• Заманхат
  • 28 Қыркүйек, 2023

Оралхан (реквием)

Әлібек Қаңтарбаев


Ореке! Мынау қамшының сабындай шолақ фәниде бәрі-бәрі өтпелі, күллі тірліктің көшпелі екендігін леп белгісін қоя дәлелдеп Сен өткелі де табаны талыстай отыз жыл зымырап өтіп, тарих парағына айналыпты. Қазақтың қаршыға топшылы қара сөзін қамырша илеген, ауылының қара шапаны сауыс-сауыс шал-шақпыты мен кемпір-кешегін, баласы мен шағасын абыздық деңгейге дейін көтеріп, ауыздарына кемеңгерлік сөз салған, Шыңғыстайдың бес шыбыш  қайырып жүрген кетік шалы қайтыс болса дәп бір қазақтың қабырғасына тіреу боларлық арысы дүниеден озғандай күңірене жазатын Өзің бес күндік фәниге аяқ асты қол сермеп өте шыққан шақта есеңгіреп қалған жұртың аллауакбарын да аптығып айта алмай, дүбәра күй кешкен. Мұзтаудың балағында кіндігі кесіліп, шаранасы сонда құрғаған ұлдың Гималайдағы Тәж-Махалдың төрінде соңғы демі үзіліп, жыр- кеудесіндегі шыбындай жаны пыр етіп, Алатауға тым шұғыл асығар деп кім ойлаған?! 
Әй, қайдам, тым-тым кербез, тым-тым өр, тым-тым жұмбақ, тым-тым терең едің, фәни мен бақидың арасындағы алаөкпе, бейшара күйімді ауыл үйдегі алакөз ағайыным көрмесін, білмесін дедің бе, әлде... әлде, әкелерін әлемдегі ең мықты санайтын, Өзің өлеріңде көрген қос шырағың – Айханың мен Айжаның әке әлсіздігінен бейхабар қалсын, мәңгілікке жоқ іздеп жүрсін деп те ойлаған шығарсың. Кім білсін, ғұмырыңның әсіре жұмбақ болғанын ұнатушы едің, бақиға кетісің де мәңгілік жұмбақ күйінде қалатын болар, Ореке!
 

Сен өткен жазда Төр Алтай керемет жаңбырлы болды. Кәрі таудың кепештігін құрсаулаған қап-қара нойыс бұлттар басқа жер құрып қалғандай-ақ, дәл осы маңда қиғылықты салсын келіп. Бұқтырмаң қарағай басына секіре тасып, оған Өзіңді жоқтаған нөпір жұрттың көз жасы қосылып, әй, жосылсын-ай!  Қаралы жазың ырың-жырыңмен өте шыққан. Аткөпір қуаныш пен шанағына сыймай асып-төгіліп жатқан шаттыққа кенелеміз деген жәмиғатың (сенің 50 жылдығыңа дайындалып жатыр едік қой), қасіреттің қап-қара күрзісі оңдыртпай соғарын қайдан білсін?! 
Келер жазда Өзің жаманын жасырған, жақсысын патша деңгейіне жеткізген Қаратайың алты алашқа сауын айтып Өзіңе ас берді. Ойхой, жоқтау мен көрісудің көкесі сонда болған! 
Қамқа шапанының қос өңірін қақ айыра еңіреп Шерхан ағаң, ботасын іздеп боздаған Бошай ақсақалымыз, Өзіңнің жалаңаяғыңның табы қалған Шыңғыстайдың шаңдауыт көшесіне жата қала өксіп, бозбала Оралханды іздеген достарың Кәрібай мен Кәдірбек келген. Дулат Исабеков досың күңіренісін баса алмай, булыға тұрып баяндама жасаған. Өзіңнің артыңнан ерген Әлібек пен Дидахмет інілерің Күркіреме бойындағы шоқ шілікті құшып, белдері бүгілген. Бүткіл қазақ деген қаймана жұрттың әдебиеті мен мәдениетінің шаңырағын тіреп тұрған алыптары Алтайдың алақандай Катонқарағай  деген қолатын көз жастарымен толтырған. Төрде қап-қара шапан жамылып, тұтастай қаптал қабырғасын алдырған арландай қап-қара боп түнеріп, күңіреніп Қалихан Ысқақ ағаң отырған. Жұрттың бәрі Қалағаңа қайтара көңіл айтып, онымен қайтара көріскен. 
Бәрі өтпелі екен, Ореке!
Қызықты қарашы, сол Қалихан ағатайымыз Сен барда елге тым сирек келуші еді ғой. Әсіре жатбауырланып кеткен. Өзің өткеннен бері жиілетті. Тіпті, елге Дәмеш жеңешемізді жетелеп ерте көктемде келіп, Алтайдың жусаны мен күреңсесін сарыжұрт етіп қара күзге дейін жатып алатынды шығарды. Алматыға қарды бір жаудырып барып бірақ қайтып жүргені бар. Мен ойлаймын: Өзің барда елі мен жұртының атанның белі кетер мұңы мен шеріне, титімдей қуанышына Сен күзет қылсын дегені екен. Саған сенген екен, абызым. Өзің кеткен соң алпысқа аяқ артқан Дидахмет пен Әлібекті баласынып, сенбеген-ау. Әй, солай шығар. «Бір шалды бір шал ата дейдінің» кері де. 
Қазақстанға Тәуелсіздік келген арып-ашып. Құдай-ау, оны несіне айтып отырмын саған. Өзің де көріп, жанарыңнан жас моншақтай қуанып едің ғой. 
Өзің туралы естелік айтушылардың, тиіп-қашып қалам тартатындардың топаны молайды. Алайда, көбі «Алтайдың ақиығы еді», «Мұзтаудың мұзбалағы болатын», «Кермаралдай кермиығым еді» деген сынды эпитеттер мен метафоралардың төңірегін шиырлаудан аса алмады. Әлі күнге сол маңды шаңдатысып жүр. Өмірдегі пенде Оралхан мен жазушы – кемеңгер Бөкеевтің мүлдем екі бөлек адам болғандығын ажырату қайда оларға?!.
Ореке! Буырқанған Бұқтырма өзені басын өзің білетін Шындығатай телімінен он шақырымдай ары, иықта жатқан қолаттан алады. Тіптен, өзенге айналар деп те сенгің келмейді, ұсақ-түйек бұлақтар. Ал, Аршатыға жетер-жетпестен арқыраған, жалына қол тигізбейтін шу асуға айналады. Екі араның қашықтығы бар-жоғы қырық-елу-ақ шақырым. Сенің бойыңа туа біткен, қанмен берілген талант пен осы Бұқтырма тағдырының арасында қатты ұқсастық бар секілді. Сен де жұртыңды көп тосқызған жоқсың: жарқ-жұрқ атылып шықтың. Атақ-даңқың алты алашты аттап өтіп, алысқа сілтеді. Оқыс ағып түстің. Қандай әдемі де аянышты сурет, Ореке! Өзің де осындай оқыстыққа әуес болатынсың. 
Мен Бұқтырманы тегіннен тегін ауызға алып отырған жоқпын. Бастау алар бұлақтарын айттым. Ал бозбала Ораштың бұлақтары не еді? 
Есіңде ме, сен мектепті тауысқан соң екі-үш жыл ауылда жүріп қалдың. Ұмытпасам, трәктірге тіркеуші боп жүрген кезің шығар, күнде кешке біз тұратын интернатқа келетінсің. Қойны-қонышың толған интернат бойжеткендеріне арналған асықтық хаттары. Алдымен біздерге оқып бересің. Лирикадан шалғайлау, ұрдажық шағымыз ғой. Десек те мәңгіп қалатынбыз. Әр хатың бір-бір новелла болатын.
Міне, сол хаттар сенің бастауларың екен. Сен ол хаттарды сол Қар қыздарының күллісіне (шынында да сол кездің қыздары нағыз періштелер екен ғой. Қазірде қаланың кез келген аялдамасында бір-бір жігітке артылып, салақтап тұрған қыздарды көрген шақта өз дәуіріміздің уыз иісті қыздарына деген алапат сағыныш иектейтінін жасырып қайтейін) ғашық болудан жазбағаныңды, тек бойыңа сыймай асып-төгіліп жатқан шығармашылық қуатыңды жарыққа шығаруға талпынып жүргеніңді қайдан білейік ол кезде. Шіркін, сол хаттардың бірер қолжазбасы бүгінде сарқарын тартқан бәйбішелердің біреуінде сақталды ма екен?! 
Бәрі-бәрі өтпелі көрінеді, Ореке! 
Есіңде шығар, ондайды ұмыту қайда! Алтайға көктем сағынтып барып бірақ келетін. Көктем демекші... Алты ай қыстан мойны ырғайдай болып жүдеп шыққан жұрт үшін қадірінің тым-тым қымбат екендігін біліп, кергіп барып мамырдың басында ғана қабағын ашушы еді-ау, көктем жарықтық. Тау жұртын табиғаттан бөле-жара қарау – күпіршілік. Олардың қуанышы да, қасіреті де сол табиғатымен қамшы таспасы сынды бірге өріледі. Мұңын да сол орман-тоғайына, өзені мен көліне шағып жататынын білесің сен. Алтайдың көктемі күн алғаш күркірегенде басталатын. Бұл күркіреу: «Ал  енді, мен келдім. Қыстай қатты тартылған белдіктеріңді босатыңдар. Қабақтарыңды ашыңдар, күліңдер, шаттаныңдар!» – дейтін көктем жарықтықтың тұңғыш қоңырауы сынды емес пе еді. Күннің алғашқы күркіреуін тағатсыздана тосып жүрген біздер – балалар барлығымыз Бұқтырма бойынан табылатынбыз. Тау өзені мұздай. Оған қарап жатқан біз жоқ, суға күмп-күмп секіреміз. Алайда, сүңгуімізден шығуымыз тез. Жағадағы құм үстінде шылғи тырыли арық, теріміз құсеттеніп кеткен біздер жапатармағай жатамыз. Өзімізше күнге қыздырынғанымыз. Басы бар да аяғы жоқ шолақ-шолақ әңгімелер айтылады. Кім қай қызбен «дружиттап» жүр, тағысын тағылар. Келер сәтте біздің әңгімелерімізде мүлдем шатағың жоқ, мүлдем басқа бір дүниеден келгендей Сен: 
–  Әй, осы біз қартаймайтын, шал болмайтын шығармыз, – деп оқыс бір ой айтатынсың да, оқыс тыйылатынсың. Біздер мынаның есі дұрыс па, бұрыс па дегендей саған күдікпен қарайтынбыз. Астапыралла! Сол кезде аузыңа Алла салған шығар, әйтпесе шал болуға үлгермейтініңді қайдан ғана біле қойған екенсің деп осы күнге дейін таң-тамашамын. Құдіреті күшті Жасаған иеміздің осы бір жұмбағын шеше алмай әуреленетініміз рас: кейбіреуге бас бермесе де шырмауықтай созылған ұзақ жас беріп жатады. Ал, екінші біреуге бәрін береді, алайда жастан шектейді. Жалауы желбіреп, туы тұғырында тұрған аймүйіз шағында, әй-кәпір атанбаған абыройлы жылдарында лып еткізіп алып кетейін, сонда артындағы қалың жұрты сағынып жүреді дейтіні шығар. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Тағы да...
Біз жоғарғы кластамыз. Сен мектепті бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүргенсің. Консерваторияның актерлік факультетіне оқуға түсіп келсең де арыны Бұқтырмадан не ары, не бері емес анаң Күлия апамыз:
– Әкәку-сәкәкудің оқуына Орашымды жібермеймін! – деп шорт кескен...
...Бір күні аяқ астынан мектеп пен ауыл комсомолдарының бірлескен жиналысы өтетін болды. Не боп қалды деп таң-тамашамыз. Мәселе жалқы екен: Комсомол мүшесі Оралхан Бөкеевтің жеке бас тәртібі. Ол жоғарғы класта оқитын бір қызбен «жүріп» қойыпты. Бұл әрекет советтік моральға мүлдем жат екен. Оралхан анау жап-жас совет қызын бүлдіруші оңбаған көрінеді. Пәлесін қарашы! 
«Қыздың жауы» – Сен жиналысқа кешігіп келдің. Күпәйкеңнің қос өңірін ашып тастап, толқынды қара шашыңды әнтек сілкіп қалып: 
– Ал, мен келдім. Бастай беріңдер, – деп жиналысқа қожалық жасауға көштің. Біздер, жоғарғы кластың ұлдары, өзіңмен ниеттес екенімізді саған жыртыңдатып көз қысу арқылы білдіріп қап отырмыз. Белсенді қыздар, мұғалімдер екілене, түкіріктерін шаша бар заһарларын төгіп-ақ жатыр. Олардың айтуы бойынша, бұл қоғамда сендейлерге мүлдем орын жоқ екен. Анау 17-18 жасқа жаңа ғана келген, ана сүтінің уызы ернінде кеуіп те үлгермеген «періштені» хақ жолынан тайдыру – шайтанның ісі. Комсомолдық билетті жүрек тұсына салып жүрген Оралхан сияқтыларды оның қатарында қалдыру – қауіп пен қатер. Аласталсын! 
Бір жас мұғаліміміз тым ерекше белсенділік танытты. Артынан білдік, оның өзі сол қызға өлердей ғашық екен. Қысқасы, сотқа бергісіз жиын өтті. Түн ортасы ауар шақта «соңғы сөзді» саған берді. Басыңды қайқақтатып тұрып-тұрып не заманда:
– Мейлі мені пісіріп жеңдер. Мен ол қызды сүйемін. Соңғы тынысыма дейін жүремін, – дедің де есікті тарс жауып, кеттің де қалдың. Мұғалімдер шақ-шәлекей. Біз мәзбіз. 
Мен қазір ойлаймын, сенің сол бір жастық шағыңдағы іс-әрекетіңде болашақ шығармашылығыңның мінез-құлқы жатыр екен. Мінезсіз, жуас адамның прототипі – ынжық. Олар тіпті жазушы болған күнде де күресін басынан аса алмайды. Олардың шығармалары да қойшының қойға міне-міне әбден тырақы болған жауыр торысындай – шапқаны шоқырақтан, желгені желке үзерден аспайды, қанша тепеңдесең де баспайды. Ал сен...
Өткен жазда елге бардым. Біздің алау шағымыздағы Күркіреме, сенің шығармаларыңда алапат өзен сынды суреттелетін Күркіреме мүлдем тартылып қалыпты. Жылғасында сіркенің көз жасындай ғана бірдеңе жылтырайды. Бәріміздің алғашқы махаббат мекеніміз – айгөлек тоғайды іздедім. Таба алмай мысым құрыды. Оны қойып, жиырмасыншы ғасырдың басында Қаратай жұртының көкірек көзі ояу соңғы болысы Әпекем – Әбдікерім Ережепов салғызған, Сұлтанмахмұт Торайғыров ұстаздық еткен, Сәрсен Аманжолов сынды алыптар білім алған қарашаңырақ мектебіміздің өзі жылан жалағандай тып-типыл болыпты. Асылын іздеген жандай иен жұртта ұзақ жүрдім. Кірпігіме жас байланды.                
– Өзің білесің, Оралханмен бір класта оқыдым ғой. Бала кезімізден айырылмас дос болдық. Тым өткір, тым өжет еді. Әсіре талантты еді. Титтей кезінен солай болатын. Әй, ол тірі болса дәл осы мектеп үйі ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетпес еді...
Нұрлан Әкімбаев ағамыз, сенің фәнилік досың осыны айтып күрсінді. Сені әлі іздеп жүргенін, өткендегі балтамды күндерін, жарқыл жылдарын, аймүйіз шақтарын өлердей сағынатынын ұқтым. Қалай басу айтарымды білмей, жер шұқыдым.
– Вальсті керемет билеуші еді ғой. Көбіне-көп мені шақыратын биге. 
Биге шақырарда кинода көргенін істейтін: бір қолын көкірек тұсына қойып, екінші қолымен аққу қанатындай реверанс жасап барып иілгенде әрі ұяла қызарып, әрі күлкі қысып, қымсына тұрып биге шығатынмын. Онымен билеу Шыңғыстайдың бар бұрымдысының арманы еді. Ғажап билейтін. Әртіс еді ғой. Орекеңмен билеп жүрген мен өзімді мынау монданақтай жер бетінде мүлдем баламасы жоқ періште арудай сезінетінмін... 
Бүгінде сарқарын тартқан, пәленбай немеренің әжесі, сыны кетсе де әлі күнгі бойжеткен кезіндегі жыры мен сырын жоғалтпаған Бақтина Нұқсарина замандасымыз осылай деді де.., кірпігіне ілінген бармақтай жасты саусақ ұшымен іліп тастады. Жасын жасырған жоқ. 
Бәрі-бәрі өтпелі екен, Ореке! 
Шариғатта: Бақида ұшып жүрген аруақ жанының мәңгіліктігі – фәнидегі тірілердің қолында. Олардың аты-жөндерін атап, түстерін түстеп, құран аударту соның алғышарты. Тірілер аруақты мүлдемге ұмытып кеткенде барып бақидағы жан мәңгілікке өледі деген сөз бар. 
Сенің жаның мәңгілікке бет алыпты. Өзіңнің бұта-қарағанына, тал-шілігіне, тау-тасына дейін жырлаған қайран Алтайыңдағы үш мектепке атың берілді. Өскемен мен Катондағы ескерткіштер, сандаған көшелер сенің есіміңде. Театр сахналарында драмаларың қойылып жатыр. Жауһар шығармаларың трәктіршінің қойын қалтасында, қойшының қонышында, қаратаяқтардың кітап сөресінің сәнін келтіріп тұр. Өзіңнің есті еліңнің – Шығыс Қазақстанның жыл аралатып өткізетін сенің атыңдағы республикалық айтысы тағы бар...
Осының бәрі бар-жоғы 49 жыл ғұмыр кешкен қаламгер үшін аз дүние емес екендігін ішің сезетін шығар, Ореке. Сен бақилық абыройыңды көзің тірісінде-ақ реттеп кетіпсің. Біз – өзіңмен бір бастаудың суын ішіп, жарты дәнді жарып жеп өскен інілерің Сенің бақилық бақытыңа қызыға да қызғана қараймыз. 
Шынымды айтайын ба: Сені қатты сағынып жүрмін, Ораға!

Оралханның шығармалары жайында қадау-қадау ойлар, пікірлер:

«Апамның астауы» әңгімесі жайлы: Иен жұрттан, қаңсығы кепкен атамекеннен апасы екеуінің ескіден қалған көздей астауды алып қайтуы. Апа көрген, ата көрген ұлдың түйсігінің тым тереңде жатқаны, сол бір шақты аңсауы ғажап!
«Бес тиын» әңгімесі: Зәкеңнің адалдығы қайда қазір? Пошта бастық Зәкеңнің мемлекет алдындағы адалдығы мен періштелігі сондай, еден тақтайының астына түсіп кеткен бес тиын үшін ұйқы-күлкіден айырылып, ақыры тауып, оны кассаға өткізеді. Сол періште Зекеңдерден бүгінгі таңда тігерге тұяқ қалмай, жаппай жалмауыз болып кеткендігімізді көрсе, Орекең асылып өлер еді! Бүгінгі жемқорлықты көрмей, ертерек кетіп қалғаны да Алланың оң көзімен қарағандығынан шығар...
...Кешегі езуінен күлкісі кетпейтін, қалжың сөзден іші кеппейтін, биліктегілерге ұсынысы өтпейтін, алайда Алланың бергеніне шүкірін айтып дүниеден озған Иғаңдар мен Биғаңдары қайда Орекеңнің???
«Атау кере» повесі жайлы: «Неге біз осы...» Адамзат баласының өз-өзіне қояр мәңгілік сұрауы! Біз «Неге біз осы?» дейтін сұрақты Президентке де, Парламентке де, әкім-қараларға да  күн сайын қоямыз. Алайда, Абай айтпақшы баяғы жартас бір жартас... Былқ етпейді. Неге біз осы тілден, ділден, әдет-ғұрып, салт-дәстүрден айырылып қалдық? Ана тіліміздің жаназасын шығарып тастадық. Орыс тілінің құрбандығына шалдық. Қала да, дала да, қыр да, қырат та, шал мен шақпыт, кемпір-семпірге дейін орысша шүңкілдеседі, оқу да, тоқу да орысша. Бүкіл әлем орыстардан теріс бұрылып кетті, ал біз болсақ ана тілімізді, ұрпақтарымызды құрбандыққа шалып, орыстардың бауырына кіріп барамыз. Неге біз осы жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтарды былай қойғанда, тебен ине неге шығара алмаймыз, қара жолға қап-қара асфальт неге төсей алмаймыз? Өскемен-Алматы арасындағы күре жол – жолдың пародиясы! 2020 жылы пайдалануға берілуге тиіс жол әлі күнгі ит тартқан терідей, шайтан аяғын сындырады! 
Неге  ғана біздің жоғарғы оқу орындарының дипломдары шетелді қойып, өз мемлекетімізде неге ғана қол сүртуге жарамайды?
Неге ғана бізде түрмелер көп? Дүниедегі ең түрмелі елдердің алдыңғы ондығына енетініміз қалай? Бар-жоғы 20 миллион ғанамыз. Соның бестен бірі түрмеде отыр? Қазақ жаппай баскесер болып кеткен бе??? 
...Ореке! Бүгінгі масқаралар мен «ғажапстанды» көрмей, ертерек кетіп қалғаның дәл сенің бақытың шығар! 
«Тортай мінер ақбоз ат»: Кім көрінгеннің – көз алдындағы сұмдықтарды көруге дәрмені жоқ жатыпатар қулардың, жемқор жебірлердің тақымында жүр Ақбоз ат! Ақбоз атың тулаққа айналды, Ореке!!! 
«Қамшыгер» әңгімесі хақында: Ореке, ағатай, Қамшыгерлерің бүгінде тондарын ауыстырып киген, олар қазір әкім боп кетті. Кімнің қолында жіліктің майлы басы барлар, түгелдей қамшыгер!
«Қасқыр ұлыған түн»: Бұрынғы ауылдардың бүгінде жұрнағы да жоқ. Олар аш бөрілердің дискотекасына айналған. Ауыл халқы бошалап қалаға көшіп жатыр. Өзің білесің, Ораға, Қазақстан дейтін мемлекеттің қалалары қазаққа баяғыдан бері қабағын түйіп қараушы еді ғой, әлі солай. Алайда, ауылдағы аш-аламан қазақ қаладан сауға сұрап, бошалап кеткен. Қаладан мейірім сұрап келген қазекем қатын-баласын қолтығына қысып, қазан-ошағын арқалап сол қаланың жықпыл-жықпылында, кіреберіс босағасында жүр.  Несиесі қысқан, зәре-құты ұшқан қазақ қайда барып, кімнен сауға сұрарын білмей зар қағуда....

5139 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз