• Заманхат
  • 22 Қыркүйек, 2021

ЗАМАНМЕН ҮНДЕС

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» 
РҚБ вице-президенті

Өткеннің өрнегін, бүгіннің бергенін санаға салып, салмақтап қарасаң, тиегі ағытылып, тілі шешіліп, көп жайт көңілдің тақтасына түсе қалады. Кеңес заманында «Москва слезам не верит» деген фильм көргенім әлі есімде. Сонда бір кейіпкердің, «болашақта ақпарат құралдарынан тек телевидение ғана қалады», дегені бар. Бүгін де дәстүрлі БАҚ-тың, әсіресе, мерзімді баспасөздің күнін қараң қалдырып, онлайн медиаға мүмкіндіктер ашылады деп жататындар баршылық. Олар «инфодемия» (ақ-параттық пандемия) өршіп тұрса да болашақ интернетте деп есептейді...

Десе де қазір аудитория сенімді әрі сапалы деректерге көбірек жүгінеді. Сондықтан кәсіби деңгейі жоғары ақпарат көздерінің тасы өрге домаламақ. Бұл ретте, жалпы мерзімді баспасөзді қалай түсінсек болады десек, ол – санаға сыналап енетін сара сөздің тасқа басылған қалыбы. Ол – сілтесең семсерің, қорғансаң қалқаныңдай құдіретті қару. Ол – миллиондар назар салып, құлақ түретін насихат аудиториясы. Ол – уақыттың жан жүйе тынысы, заманның бағдаршысы. Қазақша шығатын басылым – қазақ ұлтының кешегі тынысы, бүгінгі танымы, ертеңгі тарихы. Демек, қазіргідей информатика мен интернет жүйесі қарыштаған техника ғасырында да газет пен журналдың рөлі ешқашан төмендемейді.

Өз дәуірінің үні бола білу – кез келген бұқаралық ақпарат құралының пешенесіне жазылмаған бақыт. Бүгінгі күні ғасырлық межеге жетіп отырған «Ақиқат» журналының тарихы терең, тағылымы бірнеше ұрпақтың жадында. 100 жыл бойғы оның әр нөмірінде ел өміріндегі қат-қабат қоғамдық өзгерістер сол қалпында оқырманға беріліп келеді. Қоғам


дамуына өлшеусіз үлес қосқан басылым халықтың дәуірге арнаған үні мен жыры, сыры мен мұңы бола білді. Бейнелеп айтсақ, ол шілденің аптабы мен аңызағында саясында сан адамды паналатқан ақпарат атты әлемдегі ғажап бір бәйтерек іспетті. Талай адамға сол бәйтерек өзінің ыстық, қамқор құшағын жайып жүрді.Бүгінде данагөй абыз жасына жетіп, әр оқырманның ақылшысына айналды десек, артық айтқандық емес.Сондықтан да журналдың толайым мерекесінің мерейі кешегі күндей шежірелі, бүгінгі күндей әсерлі.

Алғаш рет 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынборда «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген журнал, Кеңес Одағы билік еткен жылдарда «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» болып өзгеріп отырды, заманның талабына сай әлеуметтік-саяси жағдайларға бейімделіп, жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға өзіндік үлесін қосты. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, көпжылдық тарихы бар басылым өзінің болашағын айқындап, жаңаша мазмұнмен шыға бастады. Соған сәйкес, 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап журнал «Ақиқат» деген атпен шығып келеді.Сондай-ақ, бұл басылым Алаш баласының айтулы ардақтарын мәпелеп қанаттандырған алтын бесігі. Халқымыздың Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ақат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбеков, Темірхан Медетбеков, Самат Ибраимов, Аманхан Әлімұлы сияқты абзал азаматтары тізгінін ұстаған журналдың ел руханиятындағы қаншалықты биік мінбер болғанын көрсетеді. Ғасыр жылнамасын жазып, азаттық аңсаған жиырмасыншы жылдардан егемендікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдарға дейін елінің қилы тарихын, халқының тағдырын өз бетінде хаттаған «Ақиқат» шын мәнінде ақиқаттың айнасы болды. Атап айтқанда, «Қызыл Қазақстан» журналы қатаң цензураның бақылауындағы оның мүмкіндігінің қаншама шектеулі, құрсаулы болғанына қарамастан қазақ қоғамының, қазақ жерінің шын мәніндегі айнасы бола білді. Басылым сандарын ақтарып отырсаңыз халықтың өмірі, қоғамдық сананың дамуы жөнінде шежіреге бергісіз мәліметтерді табасыз. Мәселен, журналдың тұрақты авторлары  патшалық Ресейдің отаршылық саясатының кеңес өкіметі тұсында да өзінің жалғасын тауып жатқанын, орыстардың қазақты тең азамат санамауын батыл сынға ала отырып, оның асқынған түрі ретінде жергілікті халықтың ең басты байлығы – жерін тартып алуы қазаққа өте қиын тигенін ашына жазды.

Абдолла Асылбеков 1921 жылғы Қазақстанда болған ашаршылық туралы нақты мәліметтерді ашық көрсете отырып, қарсы күресуге үндесе, Смағұл Сәдуақасовтың ұлт мәселесін көтерген «Ленин және ұлт мәселесі», Сәкен Сейфуллиннің «Октябрь һәм ұлт мәселесі», О. Исабаевтың «Ұлт мәселесі һәм Октябрь төңкерісі» атты мақалаларында қазақ халқының сол кездегі жай-күйі батыл айтылды. Осындай келелі мәселелермен қатар қазақ қаламгерлерінің алғашқы әдеби шығармалары да жарияланып тұрды.  Нақтырақ айтар болсақ, Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күнін», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» мен өлеңдерін, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен Тұрар Рысқұловтың тарихи материалдары, сондай-ақ басқа да көптеген әдеби еңбектерді айтуға болады.

Француз тарихшысы Шарль Ланглуаның: «Құжаттар жоқ жерде тарих та жоқ. Мемлекет жоғалған байлықты қалпына келтіре алады, жоғалған жерлерді қайтарып ала алады. Бірақ жоғалған құжаттарды қалпына келтіру еш мүмкін емес» дегені бар. Яғни, мұрағатта құжаттарға мұқияттылық қажет болса, БАҚ олардың негізінде өткен дәуірдегі азаматтардың ғұмырынан жарқын мысалдар келтіріп, ұрпақтың рухани жетілуіне ықпал етуі керек. Осы орайда, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы алдыңғы буын ағалар аманатына адалдық танытып, тәуелсіздік жылдарында тыңнан түлеп, күллі Алаш баласы үшін аса қастерлі де қымбат әрі маңызды мақалалар мен толымды туындыларды лек-легімен оқырмандарына ұсынып келеді. Шөл даланы жарып аққан дариядай аталмыш басылым бетінде ел өмірінде болып жатқан сан қилы оқиғаларға қатысты жарияланған сараптамалық материалдар-дың оқырмандардың ойымен үндестік тауып, көпшілік көңілінен шығуы осы сөзімізге дәлел бола алады. Мұның бәрі, әрине, білікті қаламгерлердің арқасында мүмкін болып отыр.

Расында, қай саланың болмасын қалыптасып, дамып, өркен жаюы бірінші кезекте маманға байланысты. Сөздің реті келіп тұрғанда, белгілі мемлекет қайраткері, ақпарат саласының білгірі Сауытбек Абдрахмановтың атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында жазған естелігінен үзінді бере кетсем бе деймін.

«Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жандардың өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?» деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады...» деген тұрғыда айтты да тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист», деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да, сіздер – адамға бірақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар...». 

Мінеки,бүгіндері осындай жақсы мамандық иелері,білгір басшы, шебер ұйымдастырушы Дәуіржан Төлебаевтың жетекшілігімен «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы да абыройлы қызмет атқарып келеді. Нәтижесінде, бұл басылым замана лебімен мүлдем жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұны мен сапалық тұрғысынан айтарлық дәрежеде жетістіктерге қол жеткізіп, нарыққа негізделген ақпарат кеңістігінде айтулы орны бар екенін мойындатып отыр. Басылым қызметкерлері және оның тұрақты авторлары жазған материалдары «Тәуелсіздік толғамдары», «Көзқарас», «Өзекті мәселе, орамды ой», «Ғалым мінбері», «Тарих парақтары», «Ақтаңдақтар ақиқаты»,«Ұлттану», «Қоғам және заң» және өзге де тұрақты айдарларда жариялануда. Осылайша жұрттың жанына нұрлы сөздерімен нәр беріп, халқымыздың дана даралығын танытып, ұлттық келбетін сақтап қалуға атсалысып жатқан «Ақиқат» журналы, сайып келгенде, қазақтың жаңа замандағы ақыл-ойы мен санасының қалыптасуына белсенді жұмыс істеп келеді.

«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», - деп кезінде Ахмет Байтұрсынұлы жазған болатын. Олай болса, ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтқан «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының ұжымына ел өмірінің айнасы болып, өз дәстүрлеріңізден жаңылмай, ғибратты сара жолдарыңызды жалғастыра беріңіздер демекпіз. Сонымен қатар, алдағы уақытта да аталмыш басылымның атқарар жұмыстарының ауқымы зор бола беретініне, елімізді көркейтіп, өркениет көшіне ілестіруге өлшеусіз үлес қосатынына сенімдімін.

8207 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз