• Тарих толқынында
  • 20 Желтоқсан, 2021

ЖӘҢГІР МЕКТЕБІНІҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

 Кешегі тәуелсіздік кезеңіне дейін қайсыбір тарихи тұлғаға олардың тегі мен табына қарай ден қойдық та, соған сай олардың ел алдындағы елеулі еңбегін ескерусіз қадырып келгенімізді жасыруға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Жәңгір Бөкейұлының үстем тап өкілі және қалың қазаққа сол таптың зілмәуір тізесін салмақтай батырғанын ешкім жоққа шығармайды. Ол Астрахан генерал-губернаторы Е.С.Андреевскийдің үйінде он жыл бойы тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару әдісін үйренді. Осындағы әскери училищені тәмамдап, орыс, неміс, француз, араб, парсы тілдерін меңгерді. Бар-жоғы қырық беске жетер-жетпес ғұмырының (1801-1845) жиырма жылында хан тағына отырып, ел биледі. Орыс отарлаушыларына қызмет етті. Бірақ, туған халқына көп жақсылық жасағанын да ұмытпауымыз керек. Солардың кейбірін санамаласақ, Жәңгір шын мәнінде Бөкей Ордасындағы оқу-ағартуды қолға алып, онда денсаулық сақтау мен табиғат қорғау ісіне кәдімгідей тер төккен жан. 

 Бұл туралы кезінде орыстың белгілі шығыстанушысы, библиограф және этнографы А.Е.Алекторов: «Жәңгір ханды жақсылықпен еске түсірерлік жайттар бар. Мұсылмандықпен қатар, ол нағыз ағарту ісінің бастамасын қалады... Жәңгірдің өз қолымен жазған қағазынан ханның жеке өзінің ғана емес, бүкіл Ордадан Патша Императордың атына қырғыз балаларын орман шаруашылығы институтына және басқа да оқу орындарына қабылдауға рұқсат ету туралы өтініш бергені белгілі. Жәңгір бірнеше рет, ерекше сеніммен ғылымдардың қазақтар үшін пайдалы екенін айтады, оның айтқаны соншалықты, тіпті, кейінірек ордалықтарды басқарып отырған орыс шенеуніктері олай айтқан жоқ еді, олардың Бөкей қазақтарының оқыған не оқымай қалатындықтарында еш шаруасы жоқ сияқты болып көрінетін», – деп жазған болатын («Қазақтар». А., 1998, 7- т., 7- бет).

Ол жерлестерін отырықшылыққа үгіт-теудің берік негізі ретінде Жасқұс құмының қолайлы қойнауында, Байтоқ ақын айтқандай, «Сонау тұрған Нарында, Нарынның қызыл құмында, алпыс бөлме, жүз есік, Хан Ордасын салдырып», Орда қаласының іргесін қалады (1826). Бұл оның хан тағына отырғанына үш жыл толмай жатып қолға алған шаруасы еді. Сайып келгенде, сол Орда кейіннен қос өзен аралығындағы көрнекті мәдениет, сауда-саттық, экономикалық орталық болып саналды («Егеменді Қазақстан» газеті, 20.06.1991).

Кезінде Жәңгірдің тікелей арала-суымен Орда қаласында екі кластық жоғары бастауыш мектеп пен қыздар мектебі, қазақ, татар балалары оқитын дербес бастауыш мектептер, хан, татар мешіттері ашылған. Сондай-ақ, мұнда баспахана, тері илейтін, киім тігетін шеберхана мен ұста дүкендері, наубайхана жұмыс істеген. Сондағы Жәңгір заманында тұрғызылған Казначейство (банк) үйі әлі күнге дейін бар. Қазір онда Орда тарихи-өлкетану музейі орналасқан. Орда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орыс патшалығы, оның қалаларымен қарым-қатынас орнатуға қолайлы қала болып есептелінді. Соған сай Еділ мен Жайық аралығындағы қазақ халқының тұрмысы мен салты, табиғаты мен өмірін зерттеуге ниет еткен зиялы ғалым атаулының бәрі алдымен Жәңгірге соғып, оның ақыл-кеңесін тыңдайтын болды. Ал Г.С.Карелин сияқты орыстың белгілі ғалымы онымен көңіл жықпас дос еді. Мүмкін соның жарқын көрінісі шығар, хан өз үйінің бір бөлмесін ғалымға әдейі жұмыс істетуге береді. Ал, ол болса, елімізде алғаш болып, архив ісін қолға алды.

Жалпы Бөкей Ордасында, оның жалпақ, жалаңаш, аққұмды кең даласын эрозиялық тозудан сақтау, ол үшін мелиорациялық жұмыстар жүргізу, жасыл белдеу тартып, қарағай, терек, тал, шілік, жиде, мойыл, итмұрын, тораңғы сияқты шөптер мен ағаштар отырғызуды Жәңгір алғашқы күннен қолға алып, жүзеге асырған. Бұл мақсатта арнаулы орман шаруашылығы техникумын аштырып, егер бітіруші мамандық шыңдау жылдарында (екі жыл) Орда өңірінде ағаш өсіруге қатысты пайдалы шара ұйымдастырып, оңды нәтижеге қол жеткізбесе, мамандық куәлігін бергізбеген.Жәңгір хандық құрған және кейінгі жылдарда (Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарына дейін) Ордада Ресей мен Азияның кейбір елдерімен алыс-беріс, сауда-саттық қатынас өрістеп, жәрмеңкелер қызған. Олар жылына екі рет – көктем, күз маусымдарында (7-25 маусым, 14-25 қыркүйек аралығында) өтіп, «Хан жәрмеңкесі» деген атақ алды. Жәрмеңкеде сауда-саттықпен қатар, ашық алаңдарда алтынқабақ ату, балуандар белдесуі, аударыспақ, ат шабыс, ақындар айтысы, шешендердің сөз жарыстыруы, өнерпаздар сайысы, яғни, түз адамдарының бой жазып, рухани ләззат алуына толық мүмкіншілік жасалынған. Қазақ тарихында оқу-тәрбие жайлы сөз болса, Жәңгірдің аты бірінші аталады. Өйткені, ол туған халқына еуропалық білім беретін мектепті алғаш ашқан билік иесі еді. Ол турасында кезінде аталған мектептің түлегі М.Бабажановтың: «Соңғы кездері, Жәңгір Бөкейұлы хан болып бекітілгеннен бастап, біздің оқып, білім алуымыз едәуір әрі кеңірек көлемде ілгері басты. Осы ханның ықпалымен және жәрдемімен, сондай-ақ басқа жағдайларға байланысты ордадағылар сауаттылықтың қажеттілігін түсіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді қолдап, демеп отыру үшін марқұм ақшасын да, өзінің күш-жігерін де аямай, білімнің пайдасы туралы ордалықтардың құлағына құюмен болып еді. Өз Ордасында ол мектеп ашып, онда алпыс адамға дейін мұсылманша оқыды, орысша қара танып, бір жағынан орыс тілін үйренді. Бұл мектеп «Жәңгір мектебі» деген атпен Ордада әлі күнге дейін бар», – деген жолдарын көлденең тартуға тура келер еді («Қазақ әдебиеті» газеті, 27.09.1991). Осы өңірдегі Мақаш оқыған бірден-бір білім ұясы жұмыс істеген 180 жыл ішіндегі халқымыздың жүздеген, тіпті мыңдаған ұлдарының санасын оятып, зердесін өсірді. Олардың өмірді танып, білуі, түрлі қоғамдық көзқарастарды алаңсыз ажырата алуларына себепші болды. Сөйтіп аталған мектеп қабырғасынан халқымыздың тарихында аттары алтын әріппен жазылатын жүздеген алып тұлғалар қалыптасып, түледі.

Мектеп 1841 жылдың желтоқсан айында, дәлдеп айтсақ, алты жаңасында ашылды. Одан бері оның сынып бөлмелерінен білімге деген құштар жандардың күміс күлкісі сәтке болса да толастап көрген жоқ. Аталған жылдар ішінде оның құрылысы мен ресми аталуында өзгерістер болды. Қарағайдан қос қабатты етіп, шатырлап салынған бұл үй ілкіде бастауыш мектептің дәрежесінде білім бергенімен, кейіннен 1848 жылдан бастап Халық ағарту министрлігінің қаражатына көшіріліп, екі кластық училище деңгейінде кеңейтілді. Ал 1853 жылдан орта мектептің, яғни, сол кездің тілімен айтсақ, гимназиялық бағдарлама негізінде білім беретін оқу орны болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында осы мектеп базасында республикада алғашқы рет жоғары дәрежелі – Бөкей ағарту институты жұмыс істеді. Бірақ, жаңа үкіметтің оған қажетті маман, керекті қаражат жағынан дұрыс көңіл бөлмеуі салдарынан ол үш жылдан соң, яғни, 1923 жылдан бастап педагогика техникумы, педагогикалық курс мектебі болып қайта құрылды. Кейіннен мектеп өзінің сол бұрынғы оқу-материалдық базасы, мұғалім-ұстаздар құрамы негізінде жалпыға бірдей орта білім беретін білім ұясы ретінде өз қызметін жалғастыра берді.

Аталған педагогикалық оқу орындарын тәмамдаған ұл-қыздар кейіннен Батыс Қазақстан, Атырау, Астрахан, Саратов, басқа да облыстардың ауыл-селоларындағы мектептерде, мемлекеттік басқару ісі, шаруашылық жұмыстарына араласып, жемісті еңбек етті.Жәңгір мектебі әу баста да, кейін де Бөкей даласында ашылған учаскелік, болыстық, ауылдық мектептер үшін әдістемелік кеңес беретін, оқу-ағарту қызметінің тәжірибесін жинақтап отыратын орталық рөлін атқарған. Соған сай ол ілгеріде «Орталық мектеп» деп те аталған көрінеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Жәңгір мектебі қазақ топырағындағы жергілікті халықтың ұл-қызына орыстың ілім-білімі мен еуропалық тәрбие берген алғашқы ізашар мектеп. Ендеше осындай мектепті ашуға не себеп болған?

Осы орайда 1892 жылы Орынбор округі бойынша циркулярының бірінші нөмірінде жарық көрген «1891 жылдың 6 желтоқсанында Ордадағы екі жылдық қазақ-орыс училищесінің елу жылдық мерейтойын тойлау» атты мақаланы ойға оралтуға тура келеді. Аталған мақалада мерейтойда сөй-леген жандардың сөзінен үзінділер келтіріле отырып, бір шешеннің содан елу жыл бұрын Ішкі қазақ Ордасының ханы – Жәңгірдің 1841 жылдың 10 қазанында ағайыны және кеңесшісі Шүке Нұралиевке жазған хатын еске алады. Онда Жәңгір: «Қазіргі кезде оқып, жазып қана қоймай, түрлі ғылымдарды да меңгеру қажет екендігі, онсыз тәңірінің өзі бізге сыйға тартқан әділет заңын жақсылап үйрену, әсіресе, орысша білмей тұрып Ордада жақсы лауазымды шенеунік болу мүмкін емес екені өзіңізге аян... Осының ақиқатына көзім жеткеніне өзімнің сүйікті ұлым, хан тағының мұрагері Сақыпкерей сұлтанды жастығына, шешесінің жылап-сықтағанына,бауырының өліміне, әжептәуір қаражат шығынына қарамастан Ұлы Императордың паж корпусына оқуға бергенім дәлел бола алады.

...Биылғы жылы мен өз Ордамда училище ашқалы отырмын және өз балаларын онша қымбат емес ақымен оқытқысы келгендердің бәрі де маған өтініш білдіре алады....Егер ғылым қазірдің өзінде соншалықты зор пайда келтіріп отырса,онда біздің немерелеріміздің онсыз жақсы ғұмыр кешуі тіпті де мүмкін болмақ емес. Барлық ынта-құлшыныстың, ақшалай шығынның қай-қайсысы да, егер бұлар жастарды оқытуға жұмсалатын болса, жүз есе артығымен өтеледі», – деп жазады (К истории развития школьного дела в Киргизской Букеевской орде // Оренбургский листок, 1891, №50).

Ал, шындығында, Жәңгір хан 1826 жыл-дан бастап Орынбор ұлықтары мен соғыс губернаторы Петр Кириллович Эссенге қазақ балаларын Қазан университеті мен Орынбордағы Неплюев кадет корпусы, болмаса басқа да қалалардағы жол қатынасы, орман, инженерлік училищелерге қабылдау үшін, бұл балаларға өзі тұрған өңірде еуро-паша білім беріп, әлемдік ғылымдармен сусындататын мектеп ашу керектігін айтып әлденеше рет хат жолдағаны белгілі. Бұл өтінішке аталған аймақтың басшылары аса бір қарсылық білдіре қойған жоқ. Өйткені қазақ жастары арасынан орыс патшалығына адал қызмет ететін сенімді шенеуніктер даярлап, солар арқылы олардың туған халқын да ноқталап, тұқырту, сөйтіп отарлау саясатының шеңгелін батыра түсу пиғылының тұрғаны ақиқат еді. Бұл тілек орындалды да. Соның нәтижесінде аталған ұя дүниеге келді.Бірақ, мектеп әкелген жақсылық көп, тіпті сол тоқсаныншы жылдардың өзінде оның меңгерушісі болған И.Данилевский: «Білімнің пайдасы мен мәнін өзі ғана түсініп қоймай, орайы келген сәттің бәрінде қол астындағы қазақтардың бұған көзін жеткізуге тырысқан оқымысты Жәңгір ханның ойы мен жоспары бойынша өмірге келген мектеп өз қызметінің алғашқы кезінде-ақ белгілі дәрежеде орнықты даму деңгейіне жетті», – деп жазса, оған еш таңдануға болмас еді («Социалистік Қазақстан» газеті, 23.04.1991).

Өткен жылдар мектеп үшін мәртебелі кезең болды. Мыңдаған шәкірт оның қасиетті партасына отырып, әлемдік ғылым-біліммен сусындады, дүние көзін ашты. Солардың ішінде есімдері кешегі кеңес үкіметі былай тұрсын, патшалық Ресей тұсында да танымал болып, ұлы адамдар қатарына қосылғандар аз емес. Олар қазір де мектеп музейінің қақ төрінде орын тепкен, өңірлерін ордендер мен медальдар басқан, оқалы киімді генералдар – Ғұбайдолла Жәңгіров пен Рамазан Құрманғалиев және Шәкір Жексенбаевтар. Бірі патша, екеуі кеңес өкіметі кезінде Отанның адал ұлдары атанған абзал жандар.

ХІХ ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдары Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері, математика, заң факуль-теттерінде оқып, білім алған Бақтыгерей Құлманов, ағайынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтар, Тарту университетінің түлегі Сәлімгерей Нұралыханов, Қазан, Саратов университеттерінің медицина факультетін тәмамдаған Мәжит Шомбалов, Мақмұт Шолтыров, Мүбина Танашева-Ниязова, Батырғали Жүсіпқалиевтар да алғашқыда осы мектепте сауат ашып, білім алған. Бұлардан соң тағы да жұлдыздары жарқылдап екі батыр тұрар еді. Олар осы мектептің түлектері – Кеңес Одағының Батырлары Темір Масин мен Ахмедияр Құсайынов. Олар кешегі Ұлы Отан соғысында теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, елінің біртуар ұлдары атанды.

Сондай-ақ, қазақтың екінші Шоқаны деп атауға толық хақымыз бар, қастерлі тұлға Мұхамед-Салық Бабажанов пен атақты ақын Шәңгерей Бөкеев те осында әліппе танып, әріп жүргізді. Қоғам қайраткері Алма Оразбаева, халқымыздың алғашқы инженер қызы Мәдина Бегалиевалардың осы мектепте оқығандықтары мақтаныш емес пе?!

Кеңес үкіметі кезінде Жәңгір мектебінен білім алған шәкірттерінің көбі ғылым саласында тер төгіп, елге танылған ғалым атанды. Әрине, ондайлар көп-ақ. Дегенмен, Ерден Әзірбаев, Ғақаш Бияшев, Фазыл Мұхамбетқалиев, Асан Тайманов сияқты академиктерді ерекше атап өтпеске болмайды.Жәңгір мектебі алғаш рет есік ашқанда оның партасына жасы да, жағдайы да түрлі-түрлі 12 бала отырды. Аталған мектеп әу баста 30-40 балаға арналып салынған еді. Бірақ бұрын-соңды балаларын бауырларынан ұзатып көрмеген қазақтар алғашында бұл жаңалыққа көндіге қоймады. Әйтсе де араға екі-үш жыл түскенде Жәңгір мектебінің парталары шәкірттерге лық толды. Ал жоғарыдағы 12 баланы Жәңгір таныстық, бағыныштылық сипатта оқытуға талап ету нәтижесінде тартқан еді (Зиманов С. «Россия и Букеевское ханство»), Алматы, 1981, 141-б.). Соған сай мектепке қабылданғандардың ересегі 22 жаста болса, кішілері Мақаш пен Мұхаммед-Салық 10-11-де еді.

Жағдайына келер болсақ, біздің бұған дейін айтып келгеніміздей, барлық жерде шылқыған бай, езуінен уыз төгілген ақсүйектердің ғана емес, шамасы келіп, шарғасы тартқан шаруалардың балаларының да жолы болды. Яғни, Жәңгір әу бастан мектеп ашқанда тек игі жақсылардың ғана емес, тағы да қайталап айтамыз, оқытуға халі тартқандардың бала-лары да оқитындығын ескерткен. Оны жоғарыда келтірілген Жәңгірдің Шүкеге жазған хатындағы: «...өз балаларын орташа ақымен оқуға беруге тілек білдіргендердің бәрі маған өтініш жасай алады» деген жолдардан да аңғаруға болатын еді. Сайып келгенде, бұл қағида Қазан төңкерісіне дейін ұстанылып келген. Сөзіміз дәлелді болу үшін мектеп музейінде сақталынған мына бір құжатты, яғни «...оның 1911 жылғы түлегі, кейіннен азамат соғысына қатысқан, Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі Ахметфайыз Жүсіпұлы Тәжетдиновтың Байгерім ауылынан, кедей шаруаның баласы, 1905 жылдан бастап 1911 жылға дейін Хан Ордасындағы 4 жылдық училищенің толық курсын бітірді» деген жолдарды келтіруге болады.

Мақаш Бекмұхамбетов 1841-1845 жылдары осы Жәңгір мектебінен білім ал-ды. Сахарада аң аулап, мал баққан қазақ баласының ғасырлар бойы қалыптасқан ой-өрісі мен түсінігінің өзгеріп, болашақ қоғамдық санасының орнығуына бұл мектептің әсері мол болды.

Алғашқы күннен білім бұған дейінгі арабша қара танытып, не Құран сүрелерін жаттатып қою ғана емес, таза еуропалық тілді және ежелгі шығыстық діни ілім-білімді де үйретуге негізделген (1851 жылғы 23 желтоқсандағы Уақытша Кеңеске берілген ақпар мәліметте Ішкі Ордада сол кезде 125 мешіт, 130 молда болып, былайша айтқанда, әр мың тұрғынға бір молдадан келген. – Ө.Ә.) жаңа үлгіде, арифметика, жағырафия, тарих, орыс тілі сияқты негізгі пәндер бойынша сабақ жүрді. Сонымен қатар, мұнда жастарды адамгершілік пен имандылыққа баулитын Шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерін, тарихын үйретуге негіздейтін тағылымды діни оқулар, араб, татар тілдері оқытылды. Онда бұл елдердің дамыған жазу, сызу, баспагерлік ісі жайлы кеңінен әңгімеленді. Аталған пәндерден Орынбор мен Қазан, Астрахан қалаларынан әдейі шақыртылған Константин Ольдекоп, Садриддин Әминов сынды ұстаздар сабақ беретін еді.

Бір қуаныштысы – қариялар әңгімесі мен тарихи құжаттарда айтылатынындай, Жәңгір мектепті үздік бітірген түлектерді осында алған білім аясында қалдырып қоймай, Ресейдің Санкт-Петербург, Саратов, Қазан, Орынбор, Омбы сияқты қалаларындағы ірі-ірі оқу орындарына жіберіп оқытқан және оларға арнаулы стипендиялар төлеп тұрған. Мәселен, кейін Ордада Уақытша Кеңес төрағасының кеңесшісі болатын Д.Қосуақов Қазан университетін, жоғарыда айтқан Б.Құлманов Санкт-Петербург университетінің Шығыс тілдері факультетін, жеті түлек Стамбулдағы діни семинарияны бітіреді. Ал, Ғабдулғазиз Мұсағалиев деген жас Мысыр шаһарындағы дарулфанниннің (университеттің) толық курсын, тағы бір университетті бітіріп, Шығыстың сегіз тілін меңгерген.

 Одан бері де қанша уақыт өтті. Осы уақыттар ішінде Жәңгір мектебін қанша шәкірт бітіріп, туған халқының ардақтысы атанды.

Жоғарыдағы айтқанымыз еліміздің қиыр батысындағы тәуелсіздік таңын аңсаған дала ұрпағының еуропалық білімге деген алғашқы қадамдары еді. Оған негіз болған бірде хан тұқымы, тағы бірде қасиетті халқымыздың баласы деп жүрген Жәңгір Бөкейұлы еді.

Тәуелсіздіктің тарам-тарам жолы көп. Оның бір арнасы ілім-білім екенін де естен шығармаған дұрыс. Ендеше, соның бел ортасында Жәңгір тұратынын да ұмытпайық.

Өтепберген Әлімгерейұлы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

өлкетанушы

1736 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз