• Тарих толқынында
  • 20 Желтоқсан, 2021

ӘЖІБАЙ БАТЫР

Әр ұлттың даму  кезеңдерінің тарих сахнасында өзіндік орны болатыны сөзсіз. ХVIII ғасырдың алғашқы онжылдықтары қазақ халқы үшін қиын-қыстау сынақ жылдары еді. Бұл кезең алуан тағдырлы сипаттағы оқиғаларға толы болды. Ұланғайыр даланы мекен еткен  қазақтардың ішкі жағдайының әлсірей түсуіне көршілес елдердің қарым-қатынасы сыртқы саяси процесс тікелей әсер етті. Солтүстік пен батыстан Ресей мемлекетінің озбырлық саясаты, шығыстан көршілес жоңғарлардың, оңтүстіктен туыстас Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды.

Сонымен бірге қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты кұбылыстар өpic алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік құрылымдары жолындағы ішкі саяси күрес күшейді. Сол жылдары қазіргі Қазақстан аумағында «барша жұртқа қарсы баршаның соғысы»  деп аталатын кезең пайда болып, қарапайым ел арасында ауызекі тілде тараған «келте хан» дейтіндер бас көтерген уақыт еді. Бұл соғыстар мемлекеттің экономикалық негізін әлсіретті, оның материалдық ресурстарын азайтып, адамдар шығынын көбейтті. Бұл дәстүрлі көшіп-қону жолдарының өзгеруіне және жалпы алғанда көшіп жүру жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. Ақырында, қазақ қоғамының дамуындағы келеңсіз оқиғалар мен қайшылықтардың шырқау шегіне жеткен кезеңі Қазақ тарихына «Ақтабан шұбырынды» деген атпен енген 1723-1727 жылдар болды. Бұл қансыратқан қасіретке толы, ашаршылық, адамдар құрбан болып, экономика күйзелген, өндіргіш күштер құлдырап, мәдениет кері кеткен заман еді. Сонымен бірге тұрмыс салты бір номадтардың, шынына келгенде, дүниежүзілік империялар мен алып көршілерінің «үлкен саясатына» құрбан болған туысқан халықтардың өзара соғысқан фактісі назар аудартады. Қалай болғанда да, Отан тарихында ұзаққа созылған қазақ-жоңғар соғысының болғаны, онда жоңғарлар агрессиясына қарсы қазақ халқының халықтық жасағының шешуші рөл атқарғаны анық. Егер туған жер және ата-бабалар қонысы қорғалғанын ескерсек, жай ғана жасақтар соғысы емес, бұл кезеңді «Отан соғысы» деп атауға болады.

Осындай ел басына күн туған қиын-қыстау жағдайлар  ұлттың бір туар жеке тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, кейде біртұтас халықты ширықтырып жаңа бір сапаға көтерері анық. Осы өңірде аттары халық санасында сақталған Хангелді, Райымбек, Малай, Қасқары, Қарасай, Наурызбай, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш батырлар болды. Жетісу жерін негізінен мекендеп жатқан Албан  тайпасының бір руының  ұранына айналған Әжібай батырдың да тарих сахнасына шыққан кезеңі осы мезгілге тұс келді.

Белгілі тарихшы Берекет Кәрібаев қа-зақтың ұлттық сипаттағы мемлекет құруға ұмтылу тарихын  XV ғасырдың ортасынан XІX ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысын қамтыған кезеңмен сипаттап, Хандық дәуір деп атайды. «Осы үш жарым ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы дәуірін  өз ішінде саяси тарихтың өрбуіне қарай шартты түрде  екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге хандықтың  бір орталықтан басқарылып тұрған жылдардағы кезеңі жатса, Қазақ мемлекетінің бытыраңқылыққа ұшыраған жылдары екінші кезеңді құрайды. Керей мен Жәнібек хандар тұсынан  Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық – хандық дәуірдің бірінші кезеңі болса, одан кейінгі жылдары  екінші кезеңі басталады. Хандық дәуірдің бірінші кезеңіндегі, яғни, XV  ғасырдың орта тұсынан  XVІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы дәуірді шартты түрде былайша кезеңдеуге болады:

а) хандықтың құрылу кезеңі;

ә) хандықтың күшею кезеңі;

б) хандықтың уақытша әлсіреу  кезеңі;

в) хандықтың қайта өрлеу  кезеңі;

г) хандықтағы «текетірес»  кезеңі;

ғ) жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі;

ж) белгісіз жылдар кезеңі;

з) «алтын ғасыр» кезеңі немесе Тәуке хан билік құрған жылдар.

Тәуке ханнан кейін хандық дәуірдің быты-раңқылық кезеңдері басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», шартты түрдегі «Екінші Аңырақай», жоңғар-лардан қазақ жерлерін азат ету жылдары бар. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдарына көз жүгіртсек,  онда оның хандық дәуірдің соңғы  екі кезеңі мен бытыраңқылық дәуірдің алғашқы төрт кезеңіне сәйкес келетінін көреміз» деген қорытынды жасайды «Әлмерек баба қазақ хандығы дәуіріндегі ұлы тұлға» атты мақаласында» [1]. Осыған орай, Әлмерек баба сияқты Әжібай Найманбайұлының өмір сүрген уақыты сол Қазақ хандығының дәуіріне жатады.

Әжібай Найманбайұлы   1699-1778 жылдар аралығында өмір сүрген. Туған жері қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген ауылының маңы.  Өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртсек, тарихи деректер мен аңыз әңгіме, әфсаналар оның  Өтеген батырмен жастары шамалас, сыйлас, сырлас, қимас дос, достықтың арты сүйек үзілмес құдалыққа ұласқанын байқау қиын емес. Кейбір деректерде Әжібай Найманбайұлы Өтеген Өтеғұлұлымен (1699-1773)  үзеңгілес жүріп соғысқа араласқан. Сондықтан да, оның өмір дерегін осы Өтеген батырмен байланыстырып қараудың қисыны бар. Дегенмен белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісұлы  «Ер Әжібай» кітабының алғысөзінде Әбзейіт Мәлікеұлының жыр-дастанына талдау жасай келе, Әжібай батырдың туған және өмірден озған мезгілі туралы ақиқаты тексерілмеген деректерге сүйенбеуді меңзеп,  «жыр авторы айтқандай Әжібай 1703 жылы қайтыс болғанда Өтеген батыр бар жоғы бес-ақ жастағы бала еді» – деген тұжырым жасайды [2]. Яғни, автор тарихи жаңсақтыққа жол бермеу үшін қарапайым логиканы да естен шығармауды ұсынады.

Өтеген 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен  айқасады. Ол 1756 жылы шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделібайсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген де аңыз бар. Жамбыл Жабаев: «Қасқара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» – деп батырлықтың белгісі ретінде таныған.

Әжібай Найманбайұлы майдан даласында үлкен ерліктер көрсетіп, жекпе-жектерде табысқа жетіп қазақтардың мәртебесін бірнеше рет асырған мәрт тұлға ретінде халықтың жадында қалды. Оның ерекше ерлігі ауыздан ауызға тарап әңгімелерге арқау болып,  әпсаналар мен қатар өзіне арнап жыр-дастандар жазылған.

Ол «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» жапа шеккен қазақтарды туған елге қайтаруға үлкен еңбек сіңірген. Кейінгі бейбіт өмірде де ел арасында аса беделді болған. Ел арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп Әжібай Найманбайұлы Алматы маңы Атамқұлдың ойында (Маловодное) Таутүрген аймағында тоған қаздырып, су шығарып, егіндік ектірген [3]. Түрген мен Қаракемерде бұрын Қызылбөріктердің екі атасы Әжібай мен Құланаяндар тұрған. Кейін осында ұзақ жылдар мекендеген  Қызылбөріктер енді екіге бөлінген. Құланаяндар мұнда қалып, Әжібай ауылы Шелек өзенінің тау сағасына (Асысаға) қоныс аударған. Босаған жерлерге бірталай ру-тайпалар Албандармен аралас-құралас қоныстанған [4]. 

 ХVIII ғасырдың екінші жартысы  ХIХ ғасырдың басында Қазақстанда ауыл ша-руашылығының басқа орталықтары да құрылды. Олардың пайда болуы көшпелі мал шаруашылығының жұттар нәтижесінде уақытша құлдырауымен де байланысты. Жұттар мен малдардың жаппай қырылуы жиі кездесетін Қазақстанның нақты жағдайында ауыл шаруашылығының бастаушылары көбінесе малдары жоқ жатақтар ​​(кедейлер) болды; олар қоныстану орталықтарын құрды [5].

Әжібай  батыр Таутүргеннен бастап Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ ауылдарына дейін өзі баскөз болып жүріп (канал) тоған қаздырып, егін егіп, бау-бақша салып, мал өсіруге қолайлы жағдайлар жасаған. Ол туралы: «Қалмақтарды қуып шыққан соң Қаратау мен Қазығұрт, Сарыарқа өңірінде жүрген Албан руы кешегі ел жұртына қарай ағылды. Алғашқы келгендердің бірі Қызылбөрік руының ұрпақтары еді. Олар Найманбайұлы Әжібаймен Құланаян Құлбарыс батырлар басқарып, Алатауды бөктерлей жүріп Түрген өзенінің бойындағы Шөладыр етегіне жетеді. Қоныс еткенде бұл өңірді алғашқы өрттен кейін қалпына келтіруге бел байлайды. Әжібай батыр ағайын, ел-жұртымен ақылдаса келе Түрген өзенінен Адырға қарай су көтермек болып, екі жүздей жігіттің басын құраған. Адырдағы жылғаларды қуалап жүріп арық қаздырады. Атты кісі кешіп өте алмайтын асау өзенге бұғалық тастаған Әжібай кемерлетіп қазылған кең арықты, түскен қойды ағызып кететіндей екпінді мол суға толтырады. Айналасы бес-алты жылдың ішінде Қаракемер төңірегі егінді, жемісті, бау-бақшалы аймаққа айналды да кетті. Бертін келе тоғанның суы Жалпақсаз (Ақши) бен Атамқұлдың ойына (Маловодный) дейін ағып баратын болды. Туыс-бауырлары, Атамқұлды Құлжа жол бойына, Бақтиярды Таукемерге, Жанботаны Шилікемерге (Каз-атком) орналастырады. Демек, Қаракемер өңірі Қызылбөрік ұрпақтарының еңбек сіңіріп (Әжібай тоғаны күні бүгінге дейін аталады), тарихи үлес қосқан мекені, еншілес жері десе артық болмас» [6]. 

Кейіннен 1821 жылы қоқандықтарға қарсы көтерілісті басқарған  Тентек төре атанған Рүстем төре осы Түрген өзенінің бойына келіп бекініс салып, Қоқан зекетшілерін қырып Қарқара жаққа көшіп кеткен [7]. Тарихи деректер дәлелдеп отырғандай Әжібай Найманбайұлы негізін қалаған елді мекен аймақта едәуір көзге түсіп, белгілі бола бастаған еді.

Әжібай Найманбайұлының осы кезеңдегі қазақ даласындағы батырлардан айшықтап көрсететін белгілеріне тоқтала кеткенді жөн көреміз. Біріншіден достыққа адал болған Өтеген батыр екеуі сол кездегі достықтың символына айналған. Олар өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Екі батырдың  тұлғасы еліміздің батысында  1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ара қатынасы сияқты болған.Бір ғасыр бұрын Әжібай Найманбайұлы мен Өтеген Өтеғұлұлы арасындағы қатынас кейіннен Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы арасында да қайталанды десе болады.

Ол өзінің досы Өтеген батырсыз жорыққа шығып, жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, жоңғарлардың өзі ерлігі мен оның мінезіне тәнті болып, досына да жауына да адал адам екенін түсінген. Батырлығын, мәрттігін бағалап жауының өзі оны тұтқыннан босатқан.

Екіншіден, жауына қанша қатал болса да адамгершілік танытып, өркениеттіліктің үлгісін көрсеткен. Ол жоңғар батырымен күресте жекпе-жекте  жеңіске жетіп үлкен ерлік көрсетіп қана қоймай, сол жерде мәрттік танытып жеңген  жауына  құрмет көрсетіп, оның денесін жер қойнына тапсырып ас берген. Яғни (бекзадалық) рыцарьлық мінез танытқан. «Батырға қонақасы деп бір ат сойып, өзі жерлеп, басына белгі қойған» [8]. 

Ендеше, бекзадалық  немесе рыцарьлық дегеніміз не, соған  қысқаша тоқталайық. Түрлі мәдениетте  рыцарьлықтың өзіндік ерекшеліктері болды. Рыцарь бастапқыда салт атты шабандоздықты  білдірді. Еуропадағы ортағасырлық дворяндық құрметті атақ та болған. Ол жауынгердің моральдық және эстетикалық идеалын дамытты. Крест жорықтарында пайда болған рухани-рыцарьлықтың  әсерінен ол тұқым қуалайтын ақсүйектерге айтылды. Кейіннен мемлекеттік биліктің күшеюі, жаяу әскердің атқыштардан асып түсуі, атыс қаруын ойлап табу және тұрақты әскер құру орта ғасырдың аяғында феодалдық рыцаризмді саяси таптарға айналдырды. Рыцарьлардың прототипі белгілі бір дәрежеде ежелгі Римдегі эквиттердің (шабандоздардың) меншігі болып табылады. Алайда, Еуропада соғыс жүргізу және қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру тәсілдерінің түбегейлі өзгеруі IV-VII ғасырларда Халықтардың ұлы қоныс аударуы барысында шығыстан келген көшпенділердің қысымымен Рим империясының құлауымен байланысты болды. Сармат атқыштарының ауыр қаруы және ғұн типті дәнекерленген болаттан жасалған ұзын түзу қылыш – Еуропаның ортағасырлық рыцарьларының қару-жарағының айқын прототипі. Ғұндардың басшылығымен Одақ ыдырағаннан кейін дәл осы көшпенділер (ең алдымен сарматтар мен остроготтар) қоғамның үстем қабатын құрағандықтан, орта ғасырдағы еуропалық Рыцарьлық мәдениеттің ежелгі мәдениеттен айырмашылығының бастапқы көзі көшпелі мәдениетте көрінуі қисынды. Алайда, олардың салыстырмалы түрде аздығына байланысты оның әсерін жергілікті негізімен синтездеу кезінде таратуға ұзақ уақыт қажет болды.

Рыцарьлықты немесе бекзадалықты орта-ғасырлық рыцарьларға сәйкес келетін мінез-құлық пен ар-намыс кодексі ретінде де қарастыруға болады. Шын мәнінде, бұл кодекс сирек құрметтелді, бірақ көркем әдебиеттің арқасында галантты рыцарьдың романтикалық бейнесі бұқаралық санада қалыптасты, ал «рыцарь» сөзі ақырында асыл адамгершілік адамның синониміне айналды. «Рыцарьлар, – деп жазады тарихшы Жан Флори, – бұл ең алдымен сарбаздар». Оның пікірінше  рыцарьлық тек XII ғасырдың аяғында ғана мүлік жағынан қалыптасқан қоғамдық институт немесе әлеуметтік топ болған жоқ [9].

Ия, Ұлы даланың төсінде ерекше ер-лігімен танылған Әжібай Найманбайұлы шындығында да Крест жорығында батыс христиан әлемі мойындаған мұсылман күрдтердің батыры Саладдин (оған «Шығыстың Рыцарі» деген атақ берген) сол сияқты қазақтың арасынан шыққан  бегзада, рыцарь болғандығына еш күмән жоқ. 

Әжібай батырдың атында Алматы қаласында көшенің аты берілсе, туған өлкесінде бір ауылда (Асысағада) мұсылмандар зиярат ететін мешіттің аты, өзі қаздырған (канал), тоғанның басында  ескерткіш қойылып, оның сүйген жарының атында «Әулие Тұмарша ана» бұлағы маңайында да ескерткіш белгі орнатылған. 

Ал Әжібай Найманбайұлының сүйегі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген себепті оның туған жерінде мүрдесі жоқ. Ұранды бабаның рухы Түркістан жерінде орын тепкендігі ұрпағына аманат болып, әкеден балаға беріліп, жыл сайын ауқатты ұрпақтары киелі жерге келіп, батыр бабаларын еске алып, құран оқып, ас беріп тұрған. Оны көне көз қариялар күні бүгінге жалғастырып келеді. Әжібай батыр Найманбайұлының мәйіті Әзірет Сұлтанның жанында екені ұрпақтары үшін үлкен абырой. Оның кейінгі кездегі дәлелі ретінде «Қазақтың рухы жаңғырды» атты мақаланың  жарық көруі болды [10]. Онда кесенеде сақталған құлпытастардың тізімі берілді. Сол тізімдегі 58 номерде Әжібай батыр деп көрсетілген. Түркістанда Қожа Ахмет жақсылары тізімдемесіндегі әруақтарды қайта жерлеу рәсіміне Әжібай Найманбайұлы ұрпақтарынан құралған делегация арнайы ас беріп, ресми құран оқып, қайта жерлеу рәсіміне барып қайтты.

ХVIII ғасырдан бері елін қорғаған батырлар жөнінде ел аузында тараған деректер бойынша, «Өтеген, сен су астында қаласың, Райымбек, сен шу астында қаласың, ал Әжібай, сен Түркістанға барасың» деген тәмсіл сөз ақиқатты меңзейді. Өтеген батыр шындығында Қапшағай көлі орналасқан жерде, Райымбек батыр Жібек жолы бойында Алматы орталығында жерленген. Ол туралы тарихи жазба деректер де оны жоққа шығармайды [11].  Ал, Әжібай батыр Найманбайұлына Түркістан топырағы бұйырғанын жоғарыда айттық.Тәуелсіздіктің таңсәрісі ретінде Қазақ хандығының дәуірі әлі де өз зерттеушілерінің назарынан тыс қалмауы тиіс. Себебі ұлттық сипаттағы мемлекет құруға ұмтылып тәуел-сіздік үшін күрестің алдыңғы қатарлы үлгісін көрсете білді. Шындығында, XVIII ғасыр сайын даладағы батырлардың лек-легімен туындаған кезеңі. Нәтижесінде әлемдегі  жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын егеменді елге айналдық және Әжібай батыр Найманбайұлы сияқты ұлдары елді көтеру жолында еңбек етіп,  ерлік көрсетіп, оған адал қызмет жасады. Осыған орай, ел-жұрты елге сіңірген еңбегін елеп, асыл бабамызды бүкіл Түркі әлемі құрметтейтіндей жер бетіндегі соңғы мекені ретінде киелі жерге қондыруы оның қазақтың бегзада рыцарьлық қасиетін бағалауының белгісі деп білеміз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ғұмыр кешкен, ел мен жерді қорғауда үлгі боларлықтай осындай хас батырлар туралы  деректерді жастардың санасына сіңіру бүгінде  қажет шаруа. Ерен ерлігімен қоса елеулі еңбегімен ел есінде қалған Ер Әжібай Найманбайұлына көрсетілер құрмет әлі де алда болмақ.

Жомарт Симтиков, 

тарих ғылымдарының кандидаты,

саяси ғылымдарының докторы,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің кафедра меңгерушісі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Кәрібаев Б. Әлмерек баба – қазақ хандығы дәуіріндегі ұлы тұлға // Әлмерек абыз және оның ұрпақтары. - Алматы, «Тоғанай Т» баспасы, 2019, 57-66 бб.

2.Мәлікеұлы Ә. «Ер Әжібай». - Алматы, 1997. - 24 б.

3. Қазақ хандығы энциклопедиясы. - Тараз, 2015. -51б.

4.Нүсіпұлы Е., Айдарханұлы Ж. Тәңіртау аясы. Атақоныс сипаты. -Алматы: 2012. - 20-б.

5. Банников А.Г. Первые русские путешествия в Монголию и Северный Китай. - М., 1949. - С. 32.

6.Сәлімбаев С. Батырлар ұрпағы. - Алматы, 1998. – 9 б.   

7. Казахско-русские отношения в  XVII–XVIII веках. Сборник  документов и материалов. -  Алма-Ата, 1964.

 8.ВалихановЧ. Ч. Собрание сочинения, Т.4. - Алма-Ата, 1985.

9.Смирнова Е. Д. Нобилитет как феномен западноевропейского средневековья (историко-историографический аспект) // Истор. фак. БГУ. – Минск. - С. 2.

10. «Қазақ әдебиеті» газеті. -  № 24 (2602), 1999.

11. Ділдебаев Ә. Орталық ғылыми кітапхананың сирек қоры, 833-бума. «Өтегеннің қалыңсыз қыз беруі». Сейітқызы А. «Өтеген батыр». - Алматы, 1994, 115-117 бб., Ділдебаев Ә., Ысмайлов Е.  «Ақындар». Алматы, 1946.

1771 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз