• Тарих толқынында
  • 27 Қазан, 2022

АҚЫРТАС КЕШЕНІ

Осыдан бірер жыл бұрын Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сарай кешенінің негізінде туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өткен болатын. Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, Жамбыл облысының әкімі,  «Қазақстан теміржолы» ҰҚ «Жүктасымалы» АҚ президенті , т.б.лауазымды тұлғалар қатысқан еді.

Жалпы, мұндай келелі бас­қосудың қасиетті Әулиеата өңі­рінде өткізілгені де жайдан жай емес. Осы орайда «Ақыртас» сарай кешенінің мән-маңызына тағы бір тоқталуды жөн көрдік. Өйткені  бұл «Қазақстанның киелі жерлері» аясында дамытылуы тиіс үлкен жобалардың бірі.

 Иә, екі мыңжылдан астам тарихы бар Таразда, Ұлы Жібек жолының бойын­да орналасқан Жамбыл облысында көптеген тарихи орындар мен кешендер, ғасырлар мен дәуірлерден бүгінге дейін жеткен ескерткіштер, есте жоқ ескі замандардан қалған құнды жәдігерлер көптеп шоғырланған. ЮНЕСКО-ның тізіміне ­енген ­«Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн», «Өрнек», «Қостөбе» тарихи-мәдени мұра ­нысандары, сондай-ақ Қарахан, Айша бибі, ­Бабаджа хатун, Шоқай дат­қа кесенелері өткеннен сыр шертіп, ­бү­гінгі ұрпаққа өз дәуірінің ұлағаты мен тәлімін, ғибраты мен өнегесін бейнелеп, әсерлі жеткізіп тұрғандай. Әлбетте, біз өзіміздің елдегі мұндай тарихи мұралар мен нысандарды жете біле бермейтініміз анық. Осы жолы «Ақыртас» сарай кешеніне ­табан тірегенімізде оның қайталанбас ­ға­жайыптығына сүйсініп, мән-маңы­зына қайран қалып, таңдай қа­ғыстық. Шын мәнінде ғажап кешен! Жал­пақ жұртшылыққа ғана емес, тіпті күллі әлемге жария етіп жар салсаң да артық етпес. Себебі ол киелі мекен мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.  «Ақыртас» сарай кешенінде жақсы істер қолға алынып, оңтайлы өз­герістер жасалып-ақ жатыр екен. Оның бәрін көзбен көріп, ке­шеннің мән-маңызын ерекше әсермен түй­сініп қайтқандай болдық. «Ақыр­тас» несімен құнды, несімен баға­лы? Айтайық. Бүгінгі таңда «Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кере­меттері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес алып құрылыс нысандарымен қатар бағаланып отыр­ғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Оның үстіне Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан. 2014 жылдың 25 маусымында Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлем­дік Мәдени мұралар тізімі­не енгізілгені әр қазақ баласы үшін үлкен мақтаныш, ал жалпы еліміз үшін зор жетістік.

Бұл орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі «Ақыртас» сарай кешеніне үлкен көңіл бөліп, сарай кешенді әрі қарай дамытуға байланысты көптеген игі істерді қолға алып жатқаны қуантты. Оның ішінде ішкі және сыртқы туризм саласын өркендету жайы да назардан тыс қалып отырған жоқ.

 «Ақыр­тас» сарай-кешені Тараз қаласынан шы­ғысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан.  «Ежелгі Тараз ескерт­кіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Ақыртас» кешені туралы арнайы кітапша әзірлеген екен.  Ішіндегі тарихи деректерге көз жүгіртіп, арагідік фотосуреттерін де, кешеннің заманауи тұрғыдан дамыту үшін жасалған іс-шаралар барысымен танысып, қажетті ақпараттарға қанық болдым. Мұндай киелі мекенге жолымыз алғаш рет түсіп отырған соң, журналистік қызығушылықпен ештеңені ұмыт қал­дырмай, көзімізден таса қылмайық деген ние­тіміз де жоқ емес. Себебі жаңа жермен танысу, киелі мекеннің құдіретін сезіну адам­ға ерекше күш, рухына жігер мен қай­­рат сыйлайтыны, оның ар жағында еліңе деген патриоттық сезімді арттырары сөзсіз. Өзіміз тілге тиек етіп отырған ­ақ­па­рат­тық кітапшада суретші ­М.С.Зна­менский­дің 1864 жылғы салған суреті беріліпті. Қандай керемет. Бұл су­рет­тен «Ақыртастың» сол кездегі келбетін көргендей әсерде боласыз. Кешен­ді зерттеуге 130 жылдан астам ­у­а­қыт болғаны, оған шығыстанушылар, ар­хеологтар: В.В.Бартольд, ­В.А.Кал­лаур, А.Н.Бернштам, Г.И.Паце­вич, Т.К.Басенов, К.М.Бай­пақов сынды ғалымдардың көп үлес қосқаны жазылыпты. Демек, бұдан түйгеніміз «Ақыртас» зерттеу ісі осыдан 130 жыл бұрын басталған болса, ол әлі күнге дейін ғалымдар ­назары мен қызығушылығын өзіне аудартып келеді деген сөз. Тарихи мекеннің киелілігі мен маңыздылығы да осында: оны зерттеген сайын жаңа деректер мен фактілер, тарих ғылымы мен археология үшін құнды болатын жәдігерлер анықтала береді, табыла береді... Мына бір кереметке назар аударайық. Жалпы «Ақыртас» кешені бірнеше бөліктен тұрады. 1) Ақыртас сарай бекінісі VIII ғ. 2) Сарай алды бау-бақшасы II ғ. 3) Тұрғын мекендер, керуен сарай XIII-XIV ғ. 4) Топырақ алатын карьер. ­5) Тас өңдейтін карьер. 6) Сарай VIII-XIII ғ. 7) Бекініс VIII-XIII ғғ. 8) Қарауыл мұнарасы. 9)Қорымдар, ерте темір дәуірі. 10) Су құбырларының жүйесі. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп отырған боларсыз, мұның барлығы қаншалықты көлемді аумақты (территорияны) алып жатқанын. Сол заманның өзінде біздің ата-бабаларымыз сарай мен бекініс салудың, мұнаралар тұрғызудың, су құбырлары жүйесін жасаудың хас шеберлері болған ғой. Сапар аясында біз «Ақыртас» кеше­нінің өзіндік ерекшеліктерімен жан-жақты танысқан болатынбыз. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, бекіністің өлшемі – 162х139, зерттелген қабырғасының ені – 5 метрді құрайды. Құрылыс ортасында ашық аула орналасқан және айналдыра тіреу іргелері тәнті етті. Сарай 70-ке жуық бөлме мен 15 колонналы галереядан тұрады. Кешен бітеу күйінде өңделген тастардан тұрғызылған. Археологиялық зерттеу жұмысы барысында сарай кешенінің іргетасы мен қабырғалары және ішкі бөлмелері ашылған. Мұнда кезінде су құбырлар жүйесі болғандығы да анықталды. Бұлақ суын сарайдан 3-4 шақырымдай қашықтықта орналасқан су бөгетінде жинаған. Су саз балшықтан жасалған құбырлар арқылы қалаға жеткізілген. Ал сарай ішінде су арнайы су қоймаға құйылып, сол жерден үйді-үйге тасымалданған. Ақыртас сыртында тағы да екі су қоймасы табылған. Бұл егіншілікті суару үшін қажет болғаны айтпаса да түсінікті. Ақыртас сарайының тассандықтары да сан алуан. Құрылыстың сақталған бөлігі зілмауыр тастардан жасалған. Аталған жерде бағана тұғыр тастарын, өңделген бөліктерін, сонымен қатар «Жүрек» және «Ақыр» тәрізді тас блоктарын көрдік. Әртүрлі көлемдегі ішкі ашық аулалы бөлмелер, су сақтайтын хауыздар, айвандар мен дәліздер сарайдың ішкі кеңістігін құрайды. Бұл маңдағы Билеуші сарайына сақтау шатырлары орнатылған. Қа­рауыл мұнарасы да алыстан көз тартады. «Ақыртас» қаласы туралы алғашқы деректі жазып қалдырған адам ретінде XIII ғасыр­дың басында осы өңірге келген қытай сая­хатшысы Чан-Чуньның есімі аталады. Ол өзінің саяхат күнделігінде: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп қызыға жазған екен. Осыны негізге алып Ақыртас құрылысын зерттеген әлем ғалымдарының да сүйенері осы қытай дерек көзі. Чан-Чуньнің алғашқы жазбасынан кейін бұл алып құрылыс туралы ешқандай дерек көзі айтпайды. Себебі сол Чан-Чунның кезінде-ақ бұл ғажайып құрылыс тоқтап қалған еді. Неге соғылмады, не үшін аяқталмады, ол жағы құпия күйінде қалып қойды. Ресей ғалымы Г.Пацевич «Ғылым Академиясының хабаршысында»: «Осы уақытқа дейін жоспардың ерекшелігі мен ауқымдылығы және «мықтылығы» жағынан, құрылыс барысында тас­тарды қолдануда Орталық Азия мен Қазақстанның аумақтарында бұл құрылымға әзірге тең келетін «туынды» табылған жоқ» деп жазған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, сарай кешенін салуды Орта Азияға исламды тарату мақсатында жорыққа шыққан Абу Муслим Кутейбу бастаған. Сепаратистік пиғылда деп айыпталған Кутейбу, Бағдадқа шақырылып, өлім жазасына кесіледі. Соған байланысты, қала құрылысы тоқтап қалған деген деректер де бар. Бұдан кейін де «Ақыртас» туралы қаншама ғалым, зерттеушілер өз ойларын айтып, әртүрлі болжамдар жасаған. Солардың бірі П.Лерх: «Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.Бартольд: «Несториан ғибадатханасы деген» атау береді. Ал археолог Т.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі екен. Бір сөзбен айтқанда, ықылым ­заманнан сыр шертетін Ақыртас кешені – тарихтың қайнар көзі. Кезінде ғалымдар Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстармен ұқсастығын аңғарған Ақыртастың қойнауында талай құпия толып жатыр. Тіпті кейбір ғалымдар: «Ақыртас» VIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орныққан кезде салынған. Алайда құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Ұлы Жібек жолында орналасқан Касрибас қаласы Ақыртас болуы мүмкін» деген деректерді де алға тартады. «Ақыртас» туралы тарихи мәлімет­терде осымен бір түйіп тастап, енді сапарымыздың ресми бөліміне көшейік.

«Ақыртас» кешені орын тепкен аумаққа келіп тоқтағанымда, кешен жанынан салынған заманауи ғимаратқа бірден көзім түсті. Ол алқалы жиындар мен кеңестер, туризмге бағытталған өзге де маңызды шаралар өткізуге арнайы салынған. Өте дұрыс болған екен дестік. Себебі біздің көптеген тарихи жерлерімізде мұндай заманауи ғимараттар мен нысандар жоқтың қасы. Ал шетелге шықсаңыз, олар өздерінің тарихи мекендерін қалайша құрметтейтіндіктеріне көз жеткізесіз. Заман келбетімен үндескен ғимараттар тұрғызып, тарихи жердің мән-маңызын бірнеше есе арттырып жіберетініне қайран қаласыз. Шүкір, біздің елімізде де мұндай жақсы бастамалар қолға алынып келе жатыр екен дестік. Осындай игі бастаманың Жамбыл облысынан басталғаны да ерекше қуантты. Айта кетейік, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бас­тап «Қазақстанның киелі жерлерінің ­геог­рафиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл орайда аса құнды мәдениет ескерткіштерді сақтап қалу және өңірлердегі киелі жерлерге келетін туристердің санын арттыру мақсатында республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорықтарын құру жұмыстары жүзеге асып келеді. Сондай-ақ киелі орындар көп шоғырланған республикалық «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының аумағына ­Сапар орталықтар салына бастады. Министрлік тарапынан Қазақстанның киелі жерлеріне тұрақты түрде жыл ­сайын реставра­циялау және консервациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. ­Мысалы, Көне Тараз, Көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сарайшық, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарына, Ақыртас кешеніне, Қ.А.Яссауи, ­Арыс­тан баб, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа кесенелеріне ­осындай жұмыстар жүргізілген. Дегенмен, елімізде тарихи-мәдени мұра ­саласында айтарлықтар жұмыстардың жасалып жатқанына қарамастан, біз елімізде мәдени туризмді дамытуды жаңа сапаға көтерудің әлеуеті одан да орасан екенін ұмытпауымыз керек, әрине.  Сондықтан Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысан­дарды тиімді пайдалануымыз қажеттігі айқын.  Әсіресе осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне ерекше мән беру, елімізде ғана емес, Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей кешен болып саналатын Ақыртас ескерткішінің туризмдік тартымдылығын арттыру маңызды. Бұл ретте ­мына бір статистикалық мәліметтерді алға тартсақ. Мәселен, 2017 жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне 215 мың турист келсе, соның ішінде Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған. Сондықтан отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты болып отыр.

Иә, «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешім тауып, көптеп келетін қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру өзекті мәселе. Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Аталған кешеннің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды. Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәдени-тарихи ресурстары мен туристік әлеуетінің негізі болып табылады. Бұл бағытта арнайы қабылданған Меморандум да бар. Ол бойынша тарихи-мәдени мұра нысандарын, соның ішінде «Ежелгі Тараз» қалашығы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін қорғау, «Ежелгі Тараз» қалашығын, сонымен қатар ғылыми жобаларды және археологиялық зерттеу, консервациялық, реставрациялық жұмыстарды қарқынды жүргізу, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласындағы бағыттар бойынша тиісті сала өкілдері арасында ынтымақтастықты арттыру көзделуде. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, зерттеу және насихаттау саласындағы жобаларды мұқият таңдауға, ынтымақтастықтың бағыттарына тараптар өзара мүдделілік танытып, олардың аясында мәдени мұра нысандарын археологиялық зерттеу, консервациялау, реставрациялау жұмыстары жүргізілмек. Меморандум аясындағы іс-шаралар жоспарына ескерткіш құрылысы объек­ті­лерінің және объектілерінің бастапқы орналасуын табу, түгендеу және қайтару бойынша ғылыми-зерттеу жүргізу, ­халық­ара­лық және жергілікті мұрағаттарда дизайн, сәулет стилін және ескерткішті құру кезеңін анықтау бойынша мұрағаттық-аналитикалық жұмыс жасау, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес кешеннің негізінде Ақыртас археологиялық және тарихи этнографиялық саябағын құру мүмкіндігімен кешеннің түпнұсқа келбетін қалпына келтіруге ұсыныстар, құжаттама және қаржыландыру, жоспарға сәйкес Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеу, соның ішінде «Ежелгі Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» қалашықтарын зерттеу. Және «Ежелгі Тараз қалашығы» кешені құрамына кіретін «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыру, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі ­базасында туристік кластер құру мәселелері де еніп отыр. Айта кетейік, Кеңес Одағы кезінде атақты «Түрксіб» теміржолын салу барысында «Ақыртас» кешенінің бітік тастарының біршама бөліктері теміржол құрылысына пайдаланылған. Сөйтіп, тарихи мекеннің келбетіне айтарлықтай нұқсан келген. Қазіргі таңда кезіндегі теміржол құрылысына пайдаланылған тас­тарды қайтару жұмыстары қолға алынбақ.

Қорыта айтқанда, өскелең ұрпақтың отаншылдық сезімін қалыптастыратын тарихи орындарды қорғап, сақтау, туризмнің орталығына айналдыру - бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін келелі шаруалардың бірінен саналатыны сөзсіз.

Нұркен САРҚАМБАЙ

 

1239 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз