• Тарих толқынында
  • 22 Қыркүйек, 2021

Басылым аты неге бес рет өзгерген ?

Көпшіліктің көкейінде «Ақиқат» журналының атауы неліктен бірнеше рет өзгерген деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұл сауалдың жауабын белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың кезінде жазған мақаласынан таба аламыз. «Басылым аты бес рет өзгерген. Неге?» деген мақала «Ақиқат» журналының 75 жылдығына арналған мерекелік санда жарық көрген болатын. Сол мақалада Манаш Қозыбаев ағамыз былай деп жазыпты:

–  «Ақиқат» журналы қазақ баспасөзінің айнасы. Ол ел тарихының шежіресі. Тіпті сол тарих жолдары, арналары, шоқалақтары, сүрлеулері оның өзгерген аттарынан-ақ көрініп тұр. Кеңес дәуірі келіп, автономиялы республика түндік көтергенде оның баспасөздегі қара шаңырағының бірі болып, «Қызыл Қазақстан» орда тікті. Ол бір өзі саясатты да, білімді де, өнерді де, шаруашылықты да, әдебиетті де қамтыды. Басқаша айтқанда, осы шаңырақтан бүкілқазақстандық сан-салалы басқа журналдар отау тігіп, енші алды. Қазақ ауылын бұзып-жарып, тапқа бөліп, қырқысқан заман да туды. Ел ішін қызыл белсенді, шолақ белсенді, ағаш белсенді жайлады. Ауылдың люмпен-пролетариаты енді шабармандықпен күн көрді. Бардың малын бағып емес, талап алуды кәсіп қылды. Ел дау-дамайға қамалды. Ф.И.Голощекин Ұлы Октябрь орыс селосында жүрді, ал қазақ ауылының қасынан құйындай өтті, енді «Кіші октябрь» жасау керек деген «теориялық анықтамамен ел іргесін шайқалтты. Жер-су реформасы, ауылды советтендіру, қазақ байларын тәркілеу – бірінен соң бірі зорлық-зомбылыққа негізделді. Мыңнан астам қазақ байларын тәркілеу шын мәнінде үстемелеп өткізілді, олардың алғашы саны екі есеге жуық өсті. Олардың төрттен үші сауатты еді, ауыл шаруашылығының қыры мен сырын білетін, жаңа экономикалық саясатқа негізделіп, нарыққа бейімделген көзі ашық ел азаматтары жер аударылды, сотталды. Міне, осы тұста «Қызыл Қазақстан» енді «Ауыл коммунисі» атанады.

Совет дәуірінде ұлттың өзін-өзі танитын, айқындайтын саясат іске аспады, қазақ халқы «қуыршақ» автономия алды, ал Сталин конституциясымен ол «қуыршақ» советтік республика атанды. Міне, сол кезде ол 1938 жылы мамырында «Коммунист» деген айдармен қайта жаңғырды. Алайда «Коммунист» деген атпен одақтық журналдар шығатын кез келді. Міне, сол кезде «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, ол енді республикаға тән атпен – «Қазақстан

 

большевигі», ал «большевик» деген ұғым «Коммунист» болған кезде, ХІХ съезден кейін «Қазақстан коммунисі» (1952, қараша) деген атпен аталды.

Қайта құру кезеңі – жаңғыру, тәуелсіз ел болу дәуірінде журнал өзінің жаңа атын тапты. Шын мәнінде «Ақиқаттан» аттамай, өткенді былапыттап даттамай, қара қылды қақ жарып, оқиғаның, тарихи тұлғаларының тарих көшіндегі алар орнын көрсетуде өзін танытты. Журнал өткен белестерді ой елегінен өткізсек, ол ел тарихының шежіресі ғана емес, халқымыздың өркениет дамуындағы шабысы мен табысын, этнодемографиялық қайғысы мен мұңын, қайсар, қайтпас қажырлығын да көрсетеді, кешегі кеңес кеңістігінде, бүгінгі әлемдік кеңістікте Қазақстан мемлекетінің алар орнын, болашағын  еңбегінің өзегі етіп келе жатқандығы айқын білінеді.

 

2914 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз