• Тарих толқынында
  • 28 Қыркүйек, 2023

Ахаңның белгісіз һәм белгілі еңбегі жайында

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының академиялық толық жинағын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары дайындағаны белгілі. Бес томнан тұратын академиялық жинақ арқылы ғалымның бұған дейін жұртқа мәлім еңбектерімен қоса, тыңнан табылған мақалалары, мұрағаттық құжаттары да оқырманға жол тартты. Ғалымның бізге белгісіз болып келген оншақты мақаласы және кейбір оқулығының бұған дейінгі көптомдықтарына енбей келген екінші бөлімінің табылуы ғылымда ірі жаңалық болып саналады. Осы ретте Ұлт ұстазының бірегей еңбегі – «Шаруалық өзгерісі» атты желілес зерттеу мақаласы туралы баян етпекпіз. Көпшілік ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басындағы саяси қысымдардың толқынында тәркіленген «Мәдениет тарихы» атты ірі еңбегі болғанын біледі. Бүгінге дейін ұшты-күйлі табылмай келе жатқан сол еңбек пен біз тілге тиек етіп отырған «Шаруалық өзгерісінің» қандай байланысы бар дегенге үңіліп көрелік. 
 

«Шаруалық өзгерісі» – А.Байтұрсынұлының 1915 жылдан бастап шаруашылық, экономика, мәдениет тақырыптарын зерттеп жазған көлемді еңбегі. Көлемді мақаланың төте жазумен жазылған 107 беттен тұратын қолжазба нұсқасы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында (480-бума) сақталған [1]. Ғалымның бұл зерттеу жұмысы алғаш «Қазақ» газетінің 1915 жылғы (№145, 146, 147, 148, 158, 161, 163) және 1916 жылғы (№167) сандарында жарық көрген [2]. Қолжазба түпнұсқа мен басылым нұсқасы араб қарпінен кирилл әрпіне өзгеріссіз түсіріліп, алғаш рет 2022 жылы А.Байтұрсынұлының академиялық толық жинағына және он екі томдық толық жинағына енгізілген болатын. 
Аталған еңбекті ғылыми тұрғыдан зерделей отырып, «Шаруалық өзгерісін» бүгінгі таңда алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар мен Қазақ оқырмандары жоқтап жүрген А. Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы» атты кітабының бір бөлімі емес пе екен деген ойға келеміз. Себебі, ғалым «Шаруалық өзгерісінде» негізінен мәдениеттің шығу тарихы мен адамзат өркениетінің өсіп-өркендеу барысына жиі тоқталады. 8 бөлімнен тұратын көлемді мақалада «мәдениет» сөзі 143 рет қолданылған. Автор бұл еңбегінде «Мәдениет қырқалары», «Мәдениет төбелері», «Мәдениет жұғысы», «Мәдениет тараған жолы» және «Мәдениет бесігі» қатарлы толып жатқан терминдерді жиі пайдаланған [2]. Алайда, қалам иесі соңғы таралуларына келгенде, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтына отырықшылықты дәріптей бастаған билік өкілдерінің сөзінен кейін, алаш баласын ояту туралы ой келген соң, осы желілес мақаланы жазғанын меңзейді. Қолымызға іліккен нұсқалардың соңғы тарауларында, адамзаттың өркендеу барысын ұзыннан-ұзақ баяндай келіп,: «Қазақ халқы отырықшылыққа дайын ба, дайын емес пе? Бірден отырықшы өркениетке өтуге Қазақтың даласы, тауы, суы, өзен, көлі, шөбі, ауа райы, климаты, т.б. шарттар қолайлы ма, жоқ па?» деген өзекті мәселелерді көбірек талдайды [3]. Өкінерлігі, ғалым енді ғана қаузап отырған тақырыбын ел мен жердің сол кезеңдегі және болашақтағы жағдайына байланысты талдап, анық көрсете бастағанда аталған еңбектің бізге белгілі бөлегі аяқталады. 
 М. Әуезов өзінің «Ахаңның 50 жылдық тойы» атты көлемді мақаласында: «Жаңадан алған хабарға қарағанда былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күнде бітіріпті. Жақында о да басылып шықса керек», – деп жазады [4]. Осыған қарағанда, ғалымға «Мәдениет тарихын» жазу туралы ой 1915 жылғы Қазақ халқын отырықтандыру бастамалары көтерілген кезде келіп, аталған еңбектің бастапқы бөлігін сол жылдары бастап, соңғы бөлімін 1921-1922 жылдары аяқтаған деп болжауға негіз бар. 
«Шаруалық өзгерісінің» қазірге дейін табылған нұсқасы 8 тараудан тұрады. Осы 8 тараудың алдыңғы 7 тарауы аталған қолжазбада бар. 8-тараудың қолжазбасы табылмады. Алайда еңбектің 8-ші тарауы жарияланған өзге жеті тарауымен бірге «Қазақ» газетінен табылды. «Қазақ» газетінде берілген соңғы тараудың да (8-тарау) соңында «тағы да бар» деген ескертпе берілген. Бірақ, «Қазақтың» кейінгі нөмірлерінен аталған еңбектің жалғасы кездеспейді. Осы тұрғыдан қарағанда, ғалымның аталған еңбегінің қолжазбасының екінші бөлімі, яғни 8-тараудан кейінгі тараулары тағы бір дәптерде болуы мүмкін. Яғни екінші дәптердің басына жазылған 8-тарау газетке жарияланған да, қалған бөлімдері жазылып бітпеген я жазылса да газетке бастыруға бермеген болуы мүмкін. 
Ғалым аталған еңбегін 1915-1916 жылдары «Қазақ» газетінің кезекті нөмірлерінде желілес түрде жариялап отырған. Атап айтқанда, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы № 145 (15-тамыз), № 146 (22-тамыз), № 147 (29-тамыз), № 148 (8-қыркүйек), № 158 (21-қараша), № 161 (16-желтоқсан), № 163 (31-желтоқсан) және 1916 жылғы № 167 (31-қаңтар) күнгі сандарында жарияланған. «Шаруалық өзгерісінің» қолжазба нұсқасы тұңғыш рет ғылыми айналымға ғалымның академиялық жинағы арқылы ұсынылған болатын. Бұған дейін, «Қазақ» газетінің қазіргі жазумен басылған нұсқаларынан аталған көлемді мақаланы оқып, ғылыми еңбектеріне ішінара пайдаланушылар болған. Алайда, «Қазақ» газетіндегі нұсқаларда автордың аты жазылмағандықтан, көлемді желілес еңбекті жазған нақты А. Байтұрсынұлы екенін батыл түрде кесіп айтқан зерттеуші болған жоқ. 
«Шаруалық өзгерісі» атты бұл көлемді, танымдық, зерттеу мақаласының авторы – Ахмет Байтұрсынұлы екеніне қолжазба нұсқаға қарап толық көз жеткізуге болады. Қолжазба нұсқаның сырты сары түсті қағазбен қапталған. Қолжазба нұсқаның сыртқы бетіне аталған мұраны кітапхана қорына өткізуші адам немесе кітапхана қызметкері 1930 жылдардағы латын әліпбиімен Bajtursьnulь A. (А. Байтұрсынұлы) және Caruvcьlьq өzgerisi (Шаруалық өзгерісі) деп жазған. Бұл бетте автор есімі тек бір жазумен (латын әліпбиі) жазылса, ал еңбек атауы латын әрпімен қоса, кейінгі кирилл жазуымен қайталап жазылған. Мақала атауының астына «қол жазба» деп ескерткен. Осы беттің оң жақ жоғары шекесіне, жақша ішінде әņgime (әңгіме) деп ескертпе де жазған [1,1]. Қолжазба сызықсыз (жолсыз) сары қағаздан жасалған дәптерге жазылған. Әр бетке көрнекті үлкенірек әріппен 14-15 жол ғана жазу сыйған, дәптердің көлемі шағын, алайда бет саны көбірек (сыртқы бетімен 107 бет). 
Қолжазбаның 1-бетінің басында төте жазумен «Ахмед Байтұрсынұф» деп көрнекті жазылған. Онан кейін еңбек аты «Шаруалық өзгерісі» деп үлкенірек әріппен жазылған. Келесі (2-) беттің басына «1) Шаруалық өзгерісі» деп тақырып қояды да әрі қарай көлемді еңбек басталады: 
«Шаруалық өзгерісінің жайынан сөйлеуден бұрын шаруалық деп не нәрсе айтылатынын баяндап өтейік» деп сөзін бастаған ғалым аталған тарауда адамзаттың даму тарихынан бастап сөз алып, шаруашылық, өндіріс, мәдениет, т.б. ірі тақырыптарды қаузайды [1,2]. 
Әр тарау аяқталғаннан кейін автор «А.Б» деп төте жазумен қолтаңба қойып отырған. Алайда, бұл қолтаңбалардың үстінен қара сиялы қаламмен кейінгі адамдар (мүмкін, автор өзі) көлденең сызық басқаны байқалады. Бұл ғалым А. Байтұрсынұлының еңбектеріне шектеулер қойылған кездегі осы еңбекті пайдаланушылардың сол тұстағы биліктің қаһарына ұшыраудан қорқып істеген амалы болса керек. 
Алаш арыстары ақтала бастағаннан бері, «Шаруалық өзгерісі» атты бұл көлемді мақаланы кәдеге жаратушылар мақаланың атын дұрыс атамай, «Шаруашылық өзгеріс» деп жазғаны байқалады. Алаш зиялыларының экономика ғылымы туралы ойларын зерттеген бірлі-жарым қаламгерлер болмаса, осыған дейін ұлт ұстазының аталған еңбегін алаштанушы ғалымдар ғылыми айналымға толықтай енгізе қойған жоқ. Азды-көпті сілтеме жасаушылардың өзі еңбектің қолжазба нұсқасына емес, «Қазақ» газетінде ара-тұра жарияланған нұсқасына немесе 2017 жылы «Елтаным» баспасынан басылып шыққан, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы нөмірлері жинақталған нұсқасы пайдаланғаны байқалады. 
Ғалымның «Шаруалық өзгерісінің» қолжазбасының жалғасын екінші бір дәптерге жазғанына «Қазақ» газетінің №167 санындағы аталған мақаланың 8-тарауы айғақ. Және оған да «тағы бар» деуіне қарап, аталған еңбектің қолжазба нұсқасы да, газет нұсқасы да халыққа толықтай жетпей қалғанын болжауға болады [3]. Бірақ, «Қазақ» газетінің 1916 жылғы аталған нөмірден кейінгі сандарының біздің қолымызға түскендерінің ешбірінен мақаланың жалғасы кездеспейді. 1916-1917 жылдары ғалымның Алаш орда үкіметін құруға байланысты ірі-ірі саяси істердің басы-қасында болғаны белгілі. Сол тұрғыдан алғанда, мәдениет пен экономика турасында қаузап жүрген тақырыбының көлемді бөлігін келешекте жазуға ниеттеніп, уақытша тоқтата тұрған болуы да ықтимал. 
«Шаруалық өзгерісінің» біз оқып, зерделеген бөлігіне қарап автор жазбақшы болған үлкен бөлігі әлі жарыққа шықпағанын анық білуге болады. Қолжазбамен 100 беттен асып жығылатын, газетте 8 бөлімнен тұратын осы кесек еңбектің мазмұнында шаруалықтың, яғни бүгінгі тілмен айтқанда өнеркәсіп пен шаруашылық ісінің және мәдениеттің адамзат баласы пайда болғаннан тартып, өткен ғасыр басына дейінгі барысы сөз болады. Адамдардың аңсымақ (автор жиі қолданған атау. – Ә. А.) кезеңнен бастап өркениетті дәуірге аяқ басқан дәуірлердегі басып өткен жолдарын, табиғатқа және қоғамдық өмірге бейімделуін шетелдік ғалымдардың ғылыми болжамдарынан үзінділер ала отырып баяндайды. 
А.Байтұрсынұлының «Шаруалық өзгерісі» тұңғыш рет ғалымның өзіне тиесілі еңбек ретінде өзінің академиялық жинағында толық (табылған бөлігі) жарияланған еді. Ғалымның академиялық толық жинағында «Шаруалық өзгерісінің» қолжазба нұсқасы мен «Қазақ» газетінде жарияланған 8 тарауынан тұратын нұсқасы салыстырылды. Және «Елтаным» баспасынан 2017 жылы жарық көрген «Қазақ - 2017» атты жинақтағы нұсқасымен де салыстырылды. Аталған жинақта қате оқылып, қате басылып кеткен ішінара сөздер түзетілді. Ғалымның академиялық жинағында еңбектің қолжазба нұсқасы мен «Қазақта» жарияланған нұсқаларының әр беттерінде кездескен тың сөздер мен кісі есімдеріне, жер-су атауларына түсініктер жазылды [5].
Ұлт ұстазының бүгінге дейін жіпұшы табылмай келе жатқан ірі еңбегі «Мәдениет тарихының» алғашқы бөлімі іспетті «Шаруалық өзгерісі» туралы қысқаша осындай мағлұмат беруге болады. «Шаруалық өзгерісінің» түгелге жуық мазмұнында адамзаттың пайда болғаннан бүгінгі өркениетті қоғамға жету барысы жан-жақты зерделеніп жазылған. «Шаруалық өзгерісі» жазыла жүріп, арада бірнеше жыл өткен соң «Мәдениет тарихының» алғашқы сынақ нұсқасы баспадан шығып (1923), қолды болып кеткені белгілі. «Мәдениет тарихын» жазуда, автор бұған дейін зерттеп, зерделеп, жазып, «Қазақ» газеті арқылы оқырманына таныстырып үлгірген «Шаруалық өзгерісін» пайдаланбады деп ешкім де болжам жасай алмайды. «Шаруалық өзгерісінің» де екінші бір дәптерінің (мүмкін онан да көп желілес дәптері болса керек) жоғалып кетуі де, бұл еңбектің «Мәдениет тарихының» бастапқы бөлігі екенін айқындай түседі. «Шаруалық өзгерісінде» де автордың есімі жазылған жердің бәрінің өшіріліп отыруы да аталған еңбектің «сотталған» «Мәдениет тарихына» тіке қатысты дүние екенін дәлелдей береді. «Шаруалық өзгерісінің» қолжазбасына назар салсақ.
«Шаруалық өзгерісінің» мазмұны ғылымның әр саласындағы ғалымдар зерделеуге тұрарлық аса құнды мұра. Сондықтан біз аталған еңбектің мазмұнына үңілмес бұрын, құнды мұра хатталған қолжазбада кездесіп қалатын кейбір сөздер мен атауларға назар аударған едік. Төменде соларды тізбелеп көрсетек деп отырмыз: 
1.Bajtursьnulь A. Қолжазбаның сыртқы бетінің сол жақ шекесіндегі «Байтұрсынұлы А.» деген жазу 1929 жылғы қабылданған латын әліпбиі бойынша жазылған. Бұл жердегі латын әліпбиі бойынша жазылған автордың есімінде бас әріп қолданылған. Осыған қарап қолжазбаның сыртындағы бұл жазу 1934 жылдардан кейін қорға табыс етілгенін болжауға болады. Себебі, 1929 жылы латын әліпбиі қабылданып, арада 3-4 жылға дейін кісі есімдері бұған дейінгі төте жазу емлесі секілді бас әріпсіз жазылып келген еді. Мысалға, А.Байтұрсынұлының «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығының 1928 жылғы басылымының титул бетінде ғалымның аты сол кезеңде қабылдану алдында тұрған латын әліпбиімен «a.вaitursьn ulь» деп жазылған болатын [6]. 
2.Әņgime. Қолжазбаның сыртқы бетінде оң жақ шекесінде шығарманың жанрын «әңгіме» деп латын әліпбиімен ескерткен. Бұл сөз түпнұсқа бойынша берілді. Жанрын не үшін әңгіме деп жазғаны зерттеуге татиды. Мүмкін сол тұстағы цензуралық қысымдардан сақтануға себі тиер деп, айтулы шығарманың жанрын жасырған деп тұспалдауға болады. 
3.Caruvcьlьq өzgerisi. Қолжазбаның сыртқы бетінде жазылған, аталған көлемді еңбектің аты. Бұл жерде латын әліпбиімен «Шаруашылық өзгерісі» деп берілген. Мұнда да бірінші сөздің бірінші әрпі бас әріппен басталған. Астына қазіргі қазақ жазуымен «Шаруалық өзгеріс» деп жазылған. Яғни сөздің ең соңғы «і» әрпі түсіп қалған. Келесі бетінде төте жазумен «Шаруалық өзгерісі» деп жазылған. «Қазақ» газетінде де «Шаруалық өзгерісі» болып басылған. Сондықтан, «Шаруалық өзгеріс» деп жазу кітапхана қорына қолжазбаны өткізушілердің ағаттығы болуы мүмкін. 
4.Қолжазба. Қолжазбаның сыртқы бетінде «Шаруалық өзгерісі» деп еңбектің аты жазылған соң, төменгі жағына жақша ішінде осы сөз қосылған. Бұл сөз түпнұсқа бойынша берілді. 
5.Ахмед Байтұрсұнұф. Қолжазбаның бірінші бетінің жоғарғы бөлімінде көрнекті жазумен «احمد بايتۇرسنف» (Ахмд Байтұрснф) деп жазылған. Бұл жердегі «Ахмет»-тің «احمد» (Ахмед) болып жазылуы – 1912-1924 жылдар аралығында қолданыста болған, ескі қазақ жазуының дәстүрлі емлесінен қалыптасқан, дауысты дыбыстарды харакат, сүкін, т.б. шартты белгілер арқылы оқитын араб тілінің заңдылығына сәйкес ереженің сақталуы деуге болады. А. Байтұрсынұлы төте жазуы жарыққа шыққанға дейін қадім жазуы (шағатай жазуы) деп аталған қазақ жазуында да осы ереже қолданыста болды. Төте жазу барлыққа келгеннен кейін де кісі аттары мен араб тілінен енген сөздер бірнеше жыл (1912-1924 жж.) сол үлгіде жазылып келді. 1924 жылға келгенде ғана қазақтың төл сөздері қалай жазылса қазақтың кісі аттары, араб тілінен енген сөздер түгелдей қазақ тілінің дыбыстауы заңдылығына сәйкес емлемен алынды. Міне, осы жердегі «Байтұрсынов» сөзінің «بايتۇرسنف» (Байтұрсұнұф) болып жазылуы сөздің орта және соңындағы буындарда келетін дауысты дыбыстар жазылмай, қажетіне қарай қосып дыбыстап оқуға арналған көне ережелерге сәйкес келеді. «В» дыбысы орнына ол кезде (1924 жылға дейін) «ф» әрпі қолданыста болды. 1924 жылдан кейін ғалым өз аты-жөнін барлық басылымдарда «Байтұрсын ұлы Ақымет» деп жазды. Жоғарыда қолжазба дәптердің сыртында латын әліпбиімен «Bajtursьnulь A.» деп жазуы сол кезде (1924-жылдан кейін) қалыптасып кеткен дәстүрге сай берілген. 
6.«Шаруалық өзгерісі, І». Автор шығарманың басына «1) Шаруалық өзгерісі» деп жазып, онан төменірек «І» деп тарау санын жазған. Ал, «Қазақ газетіндегі» (1915, № 145, 2-3 бб.) нұсқада тарау санын көрсетпеген. Мақала соңына да «тағы бар» деп ескертпе бермеген. 
7.Аңсымақ. Қолжазбаның 4-бетінен бастап соңына дейін 6 жерде қолданылады. Ғалым адамзаттың мәдениет кезеңдерін таныстыру үшін, аң секілді, жабайы, анайы болған адамзаттың алғашқы қоғамдық дәуірі туралы осы сөзді жиі қолданған. Ғалым еңбектерінде -сымақ/-сімек қосымшалары бүгінгідей жаратпау, жағымсыз мағынасында емес, жағымды мағынада да қолданғанын ескеру керек. Аңсымақ, затсымақтану, үстеусімектену, т.б. сөздер ғалымның терминдендірген атауларының бірі деуге де болады. -сымақ/-сімек қосымшаларының ХХ ғасыр басында жағымды мағынада да белсенді қолданыста болғанына әдеби мұралардан көп дәлел келтіруге болады. Тілеуліұлы Жұмағали 1926 жылы жазған «Гійгійене» (Гигиена) атты оқулығында сүтсымақтану термині кездеседі [7]. Мұнан сырт, Е.Омарұлының оқулықтарында допсымақ, тотсымақ терминдері, сол кезеңдегі сөздіктерде сусымақ, жолсымақ терминдері кездеседі [8]. 
8.Мәдениет. Қолжазбаның 4-бетінен бастап кездеседі. Аталған еңбекте мәдениет сөзі 143 рет қолданылған. Мәдениет араб тілінен енген сөз болғандықтан қолжазбада және «Қазақ» газетінде «мднет» болып жазылған. 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан ««Қазақ» газеті, 1915» жинағында құрастырушылар бұл сөзді кей жерде «міндет» деп қате көшірген [9]. 
9.Тісейлон. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Бұл Цейлон аралы. Түпнұсқа бойынша берілді. 
10.Уеддар. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Бұл видтар. Түпнұсқа бойынша берілді. 
11.Қалағар даласы. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Мұндағы Қалағар даласы – Калахари. 'Калахари (kalaharі, бечуа тілінде karrі – жан азабы деген сөз) – Оңтүстік Африканың орталық бөлігіндегі табиғи атырап. Африка платформасының Калахари синеклизасында орналасқан [10]. 
12.Бұшмендер. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Бушмендер (голланд тілінде bаsjesman – «орман адамы») – Оңтүстік және Шығыс Африканың Калахари мен Намиб шөлді аймақтарында тас ғасырынан бері қоныстанып келе жатқан ежелгі, жергілікті халық [10].
13.Андаман аралдары. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Андаман аралдары. Бенгал шығанағы мен Андаман теңізі арасында жатқан Үнді мұхитындағы аралдар тізбегі. 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан «Қазақ» газеті, 1915» жинағында бұл сөз түсіп қалған. 
14.Сұматыра. Қолжазбаның 6-бетінде кездеседі. Суматра мөлшері бойынша әлемдегі ең ірі аралдардың арасында алтыншы орында тұр. Ол Үнді мұхитында орналасқан және Индонезия аралдарының тобына жатады [10].
15.Мәдениет қырқалары. Қолжазбаның 6-бетінен бастап жалпы осы шығармада 18 рет қолданылады. Мұндағы қырқа сөзін ғалым кезең, саты, барыс мағынасында қолданғаны байқалады. Мәдениет қырқасымен қоса, шаруалық қырқасы деген атау да жиі кездеседі [1]. 
16.Ф.Листтің бөлісі. Қолжазбаның 14-бетінде кездеседі. Қолжазбада және «Қазақ» газетіндегі нұсқада бұл кісі аты дәл осы жерде Ф. Кист болып қате жазылған. 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан «Қазақ» газеті, 1915» жинағында да түпнұсқадағы осы қателік қайталанған. Біз мәтіндегі мағынаға сай, бұл Ф. Лист екеніне көз жеткізіп, қатені түзеттік [9]. 
17.Бөліс. Қолжазбаның 14-бетінен бастап бірнеше жерде кездеседі. Осындағы бірнеше рет кездесетін «бөліс» деген сөз 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан «Қазақ» газеті, 1915» жинағында «болыс» болып қате берілген[9]. 
18.«...бірсыпырасын айтып өткеніміз керексіз әңгімеден болып табылмас дейміз. А.Б.». Қолжазбаның 16-бетінде. Қолжазба бойынша осы жерден бірінші тарау аяқталады. Астына төте жазумен «А.Б» деп жазылған. Бірақ, сол қолтаңбаның үстінен көлденең қос сызық бастырып өшірілген. «Қазақ» газетінің № 145, 2-3-беттеріне берілген «Шаруалық өзгерісінің» де бірінші тарауы осы жерде аяқталады. «Жалғасы бар» деп ескертілмеген. Дегенмен, бірінші тараудың соңын түйіндеген сөйлемнен мақаланың ұзағырақ жазылатыны, жалғасы бар екені өздігінен білініп тұр. «Қазақтың» келесі нөмірінде («Қазақ» газеті, 1915. №146, 2-б.) қолжазба нұсқадағы секілді мақаланың екінші тарауы басталады. Онда да «Басы өткен нөмірде» деп ескертілмеген. 
19.«Шаруалық өзгерісі, ІІ». Қолжазба нұсқаның 17-бетінде мақаланың ІІ тарауы басталады. Әр тарау басталған жерге мақала авторы тек «ІІ, ІІІ, ... VII» сандарын қойып отырған. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы № 146 санында «Шаруалық өзгерісі» деп жазылған. «Басы өткен нөмірде» деп ескертпе берілмеген. 
20.Һауа. Оқулықтың 17-бетінде һауа, күн һауасы деп қолданылады. Ауа сөзі ХХ ғасыр басында, 1924 жылға дейін осылай жазылып келді. Қолжазбада «һауа» деп берілсе, «Қазақ» газетінің №146, 2-бетінде һуа» деп берілген. Екеуі де ауа мағынасында. 
21.Жердің бел ортасы. Қолжазбаның 18-бетінде кездеседі. Автор бұл жерде эквадор белдеуін меңзеп отыр. 
22.Мәдениет мый мен аяқ-қол қатар жұмыс істеген жерге орнамақшы. Қолжазбада «мәдени мен» болып басталған (21-бет). «Қазақ» газетінің № 146, 2-бетінде «мәдениет мый мен» деп басталған. «Мәдениет мый мен аяқ-қол қатар жұмыс істеген жерге орнамақшы» деп айту үйлесімді болғандықтан, «Қазақ» газеті нұсқасын дұрыс деуге болады. 
23.Уауилония. Қолжазбаның 22-бетінде кездеседі. Ваваилония яғни Бабыл елі меңзеліп отыр. 
24.Һінд. Қолжазбаның 22-бетінде кездеседі. Түпнұсқа бойынша берілді. Үнді елін меңзеп отыр. 
25.Гуанго һәм Янцикиянг. Оқулықтың 22-бетінде кездеседі. Қытайдағы Хуанхэ (Желтая река яғни Сары өзен) мен Янцзыны (Ұзын дария) меңзеп отыр. 
26.Қолжазбаның 27-28-беттеріндегі «... жұмбақтың қиындығы» деген сөзден басталып, «пікірді айтқан» деп аяқталатын сөйлемге дейін автордың жазуы өзгешелеу. Қасындағы біреуге жаздырғаны немесе шаршау арқылы қол талғаны белгісіз. Ал келесі азат жолдан бастап бұрынғы жазу қалпына келген. Жазу жазып отырған қаламның бұзылуы да себеп болса керек. Осыған дейін көк сиямен жазып келе жатқан автор осыдан кейін қара қоңыр сиялы қаламды пайдаланғаны байқалады. 
27.Ұйық. Қолжазбаның 29-бетінде «Ніл дариясының теңізге таянған ойпат алабы ұйық болып, теңізбен екі арада қатынастырмай, бөгет болушы еді», – деген сөйлем бар. Осындағы ұйық. з а т. 1. Ұйма, тартпа, ми батпақ. 
28.«...бірте-бірте халық арасына жайылып орын тепкен». Қолжазбаның 33-бетінің басында осы сөйлеммен екінші тарау аяқталады. Қолжазбада осы жерге «А.Б» деп автордың қолтаңбасы қойылған. Бірақ, үстінен қос сызық бастырып, өшірілген. «Қазақ» газетінің № 146, 3-бетіндегі нұсқасында да осымен екінші тарау аяқталған. Онда «тағы да бар» деген ескертпе қосылған. 
29.«Шаруалық өзгерісі, ІІІ». Қолжазбаның 33-бетінде «ІІІ» саны қойылып, үшінші тарау басталады. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы № 147, 2-бетінде де «Шаруалық өзгерісі*» деп, жұлдызша қойылып, үшінші тарау басталады. Беттің төменгі жағында «Басы 145 һәм 146 ыншы нөмірлерде» деп ескертпе берілген. 
30.Күн еліту. Қолжазбаның 38-бетінде кездеседі. Күнелту сөзі ХХ ғасыр басындағы әдеби еңбектерде осылай бөлек жазылып келді. «Шаруалық өзгерісінің» қолжазба нұсқасында да, «Қазақ» газетінде де «күн еліту» болып жазылған. Ал, 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан ««Қазақ» газеті, 1915» жинағында бұл сөз «күнелту» болып, қазіргі емле бойынша берілген. 
31.Хатта. Қолжазбаның 44-бетінде: «... екі жыл, хатта онан да артық» деген сөйлемде кездеседі. Осы «хатта» деген сөз «тіпті» деген мағынада. Қолжазбада және газеттегі нұсқада да «хаты» болып жазылған. ХХ ғасыр басындағы әдеби жазбаларда бұл сөз көбірек қолданыста болған. 
32.«Мал шаруалығын тастай алмайды. А.Б». Қолжазбада үшінші тарау осы жерде (47-бетте) аяқталады. Жоғарыдағы екі тараудың соңы сияқты бұл жерде де автордың «А. Б» деп жазған қолтаңбасы үстінен шимайланып өшірілген. Ал, «Қазақ» газетіндегі нұсқасында да (№ 147, 3-бет) үшінші тарау осы арада аяқталады. «Тағы да бар» деп ескертпе де берілген. 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан ««Қазақ» газеті, 1915» жинағында бұл ескертпе бұл жерге берілмеген. 
33.«Шаруалық өзгерісі, IV». Қолжазбаның 47-бетінде төртінші тарау «IV» қойып басталады. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы № 148 санында (2-бетте) тақырыпқа «*» белгісі қойылып, беттің төменгі жағына «Басы 145, 146, 147 інші нөмірлерде» деп ескертілген. 
34.Құралдары дүкір. Қолжазбаның 48-бетінде кездеседі. Қолжазба нұсқада «дүкір», газеттегі нұсқада «дөкір» болып берілген. 
35.Тарқи етіп. Қолжазбаның 48-бетінде кездеседі. Газеттегі нұсқада да осылай берілген. Тарқи. Арабша бір күйден екінші күйге көшу деген сөз. Бұл жерде көрнекті, үлкен өзгеріс әкелетін істер меңзеліп отыр. 
36.Аң аңлау. Қолжазбаның 50-бетінде кездеседі. Қолжазба нұсқада «аңлау», «Қазақ» газеті нұсқасында (№ 148, 2-бет) «аулау» болып берілген. 
37.Ыспат. Қолжазбаның 61-бетінде кездеседі. Сыпат (ыспат) сөзі, дәлел, айғақты білдіреді. 2017 жылы «Елтаным баспасынан» шыққан ««Қазақ» газеті, 1915» жинағында бұл сөз «сипат» болып қате көшірлген. 
38. «Жер аздық қылмайды. А.Б». Мақаланың төртінші бөлімі осы жерде (62-бетте) аяқталады. Қолжазбада «А.Б» деп жазылған қолтаңба үстінен сызықпен басылған. «Қазақ» газетіндегі нұсқада (1915, № 148, 3-бет) «тағы да бар» деп ескертпе берілген. 
39.«Шаруалық өзгерісі, V». Мақаланың V тарауы қолжазбаның 65-бетіннен басталады. Бұл тарау «Қазақ» газетінің 1915 жылғы № 158 санында (21-қараша, сенбі) 2-3-беттерінде жариялнған. Өткен нөмірдегідей мақала атына «*» белгі қойылып, аяқ жағына «Басы 145, 146, 147, 148 інші нөмірдерде» деп ескерткен. 
40.«Мәдениет те қонатын тұғыры даяр, даяр емесіне қарайды, А.Б». Қолжазбаның 77-бетінде осы сөйлеммен V тарау аяқталады. Жоғарыдағы тарауларда көрсетілгендей, бұл жерде де автор қолтаңбасы үстінен басып өшірілген. «Қазақ» газетіндегі нұсқа (1915, № 158, 2-3 бб.) да осы жерден аяқталып, «тағы да бар» деген ескертпе берілген. 
41.«Шаруалық өзгерісі, VІ». Қолжазбада VІ тарау 77-беттен басталады. Бұл тарау «Қазақ» газетінің 1915 қоян жылының 16 желтоқсан күнгі (сәрсенбі) нөмірінің 2-3-беттеріне (№ 161) басылған. Бастапқы бөлімдеріндегідей «Шаруалық өзгерісі» деген тақырып беріліп, оған жұлдызша (*) белгі арқылы өткен нөмірлері қайсы санда берілгенін ескертеді. Газеттің осы санында көлемді мақаланың басы «145, 146, 147, 148, 149 ыншы нөмірлерде» деп ескерткен. Алайда, газеттің №149 санында мақала жалғасы берілмеген, №158 де берілген. Және қолжазба нұсқағадағы мазмұнға қарап автордың желілес мақаласының төртінші тарауы №148 де, бесінші тарауы №158 де жарияланғанына толық көз жеткізуге болады. Сондықтан, басы «145, 146, 147, 148, 149 ыншы нөмірлерде» дегендегі «№149» деп қате берілген. Дұрысы, «145, 146, 147, 148, 158 інші нөмірлерде» болады. Баспадан кеткен қателік деуге толық негіз бар. 
42.«...қандай шалығы тиетінін осыдан шамалауға болады. А.Б.». мақаланың VІ тарауы осы жерде аяқталады (қолжазбаның 89-беті). Қолжазбада «А.Б» деп жазылған қолтаңба сызықпен басылған. «Қазақ» газетіндегі нұсқада (1915, № 61, 3-бет) «тағы да бар» деп ескертпе берілген. 
43.«Шаруалық өзгерісі, VII». Мақаланың VII тарауы қолжазбаның 89-бетінде басталады. Сонымен бірге, «Қазақ» газетінің №163 санында (1915 қоян жылы, 31 желтоқсан, бейсенбі) беріледі. 
44.Орғыл құм. Қолжазбаның 93-бетінде кездеседі. Орғыл құм. зат. Жүрсе аяқ бататын есілген құм. 
45.Қайсысы себепкер болуында көп мән бар. «Шаруалық өзгерісі» атты желілес мақаланың қолжазба нұақсасы осы сөйлеммен аяқталады (қолжазбаның 101-беті). Қолжазбада осы сөйлемнен кейін, «А.Б» қолтаңбасы қойылып, «тағы да бар» деген ескертпе жазылған. Бірақ, қолтаңба да, ескертпе де үстінен қосы сызықпен басылып, өшірілген (жасырылған). Қолжазба нұсқа осымен аяқталғанымен, «Қазақ» газетіндегі нұсқасы осыдан кейін тағы да берілген. Атап айтқанда «Қазақ» газетінің 1916 (қоян) жылы 31-қаңтар (жексенбі) күнгі (№167, 2-3 бб.) санында берілген.
46.«Шаруалық өзгерісі, VIII». Желілес мақаланың VIII тарауы «Қазақ» газетінде ғана жалғасады. «Қазақ» газетінің 1916 (қоян) жылы 31-қаңтар (жексенбі) күнгі (№167, 2-3 бб.) санында берілген. Бұл нөмірде де «Шаруалық өзгерісі» деп шекесіне жұлдызша қойылып, «басы 145, 146, 147, 148, 158, 161, 163 інші нөмірдерде» деп ескертпе берілген. Қолжазба дәптерде аталған мақала жалғаспайды. Екінші бір дәптерде басталған VIII тарау бар болуы мүмкін. Бірақ, ондай дәптер қазірше қолға түспеді. Аталған көлемді желілес мақаланың біздің қолымызға түспеген қолжазба дәптерден тек VIII тарауы ғана газеттің бір нөміріне беріліп, газеттегі нұсқа да аяқталады. Бірақ, VIII тараудың соңында «тағы да бар» деп ескертіледі. Алайда, «Қазақ» газетінің келесі нөмірлерінде бұл мақаланың жалғасы кездеспейді.
47.Бақал. «Қазақ» газетіндегі нұсқаның (1915, № 167) 3-бетінде. бақал сөзінің бірнеше мағынасы бар. Бұл жерде, Бақал. Сем.: Ақс., Абай) мықыр, тапал адам. Алдымызда келе жатқан б а қ а л кісі Әйтімнің бауыры. Өспей қалған нәрселерді де б а қ а л деп айтамыз (Сем., Ақс.) мағынасы қолданылып тұр [11]. «Қазақ» газетінің 1916 жылғы №167 санында «тағы да бар» деп ескертілген. Алайда, осыдан кейінгі нөмірдерде жалғасы яғни «Шаруалық өзгерісі» атты мақала кездеспейді.
66.Бұл бір облыстағы жердің үштен екісі. Ғалымның «Шаруалық өзгерісі» атты көлемді желілес мақаласының «Қазақ» газетіне жарияланған VIII тарауы осы сөйлеммен аяқталады. «Тағы да бар» деп ескертпе берілгенімен, «Қазақ» газетінің келесі нөмірлерінен аталған мақаланың жалғасы кездеспейді.

Әділет АХМЕТҰЛЫ, 
Алаш мұраларын зерттеуші, 
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің 
бөлім меңгерушісі

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, 480-бума.
2.«Қазақ» газеті, – 1915 жыл, №145, 146, 147, 148, 158, 161, 163. 
3.«Қазақ» газеті, –1916 жыл, №167. 
4.«Ақжол» газеті, – 1923 жылы, 4-ақпан. 
5.А.Байтұрсынұлы академиялық толық жинағы. Алматы, – 2022. 
6.Байтұрсынұлы А. «Әліпби. Жаңа құрал». – Қызылорда, 1928. 
7.Тілеуліұлы Жұмағали. «Гійгійене» (Гигиена) Саулық сақтығы. – 1926. 
8.Омарұлы Елдес. Физика (І бөлім). Қазақстан баспасы, 1923.
9.««Қазақ» газеті, 1915». – Алматы: «Елтаным». – 2017. 
10.«Қазақстан». Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998, IV том. 
11. https://sozdikqor.kz/ 

979 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз