• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ЖЕЛТОҚСАН ЫЗҒАРЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Нұрбосын БЕЙСЕЕВ,

1986-жылғы Желтоқсан  көтерілісінің қатысушысы

Желтоқсаншы қазақ жастарының ерлігі – Кеңес империясының үрейін ұшырғаны сөзсіз. Ер жүрек бабалардың ізін жалғаған өрімдей жігіттер мен қыздар алып күшпен бетпе-бет келгенде де қаймықпады. Бүгінде желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде сол бір ауыр кезді еске алып, басымнан өткен жайды баян етсем деймін.

 

Сонау 1986 жылы біз 3-курс (301 группа) студенттері едік. Желтоқсанның 17 күні әдеттегідей сағат  8-ге 15  минут қалғанда сабаққа келдім. Аудиторияға кірсем, группаластарымның бәрі үрпиісіп, сырт киімдерін шешпеген күйі «кеттік жүріңдер», «бізде барайық», «Қонаевты алып тастапты» , «Колбин деген орысты қойыпты»,  «біз де барайық, көп адамдар алаңға барып жатыр» деп бас көтеріп жатыр екен. Сонымен, «болыңдар енді, кеттік, қазір ағай келіп қалады» деп  тез жиналып, тобымызбен алаңға қарай жаяу жүріп кеттік.

Тимириязев көшесінің бойымен келе жатқанымызда алдымыздан қолдарына қызыл белгі байлаған төрт адам шығып, ол жаққа баруға болмайтынын айтты. Біз көп болғандықтан олар бізді тоқтата алмады. Студент құрбымыздың туысының үйіне заттарымызды қалдырып, алаңды бетке алдық. Осы арада айта кететін бір жағдай, көзбен көргеніміз Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысында көліктен алкогольді ішімдіктер таратылып жатты. Бұның арты не екені бәрімізге де түсінікті ғой. Сөйтіп алаңға келдік. Адам деген өте көп, біз бір-бірімізді таппай қалдық. Қалың жұртқа араласып кеттік. Бәріміз алдыңғы жағына қарай баруға ұмтыламыз. Биліктен оң шешім естігіміз келеді. Біздің жастарымыздың қолында «Әр елдің басшысы өз ұлтынан болуы керек!», «Долой Колбина!», «Тарт қолыңды Қазақстаннан, Кремль!» деп жазылған жалынды сөздер бар.

Сол арада өрт сөндіретін бірнеше машина бүкіл елді  таптап кетердей екпінмен қатар келіп тоқтады да, қаумалап тұрған жұртқа су шаша бастады. Оның артынан бірнеше көлік, оның ішінде автобустарға толған қарулы жасақтар мен милициялар жеткізілді. Қолдарында резеңке таяқтар, қалқан, сапер күректері, овчарка иттер мен тағы басқа да қарулардан көз тұнады.

Үсті бастары малмандай су болған, қолдарында ұрандардан басқа түк жоқ халыққа жаңағы жендеттер лап қойды. Осы кезде шегініп, қашып жатқан тобырдың аяғының астында қаншама адамдар қалып қойды. Оң жағымыздан тағы бір автобус халықтың нөпірін бұзып-жарып келіп, әскер түсірмек болған кезде, сол арадағы жігіттер  автобусты әскерлерімен қоса төңкеріп тастады. Әскерилер автобустың терезесін шағып, шығып жатты. Кейбір жігіттеріміз жендеттердің қаруларын тартып алып, өздеріне жұмсап қарсылық білдірді. Олар болса, жығылған қыздар мен жігіттерді аямай сабап, тепкілеп, иттерге талатып ары қарай сүйреп алып кетіп жатты. Біз шегініп отырып көп қабатты үйлердің жанына келгенде жастардың  бәрі үш-төрт метр болатын биіктіктен секіріп түсіп, ары қарай Абай көшесіне қарай кетіп жатты. Маған да секіруге тура келді. Басқа баратын жер жоқ. Артымыздан жендеттер жетіп қалып еді. Міне, біз де опыр-топыр секіріп, домалап түсіп жатырмыз. Екі алақаным мен екі тіземді мұз жырып кеткендіктен қып-қызыл қанға айналды. Сол жерде менің екі жағыма екі қыз секіріп түсті. Біреуі ақсаңдай басып, алға қарай кете берді. Ал екінші қыз қатты шыңғырып жылап, орнынан тұра алмай қалды. Мен жүгіріп барып, қолтығынан демеп тұрғызып едім, бір аяғын мүлде баса алмайды. Сол аяғы сынып кеткен болу керек. Мен оны сүйемелдеп, Абай көшесіне дейін келгенімізде, бір жігіт пен бір қыз жүгіріп келіп, маған рахметтерін айтып, әлгі қызды алып кетті. Сол жерден секіргендердің көбі мертікті-ау шамасы. Себебі тым биік еді.

Мен енді қалай жүрерімді ойлап үлгергенше «Нурик» деген дауыстан селк ете қалдым. Қарасам группамыздың старостасы Зайсанбаев Төлеубек деген досым екен. Төлеубек пен кураторымыз А.Айғабылов ағай екеуі  бізді іздеп келген екен. Төлеубек маған ағайдың анау үйдің артында күтіп тұрғандығын, группаны тездетіп жинау керек екенін айтты. Біз әрең дегенде әрі-бері жүгіріп жүріп, тобымыздың жартысын жинап, ағаймен бірге жатақханаға қайттық. Уақыт кешқұрым мезгіл болып қалған кез. Жатақханаға келе салып «сабаққа ғана барамыз, артық еш қайда шықпаймыз» деп қолхат жаздық. Күнде солай жатақханадан ерте «сабаққа» деп қол қойып шығып, сабақтан келдік  деп, бір айдан астам уақыт қол қойып жүрдік. Ал жексенбі күні мүлдем шықпаймыз.

Хош деңіз. Енді жатақханымыздың бірінші қабатындағы 104 бөлмесіне Мәскеуден арнайы келген «кгб»-ның екі қызметкері орналасыпты. Олар бізді бір жарым ай бойы тергеді. Менің өзім сол бөлмеге төрт рет жауап беруге бардым. Нәтижесінде біздің группадан Сүлейменова Гүлнар деген қыз Жезқазғанға қара жұмысқа жіберілді, Исаева Ұмсынай деген студентіміз комсомолдан шығарылды. Өзгелерге де тағы басқа түрлі шаралар қолданылып жатты.

 

***

Иә, бұл шағын естелігімді жазудағы мақсатым – көрген-білгеніммен, өз басымыздан өткен жағдайды бөлісу болатын. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта жастарымыз мұндай зобалаңды көрмесе екен деймін.   Бабаларымыздың аманат етіп қалдырған ұлан-байтақ жерінде ұрпақтарымыз еркін өсіп, мемлекетін қорғайтын ақылды да жігерлі азаматтар болады деп сенеміз!

Өзім жайында қысқаша мәлімет бере кететін болсам, 1964 жылы Алматы облысының Райымбек ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келдім. 1981 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, 1982 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, 1989 жылы бітірдім. 1983-1985 жылдары Украина жерінде Кеңес Одағы армиясының қатарында әскери борышымды өтедім.

1749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз