• Тарих толқынында
  • 30 Шілде, 2021

ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІ. ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ CИПАТЫ

«Шын ақын – көріпкел. Кешенің де, Бүгіннің де, Ертеңнің де қамын ойлап, қасіретін шегетін ортақ жыршының» (Иран-Ғайып) ол арманы сәтімен жүзеге асты. 1885 жылы мамыр айында Семей қаласының іргесіндегі Қарамола жәрмеңкесінде бес дуан: Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы, Семей дуандары бас қосқан шербешнай (чрезвычайный) съезі өтуі жоспарланады. Қауырт дайындық жүріп жатады. Әр дуаннан съезге арнайы билер сайланып, жасақталып жатады. Абайдың оған қатысқысы да келмей, өзімен-өзі өмір кешуде болатын. Бірақ съезд жақындағанда, өзі төрт рет болыстық қызмет атқарған Қоңыр-Көкше елінен беделді адамдар келіп, сәлем беріп, Абайдың міндетті түрде съездің жұмысына қатысуын өтінеді. Өйткені Тобықтының болыстары шексіз берілген еркіндікті пайдаланып, бар байлығын, шұрайлы жерін, ақыры билігін де тартып ала бастағанын көздерінен жасы ағып, күрсіне отырып жеткізеді. «Тек Тобықтының, Қазақтың сүйікті перзенті ғана емес, ол туған елі мен қараорман халқының, ұлт рухының айнасы, адамзаттың Абайы» еріксіз атына мініп, Қарамолаға жетеді. Съезде негізінен бес болыс Тобықтының кей дуан елге жасаған барымтасы, ұрлық-қарлығы, жуандығы қаралуға тиісті екен. Тобықтының пысықай болыстары съезде өздерінің қылмыстары қаралатын болса, шындық пен әділетке жүгініп, жегендерін желкелерінен шығаратын Абайдан сескенеді. Сондықтан қулықтың қымызын ішкен қу, пысық, жылпос, алаяқ Тобықтының билері бес дуанның билерімен астыртын келісіп, Абайдың көзін мүлдем құртуды көздеген сұрқия әрекет, арам ниетпен ол жасамаған ауыр қылмыстарды тізіп, хаттап, мөр басып, ауыр қылмысқа ауыр жаза талап еткен арыздарын съезд бастығы генерал-губернатор Цеклинскийге табыс етеді. Бірақ ел ішінде халықтың қамын жеп, ізгіліктің жолынан таймайтын, көпті көрген, даналықты бойына жиған қазына кеуде қариялар бес дуан елдің билерімен оңаша кеңес құрып, халықтық кеңес-съездің жұмысының мәнін түсіріп, қасиетін жоғалтып, мазаққа қалмас үшін Абайдай ғұламаға жапқан өтірік жаланы қайтартып алып, оны Төбе би сайлауға ұсыныс жасауға көндіреді.

Бұратана жұртқа басшылық жүргіз­гендердің бәрі шовинист, ұрда-жық, әумесер, зорлықшыл деу шындыққа үйлеспесі анық. Соның бірі – генерал-губернатор Цеклинский. Бізше, ақыл-парасаты жоғары, ізгілік пен зұлымдықтың аражігін ажыратуға сыни көзбен қа­рауға дағдыланған, кісі­лігі жоғары бас­шы болса керек. Ол болыс­тардың арыс­танды көргендей шошып, Абайға құрған тұзағына күдікпен қарап, сырттай бұратана жұрттың ішінен шыққан тумысы, тәрбиесі, дүниетанымы, атқарған қызметі бөлек, білімді, білікті ұстанымы бар, қоғамдық өмірден тәжірибесі мол, демократия, әділдік, плюрализмді жаны сүйетін адамды кездестіргеніне таңқалып, онымен оңаша сұхбаттасуды қалайды. Осы сұхбат жайлы Мұхтар Әуезов: «Абайдан генерал-губернатор: «Партияшыл, ел бүлдірген Құнанбаев сенбісің?»» дегенде ол: «Мен» депті. «Неге партия қыласың?» дегенде: «Жалғыз мен партия қылмаймын, дүние түгел партия. Тіршілікте бәрі алыс-тартыспен өтеді» дейді. «Сені ел неге көп жамандайды?» дегенде: «Ел көп, мен – жалғызбын, көп әрқашан  тентек, бұзық, бұзық көппен алысқан адам жаман атты болмай тұрмайды» депті. Осы сөздерден кейін жандарал Абайды «Төбе би» сайлайды. Жандарал ел жуандары, би-болыстарға: «Съезді жақсы өткізіңдер, ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер, съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні Төбе би сайлаңыздар» деп өзі Абайды шербешнайдың Төбе биі қылып, қайтып кетеді», – деп болған жайдан толық хабардар етеді. Тек басты мәселені бүгіп қалыпты. Ол Абаймен бетпе-бет келіп, ойындағы дүдәмал мәселелерге орыс тілінде байыпты да, логикалық толымды жауап алып, саясат, ғылым, мәдениет, ел басқару, халықтың мінез-құлқы төңірегіндегі пікірлері оның өте сирек кездесетін білімді, дана адам санатына жататынына іші жылып, эксклюзивті сұхбаты Абайды надан дұшпандарына еріп төмендеткеннен, өзі атқаруға тиіс қызметті осы сәтімен жолыққан, екі тілді жетік білетін, кемел ойлы күрескер қазаққа сеніп тапсыруға намыстанбайды. Генерал-губернатор Цеклинскийге Абай өз кезегінде Төбе билік­ті қапысыз атқарып, шербешнай съезді жоғарғы деңгейде мәресіне жеткізуге орыс заңы аяққа тұсау болатынын, қазақ ұлтының салт-сана, әдет-ғұрпы, орныққан тәртібі үйлеспей, дұрыс шешім шықпай, арты ұрыс-тартыс, бітпейтін дау-дамайға ұласатынын ескертеді. Тәжірибесі мол, бекзат мінезді генерал-губернатор мұндай пікірлерді бұрын да естіген болар, Абай нақты мысалдармен дәлелдеп көзін жеткізгендіктен, оған осы ұлттық ерекшеліктерді толық ескеріп, съезге дейінгі 3 күн ішінде қазақтың салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне лайық «Ереже» жазып, съезд билерінің алқасында талқылап, олар айтқан ескертпелерді түзеп, толықтырып, дайын қылуға тапсырма береді. Бастама біржағынан скепсис тудырса, екінші жағынан белді бекем буып, іске кірісуге жетеледі. Абай «Ережені» 3 күн ішінде жазып бітіп, 73 баптан тұратын жаңа Заңды съезд билері, танымал адамдар, болыстар, ұлықтар сұрақ қоймай, толығынан құптап, жалпы саны 66 жауапты жандар қол қойып, Қарамола съезінде генерал-губернатор Цеклинскийдің ұсы­нуымен бірауыздан мақұлдап, бекіткен. Заң «Қарамола Ережесі» деген атаумен елге тараған. Абай Заңнамасының ерекшелігі тергеу сотының жұмысын оңтайландыру, қылмыстық іс жүргізу құқығын, азаматтық процесті және әкімшілік саясатты дамытуға даңғыл жол ашқан. Бар-жоғы үш-ақ күнде шалқар мазмұнды Қазақ Заңнамасын өмірге әкелген Абайдың кемеңгерлігін Мұхтар Әуезов: «Төбе биге ел-елді ауылдастыратын, неше алуан ұлы-кіші дауларын шешетін, түйін-түйнектерін жазатын сыязда дау алуандығына қарай Заң, ереже тудырып, орамды әділ билік жасау керек. Осы міндетті мойнына алған Абай бірнеше күн хатқа жазып Ереже түзеді. Онысының көбі қазақтың өзі ескіден білген ел заңы болумен қатар, кей жерлерде жаңа жол жоба болады», – деп Абай заңының приоритетіне, әсіресе жаңалығына назар аударған. Абай шығармашылығын зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев: «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға лайықтап, халық пайдасына шеш­ті, кем-кетіктің, әсіресе әйел правосын жоқтады» деген қорытынды жасапты. «Қарамола Ережесінің» ұлттық, тарихи құндылығын кемелдендіруде Абайдың білімі мен қабілетін, көрегендігін Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлы: «Қазаққа лайықты, келімді Законды қазақтың өзі жасамаса, халықтың салтын, ғұрпын, жайын білмегендердің қолынан келмес, жасаса тұрмысына үйлеспей, қолайсыз болар еді», – деп жазуынан Абай заңның пәрменді, мықты болуына, оны халықтың дұрыс қабылдауына, пайдалануына, көңілінен шығуына жүрегі сыздағанын пайымдаймыз. Бұл мәселе төңірегіндегі Дархан Қыдырәлінің пікіріне ден қойсақ, «Қарамола Ережесінің» басты мақсаты: «Әділетті мемлекет – ізгілікті қоғам – кемел адам»; ал саясаттанушы Дос Көшім теориялық ұстанымына сүйенсек: «Әрдайым өзгеріп отыратын әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Сол ерекшелікке байланысты әрбір ұрпақ өз заңдарын өздері шығаруы керек» («Жас алаш». 27.08.2020 ж.). Абай жайлы тың ойлардың иесі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» десе, ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» екенін мойындатады. Енді осы ойлардың шындыққа үйлесімін «Қарамола Ережесі» Заңнамасының баптарын Абайдың он алты өрім қамшыдай жымын білдірмей өрген реформаторлығына, оны қазақ қоғамын саяси, экономикалық, әлеуметтік модернизациялаудың «бойтұмарына» айналдырған кемелділігіне «Қарамола Ере­­жесін» талдау барысында көз жеткізіп көрейік.

«Қарамола Ережесінің» 2-бабынан аңғаратынымыз, дауласқан екі тарап қалаған билерін таңдап алады. Би шешімін шығармас бұрын үштік бимен жарасады. Екі жағының билері таласып, жұп болса, әр ояздың халқы орталарынан қызметтегі һәм қызметсіз де құрметті кісілерден төбе басы би шығарады. Егер бұлардың арасында талас болса, қалған ояздардың төбе басына жеребе салынып, шыққан кісі бітімдеріне араласып, сол кісінің ауған жағынан бітімі орнығып, мақұл болады. Регенерация процесі жеңіл-желпі шешіле салмай, терең талданып, көптің ортақ шешіміне тоқтаған.

4-бап бойынша даугер дауы билердің тексеруі бойынша жалған шықса, даудың сомасына қарай һәм жауапкердің қадіріне қарай шығынын тартады. Демек, жазықсыз жанды жауапкерге айналдырған арызқой сыбағасын алады. Бұл жерде Абай про­бациялық бақылау цензінен аспаған. Про­ба­циялық бақылаудың мақсаты жазалау емес, керісінше адамдардың қайта құқық бұзуына жол бермеу, олардың әлеуметтік жағдайына көмектесу көзделінген.

5-бап. Бір старшын елдің ішінде даугер, жауапкерлердің барша жанжал, сұрау, дауларын сол старшын елінің биі бітірмекке міндетті. Бірақ екі дауласқан жақтың біреуінде туысқан жақыны болса, ол бұл міндеттен мүлдем босатылады. Іс басталмай тұрып протекционизм залалынан сақтанып, Абай қылмыстың әділ ашылуын ескерген.

7-бап. Береке, бітім һәм салауат съездер­де (болыстық, ояздық – Т.С.)  жасалғандай болса, келесі уақытта қайтадан сөз қозғау мүмкін емес. Бұл да – мәнді нәрсе. Өйткені, халық сайлаған билер шешімі шикі, заңсыз, сатқындыққа айналса, бұрмаланса, бұл қасиетсіз қылықтардың өріс алуы оларды сайлағандардың көр­соқырлығы, надандығы, парықсыздығы, жырынды, екіжүзділігі саналмақ. Сондықтан, халық процедураға асқан жауапкершілік, сақтықпен қарап, өздері құқықтық процеске қатысып отыр­ғандықтан, сайланатын, іс тағдыры қолына көшетін адамдарды іріктеуде ардың ала жібін аттамағаны жөн. Бап бойынша Абай талабынан көкейге түйеріміз: мәдениет, заң, саясат, білім неғұрлым өрісі кең, беделі жоғары болған сайын мемлекет кемелденіп, өркениетті қуатты елге айналмақ. Керісінше, пенделік, сатқындық, немқұрайлық, мансапқорлық, жемқорлықтан шығатын зұлымдық, жалқаулық, жағымпаздық қоғамды күйретеді.

9-бап. Қылмысқа куәлікке ақыл-есі кемтар жандар, 18 жасқа толмағандар, әр жастағы әйелдер, биге жақын-туғандар, құдалар һәм өштес, дұшпан кісілер жарамайды. Мақсат би шешімі қылмыскердің айыбын әділ таразылауға жол ашуын көздеген. Тек Абайдың куәлікке әйелдерді тартпауы – ескі феодалдық-патриархалдық ұстанымнан шыға алмауы.

20-бап. Молданың қаталдығы, зұ­лым­дығы болса, жұрт тексереді деп заңдастырған. Абай – Алланы сүйіп, дінге бас иген мұсылман. Әйтсе де ол өмір сүрген кездегі мешіт ұстаған молдалардың діни сауаты кем, эйфорияға бейім, пара­қорлығынан ел мезі болғандықтан, Абай діннің қадір-қасиетін көтеру мақсатымен осындай шараға бас тіккен. Өйткені, Берік Уәли дұрыс пайымдағанындай: «Абай заманында қазақ даласында болып жатқан алабұрқақ саяси өзгеріс, халықтың теңдікке ұмтылған батыл қадамы, демократиялық озық идеялардың қазақ баласын оятып, кеңінен тарай бастауы көкірек көзі ашылған саналы қауымды бейжай қалдырған жоқ» («Ана тілі», 15-21.10.2020 жыл). Көзі ашық саналы қауым молдалардың қаталдығы мен зұлымдығы діннің, мешіттің беделін түсіріп, жұртты теріс айналуға апарып соғатынынан шошынып, Абаймен ой бөліскені анық. Ұлы философ Сократ халық неғұрлым құдайшыл болса, солғұрлым білімді, мәдениеттілікке қолы жететінін ескертсе, ұлы Абай Құдайды адамгершілік, әділеттілік, шындық, тәрбие, махаббат-мораль мәселелерінің Олимпіне балаған.

21-бап. Жалған күмән еткен кісіге айып салынады: түйе бастатқан тоғыз. Жалған жала жауып, азаматтың құқын бұзғанға малға шаққанда: бір түйе, екі құлын, екі бие, екі құнан, 2 тай айып төлеткізеді. Екі елі ауызға бір елі қақпақ қоя алмай, жазықсыз жанды әуреге салған өсек, өтірікке әуестің алар сыбағасы жеңілдемеуі керек. Сондықтан, бұл бапта Абай этикалық, құқықтық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз еткенін көреміз.

24-бап. Күмәнші, жаншы, төрешілікке қылмысты істі тексеру барысында тағайын­дауды билік шешеді. Оны жауапкер бұзуға қақы жоқ, өйткені, ол билік шешімдері сараланып, заңдастырылғанына қатысты. Бұл Абайдың қазақ даласындағы би мен судья институты қызметін орнықтыруға бел шеше кіріскенінің айғағы.

25-бап. Құн, жесір дауларына 20, өзге дауларға 10 жылдан астам уақыт өтіп кетсе қаралмайды. Билік айтқан күнге дейінгі 4 жылға созылған даулардың ақиқаты ашы­лып, қылмыскердің  қыл­мысына қатысты малдардың басы толық қайтарылады. Көп жыл өтіп, былық-шылығы асқынып кеткен қылмысты қозғап, елді әбігерге салып, жазылған жараның аузын тырнауды Абай жөнсіз санаған.

26-бапта құнның нарқы белгіленген. Ойланып жүріп өлтірілген ердің құны жүз түйе: 25-і тайлақ, 25-і құнан атан, 25-і дөнен атан, 25-і бесті атан. Әйелдің құны – ер адамның құнының жартысы. Демек, мұнда да нәзік жыныстыларға феодалдық-патриархалдық қоғам қалыптастырған құқық сақталған. Сондай-ақ қателіктен, оқыстан өлтірілген кісіге құн төленбеген. Осының себебі ашылмаған. Тағы бір ойланарлық жай, ері әйелін не әйелі ерін өлтірсе, оған «құн жоқ» деп жазылған. Осының индикаторы да жұмбақ күйінде қалған. Бәлкім, ері әйелінің қалың малын толық төлеп, басыбайлы етіп алғанына; ал әйелі шамадан тыс күйеуінің зорлығы, қиянаты асып, енді тірі жүрудің жолы кесілген амалсыздықтан кек алуға бекініп, ретін тауып, агрессор жұбайын өлтіргеніне гуманистік көзқараспен қараған шешім  бе екен, кім білсін?.. Бір есептен балаларының анасы, үйінің береке-бірлігінің ұйытқысы, нәзік жынысты жанға бұлайша хайуандық әрекетпен үнемі қорлауды әдетке айнал­дыру, құқығын табанға таптау, еріксіз әйелді де еріне қол көтеретін шешім қабылдауға мәжбүрлемек. Абай осы ауыр да, қазақтың психологиясына, дүниетанымына, әдет-ғұрпына жат қылықты еріксіз жөн санап, кейінгілерге сабақ болуын ойлаған тәрізді. Қазақ тәрізді кеңпейіл, парасатты, толерантты халық әйелді сыйлап, есіктегі басын төрге шығарғанына мысалдар жеткілікті. Оның себебін ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «...адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарахияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе! ... Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсінуінше әйел үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы. Онсыз еркектің өмірі – гүлсіз өмір», – деп әйелді алақанда ұстаудың философиялық аспектілерін алдыға тосады. Абай «әйелдің басындағы сасық тұманды айықтыру» үшін «Қарамола Ережесінде» әйелдің халін түзеудің құқықтық негізін жүзеге асырған. Жаңа форматтағы құқықтық платформа әсіресе осы салаға қажет екендігі Абайға аян-ды, сондықтан тыңға түрен салу өз пешенесіне жазылды. Құқықтар мен бостандықты қорғауды іске асыру құралының бірі – кінәсіздік презумпциясын кемел би кетігін тауып пайдаланған.

27-бап. Барымташыға һәм ұрыға өлсе құн жоқ. Өз ажалын, өз сорын, өз өмірін қылмыстың қанжығасына байлап беріп, өзін-өзі қорлап өлімді сұрап алған, халықтың барына жау боп тиген адамсымақтардың ажалы ешкімді толқытпаған, қайта жауыздың сыбағасын алып, көзін жоғалтқанына қуанған.

Қыз, әйел зорлау мәселесіне де «Қара­мола Ережесінде» баса назар аударылыпты. Айталық, 29-бапта бәлиғатқа толмаған қызды зорласа, айыпқа лайықты қалың малының үш бөлігінің бір бөлігін береді. Бәлиғатқа толған қызды зорласа, ат шапаннан түйе бастатқан тоғызға дейін айып береді. Күйеудегі әйелді зорлаған бір тоғыздан үш тоғызға дейін (бас тоғыз, орта тоғыз, аяқ тоғыз – Т.С.) айып төлеген. Бізше, «Ережеде» бәлиғатқа толмаған, бәлиғатқа толған  қызды зорлағандарға жаза жеңіл­деу тәрізді. Өйткені, педофилдердің әлі өмірді бастамаған бейбақтардың болашағына балта шабуы оңай қылмыс емес қой. Соңы суицидке апарып соғатын өкініші өзегін өртеген қорлау, күресінге лақтырған зорлық. Мұндай жан түршігерлік қылмыстың өтеуі – оны не дарға асу, не жұрт көзінше өлтіру. Күйеудегі әйелдің зорлануына қатысты айыпты салмақтырақ деңгейіне көтеруі ақылға сыйымды. Ол – отбасын ойрандап, шаңырақты ортасына түсірген ауыр қылмыс. Ойламаған қылмыс әйелдің төркіні, күйеуінің жұртына да ұстара жұтқандай азап әкелері анық. Сондықтан, әйелдің күйеуі, әйелдің өзі, туған-туысқаны, әке-шешелері аяғынан тік тұрып арыздануы, съезге жүгінуі, асқынған дауды съезд билері қарастыратыны туралы «Ережеде» арнаулы бап ұсынылуы орынды. Сондай-ақ осы бапта «Ойнас қылған еркек, әйелге екеуіне де дүре соғылсын, айып жоқ» делінген. Бізше айыптың үлкені, пәленің бастауы, өрттің тамызығы осында жатыр. Дүренің уыты бірер күнде қайтады, ойнастың дерті қарсы жақты сеспей қатыратыны «Ережеде» диверсия ретінде қатаңдау қаралғаны жөн еді.

 30-бапта күйеуі бар әйелді біреу алып қашса яки өзі қашса, ойнасымен бірге ондай әйел өз елінің съезд билеріне тура қайтарылады. Билер әйелі мен заңды күйеуін жарастырады. Ал алып қашушы жігітке бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып салынады. Егер күйеуі әйелін алмаймын десе, әйел ойнасында қалады, бірақ алып қашушы әйелдің күйеуі төлеген қалың малын қайтарып береді. Әйел мөрден құр қалады делінген. Ол екінші рет жасау-жабдықтан үміт етпейтінін айтқан болар. Әйтсе де, әйелге сүймей қосылған еркектен қалған ғұмырында жүрегі жарасқан жанмен тағдырдың табыстырғанынан артық бақыт бар ма?.. Осы бапта: «Егер де біреу біреудің айттырған жесірін алып қашса, алып қашушы қыз әкесіне толық қалың малын береді: елу жыртыс сот ақысымен. Егерде әкесі жасау беруге ықтияр болмаса, қыз жасаусыз қалады және қыз әкесі бұрынғы күйеуінен алғанын қайтарып, үстіне бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді (Бірінші тоғыз: 1 түйе, 2 құлын, 2 бие, 2 құнан, 2 тай; Екінші тоғыз: 1 жуан ат, 2 тай, 2 тайынша, 4 бойдақ қой; Үшінші тоғыз: 1 дөнен өгіз, 2 тайынша, 3 бойдақ қой, 3 тоқты - Т.С.). Қыз әкесі айттырған күйеу баласының дау-дамай тудырмай, қызы қалаған адамымен жайма-шуақ өмір сүруі үшін көп шығындануына байланысты, қашып кетуіне лайық жасау-жабдық бермеуін «Ережені» жазушы Абай жөн көрген. Оған қажеті – әйел бостандығы.

Көрші хақысын сақтау, жасы үлкенді сыйлау, кедей-кепшікке, жетім-жесірге, жоқ-жітікке көмек беру, ортақ шаруаларды асарлатып бітіру тәрізді абзал дәстүр, халықтың ар-ұжданымен біте қайнасқан әдет-ғұрыптарды ұлы бабамыз әл-Фараби баса дәріптеп («Қайырымды қала тұрғындары» кітабынан), құрмет тұтқан. Сол ұлы бабамыз әспеттеген, дәріптеп, құрмет тұтқан қасиеттердің дамып, кемелденуін мұрат тұтқан Абай да үлкеннің алдынан өтпей, кішіні құрмет тұтқан қазақтың бекзат, текті тәрбиесін бұзған көргенсіздікті ұлы заңгер жазалап, тәрбиелеудің сындарлы жолын нұсқап, жазалаудың нормасын белгілеген. 31-бапта «Егер біреу әке-шешесін ренжітсе, әке-шешесінің ықтияры бойынша қазақ ғұрпына қарай жаза берілсін» делінген. Өздері дүниеге әкеліп, өздері тәрбиелеген ұрпағына қандай жаза қолдану ата-анаға аян. «Биенің тепкенін құлыны ауырсынбайды», бірақ оның сабағы зор. Одан әрі осы бап бойынша молданы, құрметті кісілерді біреу ренжітсе, ол ат шапан, атан бастаған тоғызға шейін айып береді; тағы біреулерге қол жұмсап ренжітсе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді; егер жәбірленуші айыптан бас тартса, бұзақы бір айға абақтыға жабылады. Қазақ соты қылмыскерге айып пен құн төлетуден тыс түрмеге отырғызу, ату, асу, жер аудару, зынданға отырғызуды қолданбайды, абақтыға отырғызу - қылмысы ауырлығының нәтижесін аңғартатын орыс заңының сыналап енуі.

Сондай-ақ, 32-бапта ұрыс-төбелес шығарғандар билердің билігі бойынша ат шапаннан үш тоғызға дейін жәбірленушінің өтініші бойынша айып төлейді, ал осы ұрыс-төбелесті ұйымдастырған басшысы жолдастарынан айыпты артығымен төлейді. Бұзақылар билердің билігінше ақшамен, каталашкамен-абақтымен де жазаланады. Осы жазалау арқылы Абай Қ-Ж.Тоқаев жазбақшы: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Ұлы  ойшыл жастарды білім мен ғылымды игеруге, өнер мен тілді үйренуге, маңдай термен мал табуға шақырады». Қосарымыз, ол бұзақы жастарды басқа құрсау, мойынға ажырғы ілінген қор өмірге әуестенуіне іштей күйзелген.

«Қарамола Ережесінің» халықтық мәнін аша түсетін, қақаған боранды ыстық лебімен көктемге айналдыратын қуаты жетерлік 34, 35-баптардағы көтерілетін мәселелерді сүйсіне ауызға алар едік. 34-бапта: «Суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боран һәм суықта сол сияқты түрлі себептерде болысып, көмек етпегендер бас тоғызбен айыпталады» делінсе, 35-бапта «Көрші елінде мал өлімі болған уақытта жаһат етпегендерге жаза көбейеді, жеті күннен бір айға дейін абақты бұйырылады. «Арық бұзғандарға, көпір, құдық бұзған­дарға, өзге біреудің өз еңбегімен жасаған ибарларын бұзғандарға шығыннан басқа айып бұйырылады. Ат шапан яки ақша бойынша 15 теңге» делінген. Адам басына қатер төнгенде өз жайын мүлдем ұмытып, көмекке ұмтылу – ол Құдайдың пендесіне сыйлаған қайталанбас қасиеті, онда биік адамгершіліктің сарқылмас қуаты бар, дархан жүрек біткендігінің көрінісі. Екінің бірі осындай болса, ол елді ешқандай тосын апат жалмамай, бірлігі берік, қуатты ел саналмақ. Көрші ел мал індетіне ұшырағанда оларға қамқор қолын ұсынып, індеттен аман-есен айығудың амалын бірге іздесу – мүддесі ортақтардың ынтымағын жарастыра түскен. Біреуде кеткен кегін арығын бұзып, көпірін құлатып, жасаған ибарларына зиян келтіріп, шөбін өртеу – іштарлық, көреалмаушылық, қызғаншақтық, өзге өзімнен артық болмасын деген пасық пиғылдың жемісі. Абай соларды болдырмауға күресіп, заңдастырған. Жаман пиғылдың ірі, ұсағы болмайды. Ешкімге зияны тимеген, екі аласы, бір бересі жоқ кісіге қиянат болымсыз нәрседен басталмақ. Мәселен, Ереженің 38-бабында: «Жылқы құйрығын кескендер бір ат шапаннан бір түйеге дейін айыпталады» деп жазылған. Жай әңгімеде бұл онша бүлініп бара жатқан оғаштық, қылмыс көрінбегенмен, бұзақы, зұлым біреудің көзін ала беріп, мұндай қысастықты неге бұл кісіге жасады? Абай қадірлі, сыйлы, кісілігі зор, халқының көңіл төріндегі кісілерге жасалар тоңмойын, топас, кеуде керген керенаулыққа осылайша тыйым салған. Жауапсыздықпен, даңғойлықпен, надандықпен күресті көрнекті ақын Әбубәкір Қайранша толғансақ: «Көрсетіп өмір мәнін тәмам жанға, Сілтеген сөз қылышын надан­дарға, Қамын жеп, қайғы шеккен қазақ үшін, Айтыңыз, ұлы Абайдай адам бар ма?..»

Абайдың немере інісі, шәкірті, үлкен ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы 1932 жылы өзі жайлы естелігінде: «Менің айналам қандай? Көргенім не? Осыны сендер білмейсіңдер. Айналам дау-жанжал, өтірік, ұрлық, қанау, талау, надандық, жуандық-зорлық, мақтан, мансапқұмарлық, партия, озбырлық, қор­қаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне, менің көрген-сүрген өмірім. Мен осылармен жағаласып, арпалысып өмірімді өткіздім», – деп сол дала данышпаны өмір сүрген кезеңнің саяси-мәдени тынысын ешбір асырып-жасырмай алдыға тосады. Адам қоғамын тұралатып, мемлекеттің түбіне жететін «дұшпандармен» «Қарамола Ережесінде» Абай аяусыз күресіп, жою мақсатымен арнайы баптар арнады. Осы «дұшпандардың» ішіндегі ең елді тұралатқан ұрлық өршіп тұрған кез. «Өз малын өзінікі дей алмай», күндіз күлкі, түнде ұйқыдан безген жұртты осы тиылуы неғайбыл індеттің бетін алып, сорақы, бұзық мінезді тиып, арам нәпсіні толық тәркі етуді көздеп Абай «Ереженің» бірнеше бабын осыған арнады.

37-бапта «Мал төлегеннен басқа ұры­ларға жаза бұйырылады. Бір айға дейін абақты, алпыс шыбыққа дейін дүре соғылмақ». «Немере яки жиен ата-ағасынан, нағашысынан мал алып қашса, оған жаза жоқ және алып қашқан малы қайтарылмайды. Ал егер әлгі ата-ағасы, нағашысына дәні­гіп, ұрлығын қайталаса, олардың сұрауы бойынша жаза беріледі». Бұл енді – нонсенс. Барып тұрған жексұрындық. Абай өзінің туған ата, ағасы, нағашысына бірінші рет еркелеп қылмыс жасадыға жығып, өз қанын өздері жамандыққа қимай кешіріп, өзара есеп айырысарларына сеніп, оспадар ісін кешіреді. Бірақ «кәніккеннен дәніккен жаман» демекші, бұзақы қаны бір туыстарына бетінің арын бес төгіп, есіріп, есірік әрекеттерін қайта жалғастырады. Ағайынның шыдамын тауысып, еріксіз басынған қудың желігін заң жолымен басуға мәжбүрлейді. Өйткені, ағайын-туғанын аямаған, басқаға не жасары бір Аллаға аян.

38-бапта ұрлыққа жаһат еткен адамдар бірдей жазаға тартылады. Дүре де бас ұрыға серік болып абақтыға бірге жат­қандарға тиесілі. Бұл Абайдың әділетті сот ісін, шешімін, бұрынғысынша ұры мен ағайындарына зорлап таңа салатын күштеу әдісінен әділеттілікке тұғырнама жасаған объективті шешім саналады. Өйткені, ұрыға ат мінгізіп, қасына топ жинақтап беретін жыртқыш, араны ашылған тойымсыз бай арсыз қылығы үшін ел алдында бетпердесі сыпырылып, қылмысына қарай заң алдында сыбағасын еншілегені жөн. Дәнігуге айналған арсыз қылмысымен мал жинауға жүзі жанбайтын аш жолбарыстарға құрылған қақпан өзге арландарға да ой салары анық.

39-бапта ұрыларға ұсынылатын жазаның салмағы байыпталады: «Жиырма жылқыдан артық барымта қылған кісілерден ұры басы бір қанды ат, бір билік аттан һәм үш тоғыз айып баршасынан алынады».

Ежелгі қазақ қоғамында қалыңмалмен үйленетін отбасында әйелі мен күйеуінің ажырасуы кездеспейтін оқиға саналған. Алайда, заман өзгеріп, европалық, россиялық салт-сана бұратана жұрттың тірлігіне сыналап ене бастағаны «Абай Ережесінде» көрініс тапқан. 41-бапта: «Қазақ рәсімі бойынша күйеуден әйелді айыруға болады. Күйеуі белгісіз болса яки астының жазылмас ауруы болса, демек кінәлі бала-шағалы жұбайлықты аңсаған әйелдің бедеу еркекпен ары қарай бірге тұрудың нәтижесіз екенін оған мойындатып, мойындаулары намысты отағасының арын оятып, «кінәсін» мойындап, айырылысуға ықтиярлығын беруге мәжбүр еткен. Екінші жағдайда күйеу қыздан 25 жас үлкен болса әрі бір мүшесі кем болса, айырылысса заң қолдаған. Үшінші жағдайда қыз күйеу жігіттен тоғыз жас үлкен болса әрі күйеу кедей болып қалың малын бере алмаса, оның үстіне ол алмастай баукеспе ұры болса, сенімсіз жат қылығы әшкере болып, өз басынан ықтияры кеткен еркекпен онан әрі бірге тұруға әйел үзілді-кесілді қарсылық білдірсе, ажырасуға еш кедергі жоқ-ты. Қайталап айтамыз, қазақ рәсімінше ерлі-әйелді һәм қалыңдықты күйеуден айыруға басқа себеп жоқ. Қазақ заңнамасын жазу барысында Абайдың осындай әлемдік дәрежедегі өркениетке, рухани шыңға көтерілуі оның өз халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын терең игеруінің, Батыс пен Шығыстың озық мәдениетін бойына сіңіре үйлестіре білгенінің нәтижесі.

«Қарамола Ережесінің» 43-бабында: «Егер күйеуі қалың малын төлеп бітірмей тұрып қалыңдығын алып қашса, қалған малын беріп һәм қайын атасына келіп кеңшілік сұрауға тиісті», – деп жазылған. Мұнда да жаңалық бар, қалыңдығын уақытында ұзатып алуға «кедейшілік қолын кесіп», жүйкелеп жүрген жігіттің амал-әрекетін айыптау орнына құптау, тілектестік көрсетіледі. Тек қалыңдығыңды алып қашуың жөн десек те, бірақ ертең бет көрісетін атаңмен жүз шайыспай, есебін тауып қарызыңды апарып беріп, басын иіп, кешірім сұрау парызы екенін ұмытпауға тиістілігін ескерткен.

Абайдың демократиялық, құқықтық қоғамға тән өркениетті бастамалары оның Ережесінің 45, 46-баптарынан айқын көрінеді. Айталық, 45-бапта: «Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарып береді» делінген. Феодалдық-патриархалдық қоғамда қалыптасқан ежелгі тәртіп бойынша мұндай жағдайда құда түсіп, қалыңмалы төленіп қойған қыз өлсе, балдызы орнын басатыны бұлжымас, жазылмаған заң-ды. Абай «Ережесінде» адам тағдырын алыпсатар саудагердің әрекетіне құрбандыққа шалмай, жездесіне қосылу-қосылмауды қыздың еркіне қал­дырған. Қыз әкесі қызының шешіміне қарсылық көрсетпей, қалыңдығы өлген күйеуге алған қалың малын қайтаруы оның жаңа заңды еріксіз мойындап, заман талабына бейімделгені.

Сондай-ақ, 46-бапта күйеуі өлген әйел көңілі жарасса, әмеңгерлік жолмен күйеуінің бір туысқан бауырына немесе жақын ағайынына тиюге немесе оларды ұнатпаса ықтияры өзінде. Бұл да күйеуі өлген, қалың малы төленіп қойған басыбайлы әйелді кімге қосуды өздері шешетін феодалдық орта тәртібіне енгізілген гуманистік пиғылдың жемісі.

Ереженің 48-бабынан да біз мал берсе кімге болса да қызды айттыра беретін кереғар, үстем, нәзік жыныстыларды қорлайтын надандық салтты қайта қарастырған оң өзгерістің батыл қимылын сезінеміз. Бапта: «Барша қарсы құда турасындағы дауларды билер бітірсе керек және келесі уақытта қарсы құда болынбасын. Яғни, бұл ереже мағлұм етілгеннен кейін егерде құда болса, молда некесін қимасын» деп әрбір талапқа екпін түсірілсе, жаман әдетке жиіркене қарауға үндеген. Қарсы құда дегеніміз – біреудің қызын қалыңмалын төлеп айттырып алғаннан кейін, қызын алған құдасы құйрық-бауыр жескен, қаны араласқан әлгі құдасының бойжетіп отырған қызын баласына айттырып, алып беруге ұят-ары жеткен лас шешімі. Жаратылысы текті қазақ халқы ежелден қан тазалығының кепілі жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспеу, береке, бірлік, ынтымақтың ұйытқысын бұзатын қарсы құдалықтан ат-тонын ала қашатын киелі қасиеттерді бекем ұстаған. Абай да «Ережесінде» сол киелі қасиеттерді басшылыққа алып, жастар некені анау-мынау мекемелерде қидырмай, «мешітте – құдай үйінде ғана қидыруға міндеттілігін» заңдастырған. С. Досанов: «Абай дінді аса құрметтеген, өйткені: «Адамзаттың мекені қасиетті жер-Ананы жаратқан, тіреусіз Аспан жасап, Зеңгір көкке Ай мен Күн орнатқан құдіреті күшті, мейірім-шапағаты зор, рақымы мол Алла Тағала». Яғни, дін тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа, ізгілікке бастайды. Жақсыны басқаға қимай, өлермендікпен болмасты болдыртқан іштар, өзімшіл, өлермендерге тосқауыл қою үшін қарсы құдалыққа сақ болып, мешіттерге олардың жетегіне жүріп неке қимауға міндеттеген арнайы тапсырма да берілген. Бұл – халықтың қамын жеген интеллектуалды шешім. 

Мезгілінен бұрын отағасының бұл фәни­ден аттанып кетуі – қазақ отбасына ор­ны толмас қайғы, шиеленген түйіндерді қалдырады. Өйткені, ол жасаған ғұмырында бір әйелмен ғана бас қоспай, екі одан да көп әйелді болуы мүмкін. «Қарамола Ережесінде» Абай осы шиеленісті, дау-дамайы өрттей лапылдаған мәселені ебін тауып, бейбіт шешуге, аса күрделі материалдық жағдайды оңды тарқатып, күрмеп байлаудың да формуласын, түйінін табуға көп тер төккен. Лекин, «Ереженің» 50-бабында: «Егер күйеуі өлген әйел баласы жоқ болса да күйеуге тимей отырса, күйеуінен қалған барша малға ие болып, билеп тұрады» делінген. Бұл – әділетті ұйғарым. Өйткені, күйеуі мен әйелі берік жұп, бір бүтін саналады емес пе? Сондықтан, онан қалған дүниенің бас иесі – құдай қосқан қосағы. Егер күйеуге тиемін десе, баласы болса күйеуінен қалған малдың сегізден бірін, баласы жоқ болса алтыдан бірін алады. Егерде дүниеден өткен отбасының жесір қалған үш қатыны болса, онан қалған малының сегізден бірін бәріне бірдей бөліп береді. Егер үш әйелдің біреуі күйеуге тиемін десе төсек орын, киген киімінен басқа малдың жиырма төрттен бірін алады. Егерде ол екі жесір әйелдің бірі болса, он алтыдан бірін алады. Бізше, әйелге керегі – бас бостандығы, жесірліктің тақсіретінен де құтқаруға бел буған азамат кездесіп, басын торлаған қара бұлттан айықтыруы – Алланың сыйы. Олай болса, бұрынғы күйеуінен қалған малды артында қалған балаларына түгелдей қалдырғаны, екіншісінде күйеуінің шаңырағын күзетіп қалған, сүйеніші жоқ, келер күні бұлыңғыр әйелдерге үлесін сыйлап кетсе, естіген жұртқа да, тигелі отырған күйеуіне де бағасының жоғарылығын танытар еді. Өмірлік қосағын іздеген еркекке қосылуға қолын ұсынған әйел затының байлығы емес, ақылы, ұяты, ары, мінезі қажет қой. Абай күйеуге тиюге бел буған жесірдің бұрынғы күйеуінен қалған малдан үлесін алуға приоритетіне баса мән беруде жесірдің тағдырын терең ойдың таразысына тартып, барған жерінде несібелі әйел ретінде жалтақтап өмір сүрмеуін ескерген сияқты.

Қазақ – кең-қолтық, дархан, қонақжай, ешкімді жатырқамайтын, азап, қиыншылық көргенге қолұшын беруге әзір, ақкөңіл, адал халық. Оның ата-бабадан бойына дарыған қасиеті – қонақжайлылығы. Хан Тәуке «Жеті жарғысының» бірінде қонақ қабылдау тәртібін де бекітіпті. Хан Жарлығы бойынша әр отбасы өз мүлкін үшке бөліп, бір бөлігін өздеріне, бір бөлігін балаларына (қанша бала болса да), бір бөлігін тұрақты келімді-кетімді кісілерге – қонақтарға арнаған. Қалыптасқан дәстүрге бекем қазақ, қонақ қай уақытта үйіне келсе де, қабағына кірбің түсірмей қабылдап, әуелі балаларына бермей сақтаған бағалы, тәтті тағамдарын соның аузына тосып, жайылып төсек, еңкейіп жастық болады. Сояры жоқ болса, астындағы жалғыз атын да союдан бас тартпайтын дархандығы таңқаларлық жай емес. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» дейтін Абай ғибратының астары да осыған меңзейді. Бұл – мақтан, дарақылық, бөспелік, атымды шығарсам деген бопсалық емес, қазақтың ата-бабасынан бері келе жатқан, қанына дарыған Алла сыйлаған ерекше қасиеті. Дегенмен, заман өзгерген сайын адамдардың ниеті, пейілі ежелгі әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрге көзқарасы өзгере бастады. Тосыннан келген жолаушыны барымен сыйлап, сойыс тұрмақ бір шәугім шәйімен парызын өтейтіндер көбейіп, ата-баба дәстүрі маңыз-мәнін жоғалта бастағаны жұртқа аян. Соның салдарын ойлағаннан болар, Абай «Қарамола ережесінің» 51-бабында бұл ата-баба дәстүрінен жаңылып, жадағай мән беруге қынжылып: «Сойыс, қонақасы қазақ рәсімінде бар. Бермеген кісі бір ат, шапаннан түйеге дейін айыпты болады. Лекинде бұлардың ішінен шығарылады һәм тракт жол үстінде, жәрмеңке қасында, қайық аузында һәм съезд мекенінде, қала қасында тұрушыларға бұл жүрмейді» – деп, біріншіден, тосын қонақты қазақ отбасына мал сойып қонағасы беріп, құрмет көрсетуге міндеттейді. Оған немқұрайды қарап, мұрнын шүйірген кеудемсоқ, есірлерге ондай қарым-қатынас көрсеткені үшін бір ат, шапаннан бір түйеге дейін айып төлеуді заңмен бекітеді. Екіншіден, қонақ күтудің де орны, шегі мен шектеуі бар. Халық көп шоғырланған тракті жол үстінде, жәрмеңке қасында, қайық аузында, съезд өтетін жерде қала қасында тұрушылар ағылып келіп жатқандарды қабылдап, күтудің мүмкін еместігін «Ережеде» ескеріп, Абай олардың тосын, арып-ашып, еріксізден келген қонаққа жатпайтынын құлақ қағыс етеді, оларға бола артық әуре-сарсаңға түспеуді естеріне салады.

ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап қазақ даласы толықтай орыс отар­шылдарының қолына өтіп, бар билік империялық шовинистік жүйеге көшкеннен кейін парақор биліктің ымы-жымын толық игерген сұмдар ел басқарған зиялы азаматтар мен халық топтасқан білімді, білікті, абыз тұлғалардың беделін түсіру мақсатымен орнын өзі немесе өзінің күні түсіп жүрген пысықтар иемденудің сасық амалымен олардың үстінен «барды жоқтай, жоқты құдай ұрғандай» ғып домалақ арыз жазуға төселіп алады. «Қарамола Ережесінің» 53-бабында ондай ел бірлігін ірітіп жүрген алаяқ, аузынан у төгілген, қойнына қанжар жасырған сайтандардың мысын басу үшін: «Қызметтегі адамдардың үстінен жала қылғандар билердің билігі бойынша жиырма сегіз күнге дейін абақтының дәмін татып, желігін басуға айыпталмақ». Жалған арыздың салдарынан жауапкердің жол шығыны, процестің барысындағы әртүрлі төлемдерге кеткен орасан қаражатты сол арызқой есебінен қайтарылады. «Ережеде» мұндай жалған арыздардың кеселі сайлау уақытында ерекше қозып кететіндіктен, оның алдын алу болыстық яки төтенше билер тексеріп, өрттің алдын алып, кеселдің емін табуға міндеттелген.

Басты байлық – жер. Жері бардың егіні де бар, малы да бар, байлығы жылдан жылға еселеніп, «Кедей байға жетіп, бай «құдайға жетпесе» де өз уақытының төрт құбыласы тең, ірі тұлғасына айналары имандай шындық. Амал не, осындай еңбекпен көсегесі көгеріп жүрген жандардың адымын аштырмай, жегенін желім, ішкенін іріңге айналдыратын зымиян пысықайлар қашанда да албастыдай ебін тауып, тұншықтырып, барын сұрқия­лықпен тартып алып, еңбектерімен сауғанын жұмырына жұтып, түк білмегендей ізін жасырары хақ. «Қарамола Ережесінде»  мұндай жылпостардың бекзат жандарға қызметін пайдаланып, көрсеткен қорлығына тосқауыл қою заңдастырылған. 54-бапта: «Біреудің жерін жеген дауларды билер жері пәленшенікі деген елубасылардың куәлігіне қарай тексереді. Тексерген уақытта жерді билер өздері көреді яки сенімді кісінің куәлігі бойынша жеген жерінің сомасына қарай билік айтады. Шығынын қайтарып, үстіне һәм айып салады» деп жазылған. Иә, қарапайым еңбек адамына жасалынған қиянатқа қарсы осы ережедегідей елубасы, билер болып бірегей амал қолданса, шешілмейтін дау, әшкереленбейтін жау, басына шықпайтын тау болмайтынын, әділеттілік орнап, ел мінезі түзелетініне Абай жазған Заң баптары дәлел.

60-бапта ұрлық азаюы үшін ұрыларды һәм сенімсіз адамдарды сенімді адамдарға кепілдікке беру; ұры үшін кепілдікке тұрған адамдарға билік берілмеуі; малы ұрланған кісіге ұрының қыстауындағы артық жері төлеуге алып берілуі; ұрыға жаһат қылған бай адамдарға дүре соғу мен абақтыға қамалуын жүзеге асыру; үш мәртебе ұрлығы мойнына қойылып, тиылмағандарға үкім шығарып, елден мүлде аластатылуын іске асыру; ұрыға шығарылған үкімге қарсы тұрып, оны қолдаған адам ұрыға түскен барлық малды тартуын мүлтіксіз орындату заңдастырылған. Ел ішін ұры-қарының ойнағына айналдырғандарға осылардай қатал қылмыстық құқықтарды қолданбаса, «надандық бәһра ала алмасы» кәміл. Ал ұрыларды қолдайтындар – сол ұрылар арқылы мал жиып, дәулеттіге айналған, жеке басының қамынан ақылы аспайтын дүмбілез, сөзі көп те, даукестігі даңғойлыққа ұласқан, санасын нәпсісі билеген жандар. Сондай, заңды мойындамайтын шала сауаттылар жойылмай, мемлекеттің бағы жанбасы ақиқат. Абайдың да төбе шашын тік тұрғызып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан бездірген, қоғамды аздырып жатқан осы тәжтажал.

«Қарамола Ережесінің» 62-бабы да – халықтық сана, азаматтық сананың деңгейінде шыққан өміршең бап. Онда: «Қазынаға һәм даугер адамға кесілген айып, өзге кісіден күйдіріп алынбайды. Кескен адамның малы жоқ болса, айып орнына абақты бұйырылады» делінген. Қылмыскерден қазынаға, даугерге төленетін айып мал  ұрлығына еш қатысы жоқ адам­дардан өндірілуі – бұл зорлық, өзгені қанау, барын көпе-көрнеу тонау, күштеп тартып алудың нағыз қаны сорғалаған қылмыстық жолы. Қылмыспен күресе отырып, қылмысқа итермелеудің жөні жоқ. Онан да қолмен істегенді мойнымен көтергізіп, малы жоқ, адамшылығы тапшы жан айыбына қатысты абақтыға отырғызылғаны ақылға сыйымды. Осылайша «Қарамола Ережесінде» Абай қоғамға жаңартушы стимулятор ретінде қозғау салуға тиісті болды. М. Әуезов айтпақшы «Қиянатқа көнбе, әділдікке атса да көн». Онсыз заңыңыздың да құны көк тиын.

Абай «Алланың өзі де шын, сөзі де шын» деген байламға Европа, Шығыс ғұламаларының еңбегін жете зерттеп, әлемдік діндердің гуманистік, адамдық, ізгілік, имандылық сипаттарын жүрегінен өткізу арқылы келген. Өйткені, дін – саяси ғылым докторы Ә. Бәкірше айтқанда «қо­ғам­дық сананың бір түрі, ол – адамның на­нымы мен сенімі, көзқарасы, әдет-ғұрпы, керек десең іс-әрекеті де». Демек, дін – адам өмірінің мәні мен мазмұны, индикаторы. Ұлы Абайдың дінді қасиет тұтып, Алланы беріле сүюінің құпиясын Роллан Сейсенбаев былайша түсіндіреді: «Орыс патшасының құлдығынан құтыла алмай, зынданға түсіп, қапас болған қазақ жұртының қайғы мен қасіретке толы тағдырын көріп, басын тауға да, тасқа да соққан, қазақ ортасының өзімшіл, мешеу, бүлікшіл, рушыл, көрсеқызар, қызғаншақ, көңілі таяз, жүрегі суық, жат мінездерін көріп түңілген, үміті өшкен, тәні де, жаны да әбден қалжырап болған Алып Абай ақынның ендігі сенгені Алла Тағала ғана еді» («Қазақ әдебиеті», 11.12.2020). Оның үстіне қазақтың баяғыдан қалыптасқан отбасылық институтын дамытып, сақтауда ер мен әйелдің үлесі тең болған. Сондықтан сол институттың көсегесін көгертіп, даңқын асыратын жаңа мүшелерінің беделін арттырып, жауапкершілігін, некенің қадірін жете ұғыну мақсатымен Құдай үйі – мешітте жұбайылық өмірдің алтын кілтін қолдарына ұстап, алтын босағасынан аттауын Абай «Ережесінде» жөн санап, 65-бабында: «Әйел мен еркек арасында молдамен қиылса неке тахиық болады» деп азамат өмірінде бір-ақ рет бұйыратын процедураға айырықша назар аудартады.

Қазақтың билері туғаны жоқ тура билер саналады. Қылмыскердің қылмысын ашу барысында еткен еңбектері орасан зор. Қаншама білім, білікті, ақыл, парасатты, айла-амалды, қажыр-қайратты қажетсінеді десеңізші. Қазақ биінде табиғи интеллект, шешендік, диалогқа жүйріктік, дала Заңнамасының нәрін жұтқан, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысына» да қанық адам. Дала өлкесінде ХІХ ғасырда зерттеу жүргізген орыс ғалымдары Л.Словохотов билерді «глашатаи правды»; И.Крафт «умные и правдивые»; И.Козлов «строгой справедливости» деп тамсанса; ал А.И.Левшин билік жүргізуде халық билігі, мемлекет билігін жүргізуде құқық пен тәртіпке баса мән бергендіктен олар өмір сүрген ғасырды Заңнаманың «Алтын ғасыры» деп бағалаған.

«Өмірі халықтікі, өлімі ғана өзінікі» (Әйтеке би) санайтын бидің халыққа қапысыз қызметі оның маңдай тері, рухани қызметі дұрыс есептелуін талап етсе керек. Өйткені, өмірін қазағына бағыштаған текті билер еңбегін сатпайтыны аян. «Қарамола Ережесінің» 68-бабында осы аса жауапты мәселені оңтайлы шешіп беріпті. Онда: «Ұрлық хақында кесілміш баға аттан басқа өзге даулардан қиылған билік үшін оннан бірін алады. Билер кесілген өздеріне тиіс билік қақысын өз қолдарымен алса, зорлық хүкімінде болады. Билік қылған жерінде қақысы алып берілсін. Әр съезде билер бір қалыс кісіні билік қақысын жинамаққа сайлайды. Сол сайламыш кісі болыс, старшын арқылы билік қақысын жиып алып би басына бірдей бөліп береді», –деп тайға таңба басқандай бұл жауапты процесті мінсіз жүзеге асырудың жолы көрсетілген. Қарапайым тілмен айтқанда, бидің еңбегі ұрының ісін қарауда ат мінсе, өзге дауларға жиналған қаржының оннан бірін алады. Ережемен танысу үстінде осы бапта елең еткізетін ұтымды тұсы – билердің қылмыскерден еңбегіне ақы талап етпейтіні. Егер талап етсе, ол парақорлық саналар еді де, жұрт алдында жиған беделінен жұрдай айырылып қалар еді. Сондықтан, қалыс кісі қылмыс қаралған елді мекеннің елубасымен бірігіп, съезде қалыс кісі болыс, старшындардың көмегімен билік қақысын өздері жиып алып, би басына бірдей бөліп берген.

Жалғыз билер ғана емес, «Съезге шақы­рылған барша қызмет иелеріне жұмсалған шығын қайдан алынады?»  –  деген са­уал­ға жауапты «Қарамола Ережесінің» 69-бабында: «Съезге шақырылған барша қызмет иелерінің ұстаған шығындары жұрт үстінен салынады. Сол шығындарды ел арасында старшын жиюшы болады... Кімде-кім тиісті түскен шығынды бермесе, билердің тексеруіне беріледі», – деп саяси-әлеуметтік шараны өткізу барысындағы шығынға қаржы кімдерден алынатыны, оны жүзеге асыратындарға дейін атап көрсетіледі. Қаржыны жинаудың арнайы заңға негізделіп, одан жалтарғандар заңмен қудаланатыны да терең ойластырылғанын байқаймыз.

«Ереженің» 70-бабында қазақтардың арасындағы шегіне жеткен дау-дамайларды ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр мен мәдениет, адамгершілік нормаларына сәйкес негізгі индикаторларды пайдалана отырып шешу барысында, орыс бас­қарған автократиялық елде автократ басшылардың бір жақты өзім білемдігімен қазақтардың арасындағы дауларға басқа ұлт өкілдері, атап айтқанда, орыстан яки ноғай, татардан уәкілдік араласпауын жөн санайды. Егер шынайы уәкіл қажеттігі туындаса, өзге ояздың ұлты бір беделді адамдары шақырылуын міндеттеуі, бізше, қоғам өміріне адамгершілік, әділдік, ұлттық сана тұрғыдан қарауды ұсынуы этикалық, гуманистік, прагматиктік, альтруистік бағыттағы ізгілік идеяларының талабы. Демек, 70-бапта Абай мұндай ұстанымға батыл келуі өз еріктері өзінде жоқ, ұлттық үрдістермен шешілетін жауапкер қандасымыздың құқығы биліктің репрессиялық зұлымдық күшінің құрбаны болмауынан сақтандырғаны дер едік. Қылмыскерге қатал талаппен қарауға үндейтін прогрессивті көзқарас иесі Абайдың кейде ішкі эгосы басым түсетіні, ұлтжандылығы жеңіп, дала данышпаны «наданның көзін қойып, көңілін ашуға» бар күшін салатынына тән. Ақын Аян Нысаналинше айтсақ «Дала мұнарасынан келешек көкжиегіне көз жіберіп, ой сеңін қозғады». Абайдың күллі өмірін, бар шығармашылық мұрасын, қоғамдық қызметтерін санамызда саралап өткенде біз оның философиялық рефлекцияға, интеллектуалдық «құрал-саймандарды» шебер іске қосатын қабілетіне тәнтіміз. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың: «Жарықтық Абайға жанасып кетсең, жаңалыққа жолығасың. Тың көзқарасымен кемеліне келіп, толысқан құқықтық програм­масымен кемеліне келіп қосылады» («Абай тағылымы». А., «Жазушы», 1986 ж. 262-б.), – деуі де осы тұжырымымызға дәлел.

«Сөз Патшалығы», «құқық Патша­лығының түп иесі – билердің сайлануы, қызмет мерзімі «Қарамола Ережесінің» 71-бабында нақты көрсетіледі. Жалғыз биді старшын сайлауға міндетті; съезд билерін іріктеп табу, іске кірістіру болыстың қызметінде. Старшын сайлаған биге қылмысты ашуға үш күннен жеті күнге; съезд билеріне жеті күннен жиырма күнге; төтенше съезд билерінің билігіне бір айға дейінгі мерзімі бекітіліп беріледі. Қылмыстың ауыры не жеңілі болмайды, қылмыстың аты – қылмыс. Сондықтан, қанына дарыған әділдік, адалдық, шындық тәрізді моральдық құндылықтары бекем, білікті, өмірлік тәжірибесі мол, ежелгі қазақ Заңнамалары мен өмір сүріп отырған кезең құқықтық нормаларынан сауаты жеткілікті, жұртқа танымал тұлғаны іздеп табу оңайға түспеген. Кезінде Абайдың жас кезінде қимас достары болып, ұлы ақыннан көп нәрсені бойына сіңірген Оразбай мен Жиренше, Күнту, Абыралыларды билікке тартқанда, олардың «Ер-тұрманы бүтінделмей кеткен бір тұлпардай» меже биігіне бір көтеріле алмай, сүріне бергені белгілі. Сондықтан, би орынтағына бекем отыра алмағанын олар өздерінен көрмей, Абаймен жауығып, дұшпанына айналғаны тарихтан мәлім. Байғұстар керек десеңіз, қазақты ұйытатын «Әдет заңдары», «Жарғы», «Дала заңдары», арғы-бергі дәуірде жасаған кемел билердің заңдары, қазіргі заңдардың мазмұнына бойлап, қолданылатын орнынан бей­хабарлықтарынан «май тілесең – міне құйрық» бұйыра бермеген. Халық өмірі­нің қатпарларын терең зерттеген, мейірімділік, мәрттік, адалдық, тазалық, ізгілік пен адамгершілікті кие тұтқан, әлемдік Заңнамалар тарихын жетік біле­тін, дүниетаным амплуасы байтақ, билік жүргізудің шеберлігін айқындайтын толағай трендтерді игерген Абай уақыт міндеттеген соң Қазақ Заңнамасының брэндін қалыптастыруды мақсат етеді. 

«Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, ішкі сырын, қасиетін қармай жа­за­тын» (А. Байтұрсынов) қабілеті, табанды ізденімпаздығы, дарыны, қайсар мінезінің арқасында еш заң институты, университетінің есігін ашпай-ақ, өз бетімен әлемдік Заңнама мұхитында еркін жүзіп, бар нәрін, құнарын бойына сіңіріп, заң ғылымының докторы, академигі асуын меңгерді. Ол асуды меңгеру – атақ, дәреже алуға ғана ақ тер, көк терге малшынған арам пиғылды желөкпелер, шаласауаттылардың пешенесіне жазылмаған. Абай заманында ел тұтқасын қолына ұстағысы келген жас қалыптасқан дәстүр деңгейінде білім алуға, «көшпенділердің ең озығы саналып», шешен, басқадан көш ілгері, озық, әділетті би болуды армандады. Олардың кейбірі осы жолдың көреген көсемі, барынша қабілетті тұлғасына айналды. Абайдың Алла бойына дарытқан феномендігіне тағзым еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз» («Айқын». 11.08.2020 ж.), – деп асқан абыз, керемет кемеңгердің болмысына қордаланған рухани қазына жас ұрпақтың бойына жұғысты болуын армандайды. Шынайы ұлылықтың нұрын Абайдың замандастары да көре біліп, тектіліктің тегеурінді шарапатын пайдалана білген. Мәселен, Қарамола съезінде Төбе би қызметін жоғары деңгейде атқаруы генерал-губернаторды да таңғалдырғанын көріп-біліп отырған басқа ояздың билері мен көрнекті адамдары әділ би Абайдан Көктұмада өтетін өз съездерінде де Төбе билікті жүргізуді өтініп, өтініштері жүзеге асқан. Абайдың соңынан ерген ел, жалпы тартыс болсын, ел ішінің кеңесі, билігі болсын – үлкен шербашнай сыяздар мен болыстық сыяздары болсын, барлығында да Абайды асқар тауға балап, өздері сол таудың маңынан табылуды бақытына балаған.

72-бапта Абай жетім қыздың тағдырына қатысты альтернативті бағдарламаны түзеді. Біріншісінде, әке-шешесі қайтыс болған жетім қыз олардың тірі кезінде біреуге құда түсіп, айттырылып қойған болса, егер олар өмірден өтіп кеткен соң басқа біреу қызға үйленсе, ондай жағдайда бұрынғы құдалықты бұзған жаңа күйеуі айттырып, қалың малын төлеп қойған бұрынғы адамға қалың малын айыбымен қайтарады. Екіншісінде, жетім қыз бұрынғы атастырған күйеуіне тисе, ешкім оның әкесінен қалған тиісті жасауын һәм мирасын алуға қысым көрсетпесін делінген. Абайдың прагматикалық мақсаты – әке-шешесі қызының құқығын белден басып, танымайтын біреуге айттырып қойғанына бойжеткен қыз қарсы болса, оған енді ешкім зорлық көрсетуіне жол бергізбеу; бірақ қыз өз қалауымен тұрмысқа шыққан жігіт ақкөздікке салынбай, құдалықты бұзғанын мойындап, олардың төлеген қалың малын толықтай айыбымен қайтаруына мәжбүрлеу; үшіншісінде, егер жетім қыз атастырған күйеуімен тұрмыс құрса, артында сұраушысы жоқ оны басынбай, ағайын-туғаны әкеден қалған мұрасын толық беріп, риза-қош қылып аттандыруға міндеттелінеді. Бастысы, жетімдердің құқығын толық сақтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту үдерісінің ізгілендірілуі, қорғансызға әлеуметтік қолдау көрсетіп, жоғары ақыл-ойды, парасатты көздеген шешім қабылдап, әділетке үндейтін инабаты мен имандылығы жоғары, адамгершілікке негізделген заң қабылдау. Асылы, тектілік пен бекзаттықты, кісілікті бойына жинаған, сом алтынның сынығы, кемеңгер, энциклопедиялық білім иесі Абай алағай да бұлағай заманда жолынан жаңылмай, қоғамды ізгілендіру ниетімен Ата Заңның демократиялық, халықтық сипатын арттырып, көздеген стратегиялық мақсат-мұратын осы «Қарамола Ережесінде» жүзеге асыруға білімін, күш-қайратын жұмсаған. Ойымызды Айқын Нұрқатовтың пікірімен түйіндесек: «... ол шыншыл ақыл, күрескер ақын, қоғамды да, адамды да сауықтырушы, айықтырушы емші ақын» («Абай тағлымы». «Жазушы», 1986 ж, 42-б.). Болыс, би, «Төбе би», ақын қызметімен, заңгерлігі, ұлы туындыларымен халқының қамын жеп, «іші толы у мен дертін» емдеуге бар ғұмырын сарп еткен данышпан, біртуар перзенті, Пайғамбары.

Әділет үшін айту керек, аламан тартысты, дау-шары бітпеген, тентегі мен даукесі көп болған даламызда соларды жөнге салу үшін XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бергі кезеңде Заң Ережелерінің хатталып, жұрттың кәдесіне жарағандары «Сібір қазақ­тарын басқару ережесі» (1822 ж.), «Орынбор қазақтарын басқару ережесі» (1824 ж.). Олар өндіріске жіберілгенімен, қазақ ортасындағы алауыздық, ұрлық, өсек-аяң, қаскүнемдік, қам-қаракетсіздіктің жолын кесуге, жақ-жақ болып айтысып-тартысқандарды береке-бірлікке шақырып, кәсіппен, қолөнері, саудамен шұғылдануға үндейтін; ежелден келе жатқан жесір дауы, жер дауы, құн дауын заңмен бітістіруге өрісі тарлығын ескеріп, Абай 1885 жылы «Қарамола Ережесін» өмірге әкелді. Онда ол қазақ даласында ежелден келе жатқан заңнамалық құжаттарды орыс заңнамасымен шебер ұштастырып, оның заманауилығын, өміршеңдігін ескеріп, ұлттық талаптардың барлық қам-қаракетін шешетін жасампаздық әлеуетін арттырған.

(Соңы. Басы өткен санда.)

Тұрсын СЫДЫҚОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

4008 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз