• Тарих толқынында
  • 28 Ақпан, 2023

А Ң С А У

1964-1967 жылдардағы ең қызық, біздерді сағындыратын «ойын» түндері еді. Бұл ерекше сөздің ішінде үлкен дәстүр жатыр. Бір қыз ұзатылғанда ол қыздың ағайын жек-жаты оған қонағасы беріп үйіне шақырып салады. Ең жақын ағайындары оған кеш ұйымдастырады. Ол кешті иран қазақтары «ойын» деп атайды. «Ойын» күн батып қарайған соң басталады. Ойынның басты мерекесі сол кездегі танылған әнші, жыршылар домбырасын қолға алып ән шырқайды. Ол жыршылар Қожаназар Жеменей, Зайыр Жеменей, Қайырбай Жеменей, Назар Баубек, Темірбай Назарұлы, Емберген сол кештің көзайымы болатын. Бәрінің үнінде бір мұң, бір зар, бір сағыныш пен өкініш сезіліп тұрғандай еді. Кейінгі жылдары ес жиып, жырдың парқына барғанда, барлығы қазақ даласының батыс өңірі әсіресе Маңғыстау әуендері екенін білдік. Аталған жыршылар барлығы Горган тұрғындары еді. Кейде Бәндәр Түрікмен қаласынан Жаңбыр ата, Күмбез Қавуыс шаһарынан Атан ағалар ойынға шақырылатын еді. Олар дөңгелек шеңберге алынатын, тыңдаушы қауым олардың төңірегінде әндерін ұйып тыңдап мұң мен ойға батып отыратын еді. Үлкендері беріле тыңдап отырғаны жастарды қызықтыратын, сол үшін дөңгелек шеңбердің екінші айналымында жастар әуеннің сиқырына мүлгіп иықтаса аяқта тұрып тыңдайтын еді. Сол кештерде Қашаған жырау, Сүгір Ескелді, Түмен жырау, Мұрын жырау тағы басқалардың атын ести бастадық. Онымен қатар кейде Ақбөбек-Ғайып сөз болатын. Оған кіжініп қарсы болатын бірең-сараң адамдар да бартұғын.

Бірақ Ақбөбектің көркі мен кербез жүрісін тамсана еске алатындар да болды. Айтайын дегенім кейін елге оралып, әлгі ән мен жырларды радио немесе отырыстарда естіп қалған жағдайда сол бір балғын жастық шақ, сол бір сағынышты күндер, сол бір аса мейірімді, жылы жүзді, балдай тәтті сөздердің айтушы иелері үлкен ағалар мен апа-әжелер еске оралып тұратын еді. Сол әуендер бүгінгі тәуелсіз ата мекенімізді сүйетұғын махаббат дәнін жүрегімізге сеуіп кеткінін осы еске алу сәттерінде ұқтым. Адам баласы сәбилік шақтан құлағы қандай да бір әуенге қанық болса, оның келешектегі сағыныш сазы сол әндер боларын байқадым. Сол жылдары қазақ жыраулары Маңғыстаудан есте қалған ән-жырларын әлгіндей «ойын» кештерде орындап тыңдаушысын елге деген махаббат пен сағынышын жалғастырып, ұштастырып келді. Менің болмысымның бір бөлігі осындай кештердегі жырлармен топтасып шүйіркелескен үлкен-кішілі жандармен қалыптасты.

Ондай кеште аталар, әжелер, апалар, туыстар, сен үшін таныс-бейтаныс үлкен ағалардың жүздерінен мейір нұры себелеп тұратын еді. Адамдардың бойындағы сүйіспеншіліктің қалың қабатын сезбеу мүмкін еместі. Сол жылдары «айналайын» деген махаббатпен өрнектелген сөздің  қадір-қасиетін бойымызға ерекше сіңіріп жүрдік. Ерлер мен әйелдер бөлінбей бір дастарқанда шәй ішіп отыратын. Ерлер төрге қарай тізе бүксе, әйелдер самауырын қайнап тұрған жерде дастарқан төңірегінде отырып, бірі шәй құйса, бірі шәйді төрдегі қонақтарға жеткізіп отыратын. Бір-бірімен құда-жекжат, ағайын-туыс, дос-жаран, құрдас-құрбы, апа-сіңілі, аға-іні, көрші-қолаң,  аға-іні, үлкен-кіші  болып сыпайылық танытып, құрмет көрсетіп, бір-біріне шынайы ықыласпен мейір-шапағат жаудырып отыратын көркем жылдар болды. Сондай шапағат әлемге ата-әжелер, әке-аналар қаншама жылдар тауқымет шегіп жеткенін кейінгі жылдар ұға бастадық. Бұл бұлжымас шындық. Біздің ұрпақ алғашқы буын тіршілік тауқыметінің соңғы сызығына табан тіреп, бақыт алаңына қадам басқан жылдарға тап болды. Әрине бұл әр азаматтың әлеуметтік жағдайымен өлшенетін тағдыр болған. Бұл жылдары Түрікмен Сахараның түрікмендері жаңадан назарға ілігіп, Горган қаласында 1953 жылы жұмыс бастаған радиостанциясында «түрікмен радио бөлімі» 1957 жылы жұмыс істей бастады. Зерттеушілер түрікмен радио бөлімінің ашылуының саяси себебі болған деп болжайды. Өйткені Түрікмен Сахараның жүз мыңдаған түрікмен тұрғыны Түрікменстан Республикасының астанасы Ашхабадта түрікмен тілінде жарияланып тұрған радионы тыңдайды екен.

Ал иран түрікмендері Ашхабад радиосын тыңдау арқылы олардың идеологиясына алданып, саяси танымы оларға ауады деген уәжімен Горган радиосында түрікмен бөлімін ашқан екен. Өйткені сол арқылы Иранның саяси мүддесін қорғау қажет болды. Дәлірек айтқанда Мұхаммед Реза шаһтың саясатын жарнамалап, түрікмендер бойына сіңіре беру негізгі мақсат болған. Оған дәлел түрікмен радиосы күн сайын хабарын бастағанда түрікменше ән ұран жариялап отыратын еді. Ондағы ұран сөзіне назар салғанда түрікмен туралы бірде бір сөз табылмайды. Онда тек патша саясатын дәріптеуді көздеген. Сондай-ақ түрікмендер өздерінің байырғы аталарының жерінде отырған болса, өздерінің ана тілінде білім алуға мүмкіндігі жоқ еді. Себебі түрікмен тілінде бірде бір мектеп болмаған. Екінші жағынан мемлекеттің басқару ісінде ешқандай рөлі болмағандықтан интеллектуалдық өрісі де шектеліп қалған. Оған дәлел түрікмендер түрікмен тілінде әдебиет, тарих, өнер, технологияның түрлі салаларын оқи алмаған соң оның интеллектуалдық түйсігі дамып, жетілуі екіталай болды. Алайда түрікмендердің рухы таза күйінде қалып, адал да пәк рухын өзара ана тілінде сөйлесіп, ұлттық дәстүрін, діни ғибадаттарын берік ұстанып ұлттық болмысын сақтап қалған тәрізді. Осы тұста менің айтайын дегенім Горган қаласындағы радионың түрікмен бөлімшесінде осы жылдары сондағы түрікмен бауырлар иран қазақтарының әндерін  бере бастап, кейін жарым сағаттай қазақ әндерін жариялауға мүмкіндік туғызды. Сондықтан үкімет түрікмен радиосының бөлімшесін өздерінің саяси мүддесіне орай пайдалану үшін жұмыс істей бастаса да, сондағы қызмет атқарған түрікмен жігіттері түрікмен тілі мен мәдениетінің танылып, өркендеуіне әжептәуір ықпал жасай алды. Тіпті қазақ бауырларын да түрікмен радиосына қатыстырып жүрді. Міне осылай  қазақтың жырауларының әндері түрікмен радиосынан жариялана бастады. Менің сол жылдары еміс-еміс есімде қалғаны Құрбан Қылыш Тақан мен Мұса Жоржани деген есімдер болатын. Олар қазақтарға бар ынтасымен жақындасып, қазақ мәдениеті мен өнерін радиодан кеңірек таныстыруға талпынып жүретін еді. Сондықтан олармен жақсы қатынаста болғанмын.

1964-1967  жылдары менің рухыма терең із қалдырған нағашы жұртым болды. Олардың барлығы Самарқанд ахун нағашы атамның қыздарымен тікелей байланысып жатты. Өйткені менің анам Зылиқа Самарқанд қыздарының ең үлкені болды. Анамның екі бауыры болды. Ноғай мен Төребай. Ноғайдың зайыбы Тілеш. Тілеш өлгенше маған ілтипат көрсетіп, жақсы тілегін айтып, мейірін ықыластана жаудырып дүниеден өтті. Ноғай мен Тілештің ұлы Иса және қызы Әлима. Қазір Бәндәр Түрікмен қаласында тұрады. Олармен балалық бал дәуреннің біраз жылдарын бірге өткіздік. Анамның Әбдіраһман мен Қадір деген екі бауыры болды. Олар бұл дүниеден көп опа көрмей ұзақ өмір сүре қойған жоқ. Сосын анамның төрт сіңлісі болды. Әсия апам, оның жолдасы Қодар Жаманадай жездем еді. Қодар бойы қысқа, жүрегі таудай биік болған. Зәйнаба нағашы апамның күйеуі Бұрышбай Ескелді. Бұрышбай мәрт мінез, жомарт, достыққа адал, елге тілектес жан болғандықтан қажылыққа барғанда 2015 жылдың 4 қазан айында болған трагедиялық оқиғаның салдарынан Меккеде 75 жасында шейіттік мәртебеге ие болды. Сондықтан үкіметтің ұйымдастыруымен мыңдаған жұрт оның мәйітін қарсы алып, арулап жаназасын шығарып, жерледі. Бұл оның бағы болды. Сарабибі нағашы апамның жолдасы Қуан Байшығара, Қатима нағашы апамның ері Әйюб Көрпе менің жезделерім еді. Бәрімен жақын араласып, еркелеп жүрдім. Бәрі мейірімді жандар еді. Бірде біреуінен өкпелеген сәтім жоқ. Оның ішінде Бәндәр Түрікмен қаласына олар тұратын «Оңтүстік қазақ ауылына» барғанымда Әсия апайға міндетті түрде кіріп шығу дәстүрге айналған еді. Өйткені Әсия апамның маған баптап ұстап отыратын сармайы мен қаймағы, балқаймағы дайын тұратын еді, тізе бүксем қою сүт шәйі мен қызыл қуырдағы қосылып дастарқанының сәні болатын еді. Әсия апайым ұдайы: «Осы Мәриямды сен оқытасың, ол сен сияқты оқымысты болады» деуші еді. Алланың періштесі әумин деді ме, әйтеуір Мәриям менің шәкіртім болды, екі жылдық педагогикалық институтын бітіріп орта мектеп және университетке дайындық курсқа сабақ беріп жүрді. Мәриям екі жыл менің аудиториямда шәкіртім болды. Менің тағы бір шәкіртім  нағашы апам Зәинаба – Бұрышбай Ескелдінің бір ұлы қазақтан шыққан даңқты футбол шебері Илияс Бұрышбайұлы да менің ерке оқушым болған. Айтайын дегенім мен бала кезімде Бәндәр Түрікмен қаласында апайымның үйіне барған сайын Қодар жездем мені құтыртып иығына алып отыратын еді. Қодар жездемнің жүзінен күлкінің жоғалғанын ешқашан көрмеппін. Және «Ислам жан» деген жылы сөзінен тайынғаны есімде қалмағанын айта аламын. Оның жаны тек қана мейір клеткаларынан құрылған сияқты көрінетін еді. Бұл ғажап тағдырға қарасам мені осынша мәпелеп, шапағат алақандарында әлдилеген жандардың дүние салғанда жерлеулеріне барып бір уыс топырақ сала алмағаным қандай өкініш жан дүниемде жатқанын кім білсін, кім сезсін. Бұл диаспораның тағдырының бір парасы екенін тағдырластарым біледі. Алладан барлығына имандары жолдас, жандары бейіште болсын деп тілеймін. Өйткені ондай жаны жайсаң жандар менің сәбилік шағыма нұр шашып, төңірегім мен жан дүниемді жарқыратып жүргені болмысымның бір бөлігі болып қалыптасты.

Мен өмір тәжірибеме сүйеніп байқағанымда табиғаттың жүрегі бар. Адам шаттанып, көңілді жүргенде табиғатта адаммен қуанып, жарқырай түседі. Мәселен аспанды бұлттар қаптап тұрғанда бұлт қабағын шытып, мұң жаудырып тұрғандай елес беріп тұрады. Сонда адамды мұң басқанда табиғаттың да қабағы тұнжырап тұрады, көңілі шаттанса күн жарқырып, сәуле шашып тұрады. Күн де, аспан да сенің жүрегіңнің дертімен дерттеніп, күлкіңмен шаттанып тұрғандай болады.

Мен 1964-1967 жылдардың басынан соңына дейін мұңнан бейқам жылдарды өткізген сияқтымын. Өйткен қиялымдағы қалыптасып келе жатқан «қазақ» арман толық сағынышқа айналған жоқ еді. Ол бір сұлу қиял іспеттес болған. Бақыт сыйлайтын бір көркем дүние болған. Қазақ тәтті қиял болып, келешегімді нұрландырып тұрған өмір шамы сияқты менің түйсігімді бір мықты іргеге байланыстырып тұрды. Сәбилік шағымнан құлағыма сыбырлай құйылып келген қазақ сөзі менің болашақ кеңістігіме тақ құрғанын есейген кезде пайымдадым. Сондықтан тәңірі менің келешек өмірімнің жолын осы киелі қазақ сөзімен ұштастырған шығар деп ойлаған кездерім аз болған жоқ.  

Адамзат тарихында бір шындық бар. Ол қай заманда болса да ел тағдыры, қоғамдық өмірі тікелей немесе жанама түрде мемлекеттің билеуші көсеміне байланысты болып тұрады. Сол себепті әр елдің билеушісінің саяси, экономикалық, қоғамдық-мәдени ұстанымы аталған салалардың даму не кенжелету, ұлттық не жаттық сипат алуына әсер еткені азаматтың да тағдыры іспеттес. Сондықтан менде сол кездегі Иран елінің саяси басқаруының ұстанымына қаласам да, қаламасам да бағынышты болдым. Бұл саяси психологияның азаматтарды тәрбиелеудегі қуатты фактор екенін дәлелдейді. Мен Иранның ежелгі тарихы емес, Иран жеріне қазақтар босқын ретінде келіп, паналап, кейін азаматтық алған кезеңде «пәһлви» династиясы деп аталған әке мен ұлы яғни Реза шаһ (1923-1441) және Мұхаммед Реза шаһ (1941-1979) жылдарда билік құрған еді. Олардың өмірі мен саясатына біраз тоқтағанды жөн көрдім. Өйткені қоғамның негізгі ортасы олардың саяси ұстанымына бағынышты болды.

Реза шаһ Мазандаран правинциясының Сауаткуһ ауданының Алашт ауылында әскери отбасында 1878 жылдың 15 наурызында дүниеге келді. Оның әкесі Аббасәлі және атасы Мұратәли хан әскери адамдар болған. Тіпті оның Мұратәли атасы ағылшындарға қарсы соғыста 1865 жылы Гератта қаза тапқан. Реза шаһ өмір жолын 12 жасынан қатардағы әскери қызметтен бастап, Иранда 1796-1925 жылдар аралығында 129 жыл билік құрған түріктекті қажар патшалығының соңғы екі патшаларының Мұхаммед Әлі шаһ (1906-1909) және соңғысы Аһмет шаһтың (1909-1925) қызметінде болып, соғыс министрі және премьер министр мәртебесіне дейін көтерілді. Содан 1925 жылғы патшалықтың шексіз билігіне қарсы болған көтерілісте Аһмет шаһ патшалық тағынан түскен соң Реза патшалық  таққа отырып, патша атын иеленді. Реза шаһтың классикалық сауаты болмаған. Біраз жеке ұстаздан дәріс алып, кітап көп оқитын болған. Ол өз елінің тарихы мен парсы әдебиетін өте жақсы көріп оқыған. Хафиз, Сағди шығармаларын бар ынтамен оқыған. Оның өмір естелігі ретінде екі кітабы мұра болып қалған. Бірі – «Хузестан сапарнамасы», ендігісі - «Мазандаран сапарнамасы». Бұл екі еңбекте оның мемлекет және мемлекетті басқару жайында көп мәлімет бар. Реза шаһ өмірінде бір рет шетел сапарына шыққан. Ол Түркияға 1934 жылы барып, Мұстафа Кемал ата түрікке қонақ болып, оның мемлекетті басқару тәсілімен танысып қайтқан. Ол сол сапарында гауһар таспен сәнделген бір семсерді өзінің суретімен бірге Мұстафа Кемалға сыйға тартты. Ол суретінің төменгі жағында: «Естелік ретінде әзіз дос, ардақты бауыр әзірет қазы Түркияның президенті Мұстафа Кемалға тарту етемін», – деп жазған. Оның тарту еткен семсері мен суреті қазіргі кезде Мұстафа Кемалдың мазарының кешеніндегі музейінде сақталып тұр. Реза шаһ осы сапарында елінің даму жолына қатаң саясат жүргізу керектігін сезді. Сол үшін ойындағы барлық идеяларын қатал түрде жүзеге асыруға шешім қабылдап, диктатор патша деген лақап есімге ие болды. Түркия сапарынан кейін мемлекетте көптеген реформаларға кірісті. Бірақ мемлекетті басқарудағы қатал ұстанымы оны өз төңірегіне жексұрын тұлға ретінде көрсете бастады. Оның диктаторлық ұстанымы бара-бара мен-мендік пен өзімшілдікке ұласты. Не істесем өзім білемін деген деңгейге жеткізді. Сондықтан өзінен кейін мемлекет пен ұлтын қорғай алатын, мемлекетке иелік ете алатын саяси қайраткерлер жетіле қойған жоқ, тіпті жоқтың қасы болды. Ал Мұстафа Кемал (1923-1938) билік құрған жылдары мемлекеттің дамуына жасаған реформаларға қатаң саясат ұстанса да, өзінің төңірегіне, парламент мүшелеріне қысым жасамады. Оларға білген игіліктерін жасауға мүмкіндік берді. Сондықтан өзінің өлімінен кейін мемлекетті басқаруға, елге иелік етуге бір буыннан бір буынға ірі мемлекеттік тұлғалар саяси сахнада пайда бола бастады. Сондықтан оның жасаған реформалары кезең-кезеңімен жүзе асып жатты. Тіпті отаршыл сыртқы алпауыттар үнемі Түркияның ішкі істеріне араласып келсе де, түріктердің қуатты ұлттық рухының шұғыласын өшіре алмай келеді. Бүгін Түркия Республикасының жүз жылдығы қарсаңында тұрсақ та Мұстафа Кемал жаңа Түркияның негізін қалаушы ретінде түріктің атасы деген атаумен құрметке бөленіп келеді. Күн сайын көптеген жақтаушылар оның мазарына барып, гүл шоқтарын қойып, құран бағыштайды. Барлық оқулықтарда оның өмірі, түркілік идеалдары, ерліктері мен пайым-парасаты  оқытылып, терең талқыға салынып, оның саясатының маңызы айтылып жатады. Түркияның бүгінгі Президенті Режеп Тайып Ердоған биыл Кемал Ата Түрік құрған Түркия Республикасының жүз жылдығын салтанатты түрде тойламақ. Сондықтан Мұстафа Кемал құрған жаңа Түркияның 1923 жылында 100 жылдық мерей тойы да тойланбақ. Ал Реза шаһтың Рей қаласындағы қабіріне салынған кесенесі 1980 жылы сол кездегі шариғат сотының басшысы Садық Хәлхали (1926-2003) үкімі бойынша жермен жексен болды. Иран Ислам Республикасының билігі Реза шаһ пен оның ұлы Мұхаммед Реза шаһтан бірде бір белгі қалдырмады. Неге деген сұраққа жауап іздеу тереңірек зерттеу мен зерделеуді қажет етеді.

Реза шаһ Түркиядан оралған соң бастапқы реформасы иранның феодалдық қоғамында түрлі саяси-қоғамдық бүліктер орын алған еді. Және  қарақшылық, әлім жеттік жасау қоғамда белең алған кез болды. Онымен бірге түрлі ұлт-ұлыстар тұрған аймағында автономиялық өлке боламыз деген саяси талаптар қойған еді. Сондықтан орталықтан басқару үкімет үшін өте қиын болып келген еді. Реза шаһ аса қаталдықпен ел арасындағы қарақшылық пен саяси қозғалыстардың іс-әрекетін тоқтатты.

Иранның саяси ішкі істеріне өз мүдделері үшін отаршыл шетел күштері ұдайы араласумен болды. Мәселен Кеңестік одақ пен Ұлы Британия Иранның ішкі саяси істеріне араласуының салдарынан елдің ынтымақ пен бірлігі бұзыла бастаған еді. Сол үшін Ирандағы әр түрлі ұлт-ұлыстар бір-бірімен ымыраласып бір мәмілеге келулері күрделеніп кеткен еді. Иран саясатының бір тізгінін орыстар тартса, енді бір тізгінін ағылшындар тартып тұрды. Алайда Британия 1925 жылы Ираннан Аһмет шаһ қажарды тақтан тайдырған ағылшындар орнына Реза шаһтың отыруына ықпал жасады. Өйткені оны орыстарға қарсы саяси тұлға деп бағалады. Бұл жайында Иранның аса ірі мемлекет және ұлт қайраткері доктор Мұхаммед Мұсаддық (1882-1967) Реза шаһтың айтқанын былай: «Мені ағылшын саясаты билікке алып келді, бірақ олар кімді алып келгендігін түсіне алмады», - деп жазған. Реза шаһ Иранның барлық аймақтарындағы бас көтерген түрлі қозғалыстарын өзіне бағындырған соң Иранның оңтүстік пен солтүстігін жалғастырған трасса (даңғыл жолмен) темір жолды салуға кірісті. Ең бастысы ол жолдарды түгелдей отандық маман мен жұмысшылардың қолымен салып, аяқтады. Оның Иранға жасаған бұл игі істері босып барған қазақтарға да нәпәқа болды. Оның өте стратегиялық маңызы бар жоба екені анық. Мәселен елдің оңтүстігіндегі Бәндәр Шаһпур (бүгінгі Бәндәр Хомейни) портынан солтүстіктегі Бәндәр Шаһ (Бәндәр Түрікмен) қаласына дейінгі темір жолдың құрылыс жұмысы  1394 шақырым ұзындығы, 245 тунел, 251 үлкен көпір, 4100 шағын көпір, 90 станция ғимараттары он жылға жуық аралықта салынып 1938 жылдың 26 тамызында ашылу рәсімі жасалды. Осы темір жолдың бойында Мазандаран правинциясына қарасты Сауаткуһ ауданына 27 шақырым қашықтықта Вереск ауылында, өзен шатқалынан 110 метр биіктікте салынған вереск көпірін Британияның ірі мемлекет және қоғам қайраткері Уинстон Черчилль (1874-1965) «жеңіс көпірі»,  – деп атап кетті. Өйткені сол көпірдің арқасында Батыс елдері мен АҚШ сол кездегі Кеңес Одағының әскеріне тиісті көмекті жеткізіп тұрған. Сол кездегі трасса, темір жол, түрлі ғимараттар және қала мен даланы абаттандыру жұмыстарына босқында жүрген қазақтар атсалысып, нәпәқа тапты. Реза шаһ сондай саяси-экономикалық қиын-қыстау шақта еліне көптеген негізгі дамуға ірге бола алатын шараларды іске асырды.

Сондай-ақ әйелдерді орамал тағып жүруден босатып, жұмыс орнына жамылғысыз баруды бұйырды, оны өз отбасынан бастады. Әрине бұл реформасы дінге әбден берілген иран жұртының наразылығын тудырды. Сол үшін де кеш те болса, осы әрекеті үшін оңбай соққы жеді. Себебі иран мұсылмандарының ондай өзгеріске психологиялық дайындығы болмаған еді. Ал Түркия Европа елдеріне көрші болғаны үшін ондай өзгеріске даярлығы молырақ болды. Реза шаһтың тағы бір қадамы 1934 жылы Иранның «ана университеті» , – деп аталған «Теһран университеті» Американың жоғары оқу орындарының үлгісімен іргесін қалады. Осы оқу орнынан қазақтан үш заңгер оқып шықты. Олар: Мұхаммед Ескелді, Қажы Мұхаммед Шадкам, Мүһейеддин (Мұқыш) Жеменей. Ал бір әдебиетші Мансұр Уәли болды. 1970-1980 жылдары олар қазақ және қоғам үшін талай қызметтер атқарып, елеулі еңбектерімен зейнеткерлікке шықты. Білім-ғылым қашан да игілік пен жауыздыққа тең қызмет жасай алатын құрал бола алады. Өйткені Иранда мынадай мақал бар: «Түнгі ұрлыққа барған ұры қолына шамшырақ ұстап барса, ұрлық тауарын таңдап ұрлайды», – дегендей білім-ғылым ұрлыққа таңдау сыйлайтын құрал бола алады.

Реза шаһтың тағы бір реформасы егін шаруашылық жобасы. Онда кімде кім егістік жерлерді арам шөп, артық бұтақтардан арылтып, егін салуға дайындаса, абаттандырған жерді өз меншігіне ала алады деген үкім шығарған. Сөйтіп егістік жерлерді қолданысқа енгізуге ауылшаруа адамдарына қозғау салды. Солардың қатарында менің атам Рақпай да ондаған гектар егістік жерлерді абаттандырып, иран қазақтарының тұңғыш шағын фермері болып тіркелді.

Реза шаһтың қолға алған тағы бір реформасы иранның ұлттық армиясын жасақтау болды. Және сол кезге дейін мемлекеттің аты «Персия» болып келген есімін «Иран» мемлекеті деп өзгертті. Сонымен бірге парсы тілі мен әдебиетін дамытып, тіл тазалығын сақтап қалу үшін сол кездегі көптеген үкіметтің мекемелеріндегі араб атауларын ауыстырып, ежелгі парсы сөздеріне негіздеп, парсыландырды. Және парсы тілі-әдебиеті академиясын ашып, жүйелі жұмыс істеуге ғалымдарға қолдау көрсетті. Соның арқасында парсы тіліне араб пен түркіден енген көптеген сөздерді парсы текті сөздермен ауыстыруға мүмкіндік тудырды. Соның салдарынан саясатта, әскери салада, экономика мен білім-ғылым салаларында жаңа патриот буын тәриеленіп шықты. Сондықтан барлық иран азаматтарын өзге ұлт-ұлыс болғанына қарамастан барлығын жеке куәліктерінде «ирандық», - деп тіркеді. Сонымен араб, түрік, түрікмен, күрд, бәлуч, қашқаи тағы басқа қауымдарды ирандық атауымен атап, бәрін тек парсы тілінде білім алуға міндеттеді. Содан Иранда парсы тілі бүкіл иран азаматтарының білім алатын, табыс табатын, ғылыми зерттеу жүргізетін, банк жүйесінің қаржы істерін реттейтін, ішкі және сыртқы саясаттың ресми тілі болып қалыптасты. Мемлекеттің барлық аймақтарында парсы тілінен өзге тілдер тіпті сорттық мәртебесінен де төмендеп, онымен сөйлесудің өзі ұят құбылысқа айналды. Өйткені парсы тілі мемлекеттің саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени, өнер-әдебиетте әбден үстемдік құрды. Сондықтан парсы тілінен басқа қауымдардың тілі оның үстемдік көлеңкесінде тапталған сорлы тілдің тағдырын бастан кешіріп келді. Мемлекеттің бұл саяси ұстанымы оның ұлы Мұхаммед Реза шаһ билік құрған заманында да қоюлана түсті. Соның әсерінен бізден кейінгі буын оқу орындарында қазақша сөйлеуден тартынып, парсы тіліне көбірек қызығатын болды. Сол кейінгі жылдары біз аға буын иран қазақтарының ана тілін сақтап қалуына түрлі тәсілдер арқылы күресе бастадық.

Реза шаһ мемлекетті индустриялау мәселесіне де ерекше көңіл бөліп, Иранның солтүстігі Мазандаран правинциясының Қайымшаһар (бұрынғы Шаһи) қаласында тоқыма заводының іргесін қалап, 1930 жылы жұмысқа қосылып, өнім бере бастады. Кейінгі жылдары Мұхаммед Реза шаһ ол заводтың ауқымын кеңейтіп Таяу Шығыстың ең ірі заводына айналдырды.  Онда тек қана тоқыма бұйымдары емес, онымен бірге жапқыштарға, перделерге, көйлектер мен түрлі нәрселерге тән түрлі мата бұйымдар шығаратын өндіріс орынға айналды. Мен санап айтқан өндіріс орындардан басқа да көптеген жобаларды іске асырды. Бірақ менменшілдігінен арыла алмады.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1941 жылы одақтар елінен АҚШ, Кеңес және Британия әскерлері Иран жеріне кірді. Сол жылы Британия билігі Реза шаһты тақтан тайдырып, әуелі Бәндәр Аббастан Африка құрлығындағы Мурис аралы  мемлекетіне жер аудартты.  Кейінірек Мурис аралынан Оңтүстік Африка Республикасының ең ірі қаласы Йоханнесбургге қоныстандырды. Реза шаһ аталған қалада үш жыл тұрып 1944 жылы қайтыс болды. Оның мәйітін Мысырға алып келіп, мумияға орады. Содан алты жыл бойы аманат ретінде Каирдағы Рифаһи мешітінде сақталды. Сөйтіп 1941 жылы Реза шаһты тақтан тайдырған Британия оның орнына ұлы Мұхаммед Реза шаһты отырғызды. Мұхаммед Реза шаһ билікте әбден өз күшіне енген соң әкесінің мәйітін сән-салтанатпен алты жылдан кейін 1950 жылы Рей қаласына жеткізіп, сол қаладағы Әбділ-әзім Асани имам Асанның немересінің мазарының жанында аса зәулім кесене салғызып жерледі. Бірақ ислам төңкерісінің жеңісімен құрылған Иран Ислам Республикасының шариғат сотының төрағасы Садық Хәлхалидің пәрменімен оның кесенесі жермен жексен болды. Кейін мумияланған мәйіті де табылып жойылды.Реза шаһ мемлекеттік құрылымның іргесін әжептәуір қалады. Бірақ олигарх  болды. Адам қашан да рухын бұғаулатуға қарсы. Бұл қағида пәһлеви династиясында ұмыт қалды.

Реза шаһтың төрт әйелі болды. Олардан жеті ұл, төрт қызы болды. Біріншісімен уақытша некемен үйленген әйел Сәфия Һамадани еді. Кейбір әңгімелерге қарағанда шаһтың тұңғыш қызы Һамдам осы қатыннан туған. Ал ресми неке бойынша төрт әйелі: 1.Мәриям Сауаткуһи өзінің ағайын қызы. Онымен 10 жыл тұрған. Өсекшілердің айтуы бойынша Һамдам тұңғыш қызы осы әйелінен болған. 2.Тәж әл-Мүлік атақты Мірпәнж Темірхан Айрымлы әскери шенеуніктің қызы. Реза шаһтың әскери биіктеуіне үлкен ықпал жасаған осы әйелі болған. Одан екі қыз, екі ұлы болды. Олар: Шәмс, Мұхаммед Реза, Әшраф, Әлиреза. 3. Тұран мәликасы. Реза шаһ 47 жасында 17 жастағы Тұран Сүлейманиқызымен үйленді. Одан Ғұламреза атты бір ұлы болды. Тұран түріктекті қажар династиясынан еді. 4. Ісмет Дәулетшаһи, ең сүйікті әйелі, одан бес баласы болды. Әбді-Реза, Аһметреза, Маһмұтреза, Қамидреза және Фатима. Ісмет Дәулетшаһи қажар династиясынан түріктекті болған.

Реза шаһ тақтан қуылған 1941 жылынан кейін  Британия алпауыты оның орнына ұлы Мұхаммед Резаны патшалық таққа отырғызды. Ол да 1941 жылынан 1979 жылына дейін тағында отырып, сол жылдың желтоқсан айында  Хомейни бастаған ислам төңкерісінің қарқынды тегеурініне шыдас бере алмай шет елге қашып кетті. Мұхаммед Реза шаһ Британия сияқты отаршыл елге тәуелді болып, кейін АҚШ саясаты мен ірі мұнай компанияларына тәуелді болып келсе де, мұнай саласында Иран және мұнайға бай өзге де, мұсылман елдерге айтарлықтай табыс алып келді. Біріншісі – 1954 жылы иран мұнайын шетелдік компаниялардың ықпалынан шығарып, Парламентке иран мұнайын мемлекет иелігіне өткізіп алды. Екіншісі – 1960 жылдың 9 қыркүйегінде Ирак астанасы Бағдат қаласында Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабия, Венесуэла мұнай өндіруші елдер болып өз мүдделерін қорғау мақсатымен жаңа ұйым құрды. Ол ұйым қазіргі заманда ОПЕК деп аталады. (OPEC: Organization of the Petroleum Exporting Countries). Аталған ұйымда Мұхаммед Реза шаһ белсенді түрде жетекшілік етті. Өйткені мұнайдың тізгіні әлемнің жеті мұнай өндіруші алпауыт компанияның қолында болғандықтан олар мұнайдың бағасын көтеруге мүмкіндік бермей келді.  Ал ол кезде әлгі ОПЕК ұйымын құрушы елдердің жалғыз табыс көзі мұнай болған. Сондықтан аталған компанияға қарсы күресте мұнай бағасын ойдағыдай көтеріп, мұнайшы елдердің мемлекеттік қазынасын молынан байыта түсті. ОПЕК ұйымы жұмыс бастаған 1960 жылы өздеріне орталығы етіп, Швейцарияның Женева қаласын таңдады. Кейін 1965 жылдан оның жұмыс істеу орталығы Аустрияның астанасы Вена қаласына ауысты. Мұхаммед Реза шаһ өзге ОПЕК ұйымының мүшелері мұнай бағасының айтарлықтай көтерілгенінен кейін үлкен табыстарға кенелді. Соның арқасында иран халқының әлеуетінің жоғарылауы да басталды. Сондықтан патшаның ең басты жоспарлары қатарында АҚШ елінің ең озық техникасын, қару-жарағын сатып ала бастады. Соның қатарында F 16 соғыстың мықты шабуыл ұшақтарына қол жеткізді. Соның арқасында аймақтың ең қуатты әскери күшіне ие болды. Ол мұнайды шикізат түрінде сатудың орнына мұнайдан өнім өндіретін екі ірі жобаны жүзеге асырды. Бірі- 1912 Иран-Британия ортақтаса салған Абадан қаласындағы мұнай тазарту заводты біртіндеп дүниенің ең ірі заводына айналдырды. Ол қазірге дейін әлемнің өте ірі мұнай тазарту өндіріс орны болып саналады. Оның өндіру бағыты мен көлемінің маңызын мамандар жоғары бағалайды. Одан кейін мемлекеттің индустриясы да петрохимия заводтарымен жалғасты. Бастапқы бұл тәжірибе Иранның Абадан шаһарында мұнайшы мамандар дайындайтын факультет ашылды. Соның арқасында Иран мұнай саласында ең озық мамандарға ие болды. Қазіргі Кезде Иранның ондаған қалаларында мұнай тазарту мен петрохимия заводының мол өнімі бар екенін Қазақстанның сауда базарлары жақсы біледі. Өйткені Ирандағы мұнайдан өндірілетін түрлі тауарлар қазақ базарында сұранысқа ие. Мұхаммед Реза шаһ әкесінің жолын технология бағытында да жалғастырды. Ол АҚШ саясатының ықпалында бола тұра елдің болашағы үшін өте маңызды, ана технология болып саналатын болат балқыту заводын Исфаһан қаласында салдырды. Бұл ірі жоба 1965 жылы кеңес үкіметімен келісу шартнамамен жүзеге асты. Ол келісім бойынша Иранның сол оңтүстігінде орналасқан Бушаһар қаласында атом энергия станциясы да салынды. Өйткені әкесі Реза шаһ заманында «шикі зат сатудың орнына оны өндіріп сатқан пайдалы, ал керекті өнімдерді шеттен сатып алғанша өзіміз өндірген пайдалы», - деген ұстанымы болды. Сол үшін Реза шаһ Иранның оңтүстігіндегі Шапур портынан (қазір Хомейни порты) солтүстіктегі Шаһ портына (Бәндәр Түрікмен) дейін Иранның темір жолының құрылысын бастамақ болғанда оған керекті релістерді Иранда шығаруға кіріскен еді. Сол үшін Германияның Кроп компаниясымен келіссөз жүргізді. Бірақ заводтың құны қымбат болды. Кейін сол компаниямен 1938 жылы 53 мың тонналық шағындау заводқа келісіп, тақтан қуылған 1941 жылы заводтың бөлшектерін жоспар бойынша Кәрәж қаласына жеткізді. Бірақ өзінің жер аударылуымен бұл жоба тоқтап қалған еді. Міне, Реза шаһтың арманын баласы Мұхаммед Реза шаһ Кеңес үкіметімен келісіп іске асырды. Ал саяси жағынан Иран патшасы үшін ең жексұрын ел кеңестің коммунистері болған еді. Аталған Исфаһан мен Бушаһар заводтары аймақтың тіпті дүниежүзінің ең ірі өндіріс орындары қатарында өнімдері қырыққа жуық елдерге сатылып келеді.

Исфаһан заводында жұмыс істеу қазаққа да нәсіп болды.  Мұхаммед Реза шаһ әлгі заводтарды салғызу үшін 1968 жылдың 21 маусымынан 3 шілде аралығында Мәскеу сапарына шықты. Сол сапарда жолы Қазақ Кеңестік Социялистік Республикасының астанасы Алматыға түседі. Ол Қазақ елінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев (1912-1993) басқарып отырған 1960-1986 жылдармен тұспа тұс келген еді. Аталған сапар Иранның индустриалдық дамуына жаңа қадам болды. Өйткені сондағы келісім бойынша Исфаһанның темір балқыту заводының салынуы 1968 жылы басталып 1972 жылы аяқталды. Оның ашылуына және тұсаукесер рәсімін жасауға Кеңес одағының бірінші хатшысы Алексей Николайұлы Косыгин (1904-1980) толық билік тізгінін қолында ұстап тұрған 1965-1977 жылдары Мұхаммед Реза шаһтың Мәскеу сапарынан кейін заводтың ашылу рәсіміне өзі мен қызы Иранға барды. Бұл заводтың ашылу тұсаукесер рәсімі 1972 жылдың 15 наурыз күні өтті. Мұхаммед Реза шаһтың өз елінің даму процесіне қажетті нәтижесінің бірі Иранды ірі өндіріс индустриясы аталған заводтың салынуы болса, екінші бір шарапаты ол сапардың жақсылығы иран қазақтарына да жұғысты болды. Мұхаммед Реза шаһ сол сапарында жолы Алматыға түскендіктен Дінмұхаммед Қонаевпен жолығып, оның ақ пейілділігі мен қонақжайлылығына әбден көңілі тойған болу керек, сапарының соңғы күнінде Дінмұхаммедке Иранға бізге қонаққа келіңіз деп шақырған көрінеді. Сонда Дінмұхаммед: «Сіз біздің жағдайдан хабардар болған боларсыз. Біздің шетелге шығу немесе шықпауымыз үшін жоғарыда яғни Мәскеуде шешім қабылданады. Сол себепті сіздің шақырғаныңызды қабыл алды деп есептеңіз. Бірақ бір өтінішім бар: Иранда тұратын менің қазақ бауырларыма бас-көз боларсыз», – депті. Патша бұл жайытты естіген соң: «Мен өкінішке орай Иранда қазақ қауымы тұратынынан хабарым жоқ. Бірақ елге оралған соң олар жайында тиісті хабарын алып, көмектесетінімді сізге уәде етемін», – деп жауап берген екен. Иран патшасы елге оралған соң сарай уәзірі Әсетолла Әләмге (1966-1977) қазақтар туралы тездетіп тиісті мәлімет беруді тапсырады. Сол күні Әләм қазақтардың Мазандаран правинциясының Горган, Бәндәр Шаһ (қазіргі Бәндәр Түрікмен), Күмбез Кавуыс қалаларында тұратынын хабарлайды. Патша олармен байланысқа өтіп, дереу өкілдерін сарайға шақырыңыз деп бұйырады.

Шаһтың бұйрығынан кейін тиісті байланыстар жасалып, иран қазақтарының өкілі болып Ақмолда Талиб-ол Ілім бір топ қазақтарды ертіп Теһранға аттаныпты. Онда Ниявәран сарайында патшаның қабылдауында болып, өздерінің тілектерін айтып, патшаны жұбайымен қазақ ауылға қазақтың қауымы және салт-дәстүрімен танысуға шақырады. Содан патшаның жұбайы Мәлика Фәррәһ қазақтармен дидарласып, танысуға Горгандағы жаңадан салынған  Әбу-Қанапия мешітіне келіп, 60 шаршы метр иранның кілемін тарту етті. Сондай-ақ емделуге материалдық жағдайы жоқ бір қызды қол ұшын беріп емдетеді. Әрі Горгандағы патшаның тікелей өкілі генерал Мүзәиенге қазақтарға егістік жер беруді тапсырады. Ал сол кезге дейін азаматтығын ала алмай жүрген азаматтар да азаматтық куәліктеріне қол жеткізді.

Мен осы рет Иран мен Түркия елдерінің жиырмасыншы ғасырдағы саяси тарихына жалпы шолу жасадым. Өйткені аталған екі елдің саяси тарихы қазақ тарихымен ұштасып жатқанын байқадым. Бұл жайытты нақты айтқанда Түркияға қытай озбырлығынан ата жұртынан көшуге мәжбүр болған қазақтар Үндістан, Пакістан асып, 1954 жылы Түркияны паналады. Ал кеңестік зұлматынан босып кеткен Маңғыстау қазақтары Каспий жағалап, Түрікменстан арқылы Иран жерін пана тұтты. Кеңес әскері 1979  жылы Ауғаныстанды басып алғанда 1980 жылы миллиондаған ауған азаматы шетел асты. Солардың қатарында мыңдаған ауған қазақтары Иран мен Түркия елін паналады. Олар Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң мемлекеттік бағдарлама бойынша елге оралды. Бұл тарихты мен бұрын да егжей-тегжейлі жазғанмын. Мен өзім Иранда туып, бастауыш, орта және жоғары білімімді сонда алдым. Иранның тарихи ұлы әдебиеті мен мәдениеті менің отбасылық тәрбиемді жетілдірді. Сондай-ақ  білімімді тереңдетіп, асқақ армандарыма ірге қалауыма негіз болды. Түркия менің алыста қалған армандарымды жақындата түсті. Мен Стамбул университетінде үш жыл грантта оқып, магистратурамды бітірдім. XX ғасырда мен сияқты талай қазақтың тағдыры осы екі елмен ұштасып жатыр. Біз саясат жайын сөз етпей қойғанның өзінде Иран мен Түркия халықтарының мәдениеті мен әдебі, руханияты, жеткен адамдық шыңы әжептәуір биіктерді бағындырған екі ел. Оларда сөзіне берік, уәдесіне адал жандар, адамға жанашыр тұлғаларын көп көрдім. Екі елде де қазірге дейін сағынатын замандастарым, құрдастарым, бауыр, әріптестерім бар. Олар қашан да маған сағыныш пен ілтипатын жеткізіп жүреді. Сонымен бірге онда қазірдің өзінде мыңдаған қазақ қандастарымыз тұрып жатыр. Мен Түркияға қарасам ғасыр бойы қанша үкімет ауысып, тіпті әскери төңкеріспен билікке келген басшылар болса да, қазаққа ата жұрттан келген бауыр деп ерекше көңіл бөліп қарайды. Өйткені олар бізді тарихи бауыр деп сыйлайды, һәм адам деп құрметтейді. Сол себептен шығар адамзаттың өркениеті қоғамдағы адамгершілік пен жақсылықтың деңгейінің өсіп, жетіліп, достық пен мейірге ұласуы деп білемін. Сол үшін жақсы дос, адал дос адам өмірінің асыл құндылығы.

Осының бәрі біздің қиялда сомдалған қазақ әлемін одан әрі нәрлендіре беріп, біздің болмыста ажырамайтындай элементке айналды. Өйткені мен отбасылық өмірімде атамның және оның замандастарының көрген тауқыметін көрген жоқпын. Тек қана көп қиындық көргендерін естісем де олардан сол қиындықтарын тереңдетіп айтудың орнына олардың ата жұртын аңсап жүрген сағынышын аманаттап алдым. Сондықтан мен және менің замандастарым аталардың сағыныш сезімінің аманатын қабылдаушы ұрпақ деп санаймын. Әйтпесе менің өмірде көргендерім еркелік. Ал өмірдің тауқыметін көрмеген жан қандай қызық әңгіме айта алады. Алайда аталардың елге деген сағынышына аңсарың ауғанда аңсау өз биігін елдік рух пен ұштастырып тұрған ұлы сезім екенін түсіне бастайсың. «Қарыны тоқ, көйлегі көк» межесінің биігіне жеткенде адам қасиеті айуандық деңгейге құлай түсуі мүмкін. Ал аталарымыз өз сағыныштарымен мыңдаған жылдық елдік рухтың туын бізге ұстатпақ болғанын өмірімнің білген, естігін және ойлаған ойшылдардың ойынан, жанкешті ерлердің ел үшін пида еткен жандарының сәулесінен көре бастадым. Яғни аталардың аманатының маңызы оқыған әдебиеттер, көрген патриот жандармен жетіле берді.

(Жалғасы бар)

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,

«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу

орталығының директоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз