• Тарих толқынында
  • 30 Қараша, 2021

ҚИЫР ШЫҒЫС МАЙДАНЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР

Бақтылы Боранбаева,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Қиыр Шығыс майданында Квантун армиясын талқандауға қатысқан Орал өңірінің батыр қыздары атап айтқанда: байланысшылар Ниязғалиева Әзима, Үмбетова Мүслима, Ахметова Қалампыр, десантшыЕрмекова Қаламсия, әскери көлік жүргізуші Саркулова Слухияның жауынгерлік өмір жолдары журналдың өткен сандарында жарияланғанын көзі қарақты оқырман біледі.Енді осы ретте, қыз-келіншектерден құралған 120-аэродром  қызметін  қамсыздандыру батальоны (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) құрамында жоғарыда айтылған жауынгер қыздармен бірге болған, бірақ Екінші дүниежүзілік соғысты Кореяда аяқтаған майдангер қазақ қыздарының әскери қызметі мен өмір деректерін оқырман назарына ұсынбақпыз. Жауынгер қыздар Алмағамбетова Қаным мен Есқалиева Үмітай соғысты Корей елінің Хедзио қаласында аяқтаған. Оған майдангер аналардың өз қолдарымен жазған ғұмырбаяндары, әскери құжаттар, сурет деректері айғақ. Алайда  майдангер аналар мұны ерлік деп санамаған. Бұл жалпы майдангер қазақ қыздарының барлығына тән қасиет. Өйткені олар мұны Отан алдындағы борышымыз деп түсінеді. Тіпті олар өз уақытында жергілікті мерзімді басылымдарда жариялана да бермеген. Біз, тынымсыз ізденістердің нәтижесінде, майдангер аналардың ұрпақтарын тауып, дерек құжаттарға қол жеткіздік. Олардың ішінде майдангерлердің өз қолдарымен жазған ғұмырбаяндары сақталған. Қағаз бетіне түсірілген тасқа басқандай анық та, әдемі жазу үлгісі, ғұмырбаян соңындағы иірімді қойылған қолтаңбаларына қарап, олардың өз заманында сауатты болғандығын бағамдауға болады. Міне, сол ғұмырбаян құжатқа сүйенсек, Алмағамбетова Қаным 1921 жылы Орал облысының Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген. Бір жасында әкеден, жеті жасында анасынан айырылған Қаным ағасы Мұхамбетжан екеуі туыстарының қолында тәрбиеленіп өседі. 

Қаным тоғыз жасында Тайпақ ауданы Қызылжар орта мектебінің бірінші класына оқуға барады. 1937 жылы 7 кластық білім алып шығады. Сөйтіп 16 жасынан еңбекке араласқан ол аудандық қаржы бөлімінің хатшы қызметін атқарады. Еңбексүйгіштігімен ерекшеленген жас қыз, 1939 жылы қаңтарда БЛКЖО ОК-нің жанындағы пионерлер жетекшілерін (вожатый) дайындайтын республикалық мектепке 8 айлық курсқа жіберіледі. Курсты 1939 жылы тамыз айында тәмәмдап келген соң, Калмыков ауылындағы орта мектепте аға пионер жетекші болып жұмысқа орналасады. Алайда Қаным мұнымен қанағаттанбады. 1940 жылы наурызда Каргалинка ауылында  Қазақ тұтынушылар одағы жанынан ашылған есепшілер дайындайтын 10 айлық курсты оқып бітіреді. Сөйтіп 1941 жылдың қаңтар айынан 1942 жылдың тамызы, яғни майданға аттанғанға дейін Калмыков ауылында аудандық ауыл шаруашылық тұтынушылар қоғамында бас есепші болып қызмет етеді.

Ел басына күн туғанда Қаным көп ойланбастан майданға сұранып, әскери комиссариатқа өтініш жазады. Өтініші қабылданып, майданға аттанған жауынгер қыздың Қаратөбе аудандық архив қорында сақталған ғұмырбаянында жауынгерлік өмір жолы туралы: «1942 жылдың август айында өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. Оралдан 1 эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жерде, кейін Киров ауданы территориясындағы орман ішінде 3 жыл бойы аэродром қызметін қамтамасыз ету әйелдер батальонында болдық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Есқалиева Үмітай екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік. Аэродром күзеттік. Ұшқыш истребительдердің ұшып келгеннен кейінгі қызметін атқардық. Таңғы сағат 6-дан түнгі 11-ге дейін қарлы-жауынды ауа райына қарамастан оқ атуды, пышақ шаншуды, жер бауырлап жылжуды, өзеннен өтуді, байланыс аппараттарын қолдануды үйретті. Аптасына екі рет толық әскери қарумен 20-40 шақырымдық жүгіру міндетін орындап тұрдық», –дейді. Осы орайда Қиыр Шығыс майданында сұрапыл соғысқа қатысқан кеңес жауынгерлерінің өмірін әскери жазушы Б.Момышұлы: «Өзгесін былай қойғанда Қиыр Шығыстың табиғатының өзі бір мектеп қой. ...алғашында жауынгерлер Қиыр Шығыстың күз бен қысына көндіге алмай қиналады. Ал оған көндіктің-ақ құрыштай болып шыңдалып шықтым дей бер. Ал жазының өзі жаңбырдан көз аштырмайды. Майдан бастап августке дейін төрт ай төбеңнен сорғалаған су сүйегіңнен өтеді. Соған қарамастан солдат жорықта жүреді. Күні бойы толарсақтан саз кешіп келіп, жаңбырдың астында отырып, жорық қазанынан ас ішеді. Түнде, жаңбырдың астында жатып, тынығып ұйықтайды. ... Тап берген жаудан Отанды қорғау үшін осылай әзірленесің», – деп Отан үшін от кешкен жауынгердің өмірін тебіреніспен жазған еді.Демек, Қиыр Шығыстағы қыз-келіншектерден құралған 120-аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны (Батальон аэродромного обслуживания) құрамында болған қазақстандық қыздардың жалпы саны, аты-жөнін, ұлттық құрамын,олардың кейінгі тағдырын анықтау тың ізденістерді күтеді...Сондай-ақ жауынгер ана: «1945 жылы сентябрьде Жапон милитаристерінің соғысы басталып кеткенде біздің батальонды Кореяның Хедзио деген қаласындағы аэродром күзеті мен қызметіне ауыстырды», - дейді. Осы тұста айта кету керек, Корей елінің осы Хедзио қаласында 40 мың жапон тұтқындары қамауда отырған. Жапон елі оларды құтқару үшін әрбір кеңес жауынгерін өлтірген адамға сыйақы тағайындаған. Осылайша өмір мен өлім арасында жүріп, соғысты Кореяда аяқтаған жауынгер Қаным Алмағамбетова 1945 жылы желтоқсанда елге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені және Жоғарғы Бас қолбасшының : «Участнику боев Манчжурии и Кореи

Уважаемый тов. Алмагамбетова Каним

Приказом Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина от 23 августа 1945 года 372, за отличные боевые действия в боях с японцами на Дальнем Востоке, всему личному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях, обявлена Благодарность.

Командир части майор

Полевая почта № 38061», (Сурет 7) деген мазмұндағы Алғыс хатымен марапатталады.

Соғыстан кейін бейбіт өмір тіршілігіне араласқан майдангер ана Қаратөбеде кейін Жымпиты ауылында ұзақ жылдар бойы есепші болып еңбек етті. 1958-1960 жылдар аралығында Алматы қаласындағы кеңшар есепшілерін дайындайтын 2 жылдық курсты сырттай оқып, тамамдаған соң зейнет демалысына шыққанға дейін Қаратөбе аудандық мәдениет бөлімінің бас есепші қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің және «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» мерекелік медальдарінің иегері жауынгер ана Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысып: «Біреу жетіп, біреу жете алмаған бұл қуанышты күнді біз майдангерлер, көңіліміз толқып қарсылаймыз. Біз көрген қасіретті, кейінгі ұрпақ көрмесін»,- деген тілегін жеткізген еді. 

Сәл шегініс жасасақ, майдангер Қаным Алмағамбетованың жоғарыда айтылған ғұмырбаянында: «Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Есқалиева Үмітай екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік» деп жазылған. Осы мәлімет бойынша біз, майдангер Қ.Алмағамбетованың майдандас құрбысы Үмітай Есқалиеванының Орал қаласында тұратын ұрпақтарын таптық. Орал қалалық №3-емхананың рентгенолог дәрігері Мәжит Халықбергенұлы бізге анасының жауынгерлік құжаттарымен бірге, екі құнды деректі табыс етті. Оның біріншісі, жауынгер Ү.Есқалиеваның 1943 жылы 2 тамыз күні орыс тілінде жазған ғұмырбаяны. Екіншісі, екі қазақ қызының яғни, Қ.Алмағамбетова мен Ү.Есқалиеваның 1945 жылы 10 қазанда Кореяның Хедзио қаласында кеңестік жауынгерлермен бірге түскен суреті. Енді алғашқы дерек туралы айтсақ, жауынгер Есқалиева Үмітай 1943 жылғы 2 тамыз күнгі оқушы дәптерінің 2 бетіне жазған ғұмырбаянында туған жылы, туған жері, білімі, соғысқа дейін атқарған қызметін қағазға толық түсірген. Мұнда ол, 1942 жылы Қиыр Шығыстағы әскери бөлімге келген уақытын, өзінің командир мен комсомол ұйымы тарапынан ешбір сөгіс алмағандығын, әлеуметтік тегі кедей екенін, өзінің және ата-анасының да бұрын істі болмағандығын толық көрсетіп, шет елмен де байланысының жоқ екенін жазған. Соған қарағанда, бұл ғұмырбаян әскери штабтың талабы бойынша жазылған деп болжаймыз. Осы айтылған ғұмырбаянға сүйенсек,   Есқалиева Үмітай 1921 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Калмыков ауылында дүниеге келген. Бір жасында әкесінен, он үш жасында анасынан айырылып, ағасы Ораздың қамқорлығында бойжетіп өседі. 1930 жылы Калмыков ауылындағы мектептің бірінші класына барады. 1937 жылы осы мектептен 7 кластық білім алып шығады. 1940 жылы Орал қаласындағы 3 жылдық педагогикалық техникумды тәмәмдап, ауылға келген Үмітай аудандық тұтынушылар одағында есепші болып еңбек етеді. Кейін 941 жылдың тамыз айынан, 1942 жылы мамырда майданға аттанғанға дейін аудандағы Осоавиахимда нұсқаушы болып, ауыл адамдарына әуе шабуылы мен химиялық қару түрлерінен қорғанудың әдіс амалдарын үйретеді. 1942 жылы 24 шілдеде Қызыл Армия қатарына алынады. Майдангер Ү.Есқалиеваның ұлы Мәжит Халықбергенұлының айтуынша, анасы жалғыз ағасы Ораздың кегін алмақшы болып, өз еркімен майданға аттанған.Жоғарыда ата-анасынан ерте айырылған Үмітайды ағасы Ораздың қамқорлап өсіргенін айтқанбыз. 1941 жылы соғыс басталғанда алдыңғылардың бірі болып майданға аттанған ағасы Ораз хабар-ошарсыз кетеді. Сөйтіп Қиыр Шығыс майданына аттанған Үмітай 35-Армия құрамындағы 120 - аэродром қызметін қамтамасыз ету әйелдер батальонында (Батальоны аэродромного обслуживания – БАО) автоматшылар ротасында байланысшы болады. 1945 жылы қыркүйек айында Солтүстік Кореяның Хедзио қаласына ауыстырылып, 1945 жылы желтоқсанда жоғарыда айтылған, Алмағамбетова Қаным екеуі  елге бірге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін сержант Есқалиева Үмітай Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің атынан: «Приказом Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина от 23 августа 1945 года № 372, за отличные боевые действия в боях с японцами на Дальнем Востоке, всему личному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях обявлена Благодарность. Командир войсковой части. Полевая почта № 78751. 30 августа 1945 г.»,– деп жазылған Алғыс хатқа ие болады. Сондай-ақ жауынгер қыз «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» және мерекелік «Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков» медальдарымен марапатталады.  Соғыстан кейін майдангер ана бейбіт өмір тіршілігіне араласып, Калмыков ауылында ұзақ жылдар бойы сауда саласында еңбек етті. Соғыс ардагері сержант Құлшықов Халықбергенмен отау құрып 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді. Қызы Светлана мен ұлы Мәжит Ақтөбе медициналық институтын бітірген дәрігерлер. Демек, Екінші дүниежүзілік соғыста Қиыр Шығыс майданына қатысқан қазақтың батыр қыздарының жауынгерлік ерлігі мен өнегелі өмірі бүгінгі жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық, адалдық, қайырымдылық сияқты адами құндылықтарды қалыптастырудың құралы, үлгі-өнегесі болып табылады.

1642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз