• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2023

Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру қалай жүзеге асады?

Назым ДҮТБАЙ,
«Aqiqat»

1991 жылы 29 тамызда Семейдегі ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылғаны белгілі. Ал 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас ассамблеясының резолюциясы 29 тамызды халықаралық деңгейде аталатын ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп белгіледі. Ол еліміздің бастамасымен жүзеге асқан болатын. 
Биыл 5 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. 
Заң бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсатында қабылданған.  Аталған құжатта «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы қару сынақтарының салдарынан нормативтен артық радиоактивті ластанған, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген арнаулы құқықтық режим қолданылатын Қазақстан Республикасы аумағының шектеулі бөлігі» деген анықтама берілген. 
Демек, ол аймақ кешенді экологиялық тексеруден өткен, мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған, ластанған учаскелерде құрылады. Мақсаты – Қазақстан Респуб­ликасында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту. 
Ашық дереккөзде Семей ядролық полигонында жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалғаны айтылады. 
Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. 
1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарында, радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған басқа аумақ тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалған. Бұлар: өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісік патологиялары. Жалпы алғанда рак ісігі сынақтар басталғалы бері үш есе өскен. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде әртүрлі ауытқу бар сәбилер көбейген. Мамандардың айтуынша, ол қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутацияға байланысты. Адамдар ғана емес, жер де зардап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарын кеміткен. 
Семей полигонының жер мен елге тигізген зардабы туралы ол жабылғалы бері көптеген мақала, кітаптар жазылды, деректі фильмдер түсірілді. 
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылатын заң туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, заң факультеті, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнар Тілеуқадірқызы мұндағы ерекше көңіл бөлетін нәрсе – қауіпсіздік аймақтың паспортының болуы дейді. 
«Қазақстан Республикасының Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған N 1787-ХІІ Заңы бар. Ол Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақ жүргізу салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етуге арналған. Әрине, қазіргі уақытта бұл заңның көптеген баптары өзгеріске ұшырап, толықтырылып, кейбір нормалары жарамсыз болып қалған деп айтуға болады. 
Ал биыл Мемлекет басшысы қол қойған Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы Қазақстан Республикасының Заңы Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Бұл заң құқықтық реттелуді талап ететін, Семей өңіріндегі радиациялық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, Семей өңірінің қоршаған ортасының жай-күйін бағалауға бағытталған радиоэкологиялық жағдайды зерттеп-қарауды, жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтаруға мүмкіндік жасау үшін оның аумағын оңалтуды, Қазақстан Респуб­ликасы Жер кодексіне сәйкес, босалқы жерлердің құрамындағы ядролық қару сыналған жер учаскелерiнің құқықтық мәртебесін айқындауды, тағы сол сияқты қоғамдық қатынастардың құқықтық реттелуін қамтамасыз ететін нормативтік акт болып табылады. 
Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуіне жауапты салалардағы қатынастарды реттеу кешенді сипатта болғандықтан, бір ғана мемлекеттік билік органы емес, заңнаманың орындалуын жүзеге асыруына Қазақстан Республикасы атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органдар, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар, Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы мемлекеттік органдар, сонымен қатар, шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдары жауапты болады. 
Бұл заң келесі қағидаларды басшылыққа алып отыр: Қауіпсіздік қағидасы, яғни Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; жариялылық қағидасы – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі туралы ақпараттың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету; таратпау қағидасы – яғни, Қазақстан Республикасында ядролық материалдардың таралуын шектеу; болғызбау қағидасы – радиоактивті ластануға ұшыраған Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалтуға бағытталған қызметті жүзеге асыру болып табылады. 
Аталған заңның қолданысқа енгізілуі келесі мәселелерді шешеді:
– Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті лас­тану шектеледі;
– Нормативтен артық радиоактивті ластануға ұшыраған жерлерге қатысты оңалту жұмыстары жүргізіледі;
– Кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағының жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтаруға мүмкіндік жасалады;
– Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында және (немесе) оған іргелес аумақтарда қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Ерекше көңіл бөлетін жайт, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспортының болуы. Себебі, аталған құжатта, аумақты сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі, аумақ пен функционалдық аймақтардың тұрған жері көрсетіледі, сонымен қатар, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының инфрақұрылым объектілері, географиялық координаттары белгіленеді, оның аумағының шекаралары, алаңдары сипатталған карта-схеманы қамтиды. Күзету режимдерінің түрлері, рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлері, бару қағидалары, жұмыс істеу режимі, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар, олардың міндеттемелері туралы мәліметтерді қамтиды. Бұл құжаттың болуы, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының нақты тұрғындарын анықтай отырып, әлеуметтік қорғалуына кепілдік береді». 
2022 жылы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық жарылыстардың қазақ жеріне орасан зор зиян келтіргенін атап, «Бұл трагедия қайталанбауы керек. Біздің еліміз әрқашан ядролық қауіпсіздік қағидаттарына берік болады» деген еді. Биыл қол қойылған заң осы ұстанымның беріктігін паш етіп тұрғандай. 

 

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев: 

Зерттеу жұмысын жалғастыруға жол ашады 

 


Семей Ядролық қауіпсіздік аймағы туралы Заңда көрсетілген мәселелер мен ластанған аумақтардың бар екені жөнінде бұдан бұрын да айтылған. Қырық жыл ішінде 500-ге жуық ядролық сынақ жүргізілген Семей полигонының аумағы ластанғаны анық. Он сегіз мың шаршы шақырымнан артық жер 1991 жылы Семей полигоны жабылған кезде мүлде зерттелмеген еді. Полигон жабылғаннан бастап осы күнге дейін ондағы жағдайға мониторинг жүргізіліп келеді. Ауа, су, қоршаған орта мен жердің жағдайы тексерілді. Осылайша он сегіз мың шаршы шақырымнан артық жердің 9400 шаршы шақырымы ластанғаны анықталды әрі ол әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Ал 8900 шаршы шақырым жер адамның өмір сүруіне, ауыл шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамды. 
Яғни Семей ядролық аймағын құру туралы заңда айтылған аумақтың жартысы нормативті ластанудан аспаған, адам тұруға жарамды болса, жартысына жуығы ластанған әрі түбегейлі зерттелмеген. Енді Семей ядролық аймағын құру туралы заңға сәйкес әрі қарай мониторинг жүргізіліп, оңалтып, пайдалануға беру үшін қалған аймақ толық зерттеледі. 
Бұл заңды қабылдаудаға мақсат та осы аумақтағы бұған дейін болған, қазір бар мәселелерді, түбегейлі зерттеуге мүмкіндік беру. Мақсатқа жету барысында жүздеген, тіпті мыңдаған ғылыми зерттеулер, сынақтар жүргізіліп зерделенеді. Оған қазақстандық және шетелдік, оның ішінде Ресей, АҚШ, Еуропа елдерінің ғылыми институттары мен орталықтары тартылады. Демек, бұл аумақты зерттеу-зерделеу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Қалған аумақ мұқият зерделеніп, өмір сүруге жарамдылығы, адам денсаулығына әсері анықталады, нақты қорытынды жасалады. Жарамды жерлер пайдалануға берілсе, жарамсыз аумақты мәңгілікке жауып, тұрғындардың ол жерді пайдаланбақ түгілі аяқ басып кірмейтіндей етіп, күзет қойып, камера қойып қоршау қажет. 
Полигонның әсерінен тек Семей облысы ғана емес, Павлодар, Қарағанды облыстары аумағының кей бөліктері де зардап шекті. Зардап шеккен тұрғындар саны 1,5 миллионға жуықтайды. Он сегіз мың шаршы шақырым жер ядролық қару сыналған жер, ал оның жер үстіндегі және ауа арқылы тараған қалдықтары ластаған аумақ 300 000 шаршы шақырым жер. Ол аумақ өте күрделі жағдайда еді, ең алдымен тұрғындардың жағдайы қиын болатын. 
18 000 шаршы шақырым – нақ полигонда атом бомбасы жарылған жер. Ол оңалтуға жарамайды. 300 000 шаршы шақырым аумақта тұратын адамдар арасында қатерлі ісік сырқатына шалдыққандар саны басқа аймақтармен салыстырғанда өте көп. Полигон аумағында тұру өте қауіпті болса, оның қалдықтарынан ластанған аумақта өмір сүру қауіпсіз емес. Қазір ауа арқылы, су арқылы келетін қауіп жоқ. Өйткені қазір жарылыс жасалмайды. Дегенмен мәселе бар, өйткені радиоактивті қалдықтар ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы өзінің күшін жоймайды. 
Қабылданған Заңның тиімділігі – ең алдымен полигоннан зардап шеккен аумақ пен адам денсаулығын оңалту жұмысын жалғастыруға жол ашады. Ол дегеніміз полигон аумағындағы мәселелерге жаңа ғылыми тұрғыдан келіп, қазір бар мәселені нақты-нақты зерделеп, зерттеуге мүмкіндік береді. Балапан, Дегелең деген шахталарда жер үсті ғана емес, жер асты жарылыстары да болды. Ядролық қару сынақтарының қалдығын жою жұмыстары жалғасады, себебі ол түбегейлі зерделенген жоқ. Біздегі бұл трагедиялық тәжірибе әлемнің еш жерінде жоқ. Радиоактивті элементтердің 30-40, тіпті 100 жылдан соң қоршаған ортаға қалай әсер ететінін ешкім білмейді. Осы бір трагедиялық тәжірибе, ғылыми тәжірибе Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру барысында іске асады. Осы заң аясында біз ол аймақты түгел зерттеп, оның қаншалықты қауіпсіз екенін, пайдалануға болатын, не болмайтынын анықтаймыз. Бұл заң Ұлттық Ядролық орталығына көп мүмкіндік беріп, шетелдік және қазақстандық ғалымдармен жұмыс істеуге жол ашады. Мәселе бар, жұмыс істеу керек, басталған жұмысты аяқтау керек. Заң ол жолдағы жұмысты жүйелеуге, реттеуге мүмкіндік береді. 

4189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз