• Заманхат
  • 30 Тамыз, 2022

БІЗДЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ БАР МА?

Рашит БЕКТЕМІРОВ, еңбек ардагері,

«Ақсақалдар тағылымы»  қоғамдық бірлестігінің мүшесі,

Май ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Құрметті оқырман, мен пессимист емеспін, бірақ осы жасқа келгенде, еліміздің азаматы ретінде  алға көз тастасақ болашағымыз қалай болар екен деген ой мазалайды. Бұған өз ойымды ортаға тастап көрейін. Мейлі мемлекет қайраткері, мейлі қоғам қайраткері, мейлі ұлтжанды азаматтар болсын, тіпті «елім, жерім» деп жүрген патриот азаматтар болсын, олар ойлануы тиіс.  Өйткені тарихтан белгілі, ағылшын мемлекеті  XVIII ғасырда Африка құрылығының бірталай елдеріне опиум таратып соғыссыз-ақ жаулап, колония ретінде ұстап үстемдік етіп тұрды. Сол тәсілмен миллиардтан асқан Қытайды да жаулап алмақшы болды. Опиумға халқын үйретті, оған құмар еткізді, тәуелді қылды. Соның арқасында еркектерін бара-бара белсіз қылды. Халқының демографиясы өзгере бастады, өсуі азайды. Халқын тойшыл қылды. Сөйтіп, ел дамудан қалды. Завод, фабрикалар салынбады, өндірістер тоқтай бастады. Ғылыми жұмыстар жүргізілмей қалды. Ел экономикадан да, әлеуметтік жағынан да дамудан қалды.

ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛУІМІЗ КЕРЕК

Оның есесіне  түнгі клубтар, түнгі ойын-сауық, опиум шегетін орындар көбейе бастады. Қоғам нашақорлық пен ішімдікке салына бастады.  Сөйтіп, ағылшындар бүкіл қытай елін осылай жаулап алмақшы болды. Әйтеуір, Қытай елінің бір көсемі шығып бүкіл опиумды өртеп, опиуммен сауда жасайтындарды талқандады. Сөйтіп, өз елін осындай қасіреттен құтқарып қалды.

Қазіргі кезде біздің елде негізгі мақтанышымыз той болып кетті. Кейінгі екі жылда ғана пандемияға байланысты тойларға тыйым салына бастады. Әйтпесе қалаларымызда 15-20 тойханаларымыз бар деп мақтанатын болдық. Тіпті тойларда фонограммамен жеңіл-желпі әдемі өлең айтса, соған мәз боламыз. Меніңше, бүгінгі күні ғылыммен айналысып жатқан адамдар аз сияқты, әлемдік дәрежеде Нобель сыйлығын алуға тырмысып жатқандар шамалы, жоқтың қасы. Ал енді халықаралық олимпиада математикадан басқа пәндерден жеңіп жатқан жастарды дәріптемейміз, қолдамаймыз, жағдай жасамаймыз.  Болашақ жас дарынды балаларға жол ашпаймыз, жағдай туғызбаймыз, ұлттық тәрбие бермейміз.

Бүгінде адамдар бір-бірімен жарысып жатыр. Анау анадан, мынау мынадан кеммін бе деп,  биік-биік сарайлар салып жатыр. Қайтсем де озамын деп,  одан да алда боламын деп тырысып жатыр.

Табиғат біткенді қырып-жойып, жер ананың кеудесін ойып, астындағы қазынасын тауысып жатыр. Біреулердің қамбасы байлыққа толып, біреулердің басынан бақ тайып жатыр. Күні біткеннің кеудесінен жаны шығып жатыр. Күндер, айлар, жылдар өз жөнімен ауысып жатыр. Таң атып кеш келуде, күн батып таң келуде, дүние өзгеруде, адамдар жан алып, жан беруде. Шенеуніктер бір-бірінен озамын деп пара алып, миллиардтап жеп жатыр. Олардың  бірен-сараң ұсақтары  ғана ұсталып жатыр. Өмір ию-қию, пенде біткеннің бар ойы дүние жию, қымбат көліктер міну, шалқып басып күлу, қайтсе де баю, тура жолдан таю. Ғылым, білімді керек қылмай жатыр

Ғалым болсын дейтін, келешекте елдің жанашыр азаматы болсын дейтін ұлттық идеологиямыз жоқтың қасы. Сондықтан жастарымыздың біршамасы «ойнасам, күлсем, қыдырсам, жақсы мәшина мінсем, жақсы үйде тұрсам»  дегенді қалайды. Бұл менің өз пікірім. Мұнымен, әрине, келіспеуге де болады. Бірақ шегірткедей шырылдап ән салып жүре берсек, ертең де қыс келеді ғой? Кейде отырып қынжыласың, өз еліңде мардымды өндіріп жатқан өніміміз жоқ. Оның үстіне елімізде жемқорлық дерт басып кетті. Тіпті жеңіл-желпі дәрі-дәрмекті де шығармаймыз, шеттен әкелеміз. Сіріңкенің өзін сатып аламыз, шұлық-байпаққа дейін шет елден сатып аламыз. Біз тек қана шикізатты сатқанға мәз боламыз. Тіпті 30 елдің қатарына бармақ түгіл, бүкіл дүниежүзіндегі артқы 30 елдің қатарында жүрген сияқтымыз. Сонда не істеуіміз керек? Ең бірінші данышпан Абай атамыз айтқан жоқ па еді: «Ғылым таппай мақтанба...».  Ғалымдарға жағдай жасауымыз керек. Ал ғалым қайдан басталады? Мектептен, сол себепті ұстаздарға жағдай туғызуымыз керек. Қоғамның дені сау болсын десек, дәрігерлердің жағдайына көңіл бөлу керек.

Бүкіл әлемде кішкентай ғана Израиль мемлекетінің медицинасы дамып, басқа елдердің патшалары мен байлары, бизнесмендері емделуге барып миллиардтап ақшаларын сол елге тастап кетеді.

Мына елге келген індет көзімізді ашты. Бұл індетке қарсы тұра алмадық.

Енді бір айтатын басты мәселе. Біз ешкімге тәуелді болмау үшін өндірісімізді дамытуымыз керек. Жеңіл ақша табатын бізнес керек емес. Өндіріс ашқан адамдарға жағдай туғызу қажет, оларға мемлекет тарапынан қолдау керек. Мысалы, Жапон елінде завод салсаңыз сізге екі есе қаржы қайтарып береді, тіпті арзан бағамен шетелге экспорттасаңыз, сол нарықты билеп алу үшін өкімет шығынды өз мойнына алады, яғни дотация береді. Сонда ғана біз ел боламыз.

ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ

Қазақ халқының сақталып қалуы қазақ әйелдерінің арқасы. Бұл асыра сілтеп мақтау емес, шындық, ақиқат.  Санамызды сан-саққа жүгіртсек, расы осы. Бұны өзімше дәлелдеп көрейін. Біз тарихымызда талай тозақтан, яғни қан соғыстан өткен халықпыз. Әйтпесе осындай байтақ жерді қалай сақтап қалар едік. Әр тозақтан кейін ұлт ретінде бізді әйелдер сақтап қалды. Ақтабан шұбырындыда халықтың үштен бірі қырылды, сонда да әйелдер өмірге ұрпақ әкеп орнын толтырды. ХХ ғасырда біз құрып кетудің аз-ақ алды болдық. Н.Ә.Назарбаев кезінде:  «Өткен ғасырға әлемдегі ең көп ұлт болып кіріп, ең аз ұлт болып шықтық» деген еді. Жойыла жаздадық. Бірақ біз жойылмадық. Оған себеп қазақ әйелдері біздің ұлтымызды құтқарып қалды.

1916 жылғы ұлт-азаттық соғыс, артынша 1917 жылғы қазан төңкерісі, 1919 -1921 жылдары 1,5 млн астам халық аштан қырылды. 1931-1933 жылдардағы қасіретте қазақтың 3 миллионнан астамын қолдан жасалған ашаршылық қырғынына  ұшыратқан геноцид болды.  1937-1938 жылдар аралығында  қазақ зиялыларын қуғын-сүргін, ату-асу, аяусыз жазалады емес пе?  1941-1945 жылдары қазаққа қатысы жоқ соғысқа айдап салу саясаты бізді ұлт ретінде мүлдем жойып жібермекші болды. Тіпті соғыс басталғанда Украина фронтына кілең қазақтардан құралған салт атты дивизияны жаудың танктеріне де қарсы қойып қырып тастаған да отарлаушы саясаттың ісі екенін біліп отырмыз.

1959 жылы өткен санақта қазақ өз жерінде 29 пайызға түсіп кеткен еді. Мәскеудің сол кездегі саяси жүйесі қазақтардың саудасы осымен бітті деп қолдарын ысты. Осы жолы да қазақтың әйелдері қазақты құтқарды, алтын құрсақты аналарымыз 8-10 баладан өмірге әкеліп көбейтті. Жарты ғасыр қырғынға қазақ әйелдерінің жауабы осы болды. Керемет жауап емес пе, әйелдерімізге басымызды иуіміз керек. Қазақ қайта тірілді. Оған ұлт ретінде жан берген қазақ әйелі емес пе? Біз ешқашан ұмытпауымыз керек.

Сонау тоқсаныншы тоқырау жылдары, жұмыссыздық пен дағдарыс алған кездерде, елде қаржы жоқ кезде, қоғамды сол қазақ әйелдері сүйреді емес пе? Сауда жасады, отбасын асырады. Қазақ әйелі ол – батыр,  ол –асыл жар, ол  – аяулы ана, батыр ана, ол – отбасының ұйытқысы, берекесі, тәрбиешісі. Оны тек қазақ халқы ғана түсінеді.

Қазақ халқы сан ғасырлар әйелді қадір тұтып келді. Әйелді ұрып-соғу, қорлау біздің ата-баба салтымызда, әдет-ғұрпымызда болмаған. Басқа ұлттарда кездесетін мысық не итті құшақтап отыратын әйелдерді қазақ қаламайды. Біздің өз жолымыз бар, өз болмысымыз бар.

Иә, қоғамда әйел құқығын таптайтындар бар, зорлық-зомбылық көрсетіп, әйелді төмен санайтындар бар. Оларды заңмен қатал жазалау керек.Сонау сансыз тозақта қазақты аман-есен алып қалған осы аналар. Көп балалы аналарды құрметтеу, баспанамен қамту,  жағдай жасау, мемлекет пен қоғамның парызы. Аз ғана қазақпыз. Қазақтың қыз баласы ана болудан бас тартса қала

алы, бір-бірін сыйлап түсінетін, құрметтейтін, білім-ғылымға ұмтылатын бақыт ордасы болуын қай қазақ қаламайды. Ағайын, сіз не дейсіз?

БҰРЫНҒЫ АҚСАҚАЛДАР ЖӨНІНДЕ

Кешегі қарттарымыз заманын ойлап дәйек сөз айтып, бәйек болатын. Бір ауылды уыздай ұйытып, ел-жұртын  сүйе білген, сүйеніші болған. Тентегін жөнге салған. Қасиеті қалың елге қазы бола білген, өсиеті қауым елге азық болған қарттарымыз қайда?

Бұрынғы қарттарымыз келісімді сөзімен ел-жұртын тәрбиелеген. Олардан кең даланың иісі аңқып тұратын. Ол кездегі қарттардың көбі ар жағы Құраннан шариғат айтып, бер жағы қиса-дастандарды жатқа айтып отыратын. Сөз қадірін өз қадірінен жоғары ұстайтын.

Ақ жаулықты әжелеріміз болса: «Қызым саған айтам, келінім сен де тыңда» деп, қызын да, келінін де инабаттылыққа, кісілікке тәрбилеген.

Ертеде бір жиында екі жігіт бір нәрсеге келісе алмай қалады. Бір-бірінің жағасынан ұстап төбелесейін деп тұрған жігіттерді көрген бір адам, анандай отырған қарияға бұрылып:

– Ақсақал, екі жігіт бір-бірімен төбелесейін деп тұр, тоқтау айтып көріңізші, – дейді. Сонда ақсақал даусын шығарып, былай дейді:

«Жаманның жолы қиқалаң, жақсының жолы төте еді,

Жақсы, жаман әркімнің арасынан  өтеді.

Жанжалдаспай, дауласпай тату жүрсең не етеді.

Ынтымағың жарасса бұл дүниенің  қызығы, бәріңе бірдей жетеді,

дегенде, әлгі екеуі есті жігіттер екен, сөзге түсініп: «Т-фу сәл нәрсеге бола бір-біріміздің жағымызды сындыра жаздадық қой!» деп татуласқан екен. Міне, сөздің құдіреті, түсінген адамға!

Бұрынғылар айтқан екен:

«Нақыл сөз айтсаң жақсыға

Аталы сөз деп тоқтайды.

Нақыл сөз айтсаң жаманға

Өзіңді ұқпай боқтайды.

Надандықтың белгісі

Өзін-өзі мақтайды.

Жақсының сөзі – ғибрат,

Қап түбінде жатпайды».

Адамның ақылы сөзінен тұрады. 

Ауызға сөз ақылмен келу керек.

Сөйлеу үшін ойлау керек,

Жұту үшін шайнау керек.

Ойланбай сөйлеу адамды опыққа апарады.

Үйде болсын, түзде болсын адам өзін бір қалыпта ұстау керек, кішіпейіл, сабырлы, салмақты ұстау керек деп ойлаймын. Адам ең бірінші өзін-өзі тани білу керек. Кезінде Саққұлақ би айтқан: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, жолдасы – кәсіп, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық, қымбаты – ар-ұят, таусылмайтыны –арман, қызығы –жасаған ғұмыры, оның ішінде тәттісі – сыйластық» деген екен.

 Бір адамды көргенде не айтасыз дегенде жақсы қасиетін ғана айту керек. «Неге?» деп сұрапты. Сонда:

«Жақсының қадамы ұзақ,

                                       барар жері алыс.

Жаманның жолы қысқа,

                           барар жері жоқ» - депті.

Қария деген екі түрлі болады. Қазыналы қария, қазымыр қария.

Даланың қазынасы – мал,

Елдің қазынасы – қария, - дейді.

Қазыналы қарт кешірімді болу керек, мейірімді болу керек, ұрпағына жақсы нәрселерді үйрету керек, өйткені ол да өзіңнің болашағың.

Ал бүгінгі қарттарымыз жұртының жүрегін емес, өз қамдары үшін биліктің білегін сүйгіш келеді. Соны көріп қынжыласың. Қазіргі ақсақалдарымыздың кейбіреулерінде айтар өнегелі сөзі жоқ, айтар өсиеті жоқ, жанына жақын тартар қасиеті жоқ.

Осы айтылған құндылықтардый көбейеміз, ұлтты қалай сақтап қаламыз? Бұл үлкен сұрақ!  Атам қазақ айтқан: «Бала туса өз ырызығымен туады», «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұранға ісіміз де сәйкес болу керек. Қазақтың отбасы үлкен, көпбалң барлығы да ұлттық идеология негізін құрайтыны белгілі. Олай болса, ұлттық идеология ұлттық құндылықтарымызды әспеттеу арқылы қалыптасатынын ұмытпауымыз қажет.

ҰЛТШЫЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Ұлтшылдық деген не, ұлтшыл деген кімдер? «Ұлтшылдық» деген сөз империялық мемлекеттерде пайда болған. Бұл сол кезде айналымға кірген ұғым. Яғни ұлт-азаттық үшін күрескен адамдарды империялық елде ұлшылдар деп атады. Олар империяның жауы, өйткені империяға қарсы деп ұқты.  Бұл ұғым Ресейде де болды,  ұлтшылдарды саяси жау есебінде қарады. Мәселен, бүгінгі жаһандану дәуірінде де өзінің ұлттық дербестігін сақтап қалғысы келетіндер империялық көзқараспен қарағанда ұлтшылдар  болып есептеледі. Өйткені олар өзгенің қол астына,  бөгденің ықпалында болғысы келмейді.

Мысалы, Англияның өзі Евроодақты тастап шығуы да ұлттың дербестігін сақтап қалудан туындаған ұлтшылдық. Қазір Француз, ееміс ұлтшылдығы деген шығып жатыр. Әрбір француз, неміс өздерінің ұлттық мүдделерін қорғауға көшіп жатыр. Себебі олар өз жерінде тұрып Африка мен Азиядан келген босқындармен бір деңгейде өмір сүргілері келмейді. Еуропадағы елдердің де, Еуропаның өзі бір мемлекет болуды қаламайды. Еуроодақтың жиналысы өткен сайын Брюссельде, Женевада, Мюнхенде еркін ереуілдер өтіп тұрады. Неге? Өйткені олар өз ұлтын сақтап қалғысы келеді. Сондықтан «ұлтшылдықты» сүйкімсіз мағынаға, саяси терминге айналдырған империялық саясат. Мысалы, Қазақстан өзінің ұлттық мемлекетін құруға талпынса ол неге ұлтшылдық болады. Немесе Украина өзгенің ықпалынан кетіп, өзі дербес ел болғысы келсе ол неге ұлтшылдық болуы тиіс. Ол кімнен кем? Олар да, біз де ұлттық мемлекет құруға хұқылымыз.

Егер біз Алтын Орданың иелігінде болған жердің бәрі біздікі, қазақтың ұлттық мүддесі бәрінен биік тұрсын, ұлттық экономикамызды құрамыз деп ұрандайтын болсақ, онда ол қазақтың ұлтшылдығы болар еді. Мұндай ой ешқандай қазақтың қаперінде жоқ шығар деп ойлаймын. Асылы қазақтың  отаны – Қазақстан. Біздің ұстанымымыз осы болуға тиіс.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай: «...сонда ғана ұлт дамып жетіледі, сосын барып экономикасы, тілі, қазба байлықтары да қазаққа тиісілі болады».

Алаш ұстанған  бес идеяны қазіргі Қазақстан үкіметі толықтай жүзеге асыруы керек. Олар: а) жер/;, б) экономика; в) тіл мен дін; г) ұлттық ғылым; д) ұлттық демократиялық мемлекет құру. Бұл Жапон елінің ұстанған жолы екен. Қараңызшы, бір де бір адам оларды ұлтшыл демейді, өйткені олар осы ұстанымды қатаң сақтады, әсіресе, тәуелсіздіктің арқасында бұл идеяларын ұлттық ғылым негізінде жүзеге асыратындарын білді. Олар соның арқасында  әлемде  дамыған  елдердің біріне айналды.  Осы  бес идеяны алаш қайраткерлері жапон  үлгісінен алды. Олардың арманы жапон сияқты дербес мемлекет құру еді. Егер біз жапондар сияқты өзін-өзі қамтамасыз ететін ұлттық мемлекет құрамыз десек, бұл ұлтшылдық па?  Ұлтшылдық емес, әрине. Ол өркениетке қосылудың басты амалы. Бірақ Алаштың осы ұстанымы патшалық Ресейдің, Совет үкіметінің, және бүгінгі Ресей империясының  тұрғысынан алып қарасақ ұлтшыл болып табылады. Қызыл империяның тұсында Алматыда 1986 жылдың желтоқсанында жастардың алаңға шығып билікке наразылығын білдіргенде бүкіл қазақ ұлтына «ұлтшылдық» айдарын таққан жоқ па еді? 

Өкінішке орай, біздің жеріміздің жүз пайызы қазақтың қолында емес, және өнеркәсіп те Қазақстан азаматтарының меншігінде емес. Ғылымды айтпай-ақ қояйын, ол былай тұрсын. Біз бастауыш сыныптың өзін ағылшын тілінде оқытып жатырмыз. Білім саласын ұлттық бағдарламаға көшірейік десек, бұл халықаралық бағдарламаға сәйкес келмейді деп шығады. Ал осы мәселені көтеретін болсақ бізді «ұлтшыл» дейді. Сол сияқты қаланың және басқа да елдімекендердің, тіпті көше атауларын өзгертейік десек  «ұлтшыл»  болып шыға келеміз. Осыған менің таңым бар!  

Сөз соңында ақын Серік Тұрғанбековтың мына шумақтарын  ұсынғанды жөн көрдім.

Мен ұлтшылмын ба?

Ұлтым үшін бас иемін.

Ұлтым үшін отқа түсіп күйемін.

Сөйлемейді домбыраның қос шегі

Нықтап тұрып орнатпасаң тиегін.

Мен ұлтшылмын ба?

Жолын қудым әкемнің,

Босағасын паналамай жат елдің.

Алған беттен, айтқан серттен –––таймайтын

Ахметпін, Мыржақыппын, Сәкенмін!

Мен ұлтшылмын ба?

Кінәласаң, кінәла.

Ұлтын сүймей өмір сүру мүмкін бе?

Елдің сиқы, жердің шырқы бұзылса,

Түнде ұйқы, күндіз күлкі келе ме?

Мен ұлтшылмын ба?

Ұлтшыл болу борышым.

Әттеген –ай, әттеген!

Өмір шіркін неткен тәтті еді.

Ұлтшылдықтан айыпты деп санасаң

Жар басына апар-дағы ат мені!

3639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз