• Заманхат
  • 26 Қаңтар, 2022

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ТАРЛАНЫ ЕДІ

Тарих ғылымының тарланы, аяулы ұстазым Талас ағай Омарбековтың дүниеден өтті дегенін естігенде сол кісінің алдында отырып дәріс тыңдаған барша шәкірттері қайғырды. Талас ағай тарих мамандығына кездейсоқ оқуға түскенді де, арнайы осы мамандықты таңдап келген студенттерді де өзінің сабырлы мінезімен, байыпты дауысымен оқыған дәрістері арқылы, берген бағыт-бағдары арқылы тәрбиелеген ұстаз еді.

2018 жылы мамыр айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Талас  ағайдың 70  жылдық мерейтойына арналған конференция болып өтті. Кішкентай шақалағыммен отырғанда ағайымның мерейтойына бару мүмкіндігі болмады. Әйтсе де сол конференцияға «Талас Омарбеков және қазақ тарихы «ақтаңдақтарын» ашудағы архив материалдары» тақырыбында кішігірім баяндама дайындаған едім. Көзі тірісінде жазылған сол баяндаманы назарларыңызға ұсынып отырмын.

Қазақ тарихының «ақтаңдақтарын» ашқан Талас Омарбековтің ғылыми шығармаларына арқау болған архив материалдары. Тайға таңба басқандай етіп жинақталған фактілер мен цифрлар және архив құжаттары негізінде тарихи шындықты ғылыми тұрғыда дәлелді етіп көпшілікке ұсыну Талас Омарбековтың негізгі ұстанымы болған еді.

Қазақ тарихының «ақтаңдақтары» деп аталатын ұжымдастыру, отырықшыландыру, бай-бағыландарды тәркілеу және ашаршылық кезеңдеріне қалам тарту тәуелсіздікке дейінгі кезеңде кез-келген тарихшы үшін оңай болмағаны белгілі. Әсіресе, 1985 жылғы қайта құрудан кейін тарихи шындық, ақиқат айтылып, архив қорларының құпиялылық грифтері алынып тасталған соң, қазақ тарихының жаңа кезеңі басталған тұста үйреншікті таптаурын жолмен жүрмей, ғылыми зерттеудің өзгеше әдіс-тәсілдерін таңдау керек болған еді. Себебі, тәуелсіздік алған жылдары халық рухани тұрғыда жаңғырып, жабық болып келген көп дүниелердің сырын ашуға деген құмарлық оянған болатын. Міне, осы кезеңде алғашқылардың бірі болып Талас ағай Омарбеков қазақ тарихының «ақтаңдақтарын» ашуға қалам тартты. Партия тарихының «тастанды баласындай» болып келген Қазақстан тарихын тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мүдде тұрғысында жазған Талас Омарбеков мерзімді басылымдар мен ғылыми журналдарда көптеген ғылыми-танымдық мақалалар жариялап, ғылыми монографиялар мен оқулықтар, оқу құралдарын жазды.

Қазақстанның орталық және аймақтық архивтерінде көз майын тауысып, көптеген архив қорларын ақтарып, жан-жақты ғылыми ізденіс жүргізуінің нәтижесінде Талас Омарбековтың 1994 жылы «Зобалаң» атты ғылыми монографиясы жарыққа шықты. Автор бұл еңбегінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінің құжаттарын кеңінен пайдалануға мүмкіндік алды.

Енді сол архив қорларына нақтырақ тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің 141 қоры «Казкрайком ВКП (б)» деп аталады. Бұл қор 1925-1937 жылдар аралығын қамтыған 9 тізбеге негізделген. Ғалымның кеңінен қолданған архив құжаттарының негізгі бөлігін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві құрайды. Бұл архив ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының басынан кешкен нәубетке, зобалаңға толы тарихының құпиясын ішіне бүккен сан түрлі материалдар жинақталған ғылыми мекеме. Сондықтан да болар Талас Омарбеков қазақ тарихының ақтаңдақтарын ашуда осы архивтің құжаттарын кеңінен пайдаланған. Мәселен архивтің 1380-ші қорында Қырғыз АКСР Әділет Халық Комиссариатының 1920-1936 жылдар аралығындағы материалдары (Народный Комиссариат Юстиции Киргизской АССР – Наркомюст КирАССР, НКЮ КирАССР), 1116-қорда Алматы қаласы бойынша КСРО Халық комиссариатының Бүкілодақтық біріккен ет өнеркәсібімен жабдықтаудың Қазақ өлкелік конторасы (Казахская краевая контора Всесоюзного объединения мясной промышленности Народного комиссариата снабжения СССР (Казкрайконторасоюзмясо), г. Алма-Ата) 1928-1932 жылдардағы құжаттары, 1179-қорда Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің жанындағы көшпелі және отырықшыландыру жөніндегі Комитетінің (Комитет по оседанию и хозяйственному устройству откочевников при Совете Народных Комиссаров Казахской АССР, г. Алма-Ата) 1929-1935 жылдардағы құжаттары жинақталған.

Сонымен, Талас Омарбеков Қазақстан тарихының ақтаңдақтарын ашуда нақты қай мәселеге баса назар аударған дейтін болсақ, онда міндетті түрде бірінші кезекте «ұжымдастыру» науқанының кері салдары мен БК(б)П Қазақ Өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекиннің теріс саясатын әшкерелеп және оны архив материалдарымен дәлелдеп берді. Бұл тұрғыдан алғанда Талас Омарбековты күштеп ұжымдастырудың сырын ашқан алғашқы тарихшы ғалым деп баға беруге болады. Талас Омарбековтың 1997 жылы жарыққа шыққан «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты монографиялық еңбегінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда бай-шонжарларды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру сынды ақтаңдақтар көтерілді. Бұл еңбекті жазуда автор өз еліміздегі және Ресейдегі архив құжаттарына сүйене отырып, тақырыпты нақты ғылыми деректермен жан-жақты ашып берді.

Талас Омарбеков сырын ашқан қазақ тарихындағы келесі бір «ақтаңдақ» ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ даласында орын алған шаруалардың, байлардың, жалпы қазақ халқының кеңес өкіметінің аграрлық саясатына қарсы 30-дан аса көтерілістері мен толқулар еді. Бұл тақырып Т.Омарбековке дейін ішінара қарастырылған болатын. Ол әсіресе, Созақ көтерілісі, Тақтакөпір оқиғасы, Өскемен және Зирян көтерілістері, Шұбар-Балқаш-Шоқпар наразылықтары, Адай көтерілістері және т.б. туралы ерекше бір ғылыми құлшыныспен жазды. Бұл көтерілістердің орын алу себептерін, Голощекин саясатының қазақ халқы үшін орны толмас қасіретке алып келгендігін тарихшы ғалым архив құжаттарымен негіздей отырып, жан-жақты тарқатып жазды және ол деректер жаңа методологиялық тұрғыдан бағаланды.

Қазақстанның революцияға дейінгі, Кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздік тұсындағы тарихын ұлттық мүдде тұрғысында жазған, қазақ тарихының «ақтаңдақтарын» түгендеген ұстазымыз Талас ағайдың ғылыми-шығармашылық жолы ерекше. Ғалым адам үнемі ізденіс үстінде жүретіндігін, жүрген жерінде деректерді жинақтап, теріп алып жүретіндігін ескерер босақ, онда ғалымның жеке архивінде монографиялары мен басқа да еңбектеріне енбей қалған, әйтсе де ғылым үшін маңызы зор мол деректік мұраның жатқаны анық. Оның үстіне қазақ тарихын өрге сүйреген ғалым-реформатордың ғылыми-шығармашылық өмірбаянының өзі еліміздің ғылыми-мәдени мұрасына айналып отыр. Мұқағали ақын «шаң басқан архивтерден табылармыз» деп архив мекемелеріне «қорқынышпен» қараған болса, ғұмырының көп бөлігін архив қорларын ақтаруға, оның деректерін ел игілігіне жаратуға арнаған ғалымдар үшін «архив қорларынан табылу» – мәртебе. Бұл іс алдағы уақытта омарбековтану ғылыми бағытында атқарылар ізденістерге ғана емес, сонымен бірге еліміздің тұтас кезеңінің тарихы қалай зерттелгендігін танып-білу үшін де маңызды. Осы мол мұраны көздің қарашығындай сақтап келешекке жеткізу бүгінгі архив мамандарының еншісінде деп білеміз.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей өлшеулі ғұмырында тек жақсылығымен есте қалатын ғалым ағайымыздың артында қалдырған шығармашылығы да өлмек емес. Оған кепіл болатын еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген ағайдың алдын көрген, артынан ерген барлық шәкірттері болмақ. Ағайымыз мәңгі есімізде қалмақ.

Райгүл Хазретәліқызы,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы

 Халықаралық қазақ-түрік университеті, PhD

6765 рет

көрсетілді

99

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз