• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2022

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ ҚАЛАЙ АҚТАЛДЫ?

«Халықтар әкесі» 1953 жылғы 5 наурызда дүние салған бетте артта қалған уақыттарда жол берілген асыра сілтеушіліктер әшкерелене бастағаны белгілі. Сол жылғы 4 сәуірде, яғни көсемнің өлімінен бір ай кейін, «совет басшыларына қастандық жасауды ойластырды және жүзеге асырды» деген айыппен көрнекті дәрігерлердің бір тобына ашылған қылмыстық істің тоқтатылғаны жайында «Известия» газеті бетінен хабарланды. Және тергеу кезінде «жол беруге болмайтын тәсілдер қолдану» салдарынан, яғни қилы азаптау шаралары жасалғандықтан, айыпталушылардың «қылмыстарын» мойындауға мәжбүр болғаны тұңғыш рет ресми түрде ашып айтылды. 
 

«Отан опасызы отбасының мүшесі» (ЧСИР, «член семьи изменника родины») ретінде сотталып, советтік концлагерьлерде «жазасын» өтеп оралған, оралғалы бері де ескі түртпектен құтыла алмай жүрген Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова осыны оқыған бетте Үлкен террорда «халық жауы» деп танылған ерінің жазықсыз атылғанын мойындатуға, яғни оны содан он бес жыл бұрын жабылған қасіреті айтып-жеткізгісіз жаладан ақтап алуға белін бекем байлады...

Қаралы да қорқынышты хабарды оған бір топ жанашыр қыз-келіншек естірткен. Оңашалап ортаға алып, баспаханадан енді ғана шыққан газеттегі ресми хабарды көрсеткен. Көңіл айтқан, өзін-өзі ұстауына, жұрт жағдайды білгенде тууы ықтимал ахуалға дайын болуына, мойымай, сабырмен төтеп беруіне тілектестік білдірген. Республикадағы «отанға опасыздық жасаған, Қазақстанды Совет одағынан бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің отарына айналдыруға тырысқан», терроршылдық, зиянкестік, диверсиялық істер, шет мемлекеттер пайдасына шпиондық жасаған «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл, бухариншіл» он тоғыз партия-совет қызметкерінің тізімі ішінде ері Темірбек Жүргенов тұр еді. Міне, жанашыр қыз-келіншектер1938 жылғы 22 наурызда газетке басылған суық ақпаратты көрсетіп тұр – бәрі де атылыпты. Бәрінің де «қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырысқан... шпион бандиттер», ...«қазақ халқының ежелгі жаулары» екені айтылыпты...

НКВД архивіндегі «ССР Одағы Жоғарғы соты Әскери алқасының Көшпелі сессиясы ату жазасына кескен отан опасызы Жүргенов Темірбектің отбасына анықтама» деген құжатта «сотталған семья басы Жүргенов Темірбектің» қандай қылмыстары үшін жазаланғаны жөніндегі сауалға «антисоветтік террорлық-көтерілісшілік, шпиондық-диверсиялық ұйымның басшыларының бірі, оның қызметіне жетекшілік ету ретімен қатысты, террорлық, көтеріліс жасауды көздеген диверсиялық-зиянкестік жұмыс жүргізді» деп көрсетілген. Отбасы құрамы жайында былай жазылыпты: «Әйелі – Жүргенова-Ермекова Дәмеш. Ұлы – 12 жаста. Әже Бибіш – 60 жаста». «Сотталғанның әйелін әшкерелейтін материалдар» деген жерге: «Жүргенова-Ермекова Дәмеш Жүргеновпен бірге тұрған кезінде оның антисоветтік қызметі туралы білді және онысын жасырды» деген сөздер жазылыпты. Анықтамаға НКВД Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы 4-шi бөлімі бастығының орынбасары, мемқауіпсіздіктің кіші лейтенанты Кустов пен 4-ші бөлімнің 5-ші бөлімшесінің бастығы, мемқауіпсіздіктің аға лейтенанты Брузгулис қол қойған.

Күйеуінің совет өкіметіне «дұшпандық пиғылы мен іс-әрекетін жасырып келген» әйелі Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова «халық жауының» зайыбы ретінде партиядан қуылып, медицина институтында істеп жүрген жұмысынан шығарылды. Алматы түрмесіне түсті. Сегіз жылға сотталды. Күзге қарай Қарағанды лагерьлер жүйесіндегі 26-шы нүктеде орналасқан Еңбекпен түзеу лагеріне (ЕТЛ, ИТР) жөнелтілді. Оны Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі дейтін. Бұл ИТР еліміздегі репрессияланған белгілі қайраткерлердің әйелдерін – «Отан опасыздары отбасыларының мүшелерін» жыл басынан бері қабылдап жатқан. Ұзамай оны «Отан опасыздары әйелдерінің Ақмола лагері» («Акмолинский лагерь жён изменников Родины») деп атай бастады. Жазаланған әйелдерді «еңбекпен түзейтін» лагерьдің бұл атауының «АЛЖИР» деген аббревиатурасы кең танымал болып кетті...

Орталықтан бастап жер-жерде репрессияға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері АЛЖИР-де күндіз-түні небір ауыр жұмыстарға салынды. Сөйтіп АЛЖИР казармалық социализм құру жолындағы көп салалы шаруашылыққа айналдырылды. Және тұтқындардың еріксіз жұмыс істеуін ұтымды ұйымдастыра білу арқылы Қарлаг бөлімшелері ішінде ең жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп тұрды. Дәмеш міне осында Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың,  Сейітқали Меңдешевтің, Нығмет Нұрмақовтың, Санжар Асфендиаровтың, Жанайдар Сәдуақасовтың, Жұмат Шаниннің, Ильяс Қабыловтың, Қайсар Тәштитовтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Мұхамеджан Тәтімовтің жарлары Әзиза, Гүләндам, Рәзия, Зүфнун, Рәбия, Елизавета, Жанбике, Айша, Сағадат, Гүлбаһрам, Гүлжамал, Шәкітай, басқа да аяулы азаматтардың әйелдерімен бірге 1941 жылғы жаздың ортасына дейін болды.Сосын Коми республикасының Печора қаласындағы еңбекпен түзеу лагеріне – Печорлагқа айдалды, оған да тұрақтатпай, терістіктегі өзге де лагерьлердің бірінен соң біріне ауыстырылды...

1946 жылы Дәмеш Әмірханқызы лагерьден азаттық алып, Алматыға келді. 1938 жылы тұтқындалғанға дейін қызмет атқарған медицина институтына дәрігер болып орналасты. Алайда бір жыл өткенде ішкі істер министрлігі оның қаладан кетуін талап етті де, жұмысымен қош айтысуына тура келді. Бірнеше жылға созылған кезбе тіршіліктен кейін Қарағанды қаласына орнықты. Өкпе аурулары емханасында дәрігерлік қызметке қабылданды. Осында жүргенінде күллі қасіретінің бас себепкері дүниеден өтті және арнаулы қызметтің тергеуде қолданатын құпия тәсілі тұңғыш рет ашық әшкереленді...

...Темірбегім менің ешқашан Отанға опасыздық жасаған емес деп ойлады Дәмеш Әмірханқызы. Ешқашан. Ол жан-тәнімен халық игілігі үшін еңбек етті. Он сегіз жасар Дәмеш оқу қып Ташкентке барған, сөйтіп алғашқы курста оқып жүрген шақта Темірбек оң-солын таныған, жоғары мектепті тауысуға тақап қалған, тіпті астанасы Орынборда орын тепкен Қазақ Республикасының Ташкентті орталығы еткен Түркістан Республикасындағы өкілі болатын.  Енді бойжетіп келе жатқан Дәмеш оған ә дегенде үлгі тұтатын аға ретінде қараған еді ғой. Қазіргідей есінде, Темірбектің Шығыс қыздарының заманаға лайық тәрбие алуы қажеттігін, сол орайда қыз-келіншектер арасындағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене қатысуы қажеттігі жайындағы ақыл-кеңесін құмарта тыңдап, бұлжытпай орындауға тырысатын. Қандай тамаша кездер еді! Олардың жаңа заман хақындағы ой-пікірлері, өмірдің жасампаз құрылысына бірге атсалыспақ армандары жарасып кеткен де, араларында елеусіз түрде мәңгілік махаббат оты тұтанған еді ғой!..

Қыз бен жігіт боп өткізген уақыттарды есептемегенде, Дәмеш Темірбекпен он бір жыл ғана бірге өмір сүрді. Сол аз уақытта өмір бақи ұмытылмайтын ғажап шақтарды бастан кешті. Оның жары әрқашан  Коммунистік партияға адал болды. Ташкенттегі шағын айтпай-ақ қойсын, партия оны алапат ашаршылықтан күйзелген халқының еңсесін көтерісу үшін Алматыға жібергендегі атқарған шаруаларын айтсайшы!

Дәмештің Темірбегін жұрт Темір-Нарком дейтін. Ол партияның халық игілігіне бағытталған шешімдерін жүзеге асыруда әрдайым табандылық көрсетті. Республикада жүргізіле бастаған мәдени революцияның көрігін үстемелете қыздырып тұрды емес пе!  Қанша мектеп пен көркемөнерпаздар ұйымдарын ашты. Халық таланттарын жинап, арнайы слёт өткізді. Күні кеше аштықтан қырылған, тірі қалғандарының шамасы жеткендері жан-жаққа босып кеткен, өз елінде селдіреп тоз-тоз болған халық қалай дүр сілкінді, қайтіп түледі десеңізші!..

Ол жер-жерде, астанада өнер ошақтарын ашты, қазақ еліне мүлдем таңсық опера театрын ұйымдастырды. Мәдениет саласына жұмылдырылған күллі шығармашыл жұмыстың квинтэссенциясындай болған Мәскеудегі әдебиет пен өнер онкүндігін айтсаңыздаршы! Сол шақта Үлкен театрдағы көрермендер қатарында болған Дәмештің өзі куә, қазақ әртістері Сталин жолдас бастаған үкімет басшылары мен мәскеулік талғампаз жұртшылық алдында ғаламат зор өрлеу үстінде ғажайып өнер көрсетті. Шығыстың, дамуы кенжелеп қалған делінетін қазақтың керемет мәдениетін танытты. Осындай жетістіктерді өз деңгейінде көрсете алу жолына Темір-Нарком бастаған мәдениет қызметкерлері неткен жанқиярлық еңбек сіңірді дейсіз! Партия мен үкімет декадашыларды, олардың жетекшісі Темірбекті де орденмен марапаттап, сол кезде-ақ бұған әділ бағасын берген!

Дәмеш Әмірханқызы бір сәт қабағын түйді. Оның Темірбегіне, халықтың Темір-Наркомына, сөз жоқ, жала жапты! Және күні кеше биік өкімет өткенгі кемшілікті әшкерелеу ретімен ашып айтып қалған қилы қинау, азаптау тәсілдерін, күмәнсіз, Темірбекке де қолданды. НКВД түрмесінде соңғы мәрте көргеніндегі бет-пішіні әлі көз алдында әрине, күш көрсетті, сөйтіп оған жапқан жаласын «мойындатты». Бұған оның жан жарының, жазалаушылар «сатқын» деп тапқан адамның зайыбы болғаны үшін «қылмысты» саналып, пәлен жылын концентрациялық лагерьлерде өткізген Дәмештің сенімі кәміл...

 Архивтік құжаттар Дәмеш Әмірханқызының күдігінің негізсіз емес екенін аңғартады. 1937 жылғы 2 тамызда ҚССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің УГБ(мемқауіпсіздік басқармасының) 4-ші бөлімінің 6-шы бөлімшесінің бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Катков  «Алматы қаласы Фурманов көшесі №120 үйде тұратын, 39 жасар, қазақ, азамат Жүргенов Темірбектің тергеу материалдарын қарап», оны троцкистермен және оңшылдармен байланысқан антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесі, белсенді түрде антисоветтік және ұлтшылдық жұмыс жүргізіп жүр деп тауып, «азамат Жүргенов Темірбекке (Байтемір де сол)  алдын кесу шарасы ретінде Алматы қаласындағы ҚазССР ІІХК-нің (НКВД, Ішкі істер халық комиссариатының) тергеу түрмесіне абақтыға жабу таңдап алынсын» деген қаулы шығарды. Қаулы соңына «Жүргеновті тұтқындауға ССРО Прокуроры Вышинский санкция берді, бұл жөнінде 1937 жылғы 27 шілдеде ССРО НКВД-сы жеделхатпен жіберген хабарлама бар» деген жолдар жазылған.

Сол күні тұтқынның анкетасы толтырылып, одан алғашқы жауап алынды. Көз салайық: «Айыпталушы Жүргенов Темірбектің 1937 жылғы 2 тамыздағы көрсетуі.

Сұрақ: Сіз контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым мүшесі ретінде тұтқындалдыңыз. Контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның құрамында тұратындығыңыз үшін өзіңіздің айыпты екеніңізді мойындайсыз ба?

Жауап: Жоқ, өзімді айыптымын деп мойындамаймын, өйткені мен ешқандай контрреволюциялық ұйымға кірген емеспін және маған бұл секілді  ештеңе де мәлім емес».

Қылмыстық іске бұдан кейін 13 тамызда тергеушімен тағы бір кездесу болғаны тіркелген: қайтадан анкета толтырылған, тұтқынға қылмыстық кодекстің қандай бабтары бойынша айып тағылатыны хабарланған. Шамасы, осы уақыттарда тергеушілер Бас прокурор Андрей Януарьевич Вышинский тұжырымдады делінетін, қылмысты дәлелдеудің төресі – айыптының өз айыбын мойнына алуы екенін шегелеген қағиданы басшылыққа алып, тұтқын Жүргеновтің «жасаған қылмысын» мойындатуға қол жеткізумен шұғылданса керек. Хаттамасы жоқ сондай мақсатты тергеулер нәтижесінде, алғашқы тергеуде өзін айыпты деп санамаған тұтқын араға бір ай салып, шынын айтуға, ағынан жарылуға дайын екенін жазған өтініш береді...№ 04312 істің 1-ші томында 1937 жылғы 8 қыркүйекте жүргізілген тергеудің хаттамасы бар. Хаттамаға қарағанда, НКВД тергеушісі Темірбек Қараұлы Жүргеновке: «Сіз өтініш бердіңіз, онда Сіз өзіңіздің контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның қатысушысы екеніңізді мойындадыңыз, – деген сөздермен өтінішінің мазмұнын еске салып барып:– Сіз осыны растайсыз ба?» – деп сұрайды. Сонда тұтқын: «Иә, растаймын, – деп жауап қатады. – Мен – Жүргенов Темірбек, шынында да антисоветтік ұлтшылдық ұйымға  қатысушымын. Бұл ұйымға мені 1931 жылы Қожанов Сұлтанбек тартты, міне, сол уақыттан бері, антисоветтік ұлтшылдық ұйымның  қатысушысы ретінде, мен оның құрамында контрреволюциялық жұмыс жүргіздім». Осылай басталған тергеу «қылмысты шын жүректен мойынға алу» ретімен жалғаса береді...

Дәмеш Ермекова Үлкен террор кезінде «ортағасырлық жауап алу тәсілі» дәуірлеп тұрғанын үрейлене шамалаушы еді, тап сондай ащы шындық «дәрігерлер ісіне» орай 1953 жылы ресми тұрғыда жария болғанда, енді оған шүбәсіз сенді. Ол жазықсыз жапа шеккен күйеуі Темірбек Жүргеновтің ісін қайта қарауды сұрап, алғашқы өтінішін сол 1953 жылы жазды. Жоғары органдар, әрине, әйелі сұрады екен деп Жүргенов ісін қайта қарауға асыға қойған жоқ.

Сөйтіп жүргенде елді Берия ісі дүрліктірді.Ол, Лаврентий Павлович Берия, бас мемлекеттік қауіпсіздік комиссары, Сталиннің ең жақын тұтатын адамдарының бірі болған Берия, 1953 жылғы жазда тұтқындалған. Отанға опасыздық жасады, билікті басып алуға әрекеттенді деп айыпталған. Жыл аяғында атып тасталды. Ал ол Үлкен террор кезінде «халық жауын» тапқыштардың да басында тұрған еді ғой. Ендеше жауыздың әшкереленуі оның құрбандықтарын ақтауға жол ашуға тиіс... 

Осындай ой қорытқан Дәмеш Әмірханқызы 1955 жылдың жазында Мәскеуге барды, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып, басшының қабылдауына кіруге тырысты. Кірді. Тілегін ауызша айтып, жазбаша өтінішін қалдырды...

1931 жылдан Совет Одағы Коммунистік партиясының бұрынғы мүшесі, Қарағанды қаласындағы Ленин проспекті, 47-ші үйдің 14-ші пәтерінде тұратын  Дәмеш Әмірханқызы Ермекованың архивте сақталған сол өтінішіне «Бас әскери прокуратурадағы қабылдаудан, 26. ІХ. 1955 ж.» деген мәліметі бар штамп қойылған екен. Мәтіні мынау:

«Мәскеу қаласының Бас әскери прокурорына. Киров көшесі, № 41 үй.

Өтініш

Сізден менің күйеуім Жүргенов Темірбек Қараұлының ісін қайта қарауды өтінемін. Ол 1898 жылы туған, қазақ, 1921 жылдан СОКП-ның бұрынғы мүшесі, 1937 жылы тұтқындалғанға дейін Қазақ ССР Ағарту халкомы және сол Республиканың Өнер мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы болып істеді, Алматы қаласындағы Қазақ Опера театрының ұйымдастырушысы болды.

Бірге өмір сүрген 11 жыл бойында  мен Жүргеновті Коммунистік партия жіберген жердің бәрінде де талантты ұйымдастырушы және басшы болған, революция ісіне шексіз берілген табанды большевик ретінде білдім. 

Ташкент қаласындағы Ортаазиялық Мемуниверситетті бітіріп, ол 1928 жылдан 1930 жылға дейін Ташкент Мемуниверситетінің проректоры, Тәжік ССР-нің Қаржы халкомы, 1930–1933 жылдары Өзбек ССР Ағарту халкомы болды.

1933 жылғы шілде айында Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (СОКП ОК) шешімі бойынша Алматыға Қазақ ССР  Ағарту халық комиссары қызметіне ауыстырылды.

Қазақ Опера театрын құрғаны үшін, қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігін табысты өткізгені үшін 1936 жылдың мамыр айында менің күйеуімді КСРО Жоғарғы Советінің Президиумы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады.

Мен Коммунистік партияның Орталық Комитетін және Сізді мынаған сендіремін: менің күйеуімді және ол үшін мені де тұтқындау – еңбекшіл советтік отбасын іс жүзінде құрту – Берия мен оның сыбайластарының дұшпандық қолы жасаған іс болып табылады.    

Мынаны ескеруді сұраймын: менің өзім қазақ қызымын, совет мектебінің тәрбиеленушісімін және тек қана Совет өкіметі мен Коммунистік партияның арқасында жоғары білім алдым. 1929 жылы Ташкент Мемуниверситетінің медицина факультетін бітірдім, 1931 жылдан СОКП мүшесімін. Күйеуім тұтқынға алынғанға дейін Алматы қаласындағы Молотов атындағы мединституттың терапевтік клини-касында ассисент болдым.

Мен халық жауларының қалауымен ешқандай кінәсіз, тергеусіз, сотсыз, тек өзімнің жазықсыз күйеуімнің әйелі ретінде1938 жылы тұтқындалдым, сөйтіп 8 жылға КСРО ІІХК-ның (Ішкі істер халық комиссариатының) Солтүстік Орал еңбекпен түзеу лагерьлеріне қамалдым. Лагерьлерде 7 жыл адал жұмыс істеп, сотталған мерзімімнің аяқталуынан  бір жыл ерте  лагерьден босандым.

1946 жылдың соңында Қазақстанға оралдым да, Алматыда 1948 жылға дейін мединститутта дәрігер болып істедім.

1948 жылы Қазақ ССР ІІМ (Ішкі істер министрлігі) маған қайтадан сүйікті жұмысымды тастап, Алматыдан кетуімді ұсынды. Көп кезбелік-қиындықтан кейін Қарағанды қаласында 1953 жылдан бастап қалалық туберкулез емханасында дәрігер-фтизиатор болып істеудемін. Барлық білімім мен күшімді біздің халқымыздың  игілігіне қызмет етуге жұмсап келемін. 18 жыл бойы «отан опасызы отбасының мүшесі» делінетін масқарапаз таңбаны көтеріп жүрмін.

Күйеуімнің ісінің қайта қаралуын жылдамдатуды, оны тым болмаса өлгеннен кейін және мені ақтауды,  сонымен бірге оны және мені туған Коммунистік партия қатарына қайтаруды өтінемін.

Менің жұмысым туралы мінездеме Қазақ ССР ІІМ-нің  облыстық басқармасы арқылы 1953 жылы, одан кейін 1955 жылы менің Бас Әскери Прокуратураға  берген өтініштеріме тіркелген.

Күйеуімнің және өзімнің тұтқын-далуыма байланысты туындаған барлық қиындықтарды менің лагерьлерде және босанғаннан кейін адал, ақ ниеттілікпен еңбек етуім арқылы ержүректік көрсетіп жеңгенім ескерілуін сұраймын.

Істі қайта қарау, міне, екі жыл бойы созылып келеді, бұл менің лагерьлерде бұзылған денсаулығыма теріс әсерін тигізуде. Менің сұрауымды кері қақпауды, маған істің жылжуы жайынан хабар беруді өтінемін. 

Ермекова Д.Ә.26 сентябрь 1955 жыл».

***

Бұл жолы Дәмеш Әмірханқызының тілегіне назар аударыла бастады. Сең қозғалды. Тиісті мекемелер арасында көтерілген мәселеге байланысты хат алысулар жүргізілді. Солардың бірі мынандай. 1955 жылғы 4 қарашада ССРО Бас әскери прокуратурасы Алматыға «Айрықша бақылау» айдарымен, «құпия» деп көрсетіп,  «Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-майор Губин жолдасқа» арнайы хат жолдады. 

«Сіздің 1955 жылғы 8 қазандағы № 8/2-1028 сұрауыңызға сәйкес Жүргенов Темірбекке ашылған архивтік-тергеу ісін жіберіп отырмын», – делініпті онда. «Осымен бір мезгілде Жүргенов ісі бойынша РСФСР УПК (ҚПК, қылмыстық-процессуалдық кодексі) 373–377 бабтарында көзделген ретпен қосымша зерттеу жүргізуді сұраймын, – деп жалғастырылыпты бұл хат, – өйткені іске тігілген материалдар бойынша дұрыс шешім қабылдау мүмкін емес».

Сосын Жүргеновтің үкім бойынша қандай жәйттерге байланысты айыпты деп табылғанын еске салған: «...ол 1931 жылдан антисоветтік ұйымға қатысушы болып табылады, осы ұйымға ол жаңа қатысушылар тартумен шұғылданды және диверсиялық-зиянкестік қызмет жасады. Жүргенов алдын ала жүргізілген тергеуде де, сотта да өзінің айыпты екенін мойындады».

Осыны айта келе, істі қайта қарауға не себеп болғанын айтыпты: «Сотталған Жүргеновтің әйелі, азаматша Ермекова Д.Ә. СОКП ОК (Совет Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті) жанындағы КПК (партиялық бақылау комиссиясы) адресіне жолдаған  арызында оның күйеуі Жүргенов халық жауы Берияның құрбаны екенін айтып, күйеуінің сотталуының дұрыс-бұрыстығын тексеруді сұрайды».

Бас әскери прокуратураЖүргеновтің  ісін зерттеп қарағанда – оның толық тексерілмегеніне көз жеткізіпті. «Алдын ала тергеуде Жүргенов өзінің антисоветтік ұйымға жататынын жоққа шығармай, сонымен бірге оның жеке өзі ұйымға» бірнеше адамды (Баймахановты, Айтменовті, Әсімовті, Үсеновті, Залиевті, Тағаевты, Шынтасовты, Махинді және Сұлтановты) тартқанын көрсеткен екен. «Алайда көрсетілген адамдар іс бойынша тергелмеген және олар қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па, – белгісіз. Жүргеновтың  айыптау қорытындысында көрсетілген диверсиялық және зиянкестік қызметі ешқандай құжаттық деректермен расталмаған».

Сондықтан қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде тізімде көрсетілген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма соны анықтау керек. Егер олар сотталған болса, онда олардың істерін егжей-тегжейлі шолған анықтама жасалып, оларды кім және қашан тұтқындады, олар Жүргеновке қатысты алдын ала тергеуде және сотта қандай көрсетулер берді, олардың көрсетулері тергеулердің Жүргенов ісіне тігілген түпнұсқалық хаттамаларына сәйкес келе ме, жоқ па, ашып жазылсын делінген. Сондай-ақ Шанинге, Андижановқа, Сукинге, Құрамысов пен Нұрмұхамедовке және Қожанов, Рысқұлов, Нұрмақов, Құлымбетов, Сәдуақасов, Асфендиаров, Сейфуллиннің, көрсетулері Жүргенов ісіне тіркелген басқалардың да  архивтік-тергеу істері бойынша толық шолу-анықтамалар жасалуын сұраған, оларда да  Баймаханов, Айтменов және басқалардың істері бойынша жасалмақ анықтамадағы сұрақтар қамтылуы тиістігін ескерткен.

Бұлардан кейін Темірбек Жүргенов қызмет атқарған Ақтөбе облысының Ырғыз аудандық атқару комитетінен оның әлеуметтік жағдайы туралы анықтама алыну тапсырылған (түрмеде толтырылған анкета бойынша – Ырғыз оның туған ауылы).

Жүргеновті Айыптау қоры-тындысында және оның 1937 жылғы 8 қыркүйектегі көрсетулерінде айтылған зиянкестік пен диверсиялар жөніндегі фактілер әлдеқандай объективті деректермен растала ма, соны көзі тірі куәлерден жауап алу және ҚазССР Ағарту министрлігінің тиісті архивтерін тексеру жолымен анықтау қажет екені айтылған. Жүргеновтің көрсетулерінде ағарту саласы бойынша зиянкестікпен айналысты делінетін «Мүсірепов, Тәштитов және басқа да адамдар жауапкершілікке тартылды ма», соны да тексеру, аталған адамдар сотталған болса, тиісті анықтамалар жасалуы сұралған. 

Арнайы бір тармақта Жүргеновтің ағарту халкомы боп істеген кезінде жұмыс бабы бойынша қалай сипатталғаны анықталсын деген талап қойылған. Бұл үшін Жүргеновпен бірге істеген адамдарды тауып, қосымша тергеу жүргізілсін делінген.

Партархивті қарау, қандай деректер негізінде партиядан шығарылғанын анықтау тапсырылған. Қандай да бір антипартиялық топтар мен оппозицияда болғаны жөнінде құжаттық дерек бар ма, партқұжаттар бойынша ол қалай бағаланған екен, тиісінше мағлұмат берсін делінген.

Қазақ ССР НКВД-сының бұрынғы қызметкерлері Брузгулис, Рупасов, Залин, Оспанов, Розенфельд қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма екен, тексеру керек деп атап айтқан. Егер аталған адамдар   жауапқа тартылған болса, олардың істері бойынша шолу-анықтама жасап, онда Жүргеновтің ісін бұрмалағаны және тергеудің заңсыз тәсілдері қолданылғаны жайында оларға айып тағылған ба, соны көрсетсін деп сұралған.

Қажет болған жағдайда тексеру барысында туындауы ықтимал және Жүргенов хақында шешім қабылдау кезінде маңызы болуы мүмкін басқа мәселелер де анықталсын дейді.

Осылардың бәрін Бас әскери прокурор көмекшісінің міндетін атқарушы, юстиция подполковнигі Долженко жеке-жеке түйіндеп айтып, тапсырманың орындалуын 1956 жылғы 5 наурызға дейін күтетінін ескерткен. Содан соң ол  хатын:«Азаматша Ермекова Д.Ә. берген шағым СОКП ОК жанындағы ПБК-ның (КПК) айрықша бақылауында тұрғанын құлағдар болу үшін хабарлаймын», – деп аяқтапты. 

Дәмеш Жүргенова-Ермекова
 

Бас әскери прокуратураның Мәскеуден жолдаған хатына сәйкес Қазақ мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан шақта, 1955 жылғы 23 желтоқсанда, Түркістан әскери округінің Әскери трибуналы «отан опасызы отбасының мүшесі» ретінде жазаланған Дәмеш Әмірханқызы Ермекованың ісін қайта қарап, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақтады. Бұл қуанышты хабар-тын, бірақ оны жартылай ғана жеңіс деп санаған Дәмеш Әмірханқызы жүрегі лүпілдеп, басты хабарды тосты. Темірбек жайындағы өтінішінің қаралу барысын тағатсыздана сұрастырды.

Алайда билік тұтқасын ұстағандар асықпады. 1956 жылғы 14–25 ақпанда СОКП-ның ХХ съезі өтті. Съездің соңғы күнінде СОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущев «Тұлға культі және оның салдарлары» атты әйгілі баяндамасын жасады. Сталиннің жеке басына табынудан туған сорақылықтар әшкереленді. Аталмыш партсъезден кейін Үлкен террор жылдары жазықсыз жазаланғандарды ақтау жүйелі түрде жүре бастаған тәрізденді. Алайда Темірбек Қараұлы жайынан Дәмешке көңіл жұбатарлық хабар әлі жетер емес...

Ақыры Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен 1956 жылғы 14 тамызда Мәскеуге, Бас әскери прокуратураға,  юстиция подполковнигі Долженкоға жауап хат жөнелтілді. Онда: «Жүргеновке тағылған айыптың толық емес, нақты емес екендігі және қайшылықты материалдарға негізделгені жүргізілген тексеріс барысында анықталды», – деген қорытынды айтылып, дәлел ретінде көптеген мысалдар келтірілді.

Атап айтқанда, Жүргеновтің ұлтшылдық контрреволюциялық ұйымға мүшелер тартқаны, ағарту комиссары кезіндегі зиянкестік қызметі қосымша тексеру материалдарынан көрініп тұрғандай, расталмады деп хабарланды. Халкоматтың куә ретінде тергелген бұрынғы қызметкерлері оны тек қана жақсы басшы ретінде сипаттады. Көрсетулердің көптігіне қарамастан, халық комиссарының антисоветтік ұлтшылдық ұйымға қатысуы жеткілікті дәрежеде дәлел тапқан жоқ.

Жандосов және басқалардың оны Қазақстандағы көтерілістерді басқарды дегені де ешқандай ресми мәліметтерде расталмайды. Жүргеновтің диверсиялық қызметі жөніндегі көрсетулерге де нақты дәлел табылмады.

1936 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің бір лабораториясында шынымен де өрт болған екен, бірақ өрттің неден шыққаны кезінде анықталмағанын Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі мұқият тексеріп барып хабарлаған көрінеді.

Жүргеновтің шпионажға қатысы, халық шаруашылығына, мәдениетке тигізген зиянкестігі жөнінде ешқан-дай дәлел болған емес. Оның ісінде антисоветтік ұлтшылдық ұйым мүшелері ретінде аталатын көптеген адамдар (Мүсірепов, Мұқанов, Әуезов, Байсейітов және басқалар) жауапқа тартылмаған, ал Мирзоян мен Исаевты 1956 жылы Жоғарғы сот толық ақтаған.

«Партиялық архивтен Аман-жоловтың 1937 жылғы 30 тамыз-да жазған шағымынан басқа, Жүр-геновтің антисоветтік қызметі туралы ешқандай дерек кезікпеді» деп хабарланды одан әрі. Аманжолов шағымында Жүргеновті ұлтшыл адам ретінде сипаттап, оның «Алашорда» контрреволюциялық ұйымымен бір екенін айтқанымен, «онысын қазіргі таңда да растап жүргенімен», келтірген дәлелдері қандай да бір материалмен расталмайды, әріЖүргеновтің «Алашордаға» жататыны жайлы архивте дерек жоқ.

Осы айтылғандарды ескергендіктен және «Жүргенов ісі бойынша тергеу жүргізген НКВД-ның бұрынғы қызметкерлері Залин сотталып, ал Катков пен Оспанов социалистік заңдылықты бұзғаны үшін органнан шығарылғандықтан», Жүргенов Темірбекті айыптаған іс қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен тоқтатылуы тиіс. Тексеру нәтижесін осылай тұжырымдаған хатқа Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал-майор Арыстанбеков  қол қойған.

Ақыры 1957 жылғы 18 сәуірде ССРО Жоғарғы сотының ұйғарымы шығарылды. Істі қарау кезінде Бас әскери прокурор тексеру қорытындысы бойынша үкімнің күшін жоюды сұраған, өйткені 1956 жылы жүргізілген қосымша зерттеулер мен тергеулер айыптау үкіміне негіз болған дәлелдерді дәйексіз деп тауып, жоққа шығарды. Жүргеновтің көрсетулеріндегі мойындаулары өзіне жалған кінә тағу («самооговор»)ретінде қаралуға тиіс, себебі жүргізілген тексерулер оның ешқайсысына да нақты дәлел таппады.

Жүргеновті халық ағарту саласында зиянкестік жасаумен шұғылданды деп тағылған айып та расталмады. Керісінше, Қазақ ССР-індегі оқу орындары жыл сайын көбейіп отырған және ол тікелей Жүргеновтің белсенді рөл атқаруының арқасында мүмкін болған.

Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің партархиві оның ешқандай антипартиялық топтарға қатыспағанын, ағарту халық комиссары ретінде өлкеде мәдениет құрылысы мәселелерін шешуде большевиктік табандылық көрсетіп отырғанын, партиядан тұтқындалуына байланысты шығарылғанын хабарлапты.

Социалистік заңдылықты бұзған тергеушілер қауіпсіздік органынан аласталған.

Жоғарғы соттың Әскери алқасы осылардың бәрін қарай келе, Жүргенов Темірбекке 1938 жылғы 25 ақпанда шығарылған үкімді жоюға, ол жөніндегі істі қылмыс құрамы болмағандықтан, доғаруға ұйғарды.

Темірбек Қараұлы Жүргенов 1957 жылдың 18 сәуірінде осылай толығымен ақталды. Бұл кезде Алматыдағы медицина институтында сүйікті қызметін атқарып жүрген Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова қуаныштан көз жасына ерік берді...

Сосын тез қатуланып, бойын жиып алды, себебі алда жазықсыз саяси репрессияланудан ақталған ерінің  елі үшін жасаған ерен еңбегін жаңғыртып, халқына таныту сынды ұлан-ғайыр жұмыс тосып тұрған.

Бұл істе оған Темірбек Қараұлының жерлесі, әрі өзі де қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Мардан Келдібайұлы Байділдаев риясыз жәрдем көрсетті. Ол Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, халық әдебиеті үлгілерін жинаушы, зерттеуші болатын, кезінде бұл ізденімпаз жас фольклоршыны Мұхтар Әуезов ғылымның еңбекторысы деп атаған-тын. Ұлы ғалымның бұл бағасын Мардан Келдібайұлы жаңа қырынан да ақтады, ол есімі мен еңбегі «халық жауы» болғандықтан тарих қоқысына ысырылып тасталған, іс жүзінде ұмыттырылған  Темірбек Жүргеновтің өмір жолын жаңғыртуға  өлшеусіз көп еңбек сіңірді.

Ғаламат мемлекет және мәдениет қайраткері жайында қилы зерттеулер мен мақалалардың жазылуына қозғау салды, оның ақталуына көп қажыр-қайрат жұмсаған жұбайы Дәмешті жұртшылықпен кездесулерге апарып, танымдық, насихаттық жұмыстар жүргізді. Әсіресе оны  күйеуінің Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы  жерлестерімен, ағайын-туғандарымен іс жүзінде бірінші рет  табыстыруы керемет оқиға болды...

Қайта құру саясаты дәуірлеп тұрған жылдар еді, қайраткердің тоқсан жылдығына  орай өтпек мерейтойға қатысу үшін Алматыдан Жалағашқа арнайы делегация келген. Делегацияның ерен де ерек мүшесі, бас тұлғасы  Дәмеш Әмірханқызы сонда ерекше толқыған. Себебі Темірбектің көзі тірісінде оның туып-өскен жерін, туысқандарын көрудің ыңғайы келмеген-тін. Ондай мүмкіндік, міне, енді ғана, қартайған шағында туды. Тебіреніп, естелік айтты, өзі тұңғыш көрісіп отырған ел-жұртқа, азаматының туыстарына келін ретімен иіліп сәлем салды...

Бақыттан бас айналғандай-тын. Ерінің адал есімін қоғамға қайтару мақсатында қандай қиындықтар мен кедергілерді бастан кешті, ақыры жетті мұратқа! Осыны ойлағанда өз жеке басының жетістіктері (1966 жылы республикаға еңбек сіңірген дәрігер атағын алуы, 1982 жылы Алматы қаласының құрметті азаматы атануы) қатардағы жәйттер секілденді. Жан жары, күллі күш-жігерін республика мүддесіне сарқа жұмсаған қайраткер халқымен қайта қауышты, шын қауышты! Міне, нағыз қуаныш!

Алда оны терең тани түсу, есімін мәңгілікке қалдыру шаралары тосып тұрған. Алайда Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова оларды көре алмады, 1990 жылы дүниеден өтті...

Бүгінгі таңдағы репрессия құрбандарын толық ақтау міндеті тұрғысынан қарағанда, Темірбек Қараұлына қатысты негізгі шаралар орындалған. Істі солақай, дөрекі тәсілдер қолдану арқылы бұрмалаған тергеушілер де өз жазаларын алған,тіпті Қазақ Республикасының ішкі істер халық комиссары лауазымында талай қызметкерді жазықты етудің басында тұрған Лев Борисович Залин де ССРО Ішкі істер халкоматында бөлім басқарып отырғанымен ұсталып, атып тасталған.

Дегенмен бұрын қолданылған шаралармен шектелу жеткіліксіз тәрізденеді. Өйткені тұтқындарды физикалық азапқа салу арқылы керекті нәтижеге қол жеткізуге тырысу ол кезде тергеудің ажырамас бөлігіне айналғаны анық, бұдан бүгін де құтылдық деп айта алмаймыз, ал бұл ойландырмай қоймайды.

Рас, әдетте құпия жүргізілетін мойындату шаралары қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктердің арқасында тез жарияға шығып, бұрынғыдай жабық қала бермеуге айналды. Тек оларды дәлелдеу қиын. Өйткені шағымды тексеру әдетте  сол азаптауға жол берушілердің өздеріне тапсырылады...

Демек күштік құрылымдардың жазалаушылық «өнерлері» әшкере-ленгенмен, айыпталмай қала беруін көрген сайын қара халық қолдарына зор билік шоғырландырған әділетсіздерге деген жеккөрушілік сезімін күшейте түседі деген сөз. Сондықтан да өткен ғасырдағы қуғын-сүргіннің қыр-сырын бүкпей анықтап, заң қызметкерлерінің заңмен бүркелген заңсыз тәжірибелерінен дұрыс сабақ ала білу қажеттігін ұмытпау парыз.

Мәселені репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия терең зерттесе орынды болар еді.

Тергеу барысын, жауап алулар үдерісін қоғамдық бақылауда ұстайтын, әр заңсыз әрекетке дер кезінде тыйым салатын, жалпы тұтқындармен қарым-қатынасты ізгілендіруді көздейтін тиімді әдістер табу қажеттігін ойдан шығармау ләзім.

4713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №5

31 Мамыр, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы