• Тарих толқынында
  • 29 Тамыз, 2023

Қазақ дүниетанымындағы «заң» ұғымы

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Яғни, Ата заңымыздың мерекесі. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының берік болуы, құқықтық, зайырлы ел ретінде дамуымыз, қоғамдағы заң үстемдігі қағидаларының жүзеге асуы – Ата заңымызбен тікелей байланысты. Осы орайда қазақтың дәстүрлі дүниетанымында «заң» ұғымы қалай орнықты, ол біздің байтақ тарихымыздан қаншалықты көрініс тапты деген сауалға жауапты  көрнекті жазушы, фольклоршы, баспагер, тарихшы-этнограф Зейнолла Сәніктің зерттеулері негізінде ұсынуды жөн көрдік. 

Заң дегеніміз – көп саланы қамтып жататын үлкен философиялық ұғым. Ол өз ішіне табиғат заңдарын, ғылым қағидалары заңдарын (физикалық, химиялық заңдар) және қоғамдық заңдарды қамтып жатады. Қоғамдық заңдарды бір таптың екінші бір тапқа үстемдік жүргізу үшін қолданатын әкімшілік тәсілі ретінде түсіндіріп келген болатын бұрынғы маркстік дәріптемелер. Таптық қоғамда солай болғаны да – шындық. Ал бұрынғы өткен даналардың сөзіне жүгінсек, «заң дегеніміз – адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамдық даналықтың жоғарғы көрінісі» (С.Джонсон) деп пайымдаса, тағы бір данышпан: «Заң күшінен айырылған жерден жауыздық басталады», – депті. Демек, заң-тәртіп қоғам үшін қажетті. Сол себепті қоғамның дамуына, мемлекеттердің нығаюына байланысты әртүрлі заңдар қабылданып, адамдар сол заң бойынша әрекет жасайтын бүгінгі өркениетті заманға қадам тастап отыр. Бүгінде еліміз әлемдік заңдық мемлекеттер қатарына өтіп, барлық жұмысты заңмен басқаратын дәрежеге көтеріліп отыр. Бізге белгілі адамзаттың сонау балаң кезінде, әсіресе адамзат табиғаттың дүлей күштерін, оның құпия сырларын түсінбей тұрған кезде біздің ата-бабаларымыз сол дүлей күшке, өзі түсінбеген қиял-ғажайыптарға бағынған, соларға табынған, соларды «әлемнің иесі», «киесі» деп түсінген. 
Айталық, қазақ этнографиясы күннің күркіреуі, найзағайдың үрейлі үні, жердің сілкінуі, әртүрлі апатты көшкіндердің пайда болуы, т.б. – бәрін де сол кезде адамзат табиғаттан сырт әлемдік жаратушының құдіреті деп білгендіктен, адамдарда жоғарғы ғалам, орта ғалам, төменгі ғалам сияқты қияли түсініктер орныққан. «Жер шары жер астындағы алып көк өгіздің мүйізінде тұратындықтан, оның бір мүйізі талып, Жер шарын бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстыруынан жер сілкінісі пайда болады» дейтін қиял-ғажайыптар, мифологиялық ұғымдар туған. Біздің халқымыз тәңірге табынатын шаманизм діні мен аллаға табынатын ислам дінін қатар ұстанғаны үшін олардың мифтік ұғымдарын екеуі бірдей сіңген. Сол себепті: «Тәңір жарылқасын!», «Құдай оңдасын!», «Алла жар болсын!» – деген тілектердің осы уақытқа дейін жалғасуы таңырқарлық іс емес. Адамның топырақтан жаралғандығы жөніндегі мифтік ұғым көптеген халықтың ежелгі ұғымдарында ұқсас айтылады. Арабтар мен қазақтар да солай қарайды. Балшықтан жасалған алғашқы еркек пенде – Адам деп аталады да, оның бір қабырғасынан жаратылған алғашқы әйел – Хауа (Хауа ана) болғандықтан қазақ ұғымындағы ер адамның «үйге барып қабырғаммен кеңесейін» дегені іс жүзінде әйеліммен ақылдасайын деген сөзі екендігі сол ұғымнан қалған. Осыдан барып ер адамның пірі – Адам ата, әйел адамның пірі – Хауа ана, егіншілік пірі – еңбек, сауын пірі – ақ, татулық пірі – қан, ағашшылық пірі – тез, садақ пірі – мір және төрт түліктің Ойсылқара, Жел ата, Шопан ата, Зеңгі баба, сияқты пірлері болған. Сол сияқты бөрі, аққу, қарға, марал, т.б. хайуанаттар да – ежелгі қазақ руларының тотемі, табынатын қасиетті пірі есептелген. Оларды сол заманның адамдары «иеміз», «киеміз» деп есептеп, оған еш уақытта шек келтірмей құрмет тұтып, табынған. Осыған байланысты Ай туғанда «Ай көрдім, аман көрдім, жаңа ай жарылқасын, ескі ай есіркесін» деп тілек тілеу, күл төккен жерге дәрет сындырмау, бейітке қарап қол шошайтпау, бөрінің атын атамай «қарақұлақ» деу, денені қарыстамау, т.б. ырымдар мен тыйымдар дүниеге келген. Сондықтан белгілі француз оқымыстысы Пессон деген адам тотемдік тыйылымның ролін жоғары бағалап, «тотемизм алғашқы адамдардың негізгі заңы болған» деп тұжырым жасаған екен. Осыдан барып қазақтың ежелгі жол-жосыны, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалыптасқан. Тұтас қазақ халқының салт-дәстүрі ғана емес, сол қазақ ұлты құрамындағы әр ұлыс-рулардың өз салт-дәстүрі де болған. 
Халқымыздың «Әр елдің салты – басқа, иті қара қасқа» деуінің себебі осында болса керек. Салт-дәстүрінде ғана емес, киім кию, тамақтану, құдаласу, қонақасы беру салттарында да белгілі бір өзгешеліктер қалыптасқан. Жалпы, қазақта аруаққа құрмет білдіру, өлімді салтанатпен жөнелту, үлкендерге құрмет білдіру, кішілерді аялау, құдаларын құдайындай сыйлау, бала үйленгеннен оны бөлек отауға шығару, қыз болса, құдаласып ұзатуға дейінгі аралықтағы той-думан, т.б. бәрі де қалыптасқан дәстүр-салт бойынша жүргізіліп еді. Жайшылықта ғылымда көп айтылатын әдет заңы дегеніміз – міне, осы. Демек, жайшылықта көп дәріптелетін моральдық өлшемдер, тәртіп ережелер халық арасына жалпыласа келе әдет заңына, дәстүрге айналатыны осыдан.
 

Үйсін дәуірінің заңдары


 Біздің заманымыздан бұрынғы Х ғасырлардан біздің заманымыздың алғашқы дәуіріне дейін қазақ даласын мекендеген сақ, үйсін, қаңлы елдерінің өзіндік заңдары болғаны мәлім. Сол дәуірдің жиһанкездері қаңлы елінің жазба заңдары болғанын айтады. Бірақ одан нақты дерек қалмаған. Біз Үйсін елі туралы Хан елінің жазба ескерткіштеріне сүйене отырып, олардың заңдық жүйесі болғандығын межелеп, сол туралы тоқталмақпыз. 1. Үйсіндердің билік жүйесі күнбилердің мұрагерлік жүйесі бойынша жұмыс жүргізген. Ханзу жазбаларына түскен естеліктерге қарағанда, біздің заманымызға дейінгі 177-жылдан 11-жылға дейін күнбилер мұрагерлік жүйе бойынша 10 рет билік ауыстыру жұмысын жүргізген. Айталық, алғашқы күнби – Нәнді би, екінші рет Нәнді бидің баласы Елжау би, үшінші рет Елжау бидің немересі Жөнші би, төртінші рет Елжау бидің ортаншы ұлы Далудың баласы Оңғай би билік жүргізген. 
Кейінгі биліктер де осындай мұрагерлік жүйе бойынша жалғасып отырған. 2. Күнби ең жоғарғы билеуші болды, одан кейінгі билік «далу» деп аталатын мансаптының қолында болды. Ол бізге ұғымды тілмен айтқанда, бас уәзір еді. Далудың қол астында «оң қол», «сол қол» сардарлары болды, бұлар әскербасылары еді. Сардарлардың қол астында «оңқа» деп аталатын әр тайпаның әскери шонжарлары, атамандары жұмыс жүргізді. Сонымен бірге Күнби ордасында «бақылаушы», «жарлықшы», «шабарман», «тілмаш» сияқты мансап иелері де болды. Осыған қарағанда Үйсін күнбилерінде ел басқарудың біртұтас тәртіпті заңы, басқару ережесі болған. 3.Үйсін елінде «ортақ кеңес» деген кеңестік орган болған. Бұл әр тайпаның ақсүйек шонжарларынан құрам тапқан. Үйсін еліндегі ірі уақиғалар, күнби сайламдары, жорық жобалары, тайпалар аралығындағы талас-тартыстар осы ортақ кеңестің талқысынан және бекімінен өтуі шарт. Ханзудың үйсіндерді зерттеуші ғалымдары Уаң Миңжы, Уаң Биңхуалар мұны: «Ақсүйектер алқасы – тайпалар одағы ішіндегі келелі істерді белгілі формада шешіп отыратын өте беделді орган», – деп бағалаған. Меніңше, Үйсін елінің бұл «ортақ кеңесі» осы заманның парламенттік түзімінің алғашқы балаң кезі есептелсе керек. 4. Үйсін елінде заң-жарлықтардың болғаны да айтылады. Біздің заманымызға дейінгі 33-16 жылдар аралығында үйсіндерге Сыйлы би атты би үкім жүргізген. Осы кезде тайпалар ара, кіші билер арасында талас-тартыстар көп туса керек. Сондықтан «үлкен күнбиге 60 мыңнан аса түтін, кіші күнбиге 40 мыңнан аса түтін бөлініп беріліп», одан соң: «Халайық баққан жылқысын үйірге қосушы болмасын, ел ортасына Оңғай би заманындағыдай тыныштық орнасын!» – деген жарлық түсірілген. «Ханнамаға» түскен осы естеліктерге қарағанда, сол кезде үлкен-кіші билер арасында жер бөлісі, ел басқару көлемінің бөлістері болған. Екіншіден, жай бұқара мен күнбилердің өріс-қонысы бөлек болған, «халайық жұрт баққан жылқысын күнбидің мал табынына қоспау» заңжарлық түрінде бекітілген, әрі Оңғай би заманындағыдай (біздің заманымызға дейінгі 177-жылдар мен 104-жылдар аралығы) тыныштық орнауын, талас-тартыстарды тоқтатуды, хан жағынан (ұлы күнби) бекітілген осы бекім бойынша жұмыс атқаруы талап етілген. 5.Үйсін қоғамының неке тәртібінде рулық қоғамның ықпалы күшті болған. Сол елге ұзатылып келген қызды жат жұртқа жібермей, «аға өлсе, жеңге мұра» дейтін дәстүр бойынша неке түзімі атқарылған.
Мысалы, Жейу ханша әуелі Жөнші биге некеленген, Жөнші би өлгеннен кейін інісі – Оңғай би таққа отырып, сонымен сол Оңғай биге қаратылған. Оңғай би өлген соң Жөнші бидің Ғұн әйелінен туған баласы Нәби биге некеленген. «Мұның өзі әмеңгерлік түзім бойынша ұрпақтарын жалғастыратын ғұндардың салт-дәстүрімен ұқсас келетін дәстүр еді», – деп жазады Үйсін елін зерттейтін ханзу ғалымдары. Демек, қазақтың әмеңгерлік жүйесінің арғы тегі осы дәуірден бастау алғанын осыдан білуге болады. Сонымен бірге тәптіштеп зерттейтін болсақ, қазақтың осы күнгі жосын-жоралғыларының бірқыдыруының төркіні сол дәуірде жатқан тәрізді. Бұл арада VI-ХІІ ғасырлар аралығында жасаған Найман, Керейт хандықтарының жазба ескерткішке түскен деректерінен олардың да өз кезінде мұрагерлік түзім бойынша хандық құрғандығын білуге болады. Айталық, Найман хандығы Еният, Наркез, Таян, Күшілік – төрт ұрпақ бойы, атадан балаға хандық мұра етіп қалдырылса, Керейт хандығы Марғұз, Құршақұз, Тұғырыл, Байбұқа – ол да төрт ұрпақ бойы хандық мұраны жалғастырған. Бұлардың да өзіндік ел басқару жүйесі, заң-жосындары болған. Ол кезде наймандар – Бетеге найман, Төре найман (хан әулеті осы төре наймандардан шыққан), Ақсауыт найман, Көшеуіт найман, Дүрмен найман, Барлас найман, Найман керей, Найман қаңлы деп, сегіз топқа бөлінген. «Найман» сөзі моңғолдардың сегізді «намын» деп атауынан келген. Осындағы «төре найман» туралы Шыңжаң университетінің профессоры Әмір Жалбағаев көлемді ғылыми мақала жазып, олардың Шыңғыс хан заманында Ішкі Жұңгодағы өсіп-өрбу жағдайы, олардан шыққан игі жақсылар, қоғам қайраткерлері, ақындар, т.б. өнер иелерін егжей-тегжейлі баяндайды. Ендеше, «төре» сөзі, төрені қадірлеу, хандарды сол топтан тағайындау жүйесі сол кезден бастап болғаны – міне, бұл біздің ата-бабаларымыздың билік жүйесінен белгі беретін тарихи дерек. Бұдан сол кездің заң жүйесінің қандай екенін межелеуге болады. 

Шыңғыс хан заманының заң жосындары


Шыңғыс хан Найман елінің ханын өлтірсе де, хатшысын өлтірмеген. Онда ол екі нәрсеге қызыққан, бірі – оған білімді, сол дәуірдің ел басқару жүйесін өз қолымен хаттап отыратын Татетонғадай адам әрі сол кезде мәдениетті ел атанған наймандардың жол-жосыны керек. Енді бірі – Татетонға ел таңбасын алып қашқандығы. Басқалар одан: «Неге қашасың?» – деп сұрағанда: «Мен мұны патшама тапсырам, мөр менің басымнан да қадірлі» деген екен. Шыңғыс ханға дәл осындай патшаға адал адам, адал хатшы керек. Шыңғыс хан дәуірінде кітап жазған Шыңғыс ханның замандасы (Шыңғыс хан дүние салғаннан соң, 4 жылдан кейін өлген) әйгілі араб ғалымы ибн әл-Әсир былай деп жазады: «Шыңғыс ханның исламға жасаған жауыздығы ерепейсіз, дүниежүзінде осындай сұмдық болмаған шығар... А.Македонский он жылда құра алмаған мемлекетін ол екі-үшақ жылда құрып үлгірді... Ислам тарихшыларының Шыңғыс ханды масқаралау ниеті жоқ. Қайта ол түркі қауымын біріктіріп, даңқын шығаруға теңдесі жоқ көп күш жұмсаған ең ұлы адам есептеледі...». Шыңғыс хан алғыр, ақылды, шешімді, саясатшыл ұйымдастырушы еді. Ол мемлекетті кеңес негізінде құрды. Кеңестің негізі «құрылтай» аталатын мәжіліс еді. Ол ежелгі жұңгоның, иранның заңдарын, ислам шығармаларын тәржімалатып, өздерінің әдет-ғұрпына сай келетін жерлерін іріктеп алып, «Яса немесе ясак» деген әйгілі заң кітабын жаздырды. Ол кезде мұның әлемдік ықпалы болды. Түркиянің «ясакли», «ясашпай» сөздері және соған қатысты заң кітаптары Шыңғыс ханның «ясасынан» шыққан. Араб тарихшыларының «әс-саяса-әл-кәбира» (үлкен саясат) шығармалары да сол «яса» негізінде жасалған. 
Шыңғыс ханның «Яса» заңында: «Әр алуан діндер, әртүрлі тайпа-ұлыстар тең құқықты, ұқсас құрметке ие болады», – деп дәріптелген. «Сондықтан, – деп жазады әл-Әсир, – Шыңғыс ханға бағынышты ұлы түрік империясындағы сунийлер мен шиіттер, буддистер мен яһудилер, христиандар, түріктер, армяндар бір кісідей өмір кешті. Бұған сырттан келгендер қайран қалатын...». Шыңғыс хан өлер алдында түрік империясын үш ұлына бөліп беріп, елді мұрагерлік жүйе бойынша басқарады. Төменде өз кезінде Шыңғыс ханның «Ұлы жарғысы» деп аталған жарғыдан үзінділер келтірелік:
1. Мемлекет қаталдық пен қайрымдылықты қатар жүргізгенде ғана нығая алады; 
2. Өз ішін тазалай алмаған билеуші мемлекетті де ұры-қарыдан тазалай алмайды; 
3. Өзіңнің сөзіңді айтардан бұрын үш ақылды адаммен ақылдас, кеңес. Егер әлгілердің сөзімен сөзің сәйкес келіп жатса, онда сөзіңді кез келген жерде ұялмай айта беруіңе болады. Ал әлгілер келіспесе, дымың ішіңде болсын; 
4. Өзіңнен кейін де өмір бар екенін, сенің ұрпағыңа да ішіп-жем, өріс-қоныс керек екенін ұмытпа; 
5. Жауынгер жайшылықта (халық ортасында) бұзаудай момақан, жайдары, тыныш болсын. Ал соғысқа кіргенде аш бүркіттей ызалансын, ащы айғаймен жаудың үрейін ұшыратын болсын; 
6. Үлкен ұлдарыңды еншісін беріп жеке шығар. Қара шаңырақ кенже ұлыңа қалсын;
7. Мейлі қалжыңдап-ақ айтсын. Егер сөзі салмақты, дәлелді болса, жаңағы сөзді ескер;
8. Еркек жер жүзінің барлық түкпіріне сәулесін жеткізе алатын күн емес, оған әйел көмектесетін болсын; 
9. Егер біреуден қарызға тауар алып, оны қайтара алмаса және осындай тірлікті үш рет қайталаса, әлгі адам өлім жазасына кесілсін. Мұндай жауапсыз адамның тірі жүргенінен өлгені артық;
10. Опасыздар, Отанына сатқындық жасағандар, күні үшін өтірік куәлік бергендер өлім жазасына кесілсін;
11. Отқа дәрет сындырғандар, суға түкірген адамдар өлім жазасына кесілсін; 
12. Бұған дейін билік баспалдақтарынан өтпеген, яғни бек, сұлтан, уәзір, хан бола алмаған адам ешуақытта ұлы қаған болып сайланбасын. 
«Түрік шежіресін» жазған Әбілғазы Баһадүр ханның (1603-1664) жазуынша, Шыңғыс ханның ел басқару тұрғысынан айтқан көптеген нақылдары кейін келе патшалықтың қатаң тәртібіне, жосын-жоралғысына айналған. Солардың кейбірінен мысал келтіре кетелік:

* * *
Жан мен тәнім шаршаса да, жамағатым азбасын, қара басым қажыса да, қағанатым тозбасын; 
* * *
Қарсы келгенді аяма, бағынғанға қоқаңдама;
* * *
Жауыңды жеңем десең, жарағың жаныңда болсын; 
* * *
Өз қосыныңнан өлмей айырылма; 
* * *
Өз үйін басқара алғандар өзгені де басқара алар;
* * *
Он адамға сөзін өткізе алғандар, он мыңға да бас болар;
* * *
Ханына адал сардар қарамағындағыларға қадірлі;
* * *
Өзі үшін жамандықтан тыйылған адам елі үшін қиылар; 
* * *
Көргені көп тобырдан, Өнері бар жалғыз жақсы. Қалың қара тобырдан, билік білер жалғыз артық; 
* * *
Ауыздан шығар желіңді бас, арыстан алғаннан кем соқпас. Азуыңнан шыққан деміңді баспай, ақырған ашумен ештеңе таппас.
* * *
Асқар таудың асуын көзде, алып теңіздің өткелін көзде, алыс екен деп қорықпа, жүрсең – жетесің. Ауыр екен деп қамықпа, ілсең көтересің... 
* * *
Азық шайнар тісің аузыңда болсын, адам шайнар тісің ақылыңда болсын; 
* * *
Сауаттыға хат ұстат, ептілерге ат ұстат. Ержүрекке ел бақтыр, момақанға мал бақтыр, Кемпірлерге шал бақтыр, т.б. 
    
 

Қазақ хандығы дәуірінің заңдары


Билік жүйесі. Қазақ хандығы дәуірінде билік жүйесі «Тағанақ кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп екіге бөлінген. Тағанақ кеңес жылына немесе бірнеше жылда бір рет өткізіліп отырған, оның көлемі кең болған. Оған хандыққа қарасты елдің ең басты рубасылары, білікті билер, қолбасылар, жыраулар қатынасады. Онда хандықтың ірі істері талқыланып, ел ішіндегі үлкен дау-дамайлар жөнінде шешім жасалған. Алдағы жұмыстар, халықтық қорғаныс жұмыстары талқыланып, соған сай жарғылар қабылданған. Ел билеуші хан осы Тағанақ кеңесте сайланып қойылған. Ол сол елдің күнделікті жұмыстарын басқаруға, кеңес алдында есеп беруге міндетті. Тұрымтай кеңес – шағын кеңес. Ол айына бір рет немесе шұғыл кезеңде жұмасына бір өткізіліп тұрған. Оған хандықтың негізгі билері, он мыңбасылары, орданың басты билері, басты жыраулары, орданы қорғайтын төлеңгіттердің бас қолбасылары, ханның орда жұмысына араласа бастаған балалары қатынасып отырған. Бұл батыстың жоғары және төмен палатасы сияқты билік органы еді. Мұны ел ішінде «Құрылтай кеңес» және «Тұрымтай кеңес» деп те атаған.
 Қазақ хандығы дәуірінің заңдары 
Қазақта «әр елдің заңы – басқа, иті қара қасқа» деген сөз бар. Мұның өзі халқымыздың қадым заманнан бастап өзіндік заң-ереже ұстанып келгендігін дәлелдейді. Осыған сай әділ би, әділ хан, әділ билік жөнінде көптеген мақал-мәтелдер, жыр-аңыздар тараған. «Тура биде туған жоқ», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Аталы сөзге арсыз да тоқтайды», «Жаңылғанға жаза жоқ», «Барымтаға – қарымта» деген сияқты заңдық нақылдардың шығуы да тегін емес. Сонымен бірге халқымыздың Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Байдалы би сияқты небір көсілген көсем, шешілген шешен, от тілді, орақ ауызды сармойын билердің жыр-аңыздары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны, олардың айтқан әділ кесімдері ауыздан-ауызға тарап, халықтық салт-жосынға айналып кеткені де жұртқа мәлім. Мұндай заңдар әлемдік ірі заңгер Сенека деген адамның айтқанындай, жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қатаңырақ роль атқарып келген. Қазақ хандығы дәуірінде жасалған заңдарға ислам дінінің ықпалы болған. Одан көптеген шариғаттық ережелерді байқауға болады. Бірақ солайда ол өзінің сахаралық сыр-сипатын сақтаған. Қазақ ордасының және оның әдет-ғұрып заңдарының тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған заң ережелерінің орны бөлек болған. Бұл «жарғы» деген атпен Қазақ хандығының ең алғашқы ата заңының ролін атқарған. Оның негізін салған адам қазақ халқының әйгілі қайраткері, қолбасы Қасым хан Жәнібекұлы (1445-1518) болды. Мұнда ол бұрыннан жалғасып келген дәстүрлі заң-ережелерді қолданумен бірге мемлекет басқарудың жолын жасады. 
Бұл жарғы мынадай бес тараудан тұрады: 1. Мүлік заңы. Мұнда жер, мал-мүлік дауының ережелері қаралған; 2. Қылмыс заңы. Кісі өлімі, ұрлық-қарлық, талау, қарақшылық, шабуыл мәселелерін қамтиды; 3. Әскери заң. Аламан (жауынгер, сарбаз) әскери қосын, ердің құны, тәртіп, басқару істері қарастырылған; 4. Елшілік заңы. Еларалық қатынас, елшілік сияқты мәмілегерлік жұмыстары; 5. Жұртшылық заңы. 
Ас, той, ел басқару, әдет-салт дәстүрлері, дін, тағы басқа ел ішіндегі түрлі жағдайларды шешу ісі осы заң арқылы біржақты, жайлы етіліп отырған. Бұл заңдар әділдік пен тәртіптің үлкен үлгісі ретінде қабылданып, жұрт оны «Қасымның бас жарғысы» немесе «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен. Бұл заңдар ел ішінде таралып, дәстүрге айнала бастаған сәтте Қасым ханның жолын жалғастырған Есім хан (1598-1645 жылдары хандық құрған) осы заңды мемлекеттік заң ретінде қабылдап және атқарып, ресми заң күшіне енгізгендіктен, жұрт оны «Есім ханның ескі жолы» деп атап, қазақ хандарының заң жүйесін одан ары толықтыра түскен. Әз Тәуке заманында (1680-1718) бұл заңдар одан әрі толықтырылып, жаңадан құқық тараулары енгізіледі. Әз Тәуке жаңадан «Хан кеңесі» және «Билер кеңесі» деген билік кеңес органдарын құрып, оған әйгілі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ірі заңгер шешендерді қатынастырып, сонымен, кейінгі кезде қазақ сахарасының қолданылмалы заң жүйесіне айналған атақты «Жеті жарғы» заңы дүниеге келеді. Мұның дүниеге келген уақытын ғалымдар 1684-1685 жылдары деп межелейді. Мұндағы «жеті» сөзі XV-XVI ғасырларда Оңтүстік шығыс Қазақстан мен Қырғызстан жерінде дәурен сүрген Моғолстан мемлекетінде қолданылған «чете моғол» сөзімен қатысты болуы ықтимал. Сонда «Жеті жарғы» – «жеті тараулы заң» дегенді білдіруі де, сондай-ақ «чете моғол» сөзі бойынша қуғанда «мемлекет заңы (жарғысы)» дегенді білдіруі де мүмкін. Әз Тәуке заманында бұрынғы бес тараудан тұратын ережеге жесір дауы мен құн дауы қосылады да, сонымен жеті тараулы заңға айналады. Бұл заңдар ауыздан-ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жатталып, Абылай дәуіріне жетеді. Сол дәуірдің хандары мен билері, шешен, шежірешілері арқылы бүкіл қазақ сахарасына жалпыласып, жұрт көңілінен мызғымас орын алады. Бұл заңдардың қағазға түскен нұсқасы әлі табылғаны жоқ. Тек кезінде Құнанбай қажы, Шоқан Уәлиханов, Мұса Шорманов сияқты оқымысты қазақ сұлтандары мен зиялы қауымы арқылы орыс ғалымдары мен этнографтарының жазба мәліметтеріне түскен. Төменде беріліп отырған жеті тарау, 32 баптан тұратын «Жеті жарғы» заңы А.Левшин (1798- 1879), Г.Спасский (1804), П.Макавецкий (1886), Л.Баллюзек (1822-1899), Д.Андре (1846), И.Козлов (1882) сияқты ғалымдар мен саяхатшылардың жазбалары бойынша іріктеліп алынған нұсқалар. 

ЖЕТІ ЖАРҒЫ 
1-бөлім:Мемлекет мүддесі
1-бап: Мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне іріткі салып, бүлік жасаған өлім жазасына кесіледі. 
2-бөлім: Ұлт тазалығы
2-бап: Жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады.
3-бөлім: Дін тазалығы
3-бап: Жеті адам куә болып, құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас боран қылып өлтіріледі; 
4-бап: Өзге дінге кіріп, кәпір болған адам мал-мүлкінен айырылады;
5-бап: Өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді.
4-бөлім: Отбасының біртұтастығы
6-бап: Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады, бірақ қарғысқа ұшырайды); 
7-бап: Егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді; 
8-бап: Егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туылса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға әр айына бір түйе төлейді (бір түйе 3 атқа немесе 10 қойға тең);
9-бап: Әйелді зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс. Егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп, үйленсе, жазадан босатылады; 
10-бап: Әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге қақылы. Бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс. Әйелінен сезіктенген еркектің сөзін төрт сенімді адам дәлелдеп беруі керек. Егер олар теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады;
11-бап: Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйрылады немесе ердің құнын төлейді. Егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс; 
12-бап: Ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байланған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады. Ал қыз болса, қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі; 
13-бап: Ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тартылмайды. Өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады. 
5-бөлім: Қылмыс пен жаза
14-бап: Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құны төленеді (ер адамға – 1000, әйелге 500 қой); 
15-бап: Ұрлық, қарақшылық және зорлық-зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; 
16-бап: Денеге зақым келтірілсе, соған сәйкес құн төленеді (бас – бармақ – 100, шынашақ 20 қой); 
17-бап: Ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал, анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі; 
18-бап: Ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс; 
19-бап: Ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады; 
20-бап: Барымтадан қайтқан мал толығымен қайтарылуға тиіс; 
21-бап: Жауынгердің атын ұрлаған адам өлім жазасына кесіледі;
22-бап: Өлтірілген аңшы иті немесе бүркіті үшін иесінің құл немесе күң беруді талап етуге қақысы бар. 
6-бөлім: Адам құқығы және мүлік меншігі
23-бап: Егер әкесінен енші алған ұл баласыз болып өлген болса, онда оның қожалығы өзінің әкесіне беріледі. Жасы кіші балалары жақын туыстарының қамқорлығына беріледі. Ал олар болмаған болса, бөтен, бірақ сенімді адамдарға беріледі; 
24-бап: Әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұруға тиіс. Кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады; 
25-бап: Кімде-кім азғындыққа жетелеген немесе зорлықпен бұзықтық жолға салған әйелдің ар-намысы үшін сол адам өлтіріледі немесе азғындығы үшін одан 200 жылқы өндіріліп алынады; 
26-бап: Төре мен қожаның құны қарашадан жеті есе артық төленеді (төре мен қожалар сауатты болғандықтан, мемлекеттің ерекше қамқорлығында болады); 
27-бап: Құл өмірі – құнсыз, ол – қожайынның билігінде (қазақ құлдарды малшы, жалшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығарып отырған). 
7-бөлім: Билік тәртібі
28-бап: Үлкен дау-дамайды шешуді және күнәһарға үкім шығаруды хан шешеді. Егер ханның өзі болмаса, онда талапкер мен жауапкер тұратын ауылдың билері мен ақсақалдары талдауға оларға қоса, екі жақ сайлаған екі сарапшыны шақыра отырып шешуі керек; 
29-бап: Егер жауапкердің билерге күмәні болса, онда ол оларды өзгерте алады; 
30-бап: Кіші дауларды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі;
31-бап: Куәлікке екі немесе үш адам жүреді; 
32-бап: Өсиет ағайындар мен молланың қатысуы арқылы жасалады. 
Ескерту: Біріншіден, «Жеті жарғы» өзінің баптарында «қылмыс» деген ұғымды түсіндіріп, мәнін ашпаған; Екіншіден, қылмыстық жауапқа адамдар 13 жастан бастап тартылған; Үшіншіден, мақау, есалаң адамдарды жауапқа тартпаған; Төртіншіден, құлдары жасаған қылмысқа қожайыны жауап берген; Бесіншіден, қылмыскерді «күнәһар» деп атап, «жын-пері соққан», «құдай атқан» деп бағалаған; Алтыншыдан, жазада «қанға – қан, жанға жан алу» үкімі басым болғандықтан, қазақтардың күнделікті тұрмысында жазаны мал-мүлікпен өтеу көбірек орын алған. «Жеті жарғының» жалпыласа келе халықтық заңға айналып, «қазақтың қара заңы» аталып кеткен жайы да бар. Сондықтан халық арасынан жатталып келіп, хатқа түскен бұдан басқа түрі де бар көрінеді. Бірақ олар мазмұндық жақтан ұқсап кетеді екен. Сонымен бірге Тәуке ханның мына шешімдері де кейін келе заң ретінде атқарылған. 1.Хан, сондай-ақ күллі билер, рубасылары мен ақсақалдар күзде белгілі бір жерде бас қосып, халықтың тыныс-тіршілігіне қатысты ойларын ортаға салатын құрылтай өткізіп тұруы қажет; 2.Қазақтың бірде-бір азаматы халықтық құрылтайға қарусыз келмеуге тиіс. Қарусыз келген кісі дауыс беру құқынан айырылып, жастар оған төрден орын ұсынбайтын болсын; 3.Қару асынып жүрген жарамды әрбір кісі (сұлтандардан басқа) хан мен ел басшыларына жыл сайын өз мүлкінің жиырмадан бір бөлігіндей алым төлеп тұрсын; 4.Әрбір рудың, тайпаның, аталықтың өз таңбасы болсын (мұндай таңбалар сол кезде әр руға таратылып берілген, олар өздерінің малы мен дүние-мүліктеріне өз таңбаларын басуға міндетті болған). Сол кезде «Жеті жарғымен» бірге «жеті айып» деп аталатын айып түрі де қолданылған. Олар мыналар: 
1.«Қара қазан» төлеу. Қара қазан төлеу – айыпкердің шаңырағын ортасына түсірудің белгісі; 
2.«Қара нар беру». Егер өлген кісі атақты адам болса, сол қара нармен Түркістан қаласына апарылып қойылған.
 3.«Қара мылтық алу». Қара мылтықты алу – қылмыскердің күшін алуы, қаруын жоюы. Бұдан кейін ол өлгенмен тең болмақ-мыс; 
4.«Қара шолақ бие жетектету». Қара шолақ бие жетектету айыпкердің ырысының шайқалуының анық нышанына баланған; 
5.«Қара кілем ұстау». Қара кілем ұстау тұралағандықтың көрінісі саналған. 
6.«Жетім беру». Ол «көңілде кірбің қалмасын, аралас-құраластық басталсын» дегенді меңзеген. 
7.«Жесір бастаған тоғыз жөнелту». Ол «қан-жыны араласып, ағайынның қылшықсыз табысуының басы» деп есептелген. Шыңжаң қазақтарының айып салу жүйесінде бұған кейбір ұқсамайтын жайттары бар. Олар айыпты тоғыздан бастап, ең ауырын тоқал тоғыз, яғни тоқсан тоғыз деп есептеген. Кезінде билердің кесімін көрген Нығымет Рақымбайұлының айтуына қарағанда, айыптың қосымшасы, яғни «мойнына қосақ», «артына тіркеу» деген түрлері бар. Мойнына қосақ – сойысқа берілетін мал, артына тіркеу билердің емеурініне, яғни кесім кескен ауызақысы еді. Сонымен бірге айып басы қара нар болса, аяғы тоқты-торымға тоқтайды. Ол кісінің айтуынша, мұндай кесімге Абай Құнанбаев үлкен жеңілдік жасау жолында күш салған. Мысалы, бір байдың қызының бұрымын іргеден кесіп әкеткен жігітке билер бірігіп, басы қара нардан тоғыз айып салғалы жатқанның үстіне Абай келіп қалады. Сонымен билер: «Мұның билігін Абайға берелік», – дегенде Абай: «Тоғыз айыпқа мен де қосылам, бірақ басы айна-тарақ болсын, аяғы ине-түйме...», – деп тоқтағанда билер «от алып, қопаға түскен» екен. Сонда Абай: «Тақсыр, ағалар, билер, шаш деген – өсіп тұрған нәрсе, айнаға қарап, тарақпен тарай берсе, өздігінен жетілмей ме?!» – деген екен. Билер амалсыз осыған тоқтапты. 

Ел есіндегі заң баптарынан
Халықтың салт-дәстүрін бұзғандар заңды бұзған ретінде жазаланады. 
* Қарызға алған мал жылы өткен соң төлемімен қайтарылады; 
* Ұрғашы мал еркек малдан гөрі қымбат бағаланады; 
* Қонақ қондырмағанға айып бар; 
* Қонақасыны дұрыс бермегендер жазаға лайық; 
* Ауқатты адамдар кедейге жәрдем беруге міндетті; 
* Малды және басқа жануарларды жәбірлеу – қылмыс; 
* Әдеп-тәртіп бұзғандарға жаза бар; 
* Тентекке әке-шеше ғана емес, бүкіл ауыл-ақсақалы жауап береді;
* Арақ ішіп өлгендерге жаназа шығарылмайды және бөлек жерленеді;
* Оң жақта отырып екіқабат болған қыз қалыңсыз беріледі; 
* Некесіз бала туған әйелге құрмет көрсетілмейді;
* Қарабет болған қыздың бұрымын кесіп, масқаралайтын да заң бар;
* Некесіз туған бала – арамза, мезгілсіз туған төл – арамза;
* Малдың өрісін, жусауын бұзғанға айып; 
* Екі адамның бірі боранда үсіп өлсе, оның жанындағы қасқыр ішікті адам құн төлейді (өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді); 
* Тәртіпсіз шәкіртке дүре соғылады; 
* Еңбегі үшін әркім ақы сұрауға хақылы. Бірақ асарда, үмеде ақы сұрауға болмайды; 
* Өртке, апатқа ұшыраған отбасына ауыл, көрші-қолаң көмек (ақшалай, заттай, малдай) беруге міндетті;
* Еркек қынсыз, пышақсыз, бәкісіз жүруге болмайды; 
* Соғысқа жалғыз жігіт алынбайды, екеу болса – біреуі, бесеу болса – үшеуі, сегіз болса, бесеуі соғысқа (сарбаздыққа) алынады; 
* Жиенге сот жоқ; 
* Күйеуі қайтыс болса, әйелі бір жылға дейін тұрмысқа шықпайды; 
* Әйелі қайтыс болса, ер адамға оның жылын күтпей үйленуіне рұқсат беріледі; 
* Жесір әйел «ерден кетсе де, елден кетпейді», күйеуінің ағасы немесе інісіне тұрмысқа шығуға тиіс. Егер әйел басқа біреуге кететін болса, бұл «жесір дауы» заңымен шешіледі; 
*Қалыңдық абыройсыз болса және ол дәлелденсе, күйеу жағы қалыңмалын қайтарып алады; 
* Ұрын келіп жүрген күйеу кейін қалыңдығын абыройсыз деп тапса, оның бұл сөзі қабылданбайды. 
* Отанын, елін, дінін сатқандарды, дұшпанға жәрдемдескендерді ат құйрығына байлап, азаптап өлтіретін де заң бар; 
* Елге масқара болғанның, опасыздың, ұрының үйін ауылдан бөлек қондырған; 
* Бір кісінің екі қызын қатар алуға (үйленуге) болмайды; 
* Дала заңы бойынша ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар әкесінде қалады; 
* Дін салты бойынша еркек төрт әйел ала алады;
 * Еркектің белсіздігі анықталса, әйелдің айырылысуға қақысы бар;
 * Әйел бала тумаса, ері айырылысады және зәбірлемей, төркініне еншісін беріп, апарып салады; 
* Доңыз етін жеуге тыйым салынған. Егер аштан өліп бара жатса, рұқсат, бірақ алып кетуге болмайды; 
* Өлі туған балаға ат қойылмайды, намаз шығармайды; 
* Ант бұзғанға айып бар; 
* «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа»; 
* «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды»
[Зейнолла СӘНІК]

3820 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз