• Тарих толқынында
  • 26 Мамыр, 2023

СҰЛТАН БЕЙБАРЫС: ӘЙІН-ӘЛ-ЖӘЛУТ ШАЙҚАСЫ

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы

 

Заманы: 03 қыркүйек 1260 (25 рамазан 658 һижри қәмәри).                                                  
Мекені: Әйін-әл-Жәлут, Палестина.                                     
Нәтижесі: Мысыр мәмлүктерінің айқын жеңісі

Шыңғыс хан қайтыс болғанда оның орнына «қаған» атауымен үшінші ұлы Өгедей Қарақұрымда қағандық таққа отырды. Өгедей өлген соң оның ұлы Күйік қаған болды. 1251 жылы Мөңке (منگوقاآن) моңғол империясының төртінші қағаны болып, таққа отырғанда уақыт оздырмай атасы Шыңғыс ханның бүкіл әлемге билік жүргізу жоспарын жүзеге асыру мақсатында іске кірісті. Сондықтан туған бауыры Құлағуға моңғол империясының батысында орналасқан өлкелерді жаулап алуға тапсырма берді. Құлағу бес жыл бойы әскер жинақтауға кірісіп 300000 (үш жүз мың) жауынгерді топтастырды. Әскери дайындықтен кейін Иран жерінен оңтүстікке қарай жорық бастады. Сол арада Мөңке қаған бауырына: «Моңғол әскерінің алдында қарсылық көрсетпеген кісілермен мейірімді болыңдар. Бірақ қарсылық көрсеткен тұрғындардың қалаларын талқандаңдар», деп бұйырды. Алайда моңғол әскерінің жорық бағытында орныққан көптеген елдер қарсы шабуылға шыққан жоқ. Тіпті ол елдердің бір бөлігі моңғол әскеріне қосылды. Сөйтіп моңғолдар Бағдат маңына жеткенде Кіші Азия (Анадолы) армениялықтар сондай-ақ крест жорықтарында жеңіліп Антакияда тұрақтап қалған француздар да моңғол қосынына қызметке кірді.                                                          
Құлағу Иран жерінен өткен соң сол заманның ең қуатты әрі өте ұзақ мерзім салтанат құрып келе жатқан Аббас әулеттерінің халифатын 1258 милади (656 һижри қәмәри) жылында құлатты.                         
Иран елінде Құлағу қосынының ең ірі жеңістерінің бірі – Исмаилйе қамалдарын жаулап талқандауы болды. Себебі олардың әл-Маут тауларында орналасқан қамалдарын селжұқтар, крестшілер сондай-ақ ейюбилер де соншалықты мықты әскери күшімен жеңе алмаған еді. Ал Құлағу әскері исмаилйенің Иран жеріндегі Қәзвин қаласының солтүстік шығысында әл-Маут аймағында орналасқан тарихта әл-Маут қамалы деп әйгілі болған қорғанын және басқа да қорғандарын бірінен соң бірін жаулап, ойрандады. әл-Маут қамалы 2163 метр теңіз деңгейінен биіктікте орналасқан болса да, қамалдың тұрған жері төңірегінен де 200 метрдей оқшау биікте болған. Қамалдың аумағы 20000 (жиырма мың) шаршы метрді қамтыған, әл-Маут аймағы төрт жағынан құз болған, оған кіру үшін жалғыз жол болғаны айтылады. Міне Құлағу жауынгерлері осындай қамалды жаулап алған соң, үрей тудырып жүрген исмаили жанкештілерінің күшін жойып, даңқын тарих беттерінен бір жолата өшірді.
Моңғол әскері Бағдат қаласын жаулағаннан кейін, сол кезде Шам өлкесін билеп отырған айюби үкіметінің астанасы Дамаскты 1260 жылдың бірінші наурыз айында жаулап алып күйретті. Құлағудың мақсаты Шам өлкесінен кейін Палестин елін жаулап, мұсылмандардың соңғы мекені Мысыр елін басып алып, биліктерін бір жолата жою еді. Ол кезде Бағдат пен Шам күйреген соң ислам билігі Мысыр астанасы Қаирге ауысқан болатын. Ол заманда Мысыр билігінің тізгіні мәмлүк түркілердің қолында болған.
«Мәмлүктер Мысыр елінде қалай пайда болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Түркілер алғаш рет халифат үкіметіне Аббас әулеттерінің сегізінші халифасы әбу-Ысқақ Мұхаммед Мүтәсембелла (794-842) билік құрған (833-842) жылдар аралығында бастады. Мүтәсембелла үкімет аппаратында парсы текті шенеуніктердің санын азайтып, әлсірету мақсатында соғыс майданында қолға түскен түркі тұтқындарын құл ретінде сатып алып, әскери бірліктерге кіргізе бастады. Бұл үрдіс кейін Айюби патшалығы (1171-1341) тарапынан жалғасын тапты. 
Жалпы алғанда, мәмлүктердің басым көпшілігі Кавказ бен Қыпшақ даласының қыпшақ және шеркеш тайпаларынан болған. Мұсылман халифалары оларды Византиядағы құлдар базарынан сатып алатын еді. Халифалардың құл базарынан таңдаулы құлдарды сатып алуға арнайы өкілдері бартұғын. Құлдар көбінесе сәби немесе жасөспірім жасындағылардан сатып алынып, әскери лагерлерге жөнелтіліп, ол жерде арнайы әскери жаттығулардан өтетін еді. Содан кейін жауынгер ретінде әскер қатарына қосылатын еді. Осы тұста ескерілетін жайыт, Европа елдеріне құл болғандар тек қана белгілі бір шеңберде қызмет жасауға құқығы бартұғын. Бірақ мұсылман халифатындағы құлдар өздерінің жауынгерлік қабілетін көрсете білсе, әскери шенінің ең биік лауазымы, яғни қолбасшы мәртебесіне көтеріле алатын еді.  
Құлағудың Бағдат пен Шамға шабуылдары жүріп жатқан кездері айюбилер арасында билікке талас-тартыс жүріп жатқан болатын. Сол жағдайда мәмлүк әмірлері өздерінің әскери қабілеттерінің арқасында біраз аймақты өз билігіне өткізіп алған. Соның арқасында айюби билігі күйреген заманда Мысырда мәмлүк патшалығын құра білді. Мәмлүктер билік құрған 1250-1517 жылдары Салаһеддин Ейюби (1138-1193) армандаған крест жорықтарын бір жола тоқтатып, Палестина топырағынан қуып шықты.  
Мәмлүктердің жауынгерлік шеберлігі осман халифаларына ұнағандықтан, олар да «йени чери» (ینی چری) (майдан партизаны) атты жаңа әскери бірлік құрды. «йени чери» осман патшалығының ең мықты әскери тірегіне айналып, Орта Шығыс, Орталық Европа елдерін жаулап алуға ықпалды болды. Тіпті олар кейін Мысырдағы мәмлүк патшалығын османлы тарапынан басқарылып отыруға септігін тигізді. Басқаша айтқанда, Сұлтан Сәлім (1512-1520) заманынан мысыр мәмлүктері осман патшалығының бақылауына өтті. Тек қана 1805 жылы III-Cұлтан Сәлім (1789-1807) заманында осман патшалығы Мысыр билігінің тізгінін толық өз қолына алды.             
Мәмлүк патшалығының негізін қалаушы Айбек төрт жыл билік құрған соң қастандықтың құрбаны болды. Оның онбес жасар баласы Мәнсұр Әли әкесінің орынбасары болып таққа отырды. Айбек 1253 жылы Сейфеддин Құтызды уәзір етіп тағайындаған еді. Баласы таққа отырғанда да сол мақамында қалды.   
Моңғол жорықтарының қауіптілігін сезген Құтыз мәмлүктердің өзге әмірлерін бұндай қауіпті жағдайда билікте мықты басшы болу керектігін түсіндіріп, жоғары мәртебелі әмірлердің келісімі бойынша Мәнсұр Әлиді биліктен тайдырып, өзі оның орнына таққа отырды. 
Әйін-әл-Жәлут шайқасынан бірнеше апта бұрын Құтыз үшін бір күтпеген оқиға орын алды. Ол оқиға Сұлтан Бейбарыстың оған жазған хаты болатын. Бейбарыс ол кезде Шам (Сирия) елінің бір бөлігінде билік құрып отырған-ды. Мысыр еліне де кейде жорықтар жасап тұратын. Бірақ Дамаск қаласы моңғолдар тарпынан жауланған соң жаудың қарқынды ағысына төтеп бере алу үшін Құтызбен одақтасу керектігін түсінді. Осылайша Құтыз бен Бейбарыс әскері бірікті. 
Сондай жағдайда Құлағу хан 1260 жылы Құтызға бір хат жазып жолдады. Ол хаттың мазмұны мынадай болған: «Ұлы қаған, патшалардың патшасы, батыс пен шығыс елдерінің басқарушысы тарапынан өзі де, әмірлері де біздің семсерлеріміздің айбатынан сақтанып жүрген мысырлық Мәлік Мұзаффар Құтызға! 

БЕЙБАРЫС


Жерді жаратқан әрі аспанды желбіреткен жаратушының атымен біл және хабардар бол опасыз замананың, тағдырдың тәлкегінің жазмышы бізді қаһарлы құдайдың әскері, әділетті тәңірдің қосыны еткен. Сондықтан ол бізді ұлылық мәртебесінен жаратты әрі оның қаһарына ілінгендерге үстем етті. Сол себепті сіздер өзге елдердің душар болған жағдайынан ғибрат алып, біздің шешімге қарсы болмаңдар. Бізге беріліңдер, жексұрын істеріңнің бет-пердесі ашылып, беттеріңізге басылмай жатқанда. Сіздер, біздердің барлық елдерді жауладық, содан жер жүзін ластықтан тазарттық әрі көптеген тұрғындарын о дүниелік еткенімізді естідіңіз бе?...ендеше амалсыз күйрейсіз, сонда қай өлке сіздерге пана бола алады? Қай жол қашуыңызға ашылар әрі қай әкім жәрдемдесуге сізге қол ұшын созар? Бірде бір кісі біздің семсерімізден құтыла алмас һәм бірде біреудің көзіне біздің үрейден ұйқы келе қоймас. Біздің жаулаушы аттылардың санында шек жоқ. Оқтарымыз жарып өтуші, семсерлеріміз найзағайдай кескір, жүректеріміз таудай берік. Ал әскер санымыз сахараның қиыршық тастарындай көп. Сондықтан бірде бір қамал бізге бөгет бола алмайды, бірде бір қосын бізге қарсы тұра алмайды. Сондай-ақ сіздердің дұғаларыңызды естуге құлақ та табыла қоймас. Кімде кім бізбен шайқасқа кіріссе, өкініш саусағын тістеп қалады. Ал кімде кім бізден амандық сұраса, тыныш сарайға ие болады. Егер біздің шарттарды қабылдап, бізге бағынсаңыз біз сіздерді өзіміздің азаматымыз деп санаймыз, әйтпесе қарсылықтың соңы өліммен аяқталады. Мешіттеріңізді бастарыңызға құлатып, құдайыңызды қорлаймыз. Сол кезде сіздің көз жасыңыз бен азаңыз бізге әсер ете қоймас. Үлкен-кішіңізге рақым етпейміз, барлығыңызды қылыштың жүзінен өткіземіз. Сондықтан өз қолдарыңызбен өз жұртыңызды қауіп-қатердің иіріміне салмаңыздар, біздің қаһарымыздан сақ болыңдар. Соғыстың оты лауламай жатқанда біздің сұрағымыздың жауабын беруге асығыңыздар. Сол арқылы біздің алдымызда қадірлі болып, біздің жанымыздан орын алыңыздар. Ақыл көзіңізді ашып, бізге беріліңіздер. Біз әділдікті сақтап сізге хат жолдадық, бәлкім ұйқыдан оянарсыздар. Бұдан соң сізден басқа бізге жау да жоқ әрі сіздің өлкеден басқа бізге мақсатта қалған жоқ». 
(Құлағудың араб тіліндегі хатын Риза Кияни Мовәһед пен Сейіт Мәһди Мұса парсы тіліне аударған. Парсы тілінен қазақшаға аударған И. Жеменей) «دانشنامۀ آزاد». 
Құтыз хатты қолға алған соң әскер басшыларын жинап кеңес құрды. Сол кеңесте кейбір қолбасшылар Құлағуға қарсы шығуды мүмкін емес деп шешті. Олар Құтызға берілейік деген ұсынысын айтты. Бірақ Құтыз Құлағу хан өз уәдесіне тұрмайтынын Бағдат халифасының құтсыз тағдырынан байқаған еді. Сондықтан кейбір сардарларының қарсы болуына қарамастан Құлағудың сұрауына қарсы жауап қайтарды. Сөйтіп моңғол әскеріне қарсы тұруды таңдады. Құтыз өз шешімін жария еткенде мәмлүк әмірлері оған қарсы болып, соғысқа қатыспаймыз деген болса да Құтыздың тарихи баяндамасынан кейін онымен бірге болуды шешті. Құтыз әскер алдында былай сөйлеген: «Әй мұсылман әскерінің әмірлері! Қазіргі уақытқа дейін мұсылмандардың қазынасынан күн көрдіңіз. Бірақ оны қорғау жолындағы шайқастан бас тартасыз?! Мен соғысты қалаймын. Кімде кім Алла жолында соғысуды қаласа, маған қосылсын. Ал соғыстан қашқақтаған біреулер болса үйіне қарай бет алсын. Бірақ Алла олардың амалдарынан хабардар екенін білсін. Сонда келешек ұрпақ мұсылман шаңырағын қорғамаған ұятын ұмытпайтынын да білген жөн». (Құтыздың әскерлер мен әмірлерге сөйлеген сөзінен үзінді) «دانشنامۀ آزاد» Құтыз сөзінен кейін әмірлері келісім берді. Содан соң Құлағудың елшілерін өлтіріп, олардың бастарын Қаир қаласының қақпаларының бірінің маңдайшасына ілдіріп, Құлағудың хатының жауабын берді. Құлағу да хатының жауабын алғаннан кейін қаһарына мініп, жорыққа дайындала бастағанда, Құтыздың бағына орай, моңғолдардың ұлы қағаны қайтыс болған деген хабар тарады. Шыңғыс хан (1162-1227) қайтыс болған соң, орнына үшінші ұлы Үгедей (1186-1241) қағандық тағына отырған еді. Құлағу мен жанындағы басқа да ханзадалар жаңа қағанды сайлау үшін моңғолдар астанасы Қарақұрымға аттануға мәжбүр болды. Сол себепті Құлағу әскерінің басым бөлігін өзімен бірге алып, тек қана шағын бір бөлігі яғни 20000 (жиырма мың) әскерді өзінің ең мықты қолбасшысы Кетбұғаның басқаруына тапсырып, оны Шам елінде Мысырға жорыққа шығуға қалдырды. Осы тұста айтар жайт, Кетбұға христиан дінін қабылдаған сардарлардың қатарында болатын. Әрі өзін мұғ (діни лауазым) жаңа нәсілінің үшінші ұрпағы санайтын. Оның сенімі бойынша өзін Исаның дүниеге келуін сүйіншілеуге Палестинаға келгенін айтатұғын. 
Кетбұға мәмлүктермен шайқасқа шықпастан бұрын, өздеріне одақтас іздеп, бұрынырақ «әл-Құдс» (киелі қала) деп аталатын қаласында тұрған. Ол кейін Әкка шаһарында қоныстанған рұмдықтармен кездесуді жоспарлады. 1187 жылы Сәлаһеддин Ейюби «әл-Құдыс» қаласын крестшілерден азат еткеннен кейін рұм шаһзадалары Әкка қаласына көшіп, сонда тұрақтаған еді. Олар шаһарды өздеріне орталық қала етіп, өзара ұйымдасып, әжептәуір күшке айналған еді. Сол үшін Кетбұға өзі де христиан болғандықтан олармен кездесіп, келіссөз жүргізіп, одақтасуды мақсат еткен еді. Бірақ рұмдыктармен кездескенде, IV папа Александр моңғолмен одақтасуға қарсы болды. Папаның шешімін жақтаған Сейда қаласының (қазіргі кезде Ливан елінің құрамындағы қала) әкімі Жулиян әдейі ұйымдастырған бір оқиғада Кетбұғаның бірнеше немересін өлтіртті. Бұл оқиғаға ашуланған Кетбұға Сейда қаласына шабуыл жасап, шаһарды тонады. Бұл оқиғаға куә болған крестшілердің басшылары, мәмлүктерді жау деп санағанмен моңғолдарды олардан да қауіпті екен деп түсінді. Сол себепті олармен одақтасудан бас тартып, бейтарап қалуды жөн көрді.   
Моңғолдар әскеріне қарсы тұруға мысыр мұсылмандары Құтыздың басшылығымен дайындалып жатты. Құтыз әу баста моңғолдарға қарсы Қаир қаласын қорған етіп, бекінуді жөн көрген еді. Бірақ кейін үш себептен бұл шешімінен бас тартты. Бірінші себебі: Моңғолдар Мысырға шабуыл жасамак болған кезде моңғолдың қағаны Өгедей қаған қайтыс болғанын естіген Құлағу ағасының азасына қатысып, жаңа қаған сайлауға Қарақұрымға кетуге шешім қабылдауға мәжбүр болып, әскерінің бір бөлігін алып, моңғол астанасы Қарақұрымға аттанатын болыпты. Ол хабарды естіген Құтыз, моңғол әскерлерінің қалған бөлігі әлсіреген әрі жаңа қолбасшы да Құлағудай қабілетке ие бола алмайтынын сезіп, қорғанудың орнына шабуылға шығу керек деп шешті. Екінші себебі: Моңғолдар қалада қорғануға бекінген қарсыластарын ұдайы жеңіп отырған. Оған Бағдат пен Шам қалаларының қорғаушылары олардың шабуылына төтеп бере алмай күйрегендері дәлел бола алатын фактілер еді. Үшініші себебі – Сирияның бір бөлігін билеп тұрған Бейбарыстан «бірігіп, жауға қарсы шығайық» деген хатын алған еді. Сол үшін моңғолдардың алдында қорғанудың орнына оларға қарсы шабуылға шыққанды дұрыс деп шешім қабылдады. 
Аталған себептерге байланысты Құтыз қорғанудың орнына шабуылға шығуды ойлап, әскери ордасын толық жасақтады. Сосын Мысыр елінің ең ұлы ғұламасы болған мүфтиі Әз ибн Әбдісәламның жиһад үкімін алып, Палестина жаққа қарай бет алды. Бұл әрекет һижри қәмәри 658 жылының рамазан айы болатын.(1260 жылы). Құтыз жасақтаған мысыр әскеріне Сириядан келген Бейбарыстың әскері де оларға қосылып, бірікті. 
Құтыз майданның алдыңғы шебіндегі жасаққа Бейбарысты қолбасшы етіп тағайындады. Бейбарыс өз қолымен Мысырдан шығып, Палестинадағы Ғазза аймағына жеткенде моңғолдардың Байдар басқарған қосынымен бетпе бет келіп, оның әскерін күйрете жеңіп, жан-жаққа қашып кетуге мәжбүр етті. Бейбарыс бұл жеңістен кейін Әккадағы крестші рұмдыктармен келісім жасасты. Олардың екі жақты келісімі бойынша: мәмлүк әскерлері Әкка қаласының маңына қоналқа тігіп, дем алып, өздерінің қажеттігін қала базарынан қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Есесіне қала тұрғындарына олжалаған аттарын арзан бағаға сатуға уәде етті. 
Осы тұста жоғарыда аты аталған Ғазза мен Әкка (Акко) қалаларының тарихи мәнін және жағрафиялық орнын таныстырған жөн. Өйткені осы екі қала ғасырлар бойы күні бүгінге дейін хрис­тиан, еврей, мұсылман қауымдарының арасында талай рет тартыс пен ұрысқа куә болып келе жатқан қалалар.
Қазіргі кездегі Израилдың жаулап алған аймақтарынан аман қалған Палестинаның автономиялық өлкесі, бір-бірінен бөлек екі аймақтан тұрады. Бірі – Иордания өзенінің батыс жағалаулары. Екінші аймағы – Ғаз­за.                                               
Ғазза 41 шақырым ұзындығы, 15 шақырым шамасында енімен 360 шаршы шақырым территориясымен Палестина өлкесінің оңтүстігінде орналасқан аймақ. Аймақтың 1.800000 (бір миллион сегіз жүз мың) халқы бар. Ондағы халықтың басым көпшілігі босқын палестиналықтар. Әрі тұрғындарының 99 пайызы мұсылман, қалғандары палестиналық христианды құрайды. Онда ірілі-ұсақты бірнеше қала бар. Оның арасында ең үлкені Ғазза қаласы. Ғазза аймағы оңтүстікте Мысыр, шығыс пен солтүстікте Израил және солтүстікте Жерорта теңізімен шектесіп жатыр.                
Израил 1948 жылы мемлекет болып құрылды. Сол жылдан бастап Таяу Шығыстағы араб елдеріне өз үстемдігін жүргізіп келеді. Израиль үкіметі БҰҰ-ның қаулы-қарарын ешқашан қажетсініп, мойындамай келеді. Өйткені Израил қазіргі уақытқа дейін Палестинаға қарсы өз қалағанын орындап келеді. Оның бір айғағы: «БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылы 29 қарашадағы Палестинаны бөлу жөніндегі шешімі бойынша берілген жер көлемі 14 мың км² болған». Бірақ Израил үкіметі Палестина мен араб елдерінің қарсылығына қарамастан ойына келген жоспарын іске асырып келеді. Соның кесірінен 1948, 1956,1967 және 1973 жылдары Израил мен Араб елдері арасында,үлкен шайқастар болды. Түптеп келгенде, оның барлығында Израилдың әскери және саяси жеңісімен аяқталды. Сол себептен күні бүгінге дейін Израил үкіметі Палестинаның пайдасына БҰҰ тарапынан қабылдаған шешімдерді де орындамай келеді. Оның бір дәлелі – Ғазза қаласы Палестинаның саяси астанасы болса да Израил тарапынан түрлі шабуылдарға тап болып келеді. Мәселен: Ғаззаның Жерорта теңізі жағалауынан балық аулауға 11 шақырымға дейін балықшыларына рұқсат етілген қашықтық кейінгі жылдары 5.5 шақырымға қысқартылды. Сондай-ақ Ғазза тұрғындарына теңіз арқылы шетелдермен сауда жасауға тыйым салынған.
Израил үкіметінің сорақы әрекеттерінің тағы бір бағыты: Палестинаның даму жос­парына кедергі жасау әрі дамуға арналған объектілерін жойып отыру болып табылады. Оған мысал: Ғаззаға Жапония, Мысыр, Саудия, Испания, Германия және Марокка елдері Норвегия астанасы Осло отырысында келісімі бойынша Палестинаның дамуына көмек ретінде ортақтаса 86 миллион доллар қаржы бөліп; Ғазза аймағының оңтүстігінде жаңа әуежай салып берді. Аталған әуежай жылына 700 жүз мың жолаушыға қызмет көрсете алатындай 1994 жылында ашылып, жұмыс істей бастады. Бірақ 2000 жылы Израил үкіметінің қарарымен жабылды. Одан өрескелдеуі 2001 жылы Израил армиясы әуежайды бомбалап, түгелдей жойып, жермен жексен етті.
Сондай-ақ Израил үкіметі Ғазза тұрғындарына шетелдермен әртүрлі сауда-саттық қарым-қатынастарға, егін шаруашылықты кеңінен дамытуға шектеу қойып, палестина халқының толық мемлекет статусына енуге кедергілердің бәрін жасап, оларды дамудың төмен деңгейінде ұстап отыр. Бірақ та палестиналық саяси ұйымдар, халықтың да талабы тәуелсіз мемлекет болуды аңсап, осы мақсатқа жетуге бүкіл әлем елдерінің қолдауымен күрес жүргізіп келе жатыр. Олардың бұл арманына БҰҰ мен ислам және демократияны қолдаушы елдер қолдау көрсетіп келе жатса да, Израилды, АҚШ түрлі саяси-экономикалық жәрдеммен демеп келеді.
Міне, сіз танысқан бүгінгі Ғазза аймағы тарихи тұрғыдан Бейбарыс бастаған қыпшақ жауынгерлерінің моңғолдарға қарсы алғашқы жеңісті шайқасына куәлік еткен аймақ. 
Бейбарыс үшін моңғол әскеріне қарсы жорығына Ғазза жеңісінен кейін Әкка(Акко) қаласының маңына барып, әскерлері мен аттарын дем алдырып, тынықтыру қажет еді. Онда қоналқа тігіп, қаладан қажетін сатып алу керек болды. Әкка қаласы да мыңдаған жыл тарихымен иәһуди,христиан және мұсылмандар үшін маңызды елді мекен болған.
Әкка (Акко) қазіргі Израилдың солтүстік аймағы, Жерорта теңізінің жағалауында орналасқаны үшін стратегиялық маңызға ие қала. Теңіз жағалауындағы маңызды порт ретінде төрт мың жылдық тарихы бар. 2006 жылғы санақ бойынша 46000 тұрғыны бар. Жер көлемі 13,533 шаршы шақырым.
Бейбарыс Ғазза жеңісінен кейін Әкка маңында әскерлері мен ат көліктерін дем алдыруға аялдаған кезде Кетбұға тамыз айының соңына қарай әскерлерімен Бәләбәк (بعلبک) қаласынан оңтүстік жаққа бет алып, Тәбәрие көлінің шығысынан Палестина топырағына кірді. Бұл бағытты Сәлаһеддин Еиюби 1183 жылы Палестина жеріне кіруге пайдаланған бағыты болатын. Енді тарих тағдыры Кетбұғаға бұл жолдан рұмдыктардан көмек сұрауға Әкка қаласына барған.
Кетбұға Палестина жеріне жорыққа шыққан қаласы Бәләбәк қазіргі Ливан мемлекетінің Бәқаһ (بقاع) провинциясында орналасқан тарихи қалаларының бірі. Бұл қала рұм империясының даму шарқына жеткен кездері «Һлиюполис»(күн қаласы) деп аталған. Кейін мұсылмандардың рухани шаһарына айналған. Әсіресе, шийт мұсылмандар үшін ерекше маңызды болатын себебі онда шийттердің екінші имамының атындағы «Рәс Әл-үсейін» мешіті бар. Сондықтан ол қалада тұратын шийттердің саны 59 пайызбен халқының ең көп бөлігін құрап тұр. Одан кейін сұннилер 23 пайыз, 15 пайыз марунидтар, 2 пайыз рұмдык католик, 1пайыз рұмдык ортодокс қала тұрғындарын құрайды. Христиан дінін ұстанушы Сен Марун деген діндардың жақтаушылары түрлі тарихи себептер негізінде Антакиядан сол кісінің бұрынғы қонысына көшіп келіп, сонда Марун атына шіркеу тұрғызып, сол жерді мекендеген. Солайша маруни христиандар атымен елге танылған. Олар қазірге дейін Ливан мемлекетін басқаруда басты рөлді ойнап келеді. Олардың жалпы саны 3.5 миллионды құрайды. Қалың тобы Ливанның ішкі соғыстарының салдарынан АҚШ еліне көшкен. 
Жалпы Ливан халқы 16 миллион болып саналады. Олардың бір бөлігі 1975-1990 жылдар аралығында елде болған ішкі соғыс салдарынан АҚШ, Аргентина, Авс­тралия, Канада, Колумбиа, Франция, Англия, Мексика, Венесуэла елдеріне көшіп кетті. Ливан елінде 1948 жылғы Израил мемлекеті күштеп құрылғанынан кейін, 400 мыңдай палестиналық босқындар көшіп, сонда мекендеді. Ливан елі бес мың жылдық тарихы бола тұра, түрлі ұлт пен діннің тоғысқан елі болғандықтан, тарих бойынша бір-бірімен қақтығысып келе жатқан жайы бар. Олардың бүгінгі күнгі сандық салмағы: арабтар 60 пайыз, Асури мен Сорияни қауымы 36 пайыз, армендер 4 пайыз, күрдтер 4 пайыз және еврейлер бір пайызды құрайды. Діни тұрғыдан 60 пайыз мұсылмандар (27 пайыз сұнни, 33 пайыз шийттер), 40 пайыз христиандар (маруни, ортодокс, католик), тағы басқа мәзһабтер бар. Ливанның ұлттық және діни құрамы елдегі ішкі алауыздық пен соғыстарына негіз болып келеді. 
Кетбұға моңғол әскерлерін бастап, осы Бәләбәк қаласынан Палестина жаққа қарай Құтыз бен Бейбарыс бастаған мұсылман әскерімен соғысуға бет алған еді.
 


Моңғол мен Бейбарыс әскерлері шайқас майданына қарай бет алып, дайындықтарын өткізіп жатты. Осы арада Құтыз өз қарамағындағы қосынмен Бейбарыс қолына қосылу үшін Мысырдан жолға шықты. Бейбарыс болса, Әкка қаласының маңында аялдап, әскерін дем алғызып, тамақтандырған соң, оңтүстік шығысқа қарай шығып, Жәзрил шатқалында Әйін-әл-Жәлут мекенінің жанындағы бұлақ жағасына тоқтап, әскерін тәртіпке келтіруге кірісті. Құтыз бен Бейбарыс әскерлері қосылып, моңғолдар күтпеген бағыттан оларға жақындай түсті. Бұл ұтымды әрекет кейін соғыс нәтижесіне оңды ықпалын тигізді.     


Құтыз басқарып келген қосынның жауынгерлерінің басым көпшілігі ең таңдаулы мәмлүктерден топтасқан еді. Олардың моңғол әскеріне қарсы шығуға қабілеті өте жоғары әрі далалық сарбаздардың соғыс тәсіліне қанық батырлар еді. Әрі олар ат үстінде түрлі шеберлікпен іс-қимыл жасай алатын атты жауынгерлер болатын. 
Құтыз 1260 жылдың 3-қыркүйегінде Әйін-әл-Жәлут аймағының жағрафиялық ерекшелігіне сәйкес моңғол әскеріне қарсы ең ыңғайлы позицияға бейімдеу үшін қосынын екі топқа бөлді. Өйткені Әйін-әл-Жәлут бес шақырымдық ені бар, екі жақтан таулармен қоршалған жазық аймақ болатын. Құтыз қосынының бір бөлігін төтенше жағдай үшін шатқалда жасырын ұстады. Ал екінші бөлігіне Бейбарысты қолбасшы етіп, сол күнге дейін жеңіліс дәмін татпаған жауға қарсы жорыққа шығарды. 
Осылайша Бейбарыс басқарған әскер, моңғол қолына шабуылын бастады. Құтыз ойлағандай, Кетбұға мысыр әскерінің бар болғаны осылар ғой деп ойлады. Жаңсақ оймен қарсы шабуылды бастады. Сол кезде Бейбарыс басшылық еткен мәмлүктердің атты әскері, найзағайдай жауға лап берді. Бейбарыс кенеттен әдейі артқа шегініп, моңғол қосынын орналасқан орнынан сыртқа шығуға түрткі болды.
Соғыстың бұл позициясын зерттеушілердің сызбасынан «1-картасында» көре аламыз.1-карта мен кейінгі карталарда жасыл түс мәмлүктер әскері болса, қызыл түске боянған белгі моңғолдар қосынының позициясын көрсетіп тұр. Барлық карталар «war and history» сайтынан алынған)   
1-карта. Бейбарыстың ұстанған амалы іске асып, моңғол қосыны олардың артына түсті. Бейбарыс біраз қашықтыққа қашқандай жүрістен кейін қапелімде әскерін тоқтатып, қайтадан жауға қарсы шабуылға шықты. Сол сәтте Құтыз шатқалда жасырынып тұрған әскерінің екінші бөлігін жауға қарсы шабуылға шақырды. Осылайша Кетбұға қосыны мәмлүктер әскерінің ортасында қоршауға алынды. (бұл позицияны 2-картадан көре аласыз) 
2-карта. Осындай жағдайға кіріптар болып қалған Кетбұға жедел түрде мәмлүктер әскерінің сол қанатына шабуыл жасады. Кетбұғаның бұл шабуылы қарқынды  болғандықтан, мәмлүктер әскерінің сол қанатын күйрете түсті. Сол себептен олар артқа шегінуге мәжбүр болды (бұл позицияны 3-картадан көре аласыз).
3-карта. Мәмлүк әскерінің сол қанатының күйреген жағдайын көрген Құтыз өз әскерлері оның жүзін көріп, ұранын анық естісін деген мақсатпен басындағы дулығасын алып, дауысын көтеріп: «Салауат болғай! Әй, Алла, пендеңді моңғолға қарсы жәрдем қылғай!» деп дұға жасады. Мәмлүк әскерлері қолбасшының дауысын ести сала, шабыттанып, жауға қарсы табандылық танытты. Құтыз еңсесін көтерген әскерін байқаған соң қарсы шабуылға шығып, соңында дұшпанның қарқынын төмендетіп, олардың бетін қайтарды. Содан моңғол әскері шегінуге мәжбүр болды. Бұл қарсыластық соғыстың шешуші сәтіне жақындата түсті. Мысыр әскерінің ауыр қарулы аттылары моңғолдармен жақын шайқасқа түсіп, олардың екпінін басып, еңсесін түсіріп, жеңіске деген үмітін төмендетті. Бұл жағдай моңғол қосынының түрлі шабуылдар мен шайқастарда бұрын-соңды болмаған алғашқы жеңілісі болды. Өйткені моңғодардың тізелері бүгілген соғыс болатын, ( соғыстың шешуші позициясын 4-картадан көре аласыз).
4-карта. Моңғолдар Әйін-әл-Жәлут майданында, жауынгерлік тарихының алғашқы ең ірі жеңілісіне ұшырады. Алайда жауласқан екі жақтың сарбаздары түптің түбінде далалық рух, жауынгерлік шеберлік пен қаймықпас ерлікке ие батырлар болатын. Сондықтан мәмлүкті моңғолдармен салыстырғанда қандай артықшылыққа ие болған десек, олар – далалық жауынгерлік ерекшеліктерімен бірге отырықшыға тән әскери жаңа қаруға қол жеткізген болатын. Өйткені Әйін-әл-Жәлут шайқасын мәмлүк әскері алғашқы шепте қарудың жаңа түрін пайдаланды. Ол жарылғыш қару еді, моңғол қосынының аттарын үркітіп, жан-жаққа қашып, шашыраңқы күйге түсінуіне себеп болған. Бұндай жарылғыш қарудың құрамында барут (жарылғыш дәрі) болғанын XIV ғасырда арабша жазылған бір әскери трактат айғақтайды. Әйтпесе,  моңғолдар да Кетбұғадай асқан жауынгер қолбасшыға ие бола тұра, жеңіліс таба қоймас еді. Кетбұғаның батыл һәм жаужүрек болғанын аңыз етіп, рауаят еткендер де бар. Ондай аңыздың бірі бойынша, Кетбұғаның ержүректігін былай: «Шайқастың жеңілісін сезген моңғол әскерлері қаша бастаған сәтте моңғол сардарлары Кетбұғадан шайқас сахнасынан қашып шығуын сұрағанда, ол жаудан қашуды арсыздық деп атының үстінен жерге құлап, тұтқындалғанша соғысқан» деп айтады. Міне осылай Кетбұға атының үстінен жерге құлаған соң тұтқындалып, өлім жазасына кесілді. Бұл оқиға даланың жауынгерлік рухы, шайқас майданында жеңіске қол жеткізу үшін жеткіліксіз екендігін көрсетті. Өйткені дамыған технология арқылы жаңа қаруға қол жеткізіп, оны жетілдіріп отыру жеңіске қол жеткізудегі екінші маңызға ие фактор екенін осы Әйін әл-Жәлут шайқасы дәлелдеп берді. Бірақ бұндай айқын белгіге сыңай танытпаған далалықтардың бір бөлігі тарих беттерінен жойылды немесе оның зардабын шегіп келеді. 
Моңғол қосыны жеңіліске ұшырап, оның сарбаздары қаша бастағанда Құтыз қашқын сарбаздарды олардың қоныстанған ордасы Бисан қаласына дейін қуған. Одан кейін көңілі орнына түскен Құтыз Дамаск қаласына қарай жүріп, мақтаныш сезіммен шаһарға кірді. Құтыз қалың қолымен қалаға кірген соң Бейбарысты жаңа қосынға қолбасшы етіп, моңғолдардың қашқын сарбаздарын тауып, олардың барлығын жойып жіберуге Хомс (Һомс=حُمص) қаласына қарай жөнелтті. Бейбарыс тапсырған міндетін табысты орындады. Одан соң олар тағы бас қосып, Мысырға қайтуға бел буды. Жеңімпаз мұсылман әскері Мысырға қайту барысында Бейбарыс пен бірнеше әмірлер құпияда тілдесіп Құтызға қарсы қастандық жасап, оны өлтірді. Бұның мән-жайын кейін әңгіме қылмақпыз.
Моңғолдар «Әйін-әл-Жәлут» майданында ойсыра жеңілгеннен кейін кек алуға Шам өлкесіне жорық жасады. Моңғолдардың бұл шабуылына Бейбарыс Хомс аймағында қарсы шығып кескілескен шайқаста оларды күйрете жеңді. Моңғолдар осы жеңілістен кейін тұтастай Сирия топырағынан шегініс жасауға мәжбүр болды.  
Хомс қаласы қазіргі Сирияның батыс жағында орналасқан қала, халық саны 2010 жылғы санақ бойынша 1.763.000 адам, Дамаск қаласынан арақашықтығы 150 шақырым, қаланың негізі біздің заманымыздан бұрын қаланған, халқының басым көпшілігі сұнни арабтар, сонымен бірге асирия, күрд, сориан, әрмен және шешен сияқты шағын ұлт өкілдері де бар. Сирияның үшінші индустриалдық қаласы бола тұра 2011-2016 үкіметтің бомбалауының салдарынан ойранға айналған. Хомс қаласында тарихи әйгілі үш нысан бар. Олар: Асаме қамалы, әл-Һәсн қорғаны және ежелгі Тедмер қаласының қалдықтары.
Шыңғыс хан империясында Өгедейден кейін, оның ұлы Күйік (1206-1248) қаған болды. Одан кейін үшінші қаған  Құбылай (1215-1294) қаған болып билік тізгінін қолға алған соң Құлағу 1262 жылы Иранға қайта оралғанда, Құбылай қағанның бұйрығымен дербес билігі жария болып, Иранда «елхан» патшалығын құрды. Ол «Әйін-әл-Жәлут» жеңілісінің өшін қайтару үшін әскерін жаңадан жасақтады. Бірақ немере бауыры Берке хан (1258-1266) Ресей мен Қыпшақ даласын билеп тұрған Алтын Орданың ханы ислам дінін қабылдап, мұсылмандардың Аббас халифатын күйреткен бауыры Құлағуға қарсы жорыққа шықты. Берке ханның бауырына қарсы жасаған шабуылдары Құлағуға мәмлүктерге қарсы қосынын жасақтап, жорыққа аттандыруға мұрша бермей қойды. Сондықтан Құлағу хан амалсыз Берке ханның жорықтарын бір жолата тоқтату мақсатында солтүстікке бет алды. Берке хан 1963 жылы немере бауыры Құлағудың Кавказға жасаған бірнеше жорықтарын жеңіліске ұшыратты.
Берке хан мен Құлағу хан арасындағы шайқастар моңғолдардың бір-біріне қарсы алғашқы ішкі соғысы ретінде моңғол империясының ыдырауының бір себебі болса, екінші себебі – Құбылай ханның Жапон еліне жасаған жорықтары 1274 (ю-ан шайқасы) және 1281(ку-ан соғысы) болды. Оның екі шабуылы да жапондардың нанымы бойынша «ками-казе»(тәңір дауылы) қолдауы арқасында жеңіліске ұшырады. Құбылай хан 1294 жылы өлгенге дейін өшін қайтара алмай өмірден өтті. Осылайша Құлағу 1265 жылы қайтыс болып, мәмлүктерден өшін ала алмай, арманда кеткен алғашқы моңғол ханы болды. Құбылай өлген соң, оның ұрпағы Қытайда ассимиляцияға ұшырап кетті. Құлағу өлген соң, оның мұрагерлері 654-750 һижри қәмәри (1256-1335 милады) жылдары Иран жерінде «елхан» атымен билікте болып, кейін парсы халқына сіңісіп кетті.
Сондай-ақ Алтын Орда хандығын құрған Жошы ұрпақтары (1227-1502) кейін қазақ, орыс және украина елдерінің құрамына еніп, сіңісіп кетті. Шағатай ұлысының хандығы (1224-1370) Мауароннәһр, Жетісу мен Шығыс Түркістанды билеп, түркіленіп, түркілер құрамында моңғолдық тегінен айрылды. Осылайша Жошы мен Шағатай ұрпақтары түріктердің құрамына моңғолдық болмысынан ажырап, оларға сіңіп кеткенін байқаймыз.
Қорытып айтқанда, Әйін-әл-Жәлут шайқасында моңғолдар тұңғыш рет жеңілістің дәмін татты. Сонымен моңғолдар ешқашан ешкімнен жеңілмейді деген түсінік жоққа шықты. Екіншіден, моңғол әскері бұл соғыстың жеңілісінен соң, қосынын Сирия территориясынан толық шығарып, Африка мен Еуропа елдеріне жорық жасау мүмкіндігінен айрылды. Үшіншіден, исламның саяси өмірі жаңа дәуіріне кірді. Төртіншіден, Ислам тарихының саяси тізгіні түркілердің қолына тиді. Бұл жағдай қазіргі кезде саяси үрдіске айналды.
Сондай-ақ, Құбылай ханның Жапониядағы жеңілістері мен Құбылай ханның таққа таласып, билікке отырған соң, Қытайда Юань империясын құрып, моңғол астанасын Қарақұрымнан Ханбалыққа (Пекинге) ауыстырды. Моңғол тарихында тұңғыш рет Берке хан мен Құлағу хан басқарған әскерлер бір-біріне қарсы шығып, соғысқаны Шыңғыс хан құрған ұлы моңғол империясының тарих сахнасынан жойылып, төккен қан, күйреткен қалалармен есте қалды.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН Әдебиеттер: 
1.دائره المعارف بزرگ اسلامی، صادق سبحانی، آیبک، 1399.
2. دائره المعارف بزرگ اسلامی، هادی سید حسین زاده، سلاطین دهلی.
3.استانلی لین پل، آلکساندر بارتولد، خلیل ادهم، احمد سعید سلطان، تاریخ دولت های اسلامی و خاندانهای حکومتگر، مترجم: صادق سجادی، تهران، چاپ اول، تابستان 1363، 645 صفحه. 
4. Es-Sayyid Abdulaziz Salim. Hindistandaki memlükler sultanlığı Devleti ve Mısırdari memlükler sultanlığı Devleti arasındaki karşılaştırmala bir inceleme. Çev: Altan Çetin
5.کلیفورد ادموند بوسورث، سلسله های اسلامی، ترجمۀ: فریدون بدره ای، چاپ آرین، 1317، 358 صفحه.
      

1937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз