• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

AҢСАУ

Өмір белестері

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Он тоғызыншы ғасырдың соңғы жылы не жиырмасыншы жүз жылдықтың басында Маңғыстау топырағында дүниеге келген атам Рақбай 63 жасында Иран елінің Георган қаласы, қазақ ауылында пәниден бақиға аттанды. Сол жылдары қазақтардың мазарлығы Горган қаласының солтүстігінде орналасқан еді. Кейін қала құрамына еніп, одан әрі кеңейтіле беруіне рұқсат берілген жоқ. Сондықтан ол мазарлық жабылды. Қазіргі кезде төңірегі қоршаулы тұр. Әзірше мазар қалпы бұзылған емес. Оның келешегі не боларын тәңірі білсін. Заң шеңберінде қандай шешім боларын білмейміз. Онда қазақтың көптеген қариялары жерленген.

 

Горган қазақтары әлгі мазарлық жабылған соң, Горган қаласының солтүстігінен 18 шақырым қашықтықта орналасқан түрікмендер тұратын Аққала шаһарының батысындағы Қожа Пауаддин деп аталатын мазарына бейіттерін жерлей бастады. 

Рақбай атамның әкесі Екібай тағдыры тарихтың беймәлім беттерінде қалып қойды. Мен ата мекенге оралғанда Маңғыстауда ағайындармен табысып, Екібай ата туралы сұрастырдым. Қазіргі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданына қарасты Құрықта тұратын жақын аталас ағам Тұраш және кете руынан шыққан әжемнен Екібай жайында біраз мәліметке қанық болдым.  Әженің айтуынша, Екібай аса мейірбан, ағайынға жанашыр болған. Әжеміз келін болып түскенде Екібай атаның талай рет мейір-шапағатына куә болғанын айтты. Сондай-ақ Екібай ата өте ауқатты кісі болған екен. Коммунисттік режимге қарсы болған атамыз, олардың қысымынан амалсыз жер аударуға бел буған. Әженің айтуынша соңғы рет қоштасуға келген ата Құрақбай және Рақбай есімді екі баласы мен отбасы мүшелерін алып, Қарақалпақ не Түрікменстанға әрі Иранға дейін көш бастап кететінін айтқан. Сол кеткеннен мол кеткен, одан кейінгі тағдыры ғайыптарға ұласқан. Мен жас кезімде Екібай атамның атын естіп жүрсем де, балалық дейміз бе, ата жайын тәптіштеп сұрамаппын. Әкем де үлкен ата туралы мардымды ештеңе айта қоймапты. Тек қана кейін елге оралғанда әжеміз тобыш руынан екенін, марқұм Әбіш Кекілбайұлы (1939-2015) халық жазушысы ағамыз менің кәрі нағашым дегенді айтты. Алматыға барған сапарында маған Әбіш ағамен кездескісі келетінін жеткізді. Ол жылы Әбіш аға Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің төрағасы (1994-1995) болған еді. Әбіш ағаның ағайынға деген ерекше ықыласының арқасында хабарласқан күні уақтының жоқтығына қарамастан түскі ас мезгілін қиып, жұмыс ғимаратында қабылдады. Сөйтіп әкем нағашысы Әбіш ағамен бірер сағат отырып, әңгіме құрып, елдің жай-жапсарын өзек етіп, сағыныш мауқын басып, рақаттанып қалды. Айрықша риза болған әкем өле-өлгенше сол бір тамаша адаммен ғаламат кездесу сәтін еске алып жүрді. Екібай атамның қараңғы түнекке енген тағдыры жүрегіме ауыр тиеді. Қазақтың тауқыметі мол тағдырының бір көрінісі іспеттес. Екібай атаның екі ұлы болды. Құрақбай мен Рақбай. Құрақбайдан бір ұл  – Ақтау. Рақбайдан да Ақмұрат. Құрақбай ерте қайтыс болғандықтан Ақтау мен Ақмұрат Рақбай атаның қолында бірге өсті. Олар сол жылдары Бәндәршаһ қаласының оңтүстігінің төрт шақырым қашықтықтағы Ниязабат ауылында тұрды. Ақтау ержетіп, тіней руынан болған Жинған Қайырекең қызымен үйленген соң Бәндәршаһ қаласына қоныс тепкен өзінің қайын жұртымен қалды. Ал Ақмұрат әкесімен Сұлтанабат ауылына қоныс тепті. Бірнеше жылдан кейін Горган қаласына тұрақтады. Кейін 1970 жылдары Ақтау ағамыз отбасы мүшелерімен түгелдей Горган қаласына көшіп келді. Содан екі ағайын бір қалада ортақ тағдырын бөлісіп келді. Бір-бірімен ұштасып, қабысып келе жатқан екі ағайынның өмір жолы туралы алда тағы тілге тиек болады.  Иранның 1979 жылғы Исламдық төңкерісі, 1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысы, 16 желтоқсан 1991 жылғы Қазақстанның тәуелсіздігі жаңадан қалыпты жағдайға түсіп келе жатқан иран қазақтарының тағдырының астан-кестеңін шығарды. Бұл жайында өз ретімен әңгіме қозғап отырамын. Мен бұл естеліктерімді екі себеп негізінде жүйелі түрде жаза бастадым. Бірі - қазақ қариялары мен елді сағынып жүрген жұрт оқымысты біздерге ұдайы бұл тарихты жазып қалдырыңдар деп айтып жүретін. Екінші себебі - мен ойлайтынмын, егер аталардың көш тарихын, жат елдегі өмір жолын жазбай қалсақ, келесі ұрпағымыз үшін аталарының өткен тарихы қараңғылықта  беймәлім күйде қала бермек. Оған айғақ әрісін айтпағанда қазақтың бес ғасырлық тарихын өзге елдердің тарихнамаларынан іздеп әлекпіз. Сол үшін жақын тарихымыз тарихтың беймәлім тұңғиығына енбей тұрып, өзіміз білетін, көрген, естіген тағдырымызды хатқа түсіруді мақсат еттім. Тағдырдың тәлкегіне  ұшыраған аталарымыздың атын білсек те, білмесек те, еске алып, олардың рухына құран бағыштап отыруға хат түскен тарих қажет ретінде жадымызда жаңғырып тұратыны анық. Қарияларымыздың талай сағыныш пен өкініштен өрбіген әңгімелерін естіп өстім. «Біз оқымай надандықтың таяғын жеп келдік. Сіздер өзіңіздің және еліңіздің бағы үшін оқыңыздар» деген тілегі біздің бойымызға арман шоғын ұялатты. Содан менің саналы өмірімде аңсау, сағыныш, өкініш, арман, әттең-ай сәттерім қазақты сүю мәйегіне жармасып келе жатыр. Жалғасып та келе жатыр. Сол үшін амалсыз мен де қаламға жабысып келе жатқан жайым бар.   1929-1933 жылдары иран қазақтары Маңғыстаудың Бозашы өңірінен елден тысқары жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар өздерінің әлеуетіне және топ бастаған ақсақалдардың кеңесіне бағынып, Қарақалпақстан, Түрікменстан және Иран еліне көшті. Тұраш ағаның айтуы бойынша: аталған үш бағытқа да қазіргі Бекет атаның Оғландыдағы кесенесінің жақын маңында орналасқан Аққуыс Шөжік бұлағы мен құдығының жанына барып, тынығып көш бағытын анықтап жолға шығады екен. Ал Түрік-менстан мен Иран жеріне баруға Бекет бұлағынан кейін Сүмбе Төбел бұлағына барып аялдап дем алған соң, таудан құлап, Мыңсу Алмас бұлағына баратын. Одан соң түрікмен жеріне аяқ басып, Аққұй Ерікті деген түрікмен ауылына жететін. Содан Небиттағ құбыласының күн шығысында бір елді мекенге барып тоқтап, тағы бір рет ойларын сараптан өткізіп алған соң бір тобы түрікмен елінде қалған. Екінші бір тобы иран жеріне бет алған. Олар Небиттағдың арғы жағына өтіп, су бұлағына жететін. Содан кейін Каспий жағалауларынан өтіп, Иран жеріне қадам басқан екен. Сонда Мазандаран провинциясына барған. 

Қазақтар Иран жеріне барған соң 1940-1950 жылдар аясында ес жия бастап, үш топқа бөлініп тұрақты қоныстарына жайғасқан болды. Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Бәндәршаһ қаласында оңтүстік қазақ ауылы және солтүстік қазақ ауылы болып қалыптасты. Бүгінгі күнде сол қалпында кеңейіп, жаңаша өзгерістерімен бұрынғы атауы-мен тұрып келеді. Бәндәршаһ қаласы 1980 жылы Бәндәр Түрікмен атына ауыс-ты. Өйткені ол қаланың басым бөлігі түрікмен жұрты. Қаланың оңтүстік қазақ ауылында діни білімін ата мекенінде алып «ахунд» атағына ие болған Самарқанд Бәли (1921-1984) атамыз қазақтарға арнап тұңғыш мешіт салуға кірісіп, елдің қолдауымен алғашқы мешітті тұрғызған. Ол мешіт өз атына Самарқанд ахунд мешіті болып аталып кетті. Бүгінгі күні жаңартылып, ғибадатхана мен медресе  міндетін атқарып келеді.

Менің діни білім алып, тәрбие көрген бұлағым Самарқанд ахунд мектебі болды. Ол анам Зылиқаның әкесі, менің нағашы атам. Мен мектепке барған жылдан бастап ең көп баратын шаңырақ болғандықтан алғашқы діни сауатымды ашқан атам болды. Атам ахунд атағына ата жұрты Маңғыстауда жүргенде қол жеткізген екен. Діни білімнің бірінші сатысында молда, одан кейінгі діни сауаты жетілген сатыда Ахунд атағына ие болады. Сол үшін атам құраннан сүре-аяттарды оқып беріп,  балаларға қарапайым тілмен талдау жасап, түсіндіріп отыратын. Атам өте мейірімді, жүзінен нұр сәулесі төгіліп тұратын жан болды. Кейде қызбалық танытса да, ешкім оған ренжімейтін еді. Өйткені оның реніші мөлдіреген пәк сезімін сездіріп тұратын еді. Оның бойындағы иман қуаты ұдайы біздерді өзіне тәнті етіп, өзін көруге асықтырып, магниттей тартып тұратын еді. Атамның менің анам Зылиқадан басқа  Ноғай, Төребай, Әбіраман, Әбдіқадір, Әсия, Зәйнаба, Сарабибі, Қатима атты перзенттері болды. Сондай-ақ Ноғайдың зайыбы Тілеш менің нағашы жеңгем бола тұра өмірімнің мейірбан анасына айналған жан еді. Ноғай мен Тілештің Иса мен Әлима сынды ұл-қыздары, немерелері болды.

Жалпы менің нағашы жұртым үлкен қауым. Бастысы олардың мейірі мен сүйіспеншілігі маған нәр беріп, өмірдің зұлматын мүлдем сездірмеді. Мәселен Әсия апамның жақсылыққа толы жан дүниесі, оның жан жары Қодар жездемнің бойындағы жақсылық қазынасы бақыт бұлағы болған. Соның жақсы шарапатына мен сәбилік шағымда бөленіп, еркелеп  келдім. Самарқанд ахунд нағашы атам мен ұл-қыздары Бәндәр-Түрікмен қаласында тұрған. Мен қашанда Горганнан оларға барғанымда сары майы мен қаймағын, қатығы мен қызыл қуырдағын дастарқанға жайнатып қойып «Исламжан, саған сақтап қойғанмын» деп жанын салып, қызмет көрсетіп жүретін. Бұл менің бір бағым еді. Әсия апам мен жездем Қодардың он шақты сиыры оларға ермек және күнкөріс көзі еді. Әсия апамның қызы менің бөлем Мәриямға қарап: «Алла бұйырса, Мәриям да сен сияқты оқитын болады» деп жаны жайнап, көзіне күлкі үйіріп, бақыт оты жұлдызданып кететін еді. Апам армандағандай Мәриям оқыды. Мұғалім болды,  шәкірттері құрмет тұтатын сүйікті, білімді ұстаздық қызметте болып, зейнеткерлікке шықты. Бақытты отбасын құрды. Мәриямның жолдасы Зәкірия Ескелді Бұрышбайұлы да мұғалім еді.  Қысқасы нағашыларымның еркесі болғанмын.

Біздің кезде Иранда кімде кім мемлекеттің кез келген орнында қызмет атқарса, отыз жылдан кейін зейнеткер болады. Және соңғы айлығы «зейнеткерлік» жалақысы болып бекітіледі. Кейбір сала мен ерекше жайттарда жиырма бес жыл қызметтен кейін зейнеткерлікке шыға алады. Сол үшін он сегіз жаста екі жылға әскери қызметін атқарып, жоғары оқу орнында оқыған жылдары да қызметтік жылдары болып саналады. Сонда он сегіз жастан әскери қызметтен бастап, әрі қарай мұғалім немесе шенеунік болып қызмет атқарса, қырық сегіз жасында соңғы айлығы «зейнетақы» болып құрметті зейнеткерлікке шығады. Және жаңа шағын кәсіп бастау үшін мемлекет түрлі салаға түрлі бастапқы капиталды сыйлайды. Оның мөлшері шамамен он мың доллардан отыз мың долларды құрайды. Мұғалімге қоғам мен үкімет тарапынан құрмет өте жоғары болды. Иранда білім жүйесінде тамыр-таныстық, парақорлық атымен болмаған. Мен Иранда он алты жыл ұстаздық қызмет атқардым. Оқу жүйесінде парақорлық, тамыр-таныстық деген әңгімені естіп көрмей, білмей келдім. 

Балалық шағымда мен құран тәпсірді алғашқы рет Самарқанд атамнан естіп өстім. Демалыс күндері мені жаз айларында әкем әдейілеп атамның үйіне алып баратын. Сондағы мақсаты менің діни білімімді толықтырып, жетілдіре беру болғанын кейін түсіндім. Самарқанд атам барған сайын, маған құран сүре-аяттарын оқып берген соң, оның мағынасын түсіндіріп отыратын. Есейген алдағы жылдары байқасам, атамның маған үйретіп жүргені құранды ұқтыра алу үшін оны талдап беретін. Ол арабша «тәпсір», яғни түсіндіріп беру екен. Мәселен – қарапайым сөздік бар және түсіндірме сөздік бар. Құранды талдап беру сол тіл ғалымдарының бір сөзді егжей-тегжей түсіндіріп бергені сияқты әр бір сөзді миға қонымды етіп түсіндіру екен.

Самарқанд атамның үйінің алдында әжептәуір қора жай бар-ды. Онда оншақты сиыр ұстап, тұрмыс-тіршілік пен балаларын оқытып, жетілдіруіне табыс көзі еді. Атамның жем-шөп салып, малдарының қоректендіру әрі күтімімен айналысып жүргеніне талай куә болдым. Қолы шаруадан босай қалса, үйдегі бөлмесіне немесе мешітіне кіріп, екі намаз арасында оңашада құран оқып отыратын. Және балалары мен талапты оқушыларға әптиек үйретіп жүретін нағашы атам Самарқанд. Қазақтар тұратын үш қаланың қазақ ауылында мешіт салу Самарқанд бастамасынан кейін жалғасып үрдіске айналды. Мәселен, менің әкем қажы Ақмұрат Рақбайұлы да, осы көргені болар, Горган қаласында замандас дос-аға-інілері: Өтеміс Құнанорыс, Әлихан Олжашы Жеменей, Шарғи Көрпе, Дүйсенбай Жеменей, Ұзақбай Кедей Жеменей ауыл молдасы Айтеке Жеменей тағы басқа қоғам белсенділеріне ұсыныс айтып, «мешіт салуға ақылдастар алқасын» құруға мұрындық болып, кейін қосылып, белсенді болған Ысқақ Қазақ болып, мешіт құрылысына қызу кірісті. Оған әкем Ақмұрат төраға болып сайланды.  Бүгін Горган қаласының қазақ ауылындағы «Әбу-Ханифа» атындағы мешіт, қаладағы барлық сұнни мұсылман жұртына есігі ашық. Бұл мешітте түрікмен, араб, бәлуч, күрд тағы басқа сұнни ұстанымдағы мұсылмандар жұма намаз және айт намаздарын оқиды. Бүгіндері жаңа қайраткер азаматтармен көркем мешітке айналды.

Атам Самарқандтың ұлдары да, немерелері де діни сауаттары мол, жандары таза, адал және еңбекқор ұрпақ. Қазіргі тәуелсіз елімізде атаның немересі Әбді-Халық Бәли тұрады. Ол жоғары білімі бар магистратурасын Иранда оқып бітірген. Өзінің инженерлік мамандығымен бірге өте тамаша құран қариы. Өзі Иранда офицер шенімен абыройлы қызмет атқарған азамат. Жұбайы оқымысты дәрігер, балаларымен Алматыда тұрады.  Біз отбасымызда бір қыз, бес ұл болдық. Менен үлкен Мұхаммед шетінеп кеткен деп естігем. Содан менің жадымда қалған. Мен қаласам да, қаламасам да есімде жаңғырып тұрады. Сосын үлкеніміз Арзатай апайым. Мен, Мұқыш (Мүһейеддин), Әбді-Кәрім, Әбді-Әкім бес ағайын болдық. Бұл тұста айтайын дегенім, туған ағайындардың арқасында шүкіршілік жасайтындай құда-құдағи, жекжат қауымнан да кенде болмадым. Ескелді адайдың үлкен руы, оның бірнеше тармағы жақыныма айналды. Ал адай атаның құнанорыс, жортас әулеттері де құда-құдағи сипатында менің қоғамдық ортамның нәр берер қуаты болды. Өйткені менің сәбилік-жастық шағымда қазақ қоғамы дәстүрлі қағида бойынша етжақын туыстық, жекжаттық қарым-қатыныста болған. Әкем жағы Адайдың Жеменей руы, Жеменейдің Бәйбішесі. Сол үшін Құбылан, Төребай, Қарақұл, Ұзақбай, Ақтау, Ақмұрат бәйбіше әкелерден туған: Сағындық, Тәбілдік, Сары, Сүлеймен, Шомақ, Сәргей, Сұлтанбек, Үстарбек, Анна Мұхаммед, Ахмедин, Мұса және біздер аталған ағайындардың шаңырағындағы тілектес, туыстас болдық. Әрі апа-қарындастар, жеңге, келіндер бізге тілектес жандар болды. Ағайындар қоғамдық өмірдегі қуаныш пен қайғы, той мен садақада қолдаушы әрі сәніміз болды. Шаттығыңа шаттанып, қайғылы күндері жұбаныш болып келді. Ал өз жұртым, нағашы жұртым, қайын жұрт қазақтың қоғамдық ортасындағы сүйенетін тірек болатын. Сондықтан иран қазақтарының шағын қауымын елестетіп көрсеңіз бәрі туыс, жекжатқа айналып бара жатты. Туыстармен бірге қазақ, парсы, түрікмен дос-жарандар ортасындағы бағы мол жан болдым. Менің бұл жайттарды жазып отырған себебім – әр азамат өскен ортасының өнімі. Мен әлгі үш жұрттың мерей-шапағатын мол көріп өстім. Олардың құрмет пен ізетіне бөленіп жүргенімнің бірнеше себебі болды. Бірінші атам Рақбай және әкем Ақмұрат адал еңбегі, қоғамдық қарым-қатынастағы парасатты ұстанымы, олардың қоғамдағы беделін асқақтатып тұрды. Екінші жағынан әке-анамның ұстанымы құда болғанда абыройлы отбасымен болғанды басты назарда ұстап жүретін. Бұл барлық қазақ үшін бұлжымас заң іспеттес болған. Менің өз жұртым да, Самарқанд атам бастаған нағашы жұртым да, Ескелді қайын жұртым да қоғамның абыройлы мүшелері еді. Тағы бір себеп – сол жылдары қазақ арасында сәбилер көптеп шетінеп кете берген. Мен және менің қатарымда аман қалған санаулы балалар ағайын, жек-жаттың мейіріне бөленіп жүрді. Тағы бір себебі – Мұхаммед Ескелді аға бастаған және бізбен жалғасқан жоғары оқу орындарының оқымысты топ, қазақтар арасынан білім ұясын ұялаған тұңғыш қарлығаштары болдық. Сондай-ақ әкем Ақмұрат қоғамшыл-көпшілдік мінезімен ұйымдастыру қабілеті жоғары болды. Кәсібі мен мінезі арқасында жоғарыда атап өткен туыс, жекжат қауымның бір-бірімен етене жақын болуларының басты мәйегі болды. Үйдегі дастарқан келіп-кетуші қонақтарға ұдайы жайылып тұрды. Әрі жергілікті парсы, түрікмендер ортасына өзіндік құрметке ие болуы оның үлкен ортаның ақсақалы болуына жол ашты. Сол үшін қазақ үшін түрікмен мен жергілікті парсылар және аймақтағы мемлекеттік мекемелерде өзіндік беделге ие болуы қазақ қоғамының күнделікті тіршілігіне және кейінгі 1995 жылдары иран қазақтарының көшінің заңды түйіндерінің шешілуіне аса ықпалын тигізгенін сол кездегі Еңбек министрі Саят Дүйсенбайұлы Бейсен (1940-2012) берген бағасынан ұққаным бар. Бұл жайында реті келген тұста кеңірек айтамын.

Қазақ қарияларының басты қамы қазақы болмысымызды қалай сақтап қаламыз деген ой ылғи көңілдің бір бұрышында ұялап жүрген. Соның бір мысалы иран үкіметі қазақтар азаматтыққа тіргелген кезде олардан «фамилия» сұраған. Сонда қариялар кеңес құрып, қандай фамилия қабылдау жайын ақылдасқан.  Сонда ойластыра келіп былай шешім қабылдаған: «Біз дүниеден өтеміз. Сонда біздің келесі ұрпақ кім екенін білмей өседі. Әрі күндердің күнінде қазақ халқы дербес ел болғанда өздерін кіммін деп атауларын білмей қалады. Сол себептен бір тобымыз «Қазақ», біреулерміз «Адай» және адай  «Жеменей», «Ескелді», «Көрпе», «Тобыш» тағы солай фамилия етіп жазғызайық. Сонда келешекте ұрпағымыз осы фамилиялар арқасында елге қауышып, ағайындарымен табысады» деп бекіткен. Сол үшін қазақтар азаматтық алған жылдары «Қазақ», «Адай», «Жеменей», «Кедей», «Бәйбіше», «Құнанорыс», «Ескелді», «Көрпе», «Тобыш», «Бабық», «Жары», «Бәли» сынды түрлі ру аттарын «Қазақ» есімін басты назарға алып қойған. Сондай-ақ «қазақ» сөзі қазақтардың бірлік мәйегі болды. Сондықтан бала тәрбиесін: «Балаларына сіздер ешқашан руыңызды басты артықшылық ретінде қолданбаңыздар. Жат елде біз азғантай қауымбыз. Бәріміз ағайын, жекжатпыз. Егер руға бөлінсек ынтымағымыз болмай қалады. Бізге ортақ құндылық – «Қазақ» болғанымыз. Өйткені ертең елге оралғанда бізді елдегі жұртпен тұтастыратын «қазақ» сөзі болады. Және Ауғаныстан, Түркия елдерінде де қазақтар бар екен. Сіздер келешекте олармен ұштасып қалсаңыз, сіздерді жақындастыратын «Қазақ» болғаныңыз болады. Әркім өз руымен әлек болса, ел болып, ынтымақтасуымыздың мәйегін жоғалтып аламыз. Қазақ болып жүруіміз «Ел» болуымыздың басты рәмізі болмақ» деп қолға алған. Дана қарияларымыздың әлгі шешімі мен «қазақ» деп берген тәрбиесі келешекте миуалы екі бәйтерекке айналды. Бірі – 1980 жылдары Ауғаныстан мен Түркия қазақтарымен табысқанда қазақ атауы ортақ құндылығымыз болғаны үшін бір-бірімізбен жатсынбай табыстық. Екіншісі – Тәуелсіз Қазақ еліне оралған жылы әлгі фамилия арқылы әркім ата-жұртта қалған өзінің ағайын, жекжаттарымен табысты. Мен де солардың қатарында елге оралғанымда ағайын, жекжаттарыммен қауыштым. Бұл жайын орны келгенде айта жатармын. 

Қазақы болмысымыздың бір тірегі дініміз болды. Сол үшін мен 1958 жылы бастауыш мектепке қадам басқанда Горган қаласының қазақтары да өз ауылдарында мешіт тұрғызып үлгерген кезі еді. Қариялар кеңесі мешіттің атын «Әбу-Қанапия» деп қойған. Сөйтіп әкем мені бастауыш мектеппен бірге мешіттің жанындағы медресесіне діни сауатымды ашуға берді. Онда Айт Мұхаммед молда Жеменей (1911-1991) мешіт имамы дәріс беретін. Ең басында біздерге дініңіз – ислам, мәзһабыңыз – сұнни, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмметіміз, сұнни мәзһабының Әбу-Әнафия имамның фиқһына қарайтын бағыт деп үйрететін. Сұннилер төрт имамның жолын ұстанады. Олар: имам Әбу Ханифа (Әбу Ханифа нұғман Сәбитұлы: 699-767), имам Мәлік (Әбу Абдолла Мәлік Анасұлы: 711-795), имам Шафи (Мұхаммед Шафи Ыдырысұлы: 767-820) имам Ханбал (Аһмет Ханбалұлы: 855-929). Сұнни мәзһабдағы төрт имамның фиқһын ұстанатын сұнни мәзһаб бір-бірін мойындайды. Және жамағат намазында бір-біріне бағынады. Сол үшін сіздер осы бірлікті ұстанып келіңіз дейтін. Сондай-ақ төрт имамға еліктейтін сұнни жамағат пайғамбардан кейінгі оның төрт орынбасары яғни төрт халифаны мойындайды. Олар: Әбу Бәкір (Әбу Бәкір Сыдық Қаһафаұлы: 573-634), Омар (Омар Хаттабұлы: 590-644), Осман (Осман Аффанұлы: 574-656), Әли (Әли Әбу Талибұлы: 599-661). Бұл төрт халифаны сұнни жамағат төрт ұлы халифалар деп айтады. Халифа араб сөзі, орынбасар деген мағынаны білдіреді. Олар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар (570-632) қайтыс болған соң мұсылмандардың сахаба кеңесінде бірінен соң бірі сайланып халифа болып, ислам дүниесін 29 жыл басқарды. Сол жылдары ислам дінін кеңінен таратып, негіздеді. Сол үшін қазақтар оларды «шәдияр»  деп те атайды. Шәдияр парсыда «Төрт жар» яғни төрт дос дегенді білдіреді. Ол төрт ұлы халифа пайғамбарға адал дос болған жандар. Сондықтан оларға тіл тигізуге болмайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар адамзат тарихында Алланың таңдауымен адам баласын жаратушыға иман келтіру керектігін насихаттаған «соңғы пайғамбар» болған. Сол үшін онан бұрынғы пайғамбарларға да құрметпен қарауларыңыз керек. Сонымен бірге бірде-бір сахабаларға былапыт сөз айтпағандарыңыз абзал. Естеріңізде болсын, өзгелер сіздер құрмет тұтқан сахабаларға тіл тигізуі мүмкін. Бірақ сіздер ұстамды болыңыздар. Басқа біреу күнә жасады екен деп сіздер күнәға батпаңыздар деп ұдайы ескертіп отыратын. Осы мәліметтермен сусындаған соң әптиек оқуға көштік. Әптиек құран сүре-аяттарының қысқартылып дайындалған кітапшасы. Сонда намаз сабақтарға қажет сүрелерді де молдекең үйретіп тұрады. Мен молда дәрістерінің аудиториясында «староста» болып бекітілген едім. Молдекеңнің үйреткендерін тез үйреніп, молдамыз өз шаруаларымен кетіп қалғанда шәкірттерді тәртіпке шақырып, білгендерімді оларға үйретіп жататын едім. Молданың баласы Жамал және бір құрдасымыз Ислам үшеуміз дос болып жүрдік. Үш құрдас. Иран қазақтары сол жылдардан бастап күні бүгінге дейін мұсылман болудың алғы шарттарын үйреніп келуінің сыры үлкендердің айтуынша: азаматтар балалық шағында ислам дінін пайғамбар мен құранға сенуі сұнни мәзһабы, Әбу Ханифа фиқһына, төрт шәдиярды құрметтеуге, барлық пайғамбарларға илануға негіздеп діни сауатын ашқан жағдайда келешекте ешбір діни секта, не өзге бағыттың құрығына ілінбей, өзінің аталары ұстанған діни сенімінен ауытқымай жүруіне ірге қалайды. Және дін мен мәзһаб бір болғанда елдің ынтымағы нығаяды деп ұдайы қайталап үйретіп жүретінін көріп, куә болып келдік. Иран қазақтары дінін сақтап қалу үшін өздері тұратын Гүмбез-Кавуыс, Бәндәр-Түрікмен және Горган қалаларында, қазақ ауылдарында мешіт салып, діни сауат ашатын медресе ашты. Діни білімін жоғарылату үшін түрікмен ғалымдары тарапынан ашып, қалыптасқан мектептерді оқитын болды. Түрікмендер де мұсылман, сұнни, қанапия имамның фиқһын ұстанушы болған. Олардың діни мектептері: Ақ қала, Қарабұлақ тағы басқа жақта ашылған арнайы сұнни Қанафия мәзһабын ұстанатын діни медреселер еді.

Қазақы болмысты сақтап қалудағы тағы бір құрал: діни мерекелерге ерекше мән беру еді. Сондықтан діни мерекелер қазақ дәстүрінің айнымас үрдісіне айналып кеткен. Мәселен ораза айт пен құрбан айтқа ерекше мән беріп, әлгі екі айтты салтанатты түрде өткізіп келеді. Мәселен: ораза айы ерекше мәнге ие. Өйткені бұл айда үлкен-кіші бәрі ораза ұстайды. Сосын кешкісін көптеген ораза ұстағандар намазшамда мешітке жиналады. Себебі ауыз ашарда түрлі отбасылар шелпек, бауырсақ, құрма, түрлі тәттілер мен жеңіл тағамдарын мешітке алып келіп, ораза ұстаушылардың ауызын аштырып, сауап іс қылады. Бұл дәстүр  нәзір мен садақа ретінде жасалады. Бір ай бойы ағайын-туыс, дос-жарандар, жастар түнгі уақытта сәріге дейін топтасып бірге болады. Үлкендер, орта буын, жастар түнгі құптан намазға мешітке жиналады. Тарауиһ намаз оқылған соң, әрбір азамат өзіне жақын топқа қосылып, түнде бірге болады. Былай айтқанда ораза түндері адамдар үшін жақын көрген адамдармен қауышып, рақаттанып сағынышын кетіру сияқты. Қазақтар арасында құрбан айтта, айт намазы оқылған күннен бастап, үш күн айт мерекесі ағайындар, достар арасында құттықтаумен өтеді. Әр қазақ міндетті түрде қой сойып, құрбандық беруге тырысады. Әлеуметтік жағдайы тым нашар болғанда құрбандыққа қой шалмайтын жандар өте сирек болған. Әр шаңырақта үш күн бойы дастарқан жайылып, қуырдық пісіп, айттаушы қонақтарға есік ашық тұрады. Үлкен кісілер, қария ақсақалдар ерекше сыйға ие болып, оларға арнап бөлек қазан көтеріледі. Қазақтардың құрбан айтты ерекше құрмет тұтып, үш күн бойы мерекелеп жүргенін байқаған жергілікті билік оларға құрбан айттың үш күнін тойлауға ресми түрде рұқсат беріп, мемлекеттік мекемелерде қазақ қызметкерлерін жұмыстан, мектептерде де оқушыларын сабақтан босатып келді. Ал ораза айт күні тек бір күнге шектеледі, қой сойылмайды. Шай дастарқанына шелпек, бауырсақ әрі кетсе, үлкен кісілерге қуырдақ, палау сияқты ауқат дайындайды. Бірақ үй иелері дастарқан жайып, есіктерін ашып қойып, құттықтаушы қауымның құттықтау тілегін қабылдап жатады. Дәстүр бойынша құрбан және ораза айт күндері құттықтаулар айт намаз оқылғаннан соң басталады. Ұлттық құндылық пен мүдделілікті сақтау үшін де қолға алынған шаралар жеткілікті.

Тағы бір қазақы болмысты сақтап қалатын фактор – тіл. Ең бастысы, Иран елін паналап келген жылдардан бастап қазақтың әр шаңырағында ана тілімен сөйлесу басты назарда болды. Қариялар бірде-бір қазақ баласына өз шаңырағында өзге тілде сөйлеуге рұқсат бермеген. Бұл – жазылмаған заң.  Қазақтың әрбір шаңырағында жүзеге асып келе жақтан үрдіс болып қалыптасты. Қазірге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр. Иран қазақтарының бір де бірі бұл дәстүрден ауытқыған емес. Шетте жүріп, қазақ тілінде мектеп жоқ, қазақ тілінде басылымдар, радио-теледидар болмағанның өзінде тілдің биікке көтеріліп, өркендеуіне мүмкіндік пен кедергі болып жатса да, қазақтар өз шаңырақтарында, өзара қоғамдық қарым-қатынаста тек қана қазақша сөйлеп жүрді. Бұндай жағдайда кейінгі оқыған, санасы дами бастаған ұрпаққа қазақ сөзінің қоры аздық ете бастады. Сол үшін амал жоқ, керекті кезде парсы сөзінің қорын пайдалана бастады. Бұл жайт қазақ жастары оқып, санасы өркендей түскен сайын қазақ тілі, оның түсінік-пайымына қарап кедейлене түсті. Оған ойластырған шараларды алда реті келгенде айтамын. Атамекенде туған буын, қазақ тілінің тазалығын ұстап келді. Оған бірнеше себеп болды. Біріншісі – қариялар қазақтың салт-дәстүрінің амалдарын білетіні еді. Екіншіден – тұлпардың тұяғы демек, араларында қолына домбыра ұстап, маңғыстаудың жырауларының жырын орындап беріп жүрген ондаған жыршы түрлі басқосу мен той-думанда үлкендердің көзге жас алып тыңдайтын жырларын орындап келген еді.  Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Нұрым, Мұрын жырау, Ақтан, Қашаған, Қашаған Бәли, Түмен Бәйбіше, Сүгір Ескелді тағы да көптеген Маңғыстау дүлдүлдерінің жырын тыңдап жүрді. Ол әңгіме жайлы кейін кеңірек өз ретімен айтылады. Демек, қариялармыздың дүниесіне жетерлік сөз қоры бартұғын. Сондай-ақ олар жаңа дүниенің білімін ала алмады. Сол үшін өздеріне тән жабық қоғамдағы қарым-қатынасқа жеткілікті сөз қорлары болды. Ал біз бастаған кейінгі ұрпақ мектеп-медресесін көріп, жаңа ұғымдарды қажетсініп қалды. Өйткені білімнің де, ғылымның да, күнделікті тіршіліктің де жаңа сөздері сана-сезімімізге ене бастады. Ендігі мәселенің түйінін шешу жолдары оқымысты буынның мойнына жүктелді. Сонда біздің алдымызда екі мақсат болды. Бірінші – қазақ тілінің қариялардан мұраға қалған сөздерін сақтап қалу әрі дамыту еді. Екіншісі – қазақ тілінің дамуына заманауи білім-ғылымның өрісіне жауап бере алатын деңгейге қалай, қай жолмен көтере аламыз? деген сұрақтарға жауап беру үшін іске кірістік.  Бұл жайттар алда егжей-тегжейлі айтылады. Өйткені тілімізді сақтап, оның тазалығын қамту ниетіміз өткеннен бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Оның артықшылық пен жетіспеушіліктері бар. Бұның бәрінің анығын алда өз орнында айтқан жөн. Сонда біздің тілді сақтаудағы күрес жолымыз қызық та күрделі майдан болғанын байқайсыз.

Қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалудағы тағы бір ұстам, олардың ұлттық киімін күнделікті қолданысқа енгізу басты міндет болғандығы еді. Оны барлық қазақ азаматшалары іс жүзінде қолдауға тиіс болды. Сол үшін иран қазақтары қазақша киінуді күнделікті дағдыға айналдырды. Қазақ қыздары ақ орамал, келіншектері алуан-түсті сәнді жаулық, аналар жай жаулық, әжелер кимешек тағуы дәстүрге айналды. Тіпті бастапқы буынның аяқ киімдері қазақы нақыштағы шоңқайма болатын. Кейін оның қолданысы тоқталған себебі, шоңқайманы тіге алатын шебер табылмай қалды. Осы шоңқайманы көпшілік біле бермейді. Мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» қарасам оны былай: «Тұмсығы үшкір, өкшесі тайқы былғары етік», – деп түсіндірген. Біздің ана-әжелер киген шоңқайманың дәл анықтамасы. Мен бұны оқып қуанып қалдым. Себебі біз шоңқайманы ана-әжелерміз кигенін көргенбіз. Демек олар сол Маңғыстаудан өздерімен алып келген сарқыт һәм естелік зат іспеттес болды. Қазақ өзінің ұлттық киімін қадір тұтатынын куәлендіретін бір тарихи оқиға болды. Оны айтып өтпеу жетесіздік болар. 1979 жылы имам Хомейни басшылық еткен ислам төңкерісі бұрынғы патшалық режимді бір жолата саяси сахнадан жо-йып, Иран Ислам Республикасын 1980 жылдың ақпан айында жариялаған соң біртіндеп әйелдерге күнделікті «хижаб» тағуды міндетті етті. Ол заң ретінде қазақ әйелдерін де қамтыған болды. Бірақ оған қазақ әйелдері қарсы шықты. Қазақ әйелдерінің уәжі: «Біз бұрынғы патша режимінде де орамал, жаулық, кимешек тағып жүрдік. Қазақ әйелдері ол кезде де басын жалаңаш ұстаған жоқ. Ол сіздің қоғамның проблемасы. Өйткені жергілікті әйелдердің басым бөлігі басын жалаңаштап жүрген. Сіздің «хижаб» дегеніңіз «жамылғы», мағнасын білдірсе, қазақ әйелдері бұрыннан жамылып келген. Біз өз дәстүріміз бойынша жамылып жүреміз. Бірақ сіздердің «хижаб» дейтін қара жамылғымен емес. Өздеріміздің ұлттық нақыштағы жамылғылар біздің қалауымыз. Себебі қазақ қара киінуді ұнатпайды. Әрі қазақ табиғаты түрлі-түсті реңдерді ұнатады. Ал бұл үшін бізді өлтірсеңіз де, елден сыртқа қуып шықсаңыз да біз сіздің «хижаб» заңыңызға бағынбаймыз», – деп қарсы тұрды. Сол себептен күні бүгінге дейін қазақ әйелдері өздерінің ұлттық нақышты ұнатқан киімдерін қолданып келеді. Бірақ бұл үрдіс елге оралып, сынға түсті. Иранның патшалық режимі Батыс мәдениетінің ошағына айнала бастағанда, қазақтың әйелдері, қыздары жаңа мәдени шабуылға өзінің ұлттық қорғанына сүйеніп, еліктей жүрді. Сондықтан мини және макси етектерді киген жоқ. Сол кезде де өзінің бояуына риза болып жүрген қазақтар аспай да саспайтын ұстанымына берік болды. Әрине бұл отбасылық бекем заңдылықтарының арқасында жүзеге асып тұрды. Ел біртұтас ұстанымда болды. Бұл да бөлек әңгіме.  Әңгіменің бұл тұсында қазақ қалай өзінің ұлттық болмысын сақтап қалғанын кейінгі тарауларда жалғастырамын. Өйткені сол кездегі атажұрттан жат-жұрттың еліне амалсыз көшкен ата-әжелердің елге деген сағынышын тағы бір рет өзгешелеу қарап, олардың сағыныш зары, арман-тілегі қалай миуалы болғанын тілге тиек етейік. Бәлкім олардың рухы шат болғай! Иран жеріне көшкен алғашқы буын аталарымыз туған елін  аңсаумен өтті. Олар елді аңсаған сағынышын кейінгі ұрпағына аманат етіп, үзбей айтып жүрді. Олардың сөзі, ісі бәрі-бәрі аңсаумен нақышталған десек артық емес.  Сол қазақтардың бірі – Ұлбике әже. Ауылда қариялар мен үлкен ағалар, аналар мен апалар Ұлбике әжені ерекше сыйлайтын. Сондықтан  жасы кішілер мен сәбилер де  соларға қарап, көргендерін көңілге түйіп, Ұлбике әжені сыйлап өсті. Қазақта кішілер үлкен кісілерден көргендерін өнеге тұтатын дәстүр бар. Ол дәстүр жазылмаған заң болатын.  Мен де сол балалардың қатарында әжені сыйлап ер жеттім. Содан болар ер жете келе, кітап оқып, өмір мен адамды ұға білгендей жасқа келгенімде  Ұлбике әженің түріне қадала қарап, жүріс-тұрысына ойлы көз салып, сөзіне мұқият құлақ асып жүруге тырысатын болдым. Қай күндері екенін еске түсіре алмағаным өкінішті. Бірақ, Алланың бір сәтті күндерінің бірінде Ұлбике әже қаланың теріскей жағын бетке алып, зарлы үнімен  жоғалтқан бір нәрсені іздеген болып, алға жылжып алыстап кете беретін. Біздің тұратын Горган қаласы кейде табиғаттың тосын мінез көрсеткені болмаса, ауа-райы жұмсақ, қысы онша суық бола бермейді. Біздер жастық шағымызда қаламызда қар жауғанын көруді армандайтын едік, есесіне жауын-шашын көп болғандығынан, жаздың аптабында ылғалды ауадан әбден мезі болатынбыз. Өйткені ауаның ылғалы, жаз бойы киім киіп жүруді азапқа айналдыратын. Есесіне көктем мен күзі ең тамаша маусымдары болып, адамды сарғайта сағындырады. Қаланың оңтүстігінде Элбурз таулары он төрт шақырым қашықтықта көз жауын алып тұрса, солтүстігі түрікмен сахарасына қарай созылған жасыл кілем сияқты жазық  дала, батысы  жасылдыққа қанық  дастарқандай отыз алты шақырым Каспий теңізінің жағалауындағы Бәндәртүрікмен қаласына дейін созылып жатыр. Қаланың шығысы Элбурз тауларының шыңынан жазық далаға қарай төселген орман мен жасыл егістік жерлермен 96 шақырым жердегі Түрікпен Сахараның дамыған үлкен қаласы Гүмбезқавуысқа барып тіреледі. Осылай үш қаланың қазақтарының ең көп қатынайтын трасса екі жаққа Горганнан бастау алады біз үшін.  Шынында Горган қаласы әсем табиғат аясында орналасқан. Сол қаланың бір шетінде қазақтар шоғырланып, қазақ ауылын құрып алған-ды. Қазіргі кезде қазақтар тұратын екі маһалле (ауыл) бар. Бірі – алғашқы құрылған маһалле (ауыл), екіншісі – төрт шақырым солтүстік шығысында кейінгі жылдары салынған «Һеммәтабад» ауылы. Қаланың жергілікті тұрғыны бар басқа шағын аудандарда жекеленген қазақ шаңырақтары бар. Осы тұста парсының «маһалле» сөзін бүгінгі қаладағы «шағын аудан» сөзіне теңеуге болады. Бір кездері түркілер арасында парсы тілі озық әдеби шығармаларының арқасында әбден сіңісіп кеткен. Қазақ көшпенді салтымен онша парсы тілінің ықпалында қала қойған жоқ. Сол үшін отырықшы түркілермен салыстырғанда парсы-араб сөздерін ең аз қабылдаған және қабылдаған сөздерін ана тіліміздің дыбыстандыру заңына бағындырған жұртпыз.

Ересек жасқа келгенімде Ұлбике әженің қаладан далаға қарай бет алған  кездерін көретінмін, сосын қызығып, қайда баратынын білгім келіп оның артынан ұзақ жерге дейін жүріп отыратын едім. Соңында қала төңірегіндегі тікенді бұталар мен қалың шалғын жерлерден ары қарай алыстай беруге батылым жетпей тоқтап тұрып, оның алыстауын көзіммен қуалап отыратынмын. Әйтеуір қарасы біртіндеп кішірейіп көзден ғайып болғанша қарап, түсініксіз ойдың тұңғиығына шомылатын сәттерім аз болған жоқ. Ол кездері әженің қызық та жұмбақ бұл жүрісін ес жиып, ақыл тоқтатқанша түсіне алмай әуре едім. Мен үшін әженің бұл жұмбақ тіршілігінің құпиялылығы  пәни өмірден бақи дүниеге аттанғанша жалғасты.Оның сол бағытқа бет алып кететін күндерінде мені таң қалдыратын нәрсе әженің сәнді  киініп жолға шығатыны еді. Оны алғаш көрген адам әже тойға бара жатыр деп ойлауы да ғажап емес-ті. Енді сол өткен күндерге қарап ой жүгіртсем, әженің киім-кешегі, жүрісіндегі шапшаңдығы мен салмақтылығы бойындағы сеніммен үйлесім тауып, қазақ әйелінің кербез мінезін, тарихи санасының өрісін, талғампаз түйсігін бейнелеп тұрғандай көрінеді. Жасыл түсті мақпал бешпеті, аппақ орамды кимешегі, қошқар мүйізді нақышымен көз тартатын биік өкшесі бар қара етігі, апаларша айтқанда шоңқаймасы, тобығына дейін төгіліп тұрған майда гүлі бар келісті көйлегі, салқындаған күндері иығына жауып желпілдетіп алатын жадағайы  әженің айбынды көркін асырып тұратын.

Әженің сол алыстарға барып, қайта оралып келетін күнін асыға күтетін едім. Сол заманда қазақтың дәстүрі бойынша бір қазақ бір қазақтың шаңырығына бара қалса, үй иесі оны құдайы қонақ ретінде өз ырысымен келді деген наныммен, келген кісіден сұрамай-ақ самауырын жағып, қазан көтере бастайтын. Солай десек те сондай дәстүрді берік ұстанатын ауқатты ел ағалары бар болатын. Солардың бірі Рақбай ата болатын. Ата дүние салған (Алла тағала жанын жаннатта еткей) соң ата жолын лайықты перзенті Ақмұрат өмірінің соңғы деміне дейін жалғастырған. Әже көбіне сол шаңырақтың ошақ иесі Зылиқа келінінің дастарқанына отырып, шөлін басқанша шәйін ішіп, ауқатын жеп қара тер болып, бір рақаттана дем алатын. Өмір өтіп Зылиқа ана да ел құрметіне бөлене жүріп жасы тоқсанға таяған шағында дүние салды. Ол хал үстінде жатқанда келіндеріне «қашанда үйге келген қонаққа дастарқаныңызды мол етіп жайыңыз, есесін құдай береді» деп өсиет сөзін айтып кетіпті. Ұлбике әже қай үйге бармасын, өзіне лайықты құрметті көретіндігі де оның бағы еді. Ол Ирандағы бар қазақтың сыйлы әжесі болғанына қарағанда олардың қиялындағы арман жүгін мойынына артып жүргендей болып, маған ылғи ой салатын.

Оң мен солымызды біршама білген шақта үлкендерден әженің беймаза жүрісінің жайын сұрайтын болдым. Үлкендер күрсіне отырып көк көз кәпірлердің қазаққа жасаған зұлымдығынан ел ата жұртынан 1929-1933 жылдары амалсыздан шет елдерге үдере көшуге мәжбүр болғандарын айтатын. Олардың айтуына қарағанда, кәпір коммунистер қазақтардың қолдарындағы бар малдарын ұжымдастыру деген сылтаумен тәркілеп алғаны аздық еткендей, халықтың Аллаға деген иманына да шектеу қойып, имансыздыққа үндегендері момын қазақтың жанына батқаны сонша, туған елін қимай тұрса да жан сақтап қалу үшін де, дінін қорғап қалу үшін де шет елге  кетуге тура келіпті. Ата жұртын қимай-қимай кете бергендердің бір тобы осы біздерміз деп жаралы жандарының ызасын қалтыраған қолдарынан, бозара бастаған түрлерінен байқататын. Елдің  сол тауқыметті ауыр жылдардың қайғы-қасіреті, ата жұртқа сағынышы Ұлбикенің өн бойына біткен тәрізденеді.

Ұлбике  елге деген сағынышын арқалап  шекарадағы Әтрәк өзенінің жағасына дейін алып барып, жоқтауына қосып әндеткен соң  ауылға оралып отыратын. Әже өзеннің арғы жағы Түрікменстан екенін де білетін, Қазақ даласы онан кейін басталатынын да жақсы біле тұрса да, онда барғандығы  ата мекеніне жақындай түсіп, сағынышын елге жеткізу еді деген үлкендердің әңгімесі Ұлбике әжені ел арманын арқалап жүрген аруанадай біздің жүрегімізде орнықтырған еді. Үлкендердің осындай әңгімелері балалар үшін қазақты таныту мектебінің бір түрі болғанын кейін түсіндік. Әже қысқа бойымен, жүзіндегі әжімдеріне қасіретті жылдар қалдырған нақышымен, қалың кірпіктерінің саясына тереңдей түскен қою жасыл көздеріндегі ойымен  шетке қоныс аударған бүкіл қазақтардың ауыртпалығын жалғыз өзі арқалап жүрген киелі жан іспеттенеді. Кейін ойласам, әже біздерді де балалық шақтан елге деген сағыныш пен сүйіспеншілікке  баулыған жан тәрізді.

Әженің ізімен жүріп, Әтрәк өзенінің жағасында оны соңғы рет көргенімізде, ол алыстарға қарап тұрып жүректі тітіреткен зарлы үнімен жоқтау айтып, мәңгіге ғайып болғаны есте қалған. Біз әженің көшелерді қиып өтіп, қалаған жағына жүре беретінін көрсек те ешқашан сөз сөйлеп, біреуге мұң шаққанын көрмеппіз де, естімеппіз де. Оның жыры жалғыз өзі ауылдың теріскейіне бет алған сәттен жоқтау зары естіле бастайтын. Сөйтсе, әженің үні ата жұртта қалып қалған бір арманына қарай қанат қағып зулап бара жатады екен, оны кейін жылдар өткен соң  сезе білдік. Әженің тағы бір артықшылығы, ол ешбір қазақ шаңырағын жатсынбайтын, қалаған үйдің төрінде құрметті әжесі кейпінде көрініп, өмір кешкендігі. Кейін әженің осы бір мінезіне ойлап қарағанда шетте жүріп ана тіліміз жұтаңдай бастаса да қазақтың «бауырмалдық»  көңілі біздің қазақы болмысымызды сақтап келген бір элементі екенін терең сездік.  Ата жұртын аңсап өткен әже барлық қазақтардың арманының символы болғаны үшін ол елдің хош иісті арман гүліндей, сүйіктісіне айналған кейуана еді. Елді аңсап жүрген алыстағы ағайынның да  Тәңірі тілегін берді. Әже бұл өмірден өкінішпен өтсе де оның арманына ұрпақтары қол жеткізді.

Ұлбике әже, Маңғыстауда дүниеге келдің, Иран жерін паналадың. Бірақ мен көрген және білген Ирандағы барлық жылдарың сағыныш зарымен өтті. Бәлкім Ұлбике әженің соншама сағыныш пен арманын өзінің орындауына нәсіп болмай кетсе де, тәңірі ол арманына біздің жетуімізді нәсіп еткен шығар. Өйткені біз сол жандардың сағыныш зарын естідік, сергелдең күйіне куә болдық. Ауыр күрсінген сәттерін көрдік. Көз жасын төкпестен жан дүниесімен жылағанын сездік. Олармен үндесіп көрмеген, тек олардан аманатқа алған сағынышпен қиялда бір ғажап сұлу қазаққа ғашық болдық. Мен неге деп ойланбадым. Ел кел деді. Келдім. Ол 1990 жыл еді. Бүгін тәуелсіздік жылынан отыз жыл өткен соң, елін іздеген бауырларым 2021-2022 оқу жылына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық курсына оқуға түсті. Сол ата-бабамыздың арманы Еліміз тәуелсіздік алғалы жылдар бойлап жүзеге асып жатыр. Бұл сол жандардың сағыныш зарына орай тәңірі сыйлаған сыйы екені күмәнсіз. Бүгін менің немерелерім іспеттес балапандарым маған сәлем беріп келгені мен үшін бақыт. Қандай бұдан артық бақыт сіздер үшін ұрпағыңыз сіздің елге деген сүйіспеншілік пен сағынышыңызды өз бойында сақтап келеді. Биылғы наурыз айында Әбді-жәлел Қазақ маған келіп жолықты. Өзін таныстырды. Қуанышы бойына симай, асып-тасып тұрғаны байқалады. Сөзін: «Менің аты-жөнім Әбді-жәлел Қазақ. Менің әкем – Әбді-самат. Анам – Сұлупия Кедей. Атамның аты Ысқақ қажы. Мен елімді сағынғаным соншалық, екі әскерде болғанымда күн санап, қызметім аяқталған соң, алды-артыма қарамай елге келуді армандап жүрдім. Әскери міндетімді атқарған соң уақытты созбай елге келудің жолын қарастырып, міне бүгін әл-Фараби университетінің дайындық курсында оқып жүрмін. Арманым тіс дәрігері болып, ата жұртымда, қазағыма қызмет жасасам. Мен жалғыз емеспін. Ираннан менен басқа тағы үш қыз, бір ұл бар. Оларға айтып, бір күні бәріміз сізге сәлем беруге келеміз» деп, бойындағы сағыныш пен арманын маған жайып салды. Оған ерекше сүйіспеншілікпен ұзақ қарадым. Оның бойында, сөзінде, құлшынысында өзімнің жастық шағым ойыма оралды. Ендігі жағы, оның атасы марқұм Ысқақ қажымен бір ауылдың жақын тұратын ауылдас тұрғындары болатынбыз. Атасы қазаққа жанашыр, көкірек көзі ашық, жомарт, сөз бен ойдың қадірін білетін, іскер және табысты адам болатын. Біздің мәдени-спорттық шараларға демеуші болып жүретін кісі еді. Ең бастысы, менің әкемді айрықша сыйлап, жақын достық қатынаста болды. Міне тарихтың сабақтастығы осы екен-ау дедім. Аталар мен әжелер сіздердің рухыңыз жай тауып жатқан шығар деген ойға кеттім. Әбді-жалел мені ұзақ күттірген жоқ. Келесі апта сабақтарының тығыз болғанына қарамай, ұстаздарынан бір-екі сағат рұқсат сұрап келді. Ораза айы болатын. Ұстаздары, отыз жылдан бері бірге осы шаңырақта танысқан замандастарым құрметпен оларға рұқсат беріпті. Оған олар да, мен де қуандым.  

Әбді-жәлел және жанына еріп келген Сажеде Жеменей Ілиясқызы, Кейһан Қазақ Әминұлы, Мариям Жеменей Кедей Жамаледдинқызы және Аймира Шаткам Пәрвизқызы болды. Оларды өмір бойы көрмеген болсам да, аталарын білгендіктен бе, түрлері таныс. Сұрастырып қалсам, қыздардың бәрі ағайын-туыстар болып шықты. Бәрі де жалынды, үлкен армандарын арқалап, атажұртқа бас бұрған. Сажеде: «Мені ата-анам сен қызсың, сені жалғыз жібере алмаймыз деді. Әсіресе анам қатты қарсы болды. Бірақ мен оларға тағдырым мен бақытым тек қана атамекеніммен ұштасып жалғасады. Мен басқа жерде бағым ашыла қоймайтынын сезем деген соң амалсыз менің қалауыммен санасып, елге келіп, оқуымды жалғастыруға келісті», – деп ағынан жарылды. Сондай-ақ Сажеде Иранда қазақтар арасынан шыққан тұңғыш футболшы қыз. Қазіргі кезде бұл саланың бапкері. Ол спорт мамандығы бойынша оқып, жастарды спортқа баулимын деген арманы бар. Мариям болса ағылшын тілінің маманы болғысы келеді. Аймира әдебиетті қалайды. Және жазушы болсам деп ойлайды. Мәриям менің туған бөлем Сәлиманың қызы, оның зайыбы Жамаледдин Қайырбай ағаның немересі.

Аталар, Ұлбике әже, уақыт барлық қасіретті сағыныш күндеріңіздің бағын ұрпақтарыңызға жазыпты.

(Жалғасы бар)

2407 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз