• Тарих толқынында
  • 27 Маусым, 2023

ЖҮРЕГІ — ТАЗА, ОЙЫ — АЗАТ

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы 
Солтүстік Қазақстан 
университетінің профессоры,
Жоғарғы мектеп Ұлттық ғылым 
академиясының академигі

 

ХОШ, ҚЫЗЫЛЖАРЫМ


Мағжан Петропавлдан, Қазақстаннан қашан, неге кетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін сол 1921-1922 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, қажет десеңіз, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп шығу керек. Өйткені, Мағжан сияқты көрнекті тұлғаның тағдыры, қызметі, шығармашылығы өзін қоршаған ортаның жағдайымен сабақтас, тамырлас болатын. 
Мағжан және бір топ қазақ оқығандары Омбыдан Петропавлға, губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиевтің арнап шақыруымен 1921 жылғы мамырдың 5-нен кейін ғана келді. (Осы фактінің өзі-ақ Мағжанның Сіздерге мәлім өмірбаянындағы бірден-бірге көшіп жүрген негізсіз мәліметтерді жоққа шығарады. – З.Т.). Осында бүкіл жабдықтарымен көшіп келген Мағжан «Бостандық туы» газетін шығаруға белсене қатысады. 
1922 жылғы 12-сәуірде «Бостандық туы» газетінде Мағжанның қазақ оқығандарына хаты жарияланды. Онда: 
«Жас қазақ республикасының барлық шаруашылығын қолына алып... елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек... Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді». Бұл да Мағжанның сөздері. 
Газет бетінде сол кезеңнің ақиқат шындығы боямасыз көрсетіліп, қазаққа түсіндірілді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да тең-дікке қолы жетпеген... Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деген тұжырым дұрыс еді. 
1922 жылдың көктемінде «газеттегі қызметінен босап, губерниялық атқару комитетіне қызметке ауысады». Бұл ауысудың да тегін еместігін, Мағжанға газетте істеуге сенімсіздік білдірілгенін байқау қиын емес. 
1922 жылғы көктемде Орынборда үлкен әңгіме болып жатты. Оның жуан ортасында КазЦИК-тің саяси хатшысы Мұхтар Әуезов еді. Ол «Қазақстан қазақсыз қалады», аштарға көмек көрсету шараларында қырдағы қазақтар үшін ештеңе жасалмай жатыр деп дабыл қақты. 1922 жылғы 21-ақпандағы Бүкілқазақ-тық екінші партия конференциясында аштарға көмек туралы баяндама жасаған КазЦИК төрағасы Сейтқали Меңдешевтің айтқандарын қатты сынап, М.Әуезов қазақ арасына үкімет тарапынан қазақ қызметкерлерінен өкілдер жіберу қажеттігін, жер-жердегі арнайы комиссиялардың құрамына беделді қазақ қызметкерлерін енгізу қажеттігін айтты. Сол үшін ұлтшыл деген атақ иеленді. 
Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қаласында шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың маусым айында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім-болмысы төзімді екені, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығы туралы айтады. «Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау-тау болып, сары қымыз дария болып ағып жатқан жоқ... Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық» деп келеді. Осы арқылы Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауа­зым иелеріне өз халқының жағдайын түсіндіріп береді. 
 Атап айту керек, бұл мақала өзі қолымен қалыптастырған облыстық баспасөздегі Мағжанның ең соңғы қолтаңбасы. 
 Осы «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8-тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтың (бүркеншік аты – Рибас. – З.Т.) «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Тақырыбынан-ақ көрініп тұрғандай, орыс болыстарынан қазақ болыстарын жеке бөліп алып, ұлтты кемсіткенін былай қойғанда, бұл нағыз байбалам еді. 
«Рибастың» ұраны: кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, басты тезисі «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін» еді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді мегзеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9-тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген мақаладан көрінеді. 
Шәріпов бұл мақаласын Атбасар уезіндегі Жарғайың болысынан келтірілген мысалмен бастайды. Онда Тұрлин Есжан деген бар екен. Оның бір ұлы болыс төрағасы, екінші ұлы оның кандидаты, үшінші ұлы сол екеуінің шаруасын бағады. Яғни, байшылдық, қанаушылық жойылмапты-мыс. Одан әрі «Рибас» - Шәріповтің мақаласын сөзбе-сөз қазақшалағанда былай:
 «Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ олар жұмысқа бөгет жасап қана келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше большевикті атып өлтірді... Біз еңбекші-кедейлер атынан мынаны мәлімдейміз: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер – еңбекшілердің, кеңес өкіметінің жауы саналады. Жетті! Олар қазірде кеңес үкіметінің жұмысына қарсылық жасап, қастандығын қойған жоқ». 
Мұндай ауыр айыптаудан кейін не болатыны түсінікті еді. Осы газеттің 16-тамыздағы санында Жұмағали Тілеулин ақталмақ болып жазған жауабы басылды. Қазақшасы мынадай:
«Басқалармен бірге менің де атыма ауыр күнә айтылыпты. Қылмыс істеді депті. Колчак өкіметі кезінде мен Петропавл қалалық Земство билігінің құрамына сайландым. Дәрігерлік-санитарлық бөлімді басқардым. Нұркиннің өліміне ешқандай қатысым жоқ. Ол Петропавл уезі Пресногорькое болысында кеңес қызметінде жүргенде ауырып, өз үйінде өлді. Оны алаш-ордашылар атып өлтірді деген өтірік. 
Мен 1921 жылғы қазанда Ақмола губерниясында кеңес өкіметі қайта орнағанша Көкшетау уезінде, денсаулық сақтау бөлімінде медфельдшер болып істедім. Сол 1921 жылғы қыркүйек айында Ақмола губерниялық атқару комитетінің құрамы-на сайландым». Жұмағали Тілеулиннің жазғандарынан ұзақ үзінді алуымыздың себебін бұл мағлұматтардың да деректік құны қымбат екендігімен түсіндіреміз. 
«Рибас» газеттің кейінгі сандарында Шарипов Сабир деген атын ашық жазып, қол қойып, «Қазақстанның шығысындағы революциялық қозғалыстар тарихынан» деген ұзақ жазбаларын бастырды. Оқып отырсаңыз «Тар жол, тайғақ кешудің» орысша нұсқасы сияқты әсер қалдырады. Мұнда да «Тұрлыбаев, Итбаев, Жұмабаев, Сейітовтер, Жанайдаров, Мұқышев… алашорда көсемдері болғаны, олардың қазан төңкерісінен бұрын-ақ «кеңес үкіметіне қарсы болғаны» айтылады. Өтірікте шек болмайды екен-ау. 
«1913-1915 жылдары мен Атбасар уезіндегі Жарқайың болысында тұрдым,- деп жазады Шарипов.- Сол кездің өзінде-ақ, Бөкейхановтың, Дулатовтың іс-әрекеттеріне куә болғанмын». 
«Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» деуші еді қазақ. Қазақ даласында большевиктердің иісі де жоқ, 1917 жылғы қазан төңкерісінен бәлен жыл бұрын Бөкейхановтар «Кеңес үкіметіне қарсы» қалай күресті екен. Бірақ естеліктің авторы өзі губерниялық азық-түлік комитетінің бастығы болып тұрғанда Петропавл мен губернияда неге аштық болғанын, қанша жан қырылғанын жазбайды. 
Біздің айтпағымыз, тіпті де бұл емес. Мағжан Губ-помгол комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Көкшетау уезінде іссапармен жүрген. Келсе, алдында жаңағы айтылған жала жабылып, баспасөзде әйгіленіп кеткен... 
Содан Мағжан қызметіне қайтып келген жоқ. Мынадай жан ауыртатын масқара жалған жаладан кейін халқыма қызмет етемін деп жүрегі жанып жүрген азаматтың көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Қайдағы әділдік, қайдағы қызмет!?
 Арман-тілегі тас-талқан болған Мағжанның Қызылжардан кетуден басқа несі қалып еді? 
Мынаны қараңыз: сол 1922 жылғы 18-тамызда РКП(б) Ақмола губерниялық партия комитетінің президиумы губерния орталығын Қызылжардан Көкшетауға көшіру туралы қаулы алады. «Еуропалық коммунист» жолдастардың бұл әрекеті Петропавлды Қазақ Республикасының құрамынан шығарып, Ресейге қалдырмақ ниетінен туған. Әйтеуір, Көкшетау сияқты шағын қалада губерниялық мекемелерді жайғастыратын жағдай болмағандықтан, бұл шешім іске аспай қалды. 
Бұл арада Орынбордағы Қазақстан Үкіметі басында отырған алаш азаматтарының қарсы болғанын да көрсетеміз.
Осы 18-ші тамыз күнгі губкомның шешімімен Львов, Резвушкин, Курочкин және Мұқанов [Сәбит] Орынбор рабфагіне оқуға жіберіледі. Ал, Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері университетінде Есенов, Дәулетбаев, Құлахметов барып оқитыны шешіледі.
20 шақты күннен кейін, дәлірек айтқанда, 1922 жылғы 7-10 қыркүйек күндері Қызылжарда РКП(б) Ақмола губерниялық конференциясы кезектен тыс өткізіліп, Орынбордағы конферен-цияға 51 делегат сайланды. Солардың ішіндегі 19 қазақ пен татардың тізімі мынау: Меңдешов, Сейфуллин, Асылбеков, Нұрмағамбетов, Орысбаев, Досов, Барагов, Сәдуақасов, Асылбеков, Бердібаев, Шарипов, Жүсіпбеков, Рахматуллин, Жәнібеков, Забиров, Жұмағұлов, Өсербеков, Бусин, Ахметов.
Ұрандатып жиналыс өткізіп жатқан кезде, дәл сол аймақта аштық шырқау шегіне жетті. Қызылжардан Орынбор мен Мәскеуге мынадай жеделхат кетті:
«5-қыркүйек, 1922 ж. Орынбор. РКП (б) обком хатшысына, көшірмесі Мәскеуге.
...Тек Петропавлда ғана 28 мыңдай адамның мәйіті жерленді». 
Міне, Мағжан Петропавлдан, Қазақстаннан осындай жағдайда жылыстап кетіп еді. Кетпегенде не істейді? Жұмағали Тілеулин бастаған азаматтар қамауға алынды. Оларға «Есіл көтерілісіне» қатысты деген айып тағылды. Тіпті, мына бір жағдайды атап айтайын: «Петропавл уезіндегі қазақ ­жастары совет үкіметіне қарсы «ЖАТ» (жаңа төңкерісшілер) деген ұйым құрға-ны туралы Ұлттық қауіпсіздік мекемесінде мағлұмат сақталған. 
Қазақстанда саяси жағдай қиындап, басқасын былай қойғанда, қазақтан шыққан шолақ белсенділер маза бермеген соң, қазақтың көп қайраткерлері сол кездегі Түркістан республикасының астанасы Ташкентке барып бас сауғалауға мәжбүр болды. Сол жерден, Түркістан республикасы тағайындаған стипендия тізіміне ілігіп, арнайы квота бойынша Мұхтар Әуезов Ленинградқа, Мағжан Жұмабаев Мәскеуге оқуға кетті. Қазіргі кейбір авторлар жазып жүргендей оны Мәскеуге ешқандай Луначарский құрметтеп шақырып алған жоқ. 
Қазақ зиялыларының М.Әуезов бастаған бір тобына алғаш рет «ұлтшыл» деген қара таңба осы 1922 жылы, дәлірек айтқанда, Орынборда өткен 2-ші облыстық партия конферен­циясында басылған еді. «Ұлтшылдықты отаршылдық туғызып отыр» деген тарихи шындыққа негізделген тұжырым да осы жиында ашық айтылды.
«Осы конференцияға қатысып едім» деген жазушы С.Мұқанов, қазақ зиялыларының амалсыз Ташкентке жылыстауы жөнінде 1960 жылы былай деп жазды:
«Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген, алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде «Түркістан» аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орындарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар. Бұлар – Алашорданың ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы – Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Байтасов тағы басқалары. Алашордашылар-дың «ескілерінің» де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына, сол кезде Ташкентте шығатын «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Сана» журналдары кең орын берді. Осы баспасөздердің бетінде советке қарсы шығармалары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраздан кейін тіпті еркінсіп алды да: 
 Кене мен Абылайдың жолын қумай,
 Жапанда жайылудың мәні қалай?- деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды» (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалары. 10-том, «Өмір мектебі», А, 1976, 511-бет).
Ал, енді бүгінгі құрметті оқушым, осындай ашық жаладан кейін Мұхтар мен Мағжандар оттан-соттан қалайша аман қала алады?
Оларға жабылған жала «ұлтшылдық» болса, сол ұлтшылдық дегеннің не екенін білмей тұрып, қалайша үкім шығаруға болады?
Оның мәнісі – қазақ ұлтының басына Қазан төңкерісі туғызған ауыртпалық, одан кейін аумалы-төкпелі замандағы қайғылы халі, тіпті, кеңестік автономия жағдайында да, өзін-өзі билей алмауы «ұлтшылдықтың» тууына себеп болды. Отаршылдық жүйенің сақталып қана қоймай, бұрынғыдан да жанға батар қиянатынан туған әділетсіздікке қарсы күресті тек қана ұлтшылдар бас­тау керек еді. Іс жүзінде солай болды да. Қазақ ұлтшылдары өздерін ұлтшыл емеспіз деп жалған сөйлеп, жасырынбады. Ұлт мүддесін қорғаудың жалғыз жолы ұлтшылдық болғаны, мұның объективті құбылысы сол кезде де, қазір де тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Ал, «ортақшылмыз» немесе қазақ ұлтына тап күресімен ғана күн туғызамыз деп даурығушылардың бағыты, бері қойғанда, білместік болатын. «Ортақшыл қазақ коммунистері» де қазақ ұлтының ең әуелі отарлық езгідегі ұлт екенін білді. Демек, шын мәнінде ұлт ретінде азаттық алу үшін, алдымен өз тағдырының тізгінін өз қолына алуы керек еді. Бірақ, «тарысы пісіп тұрған» жаңа биліктің «тауығы» болып қалуға ұмтылған білімсіз, дүмбілез, жасанды коммунистер мен «ортақшылдар» жеме-жемге келгенде өз ұлтының мүддесін жалған бақ пен жайлы таққа айырбастап, сатып кетті.
1917 жылдан бастап, ХХ ғасырдың өне бойында қазақ халқы, оның көзі ашық, көкірегі ояу ұлдары мен қыздары қанды қырғынға ұшырап, қуғын-сүргін, қорлық пен мазақ, зәбір-жапа көрсе, соның бәріне сол «ортақшыл қазақ коммунистері» жазықты екенін баламыздың баласына айтып кету – біздің парызымыз.
Ал, осынау қасіреттің бәрін басқа қандай да бір басқа ұлттан, мысалы, тек қана орыс ұлтынан, большевиктік биліктен, социалистік идеяның салдарынан көру де қараңғылық болар еді. Осы мақала да, сол қасіреттің себептерін ашатын, салдарларын көрсететін анатомиясы болса екен деген тілекпен жазылды. Ең соңғы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ұласқан ұлтшылдық қозғалыстың қанат жая алмауы, қазақ халқының ешбір өлшемге сыймайтын трагедиясына айналғанын тарихтан ешкім сызып тастай алмайды. Бәрі жазылған, тасқа басылған, сақтаулы. Бұрмалауға болар, бұл деректерді жойып жіберу ешкімнің қолынан келмес. 
Сонау 1927 жылдың өзінде-ақ, қазақтың ардақты ұлдары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей: «...қазақтың ұлтшылдығы – үстемдікті, басқаны бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса, теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық» еді. Қазақ ұлтшылдары басқа ешкімге жамандық ойлаған жоқ, олжасына таласып, пайда іздеген жоқ. Іздегені – тек қана қазақтың амандығы. 
Мұны айтып отырған себебіміз, бұл оқиғалар Мағжанның жеке басының тағдырын қалай өзгертіп жіберсе, шығармашылығына да сондай өшпес таңба қалдырды. 

ТАШКЕНТ. МАҒЖАН МЕН МҰХТАР


Бұдан әрі Мағжан мен Мұхтардың Ташкентте кездесуі, барған беттегі алғашқы жұмыстары туралы біраз дерек келтірейік. 
 Тағдырдың жазуымен менің қолыма 60 жылдан кейін тиіп отырған фотосурет 1922 жылдың қараша-желтоқсан айларында Ташкентте түсірілген. Оның астына сия қарындашпен жазылған жазу: Орысшасы: «Фото казахской интеллигенции после банкета по поводу окончания медицинского факультета Ташкентского университета Аккагаз Дощано-вой. 1922 г. Ташкент». Демек, қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанованың Ташкент университетінің медицина факультетін бітіруіне байланысты кешке жиналған қазақ зиялыла-рының суреті. Мұның ішінде сол кезде Түркістан республикасының астанасы Ташкенттегі қазақ қайраткерлерінің, оқымыстыларының, өнер адамдарының үлкен тобы бар. Танитындар болса, талайының түсін түстеп берер еді. Әттең, көп уақыт озып кетті, көнекөздер де қалған жоқ...
Осы суретте ортада Мағжан Жұмабаев бар, соңғы қатарда Мұхтар Әуезов тұр. Суреттің дәл қай күні түсірілгені белгісіз, суреттегілердің киім киісіне қарағанда, оңтүстіктің қысы екендігі көрініп тұр. 
Кейінде суретте бейнеленген адамдардың бірқатарын таныған беймәлім біреу нөмірлеп, қарындашпен белгіленген екен де, суреттің астына сол танылғандардың ғана аты-жөнін жазыпты. Көп уақыт өткендіктен, жазу өшкен. Сол жазуларды криминалистика мамандарына беріп, арнайы аспаппен анықтатып алып едім. 
Сонда оқылған жазулар мыналар: 1. Аккагаз Дощанова, 2. Халил Досмухамедов, 3. Иса Кашкимбаев, 4. Кашкымбаева, 5. Ходжанова, 6. Рабига Каратаева, 7. Магрифа Койайдарова, 8. Сара Капина, 9. ...ебарова, 10. Сабыр Капин, 11. Кайрулла Каратаев, 12. Мухтар Ауезов, 13. Омаров, 14. Альджан..., 15. Мариям Ахенбекова, 16. Омарова, 17. Анель Асфендиярова, 18. ... 19. Досмухамедова, 20. Тынышбаев.
Бұл жазуды жазған адам жиналғандарды түгел білмейтін болса керек. Біздің ойымызша жазудың иесі, суреттің де иесі Сара Асылқожақызы Құрманбаева, сол кезде университеттің дәрігерлік факультетінде, Аққағаздан бір курс кейін оқитын еді. 1922 жылдың күзінде Ташкентке бірінен соң бірі келіп жатқан қазақ оқығандарын студент қыз білмеуі де мүмкін. 
Суреттегі адамдардың кейбіреулеріне түсінік бере кетейік:
1.Аққағаз Досжанова – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз, Алашорданың белсенді мүшесі болған, алғашқы қазақ жастарының ұйымы «Жас азаматты» Мұхтар Әуезовпен, Смағұл Сәдуақасовпен, Қошке Кемеңгеровпен, Мағжан Жұмабаевпен бірге құрушылардың бірі.
 2.Халел Досмұхамедов – Алаш көсемдерінің бірі, профессор-дәрігер. Қазақстанды зерттеу қоғамын басқарған. Суретте ортада тұр. Оның жанында профессор А.Е.Шмидт. Аққағаз екі профессордың ортасында тұр.
3.Күләндәм Қожанова (Мұңайтпасова) – Сұлтанбек Қожановтың әйелі.
4. Сара Капина – Түркістан республикасы прокуроры, қазақтың зор қайраткері Сабыр Кәпиннің әйелі, қазақтың алғашқы журналистерінің бірі, ағартушы, Ы.Алтынсариннің шәкірті, «Дала уалаяты» газетінің тілшісі Асылқожа Құрман-баевтың қызы. Дәрігер мамандығын алған алғашқы қазақ қыздарының біреуі.
5. Әнел Асфендиярова – дәрігер, профессор, тарихшы Санжар Асфендияровтың қарындасы.
6.Мұхамеджан Тынышбаев, Алаш көсемдерінің бірі, тұңғыш темір жол инженері, тарихшы.
 Суретте бұлармен бірге Міржақып Дулатовтың балдызы, Гүлшара Досымбекова да болуға тиіс. Көпке мәлім, ол – алғашқы қазақ жастарының ұйымы «Жас азаматты» Мұхтар Әуезовпен, Смағұл Сәдуақасовпен, Қошке Кемеңгеровпен бірге құрушылардың бірі.
 Суретте сол кезде Ташкентте жұмыс істеген немесе Мұхтар Әуезов пен Мағжан сияқты Қазақстанның басқа аймағынан пана іздеп келген қазақ зиялыларының үлкен тобы, тіпті түгелге жуық бар десе болғандай. Үлкен өкініш сол, тұтас бір ұлттың ары мен абыройындай азаматтар жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Ташкенттің өзінде-ақ 30-дан аса адам тұтқынға алынған еді. Бұл – 1930 жыл болса, жеті жылдан кейін олар түгел құртылды.
 Мұхтар Әуезов 1930 жылы 1-қазанда Ташкентте тұтқындалып, сол күні берген жауабында: «Байтұрсыновты 1918 жылдан білемін, ол кісімен 1921 жылдан жақсы таныспын... Тынышпаевпен 1922 жылдың күзінде, Ташкент қаласында таныстым. Онда тағы Досмұхаметовтермен кездестім. И.Қашқынбаев пен Е.Омаровпен осы қалада жүріп таныстым» деп жаздырған. 
Ташкенттің ауа райы белгілі, сондықтан суреттегілердің киіміне қарап, бері қойғанда желтоқсанның ортасындағы кездесу деп топшылауға болады. Мұхтар Әуезов шеткерірек, кейін келгенге ұқсайды, ал, Мағжан ортада. 
 Жаңа құрылып жатқан Қазақ автономиялы Республикасында қуғын көріп, пана іздеп, көтеріле көшкен қайраткерлердің Ташкентке шоғырлануы сол жерде ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің жаңа сапаға көтерілуіне себепші болды. Сол жылы 4-желтоқсанда «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілердің «Талап» қауымы» деп аталған қоғамдық бірлестік құрылды. Қауымның алғашқы бас қосу жиналысы желтоқсанның 14-де өтті. Жиналыста профессор Халел Досмұхаметұлы «Талаптың» жетекшісі, Мырзағазы Есболұлы оған орынбасар, Мұхаметжан Тынышбайұлы қазынашы, Мұхтар Әуезұлы хатшы болып сайланды. Басқарма құрамына бұлармен бірге қырғыз қайраткері атақты Қасым Тыныстанов, Иса Тоқтыбаев, профессор А.Е.Шмидт сайланды. Солардың бәрі осы суретте бар. 
Бұл суреттің менің қолыма қалай түскендігі туралы бір-екі ауыз сөз айту да керек шығар. 
ХІХ ғасырдағы қазақ баспасөзінің тарихында Асылқожа Құрманбаев есімді айтулы қазақ азаматы бар. Ыбырай Алтынсариннің тәрбиесін алған, революцияға дейін Қазақстанның әр қиырында мектеп ашып, үлкен ағартушылық іс атқарған қайраткер. А.Құрманбаев есімі «Дала уәлаяты» газетімен тығыз байланысты. Қазақ тілінің тазалығы, аударма, терминтану мәселелері жөнінде салиқалы сөз айтқан, қазақ даласының келешегі үшін жан аямай күрескен қайраткерлерінің бірі осы. 1905 жылдары «саяси сенімсіз» адам ретінде Торғайдан Жетісуға жер аударылып барып, сол жақта қалып қойған. Өмірінің аяғына дейін Алматыда тұрды, 1930 жылы қайтыс болды. Баспасөз тарихын зерттеу үстінде, Асылқожа Құрманбаевтың ізіне түсіп, 1971 жылы Алматыдан оның қызы Қадишаны тапқан едім. Жасы сол кезде 80-нен асқан, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атағы бар, қасиетті шешемізбен тілдестік. Суреттегі Сара Капина екеуі бірге туған. Сара Аққағаздан бір жыл кейін оқу бітірген, қазақтан шыққан екінші дәрігер қыз еді. Сол күйі Ташкентте қалып қойған, медицина ғылымдарының докторы, профессор дәрежесіне жеткен. 
Қадишаның қызы, Асылқожаның жиені Роза Ғизатқызы Сейдузова Қазақ мемлекеттік университетінде көп жыл доцент болып сабақ берді.
Кейін, 1980 жылдары Роза Ғизатқызы маған анасының альбомын көрсетіп, соның ішіндегі мына суретті аманат етіп тапсырды. Сондағы айтқаны: «Тарихымызды зерттеп жүрсіз ғой, мына қымбат суретті басқа ешкімге беруге қимаймын. Өз балаларым орысша оқып кеткен. Анамыз альбомның қатырғы тысының арасына салып, желімдеп тастаған. Солай ғана сақтауға мүмкін болған сурет еді» деп, суреттерді көрсетті, таныстырып отырды, «керек қылғандарыңызды алыңыз» деп рұқсат берді. Біраз сурет алдым, ішінде Ораз Жандосовтың Верный гимназиясында оқып жүргендегі суреті, Капиннің суреті, тағы басқалары бар болатын.
Міне, содан бері де бірқатар уақыт өтіпті. Кейінде әдебиеттанушы, академик Рымғали Нұрғалиев көріп: «Мұхтар мен Мағжанның сирек суреттері ғой, жариялау керек» деген соң баспаға ұсынып «Егемен Қазақстанға» жариялағанмын. «Суреттегі басқа бейнелерді танығандар болса хабарлассын, түпнұсқасынан көшірмесін алуға мүмкіндік бар» деген ескертпеме бірнеше хат алдым. 
* * *
 1920-1922 жылдары Қазақ автономиялы республикасының іргесін бекітіп, жерін түгендеу шаралары жүріп жатты. Біріншіден, Ресейдің Сібір төңкеріс комитеті бауырына басып алған Ақмола және Семей губернияларын Қазақстанға қосу қажет болды. Ақмола губерниясына қарайтын аймақтарды Қазақстанға беру біршама қиындықсыз жүзеге асырылды. Ал, Семей губерниясы жөнінде біраз әңгіме етуге болады. Ол жөнінде туған дауды, отаршыл пиғылдағы Семей ревкомы мен қазақ емес коммунистердің Семей губерниясын, яғни Тарбағатайдан бастап, Талдықорғанға дейін Павлодар мен Қарқаралы уездерін қосып, Қазақстанның бүкіл шығыс аймағын Ресей Федерациясының құрамына бермек болған арам саясатын Смағұл Сәдуақасовтың қалай талқандағаны тарихтан мәлім. Ақыры, осы батыл қимылдары үшін Смағұлға ұлтшыл деген атақ тағылды. Қазіргі ұрпақ Смағұлдың дәл осы бір ғана ерлігі үшін оның алдында бас иеді.
Реті келіп тұрғанда, 1921 жылдың мамыр айына дейін ғана атқарған ҚОАК төрағасының орынбасары қызметіндегі С.Сәдуақасовтың Семейге іссапармен барып, жергілікті билік иелерінің ниетін біліп қойып, құрамында шешуші дауысы бар бірде бір қазағы жоқ губерниялық билікті күшпен таратып жіберіп, өз қолына алғанын тағы да қайталап көрсетсек, артық емес. Бәлкім, дәл сол жолы Смағұл осындай батылдықпен шұғыл қимыл жасамаса, біздің шығыс облыстарымыздың кімнің қолында кететінін оймен шолып, түсіну қажет шығар. 
Семей губерниялық ревкомының төрағалық тізгінін өз қолына алып, әкімшілік билікті толық иеленген Смағұлдың қаламынан туған мына құжат та тарихи құнды жәдігер болып табылуға тиіс. 
«Қазақстан халық комиссарлар кеңесі мемлекет мекемелерінде қазақ тілін қолдану туралы шығарған декретті өркендету үшін бүгінгі жобаны бұрылмай орындауды ұсынамын:
1) қазақ ішіне қызметпен шығатын кісілердің мандат қағаздары һәм қазақ болысына жазылатын қағаздар қазақша да, орысша да жазылсын;
2) қазақ тілінде жазылған арыз һәм басқа қағаздар совет мекемелерінде табыс етілсін;
3) болыснай комитет, ауылнай советтер кеңсе жұмысын қазақ тілінде жүргізсін, кісіге, малға берілетін куәлік (росписка) қағаздар қазақша жазылсын;
4) халық соттары, халық тергеушілерінің қаулы, бітімдері, қазақ ішіндегі милициялардың тексеру (дознаниелері), қазақ ішіндегі ортақшыл партиясының советтер съезінің қаулылары қазақ тілінде жазылсын;
5) не түрлі қаулы, бұйрық-жарлықтардың бәрі қазақша да, орысша да жазылып тұрсын;
6) барлық орындарда совет мекемелері осы жарлықты іске асыруға міндетті, қызметке орысша білгендер өзі бастап, қазақша білгендерді де жексін;
 7) қазақ тілін қалай қолданып отырғандығы туралы совет мекемелері күнделікті жұмысынан есеп қылып, қорытынды шығарып отырсын.
Семей губревкомының бастығы 
Смағұл Сәдуақасұлы».
Бұл нұсқау Семейде шығып тұрған «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 22-тамыздағы санында жарияланып, көпшілікке таратылды.
Дәл осы кезде Орал, Астрахан бағытындағы қазақ жерлерін Ресейден қайтарып, жаңа құрылып жатқан Қазақ республикасына қосу шаралары жүргізілді. 
Сондай-ақ, Қазақстанның тарихи шегарасы әлі толық бүтінделмеді. Түркістан автономиясының құрамындағы Жетісу және Сырдария губернияларын Қазақ автономиясына қосу күн тәртібіне қойылды. Ал, Түркістан автономиясының жетекші қазақ азаматтары керісінше, Қазақстанның өздеріне қосылуын ті-леді. Олар: мемлекет билігінде қазақ еместері, яғни, бұрынғы отаршылары көп Қазақстан үкіметі өз бетінше мемлекет бола алмайды деп түсінді. 
Осы кезде С.Сәдуақасов «Еңбекші қазақ» газеті арқылы мәселені соз­бай, қазақ халқының бірлігіне жету керектігін жария етті: «Біздің ойымызша, Қазақстанда колонизатор барлығы – қосылмауға дәлел емес, қосылуға дәлел... Түркістан азаматтарының: біздің қотырымыз болса, бізбен бірге жазсын, «қотырың бар, жуымаймын» дегені ағайыншылыққа жатпайды... Тегінде, жалпы қазақтың кіндік қаласын белгілеу үшін жалпы қазақ бірігуі қажет. Жалпы, жұмыс түзелу үшін ешбір шарт қоспай, ағайынды екі бала тез арада бірігуі керек». 
Осындай екіұдай пікірдің басын қосып, қазақ жерлерін бір автономияның аясында тұтастыру мәселесін шешу үшін, беделді қазақ көсемі А.Байтұрсынов 1922 жылғы тамыз айының басында Ташкентке келеді. Ахаңның бұл сапары жеке әңгіме, біздің мақсатымыз – осы оқиғаны Мағжанның Ташкентке тез аттанып кетуінің бір себебі болуға тиіс деген жорамалды тиянақтау. 
 А.Байтұрсыновтың Түркістан автономиясына сапары туралы үлкен есеп «Ақжол» газетіне шықса, оны Алматының «Тілші» газеті көшіріп басқан. Мақаланың жарыққа шыққан күні 1922 жылғы 10-қыркүйек. Газеттер Петропавлға 7-10 күннен кейін келген болды десек те, бұл хабар Мағжанды бейжай қалдырмады. Көкшетау өңірінде іссапарда болып, жан-тәнімен қызмет атқарып келсе, алдында өзіне жала жауып, қаралаған «Мир труда» газеті жатыр. Жала жабушы – өзге емес, губерниялық атқару комитетін басқарып отырған Сабыр Шарипов болса...
Бұдан кейін Мағжан Петропавлда қала алатын ба еді? (Бекхожин Х.Қазақ баспасөзінің даму жолдары. А., 1964, 59-бет). 

* * * 

Мағжан өмірінің көпке беймәлім бір кезеңі туралы Ғалым Ахмедовтың «Алаш «Алаш» болғанда» деген кітабында мына-дай мағлұматтар бар. 1935-1938 жылдары Қазақстан орталық партия комитетінің аппаратында, мәдени-ағарту бөлімінің бастығы Ғабит Мүсіреповтің қарауында нұсқаушы болып істеген кезінде көзімен көрген, құлағымен естіген мына жағдайларды Ғ.Ахмедов былай жеткізген: 
«Мағжан лагерьден қайтқаннан кейін Алматыда еш жер жұмысқа алмай, қиыншылық көрген соң Мирзоянға арыз жазған екен. Мирзоян сол арызды Ғабитке беріпті. Ғабит аға арызда көрсетілген адресі бойынша тауып, осында шақыр деп маған тапсырды. Арыз қолмен орысша, анық танылсын дегені ме екен, сойдақталған ірі әріппен жазылған. Мен қағаз жазып, телефонымды көрсетіп, арыздағы адрес бойынша Ғабеңнің шоферін жіберіп едім, үй иесі Мағжанның Меркі жаққа кеткенін, келген соң хабарласатынын айтып, жауап қайырды.
Арызында Мағжан лагерьден келгеннен кейін ешбір жер өзін қызметке алмағанын, лагерде жүргенде Кеңес өкіметінің адамды қайта тәрбиелеуі жөнінде бір үлкен поэма жазғанын, баспа орындары оны да алмағанын, сондықтан өте қиын жағдайда қалғанын, егер идеология саласында жұмыс істеуге рұқсат етілмесе, лагерде оқып-үйренген фельдшерлік мамандығы бойынша қызмет берулерін өтінген екен. Сол бір күндері Ғабитке кіргенімде, Көркем әдебиет баспасының директоры Жаманқұлов деген кісі (кейін ол да қамалды) Мағжанға аударуға бір роман бергендерін, аудармасы жақсы екенін, бірақ, басуға қорыққандарынан комиссия құрып, аудармасынан жоқты-барды кемшілік тапқан болып, қаламақысын төлемегендерін айтып отыр екен». Осыны олар тек қорыққанынан кейін істеген деп Мағжан өмірінің осы бір ғана сәтінен хабар берген Ғалым Ахмедов өзінің «Алаш «Алаш» болғанда» деген атпен 1996 жылы бастырған кітабында тағы мынадай дерек берген: 
«Арада бір жеті-он күн өткеннен кейін бір күні телефон шылдырлады. Алсам, Мағжан. Ол кісі пропуск беретін жерге келген екен. Сонсоң Ғабитке айтып, өзім сыртқа шығып Мағжанға пропуск жаздырып, Ғабиттің кабинетіне алып келген соң екеуін оңаша қалдырып, шығып кеттім. Мағжан аға тым жүдеу, көңілсіз, үстінде қоңыр диагональ френчі, аяғында етік. Ғабит екеуі біраз сөйлескеннен кейін Мағжан аға маған келді, мен пропускісіне қол қойып, ол кісіні сыртқы есікке дейін шығарып салдым. 
Одан кейін ол кісіні Үкімет үйі жанындағы саябақта тағы бір кездестірдім, бұл – қадірлі Мағжан ағаны соңғы көруім болды». 
Бұл үзіндіні толық келтіріп отырған себебіміз, оны жазған адамға деген сеніміміз екенін айту керек. Естеліктің де естелігі бар. Ал, мына жазбалардың шындығына бір ғана мысалмен көзім жетті. Ол – «Арыз қолмен орысша, анық танылсын дегені ме екен, сойдақталған ірі әріппен жазылғаны» деген сөздер. Қазір мұрағаттан алып танысқанда Мағжанның қолымен жазылған басқа құжат та Ахмедов айтқандай, «сойдақталған ірі әріппен» жазылғанын көріп отырмыз. Демек, естелік иесінің Мағжанның Мирзоянға жазған хатын өз көзімен көргені дау туғызбайды. 
Заман тынышталып, елу-алпыс жылдан кейін қағазға түсірген мәліметтерінде Ғалым ақсақал мейлінше дәлдікке ұмтылып, өз кезіндегі бірқатар оқиғаларды сол қалпында жазып шыққан. Солардың бірі – 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығына байланысты мемлекеттік деңгейде өткен шаралар туралы. Орынбордағы бұл жиналысты таратып жібермек болып «ерлік» жасағаны жөнінде Сәбит Мұқановтың мына жазғандары өз кітабынан алынды: 
 «Қыс ортасында рабфак студенттерінің арасында «Ақаңның 50 жасқа толған юбилейі болады екен» деген сөз тарай қалды...» Афишаның айтуынша, Байтұрсыновтың юбилейіне арналған кеште Смағұл Сәдуақасов «Ақаңның алдында» деген баяндама жасамақ... Свердлов атындағы клуб. Мыңнан аса кісі орналасатын залға адам лық толды. Сахна ашылды. Байтұрсыновты қолтықтап Смағұл Сәдуақасов және кейін халық жауы болып кеткен ұлтшылдар шығып, безендіре құрған президиум столын айнала отырды. Сөз Смағұл Сәдуақасовқа берілді...
Бұл юбилейге қарсылар... газетке орап қалталарына шіріген капуста, картошка сияқты заттарды сала барды. Ойлары – егер Сәдуақасов Байтұрсыновты баяндамасында мақтайтын болса, шіріген овощтарды лақтырып, қуып шығу.
...трибунада тұрған оның үстіне залдан лақтырылған шірік овощтар жауды да кетті... Сәдуақасов сахна сыртына қашып шықты... содан кейін мәжілістің кейінгі жағы өткізілместен, «юбилей тарады».
Байтұрсыновқа қарсы студенттердің өтінішімен, сол күні түнде «Қара тақтаға жазылмаңдар, шешендер» деген атпен жазылған менің мақалам, ертеңінде республикалық «Еңбекші Қазақстан», 69-нөмірінде (1923 жылы) бас мақала болып жарияланды.
«Байтұрсыновтың да халқымызға жау екені тарихи фактілермен дәлелденген іс. Соларға қоса Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтық адамдарды да сөз ғып отырған мақаламда жамандау себебім неде... Менің ол кездегі ұғымымда хан мен байдан шыққандардың бәрі еңбекші көпшіліктің дұшпаны...» (Мұқанов С.Таңдамалы шығармалар. 10-том. «Өмір мектебі». А., 1976, 508-510 беттер). 
Осы оқиғаны Сәбең «Досыма хат» деген тақырыппен 1960 жылы жазып, «Жұлдыз» журналының 8-санында бастырған мақаласында тағы қайталап мына түрде берді:
«Байтұрсыновтың юбилейі құлады және жаман құлады. Свердлов клубының мыңға жақын кісі сиятын залына адам лық толып, жиналыс президиуміне КазОАК-тің председателі Мендешов, Обкомнан Асылбеков (халық комиссарлары советінің председателі Сәкен келмей қалды), тағы басқа жауапты қызметкерлер отырып, трибунаға шыққан Смағұл Сәдуақасов баяндамасын бастай бергенде, залдағы адамдар «Кет!...Жоғал!... До-лой!...» деген сияқты сөздерді айтып ду ете түсті. Жиналысты басқарушы Нұғман Залиевтің (оқу комиссары еді) қатты қаққан қоңырауы залды күңірентіп кеткен шудың астында қалды. Зал онымен де қоймай, әлдекімдер үстіне шіріген картоп, капуста сияқтыларды жаудыра бастаған соң, баяндамашы трибунадан қашты...» (С.Мұқанов. Өсу жолдарымыз. А., 1960, 676-бет). 
Сәбең марқұм кітабында да жазып, кейінгі ұрпаққа сол бір тарихи оқиғаны осылай өрескел бұрмалап көрсетіп кетті. Әлбетте, өзгені қор, өзін зор етпек ниеті айдан-анық көрініп тұр. 
Ал, шын болған оқиғаны Ғалым Ахмедов былай жеткізген:
«1923 жылы Орынбордағы қазақ қауымы Ахаңның елу жасқа толған мерекесін өткізді. Салтанатты мәжіліс Я.Свердлов атындағы клубта болды. Жиналысты сол кездегі Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп ашты. Смағұл Сәдуақасов Ахаңның өмірі мен ғылыми, әдеби еңбектері жайында өте мазмұнды баяндама жасады. Смағұл Халық ағарту комиссары болатын. Жібектей есіліп, жай кербез сөйлейтін адам еді. Ол кісі баяндамасының аяғында: «Ахаңды біздің замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алғашқы алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емілемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан, бұл кісіні ұстазымыз деп қарап, өзімізден әлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек» деп аяқтады (Ғ.Ахмедов. «Алаш» алаш болғанда. А., 1996, 102 бет). 
Ғ.Ахмедов өзі куә болған осы жиынды тәтпіштеп баяндайды. Жиын соңында орыс тілінде жазылған Н.П.Анненкова-Бернардың «Бекет батыр» пьесасының премьерасы болғанын, спектакльден кейін «Сәкен пьесаның авторын сахнаға шақырып, үлкен бір шоқ гүл беріп, рахметін айтқанын», жиналған жұрт «Ахаңа қатты қол шапалақтап, түрегеліп тұрып, құрмет көрсеткенін» жазады. Белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич сол жұрттың алдында Ахаңның «Қарагөз» деген әнін фортепьянода ойнап бергенін де Ғалекең құнды дерек ретінде хабарлайды. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдығы қазақ зиялыларының есінде қалған тарихи оқиға ретінде салтанатпен өткен. 
Тарихи шындықтан ауытқымай жазған естелігінде Ғ.Ахмедов кейін басқа да бұрмаланған жағдайға көңіл аударады: «Беріде сол кездерде Орынборда оқыған бір құрметті ағамыз сол жиналыста Ахаңа шіріген жұмыртқа лақтырдым» деуші еді, онысы енді әңгімешіл адамның аузынан шығып кеткен басы артық бір сөзі болар. Мен сол жиналыстың басынан аяғына дейін болдым, ондай өрескел ештеңе көрген емеспін және мәжілісті Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Сәкен өзі басқарып, барлық Үкімет басшылары, зиялы қауым түгел қатысып, юбилярды сонша ардақтап отырғанда, ондай уақиғаның болуы мүмкін де емес еді. Сол жиналыста қазіргі көзі тірілерден Халық әртісі Қапан Бадыров та болған, жақында бір көргенімде ол да осы менің айтқанымды растады» деп жазады. 
Ал енді осындағы «бір құрметті ағамыз...», әңгімешіл адам кім еді. Ол – өзіміздің кәдімгі Сәбит Мұқанов. Сәбеңнің жазғанына қарағанда Мағжанға неше рет әдеби сот болды деген сұрақ та көлденеңдейді. Алдымен, «Өмір мектебінен» үзінді келтірейік: 
«Қазақ әдебиетінде байшыл-ұлтшылдық бағыт 1905 жылдың бер жағында басталды десек, алғашқы он жылда бұл бағытты жетектеуші адамдар Байтұрсынов пен Дулатов болды. Әдебиет майданында олардан 7-8 жыл кейінірек көрінген Мағжан Жұмабаев, революция жылдарында өзінің ұстаздарын басып озып, революцияға қарсы Алашордашыл әдебиеттің туын қолына алды. Жұмабаевтың Омбыда, Қызылжарда совет өкіметіне қарсы жазған өлеңдерінің бірталайы өткен тараулардан бізге таныс. Қызылжардан соққы көре бастаған Мағжан, 1922 жылдың күзінде Ташкенге кетті. Сол кезде бұ қалаға, Мағжаннан басқа да ойда-қырда қашып жүрген алашордашылар жиналды. Қазақ тілінде «Ақ жол» деген атпен шығатын газет, «Шолпан», «Сона» («Сана» журналының атауы осылай бұрмаланып жазылған. -З.Т.) деген атпен шығатын журналдар алашордашылардың ықпалында болды. «Ақ жолдың» бетінде Жұмабаевтан басқа да алашордашыл жазушылардың Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан өлеңдері, әңгімелері, фельетондары, мақалалары басылып тұрды.
Орынборда Байтұрсыновтың юби­лейі құлап жатқанда, Ташкендегі алашордашылар оны көтеріп, жоғарыда аталған журналдар мен газеттің беттерінде мақа­лалар жариялап, портретін басты. Мұның бәрін біз салқын қанмен оқып отыра алмадық. Бізге халық алдында Мағжанның және өзге алашордашылардың халыққа жау екендігін әшкерелеуге тура келді. Осы мақсатпен біз 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот жасадық. 
...Қорғаушылық міндетін рабфактың Жәкен Сәрсембин деген оқушысы қалап алды. Қазір әлдеқайда төменгі қызмет-тердің біреуінде жүрген бұл адам ол кезде барып тұрған ұлтшыл болатын... Менің екі сағатқа созылған айыптау баяндамамнан кейін, залда отырған көпшілік қорғаушы Жәкен Сәрсембинді айғайлап сөйлетпей қойды...
Сот үш тармақты қаулы алды:
1.Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған совет өкіметінің қас жауы деп танылсын.
2.Оның барлық шығармалары оқылудан алыну, өкіметтен сұралсын.
3.Бұдан былай советтік баспасөздің бетінен Жұмабаевтың шығармаларына орын берілмесін.
 Сот қоғамдық түрде құрылғанымен, халық тілегінен туған оның үкімі со күннен бастап түгелімен іске асты. Аз уақытта Мағжан және оның әріптестері халық жауы боп әшкереленді. Баспасөзден Мағжанға да, оның серіктеріне де орын берілмеді.
Олардың аты мәңгілік қара тақтаға жазылды». 
Осындай жалаға байланысты кейінірек Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі жазғанын оқып, оның көрегендігіне қайран қаласың. Түбінде әділеттің, шындықтың жеңетініне, болашаққа кәміл сенетініне дәлел осындай-ақ болар. Ахаң «қызыл белсенділерге» мынадай ескерту жасады: 
«Асықпаңдар! Артымызда қазы бар, 
Тергеп талай сүйектерің қазылар!»
Тарихтың қатал да ақиқат таразысы әр құбылысты өз орнына қойды. Қазіргі ұрпақ соның куәсі... 
Ал шын мәнінде Орынборда емес, 1924 жылы қарашаның 24-күні Мәскеуде «әдеби сот» болғаны рас. Бізге белгілі мағлұматтарда Мәскеуде оқитын қазақ жастары өз ынтасымен бас қосып, Мағжанға әдеби сот өткізген деген сөздер. Шын мәнінде бұл Қазақстандағы жазушы «жолдастардың» жапқан жала хаттарына байланысты кеңес үкіметінің арнайы қызметінің, қауіпсіздік қызметінің жұмысы болатын. Аға ұрпақ әлі ұмытқан жоқ, коммунистік партия өзінің небір сұрқия жоспарларын «еңбекшілердің сұрауы бойынша» немесе «қалың бұқараның ынтасымен» жүзеге асыратын. Демек, Мағжан сияқты халық ұлын халықтың аузымен даттап, қаралау жұмысы алдын-ала жоспар бойынша жүргізілген. 
Тарихи шындықты бұрмаламай, осы оқиғаға кезінде қандай баға берілгеніне көз жеткізу үшін баспасөз материалын толық келтірейік. Әдетте, мұндай құжаттарды үзіп-жұлып пайдаланушылар өз көзқарасын тиянақтау мақсатын көздейді. Біздің ниетіміз одан аулақ.
(Жалғасы. Басы өткен санда)

16459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз