• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ҚАСЫМ ХАН ӨМІРБАЯНЫ: КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСТАРЫ МЕН ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ой.Пікір.Талқы

Нұрлан АТЫҒАЕВ,

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының  кандидаты

Екі жарым ғасырдан астам уақыт Еуразия даласында  салтанат құрған қазақ халқының ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы тарихында өсіп өркендеу дәуірі де, құлдырап күйреу кезеңі де болды. Қазақ мемлекеттігінің бір шарықтау кезеңі XVI ғасырдың басына тұс келіп, Жәнібекұлы Қасым ханның есімімен тығыз байланысты еді.

Коммунистік идеология адамдардың тұрмысы мен рухани өміріне тығыз араласып тұрған кеңес өкіметі дәуірінде, біз «халықтың емес, билеушілердің тарихын жазатын» шетел тарихшыларын айыптап, тарихта жеке адамдардың орнын өз деңгейінде ашып көрсете алмадық.

Бүгінгі күні аласапыран заманда қазақ мемлекетін сақтап қалған, қазақтың жерін жиып, атағын асқақтатқан хандар мен сұлтандарға, билер мен батырларға тиісті тарихи бағасын беріп жатқанда, қазақ мемлекеті мен қазақ халқының тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі – Қасым ханға өзіне тиісті адал баға беру біздің ұрпақтық парызымыз.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері осы уақытқа дейін Қасым ханның тарихи қызметіне арналған бірталай ғылыми жұмыстар жарық көрді.

Ғалымдар әсіресе ұлы билеушінің саяси қызметіне үлкен назар аударып,

осыған арналған бірнеше зерттеулер жариялады.

Сонымен қатар Қасым ханға арналған зерттеулердің бірталай болғанына қарамастан, оның өмірбаянының көлең-келі тұстары мен даулы мәселелері де әлі аз емес.

Мақаламызда отандық тарихнамамызда аса назар аударылмаған осы мәселелерге назар аударғымыз келеді.

1.Қасым ханның дүниеге келген жері. Біздің тарихшыларымыздың жұмыстарында Қасым ханның туған жылы туралы жазылады, ал оның туған жері туралы мүлдем айтылмайды.

Негізі Қасым ханның аты бірталай ортағасырлық тарихи деректерде кездеседі. Осы тұлға туралы Орта Азия, Иран мен Түркияда жазылған тарихи шығармаларда айтылған, ал Ресей архив құжаттарында, А.И.Исин анықтағандай, оның қазасы туралы мәлімет сақталған.

Алайда ешқандай ортағасырлық тарихи еңбектерде оның дүниеге келген жері туралы нақты мәліметтер жоқ. Соған қарамай, жазба тарихи деректердегі жанама ақпараттарға сүйеніп, бұл туралы кейбір жорамал жасауға болады.

Белгілі ортағасырлық тарихшы Масуд ибн Усман Кухистанидің «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани» шығармасының мәліметтеріне қарағанда XV ғасырдың 20-40 жылдары қазіргі Қазақстанның негізгі бөлігі «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрған Шибан ұрпағы Әбілқайыр ханның қоластында болған, алайда 1446 жылға дейін оның билігі Сырдария аумағына тарамаған [15, 159 б.; 6, 58 б.]. Масуд ибн Усман Кухистани бұл жерлер осы уақытқа дейін кімнің иелігінде болғанын хабарламайды. 

Осыған назар аударған К.А.Пищулина Сырдария мен Қаратау аумағы бұл кезеңде Орыс хан ұрпақтарының қолында болған деп санайды. Зерттеуші 1446 жылдан кейін де Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал жағалауына Әбілқайырдың билігі жүрген туралы мәлімет жоқ деп көрсетеді [18, 255 б.]. Осындай пікірді басқа мамандар да ұстанады [11, 152 б.; 24, 252 б.].

Ортағасырлық тарихи деректерден XIV-XV ғасырдың бірінші ширегінде Сырдария алқабы Ақ Орда (кей деректерде Көк Орда) билеушілерінің атадан балаға мұра ретінде өтіп тұрған жерлер болғанын білеміз. Жәнібек ханның әкесі Барақ ханның осы алқабтың бас-ты қаласы Сығанақтың жайлауы заң бойынша өз иелігі екенін айтқаны Хафиз Абру мен Абд ар-Разақ Самарқанди жазбаларынан белгілі [14, 165 б.; 19, 197 б.]. Н.Кенжеахмет Керей мен Жәнібектің аттары 1453 жылы Қытайдың «Мин шилу» дерегінде айтылады деп жазады. Бұл деректе Мин патшалығына осы жылы 121 мемлекет пен иеліктерден елшіліктер келгені туралы мәліметтер келтірілген. Өз елшілерін жібергендердің ішінде «Тохума» (Тұқмақ) жерінің ханы «Бұлахайдан» (Әбілқайырдан) кейін «Сайлан» (Сайрам) жерінің әкімі Гэлайтань (Керей сұлтан?) мен «Асыбе» (Өзбек) жерінің ханы «Джанибе» (Жәнібек) аталады [13, 106-109 бб.]. Егер Н.Кенжеахметтің бұл пікірі дұрыс болса, онда Түркістанның шетінде, Моғұлстанмен көршілес орналасқан Сайрам қаласы мен оның төңірегі 1453 жылға дейін Керей мен Жәнібектің қол астында болған деген жорамал жасауға болады.     

Қазақ хандарына арнайы зерттеу арнаған Т.И.Сұлтанов Қасым Жәнібекұлы 1445 жылы дүниеге келген деген пікір айтады [11, 363 б.; 20, 164 б.]. Зерттеуші бұл пікірді XVI ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы Мырза Мұхаммад Хайдар Дуғлаттың  (Дулат) «Тарих-и Рашиди» атты шығармасындағы мәліметтерге сүйеніп айтқан. Шығармада 1513 жылы Қасым ханның жасы жетпіске тақағаны туралы мәлімет келтірілген [15, 225 б.]. Егер Қасым хан 1445 жылы дүниеге келсе, онда оның кіндік қаны тамған жер осы Сырдария аумағы, қазіргі Қазақстанның оңтүстігі деген жорамал жасауға болады.

2.Қасым ханның билікке келу мәселесі

Ғылыми әдебиетте көп жағдайда Қасым сұлтанның Қазақ хандығына билікке келуі оның Бұрындық ханмен қанды күресте жеңіп шығуының нәтижесі деген пікір басым. Осы пікірді алғаш белгілі кеңес тарихшысы А.П.Чулошников айтқан еді. Ол «екі беделді топтың күресі басында бейбіт болғанмен, соңында екі қарсыласты қантөгіс шайқастарға әкеліп, бірін толық жетістікке жеткізіп, екіншісін аман қалу үшін туған даласынан шетке қашуға мәжбүр етті ... тасталқан болып жеңілген Бұрындық Дештен қуылды», – деп жазған еді [27, 113 б.].

ХХ ғасырдың басында айтқан А.П.Чулошниковтың осы пікірін кезінде М.Тынышбаев қатты сынға алып, Қасым мен Бұрындық хандар арасындағы қантөгіс шайқастар туралы ешбір деректе айтылмағанын жазған еді [23, 56 б.]. Алайда қазақ тарихшысының осы әділ сыны кейінгі зерттеушілер тарапынан көп жағдайда назарға алынбай, Керей мен Жәнібек хандардың ұрпақтары арасында тақ үшін қанды күрес болды деп жазылып жүр. Мысалы, В.П.Юдин «Керей мен Жәнібек өлгеннен кейін олардың ұлдарының арасында күрес болғаны белгілі», – деп жазған [МИКХ, 1969: 387]. Осы пікірді өзбек шығыстанушысы У. Хуршут да қайталайды [Хуршут, 1982: 43]. Кейбір қазақ тарихшылардың жұмыстарында Бұрындық пен Қасым басқарған топтар арасындағы күрес туралы пікір кездеседі [12, 14 б.; 28, 15 б.].

М.П.Вяткин, М.Қ.Әбусейітова Бұрындық ханның әлсіздігін көрсету үшін  еңбектерінде одан әскери күші жағынан Қасым сұлтан ғана емес, оның ағасы Жаныш сұлтан да асып түсті деп жазған [9,81 б.; 1,81 б.].

Алайда бұл пікірлермен келісуге болмайды. Біріншіден, Бұрындық ханның елу мың әскері туралы мәліметтер оның билікке келген алғашқы жылдарына ғана қатысты [15, 21, 103 бб.]. Кейін оның едәуір үлкен әскері болғаны деректерде жазылған. Мәселен, Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Бұрындық хан қазақ ұлыстарына әскер жинау туралы бұйрық жіберген кезде, сол уақытта төрт жүз мың жауынгерлер жиналатын деп көрсетеді [25, 92-93 бб.]. Екіншіден, деректер Бұрындық хан мен Жәнібек ханның балалары арасындағы қарым-қатынас бейбіт болғанынан көрсетеді. Сөзсіз, әр адам тәрізді Бұрындық ханның жеке басында да кемшіліктер болған. Мысалы, Камал ад-Дин Бинаидың «Шайбани-наме» шығармасында Мұхаммед Шейбаниден жеңілгеннен кейін Жәнібектің ұлы Махмұд сұлтан Бұрындық ханның кемшіліктері туралы сөз қозғағаны айтылады [15,106 б.]. Бұл кемшіліктер Бұрындық хан мен Жәнібек ұрпақтарының өзара сыйластығына кедергі болды, бірақ олар қантөгіс, теке-тіреске әкелмеді. Сонымен бірге Бұрындық хан мен Қасым ханның арасындағы жас айырмашылығын ескермеуге болмайды. Бұрындықтың жасы Қасымнан үлкен болған, ал Қасым үлкендерге құрмет көрсетуді талап ететін дала дәстүрін қатаң ұстанған [20, 166 б.].

Мырза Мұхамммед Хайдардың «Тарих-и Рашидидегі» мына бір мәліметіне назар аударған жөн: «Қасым хан хан атағын алғанға дейін де оның күші ондай болды, тіпті ешкім Бұрындық ханды есіне алмады. Алайда, ол Бұрындық ханның қасында болғысы келмеді, өйткені егер ол қасында бола тұра оған лайықты құрмет көрсетпесе, онда [Бұрындық] оған қысым көрсететін еді, ал оны жақтырмауы оған құрмет білдіруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан Қасым хан одан аулақ болды. Бұрындық Сарайшықта болған. Қасым хан одан аулақ болуды қалап, Моғұлстан шекарасына кетті» [16,324 б.].

Мырза Мұхамммед Хайдардың бұл мәліметінен көрініп тұрғандай, Қасым сұлтан қарт билеушімен қарым-қатынасты бұзып, таққа таласуға бармады.

Қадырғали-бек Қосымұлының «Джами ат-таварих» («Жылнамалр жинағы») шығармасында келтірген мәліметтер Жәнібек пен Бұрындықтың ұрпақтары арасында тығыз отбасылық байланыстар болғанын көрсетеді. Жәнібек ханның немересі, Жәдік сұлтанның ұлы, болашақ қазақ ханы Шығайдың әйелі Бұрындық ханның Дадам-ханым атты қызы болса, Шығайдың ұлы Ондан сұлтан Бұрындық ханның немересіне үйленген еді [7, 164 б.]. Бұл некелік қатынастар Бұрындық ханның қазақ даласынан Самарқандқа көшіп кеткеннен кейін орнаған.

Осы деректер Бұрындық хан мен Жәнібек ханның балаларының арасында болған «қантөгіс шайқастар» туралы пікірдің жаңсақ екенін көрсетеді. Мұндай мәліметтер ешқандай тарихи дереккөздерде кездеспейді. Бұрындық ханның биліктен айрылуының басты себебі оның Шибан әулеті мемлекетінің күрестегі сәтсіздіктер болды. Биліктің Орыс ханның бір ұрпағынан екіншісіне ауысуы бейбіт жолмен өтті.

3.Қасым ханның Қызылбас (Сефеви әулеті) мемлекетімен қарым-қатынасы 

Қасым хан билік құрған кезеңде Қазақ хандығы қазіргі Иран мен Әзербайжан жерінде құрылған Қызылбас (Сефеви әулеті) мемлекетімен соғысты. Бұл мәселе соңғы кезеңге дейін отандық тарихнамада қарастырылған жоқ. Ал ондай мәліметтер Қызылбас мемлекетінде жазылған бірнеше ортағасырлық тарихи  шығармаларда кездесетіні анықталды [4, 74-81 бб.].

Сондай дерекөздердің бірі «Алам ара-и Сефеви» атты авторы белгісіз шығарма. Бұл шығарма мәліметтеріне қарағанда, Қызылбас (Сефеви әулеті) мемлекетін құрушы Исмаил шах пен оның одақтасы Әмір Темір ұрпағы Захир ад-Дин Бабырдан ойсырай жеңілген соң, хижраның 919 жылы (1513/14 жж.) өзбек билеушілері Шибан әулетінің сыйлы сұлтандарының бірі Жәнібек сұлтанды Қазақ хандығына жіберді. Жәнібек сұлтанды қазақтың бас ханы Қасым үлкен құрметпен қарсы алады. Өзбек сұлтаны одан Исмаил шахпен күресу үшін көмек сұрады.

Өзінің Түркістандағы иелігіне қауіп төніп тұрғандықтан, Қасым хан Шибан ұрпақтарының ұсынысын қабылдады. Оның бұйрығы бойынша үлкен әскер жасақталып, Мавараннахрға өзбектерге көмекке аттанады. Әскерді басқару Қасым ханның ұлы Әбілқайыр ханға жүктеледі.

Қазақтың қалың қолына өзбек билеушісі Ұбайдаллах-хан әскері қосылады. Қазақ-өзбек бірлескен әскерінің жалпы санын автор 160 мың адам деп көрсетеді. Әскер санының асыра айтылуы да әбден мүмкін. Бірақ сол кез үшін үлкен әскер жиналғаны анық. Бұл әскер Жейхуннан (Әмудариядан) өтіп, Қызылбас мемлекеті әскерімен шайқасып, жеңіліс табады. Осы шайқаста Әбілқайыр хан да қаза табады. Бірталай қазақ әскері қызылбастардың қолына түседі. Қызылбас мемлекетінде XVI ғ. «қазақлу» – «қазақлар» тайпасының қалыптасуы осы тұтқындармен байланысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар қызылбастар тарихында бұрын да кездескен. Мәселен, қызылбастардың румлу және шамлу тайпалары Кіші Азиядан (Рум) және Сириядан (Шам) қолға түскен тұтқындардан шыққан [3].

Шайқастан соң Ұбайдаллах хан басқарған Шибан ұрпақтары Нақшбандийа тариқатының көрнекті өкілі Абд ар-Рахим қожаның араласуымен Исмаил-шахпен бейбіт келісімге келді [3,114-121 бб.; 4,61-62 бб.].

Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің қарым-қатынастары туралы тарихи деректердегі осындай мәлімет кездеседі.

4.Қасым ханның ұстанған тариқаты

Қасым ханның өз ата-бабалары тәрізді ислам дінінің сунниттік ханафиттік мазхабын ұстағаны ешқандай дау тудырмайды. Алайда бұл кезеңде Орталық Азияда сопылақ үш тариқат – түркістандық Қожа Ахмет Йасауи негізін салған Йасауия тариқаты, бұхаралық Баха-ад Дин Нақшбанди негізін салған нақшбандийа тариқаты және хорезмдік Нәжім-ад Дин Кубра негізін салған кубравийа тариқаттары кең тарағаны белгілі. Қасым ханның осы үш тариқаттың қайсысын ұстанғанына көп назар аударылмайды.

Бұл сұраққа жауапты XVII ғ. жазылған Абу-л-Аббас Мұхаммед Талибтың «Матлаб ат-талибин» шығармасы береді. Онда 1512 жылы Захир ад-Дин Бабыр мен оны қолдаған Исмаил-шах жеңіске жеткенде олардан қашқан Джуйбари шейхтарының бір өкілі Қожа Ислам (Ишан-и келан) «Қазақстанға» қашып, Қасым ханды паналағаны айтылады. Шығарма авторы Қасым ханның Қожа Исламның арғы бабасы Шейх Абу Бакр Саадтың (970 ж. қайтыс болған) муриді болған дейді. Шейх Абу Бакр Саадтың ұрпағы келгенін естіп, ол өзі Қожа Исламның алдынан шығып, құрметпен қарсы алды деп хабарлайды Мұхаммед Талиб [2, 263-264 бб.; 22, 205-206 бб.]. Ал Джуйбари шейхтарының, оның ішінде Шейх Абу Бакр Саадта, Нақшбандийа тарикатына (ходжаган-накшбандийа, силсилат ал-хваджаган) жатқаны белгілі [8, 6-7 бб.]. Осыдан Қасым хан сопылық Нақшбандийа тарикатының жолын ұстанғанын көреміз.

З.Жандарбек Қасым ханның қателігі оның нақшбандийа ағымын қазақ даласына әкелумен таратылуымен байланысты деп жазады [10, 228 б.] Алайда бұл пікірмен келісе алмаймыз. Қасым ханның 500 жылдам астам уақыт бұрын қайтыс болған адамның мүриді саналғаны, сопылық ілімнің бұл тармағы қазақ даласына ерте келгенін көрсетеді. Қожа Ислам қайтар кезде онымен Шибан ұрпағы Ұбайдаллах ханға қызын ұзатып тұрып, Қасым ханның «Сіз біздің пірлеріміздің баласысыз» дегені де осыны дәлелдей түседі [8, 6-7 бб.].

Нақшбандийа тариқаты сол кезеңде Орталық Азия аумағында ең көп тараған тариқат екенін деректерден көруге болады. Өзбек хандарының көбі сопылық ілімнің осы бағытын ұстанған. Мысалы, Мұхаммед Шейбаниден кейін өзбектерді билеген Ұбайдаллах хан Ахмад Джуйбари шейхтерінің мүриді болған [8,7 б.]. Тағы бір деректе Мұхаммед Шейбанидің өзіне XV ғасыр соңында Нақшбандийа шейхы «Багау-л-Хакк-ва-д-Дин» 366 атты шейхтарды исламды тарату үшін көмекке жібергені айтылады [21,759 б.].

Қасым ханның атасы Барақ ханмен тығыз байланыста болған ноғайлардың билеушілері Едіге би ұрпақтары мен Джуйбари шейхтары арасында туыстық қатынастар болғаны туралы да мәліметтер бар [21,759-760 бб.].

Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» шығармасындағы мәліметіне қарағанда моғұлдардың Уайс хан, Сұлтан Махмұд хан сияқты билеушілері Нақшбандийа шейхтарын муршид санаған. Мырза Мұхаммед Хайдардың өзі осы тариқаттқа жатқан [5].

Сонымен қатар, Қасым ханнан кейінгі кейбір қазақ хандары да Нақшбандийа тариқатының шейхтарын өздерінің муршидтары ретінде мойындаған. Мысалы, жазба деректерге сәйкес, Шығай хан мен оның балалары Тәуекел мен Есім осы тариқатты ұстанған. Кейін Тәуекел хан Йасауийа шейхтарының біріне мүрид болғаны да белгілі [10, с. 229]. Деректер осы кезеңде Нақшбандийа мен Йасауийа жолдарын ұстағандардың арасында тату қатынас болғанын көрсетеді. Мысалы, Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлат Нақшбандийа тариқатында болса, оның ағасы Моғұлстан ұлысбекы Саййид Мұхаммад мырза Дуғлат Йасауийа тариқатында болған [5].

Сөзімізді қорытындалай келе, қазақ хандары ішіндегі ең ірі де бірегей тұлға Қасым ханның өмірі мен тарихи қызметін зерттеу әлі жалғасын табу керек дегіміз келеді. Ұлы тұлғаның тек саяси қызметі ғана зерттелмеу керек, оның адами бейнесін де қалыптастыру маңызды ғылыми мәселе болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Абусеитова М.Х.  Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв.: история, политика, дипломатия. – Алматы, 1998. – 268 с.

2.Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г.Письменные памятники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии XIII-XVIII вв.: (биобиблиографические обзоры). – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 426 с. + вкл. 4 с. – (Казахстанские востоковедные исследования).

3.Атыгаев Н.А. Участие казахов в борьбе узбеков с Сефевидским (Кызылбашским) государством в первой половине XVI в. // Отан тарихы. 2002, № 2. - С. 114 121

4.Атыгаев Н.А. Казахское ханство в потоке истории. – Алматы: «Издательство Елтаным», 2015. – 384 с

5.Атыгаев Н.А. Исламизация могулов (по сведениям «Тарих-и Рашиди» Мирза Мухаммад Хайдара) / Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(10), 2017. /  https://edu.e-history.kz/ru/publications/view/683

6.Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – Москва, 1965. – 195 с.

7.Березин И. Библиотека восточных историков. Сборник летописей. Татарский текст с русским предисловием. Т. II. Ч. I. – Казань: Типография Губернского Правления, 1854. Т. II. Ч. 1. – 174 с.

8. Вяткин В.Л. Шейхи Джуйбари. 1. Ходжа Ислам / В.Л. Вяткин // Сборник «Икд-ал-джуман» В.В. Бартольду. – Ташкент, 1927. – С.3-19.

9. Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. Том первый. С древ¬нейших времен до 1870 г. – Москва, 1941. – 368 с.

10.Жандарбек З. Иасауи жолы және Қазақ қауымы. «Ел-Шежіре». – Алматы. 2006. – 256 б.

11. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Т. 2. – Алматы: «Атамұра», 1997. – 624 с., ил.

12.Кәрібаев Б.Б. XV ғ. соңы – XVI ғ. I ширегіндегі Қазақ хандығының Мауреннахр мемлекеттерімен саяси қарым-қатынасы. Канд. дисс. автореф. – Алматы, 1996. – 24 б.

13.Кенжеахмет Н. Керей мен Жəнібек хандар Мин Шилу (Мин патшалығының нақты хроникалық жазбалары) деректемелерінде / 2015 жылдың 17-18 наурызында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Қазақ хандығы – Мəңгілік ел идеясы: тарихи тағдыры мен тағылымы» атты Халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция матеиалдары. – Шымкент, 2015. – 508 б.

14. Материалы по истории Казахстана и Центральной Азии. Выпуск 1. Составитель и ответственный редактор Ж.М. Тулибаева. – Астана: Национальный центр археографии и источниковедения, 2011. – 276 с.

15. Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители:  С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата: Изд-во Академии Наук КазССР, 1969. – 652 с. 

16.Мухаммад Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». Перевод с персидского языка А. Урунбаева, Р.П.Джалиловой, Л.М.Епифановой, 2-е издание дополненное. – Алматы: Санат, 1999. – 656 с.

17.Нуртазина Н.Д. Распространение ислама и формирование казахской мусульманской традиции. (VIII-нач.XIX вв.) – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 354 с.

18.Пищулина К.А. Юго-Восточный Казахстан в середине ХIV – начале ХVI веков (вопросы политической и социально-экономической истории). – Алма-Ата, 1977. – 288 с.

19.Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Т. II. Извлечения из персидских сочинений собранные В. Г. Тизенгаузеном и обработанные А. А. Ромаскевичем и С. Л. Волиным. – Москва-Ленинград, 1941. – 308 с.

20.Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 276 с.

21.Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. – 3-е изд., испр. и доп. – М.: Квадрига, 2020. – 1040 с.

22. Тулибаева Ж.М. Персоязычные источники по истории Казахстана XIII–XIX. – Астана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2006. – 256 с.

23.Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. – Алма-Ата, 1993, – 224 с.

24. Ускенбай К.З. Восточный Дашт-и Кыпчак в XIII – начале XV века. Проблемы этнополитической истории Улуса Джучи / Ред. И.М. Миргалеев. – Казань: Изд-во «Фэн» АН РТ, 2013. – 289 с.

25. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара (Записки бухарского гостя). Перевод, предисловие и примечания Р.П. Джалиловой. Под редакцией А.К. Арендса. – Москва: Восточная литература, 1976. – 106 с.

26. Хуршут Э.У. «Тарих-и Кипчак-хани» – важный источник по истории Средней Азии и Северного Афганистана XVI-XVII вв. Диссертация. – Ташкент, 1982.

27.Чулошников А.П. Очерки по истории казак-киргизского народа в связи с общими историческими судьбами других тюркских племен. – Оренбург, 1924. – 294 с.

28.Шамшиденова Ф.М. Сібір жылнамалары бойынша XVI-XVII ғғ. Қазақстан тарихының проблемалары. Канд. дисс. автореф. – Алматы, 1997. – 26 б.

3175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз