• Тарих толқынында
  • 30 Сәуір, 2022

ҚАРҚАРАЛЫ ПЕТИЦИЯСЫ ТАРИХЫ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ

Мен осы кітапты жазуды қолға алған кездегі (2000 ж.) жоспарым онша үлкен емес еді. Абыралы ауданына карасты бес болысты елдің (Абыралы, Ақбота, Бөрілі, Дегелең, Темірші) өмірі, тарихы, жер-суы, адамдарының тағдыры туралы тереңірек үңіліп мұрағаттан мәліметтер іздеуден бастадым. Архив байлығы – ғажап екен. Менің кітабымның тереңдеуіне себепші болды. Абыралының бес болысының тағдыры бүкіл қазақ даласының тағдыры десем, өтірік болмас. Мұрағаттан өте көп құжаттар табылды. Олардың бірі көпшілікке белгілі болса, екіншісі белгісіз-дегендей қорытындыға келдім. Оны халқымызға жеткізу міндетіміз болар. Мұрағаттың шаңында көміліп жатпауы керек. Әрине, мұрағатты толығымен қарап шықтым деп ешбір адам, ғалым айта алмас. Оны қарап шығуға мыңдаған адамның өмірі жетпес. Мен он үш жылда аса мол деректерге ие болдым. Сонда көзім бір нәрсеге жетті. Ол қазақ даласында болып жатқан өмір тіршілігінің қай саласында болмасын Абыралының бес болысы азаматтарының үлесі бар екендігі туралы.

Тарихты қазбалай берсек, нелер ғажап жағдайларға кездесеміз. Бір адам немесе жүздеген адам оның түбіне жете алмайды. Солай болсада қазақ елі тарихының кейбір қырларын шама келгенше зерттеп оны Абыралы елімен байланыстыру – кітабімнің негізгі міндеті.

Қазақ елінің тарихынан үлкен үлес алатын бір ғажап құжат былай аталады: «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург депутации для представления от Киргизского народа петиции царю». Осы құжатқа 42 адам қол қойған. Соның 10-ы Абыралы ауданына қарасты бес болыстың азаматтары. Осы петицияны ұйымдастырушы Әлихан Бөкейханов мен Жақып Ақпаев болуы керек деп Қарқаралының уездік бастығы дала Генерал-Губернаторына хат жазыпты. Петиция 47 пункттен тұрады.

Жасырын полиция орындарының тыңшылары арқылы осы петицияның тарихын, кімдер белсенділік көрсеткенін, қол қойған адамдардың аты-жөндерін, тағы басқада толып жатқан жағдайларды құпия тұрде бақылап отырған. Бұл құжатты ұйымдастырған қазақтың дана ұлдары – Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақпаевтар. Олар Абыралыға қарасты бес болыстың азаматтарымен тығыз қарым қатынаста болған. Соның айғағы 42 адамның 24 проценті Абыралылықтар. Ол тегін болмаса керек. Әлихан мен Жақып аталарымыз танымайтын адамдармен қарым-қатынас жасай қоймас. Абыралылық азаматтардың аты-жөнін петициядан да оқисыздар. Ал мен оларды жеке көрсетуді дұрыс деп шештім. Олар мыналар:

1.Абыралы болысынан – Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов.

2.Ақбота болысынан: Жүсүп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев.

3.Бөрлі болысынан: Толмұхамет (халқ, «Тоқмет қажы» деп атайды) Алтынторин, Рақия Сатпаев.

4.Дегелең болысынан: Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов.

5.Темірші болысынан: Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов.

Міне, батыр аталарымыз. Әрине, бұл кісілер халықтың намысын өз жеке намысы арқылы қолдады. Патшаның тыңшылары айтқандай, бай адамдардың мүддесін қорғайтын талаптар қойды. Қазақ деген халық ешкімнен кем емес. Ақыл да, намыс та бар. Олармен санасу керек. Қазақтар орналаскан жерлерді Ресей әскерлері тартып алғаны дұрыс емес. Ресейдің қол астында болған соң, басқа халықтар пайдаланып жүрген құқықтармен тең бөлісу қажет. Өз жеріндегі кең байлыққа қазақтардың өздері ие болуын заңдастырса. Соңғы 20 жылда казақтардан тартып алынған жерлері қайтарылсын. Бос жерлерді Ресей мен Кавказдан келген мұсылмандарға беру керек. Жоғарғы басқару орындары Дума сияқты жерлерде өкіл болу қажет. Петицияның негізгі талаптары осылайша батыл жазылған. Бұл талаптарды орындатпау кажет деп Ресейдің ішкі істер Министрлігі, Дала Генерал-Губернаторы Семейдің соғыс губернаторына хат жазыпты. Әсіресе сайлау өткізуге жол берілмесін деп талап еткен. Осы петицияға қол қойған адамдардың ең болмағанда бірнешеуінің аты-жөнін хабарлауды сұраған. 1905 жылдарда осындай қадамға бару шын ерлік, үлкен жүректілік. Патшаның қылышы қанға боялып, ешкімді де аямай жауыздық жасауға дайын тұрған кезі еді. Төмендегі хаттарды оқып шықсаңыздар оған көз жеткізуге болады. Бастарын қатерге тіккен жандардың көпшілігі 1928 жылдары конфискацияға ұшырап, кейіннен «Халық жауы» атанып өмірлерінің соңы қасіретпен аяқталды. Бұл аталарымыздың есімдерін тарихта қалдыруымыз керек.

Ал жоғарыдағы аталарымыз көтерген тарихи мәселенің маңызын түсіну үшін мұрағаттан табылған құжаттарды сол қалпында берудің мүмкіндігі туды. Соған көңіл аударайық.

Менің кітаптарымның 2 томында «Қарқаралы петициясының» мәтіні орыс тілінде (Алматының мемлекеттік архивінен 2001 жылы – көшірмесін толық алған едім) жазылған. Соны қазақшаға аударып қазақ халқына батырлардың есімдерін бергенді дұрыс деп есептедім. Бүгінде кейбір газеттерде, атағы дардай тарихшыларымыздың өздері «бұл неғылған көп батырлар» деген сөзді тағы да айта бастапты. Оларды қазақ даласында жоңғарлармен соғыстың 180 жыл болғанын, онда мыңдаған батырлардың арқасында жеңіске жеткенімізді түсінгісі келмейтін «Жалған тарихшылар» дер  едім. Тағы да кітаптарды шығаруға рұқсат беретін цензураны аңсап жүрген ғалымсымақтар да барға ұқсайды. Өзінде іліп аларлық бірде-бір кітабы жоқ, архив құжаттарына сәйкес том-том тарихи кітаптарды шығарушыларды қызғана бастапты.

Осы батырларымыздың ерлігін 1905 жылы төмендегі батырлар (Бұл да майдан) әрі қарай жалғапты.

Осы екі ұлы азаматтардың арқасында Патшаға тұңғыш петиция жіберілген. Мәтінін дайындап, өз бастарын өлімге тіккен нағыз батырлар.

Мына төмендегі хаттан петицияның маңызы қандай болғанын түсінуге болады.

Семей облысының әскери губер-наторының құпия бөлімі 1905 жылы 19 шілдеде (№49) Дала генерал-губернаторына мынадай құпия хат жіберіпті:

30 маусымда Қарқаралы уезінің бастығы баянатында (№30) мынаны хабарлапты:

Қоянды-Ботов жәрмеңкесіне келгендерді жасырын бақылау кезінде байқағаным, Ақмола облысы мен Семей уезіне көршілес тұрған Қарқаралы уезінің қырғыздарын Патша ағзамының атына жазып жатқан жалпы петицияға қатынасуға шақырыпты.

Мүмкіндігімізше онда не жазылғанын анықтаған кезде түсінгеніміз, ол петицияның негізгі талабы мынадай: салықты азайту, шаруа бастығы деген басқару жүйесін жою, дін ұстамдылығына толық бостандық, қырғыз муфтиіне ерекше құқық беретін лауазым, халық өкілдерінің қатарына қырғыздардан сайланған адамдарды кіргізуге рұқсат беру.

Бұл петицияның мәтінін жасауға қатысуға Қарқаралы уезінің қырғыздары келісім беріпті. Осы мақсатпен әрбір болыстан (Шу болысынан басқасы) келісім беретіндердің қолын жинау туралы қаулы қабылдаған. Соған сәйкес 16 мың келісім берген қырғыздардың қолдарын жинапты. Ол Қарқаралы уезінде тұратын қырғыздардың отбасының тең жартысы (соңғы есеп бойынша Қарқаралы уезінде 33522 отбасы тұрады):

Петиция жіберудің тәртібін уезд бастығының айтуы бойынша былайша белгілеген: Қарқаралы уезінен екі сенімді өкілді ұсыну жоспарланған. Оларды Омбы қаласында Ақмола, Семей, Торғай облыстарының өкілдерінің қатысуларымен өтетін жалпы жиналысқа қатынасуға өкіл ретінде жібермекші. Омбыда жиналыста, сондағы жиналған қырғыздардың ішінен екі қырғызды Петербургке петицияны  жеткізетін өкіл етіп сайламақшы.

Бұл мәселеге байланысты болмаса да Штабс-ротмистр Фесовский баянатында: «Өзінің бақылауына қарағанда далада тыныштық жоқ, қырғыздар Ресейде не болып жатқанын өте мұқият бақылап отыр. Далаға көршілес облыстардан тіпті Бөкей ордасынан жасырын келіп жатқан адамдар биылғы жылғы 18 ақпандағы жоғары мәртебелінің рескриптін өз түсініктерінше халық арасында таратып үгіт жұмысын жүргізуде. Дін мәселесі туралы үкіметтің жарлықтарын дұрыс түсінбей халық арасында теріс ой кіргізіп жүргендер бар екені көзге анық білінуде.

Штабс-ротмистрдің пікірінше, әзірше қауіпті ештеңе жоқ, халық арасында оларға тиым салудың қажеті жоқ деп есептесе де, мен онымен келісе алмаймын.

Өкімет агенттерінің дала қыр-ғыздарына баруын, болыстардың, старшындардың ондай жиындарды ұйымдастырушы болуларын немесе олардың өз міндеттеріне қатысы жоқ мәселелерді талқылауға халықты жинау, заңды талқылауға қатысуларына тиым салу керек.

Уезд бастығының хабарлауына қарағанда, ол жиындарда өз бас пайдаларын ойлап, халықты өкіметке қарсы қоятын адамдар болмайды деу  қате. Бұл жағдайды пайдаланып,  қалың халықты бізге қарсы қоятын қырғыздың өкілдері болады. Олар арам пиғылдарын іске асырып, дін фанатиктерін пайдаланып дала қырғыздарын бізге қарсы қоюлары мүмкін.

Мен аса жауаптылықпен сенімді түрде айта аламын, бұл петиция жолдау идеясын көтерген жандар, шаруа бастығы деген лауазымды қысқартуды ұсынушылар, жеке басының қамын ойлаған ауқаттылардан туып отыр.

Олар даланың кедей халқына жасап отырған істеріне бақылаудың болмағанын қалайтындар. Шаруа бастықтары төмендегі әлсіз халықты байлар мен мықтылардан қорғап келе жатқан болатын. Оны мен осы облысты басқарғаннан бері шаруа бастықтарының жұмыстарымен танысқаннан білемін».

Жоғарыдағыны ескере келіп, Штабс-ротмистр Фесевскийдің баянатын барлық уездерге және шаруа бастықтарына хабарлай келіп, оларға дала үгітшілерінің қимылдарын өте ұқыпты түрде бақылауға алуларын тапсырдым.

Жалпы халық арасында бастал-ған қозғалыстың бағытын қада-ғалап, олармен бірге жүріп шаруа бастықтарына жоғарыда айтылған қырғыз қауымдарының арасында жасалған шешімдеріне қосылмауын, ондайға жол бермеуін талап еттім. Ол бүгінгі заң ережелеріне қарама-қайшы келеді.

Осыны айта келіп, мынадай қоры-тындыға келдім дала өміріндегі барлық құбылыстарды бұрынғыдан да қатаң қадағалап сақтық білдіруіміз керек.

Бірақ уезд бастықтарының мұндай бақылау жұмысын 100% жүргізіп жатқаны туралы мәліметтер жыйнайтын ешқандай құрал-жабдықтар жоқтығын жоғары мәртебелім сізге жеткізіп отырмын. Сол үшін маған арнап бекітілген 600 рубль несие босатсаңыз. Бұл қаржы уезд бастықтарының қарамағына берілсе, олар аталған мәселелерге байланысты үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізен жерлерді бақылап-қадағалап жүретін құпия тыңшыларға төлер еді.

Бас штабтың Генерал-майоры                              

         Галкин

 

Міне, бұл хатты мұқият оқып шықсаңыз әлі петиция мәтіні дайындалмаған кездегі Генерал-губернаторлардың қазақтардың петицияны қолдаулары мүмкін деп қауіптеніп, алдын ала шара қолдану үшін уезд бастықтарының жұмысына бағыт бергендігі дәлелденеді.

Ендігі жерде, Омбы қаласында сайлау-съезд өткізу мүмкін деген қауіппен оны қалай да болдырмау керек деп барлық күштерін салған. Дала Генерал-губернаторы, Генерал-лейтенант Сухониннің хатымен танысайық:

Құпия, 27 шілде 1905 жылы №92 (1905 жылғы 19 шілдедегі №49 хатқа жауап).

 

Семей облысының

Генерал-губернаторына

Сіздің өкіметіңіздің жарлығымен толығымен келісе отырып, Семей облысының шаруа және уезд бастықтарынан сұрайтыным «Сенімді өкілдердің сайлануын өткізуге жол бермеңіздер, оларды жиналыста ақылдасамыз» - деп жібермеңіздер. Олардың аталған қалада жиын өткізуіне тиым салынған қаулы бар.

Генерал-губернатор,

Генерал-лейтенант Сухонин

Бұл хатқа қарағанда Омбы қала-сында петицияны қалай да жібермеу мақсатымен арнаулы жиын, съезд өткізуге тиым салыныпты.

Бірақ, бұл кезде петиция жасалып жасырын съез де өтіпті. Патша жендеттерін Әлихан Бөкейхан мен Жақып Ақпаев бастаған Алаштың көсемдері қатты алдапты. Цензура қандай күшті болса да, қылыштары жалаңдап тұрса да Батыр аталарымыз мынадай телеграмманы Петербургке жіберіпте үлгеріпті. Оны мына құпия хаттан оқыңыз.

Ішкі  істер министрлігінің Семей облысындағы әскери Генерал-губернаторы 1905 жылы 3 тамызда (№53) Дала Генерал-губернаторына мынадай хат жолдапты. Ол хатты 1905 жылы 9 тамызда алған (№130).

 

Дала Генерал-губернаторына

Биылғы жылғы 19 шілдедегі (№50) баянатты толықтыру үшін сіздің жоғары мәртебеңізге Қарқаралы уезінің қырғыздарының Ұлы ағзамның атына жіберген телеграммасының (көшірмесінің) көшірмесін қосымша жіберіп отырмын.

Қарқаралының уезд бастығының хабарлауы бойынша телеграмма Омбыда дайындалған, ал Қарқаралыға поштамен жіберілген. Қарқаралы уезінде 22 шілдеде 42 адамның қолы қойылған. Олар өздерін уездің қырғыздарының сенімді өкілдеріміз деп есептейді. Ең жоғары мәртебелінің атына жергілікті пошта телеграф конторы арқылы жіберіпті. Оған байланыстырмай пошта арқылы «Сынъ Отечества», «Русская ведомости» газеттерінің редакциясынада басып шығаруға жөнелтіпті.

Губернатордың міндетін

атқарушы Вице-Губернатор

Бұл хатты оқып шыққан соң менің ойыма келгені екі жағдай. Біріншісі. Бұл өлкені өте жақсы білетін, тумасы Жақып Ақпаевтың абыройы қайтсе де әсер етті. Ол заңды өте жақсы игерген, халықтың абыройына бөленген жан (Амал не, республикада Қарағанды, Семей облыстарының басшылары Ақпаевтардың рөлін түсіне алмай келеді).

Ақпаевтардың қызметі туралы менің ІІ-ші-ІХ том кітаптарымда, сондай-ақ Новосібір баспаханасында жатқан ХХV том кітабымда толық баяндалған. Осы облыстардың әкімдерінің құлағына алтын сырға.

Екіншісі. Патша өкіметінің құды-ретінің әлсірей бастаған дәуірі болса керек.

Қарқаралы уездінің бастығы бұл хатқа былай деп жауап беріпті:

І.І.М. Семей облысы                                 

Құпия асығыс

Қарқаралы уездінің

бастығы                                       

Дала Генерал-губернаторының

1905 жылы 21 тамыз                             

кеңес меңгерушісіне   

№32                                                       

Баянат.

Сіздің маған жүктеген (1905 жылы 9 тамыздағы, №95) тапсырмаңызға сәйкес менің қарауымдағы уездің жоғары мәртебелінің атына биылғы жылы 22 шілдедегі телеграммада қол қойған қырғыздардың тізімін жіберу сеніміне ие болдым. Онда қырғыздардың атынан Мемлекеттік Думаға (телеграммада «Земской Собор» депті) белгілеген қырғыздарды олардың өкілі ретінде құқығын қорғауды ұсынуларын сұраған.

К.Қарқаралинский. Қол қойған соның аяқ жағында былай депті:

Менің басқаруыма тапсырылған уездің атынан халықтың сенімді өкілі ретінде Алихан Бөкейханов және Жақып Ақпаев белгіленді.

Уезд бастығы, штабс-ротмистр қолы.

Осылайша қазақтың екі ұлының көрегендік саясаты әрі өте сауатты заңгерліктерінің арқасында Думаға делегаттыққа тіркелді. Бұл – ол заман үшін аса ірі жеңіс, аспандағы жұлдызды алғанмен бірдей ерлік.

Бүгінде біздің тарихшылар, журналистер, жазушылар, филологтар, философтар осы екі ұлы адамдың атын тиіп-қашып қана атайды. Ал Семей, Қарағанды облыстарында бұл ұлыларды тіпті де еске алмайды.

Енді әрі қарай архивтің ізімен қозғалайық. Болары болған соң оған ешқандай қарсылық жасай алмай енді Императордың атына Генерал-губернатор хабарлауға қорқып, не істерін білмей өз жандарын қорғау үшін амалсыздан 42 адам қол қойған хаттың көшірмесін жіберіпті.

 

Көшірменің көшірмесі

Ұлы мәртебелі Императорға, мемлекет басшысына.

Омбыда әртүрлі мекемелердің шенеунектері өткізген жиналыста Генерал Сухотиннің өзі бастап министр Булыгиннің жобасының рухы негізінде қырғыздардың өкілін Земский собор өткізбеу   керектігін   қолдады.

Келешекті болжай білмейтін шешім қабылдаудың себебі, Дала өлкесіндегі халықтың мінезін, олардың көздеп отырған басты мақсаттарымен таныс еместігінен туып отыр. Оларды Земской собордан шеттеткені өте жан түршігерлік ойға әкеліп соқты.

Қырғыздар өте көлемді жерді алып отырғандықтан, Қытаймен және Афғандармен шекаралас отырған халық өздерінің тағдырын және мүддесін бүкіл мемлекеттің мүддесімен байланыстырып отыр. Олар өздерін басқа халықтармен тең құқықтағы халықпыз деп есептейді. Сіздің халықтың сеніміне кірген, халық сайлаған адамдарды қолдау қажеттігі туралы шешіміңізді біледі.

Шындығына келгенде қандай ерекше себептер бар. Қарапайым әділеттілік және шындыққа қарсы шығу ұят емеспа? 6 (алты) миллион халқы бар қырғыздарды құқығы жоқ, заңсыздардың қатарына бөліп тастауды қалай түсінесіз? Шындығында – біз мал шаруашылығымен шұғылданамыз.

Ал малды аман алып қалу үшін көшпенділікке жол береміз. Бірақ ол қаңғып жүру емес, кейбіреулері солай ойлайды. Жазда 3-4 ай жүреміз. Осыған байланысты ең қымбат, өте бағалы құқықтан айырып Земской соборда өкіл болудан айыруға болмайды. Неге мал өсіру мәдениеті қырғыздардың сайлау құқықтарынан айырады? Дәл осы кезде саудамен шұғылданғандардың, жер мәселе-сімен айналысатындардың, балық аулаушылардың, басқа да өндіріспен шұғылданатындардың құқықтарын айырмайды.

Ресей империясы халықтарының шындығында білім мен мәдениеті жағынан әртүрлі дәрежеде. Соған байланысты мемлекеттік міндетті түсінуде көп халықтардың ішінде алдыңғы қатарда да соңғы қатарда да емеспіз. Қырғыз шаруалары қоғамдық және мемлекеттік тапсырмаларды түсінуде орыс шаруаларынан кем деген пікір дәлелденген жоқ. Тіп-ті, басқа да отырықшылықпен шұғылданған халықтардан да артық түсінеді. Мемлекеттің алға қойған талабына бейімделу қабілетінің жоғары екендігіне зерттеушілер де келіседі.

Кім қырғыздарды қорғайды? Біз өзімізді басқалардан кем санамаймыз. Біз өзімізді ұлы істі орындауға дайынбыз деп есептейміз. Бізді мойындағысы келмейді. Өздерінен төмен деп есептейді, бюрократтар бізге көзінің астымен жоғарыдан немқұрайлы қарайды.

Осындай қарым-қатынастың кеселінен біздер қымбат құнмен есеп айырысамыз.

Негізінде біздер кінәлі емеспіз. Олар біздер туралы білулері қажет.

Айтылған жағдайларға байланысты қоластыңыздағылар сіздің Императорлық ұлылығыңызға сәйкес жоғарыда петицияда айтқанымыздай қырғыз халқының өкілдерін Земской соборға шақыруға бұйрық беруіңізді сұраймыз. Біздің әбден шегі жеткен шешілмеген мәселелерімізде дұрыс шешімді қабылдау, оны қалай қанағаттандырып және басқа халықтармен қарым-қатынасымызды дұрыс шешудің жолын табу қажеттігін қарау тек қана қырғыз халқының өкілдерің қатысуымен шешіледі.

Қол қойғандар: Қарқаралы уезінің 42  сенімді өкілдері.

Дұрыс: Ерекше тапсырма бойынша аға чиновник.

Осы арада айтпай кетуге болмайды. Бұл 42 адамның ішінде бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданына қараған 5 (бес) болыстың 10 батыр азаматтарының аты-жөні бар. Амал не Семей қаласының әкімшілігі кітап оқымайды. Оларға Семейден бір-бір көше берседе артық болмас еді. Бұл 42 адамдар өмірлерін өлімге тікті. Егерде оларды ертерек білсе барлығында ешбір сотсыз құртып жіберген болар еді.

Мен архив материалының ізімен келе жатқандықтан олардың аты-жөнін ең аяғында атаймын.

Осы хатты алғаннан соң, Император өте қатал  тапсырма бергенге ұқсайды.

 

І.І.М.                                                                

Құпия  асығыс

Дала Генерал-губернаторы

9 тамыз 2005 ж. (№95)                      

Қарқаралы уезінің бастығына 

Өлкенің Бас бастығының бұйрығы бойынша кеңсе басқарушысы сізден мәртебелінің баяндамасына қосу ниетімен 22 шілдеде Қарқаралының пошта–телеграф кеңсесі арқылы жіберілген өте жоғары мәртебелінің Земской соборға қырғыздардың өкілін жіберу туралы телеграммадағы қол қойған қырғыздардың (тіпті болмаса бірнешеуінің) фамилиясын тез арада хабарлауды талап етті.

Сондай-ақ Омбыда кім қырғыздармен жыйналыс өткізді, телеграмманы кім жазды, жіберді (Қарқаралығада) соны хабарлауды талап етті.

Кеңсе басқарушысы                                         

    Лосевский

Бұйрыққа штампты қойған аға іс

 жүргізушісі   Плахов

 

Міне, бұл телеграмма тегін емес. Тізімде бар адамдарды жазалау мүмкіндіктері әлі де болды. Патша да оған оң көзімен қарамағаны көрініп тұр. Кейбір сауатсыз жандар ішінде «Қол қойғанда не тұр?» - дейтіндер бар. Ал олар осы аталарымыздың орнында болса қол қояр ма еді? Мен 100% сенімді түрде айтар едім: «Дәл бұл адам қорқақтық мінез білдіріп қол қоймас еді».

108 жыл бұрынғы батырларымызды 100 жылдығында да еске алдық па? Жоқ. Мен бірнеше мақала жаздым. Тек «Қазақ» газеті осыдан екі-үш жыл бұрын петицияның мәтінін берді ғой деймін. Басқалары мақалаңды баспақ түгілі, үн-түн жоқ жатады. Тіпті 5-6 күн азаптанып дайындаған мақалаға баспа да бір белгі беруге болады ғой.

Сөз арасында пайдаланып қалайын, мен «Кенесары» туралы 38 бет тың ұсынысқа толы мақаламды 11 газет-журналдарға бердім. Бірде-бір газет баспады. «Дарабоз» журналы басты. Бірақ-бірде бір тарихшы, филолог, философ, жазушылар т.б. мамандықтардың майталмандары жауап берген жоқ. Өйткені, олардың өздері негізгі газет-журналарды оқымайды. Қалайша шындықты ашамыз.

Енді мұрағаттағы құжаттарды әрі қарай талқылайық.

І.І.М.                             

№1235                                  

Құпия

Айыртау және               

8 тамызда                

Ақмола облысының

Жыланды болыстары                                     

әскери Губернаторына

Көкшетау уезі

19 тамыз 1905 ж.            

Сіздің мәртебеңізге мынаны жеткіземін. 27

№2064 шілдеден 15 тамыз аралығында бөлімшелерді,

№1676 санға           

Петропавл және Айыртау уездерімен шекаралас жауап көптеген ауылдарды аралап шыққанда уездер арасында болатын съездерге де қатыстым. Кейбір ауыл жиынына және сондай-ақ басқа жерлерден келгендердің қозғалыстарының бағытын өте ұқыпты бақылай отырып, бүкіл халықтың құрметіне бөленген ақсақалдарды толық түсінетін жағдайға жеттім.

Менің қарауымдағы Айыртау және Жыланды болыстарындағы ақсақалдар уездің шекарасынан әрі барған жоқ. Қырғыз халқының жоғары мәртебелінің атына дайындап жатқан петициясы (тілек) туралы басқа жерден келгендер сыбысты жеткізіпті. Олар сол петицияны құрастыруға қатынасу қажеттігі туралы ұсыныстар да жасаған.

Бірақ сіздің жоғары мәртебелі нұсқауыңызға сәйкес съездің атына жіберілген телеграммада көрсетілген жағдайлар туралы дер кезінде (қызмет иесіне) және халық соттарына түсінік берілген. Оларға қызмет бабына байланысты ант берген кезде де ескертілді.

Бүгінде толық сеніммен бекітіп айтамын. Айыртау және Жыланды болыстарынан ешкімнің жоғары мәртебелінің атына жіберілген петицияға ешқандай қатынасы болған емес.

Дегенмен де ақсақалдар жоғарғы мәртебелінің атына жіберілген петиция туралы былай деді: «Ішкі істер Министрі Гофмейстер Булыгиннің атына жіберілген хатта қырғыз муфтиіне ерекше қызмет орнын құруды ұсыныпты, ол қабылдапты» - деді.

Кейбір ақсақалдар маған мынадай сұрақтар қойды: «Неге Семей облысының қырғыздарына жиналысқа қатынасуға рұқсат берілген, ал Ақмола облысының Көкшетау уезінің қырғыздарына рұқсат берілмеген?».

Халық өте қобалжыған назармен петицияның ақыры не болатынын тосуда. Олар Ташкентте шығатын «Переводчик» деген газеттің орыс және татар тілдерінде тек дін мақсатын көздейтін мақалаларды тосуда. Мен оның куәгері болдым.

2 бөлімшенің шаруа бастығы

1905 жылы 2 қыркүйекте алды                           Құпия

(хаттың сонында)                 

№4412/93     

Бұл мәліметті Көкшетау уезінің 2-ші бөлімшесінен      

№1842          

Дала Генерал-губернаторының кеңсесіне оның жоғары мәртебелінің баяндамасына пайдалануға жібе-рілді.

2 қыркүйек 1905 жылы

                       Бас штабтың Генерал-майоры.

Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің сенімді өкілдерінің Ішкі істер министріне жіберген арызы туралы мына хатпен танысайық.

І.І.М.                                                                                   

Құпия

Семей облысының                                        

21 қыркүйек 1905 жылы           

Әскери губернаторы                          

Дала Генерал-губернаторына                         

19 қыркүйек 1905 ж.

№ 49

Осы мәліметтер арқылы сіз есте сактау үшін Ішкі істер министрлігінің атына жіберген Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездері қырғыздарының өкілдері ретінде Мусафиров, Нороконов, Жолшарылар жіберген өтінішінің көшірмесін және Ішкі істер министрлігінің Земской бөлімінің биылғы жылғы 22 шілдегі қатынасының көшірмесін (№16637) жіберіп отырмын.

Өтініш орыс және қырғыз тілдерінде жазылған. Біздегі көшірменің аудармасындағы орфорграфиясы сақталды. Оны қырғыз Темирғали Нороконовтың өтінішіндегі жазудан алынғаны көрініп тұр.

Мұнымен қоса мынаны хабарлаймын: «Қол қойған адамдар шындығында қырғыздардың өкілдері ме, олардың талап қоюға құқықтары барлығына сенім хаттары бар ма?» – деген. Ол уезд бастығының (17 тамыз, б.ғ. №61, 62, 63) сұрақтарына әлі күнге дейін қанағаттанарлық жауаптар алынған жоқ.

Губернатордың міндетін атқарушы – Вице-Губернатор қол қойған

 

Патша  өкіметі аталған петициядан қатты қорықты. Енді оған қол қойған адамдардың шын мәнінде халықтың өкілі ма? – екен деген сұрақ қойды. Сол батыр-аталарымызды қалайда жазалау үшін іздеген сылтаулары еді.

Міне 42 атамыз қол қойған петицияны жазған Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақпаев.

Енді осы атыларымыз жариялаған петицияның 47 пунктінің мәтінімен танысайық:

Аударманың көшірмесі.

 

Ішкі істер министрі мырза!

Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің қырғыздары атынан.

Сіздің жоғары аса дәрежедегі жарлығыңыздан соң төмендегі біздің петициямызды заңды тәртіппен бекітуіңізді сұраймыз.

Петицияның мәтіні:

1) Қырғыз халқының аты мұсылман қырғыз деп аталып әскери міндеттен босатылсын.

2)Қырғыздарды Орынбордың рухани жиналысына бағындырып 1868 жылға дейінгі ережелерді қолданып қазан мұсылмандарының тәртібіне сәйкестендіру керек.

3)Қырғыздарға мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын. Ол жерлерде арабша, парсы және түрік тілінде сабақ беруге, газет және кітаптар шығаруға баспахана салуға рұқсат берілсін.

 4) Қырғыз халқын басқаратын адам қырғыз тілін білулері міндетті. Оларды тағайындау немесе орнынан алу мәселесі қырғыз қоғамының өкілінің таңдауымен болуы шарт. Бүгінгі шаруа бастықтарының орнына халықтың арасын бітістірушілерді заңдандыру керек. Бұл қызмет қырғыздардың ішінен жеткілікті білімді қырғызды тағайындау қажет.

 5) Барлық қырғыз істері қырғыз диалектісінде жүргізілуі міндетті. Хат жазушы, күзетші, хаттарды таратушылары тегіс тек қырғыз тілін білетін адамдардан тағайындалсын.

6) Болыс басқарушысы, халық соты, ауыл старшындары және сайлауға қатысушылар бүгінгі ережеге сай жүргізілсін. Бұл қызметтегі адамдар өздері сауатты адамдар болуы, олар ол қызметке кірісер алдында өз қызметінде заңсыздыққа жол бермеу үшін ант берулері керек. Олардың бұл қызметтен кетуіне тек халықтың көпшілігі дауыс бергенде ғана рұқсат етілсін.

7) Бөлімшелік ара бітістірушісі қырғыз тілін білсін, сонда аудармашының қажеті болмайды.

8) Тергеу жұмысы жүріп жатқан кезде айыпталушы жағынан қорғаушы қатыссын.

9) Округтік соттың жанында сот ісіне қатысып отыратын қазы болуы шарт.

10)Тергеусіз және соттың шешімінсіз әкімшілік жолымен жер аудару тыйылсын.

11) Қырғыздың халық соты – Заң министрлігіне ғана бағынсын.

12) Халық сотынан, Бидің билігінен алып мұрагерлікті толығымен молда мен шариғатқа бағындырсын.

13) Сайлаудан өткен қызмет орнын бекітерде әскери Губернаторға ұсынбас бұрын сайлауға қатынасқан бастықты бекітуге жіберілгелі отырған адамды Ахунмен ақылдасуы тиіс.

14) Қырғыз халқынан өз еректерімен беретін садақа мен айыпталғаны үшін түсетін қаржы әкімшіліктің нұсқауымен емес, халықтың өзі бөлгендері дұрыс болар еді.

15) Ертіс бойындағы жерлер ерте заманнан қырғыздардың ата қоңыстары болып есептелген, кейіннен әскерлердің пайдасына берілді. Сондай-ақ басқа мәртебелінің кеңсесіне қарасты қырғыздардың пайдалануына берілген жерлер сол қырғыздарға ата қонысы ретінде мәңгілікке берілсін.

16) Қырғыздардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиісті.

17) Қырғыздың таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын заводтар қырғыздардың өзінікі болып есептеледі. Егер де олар өздері оны өндіруден бас тартса сонда ғана басқа адамдарға жалға беруге болады. Бірақ олар әр десятинасына жалдау ақысын төлеулері тиіс.

18) Қырғыздар ағаштарды қажетке жарату, балық аулау тағы басқада құқықтарға рұқсат етуді талап етеді.

19) Қырғыздар тұрған жерлерге таяу орналасқан тұзды және балығы бар көлде солардың меншігіне қалдырылсын. Ол көлдерді жалға беру уездің өкілдерінің  сенімділерінің біріне тапсырылсын.

20) Тұзды және балық аулайтын көлдердегі жалға беруден түсетін қаржыны бүкіл уездің қажетіне жұмсау үшін арнаулы  салым-қаржы депозит есеп шотын ашу керек. Қоғамның келісіміне сәйкес бұл қаржы астық қорын дайындауға жұмсалады.

21) Қырғыз халқының діни адамдарын қамтамасыз ету қазан мұсылмандарымен  теңелуі тиіс.

22) Қажылыққа баруға шек қойылмасын, еркіндік берілсін.

23) Қажылыққа барған кезде белет-паспортпен пайдалану тәртібі православтардықмен бірдей дәрежеде болсын. Олардың қауыпсіздігін қамтамасыз ету керек.

24) Қырғыз халқының ішіне миссионерлердің баруына тиым салынсың.

25) Қырғыздардың, әсіресе кәмелетке толмаған жастардың басқа дінге өтуіне тиым салу керек. Ал басқа діннен мұсылман дініне өтемін деушілерге егер олар сауатты болса рұқсат ету керек. Христиан дініне өткендер болса ескі салтты орындауға мәжбүр етілмесін.

26) Некеге отыру немесе айырылысу мәселесін губернатор мен уезд бастықтарының қарамағынан шығару керек.

27) Әкімшілік мұндай іске кіріспесін, ешқандай мәлімет сұрамасын.

28) Мешіт пен медресенің пайдасына «Вакуф»қа рұқсат етілсін.

29)   -

30) Қырғыздар православниктер сияқты Империяның қай уезінен, облысынан, губерниясынан болмасын жер алуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерде істеуге құқығы болсын.

31) Діни адамдар православяндар сияқты құрметті болсын.

32) Мектептерде міндетті түрде мынадай шарт орындалуы керек: Алдымен қырғыз оқушыларына мұсылманның діни сабақтары оқытылады, кәмелетке жеткендерге діннің бес негізгі шартынан сабақ беріледі, ал одан кейін ғана орыс тілінен сауатын ашу сабағы жүреді. Мектепті бітіргенге дейін мұсылман діні сабағы негізгі болып есептеледі.

33) Мектептерде христиан діні туралы сабақ оқытылмасын.

34) Таяудағы бастықтардың қол астындағы қырғыздар туралы жоғарғы бастықтарына өсек, мәлімет жаткізу олардың ісіне қарсылық көрсете алатын қырғыздарға хабарлау міндеттелсін. Өйткені осыған дейін қырғыздар туралы мәліметтерде: қырғыз – ұры, қырғыз – пәлеқор, қырғыз – өтірікші, қырғыз – жалқау тағы басқада теріс ой тудыратын өсектер арқылы қазақтың байлары мен кедейлерінің арасына от жақты. Шындығында Патшаның қоластындағы – халықтың ішінде қырғыз халқы көнбіс-күй талғамайтын, шыдамды, бәрін кешіре білетін, кек сақтамайтын, өте жоғары дәрежеде қарапайым шын ықыласымен Патшаға бағынған, әркезде оның діни әрекеттеріне ғана қарсы шығатын халық.

35) Жаңа ереженің жобасын жасап жатқан жиынға қырғыздардың өкілетті депутаты қатынасуы керек.

36) Қырғыздар туралы мәселе мемлекеттік кеңесте қаралғанда қырғыздың депутаты қатынасуы шарт.

37) Жоспарланған жоба 100 жылға бекітілсін.

38) Соңғы 20 жылда қырғыздардан тартып алынып жер аударылғандарға берілген жерлер қырғыздардың басшыларына қайтарылсын.

39) Ал олар салған құрылыстардың құны Земствоның қаржысынан қайтарылсын.

40)Өткен Патшалар сыйла-ған,кейіннен тартып алынған жерлер ата-қоныстардың иесіне қайтарылсын. Бұл жерлер қазынаныкі немесе жеке меншіктікі болады.

41) Ұлы – тақсыр Император салғызған бұрынғы мешіттер мен медреселер ескірді. Оларды жөндеуден өткізу керек немесе жаңадан салу қажет. Сол арқылы біздің ұлы монархқа деген құрметті күшейтеміз.

42) Түземдік әкімшіліктерде өзара қырғыздардың арасында жауласу болмас үшін  төмендегілер орындалсын: «Егер бір болыстың партиясына қарсы жағы ашуланса, онда сайлауға түсетін жаңа қызметкерді басқа көршілес болыстың адамымен ауыстыруы қажет. Сайлану құқығынан айрылғандармен сайланушының саны теңелсін. Сайлауға түсетіндер жеребеге сәйкес тең мөлшерде әрбір болыстан шақырылсын. Бұл съезде партияға бөлінген болыстан ешкімді кіргізбеу қажет.

Сайлауға шақырылғандарға жұм-салған шығынды партияға бөлінген жақтарына төлетуді бастығы шешсін.

Сайлауға түсетіндердің ісімен бастығы ол сайлауға түспей тұрып танысуы керек. Съезге ол партияның жақтаушылары да қатыстырылмасын.

Мұндай бөлінгендерді болдырмау бөлімшенің бастықтарының және Ахунның міндеті. Сайлау кезінде Ахундарда қатынасулары қажет.

43) Ұрлық және тағы басқа да лайықсыз істерді халық сотының төтенше съезінде қарауға жүктеген дұрыс. Оны түрмеге жабу қықығын азайтып, жер аудару құқықын көбірек қолданатын құқық берілсін.

44) Төтенше съезді жылына бір рет шақыру құқығы берілсін. Съезді өткізетін жері, уақыты және қанша күні бөлімшелердің бастықтарының жиналысында белгіленсін. Бұл съезде бастықтары және Ахуны қатынассын.

45) Бидің, болыстың съезді 100 рубльге дейінгі істі шешсін, үш айға дейін тұтқындау құқығы болсын. Өйткені келіспейтін жағы істі төтенше съезге беруіне уақыт керек.

46) Әр болыста алымды жинайтын адамдар сайлануы тиіс, шариатқа сәйкес қозғалыстағы дүние мүлкінен алынатын процентті белгілі (зекет, готур, бітір) басқада міндетті алымдар, кедей отбасының оқушыларына төленеді.

47) Кісі өлтіргені үшін заңды соттаудан басқа олардан салт бойынша кұн өндіру (төлету) қажет. Егерде өлген адамның (каторыға жіберген) туыстарының тұрмыстары нашар тұрса, онда оған көмек қазына есебінен беріледі.

Қол қойғандар: Семей  облысының Павлодар уезінің Атағозы болысының қырғызы Омархан молда Мусафыров, Семей уезінің Сейтенев болысының қырғызы Темирғали Нороконов, Қарқаралы уезінің қырғызы Едрей болысы Апық Жолшарин.

Қырғыз тілінен орыс тіліне аударған Темірғали Нороконов.

Дұрыс: Ерекше тапсырманың аға чиновнигі.

 

Құпия

Мәртебелінің атына «Қырғыздарға халық өкілдігіне қатынасу құқығын беру туралы» Қарқаралы уезінің қырғыздары атынан жіберілген ұжымдық телеграммаға қол қойған өкілдердің тізімі:

Болатбек Нәсенов,

тарих ғылымдарының докторы,

құрметті профессор, 28 томдық

энциклопедиялық қазақ халқының

тарихы туралы кітаптардың авторы, мұрағатшы

2546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз