• Тарих толқынында
  • 31 Қаңтар, 2023

ҰМЫТ ҚАЛҒАН КӨНЕ АТАУЛАР

Ақылбек ШАЯХМЕТ

1898 жылы Ресей үкіметі қазақ даласында тұрғындарға санақ жүргізгені белгілі. Менің қолыма сол санақтың бір парағы түсті. Онда Тобыл бойын жайлаған қазақ ауылдарының, қыстауларының (орыс тілінде зимовка деп жазылған) атауы және сол ауылдарды басқарған ақсақалдардың аты-жөні көрсетілген екен. Мәселен, Қаражарда Назар Хисаметдин, Жыланды сайда Меңдібай Түменбай, Жалғыз қарағайда Сатай Дәркен, Үйқарағайда Жаңатай Шақыбай, Терекшоқта Нұрпейіс Есенкелді.

Біздің мақсатымыз олардың аты-жөнін түгел түгендеп шығу емес. Осы санақ парағында отыздан астам жер атауы бар. Солардың көбісін жоғарыда есімдері аталған аталардың үрім-бұтағы осы күні мүлде білмейді. Естен шыққан, ұмыт болған. Жылдар өте келе өзгеріске ұшыраған, келімсектердің қалауымен басқа атаулар күштеп танылған.

Әрбір жер атауының мағынасына үңілсеңіз, қаншама тарих жатыр. Қаражар, Қызылжар деген ауылдар Тобыл немесе басқа бір өзеннің жағасындағы ауыл екенін көрсетіп тұр. Жарөткел, Қарағанды өткел, Байғазы өткелі, Иманқұл өткелі, Құмөткел, Жарық өткел деген ауыл аттары да  сол маңайда өзеннен өтер өткел болғанын айғақтайды. Үйкүйген орманды алқапта орналасқан болуы керек. Әрине, сол жерде өрт болған. Содан Үйкүйген деген атау қалған. Нарқамыс, Үлкенсор, Терекшоқ, Қаракөн, Ескі қопа, Қараағаш, Құдықты, Қаратал, Мезгіл, Қадырбай, т.т. Әрқайсының айтары бар.

Қадырбай кісі есімі болуы керек. Қостанай өңірін мекендеген қарабалық қыпшақтар арасында Қадырбайдан (кейде Қыдырбай деп те айтылады) тарағандар аз емес.

Мезгіл деген ауыл халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың туған жері. Қазіргі Алтынсарин атындағы ауданға қарасты. Сырбай Мәуленов: «Мәриямның туған жерінің аты – Мезгіл. Арғы атасы – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Бұл жерде Ыбырай Алтынсариннің іздері сайрап жатыр. Кімге болса да өзінің туған жері артық. Оның топырағы да басқа топырақтан құнарлы болып көрінуі, оның орманы да басқа орманнан анғұрлым сұлу болып көрінуі мүмкін. Тіпті, мүмкін емес-ау, бұл табиғи нәрсе. Қайран, туған жер, қай жүректі елжіретіп, қай көздің жанарына жас үйірілітпеді дейсің?! Мәриям жырына енбеген бірде-бір қайын-қарағай жоқ шығар. Өйткені сол орманның ортасында Мәриямның балғын күндері өткен», – деп жазған болатын.

Қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлихановтың кіндік қаны тамған жер – Күнтимес ауылы Сарыкөл ауданына қарасты Злотоуст селолық округінің құрамында болған, кейін таратылған.

Қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин қазіргі Қостанай облысының Майлин атындағы ауданында туған. Бұл ауыл Ақтөбе деп аталған. Ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов та осы ауылда дүниеге келген деген деректер бар. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының сенімді әрi ең жақын серiгi болған Алаш ардақтысы, педагог, публицист, аудармашы, лингвист Елдес Омарұлы Қостанай уезіне қарасты Дамбар болысының №2 ауылында туған. Бұл ауыл Қожай деп аталған. Қазіргі Бейімбет Майлин атындағы ауданға қарайды. Атақты актер, Қазақстанның  халық әртісі, Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұловтың туған ауылы он үшінші ауыл деп жазылыпты. Бұл ауылдың да нақты атауы болғаны анық. Белгілі журналист әрі ақын Мұхамеджан Сералиннің туған ауылы Өрнектің (Қарабалық ауданында) аты сақталса да, қазіргі келбеті көңіл көншітпейді. Қазақ баспасөзінің ардагері Ерғали Алдоңғаров та Қарабалық ауданына қарасты Шұбартеңіз ауылында туған. Бұл ауылдың жұрты қайда екенін білетін кісі бар ма екен?

Ұлт тарихында ойып орын алған осындай қайраткерлер туып өскен ауыл атаулары тарих бетінен өшірілуі  қиянат емей немене?!

Қостанайдағы аққу ұшып, қаз қонған шалқар көлдердің бірі Жаркөл деп аталады. Жаркөл өңірін ертеден қыпшақтың көлденең және қарабалық руларынан тараған қазақтар мекен еткен. Федоров ауданының орталығы орналасқан орын тың игеру жылдарына дейін Жаркөл деп аталған.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қостанай облысында алғаш ұйымдастырылған жылдары осы өңірдегі ономастика және топонимия мәселелері арнайы көтеріліп, кезекті пленумда талқыланған болатын. Сол кезде «Дала қоңырауы» газетінде облыстың жағырапиялық картасы жарияланды. Бұрынғы Ленин – Ұзынкөл, Комсомол – Қарабалық, Боровской – Меңдіқара, Семиозер – Әулиекөл, Денисов–Түйемойнақ, Таран – Әйет, Рудный – Сарыбай, Лисаков – Наурызбай, Қостанай (аудан орталығы) – Құтты алап, Федоров – Жаркөл екені тайға таңба басқандай көрсетілді. Аталған жер атауларының біразы кейін тарихи атауларын қайтарып алды. Сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамының Федоров аудандық филиалының басшысы, көнекөз қария Бақытжан Жиентаев аудандағы бұрмаланған жер-су атаулары туралы көп мағлұмат берді. Алайда Жаркөл атауы шалағай шенеуніктердің кесірінен қалпына келмей қалды.

Қостанайлық журналист Әлібек Ибраев «Ана тілі» газетіне (15 мамыр, 2014 жыл)  «Джаркуль атанған қайран Жаркөл» атты мақала жазды. Бұл мақалада тілші Бақытжан ағайдың деректеріне жүгінеді.Ол ономастикалық мәселелер жөніндегі аудандық комиссияның мүшесі ретінде анықтамалық деректерді 2009 жылы 12 ақпан күні қағазға түсірген екен. Федоров кенті Жаркөл көлінің жағалауында орналасқаны мәлім. XIX ғасырдың аяғына таман Орталық Ресей жағынан ауып келген Федор есімді балықшы Жаркөлдің бойын паналаса керек. Сөйтіп, шағын ғана қазақ ауылы 1896-1897 жылдары Украинаның және Орталық Ресейдің губернияларынан қоңыс аударған мұжықтардың мекеніне айналады. Ресей мен Украинада халық тығыз орналасқандықтан шөкімдей жер бұйырмаған шаруалар 1900 жылдары патша үкіметінің ішкі істер министрі болған П.Столыпиннің әмірімен қазақтың кең даласына қоныстанады. Байырғы Жаркөл атауы осылайша Федор балықшының есіміне ауыстырылады.

«Абай» порталында журналист Айбек Жүзбайдың (7 ақпан, 2019 жыл)  «Федоров ауданына тарихи Жаркөл атауын қайтаруға не кедергі?» деп аталған мақаласы да жарық көрген болатын. Іле-шала бұл мақаланы «Тобыл-Торғай» сайты көшіріп басты. Көтеріп отырған мәселе өте орынды. Иә, шынында да ел есімін де естімеген Федор деген елеусіз орыстың бір ауданның атын иемденіп отырғаны қисынға келмейді.

Облыс көлемінде топономикалық зерттеу жүргізген профессор Аманжол Күзембайұлы, өлкетанушы Қуанышбай Орманов, Рауан Байдалы тәрізді танымал тарихшы-ғалымдар Федоров ауданына қарасты тарихи деректерді жинастырып, аудан орталығы бұрын Жаркөл атанғанын атап жазған болатын.

Осы арада біраз жыл тұрып, кейін майданға атанған ақын Сырбай Мәуленов соғыстан аман-есен оралғаннан кейін жастық шағы өткен Жаркөл туралы 1957 жылы тамаша жыр жазды.

Тұрды ертемен көк тұман

Соқты кейін жел үзбей.

Жел көтеріп толқыған,

Жаркөл жойқын теңіздей.

Жерге иіп бастарын

Суылдаған қамысы.

Жыртыла ұшқан құстардың

Шуылдаған дауысы.

Жел қанатын қағады,

Сазына сап не күйдің.

Толқынымен ағады,

Көлеңкесі көп үйдің.

Жатыр солай көл күліп,

Тауып жаны қанағат.

Келеді бір қыз, бір жігіт

Жаркөл бойын жағалап.

Сырағаңды тамсандырған Жаркөл туралы сазгер Бақытжан Сәуекенов әдемі ән шығарды. Сөзін мен жаздым. Қайырмасы: «Құйылып тұрған көктен нұр, Жиылып тұрған көктем-жыр,Айдында шабақ шоршыған, Жаркөлдің суы мөп-мөлдір» деп келетін жолдар Жаркөлдің бет-бейнесін айнадай қылып көрсеткен секілді.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 қыркүйектегі№19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» тізімдері жобасы әзірленіп, ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілді. Сонымен қатар аталған тізім жобалары 2019 жыл 15 қарашада өткен Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мемлекет тарихы институтында және ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, мақұлданды.

Аталмыш тізімге елімізге танымал 345 тарихи тұлға мен 380 жер-су атауы енгізілді. Тізімде Қостанай өңірінің де тарихи тұлғалары мен жер-су атаулары бар, соның ішінде Федоров ауданының тарихи атаулары да енгізілді.

Біздің елдің береке мен байлығы,

Кең төсінде ойнақ салған тай-құлын.

Қысы суық, жазы ыстық Жаркөлдің,

Секілдісің аспандағы Ай, Күнім.

Жылда көріп еңбегінің жемісін,

Қыз бойжетіп, ұзартқанда өрісін,

Жаны жайсаң  жігіттері Жаркөлдің

Туған жерде терін төккен ел үшін.

Атағыңды абыроймен асырды ел,

Ауасы бал, шөбі шүйгін жасыл бел.  

Қоныс болған сырттан келген жанға да,

Жаркөл деген қасиетті, асыл жер.

Жеріміздің аты – тарихтың  хаты. Елді мекенінің бұрынғы атауы  Жаркөлді қайтаратын уақыт жетті деп ойлаймын.

1173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз