Туркестанского края). Сырдария қазақтарының егін шаруашылығы жайлы ХІХ ғасырдың ортасында Орынбор көпесі Дмитрий Беловтың деректері өте қызықты мәлімет болып табылады. Ол 10 жыл бойы Сырдария бойындағы қазақтардың арасында болып қазақтардың егін егу технологиясы, оның әдістері мен тәсілдері жайлы жазып кеткен. «Қазақтар (кедей жатақтар немесе егінші) – дейді Д.Белов, - көкек (сәуір) айының басында алдымен арпа егуге, содан соң бидай мен тары егуге кіріседі. Егістік жерді олар күзде дайындап, арықтарға Сырдариядан 10-15 км жерден су жіберіп шайып отырады. Көктемде күздегі су жерге сіңіп болған соң, жер айдауға кіріседі. Тары егуден бұрын алдын-ала арам шөптерін отап болған соң жер жыртады, тарыны шашып болған соң тырмамен тырмалайды. Жылқыны соқаға байлап, екі адам жұмыс істейді. Жерді ескі соқамен жыртып болған соң, тырманың орнына бөрене, ағаштарды байлап кесектерді майдалайды».

Егу науқаны қолмен жасалды. Егіншілер егін жинау науқанында орақпен орып жинады, тіпті орақ жоқ болған жағдайда қолмен жұлып жинаған. Жиналған астықты, ағашпен ұрып дәндерін түсіріп, астықты жинап отырған. Оңтүстіктегі егіншілік көбіне қолдан суландырылды, ал қазақтар қолдан суару, ирригациялық жүйелерді ұлғайту және жерді суарудың неғұрлым жетілдірілген тәсілдерін жетік білді. Бұл жөнінен әсіресе Қазалы, Шымкент және Перовск уездері ерекше көзге түсті (Алекторов А.Е.Земледелие у киргиз. Оренбуркский листок, 1988, №50).

Перовск уезінде ирритациялық жұмыс­тар үлкенді-кішілі арықтар қазып, олардан егістікке су тартумен шектелген жоқ, сондай-ақ егіншілер өз қолымен 141 көпір, 10 шлюз, 2 бөгет салды. Арықтарды күту (жөндеуді, мұраптар мен арық ақсақалдарына ақы төлеуді қосқанда), егіншінің өзінің жұмсаған еңбегін есептемегенде, егін салатын әрбір шаруашылыққа орта есеппен жылына 2 сомға түсті, ал жекелеген арық ақсақалдарына қарайтын жерлерде бұл цифрлар 34 тиыннан 3 сом 70 тиынға дейін ауытқып отырды.

1891 жылдың басына қарай Перовск уезінде 7 арық ақсақалы мен 129 мұрап болды. Әрбір арық ақсақалына жалпы ұзындығы 150 шақырымнан 403 шақырымға дейін жететін 79 канал қарады. Мұраптар арықтарды, каналдарға салынған көпірлерді, бөгеттерді, үйме­лерді, шлюздерді, тоғандарды жөндеу қамын жасауға тиісті болды. Олар су тартуды реттеп, егіншілердің су пайдалану мәселелері жөніндегі айтыс-тартыстарын шешіп отырды, ал егіншілер оларға жыл сайын тиісінше орта есеппен 8 сомнан 35 сомға дейін ақы төлеп отырды (Дин­гельштедт Н.Опыт изучения ирригации Туркестанского края Сыр-Дарьинская область.1893 г.). Оның үстіне қоғам арық ақсақалдары мен мұраптарға арнайы сыйлық ретінде жер учаскелері мен тұқым беретін еді. Ауыл ақсақалдары тұтас жүйелерге, ал мұраптар жекелеген арықтар мен каналдарға басшылық етті.

Егіс көбінесе атпамен суарылды. Атпа дегеніміз – ұшы ағашқа жуан арқанмен (көбінесе жылқының жалқұйрығынан есілген) байлап ілінген ұзын (2,5-3 м) сырғауылға сапталған ағаш қауға. Суды суаттан қауғамен алып, ағаш науға құятын да, одан су атыз арқылы ағып, содан суару жүйелерімен ағып кететін. Егін суаруға түбі бітеу, аузы кең, жіңішке, ұзынша кеспектер, айқыш-ұйқыш байланған дөңгелек  - шығыр да пайдаланылды (Захаров И.В.Об итогах этнографических экспедиции 1955-1956 года; Алма-Ата, 1959).

Суармалы жерлер үлкенді-кішілі артельдер арасында, одан соң арық қазуға қатысқан жеке егіншілер арасында бөлі­нетін еді. Бөліс былай болды: алаң көбінесе шартты түрде – көзбен, мөлшермен немесе адымдап, арқанмен, белгілі бір ұзын таяқпен белгіленді. Бөліске ақсақалдар, болыс басқарушылары және ауыл старшындары қатысты. 5-20 және одан да көп шаруашылықтардың егіншілер тобы сенім білдіріп ақсақалдар сайлады, олар ірі учаскелерді артельдерге, одан соң жекелеген шаруашылықтарға бөлді. Учаскелер жекелеген шаруашылықтар арасында жеребе бойынша бөлінді, бұл бөлісу жыл сайын қайталанып отырды. Бөліс процесінде ақсақалдар мен мұраптардың пара алып, учаскелерді байларға тиімді етіп беруі жиі кездесетін еді.

Суармалы егіншілік тәжірибесі жай егіншілік егіс айналымынан біраз өзгеше болды. Жер учаскелеріне суарылуына қарай төрт-бес жыл бойы және одан да көп жыл қатарынан егіс егілетін, ал суландырылатын алқап жетпеген жағдайда, тіпті 15-20 жыл қатарынан егілетін. Дақылдар бы­лайша кезектестірілді: бірінші жылы тары, екінші жылы бидай немесе арпа, үшінші жылы – қайтадан тары, төртінші жылы – бидай, бесінші жылы тары немесе бидай егіліп отырды. Кейде жердің әбден құнарсыздануына байланысты, оны бесінші жылдан бастап тыңайтуға қалдыратын еді. Бірақ егістік үздіксіз және бірқалыпты суландырылғанда ғана дақылдар осылайша ауыстырылып отыратын (Материалы по киргизскому землеиспользованию. Ташкент, 1908).

Егіншіліктің дамуына орыстың қо­ныс­танушы шаруалары жан-жақты ықпал жасады. Олар жергілікті егіншілік – суармалы егіншілікпен танысты, қазақтарға өз егіншілік тәжірибесін үйретті. 1888 ж. Сырдария облысында орыс қоныстанушыларының 16 қыстақтары (селения), 1006 отбасы (4996-жан) болды [26, 10-п]. Әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғында облыста Ресей шаруаларының қоныстанушылары тез қарқынмен дамыды. Егер 1891 ж. облыста 27 орыс поселкесі болып, онда 1607 отбасы тұрса, (7702-жан), ал 1894 ж. орыс селоларының саны 48-ге ал тұрғын халық саны 3058-отбасыға немесе 15461 жанға жетті (РФ ОМТА. 1126-кор, 1-тізбе, 37-іс).

Орыстың қоныстанушы – шаруалары мен қазақ ауылдарының өмір-тұрмысы бір-біріне үлкен ықпал жасады. Ал, отырықшы қазақ қоныстары өздерінің типі жағынан қоныстанушы шаруалар селоларына жақындай түсті. Сырдария облысында егіншілік басқа облыстарға қарағанда көбірек дамыған болса да, оның өсу қарқыны мен егіншілік техникасындағы өзгерістер солтүстік және батыс аудандарда едәуір баяу дамыды. Оның себебі, бұл өңірде егіншілердің көпшілігі халықтың ең кедей топтары болды. Бұл туралы И.Аничков былай деп жазды:... «Қазіргі уақытта нағыз көшпелі болып қалғандар – азшылық, бұлар негізінен алғанда ауқатты адамдар, ал көпшілік жұрттың бәрі дерлік егіншілікпен айналысады, ал мал шаруашылығымен егіншілікке демеуші ретінде ғана шұғылданады, ал өзен бойында және теңіз жағалауында көшіп жүретіндер балық аулаумен айналысады» (Очерки народной жизни Северного Туркестана. Спб.1899).

Сырдария облысында егінмен айналысу үшін, суландыру – мелиоратив жұмыстар қажет болды. 1887 жылы Перовск және Қазалы уездеріндегі суармалы егістік алқаптар 100 мың десятина болды. Ал 1891 жылы бір ғана Райым болысында 989 қазақ шыңырағы егіншілікпен айналысу үшін Сырдария бойында 8 үлкен арық қазған. Облыстағы қазақ диқаншылары туралы: «...Солтүстік Қарақұмда көшпелі қазақтардың – 700 шаңырақ түтіні болды, бірақ олардың тең жартысы көшпелілікпен айналысса да, диқаншылықпен Сыр өзені бойында айналысқан. Олар сондай-ақ Қуаңдария, Жаңадария, Қараөзек өзен бойларында көшіп-қонып жүрген. 26000 шаңырақ түтіннен тек қана мал шаруашылығымен 6000 шаңырақ қана айналысты», – деп жазды И.Аничков. ХХ ғасырдың басында Қазақстанда негізінен егін шаруашылығымен айналысатын аудандар айқындала түсті, яғни, товарлы шаруашылық елеулі орын ала бастады.

Бұлардың алғашқы тобына Шымкент, Әулиеата уездері жатты. Шымкент уезінде бос жатқан егістік алқаптарында егістік жерлерге жарамды, суармалы жерлер 1890 жылмен салыстырғанда 1906-1908 ж. қазақтардың егістік алқабы 2,5 есе өсіп 216000 десятина болды да, көршілес Әулиеата уезінде 158733 десятина болды (Материалы по киргизскому землеиспользованию. Ташкент, 1908).

Бұл мақаламызда барлық мәліметтерге егжей-тегжейлі тоқталмадық. Десек те, Түркістан өлкесіндегі шаруашылық түрлерінің өркендеуіне қатысты мұрағаттық деректер аз емес. Қорыта айтқанда, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Сырдария облысының экономикасы ауыл шаруашылығы, яғни, егін шаруашылығының үдемелі түрде дамуымен ерекшеленеді. Қазақ шаруалары қоныстанушы орыс-украин шаруаларымен егін егудің түрлі технологиясы, агро­техникасы әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасып, егін көлемінің, оның өнімділігін арттыруда біршама жетістіктерге жеткені анық.    

 

2140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз