• Тарих толқынында
  • 30 Тамыз, 2022

БӘРІ ДЕ КҮНІ КЕШЕГІДЕЙ КӨЗ АЛДЫМДА

Марат Абсаттаров 

Кеңес Одағында  империяға қарсы тұрып, әлем назарын аудартқан Желтоқсан оқиғасы  қаншама қазақ жастарының өршіл рухын, отаншылдық көзқарасын  паш етті. Сол айтулы оқиғаның қатысушысы ретінде өзім куә болған жайттарды оқырманмен бөліскім келеді. 

Иә, содан бері арада қанша жыл өтті...барлық оқиғаны дәл сол кездегідей еске түсіру қиын. Дегенмен, 1986 жылдағы желтоқсан айының сол үш күні мәңгілік жадымда қалды.

Мен АЗВИ-дің 3 курс студенті едім, Сәтбаев көшесі бойындағы 6, жатақханада тұратынмын. 17.12.1986 жылы күнделікті әдет бойынша сабаққа дайындалып жатқанбыз. Ішіміздегі бір жігіттің «Алаңға жастар жиналып жатыр екен» деген сөзін естіп, біз де бір топ жігіт болып, алаңға қарай бет алдық.

 Көтеріліс болып жатқан маңға таяу жақындағанымызда Мира көшесімен Сәтбаев көшелерінің қиылысынан милиция қызметкерлері тоқтатты. Қайда бара жатырсыңдар деп, алаңға өтуімізге болмайтынын ескертіп кері қайтуымызды сұрады. Бірақ, біз не үшін алаңға бара алмайтынымызды сұрап қарсылық білдірдік. Қызуқанды жастар бұйрыққа бағынбай, милиция тосқауылын бұзып өтіп, шулап алаңға беттедік.     

Ішкі істер қызметкерлері де өз тарапынан бізді әрі қарай жібермеуге тырысып, бір-бірімен хабарласып, алаңдағы мінбенің алдына жиналды. Жастар да келе бастады. Жиналған топтың ішінен жалындап сөйлеп тұрған бейтаныс жігіттен білгенім: Қазақстанымыздың 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев атамызды қызметінен алып тастап, орнына Ресейден, сырт адам Г.В.Колбин тағайындалғанын естідім. Сөйтіп тұрғанымда кластасым Нұрлыбек Қуаңбаевты кездестірдім (қазіргі «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы), сол кезде ол КазГУ-дың физика факультетінде оқитын.  Әрі қарай екеуміз бірге жүрдік. Алаңға жиналған жастар өздерінің талап-тілектерін жоғары биліктің тыңдауын өтінді, сөйтіп, мінбенің жанында тосқауылда тұрған милициялар мен жастар бірін-бірі итеріп, қақтығыс басталды. Бір-екі жігітті машиналарына отырғызып алып кетті.

Сол жерде тұрған жастар: «Біздің жігіттерді алып кетті, машинаны тоқтатыңдар» деп бір-біріне айғайлап жатты. Мира көшесіне жақын тұрған біраз топ әлгі көліктің соңынан ілесе жүгіргенімен тоқтата алмады. Қайтып келе жатып, жол жиегінде тұрған ГАИ көлігін төңкеріп тастады. Алаңға келіп, «полиция алып кеткен жігіттерді қайтарсаңдар, біз бұл жерден кетеміз» деген талап қойды.

Одан сайын өршеленген азаматтар алаңнан жедел-жәрдем  машинасынан басқа машинаны жүргізбеңдер деп дауыстап жатты. Адам қарасы көп. Нұрлыбек кластасымнан көз жазып қалдым. Сол жүргеннен қысқа күннің қалай батқанын да білмей қалдым, кешке дейін өз талап-тілектерімізді жоғарғы жақ естиді деген ниетпен тұрғанымыз бекер болды, бізді тыңдаған ешкім болған жоқ. Ақыр соңында күшпен қорқытып, ұрып-соғып, бізді алаңнан қуа бастады. Жан-жаққа қаша бастадық. Қарнымыз аш, үстіміз су, милицияның дубинкасының соққысы денемізге тиген күйі жатақханаға келдім. Жатақханамыз алаңға жақын жерде болғасын, кластасым кештетіп келіп біздің жатақханаға қонды. Екеуміз көрген-білгенімізді бір-бірімізге айтып, көпке дейін ұйықтай алмадық. Өйткені, қазақ жастарының бас көтеруі бірінші рет еді.

Келесі күні ертеңгісін жатақханадан  сыртқа шығайық десек вахтаның алдында тұрып алған институттың мұғалімдері  ешкімді сыртқа шығармады. Біз және жатақхананың басқа жігіттері екінші қабаттың балконынан сыртқа секіріп түсіп, Сәтбаев көшесімен Мира көшесінің қиылысына дейін келдік. 18-күні алаң қалың әскермен қоршалған екен, жабық тұрды.

Неге екенін білмеймін, әлде басқа институттың  студенттерін жинау мақсатында ма, 18 желтоқсан күні Мира-Сәтбаев көшелері қиылысына жиналған жастар парадта жүргендей көше бойын алып, Сатбаев көшесінің бойымен Дзержинский (қазіргі Наурызбай) көшесіне  қарай беттеді, шерудің басы Наурызбай көшесінің бойында, соңы алаңда жалғасты. Сөйтіп әрі қарай  Абай, Гоголь, Горький, Коммунистический   көшелерімен өтіп, «Менің Қазақстаным», «Атамекен», т.б. қазақ  әндерін орындап келе жатты. Коммунистический, Комсомольский көшелерінің қиылысында «Детский мир» сауда орталығына  қарама-қарсы бұрышта 30-ға жуық ДНД-деген жазуы бар повязка тағып алған адамдар тұрды. Олар шерушілерге балағат сөздер айтып, жағдайды ушықтырды. Мұны естіген жастар олармен қақтығыса кетті, сол кезде ДНД-таққан кісілердің бірі шеруде келе жатқан бір жастың ішіне пышақ тығып алды. Бұны көргендер қаны қайнап, оларды соққыға жыға бастады. ДНД адамдары соққыға шыдай алмай, қашып кетуге мәжбүр болды. Жараланған жігітті көшеде келе жатқан жеңіл машинаны тоқтатып, ауруханаға апаруын өтініп отырғызып жібердік те, әрі қарай көше бойымен жүре бердік. Жолда Абай көшесімен Фурманов көшесінің қиылысында троллейбусты бір жағына төңкеріп тастап, үстіне шығып алып небір кісілер ұрандатып, еліміздің басшысы Қазақстаннан болу керек деп, жиналған халыққа үндеулерін жолдап жатты...

Біз жергілікті халықтан, жұмысшылар тарапынан қолдау күткенбіз, бірақ ол ойымыз керісінше болды. 19.12.1986 жылы таң атпай жатақхананың алдына екі автобус тұрды, оның ішінен түскен, білектеріне «ДНД» жазуын тағып алған жұмысшылар, жастары үлкен өзге ұлттың азаматтары есіктің алдында тұрып бізді сыртқа шығармай қойды. Сыртқа шығатын болсаң,  тек арнайы рұқсатпен ғана шығасың...

Сонымен, бейбіт шеру үлкен желтоқсан қозғалысына айналып, арты көтеріліспен аяқталды.

КГБ қызметкерлері алаңда жүрген жастарды жасырын суретке, видеоға түсіріп алған. Кейін түсірілген сурет, видеоларын пайдаланып  қудалауға кірісті. Сондай бума-бума суреттер біздің  оқу орнымызға да келіп түсті. Жоғарыдан ұстаздарымызға өз студенттерін танып, оқудан шығару туралы бұйрықтар берілді. Бірақ мұғалімдеріміз өз бастарын құрбандыққа шалып, әрбір студент үшін күресе білді. Әсіресе факультетіміздің деканы Егеубаев Арынғазы Әбутәліпұлы ағайымыздың еңбегі, бізге деген әкелік жанашырлығы, қазақ баласына деген қамқорлығы орасан зор еді. Сол бума суреттерден студенттерін танып тұрса да,  танымаған кейіп танытып, жүздеген баланы түрмеден, қудалаудан алып қалып, болашағымызға балта шаптырмады. Сөйтіп, институт қабырғасында қалып, оқуымды әрі қарай жалғастырып, 1989 жылы бітіріп шықтым.

Сол 1986 жылы үш күн болған  оқиғаларды толық, сағат-минутына дейін  еске түсіріп жазатын болсам бір томдық кітап болар еді, ол болшақтың еншісінде...

*** 

      Өзім жайында қысқаша айтар болсам, 1964 жылы 17 шілдеде Қызылорда облысы    Жалағаш ауданында дүниеге келдім. 1981  жылы №246 қазақ орта мектебін бітіріп,  1982 жылы Алматы зооинженерлік- малдәрігерлік институтына оқуға түстім.

1983-1985 жылдар аралығында Кеңес  Армиясы қатарында әскери борышымды  өтедім. Әскерден кейін1985 жылы АЗВИ-да оқуымды одан әрі жалғастырдым.

2005 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз